|
Оралхан Бөкейдің көркемдік дүниетанымы
К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010
Авторы: Абилмажинова А.Б., Байбатанова Фарида Ильясовна
Ұлы драматург Б. Шоу «Әрбір талантты
жазушы ең әуелі өз замандастары жайлы жазуы тиіс» деген екен.
Сол сияқты Оралхан Бөкей де қолына қалам
ұстаған сәттен бастап-ақ, өз замандастарының
мұңы мен қуанышын, ойын, түсінігін шынайы суреттеуге
тырысқан қаламгер. Бұл жөнінде автордың өзі
де былай деген екен: «Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол
заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым
еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын» деген болатын [1; 4].
Жазушы Катон-Қарағай ауданының
ең әдемі жерінде орналасқан Шыңғыстай ауылын
ерекше жақсы көрді, оны ерекше бағалады, ерекше
қастерледі. Сондықтан да ол өзінің көптеген
шығармаларында туған елінің, туған жерінің
ең алдымен тамаша табиғатын және қарапайым
халқының, өмір-тіршілігін, тынысын шығармаларына
арқау етіп, оны бүкіл әлемге таныта білді. Қазақ
прозасында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін О.
Бөкейұлы болып табы-лады. Оның романтизмге, реализмге
негізделген деген туындылары туралы сөз еткенде, қаламгердің
дүниетанымын, өмір-ге көзқарасын, оның
түсінігін және өмірді қабылдау философиясын анық
байқауға болады.
Дүниетаным – жазушының өмірге,
қоғам мен адам қарым-қатынасына, табиғатқа
деген көзқарасының қалыптасқан жүйесі болып
табылады. Романтизм элементтерін қаламгердің дүниетаны-мынан,
оның қоғам, адам жайында тебіренген ойларынан, табиғат,
өмір жайында түйген толғамдарынан, жазушы идеалынан іздеу
қажет.
Жазушының әр кейіпкері – өзінше
бір-бір жұмбақ әлем. Оралхан Бөкейұлы
имансыздық пен рухани жұтандық жайлаған
қоғамнан безінген тұста ішкі үйлесімді табиғаттан
табады. Ол рухани вакуумнан құтылудың амалын
табиғаттың арасынан іздейді. Кейіпкердің
қоғамдағы кеселді құбылыстарға
наразылық білдіріп, табиғатты таңдауы романтикалық
бастау қаламгерге натуралистік нақтылықты басып туындыларына
«жан бітіріп», сұлулыққа, шексіздікке
ұмтылдырған.
Оралхан Бөкейұлы кейіпкерлерін бейнелеуде
оларды тіпті идеалдандырып жіберетінін байқауға болады. Мысалы:
Бура – «Қазақбай ауылының ең соңғы
түйесі», Кербұғы – «он сегіз салалы оқыстан жаралар
хайуанның ең ақыры», Асан шал мен Ақтан – «ертек
адамның соңы», Гүлия – қазақ үшін ең
ақырғы Ақжүніс, ең ақырғы Баян,
ең ақырғы Жібек», Қоңқай – «дүние
жүзіндегі қатыгез әрі мықты шал», Ақбота – «адам
күші мен табиғат тылсымын қанды шайқасқа
жібермей, қоршап, қорғап жүрген жалғыз жанашыр,
жалғыз сақшы жұмбақты қыз». Мұндай
мінездемені қаламгердің әр қаһарманынан
көруге болады.
Жазушының шығармаларында реалистікте,
романтикалықта, сипат көптеп кездеседі. Жазушы өзінің
көптеген туындыларында өмір шындығын, обьек-тивті жақтарын
саралай отырып, өзі қалаған рухани-адамгершілік идеалды
шығармаларына арқау етеді. Жазушы шығармаларының
қосжелілігінде дау жоқ. Оның шығармаларында
романтикалық бейнелеу мен реалистік бейнелеу бір-бірене
қарама-қарсы қойылмағаны оның басты ерекшелігі
болып табылады.
