Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ОҚЫТУ ПРОЦЕСІНДЕГІ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ ІС-ƏРЕКЕТІН ДАМЫТУ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2007

Автор: Базарова Т.М.

Жас және педагогикалық психо-логияда бастауыш мектеп жасының өзіндік орны бар. Бұл жаста оқу іс-әрекетін меңгереді, психикалық функцияның ерік-тілігі құрылады, рефлексия туындайды, өзін-өзі бақылауы ерекшеленеді, ал әрекет ішкі жоспарға арақатынаста болуды бастайды.

Бастауыш сынып оқушыларының іс-әрекеттерін дамыту арқылы оқыту процесін түсіндіреміз. Бастауыш мектептің оқу жұмысының әр саласына бейімделу балада бірден қалыптаспайды, оған біраз мерзім үйренуі керек. Оқу бала танымына көптеген қиындықтарды келтірген соң, балалардың кейбіреулерінің оқуға ынтасы болмайды. Оларды оқуға үгіттеу арқылы тарту қиын. Сондықтан оқуға деген ынтасын тудыру үшін психологиялық тренингтер, тесттер, сауалнама, әдіс-темелер пайдаланған жөн. Балаға берілетін жаңа білім жас ерекшелігіне сай болуы керек.

Г.С. Абрамов жастың өсуіне байланысты жаңа психикалық білімдердің қалыптасуын былай сатылап көрсетті:

0-1 жаста қасақана істелген әрекет, еліктеу.

1-3 жаста заттық әрекеттерді меңгеру, белсенді тір, өзіндік сана сезім.

3-6 жаста символдарды қолдану, талдап қорыту нормаларынан хабардар ету, бірлескен мотивтер, шартты – диалогтық бағыт.

6-10 жаста өз еркімен сыртқы әрекетін жоспарлау, рефлексия (іштей өзіне-өзі сынмен қарау).

11-15 жаста өзін ересек сезіну «достық кодексі» дағдылану, интел-лектуалдық нормалардың әлеуметтік және жасөспірімділігінен хабардар ету.

15-18 жаста өзіндік сана-сезім, өмірлік жоспарлары, дүниетанымы қалыптасады.

Осы даму ерекшеліктерінің өзі бір-бірімен тығыз байланысты, бірінсіз-бірі өтпейді және ең маңыздысы мынау деп бөліп қарауға болмайды. Егер мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі әрекеті ойын болып келсе, оқуға кіргеннен кейін оқу іс-әрекеті шешуші рольді атқарады. Осыған орай баланың психикалық дамуы үлкен өзгерістерге ұшырайды. Себебі ойынға қарағанда оқу талабы бала үшін қиын. Сонымен қатар жаңа ортаға үйреніп, мұғаліммен, құрбыларымен қарым-қатынас жасауына психологиялық көмек қажет. Баланың танымдық іс-әрекетіне әсер ету арқылы оқытудың қиыншылықтарын жеңуге мүмкіндік жасаймыз.

Әрі ұстаз, әрі ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, балалардың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білуге керек», - деген психологиялық мәні бар ой-тұжырымында мұғалім оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін есепке алу қажеттігін ескерте отырып, жеке тұлғаның өзіндік табиғатына көңіл аударып оқытудың ғылыми негізін айқындап берген болатын.

М. Жұмабаевтың: «...Бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті. Тегінде берік ұғу керек, адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол жан. Жанды дұрыс тәрбие қылу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек. жанды ешкім көрмесе де жанның барлығына дауа жоқ», - деген тұжырым жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыта оқыту мәселесінің психологиялық терең мәні бар түпкі мақсатын көрсетеді. Оның «адамның қымбат та, жұмбақ та нәрсесі» деп отырғаны – жеке тұлғаның ішкі рухани дүниесі екенін білеміз. Осы рухани дүниені байыту оның жеке тұлға ретінде жан-жақты жетілунің алғы шарты болып табылады.

Түйсік жөнінде Ш. Құдайбердиев:

«Тән, сезім, құлақ естіп, көз көрмек,

Мұрын – иіс, тіл – дәмнен хабар бермек.

Бесеуін мидағы ой хабар алып,

Жақсы-жаман әр істі сол тексемек», - дейді.

