Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2005

Автор: Нигметжанова Г.К

Өмірдің мағынасы – ол адамның санасындағы субьективті ең маңызды құндылық және оның мінез-құлқының басты реттеушісіне айналған құндылық. Адам дамуының шыңы - осы процесте өз денсаулығының белгісі бойынша адам организімінің, құратын қатынастардың адамгершілік нормаларға сәйкестілік белгісі бойынша тұлғаның еңбектегі және қарым-қатынастағы, сондай-ақ қоршаған орта мен өзін-өзі танудағы сәттіліктер белгісі бойынша іс-әрекет субьектісі ретіндегі қабілеттерінің жететін ең жоғарғы көрсеткіші. Өзгелермен қарым-қатынас барысында қайталанбас тұлға ретінде қалыптасу, басқалармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу - баға жетпес байлық. Осы байлыққа ие болған адам қоғамда өз орынын тауып, үйлесімді өмір сүре алады. Оған жету жолы сан түрлі. Соның бірі - өзін-өзі тану.

«Өзін-өзі» тану курсы қазіргі таңда ғылыми жаңа бағыт болып табылады. Оның стратегиялық бағдары, тұлға болып қалыптасуы, дүние жүзілік көзқарасын кеңейту, әлеуметтік – экономикалық тапсырмаларды, күнделікті өмірдегі көкейкесті мәселелерді шешу, қарым-қатынас жасауға тағы басқа бағытталған.

Тұлғаның өзін-өзі тануының негізгі құрамдас бөліктерін эксперименттік түрде анықтау мақсатымен оның төрт негізгі аумағын және олардың параметрлерін бөліп қарастырсақ, оларды төмендегідей көрсетуге болады.

1. Тұлғаның мотивациялық аумағы: мінез-құлықтың және іс-әрекеттің мотивтері, әлеуметтік қажеттіліктер.

2. Белсенділік аумағы: интерналдылық, инициативтілік, өзіне-өзі сенімділік, өзін-өзі таныту.

3. Тұлғаның құндылықтық-мағыналық аумағы: құндылықтық бағдарлар, өмірдің мағынасы мен мақсаттары.

4. Тұлғаның этникалық өзіндік санасының аумағы – этникалық жаңсақ нанымдардың негізінде қалыптасатын этномәдени сәйкестілік [1, б. 90].

Өзiн-өзi тану сияқты күрделi психологиялық феноменнiң мазмұнына қатысты әр-түрлi көзқарастар бар. Тұлғаның өзiн-өзi тану теориясының негiзiн салушы К. Маслоудың анықтамасы бойынша, өзiн-өзi танып білуі - адамның өзiнiң барлық тұлғалық мүмкiндiктерi мен шығармашылық қабiлеттерiн толық ашуға және дамытуға үздiксiз ұмтылысы [2, б. 45].

Р.С. Немов өзiн-өзi тануды психологиялық бiлiм негiзiнде қарастыра, маңызды қайнар көздерiн атап көрсетедi:

1. Қоршаған орта: ата-ана, туған-туыс, достар т.б баланың іс-әрекетiне қарап баға берiп, ал бала сол берген бағаны сенiм ретiнде қабылдап, қандай да бiр өзiндiк баға бала бойында қалыптасады.

2. Адам өз iс-әрекетiн өзгелердiң iс-әрекетiмен салыстыра бағалауы.

3. Өзiн-өзi тану мен өзгенi тану көбiнесе әртүрлi өмiрлiк жағдайлардан, әртүрлi тесттер арқылы жүзеге асыруға болады.[3, б. 9-19].

С.В. Кондратьева бойынша өзiн-өзi тануды зерттеуде әртүрлi бағыттар, психологиялық механизмдер жайлы сұрақтар, басқа жеке адамды тануда өзара байланыс ерекшелiгi және өзiн-өзi тануы жеткiлктi дәрежеде зерттелiнбеген. Өзге адамды түсiнуде және өзара байланыс механизмiн, мазмұнын айқындауы, мiнез-құлық рефлексивтi қасиетiн анықтауға жол ашады деп көрсетедi [4, б. 36].

