Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


Көркем әдебиет саласындағы аударма мәселесі

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006

Автор: Жайлибаева М.Н.

Ұлттық әдебиет өз өмірімен тіршілік етеді. Әрине, ол сол халықтың күллі тарихымен, оның барлық даму жағдайларымен шартты түрде байланысты және басқа халықтар әдебиетімен қарым – қатынаста болды. Осы қарым – қатынас ішінде аударманың орны ерекше. Сонымен қатар, аударма – ақынның дүниетанымдық қорын байытудың баға жетпес көзі ретінде белсенді қызмет атқарады.

Аударма жалпы адамзат атаулының танымдық рухани алмасуы нәтижесінде мәдениет пен өркениеттің дамуына, адам баласының эстетикалық көркемдікке қол жеткізуіне, санасының өсуіне, дүниетанымының кеңеюіне апаратын жол сияқты.

Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс деп білетін халық өзінің елдік болмысын танып біле бастаған кезеңінен – ақ өзге елде, көрші жұртта не болып жатыр дегенге жіті құлақ түреді. Сондағы ең алдымен көңіл бөлетін – жан дүниені байытар рухани қазына үлгілері. Ендеше, рухани ауыс – түйіс, мәдени жалғастық ежелден – ақ ел назарында болып келген. Кедергі –тіл өзгешелігі болса, халық оның да жолын тапқан: тіл үйрену арқылы бір халықтың қазынасын екінші тілге аудару дәстүрі батыс, шығыс елдерінің қай-қайсысының да тарихында болған. Әлем халықтарының әдебиетінің бір-бірімен байланысуында, ғылым мен әдебиет салаларында халықаралық ынтымақтастықтың дамуында аудармалардың маңызы зор.

Аударма ұғымының қолданылу аясы өте кең. Бір тілден екінші тілге поэзиялық және прозалық шығармалар, публицистикалық мақалалар, ғылыми әдебиеттер, ресми іс қағаздар, саяси және қоғам қайраткерлерінің, шешендердің сөйлеген сөздері, кинофильмдер аударылады; әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар тіл табысу үшін аудармашылардың көмегін қажет етеді.

Бірақ, біз осылардың ішінен көркем әдебиет саласындағы аудармаларды сөз еткелі отырмыз.

«Аударма» сөзі жалпыға түсінікті, әрі көпшілікке белгілі болып табылады. Осыған қарамастан, бұл адам әрекетінің арнайы бір түрі және жемісі болғандықтан, ол ғылыми-терминологиялық анықтауды қажет етеді. Аудармашылардың өздері де «көркем аударма» ұғымына нақты анықтама беруге қиналады. Кейбір әдебиетшілер «аударма-түпнұсқаға негізделіп, түпнұсқаның басқа тілдегі көшірмесі» болу керек деген пікір айтады. Басқаша айтқанда, аударма түпнұсқаға толық сәйкес болу керек. Бұл арада «сәйкестік» деген ұғымға тоқталу керек деп ойлаймыз. Егер бір шығарма екі түрлі тілде, екі түрлі мәдени-тарихи жағдайда өмір сүрсе, онда «сәйкестік» тек шартты түрде ғана болмақ. Осындай тұжырымды белгілі армян сыншысы Левон Мкртчян айтқан: «Если одно и тоже произведение существует на двух разных языках, в контексте разных культур, то о полном соответствии можно говорит лишь в определенном смысле. Даже наиточнейший перевод не может во всем совпадать с оригиналом, быть «абсолютно точным». Перевод и не должен полностью повторять оригинал - искусству противопоказаны повторения».

Аударма дегеніміз – бір тілде ауызша айтылған ой – пікірді, болмаса жазылған мәтінді тыңдаушыға, оқушыға екінші тілде, яғни оның ана тілінде түсінікті етіп жеткізу. Ал, әдеби немесе көркем аударма дегеніміз – бір тілде жазылған әдеби туындыны екінші тілдің құралдары көмегімен оқырмандарға жеткізу және түпнұсқасының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін мейлінше нақты сақтап көрсету. Бұл жерде аудармадағы ең қиын – лингвистикалық ерекшелік емес, ал түпнұсқасының көркемдік жағын дұрыс жеткізу, яғни аудармашы туындының образдық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білуі. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процестегі алатын орны үлкен. Аударма – жалпы әдеби үрдістің кең арналы саласы. Аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері де сусындай алады.

