Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2007

Автор: Оракбаева М.К.

Темперамент – ғалымдарды ежелгі кезден-ақ қызықтырған мәселелердің бірі. Оған деген қызығушылықтың төркіні - адамдардың мінез-құлқын сырттай бақылай отырып, олардың әрқайсысына тән өзіндік дара болмысы, ерекшеліктері бар екенін байқаған. Әр адамның жан дүниесі өз алдына бір болмыс. Оның қайталанбастығы, бір жағынан, адам тәнінің биологиялық және физиологиялық құрылымы мен дамуына байланысты болса, екіншіден - әлеуметтік ерекше байланыстар мен қатынастарға негіз бола алуында. Темперамент адамның биологиялық сипатынан көрінеді. Адамдар арасындағы көптеген психикалық айырмашылықтар: эмоция тереңдігі, қарқындылығы, тұрақтылығы, ауыспалы-қозғалғыштығы – бәрі осы темперамент табиғатымен түсіндіріледі. Дегенмен, осы күнге дейін темперамент мәселесінің шешілмеген, талас-тартысты қырлары баршылық. Бірақ мәселеге байланысты көзқарастардың көптігіне қарамай, ғалымдардың бәрінің мойындайтыны: темперамент - жеке адамның әлеуметтік тұлға ретінде қалыптасуының биологиялық, яғни табиғи іргетасы. Темперамент көбіне адамға тума берілген әрекет-қылығының ұдайы қозға-лыстағы сипатын бейнелейді. Сондықтан, темпераменттік қасиеттер басқа психи-калық құбылыстарға қарағанда тұрақтанған, өзгеріске келе бермейді. Назар аударарлықтай ерекшелік, темпераменттің әрқилы қасиеттері бір-бірімен кездейсоқ қосылмай, зандылықтар негізінде түрлі темпераменттің белгілі құрылымын түзеді.

Сонымен, темперамент - әр адамның психологиялық қызметінің қозғалысын (психологиялық динамикасын), немесе мінез-құлќын сипаттайтын ерекшелік.

Бұл психикалық ерекшеліктер адам-ның барша іс-әрекетінде оның мазмұны, мақсаты және себеп түрткілеріне тәуелсіз бірқалыпты көрінеді, есейген шақта да өзгеріске түспей, өзара байланыста темперамент кейпін өрнектейді.

Темперамент түрлерінің жақсы не жаманы болмайды. Олардың әрқайсысы өзінің ұнамды қасиеттеріне ие, сондықтан басты назар темпераментті реттеп, түзетуге қаратылмай, нақты іс-әрекетте оның тиімді жақтарын саналы әрі өз орнымен пайдаланудың жолдарын табуға бағытталғаны жөн. Адам ежелден-ақ әрқилы тұлғалардың психикалық бітістерін айыра танумен, олардың барлығын жалпыланған аз санды саналық бейнелер тобына біріктіруге тырысқан. Мұндай жалпыланған бейнелер бірігімін психология тарихында алғашқыдан темперамент типтері деп атаған. Темпе-раменттердің бұл бірігімдік (тилологиялық) жүйесі өмірлік іс-әрекет тұрғысынан өте тиімді, себебі оны пайдалана отырып, нақты тұрмыстық жағдайларда белгілі темперамент типіне жататын адамның болашақ әрекет-қылығын күні ілгері пайымдауға әбден болады.

Негізінен темпераменттер туралы ілім көне Қытаи (б.э.д. VIII ғ.) емшілерінен бастау алады екен. Адамдардың арасындағы өзіндік ерекшеліктерді олар стихиялы-материалистік тұрғыда түсін-дірген. Яғни, адами ерекшеліктер айырмашылығы денедегі элементтерге байланысты дейді. Қытай және үнді емшілері темпераментке үш элементті: 1] ауамен тыныстауды [ЦИ], өтті (немесе қанды және сөлді негіз етіп алды. Осы үш элементтің біреуінің басым түсуіне байланысты адамдардың мінез ерек-шеліктерін үш түрге бөледі. Айталық, өт [қаны] басым адамдар жолбарыс сиякты күшті әрі батыл, «циі» басымдар маймыл тәрізді ұшып-қонған тынымсыз: сілекейі көптер жайбасар, шабандау қимылдайтын болып келеді.