Л.Н. Десен тұлғаның өзiн-өзi тануы мен өзге адамдардың ол жайлы бiлуi, тануының арасындағы өзара байланысын зерттеуде, ең алдымен қоршаған адамдар ортасында қарым-қатынастың деңгейiн анықтау. Зерттеу мазмұнында тұлғаның қарым-қатынасы өзiнiң құрбыларымен, қарама-қарсы жынысты адамдар арасындағы қарым-қатынасы әсер етедi [5, б. 101].

Ж. Маралов бойынша, «өзiн-өзi тану» - бұл өзiнiң потенционалды және жеке бас қасиетiн, интеллектуалды ерекшелiгiн, мiнез-құлқын, өзiнiң қатынасын өзге адамдар арқылы өзiн тану процесi.

Өзiн-өзi танудың ғылыми тұрғыдан қарастырғанда, психологияда кеңiнен ашылып көрсетiледi:

- өзiн-өзi тану – психологиялық кемелдi және iшкi үйлесiмдiлiктi қабылдау құралы.

- өзiн-өзi тану - тұлғаның психикалық және психологиялық денсаулықты қабылдау жағдайы.

- өзiн-өзi тану - тұлғаның өзiндiк дамуының бiрден-бiр жолы және оның жүзеге асырылуы. Бұл мәндер өзара тығыз байланыста болып келедi және олар бiр-бiрiн толықтырып отырады [6, б. 9-10].

Классикалық психоанализде өзiн-өзi тану бейсанада ығыстыру ұғымымен сипатталынады. Австриялық психолог және психиатр З. Фрейд ығыстыруға агрессивтi және сексуалды тенденцияны жатқызады. Психоаналитиктiң мұндағы рөлi емделушіге (пациентке) арнайы психоанализ техникасын қолдана көмек беру.

З. Фрейд шәкiртi австриялық психиатр А. Адлер өзін-өзі танудың мән-мағынасын адамның өзінің алдына қойған шынайы мақсатын танудан көреді.

Гештальттерапияда өзін-өзі тану адамның тұлғалық кемелге жетудегі жетістік құралы ретінде қарастырылады. Неміс психологы Ф. Перлз тұлғалық кемел сапасындағы көрсеткішін мынандай түрге бөліп көрсетеді.

1. Басқаларға емес, өзіне демеулік, көмек көрсете алу.

2. Жауапкершілікті өз мойнына алу.

3. Қиын жағдайда өзіндік ресурсын жеделдету.

4. Дағдарыстан шығу үшін тәуекелге бару [6, б. 23].

Гуманистік психологияда өзін-өзі тану тұлғаның өзіндік даму жағдайымен, өзін-өзі жетілдірумен қарастырылады. Бұл бағыттың өкілі американдық ғалым К. Роджерс адам құрамын реалды «Мен» және идеалды «Мен» деп бөліп көрсетеді, ал адам өміріне әсерін тигізетін әлеуметтік ортаны қосымша етіп алады.

Реалды «Мен» - өзі туралы ой, сезімі, талпынысы тағы солсияқты елестету жүйесі.

Идеалды «Мен»- адам болашақта қандай болғысы келетiнi, терең ойлауы мен өзiнiң тәжiрибесi.

Әлеуметтік орта - бұл басқа адамдардың баға беруi (адамның құндылығы, көзқарасы, iс-әрекетi, нормасы тағы сол сияқты).

Реалды «мен» және идеалды мен өзара сәйкес келмеуi мазасыздықты, әрекеттiң бейiмделе алмауы, әртүрлi психологиялық мәселелер туындайды.

