Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012

Автор: Симбаева С.О.

Жалпы әдеби тіл анықтамасы, оның арналары туралы С. Аманжоловтың «Вопросы диалектологии и истории казахского языка», С. Исаевтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», Р. Сыздықтың «Қазақ әдеби тілі-нің тарихы» еңбектерінде айтылды. Дегенмен, тіліміздің табиғи болмысын толық таныту үшін оны көптеген қырынан талдап, зерттеп көрсету қажет болды. Ол үшін тілді зерттеудің жаңа бағыттарын енгізу кезек күттірмейтін іс еді. Міне, осындай мүмкіндікке ХХ ғасырдың соңында болған саяси-экономикалық өзгеріс нәтижесінде қол жетті деуге болады. Сөз етіліп отырған ғасырдың соңғы он жылдығы бұрынғы Кеңестік ареалдағы мемлекеттердің ұлттық бет-бейнесін нақтылаумен ерекшеленеді.

Осы уақыт аралығында қазақ тілін зерттеудің жаңа бағыттары өріс ала бастады. Тіл тарихын жүйелеуде де тың пайымдаулар белең алды. С. Исаевтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», Р. Сыздықтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы» еңбектеріндегі дәуірге, кезеңге бөлуге, оған сипаттама беруге байланысты айтылған ойлар қашан да құнды болып табылмақ. Себебі бұл еңбектерде қазақ әдеби тілінің қалыптасу жолы тұтастай сипатталған. Дегенмен, профессор Б. Момынова айтқандай: «Қазақ әдеби тілінің тарихы» бір қарағанда еш қиындықсыз меңгерілетін пән сияқты көрінуі әбден мүмкін. Бірақ ондай пікір шындыққа сай келмейді, өйткені жеке пән болып табылатын қазақ әдеби тілінің проблемалары жеткілікті, оларға тереңдеп бару да оңай шаруа емес» [1, 3 б.].

Тілдегі әрбір құбылыс белгілі дәрежеде басқа құбылыстармен тығыз байланысты. Тілдік құбылыстар арасындағы байланыстар мен олардың сипаттары тарихи жағдайларға байланысты құбылып өзгереді. XV ғасырда түркілік тұтастық бөлшектенуге ұласып, Еуразия қос құрлығында түркі тектес ұлттар өзіндік этникалық тұлғасын даралай бастаған еді. Ұлттық даралану мен этностенудің (этнизация) шыңдалуы жалпы адамзаттық дамумен байланысты болғандықтан, бұл үдеріс тек түркі тектес емес, әлемнің басқа халықтарына да ортақ болды.

Алтын Орданың сынықтары сияқты Ақ Орда, Көк Орда, Сары Орда (Сырлы Орда) атанған хандықтардың бәрінде де осы күнгі қазақ халқының құрамындағы рутайпалар болды. Осынау тарихи ұлы саралану барысында өзінің ата жұртында қазақ халқы да ел болып іргесін айырып, ұлт болып шаңырақ көтерген. Сөйтіп, бұл кезең қазақ хандығы құрылып, дербес мемлекеттің нығая бастаған дәуірі болды. Осы кезден бастап қазақ халқы мәдениетінің де өзіндік беті айқындала түсті. Ол, әсіресе, халықтың тілінен, әдебиетінен айқын сезілер еді. Осылай басталған даралану нәтижесінде қазақ елі халық ретінде, ұлт ретінде өзінің дербестігін 300 жылдай сақтап келді.

Белгілі тарихи жағдайларға байланысты осындай тағдырдың тамаша сыйынан айырылып қалған кезеңдерде халықтың тұтас мәдени үдерісін құрайтын тілі мен әдебиеті де үлкен өзгерістерге ұшырады. Аккультурация ықпалынан ұлт тарихында, оның мәдениеті, соның ішінде тілінің тарихында бос орындар пайда болды. Олай дейтін себебіміз, Кеңестік дәуірде мектепте оқытылатын Қазақстан тарихы атты пәннің көлемі қазіргі осы салаға арналған еңбектердің бір тарауына да жетпейтін еді. Бүкіл бір ұлт тарихын танытатын пәннің жағдайы осындай болғанда, оның тілін егжей-тегжейлі зерттеп, баға беру үшін көптеген қиындықтар мен кедергілерді жеңуге тура келді. Ұтжанды лингвист-ғалымдарымыздың еңбектерінің нәтижесінде қазақ әдеби тілінің тарихы зерттеліп, ғылыми тұрғыдан негізделді.