Романтизм мен реализм бір-біріне
қарама-қарсы әдеби бейнелеу тәсілдер емес екені
белгілі. Кез-келген көркем шығар-мада олар ажырамас бірлікте болуы
мүмкін. Академик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен
айтсақ: «Әр суреткер осынау екі әдістің тек біреуімен
ғана жазады, екеуінің басын бір жерге қоса алмайды, ол – не
таза реалист, не таза романтик болуға тиіс деп түсінсек,
қателесер едік. Қай кезде жасамасын, бәрібір, барлық
қазақ жазушы-лары жайлы да дәл осыны айтуға болар еді:
бәрінің творчествовасында да реализм мен романтизм араласып
жүр» [2; 350].
Кейбір зерттеушілер Оралхан Бөкей-дің
шығармашылық өсу жолында «роман-тизмнен реализмге қарай
бет бұру» байқалады дейді. Бірақ осыған қарап
жазушының шығармашылық өсу жолында романтизмнен
реализмге қарай толық көшу деп түсінбеу керек. О.
Бөкейдің даусыз реализмін мойындай отырып, біраз зерттеушілер
оның алғашқы шығарма-ларындағы романтикалық
сарын кейіннен реалистік прозаға ұласты деп пайымдап жүр [3;
80]. Жазушының алғашқы шығармаларында
романтикалық сипаттың басым болғаны дау тудырмайды.
Бірақ нағыз реалистік шығармалар деп бағаланған,
1984 жылы жарық көрген «Біздің жақта қыс
ұзақ» жинағына енген повестестерінен-ақ
романтикалық сипат анық байқалады.
Оралхан Бөкей адам мен табиғаттың
терең байланысын, бұзылмас бірлігін пантеистік сенім
дәрежесіне дейін көтерген адам болмысының
мәңгілік мәселелерін романтикалық, философиялық
тұрғыдан бейнелей білген. Жазушы шығармаларында кейіпкердің
жан күйзелісі, сезімі табиғат құбылыстарымен егіз
бейнеленіп, адам мен табиғат арасы ажырамас бірлікте болады.
Табиғат – жазушы үшін рухани тазарудың, рухани
жаңарудың түрі, тазалық таразысы. Ол табиғат пен
шығарма кейіпкерінің тіршілігін байланыстыра суреттейді, себебі
табиғатты тереңнен сезінбесең
нағыз жазушы бола аласың ба? Оралхан Бөкейдің
романтикалық пейзаждарындағы табиғат адамға тән
сезімдер мен мінезге ие болады. Жазушы табиғатқа адам
іс-әрекетін береді, сондықтан да табиғат суреті антро-поморфозды
қасиетімен ерекшелінеді. Мұндай тәсіл – романтизмге тән
белгі-лердің бірі болып саналады. Жазушының «Мезгіл әуендері»
(1973), «Табиғат-Өмір-Адам» (1974) атты
шығармаларында табиғат бейнесін романтикалық тәсілмен
бейнелеп жазған. Бұл туындыларда автор мен лирикалық кейіпкер
бірігіп кеткен және бірегей образға айналып кеткен.
Жазушының дүниетанымының басқа
жазушылардың дүниетанымынан бір ерекшелігі, адам мен табиғат
бір тұтас бірлікте болатынын да. Жазушы үшін табиғат – идеал.
Табиғат – сұлулықтың, тазалықтың,
мәңгілік үйлесімнің мекені деп бейнелейді. Адам
табиғатқа тәуелді дейді, ал табиғат керісінше
адамға тәуелді емес деп философиялық тұрғыдан
пайым-дайды. Адам мен табиғаттың терең байла-нысын,
бұзылмас бірлігін жазушы пантеистік сенім дәрежесіне дейін
көтерген. Жазушы шығармаларында кейіпкердің жан
күйзелісі, дүниетанымы, сезімі табиғат
құбылыстарымен ажырамас бірлікте болады.