Сонымен, В.Г. Маралов бойынша өзiн-өзi тану - өзiндiк тәжiрибенi меңгеру құралы: адам өзiн-өзiн тануда тұлғалық өсу қабiлетiн, өзiн-өзi жетiлдiру, өмiр қуанышын сезiну, өмiр мәнiн түсiне алуы. Өзiн-өзi танудың мәнi позитивтi және негативтi болып екiге бөлiнедi.

Позитивтi мәнi – кез келген жұмыс жағдайы, белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн, жұмыс сәттi болу үшiн талаптың қойылуы, қарым-қатынасты нығайтуда, өз мүмкiншiлiгiн арттыру және бұл қасиеттердi адам өз бойынан тануы.

Негативтi мәнi - өзi жайлы жақсы танып бiле алмағандықтан, адам күштi және әлсiз жақтарын мұттәйiм мақсатта қолдануы, өз амбициясын, өз талаптарын қанағаттандыру тағы басқа.

Психологияда өзін-өзі тану саласын алғаш атап көрсеткен американдық психолог У. Джеймс. Сыртқы дүние арқылы өзiн-өзi тану - қарым-қатынаста, iс-әрекеттi орындауда өз қылығын бағалау, өз мүмкiншiлiгiн және қабiлеттiлiгiн көрсете алу. Iшкi дүние арқылы өзiн-өзi тану - уайымдау, сезiм, арман, ой, қалау тағы сол сияқты iшкi дүниенi сыртқа шығарып, тану үшiн қызықты жұмыспен шұғылдану абзал [6, б.15].

Өзiн-өзi тану аймағы мен саласы жайлы кең түрде Д. Лафта және Г. Интрома «Джогари терезесiн» көрсеттi.

Кесте 1.1.1 «Джогари терезесi»

Мен өзім жайлы жақсы білетінім

Өзім жайлы білмейтінім

Мен жайлы өзге адамдардың білуі

Арена

Соқыр дақ

Мен жайлы өзге адамдардың білмеуі

Жасырын аймақ

Белгісіз

Арена - мен өзiм жайлы бiлетiнiм және мен туралы қоршаған ортадағы адамдардың бiлуi.

Соқыр дақ - мен жайлы басқа адамдардың бiлуi, бiрақ мен өзiм бiлмеуiм.

Жасырын аймақ - мен өзiм жайлы бiлуiм, бiрақ өзге адамдар мұны байқамайды.

Белгiсiз - мен өзiм жайлы және өзге адамдарда мен туралы бiлмеуi.

Сонымен, өзiн-өзi тану пәнiнiң қорытындысы Арена терезесiн жоғары деңгейге көтеру, кеңейту, ал соқыр дақ аймағын тарылту, жасырын аймағын нақтылау, яғни ненi өзге адамдардан жасыру, ненi ашық көрсету мен мақсатқа жету үшiн ненi қолданған пайдалы және оны жетiлдiру. Осындай модельдi қолданса тұлға өзiндік бақылау жасай отыра, өзге адамдардың тұлға жайлы не ойлайтынын бiле алады [6, б. 64-73].

Өзiндiк сана – «Мен» образын тану субьектiсi ретiнде «Мен» iс-әрекетi (Мен-концепциясы). «Мен» образы, «Мен» субьективтi ретiнде құрылымындағы реттеушi қызмет. Өзiндiк сана құрылымының төмендегi кестеден көруге болады.

1. Эмоционалды құндылық қатынасы

2. Өзiн-өзi тану

3. Өзiн-өзi реттеу

4. Өзiн-өзi бақылау

5. Өзiн-өзi бағалау

«Мен» субьект ретiнде әртүрлi белсендi iс-ірекеттердiң әсерiнен өзiн-өзi тану қызметiн атқарады, оның өзi эмоционалды құндылық қатынасымен тығыз бiрге жүредi.

