Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Шәкәрім поэмаларындағы тілдік өрнектер

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006

Автор: Нурланова А.Н.

Ұлттық мәдени қазынамыз бен рухани өмірімізге қайта оралған ұлы тұлғалардың өмір жолдары, тарихи, әдеби еңбектері кейінгі жылдар ішінде жүйелі түрде зерттеліп, кең арнаға ұласты. Осы ретте Шәкәрімнің де өмірі мен еңбектерінің үлкен дабыл қақтыруы - әрі табиғи құбылыс, әрі мұқтаждықтан туған қажеттілік.

Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы - өте күрделі құбылыс. Ақын еңбектері, соның ішінде дастандары - өмір мен қоғамның қыр – сырын сала - сала етіп мазмұндық баяндауда да, сол мазмұнға философиялық мән беруде де, мазмұн мен ой бірлігін көркемдік тұрғыда өрнектеуде де көп жүйелі, терең мағыналы туындылар.

Ақын поэмаларындағы әр түрлі көріністерді: заман суреті, келешек барлауы, сыншылдық, романтикалық сарындар, философиялық толғам, лирикалық және эпикалық өрлеу, көркемдік ерекшеліктердің түрлі – түрлі жолдары, түр дамыту мен көркемдіктің бірлігі, үлгі - өнегелік нұсқалар, салттық дәстүр мен жаңа сананың байланысы, тағы басқалар әрқайсысы арнайы сөз етуге, түбегейлі зерттеуге тұратын мәселелер.

Шәкәрім ақынның тілі құнарлы, сиқырлы, суретті сөздерге бай. "Қаламым, қарындашым – жан жолдасым" деп өзі айтқандай, ажарлау, құбылту, айшықтау сияқты бейнелеу тәсілдері оның ой сауытынан сия болып құйылып отыратын сияқты. Оқырман түсінігін айқындау үстіне тереңдетіп, эстетикалық әсерін күшейте түсетін бейнелеу құралдары Шәкәрім поэзиясына ерекше серпін беріп, ширата, шыңдай, ойлы кеудеден шыққан отты жыр адырнадан азынап ұшқан жебедей, көздеген мақсатына жетіп, діттеген жеріне дәл тиеді. Ақынның жалынды сөзі тыңдаушының жүрегін жазбай табады да, оның жанын оятып, толғандырады.

Шәкәрім – сөзді орайымен қолдануға айрықша көңіл бөлген ақын. Қарапайым сөзді тосын қырынан қолдану, бейнелі түрде жұмсау, оған астар бере сөйлеу – ақындық шеберлігінің салмақты қыры. Мәселен, «Қалқаман – Мамыр» поэмасындағы Мамырдың ажал алдында тұрған кезінде оның аузына "Екі қан ауыр болар бір өзіңе" деген сөз салса, Кебекті сипаттағанда "Жасы бала болса да жаны отты" деген бір қарағанда қарапайым тіркестерді қолданады. Ал осындағы "екі қан", "отты жан" тіркестері бейнелі образдылыған қоса жаңашылдық мәнге ие болып тұр.

Ақын өз поэмаларында кейіпкерлерінің портретін жасауға ден қоя бермегенін айттық. Шынында Шәкәрім қаһармандары елден ерек сұлу не жұрттан асқан батыр ретінде суреттелмейді. Нақты портреттер де кездеспейді. Әйтсе де оқырманның көз алдына олардың кескін – келбеті айқын көрінерліктей болары анық. Ол заңды да. Ақын қаһармандарының бүкіл портретін, ішкі жан дүниесінің сырларын нақты, нақты тіркестер арқылы мүсіндец жеткізеді. Аз сөзбен көп ой ұқтыру, нені болса түйіп айту – Шәкәрімге тән қасиет. Ол үшін бір – екі бейнелі сөз немесе сәтті эпитеттер қаһарманның ішкі сыртқы портретін сомдауға жетіп жатыр.

Атап айтқанда, Мамыр – "әрі сұлу, әрі есті, еркекшора", Еңлік – "биік қабақ сұрлау қыз", Барлы – «қортықтау, аласа, нашарлау бала», Ханым – «тантық қыз», Тоқтамыс – "ту тіккен Тобықтының қос басшысы", Көкенай – "өзі батыр, мінезі қатты кісі", Кебек – "көзі өткір, қара торы, орта бойлы, тапалдау, кең иықты, жауға батыл, жақынға әдепті жігіт". Кебекті әр оқиғаға байланысты әр түрлі эпитеттермен береді: "аң қуған аңғал батыр", "сері Кебек", "ер Кебек", "батыр Кебек".