Ал грек медиктері бұл «құбылысқа» cәл басқашалау қараған. Төрт темперамент туралы ілімді алғаш дамытқан грек ойшылдарының бірі — Эмпедокл (б. э. д) 490— 430 ж. төрт элементтің тең болуы немесе бірінің басым түсуі әр адамның ақыл-ой қабілетіне және мінез ерекшелігіне тікелей әсер етеді. Яғни, ақылды немесе кеще болу тек солардың тұтасуына, қарекетіне тәуелді деп түсіндірді.

Біздің дәуірімізге дейінгі 460—377 жылдар шамасында өмір сүрген Гиппократтың мектебі өмірді өзгермелі үрдіс ретінде қарастырды. Заттардың алуан түрлілігіне сүйенетін бірегей стихия туралы ілімді төрт сұйық (қан, сөл, сары өт және қара өт) туралы ілім алмастырды. Гиппократтың пайымдауынша «дененің табиғаты да осылардан құралған осылар арқылы ғана ауырады, осылар арқылы ғана айығады. Күші мен саны жағынан алғанда олардың тұтасу тепе-теңдігі сақталған жағдайда және олар жақсырақ араласа түскен кезде ғана дене сау-сергек бола түседі». Жұртшылыќқа әйгілі Гиппократ типтерді дұрыс сипаттағанымен, оларды ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, дәлелдей алмады.

Жеке адамның өскелең белсенділігі оның табиғи және әлеуметтік ортамен байланысының сипатын зерттеуге мәжбүр етті. Осы байланыс қазіргі кездің ең басты теориялық тақырыптарына айналып отыр ғой. «Ауа, су және мекенжер туралы кітабында кейбір азиялық халықтардың өмір салтын алға тарта отырып, Гиппократ әдет – ғұрып, яғни адамдық болмыс ағзаның табиғатын өзгерте алатынын дәлелдеп шықты. Мұның өзі адам бойындағы әлеуметтік және биологиялық сәйкестілік туралы мәселені талқылауға ұмтылған алғашқы талпыныс еді.

Көне грек медиктерінің ой – пейілі адамды танып – білуге құштар болғанымен бәрібір психикалық қызметтердің орындалуы үшін аса қажетті органдар құрылымымен тап баса алмады. Ықылым заманнан бері Шығыста да, Грецияда да «жүрек әмірі», «ми әмірі» деген екі теория тайталасып келеді.

Көптеген қадағалаулар мен хирургиялық операциялардың барысында көне грек емшісі Алкмеон [б.д.д. VI ғасыр] «ми дегеніміз жан – сезімнің органы» деген ой түйді. Мидың құрылымын сезінудің кейін сезімдік деректерді жинақтаудың нәтижесінде мидың өнімі іспеттес психика туралы ілім пайда болды. Алкмеонның ізімен Гиппократ та миды психиканың органы ретінде уағыздап, ол –үлкен темір сияқты деп түсіндірді. Бұл ұғым медицинадан философияға көшіп барды. Сөйтсе тұра, Алкмеонның ми – психиканың органы деген жаңалығын көптеген ғасырлар бойы жәй болжам ретінде бағалап келді. Солтүстік Грециядағы емшілік мектептен дәріс алған Аристотельдің өзі «жүрек әмірі» атты қағидаға жүгінеді. Сөйтіп, өзінен кейінгі, тіпті XXI ғасырға дейінгі физиологтарға бағдар болып келген «жалпы сезімталдық» деген түсінікті қалыптастырады... Александриялық емшілердің және одан кейінгі медицинаның тәжірибелеріне сүйене отырып, Ежелгі Римнің ойшылы Гален (б.д.д. I ғасыры) философияның, биологиялық және медицинаның жетістіктерін ұсынықты ұштастырып бір арнаға бұра білді. Ол кезде адам денесін анатомиялауға тыйым салынған болатын. Тек маймыл мен сүт қоректілер арқылы органдардың құрылымы мен қызметі зерттеледі. Гладиаторлардың хирургы болған соң Гален өзінің анатомиялық білімін жетілдіру мүмкіндігінен айырыла қойған жоқ. Ол жан – сезімнің органдары – ми, жүрек және бауыр деп есептеді. Рим дәрігері Гален (129—199) темпераменттің санын он үшке жеткізді. Оның пікірінше, организмде жылылық неғұрлым басым болса. адамның темпераменті күшті болатынын, денесі салқын болса темпераменті баяулайтынын айтты. Бұл секілді түсініктердің прогрессивтік маңызы зор, өйткені адамның тәнін зерттеу, тәжірибеге көңіл аудара бастау сол кезде кең жайылған, жан тәнге байланыссыз нәрсе дейтін теріс пікірге берілген үлкен соққы еді.

