Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Катонқарағай ауданында кездесетін суретті жазулардың мәні

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006

Авторы: Садыкова К.К., Бияров Б.Н.

Жазу мен қоғам тығыз байланыста болған себептен зерттегелі отырған тақырыпты толық аша түсу мақсатында және мақаланың негізгі тақырыбына көшпес бұрын жазуды пайдаланған қоғамның өмір сүрген жері мен тарихына көз жүгіртуді жөн көрдік.

Алтай тауының географиялық жағдайы

Алтай тауы солтүстік ендігі 480 және 530 аралығында орналасқан. Оның оңтүстік-батыс бөлігі біздің республикамызда жатқандықтан, Қазақстан Алтайы (Қазақ Алтайы) деп аталады. Алтайдың қазақстанға қараған бөлігі бүкіл республика жер көлемінің оннан бірін алып жатыр. Бұл – әз бойынан барлық ландшафттық деңгей табылатын, табиғаты алуан түрлі болып келетін, өте көркем өлке. Мұнда далалы жерлер,тау алды төбелерден бастап, басын мәңгі қар жапқан шың-құздарға дейін кездеседі. Құмды тақыр ойпаңдардан бастап, ит тұмсығы өтпейтін орманға дейін бар.

Алтай тауы сансыз ұсақ салаларын есептемегенде ірі-ірі бірнеше тау жоталарынан құрылған. Солтүстігінен оңтүстігіне қарай жүргенде де, батысынан шығысына қарай жүргенде де тау жоталары бірте-бірте көтеріле түсіп, Қатын-Шүй тау жоталарының түйіскен тұсында ең биік нүктесіне жетеді. Алтайдың аруы атанған Мұзтау (Белуха) осында орналасқан. В.В. Сапожников оның биіктігі 4620м. деп көрсетеді. Алайда соңғы ғылыми зерттеудің нәтижесінде, ресми карталарда 4506 м. делініп жүр. Тау жоталары батыстан шығысқа қарай қатар-қатар арыса созылып жатыр. Олардың негізгілері мыналар: Қалба (1658 м.), Нарын (2080 м.), Сарымсақты (3436 м.), Тарбағатай (3441 м.), Күршім (Сарытау 3295 м.), Оңтүстік Алтай (3400 м.), Үкөк үстірті (3052 м.), Шүй (3958), Қатын (4504 м.), Ульбинский (1831 м.), Тигрецкий (2276 м.), Каргон (2134м.), Теректинский (2891м.) тағы басқалары.

Алтай тауының мұздақтары талай өзендерді қоректендіріп тұрады. Бұл өзендер орта есеппен теңіз деңгейінен 2600 метр биіктіктен бастау алады. Қазақстан Алтайын мөлдір суының молдығына қарай Көгілдір Алтай деп те атайды. Оңтүстік Алтайда бұқтырма, Нарын, Күршім, Ақ Берел, Қара Қаба (Жеті Қаба), Сарымсақты, Қалжыр, Алқабек, Білезік, Ақсу, Қалғұты тағы басқа өзендер бастау алады. Шағын өзендер мен әр сайда ағып жатқан мөлдір бұлақтарды ешкім санаған емес.

Алтай тауы аймағында ірілі-кесекті 3500 көл кездеседі екен. Олардың ең ірілері Таулы Алтай өңіріндегі Телецкое/Теле көлі мен Оңтүстік Алтайдағы Марқакөл. Оңтүстік Алтайдың інжу маржаны аталған Марқакөл теңіз деңгейінен 1449 м. биіктікте жатыр. Көлемі 455км2. В.В. Сапожниковтың өлшеуінше ұзындығы 37 км., ені 16 км.шамасында. Марқакөл туралы К. Струве мен Г. Потанин, Н.И. Яблонскийлер жақсы естеліктер қалдырған.

Алтай тауын мекендеген көне тайпалардың тарихы

Шығыс Қазақстанның таулы белдеуінде дәлірек айтсақ Катонқарай ауданында орналасқан Алтай тауларында аримаспа, аргипей тайпаларының өмір сүргенін ал антик авторларының аримаспалар жерінде ірі-ірі алтын кеніштері бар деген жазба деректері (Геродоттағы «Алтын қорғаған самрұқтар», тағы басқалары) көп нәрсені пайымдатады. Археологиялық қазба мәліметтері Алтайдағы, Пазырықтағы, Берелдегі аримаспа тайпаларының заттай ескерткіштері арқылы дәлелдейді.