Идеологистік тоталиторизмнің тоңы
әлі жіби қоймаған кезде іштей қарсылық
танытқан, қадау-қадау ойларын қадай атқан
шығарманың бірі Оралхан Бөкейдің «Бура» әңгімесі
болып табылады. Қаламгер екі аяқты пендеден безіп, ең
ақыры өлігін ешкімге көрсетпей кетуімен де тектілік
танытқан бураны азаттыққа деген ұмтылстың
үлгісі ретіндк көрсетілген ғасырлар бойы іргетасы
қаланып, қалып-тасқан құрылысқа
жаңаның, өркениеттің енуі
құрбандыққа аз талап етпейтіні анық. Обырға
айналған «өркениет» ұйып отырған ұлттың
рухын сөндіруге, өзін көндіруге ұмтылды. Суреткер осы
күдікті ойын төрт аяқты жануардың – бураның
тағдырымен таразылыған. Кеңестік қоғамдағы
«өркениеттің» тосын келуін қаламгер поезд арқылы
береді. Поезда ұлттық құнды-лықтарды тәрк
еткендей менменшілік байқалады. Қара бура поезд астына түсіп
өледі.
Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды
өшірме» романында дала образы ерекше кең тыныспен суреттелген. Дала
образын кейіптеу арқылы адам мен табиғат арасындағы
байланысты аша түскен. Жазушы қоғамдағы тың
өзгерістерге яғни жерді қопарып шойын жолдың салынуына,
оның қазақ даласына әкелген жақсылығы мен
жамандығына іштей келіспеушілікті дала образына сиғыза білген.
Романның негізгі кейіпкері – Дархан. Ол қарапайым еңбек
адамы. Қара нар атанып қоғамдық өзгерістен
туындаған бар қиындықты жеңбек болып бар күшін
аямай күреседі. Романда жазушының дүниетанымы Гүлия,
Дархан, Бати, Оспан сиқты кейіпкерлер арқылы да беріледі.
Олардың арала-рындағы сезім арқылы қаламгер өз
ойын шебер бейнелей алды. Романдағы ақ боз ат қазақ
үшін қаймағы бұзылмаған ел бірлігі мен тірлігін
сақтаушы періште ретінде беріледі, ал құтырған бура –
қоғам, яғни жынын шашып елге жаманшылық,
қайғы-қасірет, ауыртпашылық әкеле жатқан
заман сияқты бейнеленеді. Басқа қырынан қарасақ,
жазушы Батидың ішкі буырқанған сезімін байқатуда,
жүдеу көңіл мен тұңғиық
тоңтеріс күнделікті күйбеңнен селт еткізер бұла
күшті танытуда да сәтті бейнеленген. Мұнымен бірге жазушы
Батидың бураны жеңгенімен, өзіндегі арманды жерлеп,
тасыған күш-қайраты тасқа мұқалып, елге
оралу, соғысқа аттану оқиғаларын басқа
қырынан таныта алған.
Жазушы туындыларының бір ерек-шелігі – мифтік
желіні қолдануында да болып табылады. Миф – халық шығарма-шылығының
өте ертеден келе жатқан ең көне жанрларының бірі.
Миф алғашқы қауымдық қоғам
адамдарының дүние туралы, әлемге әмір етер сыртқы
күштер, яғни құдайлар мен рухтар образдары туралы
және табиғаттан тыс құбылыстар мен оқиғалар
жөніндегі түсінігі, сонымен қатар осылар жайындағы
қалыптасқан [4; 229].
Оның «Жасын» әңгімесі автордың
дүниетанымынан хабарлар ететін шығарма-ларының бірі болып
келеді. Бұл әңгімеде жазушы рухани байлықты
материалдық дүниеден жоғары қоятын гуманистік ойымен
ерекшеленеді. Әңгіменің бас кейіпкері Қиялхан образын
сомдауда романтикалық желі байқалады. Ол пайдакүнемдіктен
ада, рухани асқақтық, адамгершілік мұрат үшін
күреседі. Қиялхан баласының тыныштығын тілеген арма-нының
өзі романтикалық сипатқа
тән қасиет болып келеді. Романтикалық пафос бас
кейіпкердің мінез ерекшелігінен ғана емес, сондай-ақ
әңгіменің баяндау тәсілінің стильдік
ерекшелігінен де көрінеді.