Өзiн-өзi тану қорытындысында «Мен» образы тұсiндiрiледi және кейде жаңа «Мен» образы жинақталынады. Тұлғаның талпынысы «Мен» образы бiрден пайда болмайды, ең алдымен тұлға қасиеттерi, қылық, әрекет ерекшелiктерi тағы сол сияқты өзi жайлы ойлар қалыптасады. Мұнда басты орынды өзгелермен салыстыруы, өзiн-өзi бағалауымен ерекшеленедi. Егер «Мен» образы рационалды түсiнiктi қабылданған мезетте «Мен концепциясы» жоғары деңгейде болады, ол адам өмiрiне әсерiн тигiзiп, мақсатын, жоспарын анықтауға әсерiн тигiзедi [6, б.19-20].

Отандық психолог В.В. Столин адам ұйымының үш деңгейiн көрсеттi:

1. Биологиялық индивид;

2. Әлеуметтiк индивид;

3. Тұлға.

Биологиялық индивид деңгейiнде өзiндiк сана «Мен» физикалық мүмкiндiгiн, өз дене бейнесiн құру мүмкiндiгiн көрсетедi.

Әлеуметтiк индивид деңгейiнде өзiндiк сана өзгелердiң көзқарасын қабылдау, ата-анасымен өзiн ұқсастыруы, әрекеттi орындаудағы үлгiлердi игеру, өзiн-өзi бағалауының қалыптасуы; кейiннен кәсіби идентификациясы; өзiн-өзi бақылай алуы тағы сол сияқты қалыптасады.

Жеке адам деңгейiнде өзiндiк сана өзiндiк әлеуметтiк құндылығымен, өткен, қазiргi және болашақ жайлы елестетуi мен ондағы өзгерiстердiң көрiнiсiмен сипатталынады [7, б. 37].

В.Г. Маралов сипаттамасында өзiн-өзi тану – бұл әрекеттiң дәйектiлiгi мен жиынтығы. Алдымен қандайда бiр тұлғалық қасиетi немесе iс-әрекет сипатын анықтап алу, бұл өте маңызды, онсыз өзiн-өзi тану мәнi жойылады. Оны санамауға бекiтiп, талдау соңында адамның тұлғалық қасиеттер құрылымын, оның шекарасын қарастырып бағалауы да «Мен концепциясын» қабылдамайды. Өзiн-өзi тану процесi - бұл өзiнiң бойынан қандайда бiр қасиеттi анықтау [6, б. 27].

Кесте 1.1.4 Өзiн-өзi тану процесi

Анықтау

Қабылдау

Бекiту

Талдау

Баға

1. Өзiн-өзi танудың түсiну және түсiне алмау деңгейi. Адам қарапайым өмiр сүредi, оқиды, еңбектенедi, қарым-қатынасқа түседi, өз-өзiмен сөйлеседi. Өмiр барысында көптеген дәйектер жиналып (өзге адамдар жайлы, өзі жайлы), бір мезетте санада бекітіліп, түсініп немесе түсіне алмауы, яғни өзіне деген қатынасына бақылау жасай алмауы қабілетінің төмендегі байқалады.

2. Мақсаттылық. Жеке адам өз алдына қандайда бір мақсат қояды және бағыттылығын, қабілеттілігін, тұлға қасиеттерін қолдана отырып, сол мақсатқа жетуге тырысады. Осы жағдайда әрекет арқылы өзін-өзі бағалауы, талдауы, өзін-өзі тануы жүзеге асады. Тұлға неғұрлым іс-әрекетте өзін-өзі тануын жүзеге асырған сайын, соғұрлым терең өзі жайлы біле түседі. Бұл жерде керi модел де кездеседi, егер эмоционалды күй жоғары деңгейде болса, өзiн-өзi тануы объективтi болмайды, әртүрлi комплекстер пайда болады.

3. Өзiн-өзi танудың қанығуы әртүрлi өмiрлiк жолдарында кездеседi. Тұлға тек жағдайды, өзге адамдарды бiлiп қана қоймай, өз мүмкiндiгiн, қасиетiн, өзiнде бiлген жөн.

