Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

АРБАУ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЛЕКСИКАСЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006

Автор: Айтмукашова А.А.

Кең жазық құмды далада я таулы, тасты мекендерде алты ай жаз көшіп-қонып жүрген қазақтардың ерекше қорқып, сескенетіні – улы жәндіктер екен. Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан дала адамының, әсіресе бесікте жатқан баланың өлімі көбіне жылан, шаян, қарақұрт, бүйі сияқты жәндіктерден болған. Қазақ ішінде елден ала бөтен сотқар мінезімен, сойқанды, содыр іс-әрекетімен көрінген адамды «бүйі тигендей етті» дейді. Сөйтіп, бүйіні адамға жау, қас күш ретінде көрсетеді.

Міне, сондай қас күштердің: жылан мен шаянның, қарақұрт пен бүйінің шаққан уынан құтқарып, арашалап алатын адамды қазақ арбаушы дейді. Арбаушы сиқырлы сөздің күш-қуатымен інінде жатқан жылан, шаян, бәленгі, ұлу, қарақұрттың құтын қашырып, уын қайтарады. Шағылған адам мен малды жазады.

Арбау – дүние жүзіндегі халықтардың бәрінде бар десе де болады. Мысалы, қырғыздар қазақтың «арбаушы» деген сөзін «арбын» дейді.

Сөйтіп, арбау өлеңдері, негізінен, қарақұрт, жылан, бүйі шаққан адамды немесе малды емдеп, жазу, улы жәндіктердің уын қайтарып әлсірету мақсатынан туған. Бұл өлеңдер ой-өрісі, дүниетанымы төмен адамдардың тұрмысында, күнделікті күн көріс тіршілігінде кездесетін қиындықтарды жеңілдету үшін дүниеге келген.

Қазақта бұл алуандас өлеңдердің бірнеше түрі бар. Олар бірде улы жәндіктің түріне қарап: «Жылан шаққанда айтылатын арбау», «Бүйі шаққандағы арбау», «Қарақұрт шаққандағы арбау», «Бәленгі шаққандағы арбау» деп бөлінсе, бірде шағылған малдың түріне қарап: «Түйені шаққандағы арбау», «Қара малды шаққандағы арбау» болып жіктеледі.

Арбау өлеңдерінің құрылысынан, бітім-тұлғасынан байқалатын біраз өзгешеліктер бар. Біздіңше, бұл тектес өлеңдердің құрылысын төрт бөлімнен тұрады деп шамалау қажет. Бірінші – кіріспе, екінші – мақтау, жалынып, жалбарыну, үшінші – зеку, қорқыту, төртінші – улы жәндіктердің аттарын атап, «шық, тәңіріден парман келді» деп, бұйырумен аяқтау. Арбау өлеңдерінің көлемі қысқа. Өйткені бұл алуандас өлеңдердің сөзі көбіне түсініксіз, мағынасыз, әйтеуір ұйқас үшін тұрған әртүрлі жанды-жансыз заттың атаулары.

Қорыта келгенде, арбау өлеңдері арғы ата-бабаларымыздың көне замандағы емшілік көзқарасын, табиғат құбылыстарының жасырын сырларын танып-білуге ұмтылған алғашқы қадамын көрсетеді.

Жалпы арбау құрылымында «түсініксіз сөздер» үлкен роль атқарады. Б. Уахатов «түсініксіз, жұмбақ сөздерді неғұрлым көбірек қолданса, жылан, шаянның есін соғұрлым тез алып, тез өлтіруге болады» деген халық сенімін айта келіп:

Мары, мары, мары жылан,

Ұзын, ұзын, ұзын жылан.