Моңғолия тарихшылары біздің дәуірімізге дейін VІІ-VІ ғасырларда қазіргі Қазақстан аймағының Солтүстік-шығысында тұратын сақ-сармат этникалық мәдени бірлігіне кіретін дайларды – аримаспалар деп атаған деген мәлімет келтіреді [1; 61, 408].

«Arimaspi» этнонимінің екінші бөлігі «aspа» сөзі иран тілінде – ат, жылқы (конь) деген мағына беретіні, «аrumaspа» - (друзья коней) – «атты жақсы көретіндер», «ат құлағында ойнайтындар» деген мағына беретіні айтылып жүр [2; 100].

Біздің заманымызға дейін VІІ ғасырларда-ақ Алтайды «Рипей» деп атап, аримаспалар мекені, «жалғызкөзділер елі», «алтын қорыған самрұқтар» жері деп неше түрлі аңыз-әңгімелер шығарған [3; 68]. Онда Қазақстанның солтүстік-шығысын мекендеген аримаспалардың әскерлері, ірі қара және ұсақ малдары көп болғаны, өздері ат құлағында ойнайтын жауынгер халық болғаны туралы жазылған [4; 37].

Геродоттың деректерінде сақтардың шығыстағы мекені ретінде Алтынтағ, Мастағ деген атаулар көрсетіледі. Мұндағы Алтынтағ – Алтай, Мастағ – Мұзтау болуы әбден мүмкін. Өйткені Алтай аясында сақтардың қыруар мол қорымдары кездеседі. «Қазақстан тарихы» (очерктер) кітабында: «Шығыс Қазақстанда «грифтер (құзғындар) алтын күзететін» аримаспасы тұрған секілді», - деп жазған [5; 35].

Мұзтау атауы көне әдеби ескерткіш «Оғыз-наме» эпосында да айтылады: «...Қырық күннен соң Мұзтау деген таудың етегіне келді... шатырларын түсіріп, шөк болып ұйықтап кетті. Таңертең болғанда, оғыз қағанның шатырына күндей бір жарық кірді. Ол жарықта көк түкті, көк жалды бір еркек бөрі шықты». Осы көк бөрі оғызды жорықтарға бастап жүреді. Эпоста Мұзтаудың бұлай сталу себебі жайлы: «Ұша-қырқасы тоң және мұз болатын. Оның басы суықтан аппақ. Сол үшін оның аты Мұзтау еді», - делінеді [5; 36].

Берел ауылының маңынан 1998-1999 жылдары Италия, Франция және қазақстан археологтары бірлесіп жүргізген қазба жұмыстары аса нәтижелі болып, 13 тұлпарымен бірге жерленген сақ ханының мүрдесі табылды. Ғалымдар оны біздің заманымызға дейіннгі ІV-ғасырға жатқызып, жаңалығы жағынан әлем бойынша жоғары бағалады. Қолдан жасаған мәңгі тоң астында жақсы сақталған ат денелері,ер-тұрман, қару-жарақ сақтар өмірінен мол деректер береді. З. Самашев бастаған археолог-ғалымдар көне қытай, грек жазбаларында кедесетін Хандар жерленген аңғар (Долина царей) осы жер болуы керек деп топшылап отыр. Бұл жерде әлі ашылмаған отыздай қорым бар [6; 10].

Сақтардан кейін тарих төріне шыққан хұндар да Алтайға соқпай кете алмады. Тарихта жиырма төрт тайпадан біріккенкөшпенді хұндар біздің заманымызға деиінгі ІІ ғасырда дәуірлеп, заманымыздың І ғасырында ыдыраған. Өз ішінен екіге ыдыраған бұл одақтың солтүстік-батыс хұндары Алтай тауы, Іле өзені алабы,Жетісу мен Сырдария бойына келіп, жергілікті тайпаларға араласып, сіңіп кеткен.

Алтай тауының атын әлемге танытқан тағы бір құрылым – Түрік қағанаты. «Түрік» атының қытай жылнамаларында көрініс берген 542 жылға жатады. Қытайлар түріктерді хұн тайпаларының бірі деп есептейді. Екінші Шығыс Түрік қағанатынан қалған асыл мұра Орхон-Енисей тас жазуында: «Ол йылқа түргіс тапа Алтун йышыг тоға, Ертіс үгүзік кече йордымыз» («Сол жылы түргешке қарсы Алтын қойнауынан аса, Ертіс өзенін кеше жорыттық.») – деген жолдар бар [7; 35]. Бұдан Түрік қағанаты өмір сүрген VІ- VІІ ғасырлардаАлтай тауы Алтын қойнау (Алтын тау) аталғанын көреміз. Сонау Геродот заманындағы Алтынтағ өз мәнін өзгертпей келген деп тұжырым жасауға болады.

