Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Тіліміздің тағдырын - еліміздің тағдыры деп білейік

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006

Автор: Еруланова Д.Е.

«Туған елім – тірлігімнің айғағы

Тілім барда айтылар сыр ойдағы

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін!»

Ә. Тәжібаев

Адам белгілі бір қоғамда өмір сүреді, сол қоғамның материалдық және рухани байлығын жасаушы болып табылады. Сол себепті адамдар үнемі қарым-қатынаста болады.Адамдардың өмір сүруінің, тіршілігін жүзеге асыруының құралы – тіл. Адам – тілімен адам. Тіл - жеке адамның туындысы емес, қоғамның жемісі, қоғамның нәтижесі. Тіл - қоғамдағы адамдардың қарым-қатынас құралы. Сондықтан да тіл- қоғамдық құбылыс, қоғамдық қызметімен өмір сүретін құбылыс. Адамзат қоғамы даму, жетілу үстінде болады. Осы өзгерістердің бәрі тіл арқылы көрінеді, тіл арқылы басқаға жетеді.

Тіл- адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани әдениетті жасаудың, ұлттық ұжымдық тәжірибесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Тіл-қысқасы, өмірдің ұлы қаруы.

Тілдің қарым-қатынас құралы болу қызметі оның коммуникативтік функциясы, ой мен дүниетанымды қалыптастыруы, конструктивтік функциясы, рухани мәдениетті жасау қызметі, эстетикалық функциясы, ұжымдық тәжірибе, ғылым-білімнің табыстарын жинақтауы каммулятивтік функциясы деп аталады.Қарым-қатынас майданына түскен сайын тілдің икемділігі артып, қызметі шыңдала береді. Бірақ тілдің мұндай қасиеті оның қызмет етуіне, жетілуі мен дамуына айырықша көңіл бөліп, мемлекет шынайы қамқорлыққа алғанда ғана ерекше жанадана түседі. Тіл саясаты тілдің қоғамдық қызметінің дамуына оң әсер етуге тиіс. Ал, кері әсер етсе, ондай саясат керітартпа саясат болып шығады.

Қазақ тілі қазақ ұлтының құралуымен бірге қазақ халқының ұлт тілі болып қалыптасты. Ұлттың өмір сүру кепілі – ұлттық тіл. Қазақтар өзінің ұлттық тілін «Ана тілі» деп атайды. Қазақтың ана тілі – қазақ халқына ортақ, бәріне бірдей түсінікті, біртұтас тіл. Соған қарамастан, халық тілі өз ішінен сараланады. Ол алдымен, бүкіл қазақ ұлтына және Қазақстанды мекендейтін басқа ұлттарға ортақ, түсінікті әдеби тіл. Екіншіден, белгілі аймақта, жергілікті сипатта қолданылатын диалектілер (пұшайман, мұштау, кісәпірлік, құлақтан, ақтық т.б.), үшіншіден, ауызекі сөйлеу тілі. Бұлардың қоғамдық орны, маңызы, қызметі бірдей емес, бірақ осының бәрі ұлттық тілді құрайды. Ұлттық тіл – қазақ ұлтының рухани, мәдени байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің қасиетті құралы.

Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл қажет. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Көп ұлтты Қазақстанда мемлекеттік тіл өз қызметін толық атқару үшін Тіл Заңын қабылдау қажет болды. «Қазақ КСР-нің тіл туралы Заңы» 1989 жылы қабылданды. Одан кейін Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болуына байланысты 1992 жылы және 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Жаңа Конституциясында қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді. Мемлекеттік тіл – Ту мен Елтаңба сияқты мемлекеттің рәмізі. Осыған сәйкес 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы заңы» қабылданып, оның 4-бабында «Қазастан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» екені жазылған.

Мемлекеттік тіл – Қазақстан мемлекетінің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын: мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу, ғылым, білім, мәдениет, денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету салалары – радио, теледидар, мерзімді баспасөз сияқты ақпарат құралдары, іс қағаздарының тілі. «Тіл туралы Заң» осы салалардағы тілдерді қолдануға байланысты туындайтын қатынастарды реттеп отырады. Мемлекеттік тіл мемлекет қамқорлығында болады.

Бастау тегі байырғы, мазмұн- мағынасы мейлінше төлтума қазақ мәдениеті жиырмасыншы ғасырда жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Бұрынғы ұлылардың бірі тілді туындатушылар мен жоғалтушылардың ортасында сол тілді ұқсата алмаушылар бар деген. Бұқара жұртшылық деңгейіндегі істі де икемді тіл, көшпелілер өмірінің сан ғасырлық және сан-сала тәжірибесін тал бойына сіңірген тіл, мәңгілік жұлдызды аспанның, ғарыштың суретін көкірегіне қондырған, көшпелінің қиялына қолғанат болған тіл тұтынуға жарамсыз болып қала жаздады.

