Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ СҮТ ТАҒАМДАРЫНА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ (САЛЫСТЫРМАЛЫ АСПЕКТ)

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008

Автор: Жылкыбаева А.Ш.

Тілдің сөздік құрамының мәдени жақтарын зерттеу өте маңызды, өйткені сөз тек лексикалық мағынаға ие болып қана қоймай, сонымен қатар сол тілде сөйлейтін халықтың мәдени, рухани тұрмысынан мағлұмат береді. Мұндай ақпаратты орыс ғалымдары кумулятивті мағына деп көрсетеді, яғни тілдің танымдық, мәдеиетті сақтау қызметі. Бұл жөнінде: «... передача культуры от поколения к поколению представляет собой грандиозний механизм, в котором именно слово, будучи носителем общественного сознания, оказывается так сказать памятью культуры» деп көрсетеді орыс ғалымдары [1; 95].

Осы ретте түркі тілдеріндегі сүт тағамдарына қатысты лексика аса назар аудартады. Түркі халықтарының негізгі тағамдарына сүт тағамдары жатады. Сондықтан болар тілде аталмыш атауларға қатысты діни наным-сенімдер, ырымдар, тыйымдар, салт-дәстүрлер көптеп кездеседі. Түркі тілдерінде сүт тағамдарын ақ деп атайды. Түркі ұғымында ақ - пәктіктің, тазалықтың көрсеткіші.

Хакас және қырғыз халқының тағам атауларын зерттеген Б.С.Жалиева оларда төмендегідей сүт тағамдары бар екенін атап көрсетеді: қырғыз тілінде: ийран, жуурат, сузмо, курут, эжигей, коорчек, каймак, май, кымыз, быштак. Хакастарда сүт тағамдары жалпылама ахсых не ах тамах деп аталған [2; 187-189].

Екі халықтың ең кең таралған сүт тағамдары – айран, оны дайындау технологиясы да ұқсас болып келеді. Піскен сүтке ұйытқы қосып, жылылап жауып қояды. Ұйытқыны хакастар айран хордин деп атайды, оны өткен жылдан сақтайды. Хакастарда көктемде айранның ұйытқысын алған кісі орнына бір бөтелке жаңа сауылған сүт береді. Олай істемесе қожайыннан бақ кетеді деген ұғым болған.

Түркі халықтарының тағам жүйесінде айранның рөлі зор. Хакастар денсаулық айраннан деп есептейді [3; 11].

Қырғыз әйелдері де қатқан айранды қырып, ұйытқыға сақтаған [4; 14].

Қырғыздар сүтпен сузсо және курут алған. Қаймақты төмендегідей дайындаған: сүтті пісіріп үлкен ыдыстарға құйып, бір күнге қойған, кешке бетін жинап алған. Оны сындырма каймак деп атаған. Кам-каймак – шикі сүттің бетінен алынған қаймақ [4;15]. Ондай қаймақты хакастар «чіг ореме» дейді. Олар оны былай алған. Сүтті ағаш шелектерге құйып, бетін қасықпен алған. Алынған қаймақтан қырғыз әйелі май шайқаған (жууган каймак). Оны қазанға салып қайнатып, көбігін алып тастайды. Сөйтіп сары май алады (еріткен май). Май қайнағанда қазанның түбінде қою зат чобого қалады. Оны да тағамға пайдаланады.

Азербайжан халқының тұрмысында сүт және сүт тағамдары кең орын алады. Барлық сүт тағамдарының атауларын

- сүт және сүт қосылған тағамдар;

- тек сүттен дайындалған сүт тағамдары деп бөледі:

Мысалы, сүтду аш // сүтду шилә; палбеча (сүт палауы).

Уызды ағ деп, ал екінші немесе үшінші сауын сүтті булама деп атайды. Ол қою және тәтті болады. Ауыз екі тілде буламамен қатар кәртәмәз деген атау да қолданылады.

Кәртәмәз // корамаз – сүт тағамы; ағсохлах // ағсоглахы – қатыққа тортасынан айырған май қосқан сүт тағамы; шор чиjләмә - сүзбеге ұсақ кесілген сыр қосылған тағам; гурут (қазақша - құрт) [5; 56].

