Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдеріндегі мақал-мәтелдердің мағыналық ұқсастығы және тәрбиелік мәні

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006

Авторы: Зейнелова Л.М., Наби Л.

Ғылыми жетекшісі –Нәби Л.

Соңғы 15 жылдағы еліміздегі халықаралық саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың дамуы мен нығаюы және республикамыздың халықаралық қоғамдастыққа енуі білім беру саясатына шет тілдерге байланысты көптеген өзгерістер әкелді. Қазіргі кезде ғаламдық жаһандану, яғни әлемдік білім беру кеңістігіне ену процесі жүріп жатыр. Президентіміз Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын ұсынды. Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамассыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет [7, б. 32]. Яғни жоғары нәтижелерге жету үшін, біздің болашақ ұрпағымыз өте білімді, заман талабына сай жан-жақты дамыған, мәдениетті және өте тәрбиелі болуы қажет. Ал жан-жақты дамыған тұлға тек берік біліммен қаруланып қана қоймай, қазіргі заман талаптарына сай бірнеше шетел тілдерін меңгеруі тиіс.

Қазіргі кезде шетел тілінің қажеттілігі күннен күнге артып келеді. Ол қоғамдық-экономикалық, ғылыми-техникалық және жалпы мәдени алға басуында қозғаушы айғақ болып отыр. Бұл айғақ шетел тілдерін оқытудың дәрежесін жоғарлатуда. ЮНЕСКО ХХІ ғасырды полилингвизм ғасыры деп атады. Біздің болашақ ұрпағымыз тек өз ана тілін меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар бірнеше шетел тілін меңгеруі хақ. Ал шетел тілін жан-жақты меңгертуде оқыту-тәрбие процесін қызықты, ыңғайлы және ұтымды қылу үшін, 4 тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын, неміс) қолдануды ұсынамыз.

Мақаланың басты мәселелеріне тоқталатын болсақ: шетел тілді жан-жақты меңгерту, балалардың сөздік қорын байыту және шет тілдегі мақал-мәтелдерді қолдануға дағдыландыру, күнделікті қолданысқа енгізу. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», - деп Әл-Фараби айтқан. Яғни ең басты мәселелердің бірі балаларға 4 тілдегі мақал-мәтелдердің тәрбиелік маңыздылығын түсіндіру болып табылады.

Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзiмен бiрге жасалып, екшелiп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып жатқан ауыз әдебиетiнiң бай саласының бiрi – мақал-мәтелдер.

“Мақал-мәтел – сөз мәйегі”, “Мақал – сөздің мұнарасы”, - деп, қазақ халқы ауыз әдебиетінің асыл жанрына аса құнды баға берген.

Халық қашан да өскелең ұрпақты тәрбиелеудің мәнін, оның қиындығы мен қуанышын, одан шығатын нәтижені біліп отырған. Осы тұрғыдан алғанда. Ауыз әдебиетіндегі шағын жанрлардың бірі – мақал-мәтелдер баланың ой-өрісін, дүниетанымын, қиялын, тілін дамытуда, тәлім-тәрбиесінде терең мән жатыр.

Мақал-мәтелдер – ұзақ жылдар бойы халықтың іс-тәжірибесінен түйінделген даналық жемісі. Мақал-мәтелдер - әр кезеңде ата-бабадан ұлағатты сөз, парасатты ой ретінде ұрпақтың еншілеген мол қазынасы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде халықтың өмір сүру барысындағы тәжірибесі, көңілге түйген ақылының кені жатыр.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мақал мен мәтелге мынандай түсіндірме берілген: мақал – үлгі-өнеге ретінде айтылатын жалпы халықтық нақыл сөз; мақал деп қысқа, образды, ұйқасты, тұжырымды нақыл сөзді айтамыз [6, б. 102]. Мәтел – тұжырымды. Бейнелі әрі ықшам нақыл сөз [6, б. 168].