Толық мағынадағы аударма қалай да түпнұсқаға сәйкес болуы шарт. Әрине, шығарманың мәтінін бастан – аяқ тәржімалау мүмкін емес. Әсіресе, поэзиялық шығармалардың аудармаларында кейбір еркіндіктер болмай қоймайды. Оның себебі де бар – әр тілде қалыптасқан сөз қолдану тәсілдері ерекше болып келеді. Сондықтан, бейнелі сөздерді көшіріп, сол түпнұсқадағы қалпын сақтап жеткізу мүмкін емес. Басқа тілде айтылған ойдың жалпы мағынасын жеткізуден гөрі, сол әдебиетке тән көркемдік ойлау, бейнелеп сөйлеу, сөз қолдану өзгешеліктерін дәл келтіру әлдеқайда қиын. Ал, онсыз көркемдік ой – сезімнің әсерлілігі де толымды болмайды.

Көркем аударма процесінің нәтижесінде түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы бірлік пен тұтастықтың сақталуының маңызы жоғары. Түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы байланыс, келісім мен жарасым аудармада сақталмаған жағдайда әдеби шығарманың көркемдік табиғаты, автордың шығармашылақ даралығы мүлде бұрмаланып, түпнұсқа бір басқа, аударма бір басқа – екеуі екі бөлек туынды болып шығады. Мұндай жағдайда аудармадан түпнұсқаның мазмұны да, көркемдік – бейнелеу ерекшеліктерін де табу қиынға түседі. Ал, көркем аудармада түпнұсқаның мазмұны мен пішінін дәл жеткізу немесе біршама дәл жеткізу аударма ісіндегі ең бір қиын, күрделі әрі аудармашы шығармашылығының мағынасы мен мәнін анықтайтын айрықша маңызды көрсеткіш болып табылады. Бір ұлттық тілде жазылған көркем шығарманы екінші бір ұлттық тілдің көркемдік бейнелеу құралдары арқылы қайта жасау, аудару оңай емес. Ал, түпнұсқа белгілі бір ұлттың ұлы ақынының шығармасы болса, оның ұлттық сипаты барынша анық, беделді болса, онда оны өзге тілге аудару аудармашыдан үлкен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар, үлкен талантты талап етеді. Аудармашы таланты – айрықша талант. Ол өз тілінің айшығы мен ажарын, көркемдік бейнелеу мүмкіншілігін, бейнелілігін еркін меңгерген дарынды ақын болумен бірге, түпнұсқаның мазмұны мен мәнін, тіл байлығын, ұлттық бояуын жете білетін шебер маман дәрежесіне көтерілуі шарт. Сонда ғана ол аудармашы ретінде түпнұсқаның мазмұны мен пішінін толық игеріп, өз аудармасында олардың арасындағы байланысты, келісім мен жарасымды, тұтастықты сақтауға мүмкіндік табады.

Көркемдік қабылдауды психологиялық тұрғыдан зерттеудің талабына сай келетін – көркем мәтінді «сатылап талдау» («послойный анализ» текста) әдісі болып табылады. Неміс философы Н. Гартман көркем шығарманы «сатылап» талдай отыра, онда тілдік құрылым қабатын, кейіпкердің іс – әрекеті қабатын, характерлер қабатын және идеялық мазмұн қабатын көрсетеді [1, 83]. Поляк эстетигі Р. Ингарден де поэтикалық шығарманы сөздің дыбысталу қабатынан, сөздердің көптекістегі беретін мағынасы қабатынан, заттық қабаттан (шығармадығы көрсетілген заттық болмыс), «көріністер қабатынан» (слой видов), көркем мәтіндегі астарлы ой және сезімдік – элюционалдық көріністер қабатынан тұратынын көрсеткен [2, 47].