4. Өзiн-өзi танудың аяқталмауы - бұнда ересек адамдардың өмiрi бай және шынайы тұлға. Өзiңдi толық тану мүмкiн емес, тiптi әлеуметтiк ортада орны зор, қабiлеттi деп санайтын адамның өзi де жоғары деңгейде өзiн-өзi тани алмайды [6, б. 28-32].

Өзiн-өзi танудың психологиялық механизмi - ол тұлғаның құндылық мағыналық өзiндiк реттелуi, өзiнiң барлық жеке дара, типтiк қасиеттерiн, эмоционалдылық-ерiктiк, мотивациялық танымдық жетiлдiруi.

Р.М. Жақыповтың айтуынша, өзiндiк тану, өзiндiк сана, рефлексия және әлеуметтік талаптарды еске алу арқылы өзiн-өзi дамыту тұлғаның өзiн-өзi танытуының алғы шарттары болып табылады [8, б. 40].

Өзiн-өзi танытанын тұлғаның негiзгi қасиеттерiнiң бiрi белсендiлiк. К.А. Абульханова көзқарасы бойынша, белсендiлiк - бұл тұлғаның қажеттiлiктердi, қабiлеттердi, өмiрге қатынастарды және қоғамның тұлғаға қоятын талаптарын интеграциялау негiзiнде тұлғаға ғана тән, өмiрдi ұйымдастыру, реттеу және өзiндiк реттелу тәсiлi [1, б. 96].

А.А. Бодалев белсендiлiк және оның құрамдас бөлiктерi тұлғаның өзiне-өзi сенiмдiлiк сияқты мiнездемесiмен тығыз байланысты деп көрсетедi. Сондықтан өзiн-өзi танытатын тұлғаның маңызды қасиетi өзiне сенiмдiлiк проблемасы отандық психологтармен аз зерттелiнген. Шетелдiк психологтар тұлғаның бұл сипаттамасын теориялық және эксперименттiк түрде зерттеуге тырысты. Бiрақ, алғашында ол психокоррекция мәселелерiмен байланысты зерттелiндi. Өзiне сенiмдiлiктiң аз немесе тiптi болмауы көп жағдайда пессимизм мен қысылуда көрiнiс табатын тұлғаның невротикалық симптоматикасына әкеледi. ХХ ғасырдың 40 жылдары АҚШ-тағы невроз клиникасының бас дәрiгерi Андре Сальтер өзiне сенiмсiздiктi коррекциялау, емдеу және әлсiрету проблемасымен ең алғашқы болып айналысты [9, б. 55].

Жеке адамның қайнар көзiнiң белсендiлiк көзi - қажеттiлiк. Қажеттiлiк кең мағынада - бұл мұқтаждық, ал тар мағынада - қалып, яғни адамның жағдай тәуелдiлiгiнiң көрiнiсi. Қажеттiлiк биологиялық және әлеуметтiк болып бөлiнедi. Биологиялық қажеттiлiкке – су, жылу, ауа, тамақ, сексуалды қатынас т.б., ал әлеуметтiк қажеттiлiктiң негiзi - еңбек ету, тануда, қарым-қатынас, жетiстiкке жету т.б. Өзiн-өзi тану процесi ретiнде көрiнiс бередi және оның түп негiзiнде қажеттiлiк жатыр, ол өзiн-өзi танудағы қажеттiлiк деп атауға болады. Өзiн-өзi танудағы қажеттiлiк - бұл тану қажеттiлiгi. Ол «Мен» қажеттiлiгiмен тығыз байланысты. Оларға жататындар: өзiн-өзi сыйлаудағы қажеттiлiк, өзiн теңестiрудегi қажеттiлiк, өзгелердiң көзқарасы бойынша өзiн мойындау т.б.