«Қазақстанның көне тарихында» араб авторы Әл-Маруазидің мынандай дерегі келтірілген: «Қарлықтар бұрын Тулис тауын (Алтайды) мекендеп, тоғыз-оғыздарға тәуелді болған. Кейін олардың үстемдігіне қарсы көтеріліс жасады. Одан соң түргеш елін жаулап алды да,мұсылман елдеріне жорық жасады» [8; 135] .

Бұдан Алтай тауының көне бір аты Тулис (Төлес – Бияров Б.Н.) болғанын байқаймыз. Қазақстан оронимдерін зерттеген Е.Келімбаевтың ғылыми еңбегінде В.Ф.Мнорский айтқан Алтай тауының ертедегі бір атауы Тюлес//Толес болған деген жорамал бар [9; 14] . Көне түркі тіліндегі әскери терминдерді талдаған И.Н. Клюкиннің айтуынша, Тюлес//Төлес «шығыс қанат», Тардуш «батыс қанат» дегенді білдіреді [10; 25]. Араб авторы Алтайды батыс түркілердің тілімен Төлес тауы (шығыстағы тау) деп атауы мүмкін. Болмаса Алтайды мекендеген телес/теле тайпасының аты оронимге ауысып тұр.

Жалпы қарлықтың әуелде мекендеген аймағы қаіргі Шығыс Қазақстан облысы жеріне сәйкес келеді. «Қарлық» деп аталуы Оңтүстік Алтайдың биік, қарлы тауларын қоныс еткеніне байланысты болуы мүмкін. Ташлы тайпасы Қалба, Өскемен маңындағы тасты тауларды мекендегенге ұқсайды. Екінші жағынан В.И.Иллич-Свитычтің қар, кер, қр формасы ностратикалық тілдерде «тау», «тас», «шың» мағынасын береді дегенді ескерсек, араб саяхатшысы Ибн Калдунның Мұзтауды Мұзқар деп белгілеуіне сүйенсек, қарлық этнонимі «таулық» мағынасын да береді [11; 62].

Біз талдап отырған Оңтүстік Алтай өңірінің тарихы найман тайпасының тарихымен тығыз байланысты. Көне түрік жазуларында айтылған «сегіз-оғыздарды зерттеушілер наймандармен теңестіреді. Оған басты себеп – VІІ ғасырда сегіз-оғыздардың Орхон өзенінен бастап Қара Ертіске дейінгі жерді алып жатқаны. Кейінірек (Лиуа патшалығы кезінде) дәл осы аймақтаы мекендеген тайпалар «найман» деп атала бастайды. Зерттеушілер найман – «сегіз тайпа» деп моңғол тілді қидандар атап кеткен дейді [12; 31].

«Л.Л. Виктороавның бұл пікірін А.Әбдірахманов та қолдап, этноним құрамын найм//найма(н) бурят-моңғол тілдерінде «сегіз» дегенді білдіреді деп талдайды. Ғылымда дұрыс деп танылған бұл пікіріді біз де мойындай отырып, этноним құрамын ашуда әлі де тілдік талдау жетіспей жатқанын байқадық. Ол жетіспей тұрған нәрсе – сегіз оғыз атауын қидандар калькалап алғанда көнеден келе жатқан оғыз тұлғасын қайда жібереді деген сұраққа жауап. Оқ - тайпа+з – жинақтық сан есім екені, оғыз тайпалар бірлестігі деген көптік мән беретіні ғылымда дәлелденген» деп жазады Бияров Б.Н. өзінің «Өр Алтайдың жер-су аттары» атты еңбегінде

Оғыз сыңарын араб, соғды жағынан шығарып сол кезде (Х ғ.) тарала бастаған ман «ел» сөзі ауыстырған көрінеді. Араб зерттеушісі Шарафаддин жазбаларында «сегізман», «қыпшақман», «қаңлыман» түрінде, М.Қашқариде «түрікмен» формасында кездесу бұл сөздің сол дәуірде кең тарағанын дәлелдейді. Бұлардан басқа ойман -ой елі, қуман – дала (қу дала) елі сияқты этнонимдер де қалыптасқан. Олай болса найман әуел баста найм+ман түбірлерінен біріккен. Сонда сегіз оғыз-найм ман болып калькаға түскен деуге болады. Наймман //найман болып қысқаруы – тілге тән құбылыс.