Бірақ түйсіну жекелеген сезім мүшелерінің қызметі арқылы іске асатын болғандықтан, әсер еткен тітіркендіргіштің мазмұны жөнінде бала ештеңе білмейді. Сол себепті сабақта берілетін мағлұматтар тек қабылдауға жеткенде ғана, әсер еткен тітіркендіргіштің қасиеті санада тұтастай, толық бейнеленеді. Сондықтан оқушы-лардың берілген материалдарды дұрыс қабылдауы үшін баланың сезім мүшелерінің бәрін (иіс, дәм, есту, көру, сипап сезу) әрекетке түсіру қажет.

Бастауыш сынып оқушыларының ой-өрісінің дамуы оны қоршаған заттар мен құбылыстарды қабылдауынан басталады. Белгілі педагог В.А. Сухомлинский: «...Түйсік пен қабылдау неғұрлым нәзік болған сайын адамның рухани мәдениетін сипаттайтын эмоциялық диапазоны кеңейте түспек», - дейді.

Жеке тұлғаның түйсігіне жетіп, қабылданған нәрселер кейде естерінде өз-өзінен қалады, кейбірі қайта жаңғырығады, қажетсіздері ұмытылып қалады.

Есте сақтау тәжірибе жинақтап, оны байытуға ғана емес, адамның ақыл-ой қызметін жақсартып, рухани дамуы үшін аса қажет. Себебі есте сақтау қызметінсіз адам ойлай, талдай және жинақтап қорыта алмайды. Сол сияқты есте сақтаусыз елестете алу да мүмкін емес, қиялдай білу мен шығармашылық та дамымайды. Белгілі психолог А.А. Любинская «Бастауыш мектеп оқушысының психологиясы жөнінде» деген еңбегінде есте сақтаудың мынадай түрлерін көрсетеді: 1) моторлы немесе қозғалмалы түрде есте сақтау, 2) бейнелі түрде есте сақтау, 3) эмоциялық түрде есте сақтау, 4) сөзді мағынасын ұғынып есте сақтау.

Арнайы қайта жаңғырту, әдейілеп еске түсіру, бұл – ойлаумен тығыз байланысты, өте белсенді үрдіс.

Л.Ф. Фридманның тұжырымы бойынша, ойлау – адам танымының жоғарғы формасы болып табылады. Ол дүниені әр қырынан тануға, мәселені терең түсінуге мүмкіндік береді. Бастауыш сынып жасындағы баланың ойлауы көрнекі, нақты-образдық, сондай-ақ абстракты-логикалық түрде болатыны психологтардың зерттеулерінен белгілі. Ойлау процесі жұмбақ нәрсеге кездескенде басталады. Ендеше, өзін-өзі тану жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыта оқытуда қойылатын сұрақ оқушыны жұмбақ міндеттерді шешуге, проблемалық ситуациялардан жол табуға ықпал ететіндей, оқушыны ойлауға мәжбүр-лейтіндей болады. Егер, жаңа, ерекше құбылыс адамды селт еткізбесе, толқытпаса, бейжай қалдырса, ойлау тумайды. Яғни, сұрақ қойылған сәтте оқушыда жұмбаққа жауап табуға, түсінуге қажеттілік туатындай жағдай жасалуы тиіс.

Мысалы, жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыта оқытуға арналған бағдарламада мынадай сұрақтар топтамасы жасалды:

- Өзіңде барды ең алдымен кіммен бөлісер едің?

- Досыңның қандай болғанын қалайсың?

- Мұғалімге сырыңды айтқың келе ме?

- Ініңе, қарындасыңа қандай ақыл айтар едің?

- Партада жалғыз отырғанды қалайсың ба?

Осындай сұрақтарға жауап беру барысында салыстыру, нақтылау, жал-пылау, дерексіздендіру, талдау-жинақтау, жіктеу операциялары іске асырылады.

Міне, осындай әрекет нәтижесінде оқушының сезімі оянады, шығармашылық жұмысқа ынтасы артады.

А.А. Любинская ойлаудың екі түрін атап көрсетеді:

- Практикалық ойлау;

- Логикалық ойлау.

Практикалық ойлаудың маңы-здылығы бала өзіне әсер еткен заттар мен құбылыстардың арасындағы ішкі байла-ныстарды анықтайтындығында.