Тілдегі болып жатқан өзгерістер, белгілі бір тілдік құбылыстың өшіп, екінші біреуінің туып, жандана бастауы ешбір себепсіз болмайды. Әр заманның ағымына қарай жанрлардың өсетіні, өнетіні, жоғалып жаңадан қайта туатыны бар. Белгілі кезеңдегі жаңалық, өзгерістер жалпы тілдің дамуы барысынан, қоғамдық қажеттіліктен, тілдің ішкі заңдылықтарының негізінде туып отырады. Тілдің белгілі бір кезеңдегі тармағын зерттегеннің өзінде де, ол жалпы тілдің даму заңдылығына бөлінбей, сол дамудың желісінде қаралады. Зерттеуші Р. Будаговтың пікірінше, «тілдің дамуы оның өткен кезеңінен ғана емес, қазіргі сәтінен де байқалады, тілдегі тарихи құбылыстар оның қазіргі сәтінен көрініп отырса, қазіргі дәрежесіне жетуі тарихи дамуынан танылады» [2, 17 б.].

Сондықтан да ұлт тарихында көрініс берген әрбір оқиға, әрбір кезеңнің өзіндік ерекшелігіне мән бермеу дұрыс емес. Қазақ халқы да ұлт болып ұйысып, ел болып етек-жеңін жиғанда дейін бірнеше тарихи оқиғаларды басынан кешіріп, көптеген бірлестіктердің құрамында болды. Халқымыздың тағдырында өзіндік орны бар осындай бірлестіктің бірі ретінде Ноғай ордасын айтуға болады. Ноғай қыпшақ консолидациясына кірген ұлыстардың тілі мен қазақ әдеби тілі арасындағы сәйкестіктер мен ортақтықтардың, олардың арасындағы жалғастық дәстүрдің бар екенін көрсетіп, қазақ ауызша әдеби тілін қалыптастырудағы мұның рөлін, оған қандай дәрежеде негіз болғанын ашу қажет. Бұндай қажеттілік бүгінгі күн талабынан туындап отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінде дамуы кезінде бұндай қажеттілік мәтін таным негізінде диахрония мен синхронияда салыстырмалы талдау әдісімен тіл дамуының динамикасын анықтауға мүмкіндік береді.

ХІV-ХV ғғ. қазақ поэзиясы Ноғай Ордасында туындап, кейінгі дәуірлерде осы дәстүрлерді ұстанғандықтан, сол аре-алда болған қазіргі ұлттардың тілімен салыстыра зерттеу өзекті болып табылады.

Ноғай Ордасына қараған тайпалар қыпшақтар болды және сол тілде сөйледі. Ал қыпшақ тілі - түркі тілдерінің бір бұтағы. Түркі тілдері арасындағы байланыс пен ұқсастықтарды анықтау және оларды жіктеу – тек лингвистика үшін ғана емес, басқа ғылым салалары үшін де маңызды мәселе.

С.Е. Маловтың классификациялауынша қыпшақ-ноғай бұтағына енетін тілдер ең жаңа, яғни дамыған, жетілген, жаңарған түркі тілдеріне жатады. Ол тілдердің пайда болып, қалыптасу уақыты Алтын Орда мемлекетінің ыдырау дәуіріне сәйкес келеді.

Жалпы Ноғай Ордасы, ноғайлының тегі, жері мен елі, рухани өмірі, экономикасы мен шаруашылығы туралы тарих ғылымында зерттеу еңбектер жеткілікті, әсіресе, соңғы жылдары осы тақырыпқа тереңдеп бару кең өріс алып отыр.

Қазақ әдебиеті тарихында да осы мәселені сөз еткен еңбектерді кездестіруге болады. Ноғайлы дәуірі әдебиеті туралы алғашқылардың бірі болып Шоқан Уәли-ханов ХІХ ғ. сөз еткен еді. Ол өзінің еңбектерінде қазақтың батырлық эпосы Ноғай ордасы заманында туған деп тұжырымдайды [3, 138 б.] Бұндай қорытынды жасауға көп жырларда Ноғай ордасы кезінде жасаған кейбір тарихи адамдардың аты аталуы себеп болса керек. Және Шоқан Торғай даласынан «Ер Көкше», «Едіге», «Орақ» жырларын жазып алады.

Қазақ эпосының, оның ішінде ноғайлы дәуіріне қатысты эпостың тарихилығы туралы да алғаш пікір айтқан Шоқан болатын. Оның еңбектерінде қазақ түсінігінде «ноғайлармен көрші отырған кездері алтын заман» болғандығы, осы дәуірде тарихта өмір сүрген Едіге, Тоқтамыс, Орақ, Ер Көкше т.б. қайраткерлердің қазақ жырларынан кең орын алғандығы арнайы сөз болып, бұл есімдердің тарихилығына ерекше мән береді.