Түркімендерде сүттен жасалған тағамдардың орны ерекше. Сүттен жасалған тағамдарға ешкі, сиыр, қой, түйе сүттері пайдаланылады. Мәселен, сиыр сүтінен май (яг), қатық (гатык), сүзбе (сүзме), құрт (гурт), ешкі мен қой сүтінен сыр (пайнер), түйе сүтінен шөл басатын ішімдіктер шұбат (ак), қаймақ (агаран) дайындалады. Май арнайы тері қапта (тулум, янык), не қыш ыдыстарда (купы, гуфы) сақталады. Майы алынған соң одан айран не сүзбе жасалады. Ол үшін айранды қойдың қарнына құйып, су сарқылу үшін ұзақ уақыт іліп қояды, қоюланған сүзбеге тұз қосылғаннан соң ол ұзақ сақталады [6; 71].

Қарақалпақ халқының тағам жүйесінде сүт тағамдары көп қолданыс тапқан. Жылқы сүті мен түйе сүтін сирек қолданған. Түйе сүтін пайдаланбаған, олардың діни нанымы бойынша, түйе сүтін ішсе, майын жесе шаш ағарып кетеді. Олар алғаш май шайқағанда үйге сиырдың жас тезегін әкелген, сиырға көз тимесін, тепкілемесін деп.

Барлық сүт тағамдарын асқатық деп атаған. Оны тағамға қосады. Сонымен қатар асқатық деп қойдың құйрық майы және өсімдік майын да атайды. «Аскатыгы болмаган асы курсын, жарасыгы болмаган жазы курсын» деген мақалдан асқатықтың қарақалпақтардың тағам жүйесіндегі орнын білуге болады. Яғни, әр отбасында тіпті кедей болсын, асқатық міндетті түрде болады.

Қарақалпақтар сүтті түрлі әдіспен ашытқан. Ұйытқыға жез білезік пай-даланған. Сүтті пісіріп, суытып қояды. Сары асқабақтан жасалған ыдысты пайдаланған, өйткені онда ашытқан сүт тәтті болады деген сенім болған. Жылқы сүтіне жез білезік салып жауып, 3-4 сағат қатық жасау үшін қояды. Бұны қатық ұйыту дейді. Келесі қатыққа қорды осыдан алған. Жез білезіктен басқа қор ретінде қамыстың басын, дәнін (үпелек), кейде нан пайдаланған [7; 127].

Түркі халықтары жалпы ақты (сүтті) аса құрметтеген. Сондықтан да сүтке қатысты ырымдар да баршылық. Сүт дұрыс ашымаса, көз тиді деп пышақты отқа қыздырып, қатықтың бетін тіліп, «бисмиллә рахман рахим» деп айтқан.

Р.Карутц: «егер сүтті ит не қой жалап қойса, ағаштан жасалған астаушамен тазартқан, аластаған» деп жазған. Аталмыш құралмен 7 рет сүтті қайта құяды, сонан кейін ғана ол сүтті ішкен. Бұл құрал молданың үйінде сақталған [8;172].

Сұйық сүт тағамдарын күн батқан соң далаға алып шығуға болмаған, ай, жұлдыз түспесін деп. Егер де бұл тыйымды амалсыз бұзуға тура келсе, онда сүт құйылған ыдыстың бетін ай сәулесі түспейтіндей етіп бір нәрсемен мықтап жапқан. Ал бұл шарт орындалмай, сүтке ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді деп сенген [9; 48].

Хакастар да сүтті киелі санаған. Егер сүт жерге төгілсе мал шығыны болады деген ұғым болған. Егер байқаусыз төгіп алса, жерді қолмен сүртіп: «Талант минде поязын, чирге парбазын» деп айтқан (Бақыт менде қалсын, жерге кетпесін). Егер сүтті басқа үйге берсе, міндетті түрде одан үш қасық қайта құйып алған, бақыт кетпесін деп. [3; 111].

