Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2006

Авторы: Можанова Ж.К., Оракбаева М.К.

Мектепте жұмыс істейтін педагогтар, тәрбиешілер балаларды оқытып-тәрбиелеу барысында, сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, ашуланшақ, бұзақылықтар жасайтын балаларды жиі кездестіреді. Психолог мамандар мұндай оқушыларды «Қиын балалар», «Мінез-құлқында ауытқуы бар оқушылар», «Қиын тәрбиеленуші» қатарына жатқызады.

Қиын бала деген кім? Қиын баланың пайда болуына не немесе кім ықпал етеді? деген сұрақтар амалсыздан туындайды.

Қиын балалар және мінез-құлықтағы қиындық ұғымы 1920-30 жылдары П.П. Блонскийдің еңбектерінде пайда бола бастады. Оның зерттеулерінде қиын балалардың мінез-құлық тарихын мектеп, отбасы арқылы ашып көрсетеді. Ол қиын балаларға мұғалімнің қатынасы арқылы қиын оқушы терминін нақтылауды жөн көреді. Бұл балаларға былайша мінездеме береді: обьективті көзқараспен қарағанда қиын оқушы –мынадай, ол мұғалімнің жұмысының жемісті еместігіне байланысты. Субьективті көзқараспен қарағанда қиын оқушы – мынадай, онымен мұғалімге жұмыс істеу өте қиын, мұғалімнен көп жұмыс істеуді талап ететін оқушы. Істі бүлдіруші оқушыларға толыққанды мінездеме бере отырып, П.П. Блонский өз жұмыстарында мектепті, сыныпты ұйымдастыруға баса көңіл бөледі. Блонскийдің пікірі бойынша қайта тәрбиелеудің нағыз тура жолы, тәртіп бұзушыларды мәдениетсіз ортадан мәдениетті балалар ұжымына біртіндеп әкелу болып табылады. Қиын бала мәселесі бойынша ең алғаш зерттеу жүргізген П.П. Бельский кәмелетке жасы толмаған мінез-құлқындағы қиындығы бар балалардың ішкі дүниесін қарастырды. В.В. Трифонов зерттеулерінде «қиын оқушы анықтамасы – бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы. Г.А. Фортунатовтың зерттеулерінде «қиын балаларға » үлгермеушілер мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды және психикалық бұзылудан жапа шеккендерді жатқызады. Қазіргі кезде психологияда қиын бала түсінігінің бірыңғай анықтамасы жоқ. Бұл шексіз ұғым, ол жеке адамның өзгеру құбылысын жинақтаушы. Осы категориядағы балалардың жалпы адамдық және өзге ешкімде қайталанбайтын қасиеттері, әлеуметтік және биологиялық факторлардың ықпалымен қамтамасыз етіледі.

Ағылшын психологы Хевитта және Дженкинс қиын балаларды екі үлкен категорияға бөлген :

1. Әлеуметтік формадағы антиқоғамдық мінез-құлқы тән балалар.

2. Әлеуметтік емес антиқоғамдық агрессивті мінез-құлықты балалар. Бұл балалардың жанұясымен, қатарластарымен қарым-қатынасы жаман, эмоциялары бұзылған, агрессивті, қатыгез әрі кекшіл балалар.

Ғалымдардың бірқатары қиын балалардың пайда болуын өмірдің қолайсыз және әлеуметтік-биологиялық факторлармен байланыстырды.

Ал И.А. Невский қиын баланың пайда болуы отбасындағы, мектептегі жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігінен деп түсіндірді. Яғни, ата-ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылулық сезінбеген, мейірімділік көрмеген оқушы өмірде өзінің ешкімге қажетсізбін деп есептеп, ашуланшақ, агрессивті, қатыгез болып өседі. Қиын оқушының пайда болу себептерін анықтағанда, біріншіден отбасындағы тәрбиеге, ал екіншіден мектептегі оқу-тәрбие мәселесіне аса көңіл бөлеміз. Өйткені, көптеген психолог ғалымдардың зерттеулеріне жүгінетін болсақ, оқушылардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себептерін отбасындағы дұрыс тәрбие бермеудің салдарынан болатындығын анықтады:

1) отбасының әлеуметтік және экономикалық жағдайы;

2) ата-ананың баласына немқұрайлы қарауы;

3) қараусыз қалған бала немесе шектен тыс қамқорлық.

Қазіргі кездегі жас ата-аналар өсіп келе жатқан баласын аса тым еркелетіп өсіріп жатыр десек те қателеспейтін шығармыз. Аса тым артық мадақтау мен шектен тыс мәпелеуде өскен бала ешқандай күш жұмсамайақ көзге түскісі келеді, егер мұғалім ескерту айтатын жағдайда жылай салатын әлсіз, өздігінен еш нәрсеге қол жеткізе алмайтын, ерке болып, өзбеттілігі қалыптаспаған бала болып өседі. Сонымен бірге «Үйлену оңай, отбасын құру қиын» деп ата-бабамыз айтқандай қазіргі жастарымыздың отбасылық өмірге дайын еместігінен, немқұрайлы қарағандықтан қара көзді балалар толық емес отбасында немесе жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Не анасының жылылығын, не әкесінің мейірімділігін, тәрбиесін көрмей өскен баланың психикасы жарақатталып, қиын балалар санының қатарына қосылады.