Олардың әрқайсысы Платон (б.д.д. IV ғасыр) ұсынған жан – сезім бөлігіне сәйкес түрліше психикалық қызметке ие болатын еді: айталық, бауыр – құштарлықты, жүрек – ашу мен батылдықты, миақылды тұтады. Темпераменттің физиологиялық негіздері туралы ілімнің медици-налық практика аясындағы психологиялық типологиядан өрбіп шыққандығына шүбә жоқ. Түрлерді бейнелейтін элементтерге қатысты тізбектерді түсіну үшін аса бас ауыртудың қажеті жоқ, өйткені ол деректердің жиынтығы емес, тайға таңба басқандай белгілі төрт «түбір» туралы ілім ғана. Тек Демокрит сананы психологиялық талдау жасаудың нәтижесінде төрт дәмдік қасиеттерді — тәттілікті, кермектікті, қыш-қылдықты және ащылықты ажырата білді. Бұл жаңалықты екі мың жылдан соң эксперименталды психология ғылымы да растап отыр.

Ежелгі психология тындырған маңызды шаруалардың бірі — темпераменттер туралы ілімді аяғынан қаз бастыру еді. Тіпті, әлі күнге дейін осы ілімнің «холерик», «флегматик», «мелан-холик», «сангвиник» атты түсінік-атаулары тілімізде өзгеріссіз қолданылып келеді. Әрине, Гиппократ пен Галеннің іліміндегі осы түрлердің сипаттамасы қаз-қалпында қалды дей алмаймыз. Қазіргі зерттеушілер нақты психологиялық және физиологиялық ізденістер аясында көне ілімнің тек жалпылама принциптерін ғана пайдаланып жүр. Адамдардың арасындағы жекелеген ерекшеліктер немесе негізгі түрлер ұштаса келіп, дене бітімінің кейбір өзгешеліктерін құрауға ықпал етеді деген идея әлі күнге дейін дифференциалды психофизио-логияның басшылыққа алар қағидасы екенін мысал етуге болады.

Бір ғажабы, ежелгі дәуірде ғылыми психофизиологиялық ойлаудың негізгі категориялары қалыптаса қоймағанымен, қазіргі жоғары жүйке қызметінің түрлері теориясына жүк болып жүрген мәселелерді көтере білген.

Көне дәуірдегі психофизиологиялық ұғымдардың дамуы Гален ұсынған жүйемен ғана шектеліп қалады. Содан бір жарым ғасыр өткенде барып, Әбу әли Ибн Сина (980—1037) Галеннің психо–физиологиялық іліміне ден қоя бастайды. Ол екі психологияны пайдалана отырып, жан-сезімі туралы екі ілім жасайды. Әсіресе, «Канон» атты еңбегінде дәрігердің көзқарасын бейнелейтін ілімді өрбіте келе, көптеген адами құбылыстарды мате-риалистік тұрғыдан бағалайды; психиканың бүтіндей миға тәуелді екенін мәлімдейді. Уайым-қайғының денсаулыққа тигізер әсерін зерттеу тәсілі де оның жаңашылдығы еді. Ол бір жас жігіттің арықтап кетуінің жан-сезімдік себебін қалай анықтағанын әңгімелейді: оған бірнеше сөз айтып, қайсысы ауруын меңдете түсетіндігін тамырын басу арқылы біліп алған. Сөз жоқ, тап осының өзі психофизиологиялық днагностика сала-сында алғашқы қадам болуы мүмкін.