ХІІ-ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында асқан саясаткер Шыңғысхан берекесі жоқ керейлер мен наймандарды жеке-жеке жаулап алды. Шыңғысханның жеңісіне саяси арандатушы, тұрақты бетұстасы жоқ, екіжүзді Жамұха шешеннің көп пайдасы тиді. Наймандардың «ат төбеліндей» моңғолдардан жеңілуі – осы себептерге қоса, ағайынды Таян мен Бұйрық ханның елді екіге бөліп, таққа таласуынан деп ұғу керек.

Алайда наймандардың күресі толастамай, Таян ханның баласы Күшілік сұлтанның басшылығымен жалғаса берді. Одан сескенген Шыңғыс, Сүбетай бәһәдүр басқарған көп әскермен 1205 жылдың көктемінде Оңтүстік Алтайды асып, Бұқтырма өзені бойында Күшілік пен меркіт Тоқтабектің біріккен қолын талқандайды.К.д’Оссон бұл қақтығысты Жем өзенінің бойында болған деп жазады.[13; 87].

«Мұнда қай Жем өзені айтылып отырғаны белгісіз, Бұқтырма өзенінің көне аты «Жем» деген деректер тағы жоқ» [6; 15].

Ғалымдар Ж.Болатов пен А.Әбдірахманов Бұқтырма сөзінің түбірі бұқ – ертістік, - тыр - өзгелік етіс жұрнағы, - маетістіктен зат есім тудыратын жұрнақ деп талдайды да, мағынасын суға түскен нәрсені тастан-тасқа соғып, бұқтырып әкететін қасиетінен шығарады [14; 84]. М. Мұсатаева мен Л. Шеляховскаяның сөздігінде:»Бахтарма – бухтарма (архаизм) внутренняя сторона шкуры, прилегающаяк телу животного» деген түсініктеме бар [15; 47]. Осы көнерген сөздердің өзенге атау болып берілген себебі – жаңа сойған малдың терісін аударып қарағанда, қан тамырларының ізі тарам-тарам болып көрініп тұрады. Бұқтырма өзені дәл солай бірнеше салаға бөлініп, тарамдала ағады. Атау түбірі бұқ/бүк «ішкі жағы», «ішке қарай» деген мағына беретіні бүктеу, бүктүсу, бүкшию секілді сөздерден байқалады.

С. Аманжолов Үлкен Нарын ауданындағы Тайбұға деген жерді Вельяминов-зернов жазған сібір хандарының атасы Тайбұға емес пе екен деген жорамал айтады, найман руының Келбұға, Кетбұға тармақтарына ұқсайды [16; 72]. Материал жинау барысында бұл Тайбұға бертінде өмір сүрген Қаратай руынан шыққан Жәнібек батырдың баласы болып шықты. Қалмақтар қапыда өлтіріп кеткен жер Тайбұға аталған.

Қазақтың іргелі бір тайпасы болып отырған наймандар Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін Үгедей ұлысына енген де, Алтай тауының батысы мен оңтүстігінде, Нарын жотасында Зайсан-Ертіс жүйесі бойында көшіп жүрген. Ал олардың бір бөлігі Сырдария мен Ұлытауға, Есіл өзенінің маңына қарай ауған. Бұл босқынға ұшыраған бөлігі ХVІІІ ғасырда ғана атамекен жері Алтайға қайтып оралды. Бұлар кезінде Күшілік сұлтанмен бір кеткен наймандардың ұрпағы еді.

Осы наймандардаң арғы бабалары бізге тек тарихи-мәдени қорымдарды емес, сонымен қатар арғы бабаларының бабалары қалдырып кеткен ескерткіштермен танымал. Ол тасқа қашалып салынған суретті таңбалар.

Науа елді мекенінен табылған пиктограммалар

Алтай өңірімен (Алтайский краймен) шекараласып жатқан Қазақстанның шығысындағы Алтай тауларында Науа елді мекені бар. Сол елді мекеннен қазақтың ру-тайпаларының таңбалары кездесетін тастар табылған. Төрт үлкен блокқа тайпа өкілдері питктограммалар үстіне өздерінің таңбаларын салған. Моңғолияның көне Нөкүр руының бұндай таңбасы моңғолша «шулдан нум» [17; 80-86] деп аталады. Қазақша қол садақ деген мағынаны береді.