Қиялханның бейбіт өмірді
аңсаған адамгершілік мұраты қаламгердің жеке
басының дүниетанымынан бастау алады. Жазушы
1970 жылы жарық көрген «Мен сені көп іздедім» атты
мақаласында былай деп жазған екен: «Мен аспанда, жайлы,
жұмсақ орында ұшып келе жатып, сонау қияндағы
вьетнамдық достардың халі не күйде екенін ойлаймын.
Үндіқытай проблемасын осы жерде отырып, шешіп тастайтындай, анау
Таяу Шығыстағы Израиль армиясын тұншықтыруға
аттанып бара жатқандай жұлқынып, тісімді қайрай-мын.
Өз дәуірімнің дүмпусіз, оқ-дәрінің
қоңырсық иісінсіз өтуін тілеймін. Әкелер
көрген күйді, әкелер тартқан азапты басқа да
бермеуін тілеймін» [5; 165].
Қиялханды мазалап жүрген осы
мазмұндағы ойлар. Оның құлағынан «Ангола-Хиросимадағы
мәңгі мүгедекке айналған адамдардың Америка
Құрама Штаттары мен атом бомбасын қарғай зарлаған
дауыстары кетпейді» [5; 200].
Жазушы сол соғысты болдырмау
үшін өз кейіпкерін іс-әрекетке түсіреді.
Мұның өзі шығарманың романтикалық екенін
одан әрі дәлелдей түседі.
Сондай-ақ әңгімедегі бас
кейіпкер Қиялханның ертегілік-мистикалық мәнімен
ерекшелінетін түс. Қиялханның түсіндегі
қарағайдың сипаты да тылсым, ғажайып қалпымен
көрінеді.
Оралхан Бөкей «Қамшыгер» атты
әңгімесінде айды қасиет тұтқан көне мифтік
мазмұнда бар. Бұл жерде әңгіменің басы мен
аяғында бүкіл обьект яғни Садақбай ай астында алып
қаралса, бұл жерде анимистік сенімнің басым екені
көрініп тұр. Жазушы «Ай астында...» деген тіркесті
әңгіменің басында және соңында қайталап
келтіреді. «Ай астында» Садақбайдай қамшыгердің
тағдыры, жан күйзелісі, барлық өмірі бейнеленеді. «Қамшыгер» атты әңгімесінде
Садақбай образы арқылы оқырманды еріксіз әртүрлі
ойларға жетелейді.
Жазушының шығармаларының
тағы бір ерекшелігі – заттар мен құбылыстардың
адамға тән көңіл-күйі, іс-әрекетпен
көрінуі көне мифтік тұрғыдан келгенде, барлық
құбылыс пен заттардың жаны бар деген туындаған
шындық, көркемдік ойлау жүйесі тұрғысынан
келгенде, мифтік танымға сүйене отырып, табиғат суретін
бейнелеп беру, яғни кейіптеу тәсілі. Жазушының назарына жиі
түсетін тау, дала, жел, жұлдыз және т.б. жансыз зат пен
құбылыс. Кейіптеу жазушының шығарма-ларында кейіпкер
психологиясына қатысты бейнеленеді.
Оралхан Бөкейдің өзі
«аңызнама» деп атаған, шығармаларының бірі «Айпара-ана»
атты әңгімесі болып келеді. «Айпара ана»
аңызнамасындағы ананың сәуегей-лікпен болжаған
болжамы: Жандостың өлімнен тосын аман қалуы. Сыншы Т.
