Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012

Авторы: Байбатанова Фарида Ильясовна, Жаксылыкова Бейбитгул Сейткасымовна

Мәтін – тілдік бірлік. Сөз, сөз тіркесі, сөйлем (поэзиядағы өлең жолдары) мәтін түзуші тірек элементтер, олардың қызметі тарихи мәтінде де, қазіргі жазба жаңа мәтіндерде тең дәрежеде болады; сондай-ақ сөздердің объективті дүние мен жағдаяттарға байланысты белгілі бір мәтіндерде белсенді және пассив топтары қалыптасады, бірақ олар мәтін талдауда да, мәтін түзу кезінде де маңызды; поэзиялық мәтіндердегі сөйлемнің, яғни ойды жеткізуші элементтің құрылымы прозалық мәтінге қарағанда ерекше болады; тірек сөздер тек реалды жағдай, ақиқат дүниеге байланысты ғана емес, автордың (автор-субъектінің) өмірлік ұстанымы мен көзқарасына қарай мәтіннен орнын алады, ал бұл қазіргі жазба мәтіндер мен ертедегі жазба мәтіндерді тану мен тілдік талдау жасауда ұқсас жағдаяттарды тудырады.

Мәтін – мағыналық, құрылымдық, жүйелілікпен тұтасып жатқан, тілдік бірліктері бір-бірімен байланыстағы біртұтас шығарма және мазмұндық, коммуникативтік, құрылымдық жақтан ұйымдастырылуына қарай мәтін күрделі категория, ал мәтіннің күрделілігі оны зерттеп танудың көпаспектілігін тудырады, екінші жағынан, оны классификациялаудың сан қырлы болатынын байқатады.

Виртуальды кеңістікте мәтіннің туу үдерісінде мәнді әрі мазмұнды бірліктер іріктеле келе мәтіндік мәндік құрылымды іске қосады, осы құрылым арқылы мәтіндік тұтас ой мәнденеді. Тілдік бірліктердің іріктелуі арқылы мәтіндік актуалды семантикалық кеңістік жасалады, осы кеңістік тұтас мәтінді түсіну мен ұғынудан, санадан өткізуден барып қалыптасатын өріс болып саналады. Мәтіннің тілдік зерттеулердегі орны зор екені мәтінге берілген анықтамалардан байқалады және осы бағыттағы ғылыми ойлардың бір арнаға тоғысуы тілді танудағы мәтін қызметінің ерекше екенін көрсетеді.

Мәтінді жан-жақты зерттеудің маңызы оған берілген анықтамалардан байқалады және осы бағыттағы ғылыми ойлардың бір арнаға тоғысуы оның қызметінің ерекше екенін көрсетеді. Мәтінге беріліп жүрген анықтамаларды құрылысына қарай:

- ықшам, соған қарамастан бейнелі құрылымды анықтама;

- мәтінге тән басты белгілер барынша қамтылған анықтамалар деп екіге бөлуге болады.

Анықтамалардың әртүрлілігін тудыратын негізгі фактор мәтін ұғымын бірнеше аспектіде қарастырудан туындаған:

1) мәтінге жүктелген ақпаратқа байланысты;

2) мәтінді жазу кезіндегі психологиялық акт;

3) арнайы мақсатты көздейтін авторлық шығармашылық акт ретінде қарау; 4) прагматикалық позиция;

5) құрылымдық;

6) функционалды-құрылымдық;

7) семантикалық;

8) сөйлеу әрекетінің ұйымдастырылуы, жүйеленуі тұрғысынан;

9) стилистикалық жақтан;

10) семиотика нәтижесі ретінде, т.б.

Редакциясын А. Ысқақов басқарған «Ғылым» баспасынан 1986 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» текст (мәтін) сөзіне келесідей анықтама берілген:

Текст - зат. Жазылған әр түрлі көлемдегі шығарма немесе соның бір бөлігі [1, 56].

Ал Мәскеу қаласының «Просвещение» баспасынан 1983 жылы шыққан «Школьный словарь иностранных слов» деп аталатын сөздікте: «Текст (мәтін) (лат. textus «мата; байланыс, өрім, үйлесу») – белгілердің аса толық емес тізбектелген түрі. Яғни, кез келген сөздің тізбектеліп қағаз бетіне түсуі» – деген анықтама берілген.