Ал екінші таста сол таңбаның күрделенген түрі бейнеленген

Науадан табылған таңбалы тастар

Бұл тастарда тайпа таңбаларынан басқа питроглифтер де салынған. Мұнда таутеаелер, еліктер, бұғылар бейнесі бар.

Бұл дала жануарларының суреттері құрбандыққа шаланған мадар болуы да мүмкін

Кейбір зерттеулер – таңба, әріп, малға басылатын белгі, мөр ретінде қолдануымен бірге лауазым орнына да жүрген деген пікір айтады. Койшығара Салғараұлының пайымдауынша таңба әуелі малға басылатын белгі ретінде өмірге келген секілді [27; 22]. Таңба басу нақты қай жерде, қашан шыққаны белгісіз болғанмен, халық ауыздарындағы атақты хандардың таңба үлестіреді дегеніне қарап, әуелде таңбаның ірі тайпа көсемдерінің бірлесіп келісуімен бәріне ортақ бір билеушінің атынан берілгенін аңғаруға болады. Қазіргі ғылымға белгілі таңбалар болмысына зер салсақ, алғаш ірі тайпалардың таңбасы белгіленіп, кейін осы тайпалардың құрамындағы жекелеген рулар өз тайпасының таңбасы негізінде өздеріне жеке рулық таңбаларды жасап алғанын көреміз.

Н.А. Аристов, В.В. Бартольд, А.И. Левшин, М. Тынышбаев, С. Аманжолов секілді ғалымдардың қазақ халқының этникалық құрамына кірген ру-тайпаладың түпкі негізінің бірлігін көрсетеді деген пікірлері бұл ойдың дұрыстығына кепілдік берегендей.

Профессор Сәрсен Аманжолов пен тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтар ұсынған қазақ руларының таңбалары кестелерінен мынандай бір нақты жағдайды аңғаруға болады. Әр таңбаға зер салып, оларды бір-бірімен салыстыра қарасақ, осындағы қазақтың ру-тайпалары таңбаларының бәрі екі-ақ белгі негізінде жасалғанын көруге болар еді. Оның біріншісі – қысқа таяқша, шағын сызық та екіншісі – шағын дөңгелек. Осы екі таңбаны толығымен немесе фрагменттерін пайдаланып бүкіл қазақ рулары өздерінің рулық таңбаларын жасаған деген тұжырымға келеміз.

Қаратау жоталарында кездескен петроглифтер

Қаратау тауы Солдатово ауылының солтүстік-шығысында орналасқан. Бұл таудағы суреттерге бізді ауыл тұрғыны Садыков К.М. алып барған еді. Таудың оңтүстік беткеійнде дара және қомақты ойды білдіретін күрделі компазицияларды кездестірдік. Мысалы, дара ұшырасатын таутекелердің, бұғылардың, түйнің суреттері бар. Олардың (бұл петроглифтердің) үй жануырлары әлі қолға үйретіле қоймаған кезде саынуы мүмкін. Бұлар әр шалынған құрбандықты бейнелеген немесе «мына тауда дала жануарларының осы түрлерін кездестіре аласыздар» деген ақпараты беретін тастар болуы мүмкін.

Келесі кездестірген бейнелі тас Елікті сайының теріскей бетінде сай басынан шығысқа қарай 2-3 шақырымдай жерде орналасқан. Бұнда жас еліктердің тобы бейнеленген. Біздің пайымдауымызша алғашқы аңшылар дәл осы сайдан еліктер ауатынын біліп келер аңшыларға «бұл сайдан елікті олжа қыларсың» деген хабар қалдыру мақсатында тасқа жас жануарларды бейнелеген. Жас еліктер дегеніміз петроглифтерге назар аударсақ, (ересек еліктердегідей мүйіздері жоқ) лақтар салынғанын байқаймыз.