Өзiн-өзi сыйлауға деген қажеттiлiгi адамның өз талаптарына және қоршаған ортадағы адамдардың талаптарына жауап беруiмен жоғары дәрежеге жетуiмен көрiнiс бередi. «Мен»-iң тұтастығына деген қажеттiлiгi «Мен» образының соңына жету [1, б. 32-36].

Барлық қажеттiлiктер бiр-бiрiмен тығыз байланысты және бiр-бiрiн толықтырып отырады. Өзiн-өзi сыйлау және «Мен» тұтастығы, олар өзiн-өзi тану қажеттiлiгiн күшейтедi. Өзiн-өзi тану қажеттiлiгi басқа да қажеттiлiктердiң қанағаттануымен жеңiлдетiледi. Мысалы, өзiңе талапты қоя бiлу үшiн, ең алдымен өзiңдi бiлу қажет, ал өзiңдi жақсы бiлсең тұтастығыңды құрай аласың және «Мен» образына ешқандай қарама-қарсылық тумайды.

Мұндай қажеттiлiктiң қанағаттандырылуы өзiндiк дамуымен байланысты. Өзiңдi бiлу үшiн және өзiн-өзi тану қажеттiлiктi күшейту үшiн, көбiрек қарым-қатынас жасау керек, ал қарым-қатынасқа түсу үшiн өзiңдi жақсы бiлу қажет, ал бұл жетiстiктегi қажеттiлiктердiң қанағаттануымен жүзеге асады. Жетiстiкке жету үшiн де өзiңдi бiлген жөн.

С.М. Жақыпов жек мағыналық құрылымдарды емес, тұлғаның танымдық іс-әрекетінеде көрінетін ішкі психикалық құрылымдардың тұтас жүйесін қарастырды. Ол мотивацияның іс-әрекетке байланыстығын, мағына және мақсаттың пайда болуымен түсіндірді. Адамдардың бірлесіп әрекет етуіндегі ортақ мотив түрін бөлді. Ортақ мотив – іс-әрекеттің ортақ обьектісінен және іс-әрекетке қатысты тұлғалардың мағыналық жүйесінің өзара сәйкестілігінен байқалады, ол әрекет тиімділігіне едәуір әсер етеді [8, б. 47].

А.А. Бодалев өзін-өзі танудың оптимальді мүмкіндігі адамдармен қарым-қатынас негізінде көрінеді, ал субьективті маңыздылығы субьект жағынан құндылықтар қатынасымен қарастырды. Мұндай қатынас негізінің сапасында субьектінің тану эталоны тұлғаның құнды қасиеттері жайлы, басқа адамдар және өзі жайлы білудің жиынтығы [9, б. 57].

Өзін-өзі тану процесі - өзін тану, білу мақсатына жету әрекеттердің ауысуы, ал өзін-өзі тану құралы - өзін-өзі бақылау, өзіндік талдау, өзін басқалармен салыстыру. Өзін-өзі бақылау өз іс-әрекетін, қылығын, ішкі жағдайларына бақылау жасау және ол мақсат-бағдарлы болып келеді. Өзін-өзі бақылау – мінездік сипатын, қарым-қатынас ерекшелігін, тұлға қасиеттерін анықтауға мүмкіндігін тудырады [10, б. 9-10].

Өзін-өзі талдау, өзін-өзі бақылау арқылы және бақылаудың соңында талдау жасалынады. Алайда, адам өзін үнемі өзгелермен салыстырады, ал салыстыру әдісі өзін-өзі тану компоненті ретінде өзін-өзі бағалауы қалыптасады [6, б. 37-38].