Ұзын шашты келте жылан

Марқары, сарқары, -

дегендегі «мары» сөзі бүкіл Шығыс елдеріне белгілі болған жылан патшасы Шах-Маран емес пе екен деген ой тастайды [1, 158]. Бірақ мары – парсы тіліндегі жылан деген сөз. Дауысты дыбыстарға толы түсініксіз сөз араласқан, сондықтан да естір құлаққа әсерлі, сазды «Мары, мары, мары жылан» тіркесі қазақ тілінде «Жылан, жылан, жылан, жылан» болып қана шығар еді.

Қаһарлансаң қар жаудыр,

Буырқансаң мұз жаудыр,

Мұздай темір құрсандыр.

Буырқану. Эпос жырларының барлығында дерлік батырлар «буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып» айбат шегеді, жауға аттанады, ұрысқа кіреді, «ойын салады». Бұрсану сөзі буырқануға жақын мәндегі сөз болар деп ұғамыз. Көне түркі тілдерінде бусан етістігі брһар. Ол «беймазалану, алаңдау, қапа болу» деген мағыналарды білдірген. Осы ұғымда бусан, бусурқан деген қос сөз де қолданылған. Ал мүмкін осы бусан сөзімен түбірлес бусы деген етістіктің «ашулану, бұрқан-талқан болу» мағынасы бар. Сірә, біз талдап отырған сөз көне бусы етістігімен тамырлас болар.

Көбінесе бұрсанып тұлғасында жазылатын сөздің бусанып деген нұсқасы да кездеседі. Қырғыз тілінде де бұл образды тіркес буурқанып-бууанып түрінде айтылады. Қазақтың жыр-өлең мәтіндерінде бұрсанып түрінде қалыптасу себебін өлең жолындағы құрсану сөзіне ұйқастыру талабынан іздестіру керек болар. Мағынасы күңгірт сөздерді өлең шарты үшін дыбысталуы жағынан өзгерте салу – қазақ поэзиясы үшін жат құбылыс емес [2, 60].

Мұндағы құрсану етістігі бұл күнде кемде-кем қолданылады. Бұл – көне түркі тілдеріндегі «белдік, белбеу» мағынасын беретін құр сөзінен жасалған құрсау етістігінің өздік етіс түрі. Құрса – құр+сау «белге байлау», құрсан - «бір нәрсемен белін байлау, белбеулену» дегенді білдіреді. Мұны ескі жырларда кездесетін «алтын белбеу құрсанып» деген сияқты өлең жолдары да дәлелдейді. Мұздай темір құрсану – «темірден (болаттан) жасалған қаруды беліне байлау, иығына асу, ілу» деген мәнде.

Осы түбірден жасалған құрсай сөзі де бар. «Қозы Көрпеш» жырында:

Құрсай садақ беліне ілер дейді – деген жол бар. Мұндағы құрсай сөзінің мәнін «садақты беліне ілді» деген контекстің өзі ашып тұр. Қазіргі тілімізде бар құрсау сөзінің түбірі – құр, о бастағы тұлғасы құрсағ («белдік, оралған, белдеуленген нәрсе») деген есім сөз.

Шалкиіз жырау мен Махамбет ақындарда және «Ер Тарғын» жырында келетін:

Аспанда бұлт құрсайды,

Күн жауарға ұқсайды – деген стереотип (клише, қалып сөз) жолдар бар. Бұл жердегі құрсайды дегеннің де түбірі - құр, одан құрса – етістігі жасалған, мәні «орау» (аспан адам баласының көзіне дөңгелек, төңкерілген дүние, оны қаптаған бұлт, кемпірқосақ сияқтылар аспанды орап алғандай болып көрінеді). Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі бұл жердегі құрсау етістігін «айналаны қоршау, торлау, «қамап алу» деп түсіндіреді. Бірақ осы мағынасы – құрсау сөзінің ауыспалы мәндегісі, яғни әуелдегі «белбеулену, белді орау» дегеннен туған (ауысқан) мағына.

Қазақ тіліндегі құр (бау), басқұр, ышқыр (іш+құр) деген сөздер де «белдік» және «айнала орау» деген мағынадағы құр сөзімен төркіндес екені айқын көрініп тұр.