Сондықтан «Қиын бала қайдан пайда болды?» - деген сұраққа жауап бермес бұрын, отбасымыздағы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты ретке келтіріп алғанымыз дұрыс сияқты. Алайда, бұрынғы ата-бабамыз мұра қылып қалдырып кеткен отбасындағы баланы тәрбиелеу стильдерін қайта жаңғыртатын болсақ та қателеспеген болар едік. Бұл қоғамдағы, отбасындағы көптеген мәселелердің шешілуін біраз жеңілдететіні сөзсіз деп ойлаймыз.

Сонымен балалардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себебі, біріншіден, отбасы тәрбиесі десек, екіншіден, мектептегі оқу-тәрбие жұмысындағы кемшіліктермен сипатталады.

Бала мектепке келген кезден бастап оқушы - мұғалім және оқушы-оқушы арасында қарым-қатынас қалыптаса бастайды. Бұндай қарым-қатынасты орындау оқушыға бастапқыда қиын соғады. Жалпы мектептегі мұғалімнің барлық балаларға қойылатын талаптары да көзқарастары да бірдей болуы керек. Дегенмен де кейбір мұғалімдердің өзінің сүйіктілері және сүйікті емес оқушылары да (гадкий утенок) болады. Бұл мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынас орнатуын аса қиындатады. Өйткен мұғалім өзінің сүйіктілеріне жақсы баға қойып, қолдап отырады, ал қалған балалар қаншама тырысқанмен шет жақта қалып «Мен қанша тырысып айтқанмен де төмен баға қояды» деген пікірлер қалыптасып, оқушылардың оқу мотивациясының төмендеуіне әкеледі.

Д.Б. Элькониннің айтуынша, баланың дамуы кезінде оқу процесінің алатын орны ерекше. Бала мектепке келгенде оның ойында оқуға деген қызығушылық әлі толық қалыптаспаған, тек оқу барысында мұғалімнің ықпалымен қызығушылғы біртіндеп қалыптасады деген.

Белгілі ғалым Л.С. Выготский былай деп жазған: «Қызығушылық-бала қылығын итермелеуші күш. Баланың іс-әрекеті оның органикалық қажеттілігімен сәйкестілігін көрсететін инстинктивті ұмтылыс. Тұлғаны қандай да бір іс-әрекетке шақырғыңыз келсе, ең алдымен оның қызығушылығын тудыру қажет. Оның сол іс-әрекетке дайын екеніне және оны орындауға барлық күшін бағыттайтынына көз жеткізуге керек. Сонда ғана тұлғаның іс-әрекетті өз бетінше істей алады, ал мұғалім тек қана оның іс-әрекетін басқарып және бағдарлап отырады».

Ал, мұғалімге психологиялық білім өзіне-өзі белгілі талап қоя білу үшін де және оқушыларға білу, білім беру және тәрбиелеу үшін де қажетті өзіндегі жеке адамдық қасиеттерді дамытуға да керек.

Ал оқушының оқуға қызығушылығын тудыру мұғалімнің педагогикалық шеберлігі мен қабілетіне байланысты болады. Бұл негіз ең біріншіден педагогтың жеке қасиетіне, қабілетіне, оқушымен қарым-қатынасына, олардың әрекеттерін дұрыс ұйымдастыруына қарай құрылады.

Бала білімінің бастапқы іргетасы бастауышта қаланатыны бәрімізге белгілі. Бастауыш сыныпта сабақтың бір элементтерін түсінбеуі оқуда қиындық тудырады, ал оқу бағдарламасы сыныптан сыныпқа ауысқан сайын күрделене береді, бұл баланың оқу үлгерімі нашарлап, сабақтан қашу, сабаққа келмеу және т.б. әрекеттері арқылы көріне бастайды.

Г.М. Минковский, Л.М. Зюбин, Д.В. Колесов, В.Н. Кудрявцев зерттеулерінде қиын балалардың басым көпшілігі - мектептегі оқуда қиындықтарға кезігіп, оқу бағдарламасын дұрыс меңгере алмай, ұжымнан тысқары қалып қалған балалар, -деп атап көрсетті.

Белгілі ғалымдар Б.Г. Ананьев, Л.И. Божович зерттеулерінде мұғалім мен бала арасындағы қарым-қатынас, баланың ата-анасына және құрбыларына қарым-қатынасын анықтап, эксперименттік түрде зерттеп көрсеткен. Жалпы ғалымдардың зерттеулеріне сүйенетін болсақ, бала мінез-құлқының қиындығы 6-8 сыныптарда әсіресе ұл балаларда басымырақ байқалады деген.