Жалпы сүтті жерге төкпеген, төгіп алған жағдайда ит жаламасын деп топырақпен жапқан, ол жерді адам аяғы баспаған. Бұл тыйым аса бір маңызды жағдайларда ғана бұзылған. Мысалы, жерге ақ төгу – аса ірі оқиға немесе бір белгілі мақсатпен жасалатын ырым. “... Сұлтан әуелі: Тәңірі жар болсын! – деп күбірледі де, ыдысын болмашы қисайтып, жерге бірнеше тамшы ақ төкті, содан соң бас қойып, бір ұрттады...” (Мағауин, Аласапыран, 47). Мұндай дәстүр қырғыздарда да болған. Ш.Уәлихановтың көрсетуі бойынша, олар киіз үйдің табалдырығына сүт құйған “ақ мол болады” деген ниетпен [11; 384]. Сонымен қатар қырғыздарда жылан киіз үйге кіріп кетсе, сүт құйып шығарған.

Отқа май құю – ырым-салт: Қыз әкесі үйінің оң жақ іргесіне күйеуге арнап қымбат матадан тігілген төсек салып, шымылдық құрып қояды. Күйеу табалдырықтан аттап кіргенде үш рет тәжім етеді. Табада тұрған шоққа қолына ұстатқан темір ожаудан майды құяды. Бір кемпір сұқ қолын әуелі шоққа қарсылап, одан өзінің маңдайына, кеудесіне сұқ қолын басады. Бұдан соң күйеуді төсекке отырғызады. Өзге жұрт шығып кетіп, жеңгесі тамақ береді (Ы.А).

Бұл жөнінде Ш. Уәлиханов: “...барлық шамандық салттың ішінде отқа табыну қазақтарда әлі күшінде. Қазақтар отты әулие деп санайды. Аса жоғары құрметтеудің белгісі ретінде, қазақтар монғолдар сияқты отты ана деп атайды. Отта тазартушы қасиет бар деп түсінеді, екі оттың арасынан өткізіп тазартады. Оны “аластау” дейді. Қыстаудан көшкенде көшті екі оттың арасынан өткізеді” деп жазған [11; 63]. Халқымыздың түсінігі бойынша, қасиетті от жанұяның да символы болып есептелген. Қалыңдық түскен үйдің табалдырығын аттағанда отқа май құю арқылы істелетін ырым «от ана, май ана, жарылқа!» дейтін тілек те отқа табынумен тікелей байланысты. Келін жаңа түскенде, жоғарыдағыдай ырым істеліп, «от ана, май ана жарылқа!» деген тілектің орнына «от әулие, май әулие жарылқа!» деп айту дәстүрі де халқымыздың өмірінде болған. Бұл дәстүр бойынша келіншек табалдырықтан аттаған бойда, ошаққа жеткенше тізесін бүгіп, үш рет сәлем етеді. Содан кейін үй ортасында жанып тұрған отқа бір бақыраш май құяды.

Түркі халықтарының тіршілігінің түп қазығы - төрт түлік малдың тұяғы мен мүйізін табиғатының өзге құбылыстарына емес,тек айға ғана теңеуі, халқымыздың айды ерекше құрмет тұтып,одан мал басының амандығын тілеп, табынуымен сабақтас. Мұндай жағдай олардың тыныс – тіршілігін әр қырынан байқатады. Мәселен, көшпелілер үшін құрбандықтың ең үлкені Ай тұяқ, боз қасқа жылқы малы есептеледі. Өзі ақ, тұяғы ай сықылды жануар төрт түлік малдың ішінде тәңірлерге, ата-бабалар аруағына бағыш-талып союға ең лайықты деп саналған. Және бұл дәстүр сонау сақтар мен ғұндар заманынан жалғасып келе жатыр. Жылқының ақ боз түстісі ерекше символдық және магиялық, сакральдық (киелілік) сипатқа ие. Өйткені көне түркілер жылқыға ерекше табынып, желдей жүйрік жылқыны күнге теңеген. Құрбан шалғанда ақ жылқының таңдалу себебі: ақ түс – күннің символы, сол себепті ақ боз ат құрбандыққа шалынған.

Сүтке жуу - хан таққа отырған кезде немесе тазалау рәсімінде істелетін ырым. Мысалы: “Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады” (Есенберлин, Көшпенділер, 223), Немесе “Сол екі ортада арғын жігіттері жоңғарды шауып, Көшейдің қыздай ноқтасын бұзбай алған бәйбішесін босатып әкеліпті. Көшей оны қырық күн боз биенің сүтіне шомылдырып, қырық бірінші күні қасына алыпты” (Кекілбаев, Үркер, 108).