Сөйтіп құрсану сөзінің түбірі – құр («белді») + са (етістік тудыратын жұрнақ) + н (етіс жұрнағы), мағынасы «белге байлау, белбеулену». Бұл күнде құрсау сөзінің мағынасын «қоршау, торлау, қамап алу» деп түсінгендіктен, оны қоршау етістігімен алмастырып жіберу де кездеседі. Мысалы эпостық жырлар мен Махамбет сияқты ақындарда бірнеше реттен кездесетін жоғарғы жолдардың:

Күнді бұлт қоршайды,

Күн жауарға ұқсайды.

Айды бұлт қоршайды,

Түн жауарға ұқсайды -

деп жазылған түрлерінен де ұшыратамыз.

Кер, кер жылан, кер жылан

Кереге басты мәр жылан.

Ұзын-ұзын, ұзын жылан,

Лек-лек келді, шық жылан.

Кереге. Қазақ тілінде бұл сөздің мағынасы – киіз үйдің ағаштан жасалған қабырғасы екені белгілі. Сөздің алғашқы мағынасы – «тор» екендігін сарыкөл тілінің дерегінен білеміз. Онда керган – тор (решетка) [3, 88]. Бұл тілде осы сөзден пайда болды дерліктей, киіз үй мағынасында қолданылатын «хирги» тұлғасын да ұшыратамыз [3, 204].

Кейде бір зат атауы екінші нәрсеге ауысып отыратын жағдай тіл заңдылығында жиі ұшырасады. Осыны дәлелдейтін тағы бір дерек киіз үйдің негізгі жабдығының бірі – тор көз, моңғол, қалмақ тілдерінде киіз үй атауына айналған. Айырмашылық тек соңғы екі-үш дыбыстың түсіріліп «гэр» не «гер» тұлғаларында көрінуі [4, 69; 5, 794]. Ал қазақ тілінде–еге жұрнағын сақтай отырып, киіз үй жабдығының бірі болып қала берген [6, 137].

Лек. Қазақ тілінде бұл сөз көп жағдайда қос сөз қалпында қолданылып, мағынасы тізбек-тізбек, топ-топ дегенге меңзейді. Лек сөзінің иран тілі арқылы қазақтарға енген үнді сөзі екені жөнінде Л.З. Будаговтың сөздігінде мәлімет берілген. Онда «лек» - «жүз мың» деген сандық ұғымды түсіндіреді [7, 2, 190]. «Лек-легіміз» шындап келгенде, тек белгісіз, өлшемсіз топты білдірмейді екен, «жүз мыңдаған» сияқты нақтылы санды ұғындыратындығын көреміз. Қазіргі парсы тілінде де «лек» тұлғасы «жүз мың» мағынасын береді [8, 2, 428].

Батпан-батпан су керек!

Ала қапты кигенбіз,

Ақ жаңбырлар жаусын деп.

Батпан. Ертедегі жазба ескерткіштерінде «батпан» сөзінің дыбыстық тұлғалары жиі ұшырайды: батман – салмақ өлшемі [9, 92]. Әр елде әртүрлі мөлшерде көрінеді (96 кг-нан 192 кг дейін). М. Қашқари сөздігінде де бар (М.Қ, 1, 415)

Э. Севортян тіл мамандары арасындағы екі түрлі болжамға тоқтайды: бірі – батпан сөзін безменмен байланыстыра келіп, сөз түбі араб тіліндегі салмақ мағынасын білдіретін – «вазн» сөзі парсыларға ауысып – «вазнан» болып, содан «батман» түрінде түркі тілдеріне өткен; екіншісі – сөз түбірі «бат» етістігі дейді [10, 2, 81].

Тұңғиық қара көлдерден

Шөп алайық ақ бұлт

Қара атыма

Ер-тұрманын салайын.