Мінез-құлқында қиыншылығы бар оқушыларды әдетте екі топқа бөліп қарастырады:

1. Тән кемтарлығы және жан жарақаты бар оқушылар;

2. Отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда сыртқы кері факторлардың, әлеуметтік жағдайдың әсері болған және өтпелі кезеңнің күрделілігінен мінезі дұрыс қалыптаспаған оқушылар.

Қиын балалардың психологиялық ерекшеліктерін теориялық тұрғыда Л.С. Выготский еңбектерінде талқыланды, сондай-ақ А.С. Макаренко тәжірибелерінен де үлкен орын алды.

Бірқатар қазақстандық педагог зерттеушілер В.Г. Баженов, А. Жұмабаев, К.А. Жүкенова, А.М. Карабаева, И.Ф. Назаров, В.А. Парфенов, В.А. Трифонов, В.П. Шевченко, Л.В. Лысенко, Л.К. Керимов және т.б еңбектерінде қиын балалардың қиқарлық сияқты жағымсыз қасиеттерінің қалыптасуына әлеуметтік-педагогикалық факторлардың әсер ететіндігін зерттеді. Бастауыш мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің асоциальды мінез-құлықтарын, спорт, өзіндік және жеке жұмыстарды ұйымдастыру, мектепке деген ықпалды күшейту, отбасындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге балаларды қатыстыру арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсетті.

Қазіргі кезде мектепте бала өрескел қылық жасаса, тәртіпсіздік көрсетсе кінәні ата-аналар мұғалімдер не тәрбиешінің тәрбиесі деп санайды. Тәрбиенің түп негізі бала дүниеге шыр етіп келегеннен кейін басталады. Баланы материалдық жағынан қамтамасыз етеміз деп ата-аналар күні бойы маңдай терін төгіп, жұмыс істеп, балаларының ешкімнен кем болмағанын қалайды. Алайда, қараусыз қалған балалардың елігуі тез және жаман қылықтарға да бейім келеді. Ал баласының бос уақытында не істеп жүргенін, қайда барып, немен шұғылданып жүргенін білмейтін ата-аналардың көптігі қаншама. Сонымен бірге, өсіп келе жатқан жас ұрпақ сыпайылық, мейірімділік танытпай қатігездігі байқалып жатса «Мынау менің балам ба, бұл қылықты мен үйреткен емеспін» деп таң қаламыз. «Не ексең, соны орасың» деп ата-бабамыз тегін айтпаған, балаға материалдық қажеттіліктен гөрі рухани қажеттілік аса қажет деп ойлаймыз.

Қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты, балаларды заманымызға сай етіп оқытып-тәрбиелеу үшін педагогтарға кәсіби және жеке тұлғасына талаптар қойылады (жоғары білімді, іздемпаз, жаңашыл, креативті және т.б. Педагогтың жұмысы табысты болуы үшін әрбір баланың психологиясын жақсы білуі тиіс. Егер де бала мұғалімнің тілін алмай жатса, бұл қиын бала деген жаңсақ пікір қалыптасып, психологтың кабинетіне баруды нұсқайды. Бірақта бұл жағдайда бала мүлдем қиын бала емес шығар, мәселенің түп тамыры педагогтың өзінің жеке басына қатысты болуы мүмкін, яғни, педагогтың оқушылардың психологиясы туралы ақпараттардың таяздығынан оқушылармен жұмыс істеуде біршама қиындықтарға кезігеді.

Сондықтан да, кез келген педагог «Қиын бала кім?», «Қандай балаларды қиын балаларға жатқызуға болады?», «Қиын балалармен атқарылатын жұмыс түрлері» және жалпы қиын балалар туралы ақрпараттарды білуге міндетті

Ол үшін педагог психологпен бірлескен іс-әрекетте жұмыстар атқарып, педагогтың психологиялық білімін жетілдіруі тиіс. Жоғарыда ғалымдардың зерттеулерінде айтылып кеткендей, қиын баланың пайда болуын отбасы және мектеп тәрбиесімен байланыстырады. Сондықтан қоғам, мектеп және отбасы үйлесіп, бірігіп жұмыс істегенде ғана жұмысымыз тиімді болатынына еш күмәнім жоқ.

Демек, баланың жан-жақты дамыған, еліміздің көк байрағын биікке көтеретін дарынды тұлға етіп тәрбиелеу отбасынан, мектеп табалдырығын аттағаннан кейін басталады және ол баршамыздың ісі болмақ.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Рабочая книга школьного психолога/ Под ред. И.В. Дубровина. - СПб., 1998.

2. Раттер М. Помощь трудным детям. - М., 1987.

3. Степанов С.С. Психология трудных школьников: Учебное пособие. М., 1996.

4. Ахметжанова Н. Мінез-құлқы қиын балалар / Н. Ахметжанова //Ұлағат № 1, 2001.

5. Хухлаева О.В. Основы психологического консультирования и психологической коррекции. - М.: Издателский центр «Академия», 2001



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2006


 © 2017 - Вестник КАСУ