Логикалық ойлаудың жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыта оқытуда алатын орны ерекше. Оның практикалық ойлаудан ерекшелігі сол – сөз арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен педагогикалық-психологиялық іргелі зерттеулерге сүйен-сек (Д.Б. Эльконин, Л.С. Выготский, И. Божович, Н.А. Менчинская, М.Н. Шардаков, Н.В. Гродская, А.А. Любинская) бала дамудың алғашқы сатыларында сезімдік тәжірибе жинақтай отырып, біршама нақты тапсырмаларды практи-калық жолмен шешуге үйренеді. Сол сияқты сөзді меңгере отырып, ойлауға біршама машықтанады. Яғни өзі сұрақ қоюға, пікір айтуға, тұжырым жасауға, дәлелдеуге, түсіндіруге талпыныстар жасайды.

Бұдан жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыта оқытуда салыс-тыруға ұсынылатын құбылыстар мазмұ-нының маңызына мән беру қажеттігін байқауға болады.

«Оқу процесін басқару оқушының ішкі күштері мен мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жүргізуді қажет етеді», - деген Л.М. Фридманның пікірі де жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыта оқытуды педагогика мен психология заңдылық-тарымен қатар негіздеуді талап етеді. өйткені оқушылардың білімге деген ынта-ықыласын, зейінін жетілдіріп тәрбиелеу үшін әр оқушының жоғарыда айтылғандай, психологиялық ерекшелігін білу қажет.

Жеке тұлғаның рухани-адамгер-шілігін дамыта оқыту процесінде пайда-ланылатын сұрақ-тапсырмалар баланың психологиялық ерекшеліктері мен олардың таным деңгейіне сәйкестендірілсе, оның сезімін оятып, пәнге қызығушылығын күшейте түседі. Ойға күш түсіретін пролемалық сұрақтар оқушының эмо-циялық көңіл-күйіне әсер етеді. Сөйтіп, оқушы зейінін тез аударумен бірге баланың ынтасын, ерік-жігерін бір бағытқа жұмылдырады.

Бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың оқуға недәуір мүмкіншілігі бар, себебі олардың интеллектісі қарапайым ой операциясы дәрежесінде кездеседі дейтін Ж. Пиаженің пікірі дұрыс болғанымен, қазір мәдени тарихи теорияны жақтаушылардың (Л.С. Выготский) пікірі бойынша оқымай келген бала оқуға кірген соң ойы мен интеллектісі үлкен өзгеріске ұшырайды: бала қарапайым, яғни табиғи ойдан мәдени ұғым арқылы ойлауға көшеді деген пікір басшылыққа алынады.

Бастауыш мектеп оқушыларының бірте-бірте ой өрісінің қалыптасуымен заттарды тиісті ұғымдарға жатқыза білу қабілеті құрбылары арасында ойын дәлелдеуге үйретеді. Ол не болса соған көнбейді, өзгелерден дәлел келтіруді талап етеді. Ол үшін бала тиісті жүйелерге, логикалық негіздерге сүйенеді. Сонымен қатар өзінің пікіріне не ісіне талдау жасап сын көзбен қарайды. Әркімнің өз пікіріне, не ісіне талдау жасап сын көзбен қарауды рефлексияның қарапайым түрі деп атауға болмайды.

Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу материалын жүйелі және мәніне қарай ұғынуында салыстыру ой операциясы негізгі рольді атқарады. Салыстыру бір нәрсенің өзге нәрседен айырмашылығын немесе екеуінің де ұқсас жақтарын айыру болғандықтан, ой процестерінің ерекше түрі болып саналады. Оқу мазмұнын салыстыруда ой операциясының бірнеше түрлері кездеседі. Сондықтан оны баланың оқуға деген ынтасын арттыру үшін пайдаланамыз.

Оқыту мен тәрбиенің негізгілерінің бірі ретінде баланың идеяларын қолдау арқылы оның барлық кезде міндетті түрде өзімен-өзін салыстырып отыру қажет. Мысалы: «Маратқа қара, ол тапсырманы қалай шешеді, немесе ол қалай жақсы оқиды», - деп айтпайды. «Кешегіге қарағанда бүгін сен тапсырманы жақсы орындадың», «сенің қабілетің жетеді» тағы басқа осындай мақтауларды пайдаланады. Бұл оқушының ішкі танымдық іс-әрекеттері мен сыртқы даулы жағдайды шешуге көмектесетін оқу-тәрбие принципі. Оқыту процесінде өзіне мақсат қойып, оны орындауға тырысады.

Жоғарыда атап өткендей, оқыту процесі екі жақты әрекет болғандықтан оқытушы психикалық ерекшеліктердің барлығын ескере отырып дұрыс бағалауы керек.