«Сатылап талдау» кезінде көркем шығарма көп сатылы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады. Негізгі тұжырымдарды жалпылай келіп, көркем мәтіннің мынадай қабаттарын көрсетуге болады:

1) Табиғи тіл қабаты;

2) Суреттелетін фактілер қабаты;

3) Идеялық – мазмұндық қабат.

Соңғы қабаттың ішіне автордың тарихи, дүниетанымдық, адамгершілік позициясы және қоршаған ортаны түсіну, сезіну ерекшелігі кіреді.

Тәжірибесі аз немесе эстетикалық жағынан қалыптаспаған оқырмандар жалпы мазмұнның кейбір ғана қабаттарын алады да басқа – жоғарғы сатылы қабаттарға үңілмейді. Мұндай оқырмандардың қиялы мен елестету қабілеті жақсы дамыған болса, олар шығармадағы фактілер қабатын (кейіпкерлердің іс – әрекеттері, оларды байланыстырушы өмірлік қарым қатынастар мен сезімдер, т.с.с.) өте жақсы құрай алады.

Осындай оқырман кейіпкердің белгілі бір іс–әрекеттерінің психологиялық маңызын түсініп аша алады, яғни, олар кейіпкердің іс – әрекетінің мәнін қабылдай алады, демек, типтік жинақтауды түсіне алады. Дегенмен, олардың қабылдау дәрежесі тек фактілер қабылдап, идеялық мазмұн, автордың дүниетанымы сияқты қабаттарға жетпейді. Мұндай оқырмандарға тән ерекшелік – егер шығарманың идеясы олардың өмірлік тәжірибесі мен рухани құндылықтарына жанасымды болса, олар көркем мәтіннің жоғарғы идеялық мәнін, мазмұнын қабылдай алады да, автор позициясы оларға қияли элемент сияқтанып көрінбейді. Бұл жағдайда оқырманда шығарманы моральдық өнерге ретінде қабылдайтын рухани – психологиялық ассоциациалар пайда болды. Шығарманы осындай дәрежеде қабылдаудың себебі – жинақтауды түсінуге дәрменсіздігінен емес, ал «ассоциация қорының» таяздығынан болатын құбылыс. «Ассоциация қорының» молдығы және мазмұндылығы оқырманның өмір тәжірибесіне, жоғары мәдени дәрежесіне, гуманитарлық мәселелерге қызығушылығына және әр түрлі жазушылар шығармашылығындағы идеялық – көкемдік концепцияларынан хабардар болуына байланысты. Көркем мәтінге сай ассоциациялардың туындауы – шығарманың идеялық мазмұнын философиялық тұрғыдан ұғыну дәрежесінде қабылдаудың негізгі шарты. Бұл қор неғұрлым бай болса және көркем шығарманы интерпритациялау (айымдау) тәжірибесі мол болса, соғұрлым қабылдау философиялығы жоғары болмақ [3, 136].

Көркем мәтін дегеніміз – күрделі жүйе. Идеялық мазмұн жүйенің ең жоғарғы сатысы бола тұра, ол осы жүйенің әр сатысынан көрініс табады. Дегенмен, көкем шығарманың ең жоғарғы сатысын қабылдау кейде қиынға түседі. Автордың ұстанымын қабылдау фактілері қабатын түсінуден (мысалы, кейіпкерлердің қылықтарының, іс – әрекеттерінің мәнін түсіну) кейін оңайырақ та, стилистикалық, тілдік ерекшеліктерін түсінуден кейін қабылдау қиынырақ болып табылады. Соңғы жағдайда тілдік құралдар автор дүниетанымын тек жанама түрде көрсетеді. Осыған орай, автор стилін қабылдау кейбір тілдік көркемдік ерекшеліктерін қабылдауға әкеп соғады да, оның жалпы мәнінен алыстайды. Егер зерттеуші стильді толық жүйенің тілдік қабаты ретінде қабылдап, «сатылап» талдауға сүйенсе, бұл мәселені психологиялық жағынан зерттеу тереңдей түспек.