Кейіннен Сәкен Сейфуллин осындай жағдайларды ескере келіп, эпикалық аңсыздауларға «Ноғайлы дәуірінің туындылары» деп сипаттама берге [4, 138 б.]. Автордың бағдарлауынша, біздегі эпостық жырлардың көпшілігі қазіргі қазақ атанып отырған рулар «Ноғай», «Ноғайлы» атанып жүрген замандағы Ноғай, Ноғайлы батырларын әңгімелеген.

Қазақтағы батырлар жырының дені «Ноғайлы дәуірінде туды» дей келе, пікірін дәлелдеу үшін сол дәуір жайында тарихи деректер келтіреді. Сонымен қатар жырлардың Ноғайлы дәуірінде туғандығын көрсету үшін бірнеше жырдан («Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қамбар батыр», «Ер Сайын», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Жабай батыр» т.б. сөзіне дәлел ретінде үзінділер алады.

Сәкен еңбегінде қазақта эпостық жырлар тек «Ноғайлы дәуірінде» туған деген пікір баса айтылады. Әрбір шығарманың тарихын тәптіштеп зерттеген уақытта С. Сейфуллин тың ғылыми тұжырым жасап отырған. Қазақ эпосын ұлы, кіші батыр деп топтауға болмайтындығын және оларды белгілі бір елдің басы бүтін иемденуіне, бауыр басуына тарихи негіз жоқ екендігін ашық айтады. «Қазіргі Қырым, Астрахань, Қазан, Еділ бойлары, Башқұртстан, Өзбекстан, Қарақалпақ және басқа жерлердегі түрік-монғол руларының ол заманда ноғайлы елі атанғандары – ертедегі ноғайлы батырлары туралы айтылған жырларды, әңгімелерді «біздікі еді» десе, – айтуларына болады. Олай айтуға хақылары бар. Ноғайлы заманындағы ноғайлының батырлар әңгімесіне бәрі де ортақ деуге болады. Оларға қазіргі қазақ та ортақ» деген пікірін тарихи деректермен дәлелдеп айтып, әр батырдың шыққан тегіне үңіледі.

Сәкен өз тұжырымдарын бекіте түсетін мағлұматтарды түркі тілдес елдердің шығармаларын көп жинап, өзінің түйінді пікірін айтқан, бүкіл шығыстану ғылымына үлкен үлес қосқан В. Радловтың, қазақ ауыз әдебиетін зерттеу, жариялау саласында еңбек еткен Ә. Диваевтың аттарын зор ілтипатпен атап, қажетті жағдайда пайдаланып отырады [5, 161 б.].

«Ноғайлы эпосы», «ноғайлы әдебиеті» сияқты ұғымдардың қазақ әдебиеті тарихында қалыптасуына ХХ ғ. Қ. Жұмалиев, Ә. Марғұлан, Н.С. Смирнова, М. Мағауин, Б. Кенжебаев сияқты әдебиет зерттеушілері қомақты үлес қосты. Мысалы, «Ер Төстік», «Жиренше шешен», «Алдар Көсе» т.б. ертегі, аңыздар мен «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Ер Сайын», «Едіге», «Қырымның қырық батыры», «Ер Жабай», «Ер Шора», «Орақ-Мамай» сияқты эпостық жырлар – сол ноғайлы заманының мұралары екенін айтады. Ежелден аттары әйгілі болып келген қазақ жырауларын ел ноғайлы немесе ноғайлыдан шыққан деп аңсыздайды. Мысалы, Тоқтамыс хан тұсында өмір сүрген ноғайлының Сұрғыл-тайұғлы Сыпыра жырау, Жәнібектің тұстасы Асанқайғы мен Жиренше шешендер ноғайлы елінен шыққан. Ел аузында сақталған бір өлеңде: «Тегінде ноғай-қазақ түбіміз бір, Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір...» делінуі тегін емес. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жыраулардың қай-қайсысы да ноғайлы елі атынан сөйлеп отырады. Олардың шығармаларында «Ноғайлының ауыр жұрт», «Орманбет би өлген күн, он сан ноғай бөлген күн», Шалкиіз «Қара ханға», «Ер Шобан», «Темір биге» толғауларында аталатын тоғыз батырдың бәрі де ноғайлының аты шулы, аруақты ерлері боп баяндалады. Демек, жоғарыда аталған Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар жасаған ХІV-ХVІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы түгел дерлік ноғайлы дәуір әдебиетіне жатады.