Психофизиологиялық әсерге (эмоцияға) тікелей қатысы мынадай бір тәжірибені де Ибн Синаның атына таңып жүрміз: екі тоқтыға бірден мөлшерде азық береді. Тек біреуін еркін, оңаша жағдайда бағады да, ал екіншісінің маңайына қас-қырды әкеп, байлап қояды. Сонда, соңғысы ішіп-жемі жеткілікті болғанына қарамастан, күннен - күнге арықтап, ақырында, өліп қалыпты. Тәжірибе арқылы қарамақарсы сезімдік жағдайдың «орға жығарлық» ролін жете ұғынуға мүмкіндік туды. Сөйтіп, емшілік ғылымының атасы атанған Әбу әли Ибн Сина экспе-рименталды психофизиологияның да негізін қалады.

Орта ғасырдағы ғалымдар темпе-раментті организмдегі химиялық заттардың құрамына байланысты түсіндіруге тырыс-ты. Кейіннен темперамент организмнің түрліше физиологиялық өзгешеліктеріне, яғни, қан жолы жүйесінің құрылысына, зат алмасуға, ішкі секреция бездеріне т.б. байланысты деген пікірлер де тарады. Неміс философы Иммануил Кант (1724-1804) өзінің «Антропология» деген еңбегінде темпераменттің төрт түрі туралы толық психологиялық сипаттама ұсынды. Ол сангвиникпен пен меланхолик өміріндегі барлық маңызды жағдайларды эмоционалды уайымдайды, ал холерик ашуланшақтық, белсенділік танытса, флегматикті өмірге аса бейімделген адамдар деп санады.

Ал А.В. Вундт темпераменттің әрбір түрін эмоционалдық әрекетіне және олардың тұрақтылық деңгейіне байла-нысты бейнеледі (Сурет 1).

Шындығында темперамент тек эмоциялық жағдайлардан ғана байқа-лмайды, ол ақыл-ой және ерік процес-терінен де көрініп жатады.

19 ғасырдың аяғында темперамент туралы теориялардың дамуы жаңа бағыт алды. Неміс анатомы Гейне темпе-раменттердің түрліше болуы жүйке жүйесінің тонусына байланысты десе, орыс антропологы Н.Л. Зеланд (1833-1902) ми қабықшасындаєы молекулярлық қозға-лыстың жылдамдығы мен біркелкілігіне байланысты деді. Көрнекті орыс педагогы П.Ф. Лесгафт (1837-І909) темпераменттерді қан сауыттарының жуандығы мен кеңдігіне байланысты деп тұжырымдады.

Ерте кезден бастап зерттеушілер адамдардың мінез-құлықтарын, күйзе-лістерін бақылай келе, адамдардың дене бітімі және физиологиялық қызметінің ерекшеліктерімен сай келетіндігін байқаған.

Демек, жеке физикалық немесе психикалық қассиеттері бойынша өзара ұқсас көп түрлі әрекет-қылықтарды топтап, ретке келтірудің нәтижесінде темпе-раменттің көп түрлі типологиясы қалыптасты.

Клиникалық жағдайларында әртүрлі дене құрлымды адамдардың мінез-құлқын бақылау жағдайларында Э. Кречмер темпераменттің негізгі мазмұнын құрайтын психикалық қасиеттердің негізгі топтарын ұсынды. Бұл біріншіден, психастезия (психикалық тітіркендіргіштерге қатынасы аса жоғары немесе төменгі сезімталдылық), екіншіден, көңіл-күй фоны (көңілкөтеруге немесе қайғыруға бейім), үшіншіден, психикалық қарқын (психикалық үрдістердің тежелуі немесе тездететуі), төртіншіден, жалпы қозғалыс қарқыны немесе психомоторлық сфера (қозғалыс траекториясының қозғалмалылығы немесе тежелуі).