Тоқ-бергенов Жандостың кездейсоқ тірі қалуын
«Көркем шығарманың аңыз – ертегіге ұласқан
жері, шындық пен қиялдың тоғысқан тұсы» [3; 14] деген
тұжырым жасайды. Бұл шығарманың өзін
жанрлық тұрғыдан «әңгіме-миф» түрінде
тануға болады деген біздің пікірдің орынды екендігін
қуаттаса керек. Шығарма сюжеті аңызға негізделген
болса, сол аңыздың өзі мифтік сипатқа бейімделген.
Бұл аталған
әңгімеге тоқталсақ, ананың сырласары – дала. Жау
шапқын-шылығын көрген ел тағдырын дала суретімен беру
шығарманың мифтік сипатын айқындай түседі. «Дала
ақыл-естен оралып, ат соғып шалдығып, көз шырымын
алғаны секілді. Осы дала-батыр осы мең-зең, есеңгіреген
ұйқысынан мәңгі оянбай қоятындай елестеді» [6;
77].
Жазушы даланы бірде ұзақ
жолдан оралып, ұйықтап жатқан алып батырға, бірде
қой соңында жүріп, ұйықтап кеткен жетім
балаға ұқсатады. Далаға адамға тән іс-әрекет
беруі, бұл сол кездегі халық өмірімен, оның
басындағы ауыр халмен байланыстырылған. Көне мифтерде жер ана
түрінде кейіптелсе, Оралхан Бөкейде дала бірде батырға, бірде
балаға ұқсайды. Осы әңгімеде
жаңбырдың жаууын «аспанның ағыл-тегіл жылауы» деп
суреттеу бар. Жылау адамға тән көңіл-күй болса,
сол көңіл-күй табиғатқа ауысты-рылады.
Табиғат құбылысын адам көңіл-күйімен
ұқсастыра бейнелеудің әңгіме мазмұнын
ашудағы мәнді орнын атамай кетуге болмайды.
Жазушының «Қар қызы»
повесінің көркемдік әдісі жөнінде әдебиет сыншы-лары
арасында әр түрлі пікірлер бар. Мысалы А. Қодаров повесті
филосо-фиялық-романтикалық шығарма қатарына
жатқызады [6; 166]. Қар қызына мифтік желі, үш
жігіттің көрген түстері, Нұржанды Қар
қызының үсікке ұрындырмай, оятып алуы. Қар
қызын бейнесін жасаудағы мақсаты – жақсылық, адалдық
ұғымын оқырман санасына сіңіру. Алмажан мен қар
қызы арасындағы сабақтастық мифтен-дірілу сипатымен
танылады.
Повестегі жас жігіттердің
совхозға шөп жеткізу мақсатымен шаруашылық
сапарға шығуы, жол қиындығы реалистік
тұрғыдан суреттелген. Бірақ Нұржанның сол
сапарға шыққандығы негізгі мақсаты – шөп
жеткізу емес, Қар қызын көру еді. Романтикалық сипат
шығарманың Нұржан-ның Қар қызымен
кездесетін тұстарында анық көрінеді.
Жазушының «Біздің жақта
қыс ұзақ» кітабына енген «Сайтан көпір» повесін
әдебиет сыншылары көркемдік әдісі жағынан реалистік
шығарма қатарына жатқызады. «Сайтан көпір бір
жағы реалды, бір жағы метафоралық, – деп жазады Теракопян. - Ол
мұсылман мифологиясындағы адам жанын сынаққа салатын
қыл көпір, адал адамдар жалт етіп өте шығатын, ал
күнәһарлар тозақ отына құлайтын Сират
көпірі тәрізді» [7; 173].
Романтикалық бастау шығармада
кейіпкерлерді бейнелеу ерекшелігіген басталады. Шығарма соңында
Аспанның екі аяғы көпірді дүрс-дүрс басып,
арғы бетке өтіп бара жатқан сәті биік романтикалық
пафоспен бейнеленген.