Ал қазақ әдеби тілінің тарихы туралы сөз болған еңбектерде аталмыш дәуірдің әдеби үлгілері белгілі бір кезең немесе дәуір есебінде қарастырылмайды. Тек ақын-жыраулар шығармашылығы қазақ әдеби тілін танытатын үлгілер ретінде беріледі.

Профессор Б. Момынова ғана Алматы: «Атлас баспасы – 2001», 2006 ж. Жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» еңбегінің «ХV- ХVII ғасырлардағы қазақ әдеби тілі» тарауындағы «Ауызша әдеби тіл және ноғайлы элементтері», «Ноғайлы дәуірі және дәуірдің негізгі мұрасы» тақырыптарында сөз етеді.

Жалпы, Ә. Сарайдың сөзімен айтқанда: «Ноғайлы – халқымыздың тарихи бел-белестерінде жүріп өткен бір кезеңі. Ғұн дәуірі, түркі дәуірі сияқты, ол да тарихымыздың бір қатпары. Ноғайлы – түркіге қарағанда уақыт жағынан кейінгі ұрпақ бізге бір табан жақын, сондықтан да улы-шулы ол заманның кескілескен ұрыстарының даңғыры, қаһармандарының келбеті, бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан тұлпарларының шабысы көз алдымызға анық келіп, абыздар мен жыраулардың мұңды қоңыр үндері, замана шерін шерлеген қара қобыз, қара домбыра сарыны құлаққа анық жеткендей.

Қатаң тарихи сараппен таразыласақ, бірігіп - ыдырау, жоғалып - табылу тарих көшінде еншілеген ен-таңбамыз сияқты. Ғұн, түркі, қыпшақ, ноғайлы, ақыры қазақ болдық, осының бәрі бірінен-бірінің артық кемі жоқ, үзіліп жалғанып, шұбала созылған төл тарихымыз [6, 7 б.].

Басқаша айтатын болсақ, ноғайлы дәуірі қазақ хандығының құрылуының алғышарттарын жасап берді. Сонымен қатар төл әдебиетіміздің бастауы ретінде қарастырып жүрген романтикаға, зор пафосқа толы жыраулар поэзиясын дүниеге әкелді. Олай болатын болса, қазақ әдеби тілінің қалыптасып, дамуына да ықпал етті. Сол себепті де ноғайлы дәуірін зерттеп, танудың салмағы арта түседі Халық поэзиясына тән бұл сөздер айналаға, табиғат дүниесіне, мал, жан-жануарлар, аң-құсқа байланысты. Мысалы, тұрымтай, торғай, сұңқар, бүркіт, құлан, торпақ, қасқыр, тобылғы, бұлт, көл, аспан, айдын, қошқар, бура, айғыр, бұқа, көктем, жас, мас, торы ат, тобық, теңіз, терек, тышқан, аққу, қиян, қилы заман, тұлпар; қоғамның әлеуметтік құрылысына, әлеуметтік топтарына байланысты сөздер: халық, ел, жұрт, кеңес қылу, хан, қарашы, жамандар, жақсылар, т.б.; жаугершілікке байланысты сөздер: жау, дұшпан, топ бастау, қол бастау, жағасына адам қолы тимеген; қару-жарақ атаулары мен соғысқа байланысты сөздер: дұшпан аттым, көбе бұзар жебе, дулыға, атқан оғын таба алмау, қан жұқпас қайқы қара болат, шабылмаған семсер, ақ сауыт, қанды көбе, ала балта сияқты сөздер мен сөз орамдары жиі қолданылғанын көреміз.

Осындай фактілер бізге ноғайлы дәуірі кезінде батырлық, ерлік жырлары мен ақын-жыраулар толғауларының негізінде дамыған әдебиет тілін қазіргі қазақ әдеби тілінің негізгі арналарының бірі болды деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Момынова Б. Қазақ әдеби тілінің тарихы.- Алматы: «Атлас баспасы – 2001», 2006.- 200 б.

2. Будагов Р.А. Проблемы в развития языка. – М.: Наука, 1965.

3. Қазақ фольклористикасы / Жалпы ред. басқ. проф. М. Ғабдуллин. – Алматы: Ғылым, 1972. – 297 б.

4. Сейфуллин С. Қазақ әдебиеті // Шығармалар: 6 томдық. – Алматы, 1964. – 6 т. – 455 б.

5. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1958. – 201 б.

6. Сарай Ә. Ноғайлы.- Алматы: «Арыс», 2009.- 480 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012


 © 2017 - Вестник КАСУ