Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

К списку победителей

ДЕЛБЕГЕТЕЙ АУЫЛЫ ЖАЙЛЫ

Аяжан Сейтқазы

Семей қаласына барар жолда Делбегетей деген ауыл бар. Сол ауылдың бұлай аталуының да өзіндік сыры бар екен.

Алғашында ауыл аты Делбегетей атты таудың атына байланысты деп ойлағанмын. Алайда, бұл атаудың тарихы тереңде жатыр екен. Осы өңірдің тумасы, ақын, әдебиетші Жағыпар Орынбаев айтқандай:

Бұл таудың биік шыңы «Асқаралы»

Осыған табынғандай басқалары,

Басына бұлт үйіріп, жаңбыр әкеп,

Өлкенің ауа райын басқарады, - деп Делбегетей тауының ішіндегі ең биігі «Асқаралы» екенін де атай кеткен.

Шығыс жағында ағып жатқан «Қызыл су» өзені бар. Аумағы он мыңнан астам гектарды қамтыған, халқының саны - мыңның үстінде. Қазақ, орыс, чуваш, украин, неміс, беларус, ұйғыр өкілдері бір - бірімен тату-тәтті өмір сүріп, тіпті қыз алысып, қыз беріскендері де баршылық.

Көптеген аңыздарда Делбегетей туралы мынадай деректер бар.

... Қалмақтар қазақтармен іргелес қонып, тату-тәтті өмір сүрген екен. Қалмақ жұртында Делбе деген, ал қазақ жұртында Бекжан деген батырлар болыпты.

Бір күні Бекжан ойын-тойдан қайтып келе жатса, жол тосып жүрген Делбе күтпеген жерден шыға келеді. Сол кезде Делбе найзасын кезеніп, еш хабарсыз қолында қаруы жоқ Бекжанға ақырып тұра ұмтылады. Оған Бекжан да саса қоймай, Делбенің найзасын: «Делбе, кет, ей!» деп қолының қырымен қағып жібереді. Делбенің қолындағы найзасы ұшып түседі. Делбенің маңайындағы нөкерлері бұл тосын көрініске абдырасып қалғанда, ызадан түтігіп тұрған Делбенің алдынан: «Делбе, кет, ей!» деп өте беріпті. Содан тау «Делбегетей» деп аталып кетіпті дейді.

Тағы да бір аңыздарға жүгінсек, осы аймақта Делбе атты дуана болған дейді. Ауру - сырқауларға, әсіресе көтеріліп ауырғандарды бақсылық жолымен емдей білген. Тіпті сол ауылдың үстімен өтсе де, науқас жазылатын болған деседі.

Бірде бір байдың қызы көктемде құрбыларымен гүл теріп, ойнап - күліп жүргенде, ауылдың бір әумесерлеу жігіті киіз жамылып, өлі аруақ болып қорқытады. Кешке таман қыз қатты ауырып қалады. Бақсы – балгерлер жиналып ауруға еш ем таба алмайды. Сонда біреулер: «Әлгі дуана Делбені іздеп тауып әкелу керек. Қыздың емін тапса сол табады» - дейді.

Жан-жаққа жіберілген шабармандар тез келмей, науқас мүлде қиналады. Оның бұл түрін көрген әкесі мойнына белбеуін тастап, күн батысқа қарап, жалғызына тілеу тілеп: «Делбе, өт, ей! Делбе, өт, ей!» - деп екінші бесінге дейін зарланған бай Делбені көргенде, есінен ауып, құлап түсіпті. Қыздың есін дуана - бақсы жеті күнде кіргізіпті.

Байдың төбе құйқаны шымырлатқан зары: «Делбе, өт, ейі» жердің аты болып қалыпты деседі.

Уақыт өте келе Делбегетей болып өзгеруі мүмкін.


 © 2024 - Вестник КАСУ