Келесі күрделі суреттердің бірі адамдардың аңға шығуын баян етеді. Қалған суреттерге қарағанда ерекше стильде тасқа шекілген. Бұл бейнелі тас Елікті сайының оңтүстігінде көршілес жатқан сай. Татың биіктігі 2,5-2,8 метр, жалпақтығы 2 метр. Табиғат жағдайларынан тас дифирмацияланған. Сонда да сурет анық сақталған. Бейнелі тастан келесідей ақпарат ала аламыз «біз жолдасыммен (әкеммен, бауырыммен, ағаммен) аңға шықтық, - дейді суретші - өзімізбен бірге иттерімізді алып алдық. Алдымыздан бұғылар, таутекелер, еліктер кездесті соларды атып алуды мақсаттадық»/

Ендігі бейнелі тастың биіктігі 1,5метр де жалпақтығы 0,8 метр. Жұдырықтары түйіліп қолдарын созып тұрған 14 адам бейнесі мен 3 еліктің бейнелері қашалған. Бір қарағанда адамдар төбелесіп жүр деп ойлап қаласың. Бірақ (тарихта орын алатын) төбелес немесе бітіспес дау негізінде туындаған тайпалар қақтығысы болмаса жайдан жай оны тасқс қашап салулары екі талай еді. Бұл қақтығыс болған жағдайда дала аңдары неге бейнеленген деген өте орынды сұрақ тууы мүмкін. Қақтығыс бейнеленген деген оймен қатар тасқа белгісіз рәсім шекілнген деген пікір қалыптасады. Она ол қандай рәсім? Біздің пікірімізше бұл құдаймалын шалу алдында биленетін би болуы әбден мүмкін.

Көбен тауындағы суретті жазулар

Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылынан оңтүстікке (Алтай тауына) қарай 5-6 шақырым жер жүрген кезде жергілікті тұрғындар Көбен жеп атайтын тауға кез боласыс. Таудың күнгей бетімен етектен 2 шақырымдай шығысқа қарай жүрсеңіздер 43 таңба бейнеленген суретті галлереяға тап боласыздар. Тас бетінде таутекелер, еліктер, бұғылар және адамдар бейнеленген. Мұндағы әр жануарды құрбандық шалғаннан кейін немесе олжа қылғаннан кейін тасқа шекіген деп болжамдаймыз. Құрбандық шалғандықтың белгісіне қолын жайып тәнірден тілеу тілеп тұрған адамның тұлғасы дәлел бола алады.

Шыңғыстай ауылының маңындағы Көбен тауында кездестірген 43 суреттің бір бөлігі

Жазудың алғашқы түрі пиктограммалар еліміздің өнері мен рухани мәдениетінен тарихи сыр шертіп, арғы аталарымыз “саналы адамдардың” ұрпағына қалдырам деген ойларын бүгінгі күнге дейін жеткізіп отырған коммуникативті байланыстың бір түрі екеніне көзіміз жетіп отыр.

Катонқарағайда әлі де ашылмаған суретті ескерткіштер өте көп. Оларды тауып мағынасын ашу біздің яғни келешек тіл мамандарының негігі мақсаттарымыз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қабышұлы И. Қазақ қауымы. - Алматы, 1996.

2. Гумилев Л. Қиял патшалығын іздеу. - Алматы, 1992.

3. Нұрғалымова Г. Шығыс-Қазақстанның көне тарихы мен мәдениеті. - Алматы: Арыс, 2002.

4. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк). Алматы: Дәуір, 1994.

5. Әбдірахманов А. Қазақстанның ер-су аттары. -Алматы, 1959.

6. Бияров Б.Н. Өр Алтайдың ер-су аттары. - Алматы, 2002.

7. Жолдасбеков М. (аударма). Йоллығтегін. Күлтегін. Көне түрік жазба ескерткіштері. - Алматы: Білім, 1994.

8. Қазақстанның көне тарихы. - Алматы: Жалын, 1993.

9. Келімбаев Е.А. Лексико-семантическая типология оронима Казахстана // Автореф.дисс.канд. фил.наук. Алма-Ата, 1988.

10. Гумилев Л. Көне түркілер. - Алматы: Білім, 1994.

11. Иллич-Свитыч В.М. Опыт сравнения ностратических языков. - Т. І-ІІ, М., 1971, 1976.

12. Викторова Л.Л. К вопросу о найманах//Ученые записки ЛГУ, 1961, №30.

13. Д’Оссон К. История монголов от Чингизхана до Темирлана. - Алматы: Санат, 1996

14. Әбдірахманов А. Топонимика және этимология. - Алматы: Ғылым, 1975.

15. Мусатаева М., Шеляховская Л. Словообразовательный словарь тюркизмов. - Алматы, 1995.

16. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. - Алматы: Санат, 1997.

17. Таңба /Қ.Салғараұлы// Парасат – 1991, № 10



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006


 © 2024 - Вестник КАСУ