Дастан, хиссаларға қарағанда мақал-мәтелдердiң ерекше қасиетi көлемiнiң шағындығы, мазмұнының кеңдiгi, тiлiнiң өткiрлiгi, мағынасының тереңдiгi. Әрi ол барлық халыққа әсерлi, жалпы адамзатқа ортақ, көңiлге бөлекше қонымды, ұтымды келедi. Мақал-мәтелдерді халық не үшін қадірлейді? Саф алтындай асылдығы, мірдің атқан оғындай өткірлігі, ықшамдылығы, дау тудырмас даналығы, өнеге үйреткіш тәлімділігі, қиып түсер қылыштай уыттылығы мен тапқырлығы үшін дер едік.

Тегiнде мақал-мәтелдер қай халықтың да жан-дүниесiнiң, мiнез-бiтiмiнiң, тыныс-тiршiлiгiнiң айнасы; ол сол халықтың сөздiк қорының байлығын танытып қана қоймайды, оның уақыт озған сайын құны артпаса арзымас қазына екенiн де сездiрер белгiсi. Кез-келген халықтың даналығы мен рухы сол халықтың мақал-мәтелдерiнде анық көрiнiс беретiнi ертеден мәлiм. Ал басқа тiлдегi мақал-мәтелдердi бiлiп, түсiну – бұл тiлдi жақсы меңгеруiне көмектесiп қана қоймай, сонымен қатар басқа халықтың ой-бейнесiн және мiнез-құлқын түсiнуiне көп үлес қосады, дәнекер болады. Мақал-мәтел, нақыл сөздер тілімізді байыта түсетін халықтың асыл қоры. Оның жұртшылық үшін пайдасы мен рөлі зор. Шетел тiлдi меңгертуде сол тiлдердегi нақыл сөздердi, мақал-мәтелдердi үйретiп, жаттатқызу арқылы оқушының практикалық дағдыларын қалыптастыру әдiсi белгiлi нәтижелердi көрсеттi.

Олай болса ағылшын және неміс тілі сабақтарында ағылшын және неміс халқының мақал-мәтелдерiн қазақша және орысшаға аударып, оларды мағынасы сәйкес, тiптi мағынасы бiрдей қазақ және орыс мақал-мәтелдерiмен салыстыру арқылы шетел тiлдi меңгерту тиімді нәтиже берері қақ.

Қай елдiң мақал-мәтелдерiн алмасақ та, барлығының ең басты ерекшелiгi – тәрбиелiк маңыздылығы. Ағылшын және неміс тiлiндегi мақал-мәтелдердi үйрету негiзiнде бiз балаларды тек ағылшын және неміс халқының көп ғасырлық өмiрлiк тәжiрибесiмен, әлеуметтiк, этикалық және эстетикалық көзқарастары мен дүниетанымымен таныстырып қана қоймай, ең бастысы сол нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердiң тәрбиелiк мәнiн түсiндiрiп, сөздiк қорын байытамыз.

Ағылшын және неміс тiлiнен қазақшаға аударуда қиыншылықтар кездесетiнi де сөзсiз. Аударманы жасаған кезде басқа тiлдiң көмегi арқылы белгiлi бiр тiлдегi мазмұнды мүмкiндiгiнше дәл жеткiзу, ағылшын және неміс тiлiндегi мақалды немесе мәтелдi түсiнiп, оны өз туған тiлiнде түсiндiруге және керiсiнше жасау iскерлiгiне ие болу мiндетi қойылады. Төрт тiлдегi мақал-мәтелдердегi немесе нақыл сөздердегi мағыналық реңктiң ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ұғыну ағылшын тiлiн үйренуiне елеулi көмек көрсетедi.

Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдеріндегі мақал-мәтелдер жан-жақты қарастырылып талданды.

Мәселен:

1. Ағылшын, неміс, қазақ, орыс тілдеріндегі мақал-мәтелдер жеке тақырыптар бойынша сараланды;

а) Адам және оның қасиеті;

ә) Еңбек және кәсіп;

б) Ғылым-білім. т.б.