Ертеде, хан сайлауында болашақ ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Мысалы, «...бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтеріп, Қасымды хан сайлады» [12; 291]. «...Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күннің түнінде ол бір ғажайыптүс көріп шығыпты» [12; 18].

Ақ ұғымы басқа халықтардың да салт-дәстүрінде кең қолданыс тапқан. Халка – монғолдарда қыз ұзату кезінде үйден бақыт, ырыс кетпесін деп бір шелек сүт алып шығып, өзіне қызды «хурай, хурай» деп қолмен шақырады. Бұл дәстүр «даллаға» деп аталады (бақыт шақыру). Бұл мысалдан сүттің қасиетін байқауға болады.

Оңтүстік алтайлықтарда «аяқ жүгірту» рәсімі әлі сақталған. Күйеу баланы ауылдың шетінде қарсы алып, аяққа айран құйып үш рет ұсынады; үш рет қайтып алады, сонан соң айранды беттеріне жағады (күйеу баладан басқаларға). Содан кейін ғана құдаларды арнайы дайындалған киіз үйлерге апарады.

Хакастарда хурайлин сүт деген ұғым бар. Бұл қайтыс болған адамды сүтпен аластау. Мағынасы: тірі адамның жанын алып кетпесін деу.

Көшпенділердің сүт тағамдарын дайындау және қолдануында да өзіндік ерекшелік бар. Мысалы: уыз – жаңадан туған сиырдың алғашқы сүтінен дайындалатын тағам. Ол үшін “уыз сүтті сүт құйып суытып, тұз салып, қойдың бүйеніне құйып, қайнап жатқан ет сорпасына салады. Уызды көршілері және туыстарына береді. Ең алдымен одан үй иелері дәм татады, сонан соң қонақтарға береді. Дәм татпас бұрын, қонақтар “сүт мол болсын” деген тілек айтады [13; 199].

Түйе сүтін көшпенділер шикідей ішкен, тек уыз сүтін ғана пісірген. Алғашқы сүтті көршілеріне тарату, ірі қараның қолдаушысы Зеңгі баба, түйелердің қолдаушысы Вейве бабаға құрбандық шалу деп есептелген.

Түркімендерде алғашқы сүттен (уыздан) күріш ботқасын дайындаған (гайнын мусасы) Ол құрбандық ас болып саналған. Уыз сүтті қайнатқанда оған ағаштың шоғын салған, сонан соң оны көршілеріне таратқан. Бір қызығы, түйенің сүті пісірілмеген, тек уыз сүтті ғана пісірген [14; 103 Сд].

Мұндай тағам түрлерін тек түркі халықтары ғана емес, сонымен қатар славяндар да дайындаған. Алайда олар мұндай тағамнан ең бірінші сиырға татырған, сонан соң өздері жеген: “...кульминационным моментом обряд-ности, связанный с отелом, является ритуальное блюдо “молозиво”. Из молока, надоенного в первый раз от отелившейся коровы, готовят сыро: наливают в плошку молоко, сбивают несколько яиц и опускают их в молоко, а затем ставят в печь. Когда сварится, режут сыро ножом. Первый кусочек этого “сыро” отдают вместе с хлебом корове, а остальное съедают сами” [29;57].

Түркі халықтарының тағам жүйе-сінде қымыз да ерекше орын алады. Алайда оны дайындау технологиясы әр түрлі болып келеді. Қырғыз бен хакастарда қымыз (хымыс) тері ыдысқа ашытылады (сааба). Хакастарда мұндай ыдысты когор не пулхунчак деп атайды. Қырғыздар қымыздың қорын өткен жылдан алып қалады, жоқ болса талды шауып сыз жерге тастайды, қабығы түссін деп. Сонан соң талдың қабығын не бұтағын ұсақтап, оған сүтін құяды да күнге қояды. Одан қор алады немесе сүтті қайнатып, суытып жарма қосады. Ашыған соң бие сүтін құяды. Бір сөткеден кейін қымыз дайын болады.