Моделдеу – бұл өзін-өзі танудың арнайы тәсілі. Мысалы, психологтың көмегіне сүйену, алайда, психологпен әңгіме жүргізуде, қарым-қатынас жасауға кез келген адам жете бермейді. Сондықтан өзіндік нәтижесін өңдеу жұмысын дербес жүргізуге болады. Моделдеу - жеке дара қасиеттердің бейнеленуі. Мұның қарапайым әдістері - өзін суреттеу, «Мен қазіргі шақта», «Мен болашақта», «Мен дос ретінде», «Мен студент» т.с.с. сурет өзіндік талдауды жеңілдетеді (мен қандаймын?, менде қандай қасиеттер басым?, мен нені қажет етемін?, мен не істей аламын?). Егер суретте белгілер айқын көрсетілген кезде, бұл тәсіл тиімді болады. Сондай-ақ, практика өзін-өзі тану процесін жеңілдетеді және өзіне басқа жағынан қарауға көмектеседі. Мысалы, рөлдік ойындар, психодрама [11, б. 38-39].

В.Г. Маралов бойынша өзін-өзі тану нәтижесінің негізі - өзі жайлы білімнен келіп туады. Бұл білімдер жақындық принципі бойынша топтастырылады. Сондықтан да өзін-өзі тану процесі аяқталмайды. «Мен» концепциясын жете білу көбінесе адамның өзіне байланысты, яғни, өзін-өзі қабілеттілігі, талпынысы және өзін-өзі тану жүйесімен айналысуы.

Өзін-өзі тану нәтижесі ретінде өзіне деген эмоционалды құндылық қатынасы бойынша төмендегідей тұлғаның компоненттерін айтуға болады. Олар ұқсастық, өзіндік қабылдау және өзін сыйлау [6, б. 42-43].

А.А. Крылов бойынша тұлға өзін жоғары бағалауы, өзіне қатынасы, өз жетістіктеріне, өзін мақтау. Егер өзін-өзі сыйлауы төмен болғанда, адам өзін жақсы көруі төмендеп, ішкі қақтығыстардың бар болуы, ал өзін-өзі сыйлауы жоғары болса, өзгелерге кемсіту көзқараспен қарауы өзіне сенімділік, эгоцентризм және өзіне жағымды жақтарды ұстануы мен талаптану, шынайы жетістікті салыстырмен қалыптасады.

Американ психологы У. Джеймс жеке адамның талаптануы мен жетістікке жету табыстарымен байланыстырып, төмендегі формула жобасын көрсетті.

Өзін-өзі сыйлау = табыс /талаптану

Табыс неғұрлым жоғары болса, талаптану соғұрлым төмен болады және керісінше талаптану жоғары болса, табыс төмен болады. Адам толығымен талаптанудан бас тарта алмайды, сәттілік пен сәтсіздік шынайы категория, ол жағдайға және жеке адамның өзінен байланысты болады.

Өзін-өзі сыйлау қоршаған ортадағы адамның дәлме-дәлдігімен анықталады. Егер өзін-өзі сыйлауы төмен болса, адам өз-өзін алдауы, шындықтан қорқуы, көптеген психологиялық қорғаныс түрлерінің дамуы, сондай-ақ, өзін-өзі сыйлау өзге адамдармен өзара қатынас сипатын анықтайды. Өзін-өзі сыйлаудың дәлме-дәлдігі тәрбиеге байланысты [12, б. 285].

Н.В. Крогус бойынша өзін өзге адамдармен салыстырса, субьект өзін-өзі бағалау ретінде қабылдайды. Егер субьект өзіндік «мен»–ің қалыптастыра тұлға реттеу мүмкіндігін, өзін дамыу ретінде өзіне белсенді әрекет жасайды [13, б. 71].

С.В. Кондратьева субьект өзге адамдармен қарым-қатынаста өзін-өзі тануымен бірге басқаның қасиетін танып, өз бойына игере алуы және осындай процестен кейін өзгені тануда өзіндік феномені пайда болады [14, б. 121].

Австриялық ғалым К. Лоренц адамның өзін тануға қалауының болмауы, өзін табиғаттың бір бөлігі ретінде қарастырғысы келмегендіктен деп есептейді. Кедергі келтіретін топтарды төмендегідей көрсетті.