Тұрман. Қос сөз құрамындағы тұрман қазақ тілінде тек атқа байланысты керек жабдықтарды (ер, тоқым, әбзел т.б.) білдіру мақсатында ғана қолданылады.

«Тұрман» қырғыз, башқұрт сияқты түркі халықтары тілінде «турман» болып айтылып, берер мағынасы да өзгешелеу болып келеді. Мысалы қырғыз тілінде киіз үйге қажетті жабдықтарды да «үй тұрманы» тіркесімен байланыстырады. Түпкі төркінін алар болсақ, бұл парсы тілінен ауысқан сөз. Сонда біздің талдап отырған «ер-тұрманымыздың» толық мағынасы «ер және оның жабдықтары» дегенді білдіреді [9, 30].

Жүгіре соғып кел бұлт

Қайың басын қайыра соқ,

Арша басын айыра соқ,

Тобылғы басын толғай соқ,

Атан түйе жыға соқ,

Ат бауырынан өте соқ!

Атан – піштірілген, ақталған түйе. Дәл осындай мағына мен дыбыстық құрамда бұл атауды М. Қашқари сөздігінен де көреміз [11, 66].

Қазіргі түркі тілдері ішінде, қырғыздарда «атан», ал монғол тобындағы тілдердегі монғолдарда да – «атан» болып дыбысталады.

Сөздің шыққан төркінін анықтау үшін, алдымен мынадай деректерге назар аудармақпыз. Тілімізде піштірілген, кестірілген еркек малға тән – «ақта» сөзі бар. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» - «Ақта зат. Азбан пішпе» деген анықтама берілген (ҚТТС). Бірақ қазақ тіліне қайдан ауысып келгендігі белгіленбеген. Түптей келгенде «ақта» сөзі – кірме екендігі байқалады. Бұған дәлел «піштірілген, кестірілген» араб тілінде – «ақтатан», парсыларда – ахтэ. Соңғы екі тілдің бұл сөзді қайсысынан қайсысы ауыстырып алғанын дәл басып айту қиын. Шамасы, арабтардан парсыларға кірген болуы мүмкін.

Келтірілген тілдік деректерді негіз тұтып, «атан» сөзінің тууына араб, парсы тілдеріндегі – «ақтатан», «ахтэ» тұлғалары себепші болған демекпіз. Әсіресе, түркі тіліне ауысқанда өзгеріске оңайы, икемдісі – парсының «ахтэ» сөзі алғашқы «а» дыбысының әсерімен соңғы «э»-де «а»-ға айналып, «х» дыбысының түсіріліп, соңына –н жұрнағының қосылуынан келіп (ахтэ – ахта – а(х)та+н –атан), түйе малына тиісті атаудың бірі – «атан» келіп шыққан.

Кейінгі жолдарда –н жұрнағымен тектес қосымшалар басқа да мал атауларында ұшырасатындығын ескерте кетеміз [12, 108].

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. - Алматы: Ғылым, 1974.

2. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы: Санат, 1994.

3. Пахалина Т. Н. Сарыкольско-русский словарь. – М., 1971.

4. Монғолша-қазақша сөздік. – Улан-Батор, 1954.

5. Русско-калмыцкий словарь. – М., 1964.

6. Нұрмағамбетов Ә. Бес жүз бес сөз. – Алматы: Рауан, 1994.

7. Будагов Л. З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. – Санкт-Петербург, 1869, 1871. Т.1, 2.

8. Рубинчик Ю. А. Персидско-русский словарь. – Москва, 1983. Т.2.

9. Нұрмағамбетов Ә. Қос сөздердің құпиясы. - Алматы: Жалын, 1991.

10. Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. – Москва, 1974, 1978, 1980. Т. 1, 2, 3.

11. Древнетюркский словарь. – Л., 1969.

12. Владимирцов Б.Я. Сравнительная грамматика монгольского письменного языка и халхасского наречий. – Л., 1920



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006


 © 2024 - Вестник КАСУ