Бұған себеп – отарлаушылардың тұрақты, мақсатты жүргізілген ішкі- сыртқы саясатының күшімен ата-бабамыз қалыптастырған отбасы тәрбиесінің, яғни тәрбие дәстүрі мәдениетінің бұзылуынан ба дейміз. Ата – бабасы сөйлеген аяулы ана тілі тұрғанда баланың әке-шешесімен, туған-туысымен өз отбасында өзге тілде шүлдірлесуі қай дәстүрімізде бар? Егер әр қазақтың баласы жақындарымен өзінің ана тілінде сөйлессе қазақ тілі бүгінгідей күйге ұшырар ма еді? Бұл арада тіл мәселесін отбасы шешіп тастайды деген ұғым тумаса керек. Мұнда мәселе бастау-бұлақтардың суынан құралып, арналы ұлы дариялар ағатындай, қайнар көзі отбасы тәрбиесімен ашылып, бұлқына аққан бала бұлақтың ана тілі дариясын тасытар құнарлылығында болып отыр. Тіліміздің тағдыры - өзіміздің тағдырымыз. Оған салғырт қарау өзгені емес, өзімізді сыйламау.

Бұл тұрғыда мынандай жағдайға тоқтауға болады.

Біріншіден, қазақ тілі өзінің барша құдірет-қуатымен әлемдік тіл кеңістігінің құрамдас бөлігі болып табылады.

Қазақ тілінің жетістігі - өзге халықтардың тілдерінің жетістігіндей бүкіл адамзатқа ортақ мән-мазмұндық байлықтың бір бөлігі. Әлем халықтарының бір де бірінің сөздігінде ұшыраспайтын, тек қана қазақ тілінің мүмкіндіктері арқылы нақтылы құбылыстарды танып-білуге болатын сөздер бар. Жалпы қазақ тілін дамыту дегеніміз гуманитарлық тұрғыдағы қуатты қаруды шыңдау, қоршаған ортаны бағалаудың бір құралын жетілдіру деген сөз. Өмірдің барлық белестерінде мейлі ол батаның немесе дананың сөзі болсын, болмаса күнделікті өмірдің мамыражай тұрмысындағы сәттерден бастап философиялық немесе филологиялық тұрғыда болсын бейнелеуде әрбір халықтың тілі өзінше орамды.

Екіншіден, қазақ тілі – ұлт болмысының бір көрінісі. Қазақ санасының көзі көріп отырған проблемаларының бірі – қазақтардың бір бөлігі өз ана тілін толық білмейтіндігі. Тілсіз ұлттық тұтастықтың болуы мүмкін емес. Ана тілін білмеудің негізгі себебі қазіргі таңға дейін орыс тілінің ақпараттық мүмкіндікке пайдаланылып отырылуы.

Үшіншіден, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алып отыруына байланысты еліміздің барлық жерінде қолданылатын тіл болып табылады. Мемлекеттік тілдің қажеттілігін туғызып, оны бірте-бірте меңгерту жалпы ұлттық кірігу тетіктерінің бірі болса керек. Мемлекеттік тіл халықтардың өзара түсіністік негізінде жақындастыратын мәдениеттің шынайы мән-мағынасы болуы тиіс.

Қазақтың қарапайым тілін, дәстүрін, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін білмеген, домбыра үніне ұйымаған, жусанды даланың иісін аңсамаған қазақтың өзін қазақ деп айту қиын.

1990 жылдан бері заңды түрде қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып есептелінді. Мұның мәнісі өз туған елімізде қазақ тілінің қоғамдық - әлеуметтік қызметі бұрынғыдай арта түседі деген сөз. Шындыққа жүгінсек, соңғы жылдарға дейін ана тілімізге тиісті көңіл бөлінбей келді. Соның салдарынан Республикамызда қазақтардың 40 пайызы өз ана тілін шала біледі немесе мүлдем білмейді. Кейінгі 35-40 жылдың айналасында жүздеген қазақ мектептері күшпен жабылды. Қысқасы, толық қанды қызметі оннан аспады. Өз туған республикамызда өз ана тіліміз отбасы, ошақ қасының тілі ғана болып қалды.