«Атау-кере» повесі
бүкіл адамзаттық мәселерді қозғайды. Повесть
оқиғасының басында Еріктің реалистік сипаты басым
болса, шешімінде мифтік сипаты байқа-лады. Қаламгер адамдар
өмірін аралар дүниесіне ұқсатады. Еріктің
көк басты сонаға айналып кетуі және Қатын суының
арғы бетіндегі жұмбақ қыз – символ. Ерікті мифтік бейне
ретінде қараудың өзі оның құбылуына
байланысты. Бір түрден екінші түрге ауыса алатын – тек миф
кейіпкерлері. Повесть соңында Еріктің құбылуына
мән бере отырып, бұл повесті «Повесть-миф» деп атауға болады.
Повестегі Шал образында романтиз сарыны байқалады.
Шығармадағы Шал да, Таған да қоғамда бет
алған адамның рухани әлсіреуінен шығудың
шығар жолын, амалын табуға тырысады. Бірақ табиғат
аясында қалудан басқа жолды көре алмайды. Сондай-ақ
шығармадағы Тағанның табиғат туралы ойлары
былайша беріледі: «... Табиғат жаратқан алқам-салқам
болмайды, ол - әмісе әдемі, әмісе сүйкімді, әрі
шыншыл, әрі ақылды, сондықтан да адамдар секілді
қателеспейді. Табиғат – мәңгілік тірі, өтірік айтпауды,
алдап – арбамауды табиғатан үйрену керек, өйткені ОНЫҢ
(табиғаттың) жүрегі таза» [8; 463].
Жазушының «Жетім бота» повесінде де
мифтік желі кездеседі. Повестегі Ақботаның қайтпас
сапарға теңіз бетімен кетуі. Ақботаның
түсінік-пайымы, өмірге көзқарасы. Оның
бүкіл іс-әрекеті мифке негізделген. Сипаты да мифтендірілген. «Жер
мен судың түйісер жерін жиектеген бота жетелеген қыз
көгілдір көйлек, қос бұрымымен теңізден
шыққан судың сұлу-ындай көрініп көкжиекке
сіңеді» [9; 371].
Оралхан Бөкейұлының шығармаларындағы
сюжет, оқиғаның дамуы тек сыртқы жамылғы
сияқты, ал негізгі мәйек – идеалға
құштарлық болып табылады. Идеал ұғымы, ең
алдымен, суреткердің адам жөніндегі концепциясынан байқалады.
Қаламгердің кейіпкерлері – жан дүниелері бай, рухани
деңгейі биік, қажырлы, еркіндік сүйгіш, тағдыры
қилы арманшыл адамдар. Оларды бір-бірімен жалғастыратын ортақ
қасиет – рухани максимализм, яғни, қандай адамдығын
жоғалтпауы. Оларды толғандыратын ортақ ой – адам
болмысының сан қатпар құпиясы мен жұмбағы,
мәңгі өлмес рух, рухани құндылық, адам
ғұмырының міні мен мағынасы. Олар өзіне
өздері егесіп қалады. Сырт көзге жаны жұмсақ,
мұңды серік еткен, үнемі бір нәрсені шарқ
ұра іздеп жүретін кейіпкердің жанын түсіне қою
деп қиын.
Қазіргі кезде жазушының көптеген
шығармалары ТМД және шетел тілдері халықтарының
тілдеріне аударылғаны белгілі. Олар орыс, ағылшын, француз, неміс,
жапон, араб, қытай және басқа да халықтар тіліне
аударылды. Қазақстан Республикасы көп ұлтты мемлекет
болған-дықтан, осы кезде Оралхан Бөкейұлының орыс
тіліне аударылған шығармаларының маңызы артып отыр.
Өзге тілді қазақстандықтарға талантты
жазушының шығармаларымен танысуға мүмкіндік туды.