Әр адам өз дене құрылымына орай өзіндік психикалық ерекшеліктері бар және дене мүшелерінің (қол, аяқ, бас, кеуде т.б.) сырттай өлшемдеріне байланысты төрт конституционалды психикалық типтерді ұсынды:

1) Лептосоматик - (грек – нәзік дене). Дене құрылымы нәзік, бойы ұзын, кеудесі тегіс, бет әлпеті сопақ. Иықтары кішкентай, қол-аяқтары жіңішке ұзын.

2) Пикник – (грек – толық, нығыз). Майлы тканді, бойы орташа немесе қысқа, денесі жалпақ, қампиған қарын, қысқа мойын, басы дөңгелек және быртиған саусақтары бар.

3) Атлетик – (грек – күрес). Бұлшық еті жақсы жетілген, денелері мығым, бойы орташа немесе ұзын, иықтары кең, бет сүйектері шығыңқы.

4) Диспластик – (грек – нашар қалыптасқан). Дене бітімінде нақты форма жоқ, бұл типтегі индивидтер дене құрылымының әртүрлі деформациясымен сипатталады [2].

Аталған типтердің ішінде лепто-соматиктер мен пикниктер психикалық ауруларға бейім екендігі анықталды. Шизофрениямен ауыратындардың көп-шілігі лептосоматиктер құрайды. Пикниктер маниакальді-депрессивті психозбен ауыруға, ал атлетиктер эпилепсия ауруына бейім келеді. Сонымен конституционалдық типологияның ірге тасын қалаған неміс психиатры Э. Кречмер адамның дене бітімі мен психикалық аурулар арасындағы байланыстың бар екенін көптеген клиникалық бақылау нәтижелері дәлелдей түсті. Дене құры-лымының типі мен психикалық аурулар арасындағы байланысты Кречмер былайша түсіндіреді: дене құрылымының типі сияқты темпераменттің де себебі бар. Олар қанның химиялық құрамына байланысты және гормональді жүйенің белгілі ерекшеліктеріне тәуелді.

Кречмер дене бітімінің аталған типтеріне сәйкес темпераменттің 3 типін ажыратады:

1) Шизотимик – дене құрылымы лептосоматикалық немесе астеникалық. Психикасы бұзылғанда шизофренияға бейім болып келеді. Тұйық, тік мінезді, көзқарасын өзгертпейді. қоршаған ортаға қиындықпен бейімделеді.

2) Циклотимик – дене құрылымы пикниктік. Психикасы бұзылғанда маниакальді – депрессивті психозға бейім. Шизотимикке қарсы тип. Қоршаған адамдармен қарым-қатынасы тез түседі.

3) Иксотимик – дене бітімі атлеттік. Психикалық ауытқуларда эпилепсияға бейім. Салмақты, мимикасы мен жестері ұстамды. Ойлау икемділігі жоғары емес, белгілі жағдайларда орнын өзгерткенді ұнатпайды, қайта қоныстанғанда және ауысқанда қиыншылықпен бейімделеді.

Э. Кречмер конституциялық типо-логия теориясы Батыс Европада кең қолдауын тапты. Ал осы теорияны өзіндік ерекшеліктерімен осы ғасырдың 40-жыл-дарында АҚШ-та одан әрі жалғастырған У. Шелдон болды. Шелдон колледжде оқитын 4000 жуық студенттердің фотосуреттерін визуалды зерттеуде күрделі антро-поскопиялық әдісті қолданды [3].

У. Шелдон сыртқы белгілер мен мінез-құлық сиаптамалардың арасында корреляциондық анализ жүргізіп, жеке тұлғаның 3 типін ұсынды:

1) Эндоморфты тип- қарны қампиған, майлы тканьдері көп, қарым-қатынаста ашық. Өзінің сезімдерін еркін бейнелейді.

2) Мезоморфты тип – бұлшықет жүйесі жақсы дамыған. Денесі түзу және нығыз. Сезім және ойларында тұйықтық, тынымсыз ке»де агрессивті мінез-құлық байқалады.

3) Эктоморфты тип - арық, ішкі мүшелері әлсіз дамыған. Қол-аяқтары ұзын, жіңішке, бұлшық еттері әлсіз. Мұндай адам тұйық,интровертті және өмірдің қиын жағдайларында жалғыз болуды қалайды.