Шетел тілдерінің сөздігінде текст термині келесідей түсіндіріледі:

«Текст [ лат. textum байланыс] –

1) қағаз бетіне түскен немесе басып шығарылған авторлық шығарма немесе құжат;

2) суретсіз, сызбасыз, түсініктемелерсіз және т.б. баспа жазуының негізгі бөлігі;

3) музыкалық шығармаға жазылған сөз (операға, романсқа және т.б.); ноталық жазбаны жарыққа түсіндіретін музыкалық материал;

4) типографиялық шрифт, 20 тармаққа тең кегль (мөлшері) (7, 52 мм);

5) семиотика, информатика және лингвистикада – ерекше ғылым пән - мәтін лингвистикасын құрайтын таңбалардың жүйелі (бірізді) тізбегі (тілдің немесе таңбалар жүйесінің).

C.И. Ожегов және Н.Ю. Шведованың «Түсіндірме сөздігінде»:

«ТЕКСТ- 1. Всякая записанная речь (литературное произведение, сочинение, документ, а также часть, отрывок из них). 2. В лингвистике: внутренне организованная последовательность отрезков письменного произведения или записанной либо звучащей речи, относительно законченной по своему содержанию и строению. 3. Полиграфии: основная часть печатного набора (без иллюстраций, чертежей, таблиц). Нотный текст - нотная запись музыкального произведения» [2, 126] делінген.

Д.Н. Ушаков авторлығымен жарияланған «Орыс тілінің түсіндірме сөздігін-де»: ТЕКСТ - 1. Всякая запечатленная в письменности или в памяти речь, написанные или сказанные кем-нибудь слова, которые можно воспроизвести, повторить в том же виде. 2. Отрывок из священного писания, избираемый темой проповеди, беседы, приводимый в качестве изречения и т.п. 3. Основная часть печатного набора, в отличие от помещаемых на той же странице выносок, рисунков, чертежей и т.п.

Мәселен, И.Р. Гальперин мәтінге келесідей анықтама береді: "бұл, әр түрлі лексикалық, грамматикалық және логикалық жақтан байланысқан бірқатар пікірлерден, белгілі бір рухани сипаты, прагматикалық тәртібі бар және әдеби өңделген жазбаша хабарлама".

М.М. Бахтиннің «Эстетика словесного творчества» (Мәскеу: Искусство, 1979 ж.) еңбегінде мынандай пікір айтылған: «Текст живет, только соприкасаясь с другим текстом (контекстом). Только в точке этого контакта текстов вспыхивает свет, ос-вещающий и назад и вперед, приобщающий данный текст к диалогу. Но если мы превратим диалог в один сплошной текст, то есть сотрем разделы голосов, что в пределе возможно (монологическая диалектика Гегеля), то глубинный смысл исчезнет».

Сондай-ақ, мәтін ұғымына байланысты «Информатика» пәні оқулықтарында: «Мәтін – компьютерлік алфавит символдарының қандай да болсын тізбегі»- делінген. Информатикадан білім беруде мәтін ұғымымен қатар гипермәтін термині де қолданылады. Гипермәтін – бұл басқа мәтіндермен графикалық, бейнелік, дыбыстық ақпаратпен мағыналық байланысын қамтитын мәтін.

Мәтін – сөз арқылы жеткізілетін, сөйлеудің шығармашылық нәтижесі. Тіл білімінде, яғни лингвистикада мәтін термині ауызекі сөйлеу үлгілерімен қоса кең мағынасында қолданылады. Мәтінді қабылдау текст лингвистикасы және психолингвистика төңірегінде қарастырылады. Мәтін дегеніміз – тұтас аяқталған ақпарат. Мәтін тұтастық және байланыстық сапаға ие сөйлеу туындысы болып табылады. Оның өзіне тән бірліктері бар. Мәселен: айтылу, фраза аралық бірлік, үзінді. Тұтас сөйлеу туындысы – жоғары коммуникативтік бірлік, сөйлеудің коммуникативтік қызметін іске асырудағы жоғары формасы [3, 156].

Кейбір тілші ғалымдар мәтін тек бір сөйлемнен тұра алады деген пікірді ұстанады. Мәселен, «Күз» - сөйлемі мәтін бола алады. Себебі бұл сөйлемнің мәтінге қатысты басты сипаты бар. Бұл оның хабар берушілік сипаты.