Соңғы кезде көркем мәтіннің құрылымы туралы эстетикалық түсініктер семиотика саласының бірқатар ұғымдарымен толыға түсті. Көркем шығарма тілін туынды, яғни негізгі емес модельдік жүйе ретінде қарастыру – эстетикалық қабылдау психологиясы үшін өнімді тәсіл. Көркем бейне – нақтылық пен жалпылықтың бірлігі. Ол сөз болып отырған құбылыстар туралы көрнекі ұғымдардың тууына әсер етеді, әдеби шығарма кейіпкерінің нақты өмірлік жағдайға тасымалдану оқырман эмоциясын тудырады. Оны қабылдау оқырманнан «эмпирикалық жалпылауды» қолдануды қажет етеді, яғни оқырманда өмірлік жағдайлар және жағдайлардағы адамдардың өзін - өзі ұстау, іс–әрекеті туралы жалпы тәжірибесі болуы керек. Дегенмен, адекватты эстетикалық қабылдау үшін тек мәтіннің негізінде нақты бейнелердің тууы жеткіліксіз. Олар оқырман түсінігінде көркемдік – идеялық мазмұнның бір қыры ретінде қалыптасуы қажет. Оқырман үшін ең қиыны – осы. Егер шығармадағы суреттелетін болмысты қабылдау оқырманда кейіпкермен бірге ойланып – сезінуді, оның бейнесі мен өз ойының үндесуі сезімін тудырса, оқырман мұны шығарманың идеялық мазмұны ретінде қабылдайды. Сондай – ақ туындының көркемділігінің көрсеткіші ретінде оқырмандардың көбі «жазылған дүниені түсінуді» санайды. Бірақ мұндай жағдайда шығарманың идеялық мазмұны оқырман үшін белгісіз болуы мүмкін. Сондықтан, эстетикалық қабылдау үшін бейнеленген нәрсені айқын елестете алу жеткіліксіз. Осындай елестету әрқашан көркем елестету, яғни эстетикалық құндылықты көрсететін образдық жалпылау бола алмайды. Яғни, эстетикалық қабылдау үшін көркем шығармадағы құбылыстарды, болмысты елестету жеткіліксіз. Бұл – көркемдік елестету, көркемдік сезіну болуы тиіс.

«Көркемдік елестету» терминін алғаш рет қолданған эстетик М.С. Каган. С.Л. Раппопорт бұл терминді жан – жақты талдап, зерттеп, оның қолданылу аясын белгіледі. Ғалымның пікірінше, суреткер тағы бір елестетулер қабатын тудырады. Олар – оқырман, көрермен, тыңдаушы тарапынан тудыруға тырысатын интеллектуалдық үрдістер. Бұл оның шығармасымен танысқан адамның тұлғасына әсер ету мақсатына жету үшін арналған бағдарлама іспеттес.

Соңғы кездерде эстетикада өнерді қарым – қатынастың бір құралы ретінде қабылдау тенденциясы қалыптасқандығы туралы жоғарыда айтылып өтті. Осы көзқарасқа сүйенсек, жазушы қалыптастырған әдеби шығарманың құрылымы оқырманның шығармашылық дамуына жағдай жасайды. Бұл жағдайда эстетикалық қабылдау – мәтінге тура жанасу ретінде емес, мәтіннен мағұлмат ала отырып және оқырманның әр түрлі ассоциациялары мен мәтіннің құрылымына сүйенетін шығармашылық процесс ретінде қабылданады. Бұл тұжырым оқырманның қабылдауының тарихи және жеке дара қабылдау ерекшеліктерін түсіндіреді. Көркемдік қабылдау жазушы мен оқырман шығармашылығының бірлігі ретінде материалистік түсініктеме ретінде қалыптасады. Бұл көзқарастар негізінде «шығармадан» және «оқырманнан» деген бағыттарды психологиялық жағынан зерттеулерді біріктіруге мүмкіндік туады. Оқырмандық қабылдаудың субъективтілігі жайлы тұжырымның қолданылуы Н.А. Рубакиннің идеяларын материалистік тұрғыдан дамытуға негіз бола алады [3, 140].