1. Талдау, бағалау, қабылдау әрекеттерінің қалыптасуынан, ұқсастыру мен рефлексия құралдарының дұрыс қолдана алмауы, өзін тұлға ретінде қабылдауға, дәлме-дәл қабілетінң төмен болуы.

2. Өзін тануда қорқыныш сезімнің болуы, қоршаған ортаның талабына сай өзін бағалауға тырысу [15, б. 55].

Аталған кедергілерді жеңуде адамның бойындағы үрейді, қорғаныс және сақтануды қалыптастыру, өзін-өзі сыйлау деңгейі мен өзін-өзі тану әдісі арқылы адамды оқыту, өзін-өзі тәрбиелеуде ең тиімдісі болып табылатын – бұл адам алдына өз бетінше мақсат қоя білу, сол мақсатқа жетуге өз еңбегімен жетуге тырысу.

Қорыта айтқанда, өзін-өзі тану – бұл өзін тану мен тұлғалық, интеллектуалдылық ерекшеліктері және қасиеттері, басқа адамдармен қарым-қатынас , өз бойынан белгілі бір қасиеттерді қабылдау процесі.

Өзін-өзі тану өзіндік сана құрылым компонент ретінде әрекет етеді. Өзін-өзі тану аймағына және саласына сана, бейсана, адамның сыртқы және ішкі дүниесіндегі әрекет, тұлғаның позитивті сәйкестілігінің қалыптасуы, оның өзін-өзі тануына қолайлы жағдайлар тудырып, өзін-өзі жетілдіру мен өзін-өзі жүзеге асыруына ықпал етеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Абульханова К.А. Психология и самосознания личности / К.А. Абульханова. –М: Московский психолого-социальный институт. 1999. -224 с.

2. Зейгарник Б.В. Теории личности в зарубежной психологии./ Б.В. Зейгарник – М.: Изд-во Моск. Ун-та, 1982. – 179 с.

3. Немов. Р.С. Практическая психология. / Р.С. Немов. Познай себя, -М., 1999. - 378 с.

4. Кондратьева С.В. Межличностные понимание и его роль в общении: Автореферат. дис. ... докт. психол. наук. - Л., 1979. – 36 с.

5. Десен Л.Н. Некоторые социально-психические особенности школьников юнешеского возраста // Вопросы психологии. 1973. № 2. 99 - 104 с.

6. Маралов В.Г. Основы самопознания и саморазвития. / В.Г. Маралов - М.: Издательский центр «Академия», 2002. – 256 с.

7. Майерс Д. Социальная психология / Д. Майерс. -Спб: Питер, 1999. – 637 с.

8. Джакупов С.М. Экспериментальные исследовния этнических предубеждений // Теоретические и прикладные проблемы социолизации личности: Межвузовский сборник научных трудов. Часть ІІІ. / Под.ред. С.М. Джакупов. –Алматы, 2002. -162 с.

9. Бодалев А.А. О смысле жизни человека, его акме и взаимосвязи между ними // Мир психологии, 2001. № 2.- 54-58 с.

10. Столин В.В. Познание себя и отношение к себе в структуре самосознания личности: Автореф. дис. ... / В.В. Столин. -М., 1985. – 37 с.

11. Орлов Ю.М. Самопознания и самовоспитание характера / Ю.М. Орлов. -М: Просвещение. 1987. - 101 с.

12. Психология. Учебник. / Под редакцией А.А.Крылова. -М: ПБОЮЛ, 2001. - 584 с.

13. Крогус Н.В. Взаимообусловленность познания людьми друг друга и самопознания в конфликтной деятельности // Психология межличностного познания. -М., 1981. - 66-80 с.

14. Кондратьева С.В, Галузо П.Р. Влияние понимания своих учителей на характер общения подросков / Общения и развитие психики. - М., 1988. 116-123 с.

15. Лоренц К. Агрессия: так называемое зло / К. Лоренц, - М., 1994. - 257 с.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2005


 © 2017 - Вестник КАСУ