Бұлардан басқа да эпитеттердің толып жатқан тізбектерін келтіруге болады: "мұңлы қоңыр дауыс", "боз қырау бұрқыраған аттың тері", "көрінгенге көз сүзген көрсеқызар, әдепсіз қыз", "ес білмейтін ескі", "кер кеткен кеселді", "аз күндік арам жүрес", "ыстық жас", "күрең ат"сүйген жар, сүйенген жан", боз жорға ат", "нұр жүзі", "нұр жүрек", "улы дене".

Шәкәрім өлеңдерін әдемі теңеу, ұшқыр қанатты сөздермен ажарлап беруге шебер:

Қайран жастар қапыда қолға түсті,

Елтіген бөрідей боп жеген уға...

Бабаңның нұр жүрегі болды мұздай,

Жазасыз жасқа ешкімнің жаны қызбай...

Көп Найман екеуіне тұр анталап,

Бейне бір соятұғын малға балап...

Ындын қойып тыңдасаң сарнағанын,

Сақтанбасаң алғандай ақылды ұрлап... [1].

Ақын дастандарында екіұдай құбылыс, түсініктерді ұштастыра, шендестері беретін жолдар да кездеседі. Осы сөздерімізді дәлелдеу үшін тағы да поэмаларға үңілейік:

Ақылдың кейі іс жауы, кей іс досы,

Бұл екі істен болмайды өмір босы...

Мені де кедей емес, байға берген,

Күйеуім өткен жазда ұрын келген...

Қызарды, бір ағарды байдың қызы,

Бетке шықпай тұра ма жүрек ізі?

Іші ыстық, сыртқы дене суық тартып,

Салқын термен мөлдіреп нұрлы жүзі...

Алдыңа кешу сұрап келіп тұрмін,

Көзге тірі болса да, өліп тұрмын...

Ал поэмалардан алынған төмендегі жолдар ұтымды параллелизмге мысал бола алады:

Қаза келсе, малдыдан мал таймай ма,

Ажал жетсе, батырдан жан таймай ма?

Азар болса күйеуің жастау шығар,

Жарлы байып, жас өсіп, қартаймай ма?

Жас түзеліп, түрленіп, ер жетпей ме?

Бойындағы балалық бір кетпей ме?

Асыққандық емес пе мына сөзің,

Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме ?

Дастандарда құбылтудың бір түрі метафоралар да кездеседі. Бір ғана мысал: "жылы жүрек өзіне жар тапқандай, тыншымады, тулады, жүз құбылды".

Сондай – ақ "Еңлік-Кебектегі" мына бір бейнелі жұмбақтың астарында қаншалықты көркем образ жатқанын аңғару қиын емес:

Қабекең сөз айтпайды жұмбақтамай:

- Ей, Көбей, сұңқар қалай, тауық қалай?

Тоқтамыс жолаушылап кетіп еді,

Сол келгенше өтпей ме уақыт талай?

Көбей мұны ұқты да қайтып кетті,

Тобықты кеңес қылған топқа жатті.

Қабекең екі-ақ ауыз жұмбақ айтты,

Ол сөзінің мағынасы мынау депті:

"Еңлікті алып қашқан - Кебек батыр,

Оны айтпай-ақ біздің би біліп жатыр.

"Тауық" деп қызды айтады, "Сұңқар"-Кебек,

Тоқтамысқа қаратып қой дейді ақыр.

Мұндай мысалдар Шәкәрім ақын поэмаларының өн бойынан ұшырасып жатады.

Ақын поэзиясындағы фигураға келетін болсақ, ақын сөз тіркестерді дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгеше оралыммен, айрықша айшықпен құрады. Сөйтіп, сөздерге ерекше леп, екпін, тыныс беріп, жаңаша жан бітіреді.

Шәкәрім өлеңнің әсерін күшейтетін басқа да тәсілдермен бірге, оның қайталай түрін де орынды қолданады. Ол сөзін арнап отырған оқырманның назарын аударып, ықыласын баурып алғысы келген тұстарда сөзді мәртебе қайталап, әрі тартымды, әрі оқығанда бірден есте қалатындай етіп жеңіл ұйқастарға құрады.