Үлкен мәтін бірнеше кіші мәтін бөліктеріне бөліне алады. Мәтін бөліктері одан да кіші бөліктер – абзацтарға (микро-мәтіндерге) бөлінеді.

Мәтін — бұл белгілі бір тақырып төңірегіндегі сөйлемдер жиынтығы. Мәтінде сөйлеушінің айтайын деген негізгі ойы жүзеге асады. Кез келген көлемдегі мәтін – аяқталған ой. Мәтіннің құрамындағы сөйлемдер мазмұны жағынан өзара байланысқан. Мәтінге ат қоюға болады. Мәтіннің аты оның тақырыбы немесе ондағы негізгі ойға байланысты болады. Тақырып - мәтінде баяндалатын оқиға мен ойдың түйіні. Мәтіндегі негізгі ой бір-бірімен тығыз байланыста болады.

Тілдік құралдардың қолданыс кезін-дегі өзгерісін, ауысу-түйісулерін ең алды-мен тілден тысқары жайттар анықтайды. Сөзді қолдану кезінде оған әр түрлі жағдайлар әсер етеді. Тілден тысқары жағдайларды мазмұндық және қатысымдық деп бөлуге болады. Мазмұндық жағын сөздің неге арналғандығы, дәлірек айтқан-да, нақты тақырыбы анықтаса, қатысымдық жағын сөйлеуші мен қабылдаушының арасындағы жағдай анықтайды. Мұнда сөйлеушінің алдына қойған мақсат-мұраты, сондай-ақ тындаушы жақтың ерекше-ліктері, білімдік, мәдени, жасы жағынан деңгей-дәрежесі ескеріледі. Тілден тыс-қары жағдайлар тілдік және стилистикалық құралдарды тандауға негіз болады. Соңғы-лары мәтіннің жалпы сипатын, оның стилін қалыптастырады. Стилі бойынша мәтіндерді ғылыми-көпшілік, көркем, діни, публицистикалық, ресми-іскери, эпистолярлық деп бөлінеді.

Лингвистикада да әдебиеттану саласында да мәтіннің үш түрі болады: әңгімелеу мәтіні, пайымдау мәтіні, сипаттау мәтіні.

1) Әңгімелеу мәтіні оқиғаны баяндайды.

2) Сипаттау мәтіні - затты, құбылысты суреттейді.

2) Пайымдау мәтіні - оқиғаның себебін дәлелдейді.

А. Байтұрсынұлы: «Адамның істеген ісін, айтқан сөзін әуезе қылып сөйлейміз, тұрпатын, кескінін, көркін әліптеп сөйлейміз, істеген істерін жақсы, жаман болғанының мәнісін, себебін тексере, пайымдап сөйлейміз» - деп мәтіннің түрлерін әуезе, әліптеме, пайымдама деп бөлген екен.

Қоғамның әртүрлі саласындағы коммуникацияны орнықтыру, жеңілдету, ұшқыр түсінуі үшін қолданылатын мәтіндердің түрлері болатындықтан, мәтін бірнеше типтерге бөлінеді. Мәтіннің әр типіне байланысты өзіне тән құрылымы, сөз қолданысы, синтаксистік құрылымдарының жүйесі болады. Мәтіндегі мағыналық ұйытқы сөздердің қолданылу жиілігі, белгілі бір тақырыптық-семантикалық өріске қатысты сөздердің түрлі байланыстары, ой қозғалысын қамтамасыз ететін тілдік бірліктердің барлық мәтіндерде ұқсастығы, мәтін бөліктерінің формалды құрылымындағы тұрақтылық мәтін түзу заңдылықтарын сипаттауға мүмкіндік береді.

Мәтіннің коммуникативтік, функционалдық, ақпараттық сипаттары оны қоғамнан, мәдениеттен тыс қарастырудың тиімсіздігін көрсетеді, сондықтан да мәтінді жазба тіл мен сөйлеу актісі ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз Мәтін қызмет ететін, мәтіннің мәнін түсінетін, мәтін өмір сүретін орта - мәдениет және социум. Сондықтан соңғы кездері тіл білімінде тілдегі жаңа бір деңгейді, нақты айтқанда, мәдениет деңгейін бөліп алу қисыны пайда болды, бұл көзқарас мәдениет деңгейі арқылы заттанады деген пікірді ұстанады. Сондықтан, мәтінді лингвистиканың, әдебиеттің бір бөлшегі ретінде тану аз. Мәтін бірліктері мәдениет деңгейінің құрамында жүреді, яғни төменгі және өзінен жоғары деңгейдің бірліктері арасында байланыс болуы керек деген қағида сақталады, яғни тіл заңдылығына сәйкес қалыптасқан иерархиялық қатынастың талаптарына мәтін бағынады.