2. Мақал-мәтелдер мағыналарына қарай сараланды;

а) Мақал-мәтелдердің 4 (қазақ, орыс, ағылшын, неміс) тілде сөздік баламасының әр түрлі мағыналарының бірдей болуы;

ә) Мақал-мәтелдердің 4 (қазақ, орыс, ағылшын, неміс) тілде сөздік баламасының дәл келуі;

Мыcалы:

Білім – қуат.

Знание – сила.

Knowledge is power.

Wissen ist Macht.

Бұл мәтелде 4 тілдегі сөздік баламасы және де мағынасы дәл келіп тұр. Бұл синонимикалық мәтелдер, яғни аудару барысында тiкелей аудару арқылы аударылған, мағыналары да, сөздерi де бiрдей. Бұндай ұқсас синонимикалық мақал-мәтелдердi шетел тiл меңгеруде қолдану өте қолайлы.

Екінші мысал:

Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді.

Паршивая овца всё стадо портит.

One drop of poison spoils the whole tun of wine.

Ein faules Ei verdirbt den ganzen Brei.

Ал бұл мәтелде 4 тілдегі сөздік баламасы әр түрлі, бірақ мағынасы бір.

АДАМ және ОНЫҢ ҚАСИЕТI

ЧЕЛОВЕК и ЕГО КАЧЕСТВА

HUMAN BEING and HUMAN NATURE

DER MENSCH und SEINE EIGENSCHAFTEN

1) Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа.

Сколько стран, столько обычаев.

Every country has its customs.

Andere Länder, andere Sitten.

2) Сырты жалтырауықтың іші қалтырауық.

Наружность обманчива.

Appearences are deceptive – never judge from appearence.

Die Säuerten Äpfel haben die schönsten Bäckchen.

3) Сиыр баласын торпағым дер, қарға баласын аппағым дер.

Всяк кулик своё болото хвалит.

Every cook praises his own broth.

Der Bärin scheinen ihre Jungen schön.

4) Мысқалы аз, бірақ қымбат.

Мал золотник, да дорог.

A little body often harbours a great soul.

Klein, aber fein.

ЕҢБЕК пен КӘСIП туралы

ТРУД и ПРОФЕССИЯ

WORK. LABOUR

DIE ARBEIT und DER BERUF

1) Iске уақыт, ермекке сағат.

Делу время, потехе час.

Business before pleasure.

Erst die Arbeit, dann das Spiel.

2) Еңбек түбі – қуаныш.

Конец – делу венец.

The end crowns the work.

Ende gut, alles gut.

3) Қыс арбаңды сайла, жаз шанаңды сайла.

Любишь кататься, люби и саночки возить.

After dinner comes the reconing.

Willst du genieβen, so laβ dich die Mühe.

4) Тамшы тама берсе тас жарады.

Капля камень точит.

Little strokes fell great oaks.

Viele Streiche fällen die Eiche.

ҒЫЛЫМ- БIЛIМ туралы

ЗНАНИЕ и НАУКА

KNOWLEDGE and SCIENCE

DAS WISSEN und DIE WISSENSCHAFT

1) Бiлiм – қуат.

Знание – сила.

Knowledge is power.

Wissen ist Macht.

2) Өмір бойы үйрен.

Век живи – век учись.

Live and learn.

Man lernt, so lange man lebt.

3) Ақылды көндім десе, ақымақ жеңдім дейді.

Дурак считает себя умным, а умный признаёт глупцом.

The fool does think he is wise,

but the wise man knows himself to be a fool.

Der Dummkopf lehrt, der Gescheide lernt.

4) Көргеніңді көңілге түй.

Учись на чужих ошибках.

Learn wisdom by the follies of others.

Andere Fehler sind gute Lehrer.