Еліміздің тарихында жариялық пен демократияның салтанат құруының нәтижесінде еліміздің егеменді, тіліміз мемлекеттік болғаннан бері ана тіліне деген көзқарас жаңа сапаға ие болды. Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Ана тіліміздің қадірін арттыру барша қауымның міндеті. Осы жолдағы ізденістер мен игі істер тіліміздің дамуындағы басты назар болды. Республикамыз егемендігін алғаннан бастап, қазақ тілінің де мәртебесі көтерілді. Соған орай мемлекеттік тілімізді дамыту барысында көптеген шаралар жасалынып, келешекке де өзекті мәселе етіп қойылды. Тәуелсіздігін алған мемлекетіміз өзінің нышан белгілерін де енгізді. Олар: туы, елтаңбасы, әнұраны. Егеменді мемлекетіміздің белгілерінің бірі – тілі. Еліміздің Ата Заңы – Конституциясының 7 және 93 баптарында:

1. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетілген.

2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті мемлекеттік өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

93-бабында: «Конституцияның 7 бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін, әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті».

Мемлекеттік тіл деп белгілі бір елдегі оынң негізін құрайтын көпшілік халықтың тілі дер есептелінеді. Қазақстан жерін байырғы заманнан бері қоныстанып келе жатқан халық – қазақтар. Олар өз Отанында тұрады және республика халқының негізін құрайды. Біздің еліміз – Қазақ елі немесе Қазақстан деп аталуы да содан. Олай болса Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі болуы заңдылық.

Қазақстан Тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіз мемлекетіміздің мәдениеті, өркениеті дамып жатыр. Тәуелсіздіктің туы тігілгеніне – 10 жылдан астам уақыт өтті. Қазақстан аумағында тұрып жатқан барлық диаспоралар тіліне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Ал өзіміздің мемлекеттік тіліміздің даму үрдісінде кешуілдеп жатқан мәселелер көп. Тіл сөйлеген сайын жетіледі, жазған сайын қалыптасады. Мемлекеттік тілді жетілдіру үшін оны күнделікті өмірде жиі қолдану керек. Қалыптастыру үшін «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілгендей іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру керек.

Мемлекеттік тілді оқытуға қажетті дидактикалық негіздерді анықтау үшін осы теорияның мемлекеттік тілді сол мемлекеттегі қалыптасқан «табиғи тілдік ортаның» болмысын танып-білу маңызды болмақ деп ойлаймын.

Өркениеттер тарихына ой жіберсек, қай халықтың да Ана тілі бар екенін көреміз. Ұлт тілін жеке тұлға не бір топ адам жасай алмайды. Ұлт тілі – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасы, рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізуші формасы. Сол себепті де қазақ атамыз: «Тілсіз өмір жоқ», «Өнер алды қызыл тіл », - деп айтады. Тілі мен ділі, дәстүрінен ай-күннің аманында, ешбір жаугершілік замансыз-ақ айырылып қалатын жұрттың ел, ұлт болып қалудан қалғаны. Өркениеттер аламан жарысында тәлім-тәрбие, білім-ғылымды өз тілінде игермеген халықтың келешегінен қайран жоқ. Тілінен айырылған ел дүбәрә санамен мемлекеттілігін сақтай алғанмен, ұлт болудан қалмақ. Бүгінгі таңда қазақ мемлекетінің ана тілі, кешегі түркітанушы ғалымдарды «жат жазудың жетегінде кетпей, таза сақталған, әуезді тіл» деп тамсандырған қазақ тілі жетімдік тартуда. Ата тарихтың ақсонар беттеріне үңілсек тілдің дамып, өркендеп қанат жаюы, ең алдымен мемлекеттің экономикалық қарқындылығына байланысты болған. Бізде әзірге керісінше...

Қазақ тілінің шын мәртебеге ие болу үшін білім беру ісінде қазақ тілінің рөлін арттыру қажет. Қазір республикамызда жалпы білім беретін 8222 орта мектеп бар болса, олардың 3686 –сы ғана қазақ мектептері. Былтырғы жылдың мәліметі бойынша орта білім беретін мектептерде 3 млн. бала оқыды. Олардың 1 млн. 628 мыңы қазақ мектебінде. Орыс мектебінде білім алған 1 млн. 152 мың оқушының шамамен 60 пайызы- қазақтар. Орыс мектебінде тәрбиеленген баланың ойлау жүйесі де орысша болатыны анық. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді халық даналығы. Қазіргі орысша білім алып жүрген қазақ балаларының арасынан да небір ғұлама ғалым да, білікті басшы да шығады. Алайда, олардан келешекте ана тілінің жанашыры шығады, ұлтқа жаны ашитын тұлға болады деп айта қою қиын. Қазірдің өзінде біздің ұлт өкілдері арасында дүбәрә буын қалыптасып келе жатыр. Ана тіліне атүсті қарайтын қаракөз ұрпақтың орысшасын толық меңгеріп, ағылшын тілінің игеруге көшкені тіпті түңілдіреді. «Өзге тілдің бәрін білген ұрпақ» өз тіліне деген құрметінен айырылып бара жатыр. Мәселе осылай жалғаса берсе, тіліміздің тағдыры не болмақ? Қазақстанды қазақша сөйлетудің бір жолы – қазақ тіліне деген қажеттілік туғызу. Сонда ғана мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін игеру деген ынта, талап пайда болады. Сондықтан істі мектептен, балалардың ұғымын, дүниетанымын, сөз құрастыруы мен жазуын ана тілі дәстүріне сай қалыптастырудан бастаған жөн. Бұл – қазақ халқының келешек тарихи тағдыры.