Сонымен «Мәтін – тіл жүйесіндегі өзіндік мәні мен болмысына сай, сөйлемдердің жай ғана тізбегі емес, мағыналық құрылымдық күрделі тұлға. Ол логикалық, грамматикалық, мағыналық байланыстарға негізделген, тиянақты мазмұнға ие біртұтас қарым-қатынас бірлігі» [4, 102].

Студенттердің білімін кеңейтуде мәтіннің алатын оны ерекше. Мысалы, «Морфологиялық норма, оның тілдік негізі» деген тақырыпты алсақ, онда студент сөздерді орынды, дұрыс қолдану жайлы мағлұмат алады. Тұтас бір мәтін бір ғана мәселеге арналады. Ең алдымен, тілдің морфология саласы қандай мәселелерді қарастыратындығы айтылады. Нәтижесінде студенттер морфология курсынан алған білімдерін жаңғыртады, естеріне түсіреді. Негізгі көңіл аударатын мәселе морфологиялық норма мен морфологияның қалыптасқан заңдылықтарының бір-біріне қатысы. Яғни норма – жүйе – дағды мәселесі нақтыланады. Мысалы, студенттерге мынадай проблемалы мысалдар беруге болады: -ла, -ле, -да, -де, -та, -те қосымшасы есім сөздерден етістік тудыратыны белгілі. Осыған орай аяқ-та, бас-та, су-ла, ау-ла, шөл-де деп қолдана береміз. Ал неге кірпікте, соғымда, кітапта деп қолданбаймыз? Оның себебін Н.Уәли: «бұ-лай деу жүйеге қайшы болмағанымен, дағдыда жоқ», - деп түсіндіреді [5, 79]. Де-мек, белгілі бір қолданысты норма деп тану үшін оның тілдік дағдыға айналуы тиіс екен. Осы сияқты мысалдарды студенттер көптеп келтіреді. Айталық, жүйе бойынша сан есімдерге қосымша -ыншы, - інші (-ншы,-нші) түрінде жалғанады: бірінші, бесінші, алтыншы т.т. Ал тілдік дағдыда жиырмасыншы деген қолданыс бар. Оның себебі неде? Оның себебі тілдік жүйеден тілдік дағдының басым болуы. Сабақ бойы студенттер тілдің жүйесі мен тілдік дағды, олардың бір-бірімен байланысы, нәтижесінде дағды тілдік жүйеден үнемі басым түсе бермейтіндігін, екі түрлі қолданыстың қатарласа жұмсалуы нәтижесінде біреуінің халықтық сипат алып, қолданыста қалуы, екіншісінің тілдік қолданыстан ығыса бастайтынын түсінді.

Сонымен қатар мәтінге лингвистикалық талдау әдісінің де студент үшін маңызы зор. Лингвистикалық талдаудың мақсаты – негізінен тілдік норма, оны дұрыс қолдану, нормадан жөнді-жөнсіз ауытқулардың сипатына тоқталу. Лингвистикалық талдауға берілген сөйлемдерден тілдік нормадан ауытқуларды, түсініксіз сөздерді тауып, мәнін ашу, дұрыс қолданысын табу.

Жалпы алғанда белгілі бір ақпарат алып, білім жинақтауда мәтіннің атқаратын ролі зор. Бірақ оны жүйелі түрде белгілі бір әдістеме негізінде жүзеге асырған жөн.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі ІХ том. – Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1986. – 560 б.

2. Омарбекұлы Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері. - Алматы: «Арыс», 2007. - 312 б.

3. Құрманова Н., Мухлис К. Текст теориясы мен әдістемесі. - Алматы, 2000. – 114 б.

4. Шалабай Б. Мәтінді зерттеудің ғылыми негіздері Ұлағат. - 2007. - №10. - 80-87 б.

5. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. - Докторлық диссертация қолжазбасы. - Алматы, 2007.

6. Балақаев М. Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. – Алматы, 1965.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012


 © 2017 - Вестник КАСУ