Тарихтың тасқа таңба басқандай талассыз тағылымы мынаны үйретті: жер бетін мекендеген халықтар мен ұлттар ешқашан томаға тұйық қалпында қалмай, өзге жұрттардың мәдениеті мен өнерінен нәр алып, үлгі тұтуды мұрат еткен. Сөйтіп, олардың арасындағы рухани алмасу процесі үздіксіз жүріп, барған сайын даму, бірін-бірі байыту бағытында өрістеген. Өзіңде барды өзгеге ұсыну, өзгенің өнегесін бойға дарыту – мәдениет тарихындағы орныққан, өркен жайып, тамырын тереңге жіберген.

Адамзат қоғамы бір ұлттан ғана құралмай, жүздеген, тіпті мыңдаған ұлттардан тұратын әркімге аян. Халықтар ынтымағын нығайту жолында көркем аударма елеулі қызмет атқарды. Аударма не үшін жасалған?

Орыстың ұлы ойшыл сыншысы В.Г. Белинский 1844 жылы бір мақаласында көркем аудармаға тоқтала келіп, мынадай бір пікір түйген: «...аударма көбінесе түпнұсқаны оқырмандарға және оқуға мүмкіншілігі жоқтарға арнап жасалады, ең бастысы бір халықтың әдеби тіліндегі шығармаларды екінші халықтың тіліне аудару ісіне халықтардың өзара таныстығы, идеялардың өзіндік ауыс – түйістігі, содан келіп әдебиеттің көрнекті және ақыл – ой еңбегінің дамуы негізделеді».

Бір тілдегі көркем шығарманы екінші тілге қарай аудару қажет екендігі туралы пікірталас басталғалы талай замандар өтті. Көркем аударма проблемалары күн тәртібінен түспейтін, шешілуінің ұшы қиыры көрінбейтін түбегейлі проблемалардың бірі. Әдеби аударма халықтардың бірін – бірі тануына, рухани жағынан жақындасып, туыстасуына айтулы көмек көрсететіні белгілі. Көркем аударма жекелеген қалам қайраткерлерінің ғана емес, бүкіл бір елдің әдебиетіне әсерін тигізеді.

Әдебиет тарихында бір жазушының шығармаларына әр кезде әр түрлі аудармашылар ілтипат білдіреді. Осының нәтижесінде бір туындының бірнеше аудармасы сақталады. Олардың ішінде сәттісі де, сәтсізі де ұшырасуы мүмкін.

Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне аударудағы табыстармен қоса, сәтсіздіктер де бой көрсетіп қалады. Мүлде шалағай аудармалар енгізілуімен қатар, бірсыпыра аудармаларда ақынның ойы бұрмаланғаны, сөйтіп шығарманың идеялық – көркемдік қасиетіне едәуір нұқсан келтіргені анықталып отыр. Бірқатар аудармаларды Пушкин лирикасының жеке шумақтары мүлде тәржімаланбай тасталған, ол кейбір аудармашылар түпнұсқаны түсінбей қарама-қарсы мағына беретін сөздерді қолданған. Ірілі-ұсақты мін-мүліктер Пушкин мұрасына айырықша ұқыптылықпен, мұқият қарауды талап етеді.

Сөзді фактілерге беретін болсақ: Пушкиннің «Ай» («Месяц») деген өлеңінің аудармасына көз жіберейік. Осындағы әбден түсінікті айтылған сөздерді Тәкен Әлімқұлов бұзып тәржімалған. «Гордым разумным моим» - «салқын оймен», «летите прочь, воспоминания!» - «Сәуле төгіп дірілдетіп» делінген. Бұл арада «тусклое» эпитетінің қалып қоюы мағынаға нұқсан келтіріп тұр.

Осы өлеңнің мына бір шумағын Т. Әлімқұлов мүлде аудармай тастап кеткен:

Что вы, восторги сладострастья,

Перед тайной прелестью отрад.

Прямой любви, прямого счастья?

Примчаться ль радости назад?

Аудармашы осы өлеңдегі «Зачем я с милою простился» дегенді «Қоштастым-ау қалқатаймен» деп жасытып жіберген.