Хакастар қорды (ұйытқыны) жылқы-ның майынан дайындайды. Оны ұсақ қылып турап, отқа баяу қайнатады. Алған нәрсені бие сүтімен араластырып (хымыс хордин) алады. ХІХ ғасырда хакастарда қымыздың орнын айран басқан. Қымызды тек жылқышылар мен бақташылар ішкен.

Қымызды түркі халықтары қасиетті сусын ретінде қолданған. Ол үшін не тек боз биенің сүтін, не қара биенің сүтін пайдаланған. Боз биенің қымызы, әсіресе, ант беру кезінде ішілген. Кей-кезде қара биенің қымызын арбаға тиеп, оған қасиет беру үшін екі оттың арасынан өткізген. Сондықтан болар Г. Рубрук “каракомос – очищенное молоко в ханском дворце” деп жазған [16].

Этнографиялық деректерде түркі халықтары тек сүтті ғана емес, қымызды да жерге тамызбаған, оны өте киелі санаған деп көрсетіледі. Алайда біздің жинаған материалдарымыз белгілі бір жағдайларда жерге ақ төгу рәсімі болғанын көрсетеді.

Г. Рубрук: “... ішпес бұрын үй иесі жерге қымыз құяды. Егерде ол ат үстінде ішсе, онда ішер алдында қымызды аттың мойнына, жалына құяды” – деп көрсетеді [16].

Біздің материалдарымыз ата-бабаларымыз қымызды жаза ретінде қолданғанын да көрсетеді. Мысалы: “... ал дастархан үстіндегі қиястықтарың үшін осы қазір әр қайсың сұлтанның саулығы үшін тоғыз аяқ қымыз ішесіңдер...” (Мағауин, Аласапыран, 51).

Түркі халықтары қымызды тек бірлесіп ішіп қана қоймай, бірлесіп дайындаған да. С. Абрамзонның көрсетуі бойынша, көш кезінде қырғыздар ағайындарымен тату болса, қымызды бір үй ашытып, дайын болғанда барлық туысқандарын шақырып бірлесе ішкен [18].

Бұл дәстүр көшпелі халықтардың көне заманда тек шаруашылығын бірлесіп жүргізіп қана қоймай, одан алынатын өнімді де ортақ пайдаланғанының дәлелі.

Яғни, түркі халықтарының көне дәстүрлерінің бірі – бірігіп қымыз ішу рәсімі. Бұл жөнінде И.О.Потаповтың еңбегінен оқуға болады. Автор бұл дәстүрді төмендегідей суреттейді: “... хан немного отпивал из нее прогоняющего печаль напитка, а остальную часть жаловал одному из своих надежных советников – эмиров...” [10].

Қорықтық. Мұны қойшылар істеп ішеді. Ертеден раң отына тойған ешкі мен қойлардың желініне сүт сыймай төліне қашуға кіріседі. Сүт сорғалап аға бастайды. Сонда қойшылар оны сауып алып, ағаштан не көнектен (теріден) жасалған ыдысқа құйып, үстіне отқа қыздырған тап-таза малта тасты тастайды. Тастың ыстығымен сүт қоп-қою болып піседі. Ыдыс күймейді.

Піспе. Қазақтар бұны көп ретте дәрі ретінде пайдаланады. Ашыңқыраған айранды ыдысқа құйып, оны піспекпен көп піссе, көпіршіп, іртігі кетіп, өзінен піспенің иісі шығып ішкенге өте қолайлы келеді. Көп ішіледі. Ішіне күшала қосып ішсе, өкпе ауруына табылмайтын ем.

Жоғарыда сөз болған мысалдардан түркі халықтарының ежелгі салт-дәстүрінде “ақ” ұғымының аса киелі болғанын байқауға болады. Сондықтан болар тілімізде ақ жалғасын, ақтың киесіне ұшырасын, ақ ұрсын іспеттес сөз тіркестері берік орын алған.