Жалпы алғанда қазіргі кезеңде көптеген мемлекеттік органдарда іс – қағаздарды қазақша жазуға көшірілуде.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп дуалы сөзі бар емес пе?! Расында да, бүгінгі таңда Қызылорда, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстары мемлекеттік тілге толық көшті.

Бұл күндері қазақ жерінде жаңа заман лебі есіп, экономикада, біздің санамызда да өзгерістер болып жатыр. Тілдің еркін дамуына жағдай жасалуда. Үлкен теңізді немесе ағысы қатты өзенді сақтап тұру үшін мыңдаған ұсақ бұлақтар құйып тұрады екен. Біздің де ұлы қазақ тіліміз үлкен дария болсын десек – тер төгіп, еңбек етуіміз керек дегім келеді.

Қай мемлекетте болсын ол елдің заңы орындалады. Парыз бен міндет- жазылмаған адамгершілік заңы. Мемлекеттік тіл болғаннан кейін, сол мемлекетте тұрған, өмір сүріп жатқан әрбір азамат оны үйренуге тиісті.

Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді анасындай аялап, қорғауға міндетті.

Қазақ халқының шұрайлы тіл байлығын, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін өзге ұлттың өкілдеріне таныстыру – көрнекті ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің шынайы шығармаларының, өмір соқпақтарын оқытып, үйрету арқылы ғана жүзеге асатындығы кімге болса да мәлім. Біздің өзіміздің қазақ тіліміздің сарқырамас рухани байлғы туралы түсінік беру арқылы өзге ұлт өкілдерінің санасында өркениетті Қазақстанның өткені мен бүгіні туралы жаңа көзқарас қалыптастыруымыз әбден мүмкін. Сондықтан да, өзіміздің ана тіліміз – қазақ тіліне ереекше баса назар аударған жөн. Тағы бір айта кететін жай – біздің ана тілімізге шет елдік азаматтардың да назары ауып отыр. Мәселен, Америка Құрама Штатынан, Ұлыбританиядан тағы басқа елдерден республикамызға жолсапармен келген адаммдар, студенттер, бизнесмендер қазақ тілін оқып үйренуде. Қазақ тілін бүгінгі таңда мемлекеттік қоғамдық ғылыми-зерттеу істерінде де кеңінен қолдана бастады. Сөйтіп, өркениетті елдегідей біздің республикамызда да қазақ тілі өзіне лайық қоғамдық-әлеуметтік қызметін толық атқаруға мүмкіндік алу үстінде.

Мемлекеттік тілді үйрену, меңгеру – бұл қазіргі өмір талабындғы басты мақсат. Ол қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде меңгертумен шектелмейді, ең бастысы, тіліміз арқылы халқымыздың игі болмысын, өзіндік табиғатын, салт-дәстүрін де қоса таныту. Бүгінгідей шұғыл өзгерістерге, белесті бұрыстарға толы заманда, сан тарау ақпараттар ағымының ішінде біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің көтеріліп жатқаны, нұр үстіне нұр!

Ата заңның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Осы бір тамаша сөздер Қазақстанның кез-келген азаматын ойландыруы керек-ақ. Қазақстан гүлденсе, қазақ жеріне тамырын жайған оның әрбір азаматының өмірі де гүлденеді. Ол үшін қасиетті Отанымыздың көк туын биікке көтеріп, анамыздың алдындағыдай азаматтық парызымыз бен міндетімізді бір сәт те естен шығармасақ, мемлекетіміздің тілін шекараны қорғағандай жан тәнімізбен қорғамасақ, онда – бәрі де бос сөз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақ ССР. 4 томдық қысқаша энциклопедиясы.\Бас. ред. Р.Н. Нургалиев; Алматы; Қаз. Сов. Энциклопедиясы. 1989 ж. - 717 б.

2. Қазақ тілі. Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журнал. 2006 ж., № 1 (13)

3. Ана тілі. Ұлт газеті. 2005 ж., №34 (764)

4. Қазақ тілі, 2005 ж., №6 (12)



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006


 © 2024 - Вестник КАСУ