Т. Әлімқұлов аударған «Махаббат бір - салқын өмір шаттығы» («Любовь одно веселье жизни хладной») өлеңінде де тап басып, дәл айтылмаған жайттар баршылық. Бірінші шумақтың үшінші тармағындағы: «А горестям не виден и конец» - «Қасіреті келмес, сірә, орнына» делінген. Сол шумақтың қалған төрт тармағындағы сөздер орынсыз «қоныс аударушылыққа» ұшыраған және мағынасы нақ берілмегендіктен өзгеше күйге көшкен.

Орысшасы:

Стократ блажен, кто в юности прелестной

Сей быстрый миг поймает на лету;

Кто к радостям и неизвестный

Стыдливую переклонит красоту.

Қазақшасы:

Бастаңғы сыр, қуаныштың алдында

Баурай білсең, сұлу қызды ұялшақ,

Дер кезінде, жалын жастық шағында

Армансызсың алып қалсаң рахат.

«Сей быстрый миг поймает на лету» - қазақша аудармасы «алып қалсаң» деп қысқа берілген. «Ұялшақ сұлулықты» - «сұлу қызды ұялшақ» деп, қыз мағынасында алған.

Т. Әлімқұловтың аудармасында Пушкин рухына жақындайтын шумақтар аз кездеспейді. Бірақ, жоғарыдағыдай тастап кетушіліктер, түпкі мағынаға сай келмеушіліктер аударманың әрін де, нәрін де қашыратыны белгілі.

Түсінбей аударудың бір мысалын «Пущинге» («К Пущину») өлеңінің қазақшасынан байқай аламыз (аударған Қ. Көпішев).

Орысшасы:

С пришельцем обнимися –

Но доброго певца,

Встречать не суетися,

С парадного крыльца.

Қазақшасы:

Қарсы ал, құшақ жайдағы,

Мейірбанды ақынды.

Сый қонағың келгендей

Қастерлеме жақынды.

Орысшасы:

Прими же его любозанья

И чистые желанья

Сердечной пустоты!

Қазақшасы:

Сүйейінші, келші мен

Кіршіксіз таза жүрекпен,

Білсең соны ырзамын.

Келтірген екі мысалды да Көпішев аудармасы Пушкин нұсқасынан жырақтап кеткенін, мағына жағынан жуыспай тұрғанын дәлелдейді. Үшінші, төртінші тармақтағы «Сый қонағың келгендей қастерлеме жақынды» дегені теріс ұғым береді. «Прими же его любзанья» - «Сүйейінші келші мен» болып өзгерген, үшінші тармақта Көпішев өз жанынан сөз қосқан. («Білсең соны ырзамын»).

Аудармада бұдан шығатын қорытынды – ұйқасқа ұқыптылық – түпнұсқаның идеялық мазмұнын, мағынасын сақтау бұл шеберліктің бір қыры.

В.Г. Белинский А.С. Пушкин шығармашылығына арналған мақаласында ақынның ойы мен сезімдер бірлігін оның пафосы деп анықтайды. «Пафос – тиянақсыз идея немесе дерексіз ой емес, бұл «тірі» ынтызарлық» деп түсіндіреді. Сондықтан, шығарманы түсіну – оның жасаушысын түсіну деген сөз, ал ақынды түсіну дегеніміз – оның пафосын саналы түрде ұғыну.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жансүгіров І. Шығармалар. 2 т. - Алматы: ҚМКӘБ, 1960.

2. Пушкин А.С. Шығармалар. - Алматы: 1 т., 1953.

3. Раппопорт С. Художественное представление и художественный образ. М.: Наука, 1985.

4. Әуезов М. Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы. // Уақыт және әдебиет. – Алматы, 1962.

5. Әуезов М. Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері. // Көркем аударманың мәселелері. Мақалалар жинағы. – Алматы: Қазақ көркем әдебиет баспасы, 1957.

6. Талжанов С.О. О переводах и переводчиках. / Аударманың лексика – семантикалық мәселелері: (тәжірибелер, толғаныстар, топшылаулар). – Алматы: Ғылым, 1987.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006


 © 2014 - Вестник КАСУ