ДЕНСАУЛЫҚ туралы

ЗДОРОВЬЕ

HEALTH

DIE GESUNDHEIT

1) Денсаулық – зор байлық.

Здоровье дороже богатства.

Good health is above wealth

Gesundheit ist der gröβte Reichtum.

2) Демі бардың емі бар.

Чем ушибся, тем и лечись.

Take a hair of the dog that bit you.

Dem Gesunden heilen alle Wunden.

3) Тазалық бар жерде денсаулық бар.

Чистота – залог здоровья.

If each would sweep before his own door,

he should have a clean city.

Reinlichkeit ist halbes Leben.

4) Кесел батпандап кіріп, мысқалдап шығады.

Здоровье выходит пудами, а входит золотниками.

Agues come on horseback but go away on foot.

Böses kommt geritten, geht aber weg mit Schritten.

ДОСТЫҚ туралы

ДРУЖБА

FRIENDLINESS

DIE FREUNDSCHAFT

1) Досыңды қиналғанда бір сына,

Қуанғанда бір сына.

Друзья познаются в беде.

A friend in need is friend indeed.

Der Freund erkennt man in der Not.

2) Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын.

Не имей сто рублей, а имей сто друзей.

A friend in court is better than a penny in purse.

Freunde sind über Silber und Gold.

3) Жаңа дос жаныңда жүргенде, ескі дос есіңде жүрсін.

Старый друг лучше новых двух.

Old friends and old wine are best.

Ein alter Freund ist zwei neue wert.

4) Ақымақ достан ақылды дұшпан артық.

Лучше явный враг, чем фальшивый друг.

Better an open enemy than a false friend.

Erlicher Feind ist besser als falscher Freund.

Мақал-мәтелдерге тән көркемдiгi, ырғақты суреттеуi арқылы олар өте тез есте сақталып, ағылшын және неміс тiлiн үйретудiң әр түрлi аспектiлерi мен кез-келген басқа мақсат үшiн иллюстрация ретiнде қолданыла алады.

Бұл бейнелiк нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердi қолдану барысында, оқушылар халық даналығының мағынасына тереңiрек үңiлiп түсiнедi. Мақал-мәтелдердiң мәнерлi формасы оларды тез есте сақтауға мүмкiндiк бередi, бұл ағылшын және неміс тiлiндегi мақал-мәтелдерiнде кездесетiн грамматикалық құрылыстарды өңдеуге көмектеседi.

Мағыналары бiр төрт фразаны төрт тiлде салыстыру қандай болса да тақырыпта әңгiме жүргiзуге мүмкiндiгiн бередi. Бұл қысқа нақыл сөздердiң терең мағынасы оқушылардың ой өрiсiн кеңейтiп, дамытып қана қоймай, өзiнiң тәрбиелiк маңыздылығымен құнды болып табылады. Мақал мен мәтелдердiң мағыналық кең диапазонына байланысты оларды оқушылар мен студенттермен жұмыс iстеуде ғана емес, сонымен бiрге тiлдi өз бетiмен меңгеруге бел байлаған адамдарға да қолдануға болады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Албытова Н. Қазақ балалар фольклор арқылы бастауыш мектеп оқушыларының дүниетанымын қалыптастыру. – А., 1999.

2. Ахметова С.Г. Английские пословицы и поговорки и их эквиваленты в русском и казахском языках: Пармиологический словарь. – А., 1989.

3. Әлімбаев М. Халық – ғажап тәлімгер. – А., 1994

4. Дубравин М. Английские и русские пословицы и поговорки в иллюстрациях. – М.: Просвещение, 1995.

5. Қазақ мақал-мәтелдерi. Құрастырған: Ж. Дәуренбеков - А., 2001.

6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 7 том. – Алматы: Ғылым, 1983.

7. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. – Астана: Елорда, 2006.

8. Deutsche Sprichwörter für Ausländer. – Leipzig: Verlag Enzyklopädie, 1988



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2006


 © 2024 - Вестник КАСУ