Сүт сиырмен байланыстырылады. Сондықтан славияндарда бұл мал киелі болып есептеледі. Өйткені ол адамдарды қоректендіреді, киіндіреді. Мысалы, славяндарда сүт жаңбырдың метафорасы, яғни жаңбырдың бұлттары сауынды сиырға теңелген. Сүт – анаға жақындықтың белгісі, символы. Яғни, сүт лексемасы тек түркі халықтарында ғана емес, басқа халықтарда да символдық мағынаға ие. Мысалы, буряттарда алғашқы қой не, ешкі сауу да белгілі бір рәсімдермен байла-нысты. Алғашқы сүттен май шайқап, ашымаған қамырдан шелпек (месче петир) пісіріп, оны бірлесіп жеген.

Халықтың ұлттық дастархан мәзірі және оған қатысты дәстүрлердің теориялық және практикалық маңызы зор. Ол арқылы ұлттық мәдениеттің қалыптасу жолын, ерекшеліктерін және де басқа ұлт өкілдерімен ұқсастықтары мен айыр-машылықтарын зерттеуге болады. Себебі көптеген түркі тілдес халықтарының тағдыры, шаруашылық жүргізу тәсілдері ұқсас болып келеді. Бұл ретте С.М. Абрамзон: «Этническая культура народов Средней Азии и Казахстана представляет собой продукт сложных этнических процессов и культурных взаимовлияний населения этой огромной историко-этнографической области и сопредельных территорий – Передней Азии, Закавказья и Северного Кавказа, Приуралья, Южной Сибири, Центральной Азии» деп пайымдаған [18; 387].

Қорыта келе, сүт тағамдарына байланысты салт-дәстүрлер, діни наным-сенімдер көптеген түркі халықтарында кездеседі және де көбінесе олар ұқсас болып келеді. Ал мұндай ұқсастықтар түркі халықтарының тек мәдени, рухани байланысының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар олардың этногенездерінің ортақтығының көрсеткіші.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Лингвострановедческая теория слова. - М:, Русский язык, 1980.

2. Жалиева Б.С. Параллели в традиционной пище кыргызов и хакасов. Труды международной научно-практической конференции «Центральная Азия и Казахстан: Истоки тюркской цивилизации». - Тараз, 25-26 мая, 2006 г.

3. Бутанаев В.Я. Традиционная культура и быт хакасов. - Абакан, 1996.

4. Айтбаев М.Т. Пища киргызов. ХІХ и начала ХХ веков // ИАН Киргизской ССР. Серия общественных наук. Т. V. Вып. І, 1963. - с. 13-23

5. Алиев Г.К. Бытовая лексика азербайжанского языка. - Алма-Ата, 1998

6. Қалшабаева Б.К. Орта Азия халықтарының этнографиясы. Оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 107 (8)

7. Этнография каракалпаков ХІХ начала ХХ веков. Ташкент, 1980

8. Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. СПб, 1910

9. Ғабитханұлы Қайрат. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. - Алматы: Арыс, 2006. – 165 б.

10. Потапов Л.П. Народы Южной Сибири. - Новосибирск: Наука, 1990. – 208 с.

11. Валиханов Ч. Избранные произведения. Алма-Ата: Казахское государственное издательство художественной литературы, 1958. - 644с.

12. Есенберлин И. Көшпенділер. – Алматы: Жазушы, 1986

13. Арғынбаев Х.А. Народные обычаи и поверья казахов, связанные со скотоводством // Хозяйственно-культурные традиции народов Средней Азии и Казахстана. – М., 1975. – 205

14. Оразов М. Скотоводческие обряды у туркмен долин Сумбара и Чендыра / материалы к историческо-этнографическому атласу народов Средней Азии и Казахстана // Советская этнография. – 1974, № 2, С. 100-106

15. Журавлев А.Ф. Восточнославянская лексика и фразеология в этнолингвистическом аспекте. Дисс. …канд.филол.наук. - М., 1982-194 с.

16. Рубрук Г. Путешествие в восточные страны// Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Рубрука. –М., 1957

17. Жылқыбаева А.Ш. Салт-дәстүрдің тілдегі көрінісі. - Өскемен, 2004. – 84 б.

18. Абрамзон С.М. Киргизы и их этногенетические и историко – культурные связи. – Л.: Наука, Ленинградское отделение, 1971. – 403 с.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008


 © 2023 - Вестник КАСУ