Сол соғыс – хан Абылай келген қызы,

Қалмақтың сыбағасын берген кезі...

"Шырағым, бал аштым деп мал алмаймын,

Ол үшін саған ақыл сал алмаймын.

Жаман айтсам, жабығып қала көрме,

Жынның сөзін жасырып қала алмаймын...

Кебек мұны есітіп көп ойлады,

Асықпай біраз ғана еп ойлады.

Түні бойы қыз мені сынапты ғой,

Мен де мұны сынайын деп ойлады"...

Бабаң айтты: "Өлтірер жұмыс емес,

Таспен атып өлтірмек бұл іс емес.

Біреудің некелісін бұзбаған соң,

Қанына ортақ болу мүмкін емес".

Поэмалар тіліндегі тағы бір ерекшелік – Шәкәрімнің әзірге дейін барлық қазақтың ортақ қазынасына қосылып үлгермеген жаңа сөз тіркестерін жасаған ақын екендігі. Мәселен, қарастырылған поэмаларда жай ермек үшін емес, ұйқасқа үйлестілікті сақтау, тармақтың өлшемінен ауытқымау мақсатында өңделген, өзгертілген қолданыстар бар. Миым, ақылым жетпей тұр деп екінің бірі айта беретін ұғымды ақылым шақ ("Сол арасын білуге ақылым шақ") түрінде, кешірім өтіну, сұрау дегенді – кешу сұрау ("Алдыңа кешу сұрай келіп тұрмын") деп, баласы жоқ, балаға мұқтаж дегенді – баладан кем ("Малы көп, бірақ еркек баладан кем") деп жаңғыртқан.

Шын көңілден ұнату, қалтқысыз сүю деген фразеологизмдерді – ындынымен ұнату ("Ындыныңмен ұнатсаң, бер қолыңды") деп, жара байлауыш, жара таңғыш дегенді – таңу ету ("Аузына жарасының таңу етті"), оққа ұшты дегенді – садаққа ұшты ("Бабаңның бес баласы садаққа ұшты") деген тіркес түрінде берген.

Адамның, не жануарлардың тұтас денесі деген ұғымды ұлы дене ("Әйтеуір ұлы дене аман қалды") деген тіркес арқылы бейнелеген. Келтірілген қолданыстардан мағынаға келген кінәрат жоқ, оның есесіне естілу әуенінде жаңалық, өзгешелік бар.

Шәкәрім – халық тарихынан, этникалық, этнографиялық деректерден мол хабары бар ақын. Сол себепті ооның поэмаларындағы халықтық сахналар әрі нанымды, әрі көркем кестелі. Ол әсіресе халық тілінің нәрлі бояуларын, мақал – мәтелдерді барынша ұтымды әрі молынан пайдаланып отырады.

Ақынның қай дастанын қарастырсақ та, оларда халық ойының мәйегі болып табылатын мақал – мәтелдер мен қанатты сөздердің молдығы көзге түседі.

"Сақтықта қорлық жүрмес" деген бар ғой,

Сақтанбасаң артқыға сөз болсарсың"...

"Пәледен машайық та қашқан" жоқ па,

Қайтып разы болайын берген уға?"...

"Иесімен ас тәтті" деп Еңлікті

Шақырып ап екеуі отырды жеп.

Матай да соқтыққан жоқ тіпті неген

Мақал бар "ел құлағы елу" деген...

"Өлерде үш тілек бар деуші еді" ғой,

Құдай үшін, берсеңдер, мен сұрайын...

Болсын да Мәмбетейдің бір айтқаны,

"Еркек тоқты құрбандық" деген кәне.

Міне, осындай толып жатқан мақал – мәтелдер ақын жырының кестесін әрлендіріп тұрғаны анық.

Ақын поэмаларында өмірден екшеліп алынған, тереңдік толғамдар мен философиялық түйдек – түйдек ойлар бар.

Олар бірде кейіпкер сөзімен келсе, кейде айтар оқиғаға кіріспе ой ретінде беріледі.

"Еңлік - Кебек" поэмасы мынадай жолдармен басталады:

Өткен адам болады көзден таса,

Өлді - өшті, оны ешкім ойламаса.

Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп, ұмтылмаса.

Ақыл деген денеге егулі дән,

Суғарылса кіреді оған да жан.

Ақылдың өсіп - өніп зораймағы –

Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.

Есітіп, біліп, іөз көріп ойға салмақ,

Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ.