Н.Ф. Талызина: «Бастауыш мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекетін қалыптастыру» атты еңбегінде екі тәжі-рибелі мұғалім бала жауабын екі түрлі бағалауы мүмкін деп көрсеткен. Оған мысал ретінде Мәскеу бастауыш мектептерінің бірінде математика саба-ғында жүргізген тәжірибесінде оқушы үшбұрыштың перпендикуляр қабырғалары тең болатынын теория жүзінде айтып бергенде мұғалім жауапты «беске» бағалады. Бірақ оқушыдан үшбұрышты сызып, бұрыштарын латын алфавитімен белгілеп, дәлелдеп беруін сұрағанда тапсырманы орындай алмады.

Бұдан шығатын қорытынды оқушы теорияны түсінбей жаттанды түрде оқыған, сондықтан балада білімнің ешқандай негізі қаланбайды. Ол үшін берілетін білім танымдық іс-әрекет процесі негізінде жүзеге асуы керек.

Кеңес педагогы П.П. Блонский: «Егер екі мұғалімнің пәндерінен білімдері, әдістемелері, тәсілдерді қолдануы бірдей болса, онда жақсы мұғалім мен нашар мұғалімнің айырмашылықтары неде?» деген сұраққа былай деп жауап берді: «Жақсы мұғалім үшін барлық оқушылар әр түрлі, бірдейі жоқ, ал нашар мұғалім үшін барлық оқушылар бірдей». Мұғалімді тәрбиелей келе П.П. Блонский: «оқушының әрқайсысының жеке ерекшеліктерін көруге үйрету керек», - дейді.

Мұғалімнің оқушы туралы не білетіндігі оның жақсы және жаман жақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Көп зерттеушілерде біріншіден, жеке жұмысты әлсіз жағынан бастаған тиімді деп тоқталған.

Оқыту процесін жаңаша әдіс-тәсілмен жүргізуде П.Я. Гальперин және оның ғылыми қызметкерлері жүргізген зерттеудің ерекше мәні бар. Бұл идеяларды іс жүзіне асырудың қағидалары мен әдіс-тәсілдерін ұсынады. Осыған байланысты еліміздегі психологтар оқушылардың жеке пәндері бойынша оқу материалдарын меңгеру бес түрлі сатыдан тұрады деді, олар:

1 Бағдарлау; 2 Материалданған әрекет; 3 Тиісті оқу материалдарын дауыстап айтып, сөзбен құбылтып түсіндіру; 4 Ой тәсілінің қысқартылуы; 5 Тапсырманы іштей ойланып, үндемей орындау.

Берілген сатыларды бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқыту бағдарламасына енгізу өте қолайлы, яғни психологиялық сипаты жағынан тиісті оқу материалын дауыстап айту, ой тәсілінің қысқартылуы, іштей ойланып орындау әрекетіндегі негізгі процесс және сол арқылы жүзеге асады.

С.Л. Рубинштейн ойлауды «…адамның объектімен үздіксіз өзара әрекеттегі процесі»,- деп санайды.

Бастауыш мектеп оқушыларының сабақтарында эвристиканы кеңінен қолданған тиімді, яғни бұл сөздің мәнісі оқыту процесіндегі үйреніп білуге тиісті материалдарды іріктеп алып, әңгімелеу арқылы оның мән-жайын шәкірттердің өздеріне шешкізіп отыру. Бұл тәсіл дидактикада белгіліден белгісізді табу принципіне негізделеді.

Қазіргі педагогикалық психоло-гияның негіздерінің бірі – оқыту іс-әрекеттің теориялық және практикалық бағытын мониторинг іс-әрекет (бақылау, бағалау, адам іс-әрекетіне байланысты қоршаған ортаны талдау) көрсетеді. Мониторингтің оқыту іс-әрекетінде негізгі объектісі мыналар: 1 Баланың оқыту іс-әрекетінің өзі (оның мәні, құрылымы, барысы). 2 Баланың психологиялық дамуы және оқыту іс-әрекетінің жаңа білімдік қалыптасуы. 3 Баланың қарым-қатынаста дамуы және сыныптастарының коллек-тивіне үйренуі. 4 Баланың жеке басының дамуы және оқытушының педагогикалық іс-әрекетінің көмегі.

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, ақыл-ой мәдени дамуының жоғарғы деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған оқыту мен тәрбие берудің үздіксіз процесі деп атап көрсетті.