У. Шелдон құрған типология, конституционалдық типологиялардың арасында негізделген және статистикалық дәледенген болып саналады. Бұл теориялардын көпшілігінде ғалымдар тұлғаның психикалық қасиеттерінің қалыптасуында қоршаған орта мен әлеуметтік жағдайлардың ескерілмей қалғанын өткір сынға алды.

Белгілі поляк ғалымы Ян Стреляу адамның дене құрлымы ерекшеліктерінің темпераментпен байланысын зерттеуді шектемеуді ұсынды, адамның өмірлік жағдайларға және қызметіне бей-імделуіндегі темпераменттің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын қарастыру керек деп тұжырымдаған. Оның пікірінше, индивидтің өсуі кезінде және ерекше орта жағдайлардың әсер етуінен темперамент белгілі бір өзгерістерге ұшырауы мүмкін деген [4].

Ресей елінде 50 жылдардың басында адамның психофизиологиялық ерек-шеліктерін диагностикалық зерттеу бағыты аса қарқындылықпен дами бастады. Темпе-раменттердің физиологиялық негіздерін ғылыми түрғыдан түсіндірген академик И.П. Павлов болды. И.П. Павлов негіздеген типология темперамент психологиясы саласындағы көптеген лабораториялық зерттеулерге бастама берді.

И.П. Павловтың идеяларын оның шәкірттері В.М. Теплов, В.Д. Небылицын одан ары өрбітіп,адамның жүйке жүйесінің қасиеттерін зерттеудің көптеген әдіс-тәсілдерін ұсынды.

Қазіргі кезде ғалымдар ізденістер нәтижесінде темперамент тиологиясын жаңа мәліметтермен толықтыруда. В.С. Мерлин мектебінде темпераменттің негізгі 9 параметрлерін бөліп көрсетті: 1) эмоционалдық қозғыштық; 2) зейіннің қозғыштығы; 3) эмоцияның күші; 4) мазасыздық; 5) еріксіз қозғалыстардың реактивтілігі; 6) мақсатты бағытталған әрекеттің белсенділігі; 7) пластикалық- ригидтілік; 8) қарсылық; 9) субъективация. Алайда барлық ұсынылған сипаттамаларды темпераментке жатқыза алмаймыз, мысалы, зейіннің қозғыштығы таным үрдістерін сипаттайды, ал еріктің бел-сенділігі және субъективация мінездің қасиеттеріне жатқызамыз (4).

В.М. Русаловтың ойынша темпераментті адамның сөйлеу мінез-құлқына, яғни, адамның дауыс ырғағына, сөйлеу қарқындылығына, грамматикалық қате-лердің болуына, жауаптардың жыл-дамдығына, пікірлердің ұзақтылығына, адамдармен әңгімелесу әрекеттеріне байланысты анықтауға болады деген. Жалпы алғанда, әрбір адам белгілі типті жүйке жүйесіне ие өмірде қайөқай темпераментте таза күйінде сирек ұшырасады. Көп жағдайда бір адамның бойында бір темпераменттің белгілері басымдау болғанымен, басқа темпе-раменттің нышандары да кейде қылаң беріп қалуы мүмкін. Темперамент арқылы адамның көзқарасын, таным-түсінігін, наным-сенімін анықтау мүмкін емес. Темперамент тек адамның жеке басының динамикасын ғана сипаттайды

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Либин А.В. Дифференциальная психология. - М.: Смысл, 1999. -534 с.

2. Кречмер Э. Строение тела и характер //Психология индивидуальных различий. Тексты. - М., 1982. - С. 219-247.

3. Шелдон У. Анализ конституциональных различий по биографическим данным //Психология индивидуальных различий. Тексты. - М., 1982. - С. 252-261.

4. Нартова-Бочавер С.К. Диффе-ренциальная психология: Учебное пособие /С.К. Нартова-Бочавер. - М.: Флинта, Московский психолого – социальный институт, 2006. - 280 с.

5. Ильин Е. П. Психология индивидуальных различий / Е.П. Ильин. – СПб.: Питер, 2004. – 701 с.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2007


 © 2017 - Вестник КАСУ