Қызықпақ, не жек көрмек, жиіркенбек,

Бастан кешкен әр істен белгі қалмақ.

Ақылдың кей іс жауы, кей іс досы,

Бұл екі істен болмайды өмір босы.

Досыңды жау, дұшпанды дос көрсетіп,

Көзді байлап нәпсінің қылғаны осы.

Енді бірде қорытынды ойлар кейіпкер іс-әрекетін суреттеумен астастырылып беріледі:

Не күшті, ойласаңыз, тағдыр күшті,

Кім тоқтатар әзелде болмақ істі.

"Өлсем бірге өлмекші сертім бар", - деп,

Мінгестіріп алуға аттан түсті.

Ақын Қалқаман мен Мамыр диалогы арқылы өзінің гуманистік сарынға толы толғамдарын жеткізеді:

- Ей, Қалқаман, тегі жоқ, құдай жалғыз,

Мұқтаж емес жолдасқа тіпті армансыз.

Адамзатқа көмексіз, махаббатсыз

Өмір қызық дегенді естен қалғыз.

Жоқ болса махаббатты бір сүйгенің,

Ойлашы, керегі не дүниенің?

Сүйсін, жолдас болсын деп жаратты алла,

Бұл туралы білгенім осы менің.

Поэмаларының баяндау сарыны, көркемдеу жүйесі – бүкіл болмыс – бітісінен кәнігі шеберге ғана тән салқын сабыр, сөз нарқы нақты байыпталған суреткерлік, өткен тарихты, көне тұрмысты, қазіргі ахуалды терең таныған білгірлік көрінеді. Оқиғаға бай, драмаға толы, жанды тұлғалары нақты дараланған, қаламгерлік мұрат айқын таңбаланған поэмалардың көлемі таңқаларлықтай шағын. Бірақ осы шағын көлемге романдық материал сыйған.

Кезінде ұлы Абай шығармашылығы жайында сөз қозғай келіп белгілі ғалым А. Нұрқатов: "Абай поэмалары негізінен баяндау стилінде жазылған. Оларда эпикалық сарын басым. Авторлық тебіреністер, лирикалық шегіністер, кейіпкерлердің ішкі монологтары Абай поэмаларында жоққа тән", - деген болатын" [2].

Шәкәрім поэмаларының жазылу стилінде де ұлы ұстазына ұқсастық бар. Оның дастандары да негізінен баяндау үлгісінде жазылған. Ол заңды да. Өйткені, бұл дәуірде көркем де бейнелі сурет жасайтын қазіргі ұғымдағы поэмалар дәстүрі әлі де толық қалыптаса қоймаған болатын.

"Абайды қазақтың жаңа үлгідегі поэма жанрын өмірге әкелген ақын дей тұрсақ та, - дейді зерттеуші Б. Әбдіғазиев, - бұл кезде негізінен бұрыннан келе жатқан дастан дәстүрі үстем тұрғанды. Абайдың реалистік поэмалары да, Шәкәрімнің одан кейінгі дастандары да осы дәстүрде туды" [3].

Бір айырмасы – Шәкәрім дастандарында авторлық түйінге кейіпкерлердің диалогтары мен монологтарына айрықша маңыз берілген. Бұл ұстаз дәстүрін ілгері дамытудағы шәкірт ақынның жемісті ізденісі деу керек.

Шәкәрім шығармалары ғасырлар бойы сараланып, қалыптасқан халық поэзиясының көркем тілі мен қанатты сөздерін, шығыс ақындарының сұлу да сыршылдық сипаттауларын, батыс пен орыстың романтик ақындарының сәбидей сезімталдығын, ал ұлы ұстаздың Абайдың шеберлік дәстүрін үлгі тұтып, қазақ поэзиясында өзінше жаңадан қайталанбас өрнек салды. Оның поэзиясының мағынасы терең, идеясы жоғары, сырты сұлу жұп – жұмыр, әсері мен әсемдігі бірдей мінсіз ұласып жатыр. Мазмұн мен ой көмкерілген, бейнеленген тұрдің бірлігін танытатын қарымды суреткерлік.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Құдайбердиев Ш. Өлеңдер мен поэмалары. – Алматы: Жалын, 1988.

2. Нұрқатова А. Абайдың ақындық дәстүрі. – Алматы: Ғылым, 1966.

3. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. – Алматы: Қазақ университеті, 1991.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006


 © 2024 - Вестник КАСУ