Оралхан Бөкейұлының шығарма-ларын орыс тіліне
қазақ және орыс жазушылары аударған. Атап өтсек,
«Человек - олень», «Снежная девушка», «Олиара», «След молнии», «Ардақ»,
«Отте-пель» А. Ким, «Крик» О. Мирошниченко, «Поющие барханы», «Огненная арба»
В. Панкин, «Сказание о матери Айпаре», «Отголосок юных дней...», «Осиротевший
верблюжонок» А. Кончиц, «Камчигер» Р. Сейсенбаев, «Благословенный месяц май» В.
Михальский және т.б. аудармашылар
Қазіргі орыс тілді жазушылардың Анатолий
Кимнің алатын орны ерекше. Ол көп қырлы талант иесі.
Оның бірі – аудармашылық болып табылады. Анатолий Ким Төлеген
Әбдіковтің, Әбіш Кекіл-баевтің, Мұхтар
Әуезовтің, Оралхан Бөкейдің шығармаларымен орыс
халқының танысуына үлкен еңбек сіңірген талантты
аудармашы екені белгілі. Анатолий Ким Оралхан Бөкейұлының
шығармаларын асқан шеберлікпен дәл аударған. Ол
жазушының жан әлемін, өмірге көзқарасын,
қазақ халқының түсінікгін, филосо-фиясын
асқан шеберлікпен зерттеп өзге тілді оқырманға
дәл жеткізе білген. А. Ким әр шығарманың авторлық
идеясын, көркемдік суреттемелерін бұзбай, бұлжытпай
қағазға түсіре білген. А. Ким былай дейді:
«Аудармашылық өнер музыка өнеріне тең. Аспаптар да,
партитура да сол, бірақ музыкант – орындаушы басқа. Жаңа
орындаушы шығармаға жаңа дем береді - өзінің
интерпретациясын» [10, 109].
Кез-келген жазушыға қойылатын негізгі
талаптардың бірден-бірі болып – шығарманы, туындыны белгілі
бір идеяға бағындыра білу болып табылады. Ал Оралхан Бөкей
өзінің шығармаларында реалистік, романтикалық, мифтік
желіні қолдану арқылы оқырманға қандайда бір
әсер, ой қалдыра алған дарынды жазушыларымыздың бірі
деп санаймын.
Жалпы жазушы кейіпкерлерді өмірдің қысылтаяң
кезінде, тағдырдың бұрылысында көрсетуге
ұмтылады. Кейіпкерлерді әртүрлі сынға алады.
Жазушының жазатыны – Алтайдың бір қуысындағы
шағын ауыл, күнделікті тірлікпен жүрген кішкене адамдар.
Қызмет дәрежелері де жоғары емес, әрі кеткенде «Сайтан
көпір» повесінің кейіпкері Аман секілді бөлімше
бастығы.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Бөкей О.
Екі томдық таңдамалы шығармалары. – Алматы: «Жазушы», 1994. -
1 т. - 496 б.
2.
Жанұзақова Қ.Т. Оралхан Бөкеев прозасындағы
романтизм. – Алматы, 1999.
3.
Мәмесейітова М. Зерделік айнасы. – Алматы: «Жазушы», 1988. - 175 б.
4.
Әдебиеттану терминдер сөздігі. - Алматы: «Ана тілі», 1998. - 383 б.
5. Бөкеев О.
Өнерге өлердей-ақ ғашық едім. Очерктер,
көркемсөздер, эсселер. - Алматы: «Санат», 1995. - 304 б.
6. Бөкеев О.
Үркер ауып барады. - Алматы, 1981. – 354 б.
7.
Тоқбергенов Т. Қос қағыс. - Алматы, 1981. – 219 б.
8. Бөкеев О.
Қайдасың қасқа құлыным? – Алматы, 1973 - 14
б.
9. Біздің
жақта қыс ұзақ. - 371 б.
10.
Құрманова Ж.С. Қазақ прозасындағы
ұлттық идея және кейіпкер болмысы. Филология
ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
дайындаған диссертацияның авторефераты. - Алматы, 2008. - 30 б.
11.
Аймұхамбетова Ж. Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм
мәселесі. Канд.дисс.автореф. – Астана, 1999.
К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010
|
|