Әрбір балаға жеке адам ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі өзіндік әрекет жасай алатын қабілеті бар екенін ескере отырып, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, диалектикалық дүниетанымын, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басылық қасиеттерін дамытып оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу мектеп өміріндегі осы үздіксіз тәрбие процесінің ғана жемісі болмақ.

А.Н. Леонтьевтің айтуы бойынша, адам алдына қойылған мақсатын әрекет жасау арқылы ғана сезінуге болады. Мақсатты қабылдау және оқушыларға түсінікті болу үшін оларды мақсат қоюға ғана емес, оған жету жолдарын талдауға қатыстыру қажет.

Бастауыш мектептегі оқу жұмысының әр саласына бейімделу балада бірден қалыптаспайды. Осыған біраз мерзім үйрену керек. Сонымен қатар балалардың оқуға белсендігі сабақтарда әр түрлі.

Бастауыш сынып оқушылары көпке дейін тапсырманы қалай орындаудың тәсілін жақсы білмейді. Олар берілген тапсырманы жаттап алғысы келіп тұрады. Осылай болуы олардың жаттауға икемділігінің молдығынан емес, оқуға әлі төселмегендігінен, қалай жұмыс істеуге ешкім оны үйретпегендігінен кездеседі.

М.М. Мұқанов өзінің «Жас және педагогикалық психология» еңбегінде бастауыш мектепте тапсырманың бала-ларға екі түрлі жолмен берілетінін көрсетті: біріншіден, берілген тапсырманы орындау үшін жауапты бала өздігінен іздестіреді. Екіншіден, тапсырма жауап іздестіру ретінде берілмейді. Оны орындау үшін соның үлгісі беріледі, мысалы, тақпақты жаттау үшін соның мәтіні беріледі. Осы мәтінге өзгеріс енгізуге рұқсат етілмейді. Сол мәтінге сүйене отырып бала оны жаттап алады.

Баланың оқу әрекеті арқылы әрекеттеніп, яғни мәселені шешуі, олардың танымдық іс-әрекетінің дамуына көмегін тигізеді.

Біздің зерттеу жұмысымыздың қара-стырып отырған негізгі объектісі бастауыш сыныптағылардың оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекеті дамыту болғандықтан:

- оқыту процесінің ерекшелігі;

- оқыту арқылы жаңа және қызықты білімді меңгеру;

- оқыту ақыл береді;

- білім алу топпен бірге өтеді;

- оқыту білімділік пен сауаттылық береді;

- оқыту мұғалімнің жеке ерекшелігі негізінде көрінеді;

- жақсы баға алумен көрсетіледі.

Қандай іс-әрекет болмасын қиық құрылымнан тұрады. Іс-әрекет жеке әрекеттерден тұрады да, алдыға қойған мақсатқа жетуге бағыттайды. Мақсат және мотив іс-әрекет бірдей орындалмайды. Оны мысалы И. Кулагина «Жас ерекшелігі психологиясынан» былай деп келтірген: «Оқушының үй тапсырмасында мате-матикадан есеп шығаруын орындау. Оның мақсаты – осы есепті шығару. Оған негізгі мотив әр түрлі болады, біреулері шешесін ренжітпеуге тырысады, екіншілері «бестік» баға алу үшін немесе тезірек тапсырманы орындап достарымен ойнауға кету үшін». Осы үш жағдайда да баланың математикалық тапсырманы шешуі үшін мағына әр түрлі қалыптасады. Міне, сондықтан, іс-әрекет құрылымын мынандай жүйемен көрсетуге болады: «мотив – іс-әрекет», «мақсат - әрекет», «меңгерілетін іс-әрекет - операция».

Сонымен іс-әрекеттің құрылымына байланысты және бастауыш мектеп оқушысының дамуына әсер ету арқылы сыртқы жоспар ішкі жоспардың негізінде орындалады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Мұқанов М.М. Жас және педагогикалық психология. - Алматы: Изд-во КазПИ, 1982. – 247 б.

2. Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности. – Алма-Ата: Изд.КарГУ, 1992. – 192 с.

3. Шадрикова В.Д. Позновательные процессы и способности в обучении. – М., 1990. – 141 с.

4. Давыдов В.В. Проблемы развивающего обучения. – М.: Педагогика, 1986. – 239 с.

5. Акбасова А.Ж. Таным: жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы. – Алматы: Бастау, 2003. – 5-10 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