Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012

Автор: Смаилова А.С.

М. Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясының» маңызы ерекше. Себебі аталмыш технология әдістері оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге, қорытындылар жасауға, жүйелі білім алуға жетелейді, өзін-өзі өзгені де бағалай білуге үйретеді. Бұл технологияның бір ерекшелігі сабақтың негізгі кезеңдерінің бәрінде оқушыларға шығармашылық жұмысты ұсынуға болады.

Оқушының белсенділігін оның ойлау, есте сақтау, елестету, қабылдау қабілеттерін, жадысы мен зейінін дамытып, қызығушылығын арттырады. Сабақ формаларының өзгеріп отыруы, әсіресе топтық формалар оқушылар арасында қарым-қатынастың нығаюына ықпалын тигізеді. Оқушының тапсырманы өзінің орындау мүмкіндігіне қарай таңдап алуға еріктілігі, оның өз күшін, шама-шарқын бағалай білуге, өзін қауіпсіз сезінуіне, қиындыққа дайын болуға және оны жеңуге тырысуына жетелейді.

Модульдік оқыту технологиясының негізі – модуль. Осы технологияны басшылыққа ала отырып, бағдарламада берілген тақырыптар логикалық бір жүйеге келтіріліп, модульдерге бөлінеді. Бұл модульдік оқытудың негізгі идеясы – жаңғырту. Оның мазмұны:

1) оқытудың жалпы мақсатын қою;

2) жалпы құрылған мақсатты нақтыланды руға көшу;

3) оқушылардың білім деңгейін алдын-ала бағалау;

4) оқу әрекеттерінің жиынтығы;

5) нәтижені бағалау

Оқушыларды оқу мақсатымен модульмен таныстырамын. Оқушылар: оқу мақсатын, өзіне қойылатын талапты, лексикалық және грамматикалық тақырыпты, модульдің мазмұнын, жұмыс үрдісін, нәтижесінің бағаланып және түзетіліп отыратынын біледі.

Оқыту модулі үш құрылымдық бөлімнен тұрады:

1) кіріспе (модульге, тақырыпқа енгізу);

2) сөйлесу бөлімі (оқушылардың өзара сөйлесуін ұйымдастыру);

3) қорытынды бөлімі (бақылау, тест).

Кіріспе және қорытынды бөлімге 1-2 сағат мөлшерде уақыт бөлінеді. Кіріспе бөлімде оқушылардың осы модуль бойынша алатын негізгі ұғымға, іс-әрекеттерге айрықша мән беріп, негізі ұғымдардың модуль ішінде алатын орнына көңіл бөлулерін сұраймын. Кіріспе бөлім мынандай оқу әрекеттерінен тұрады:

- оқу-проблемалық жағдаятын жасау;

- оқу мақсатын қалыптастыру;

- өзін-өзі бақылау, мүмкіншілігін бағалау арқылы модульдің тақырыптарын меңгеруге дайындау;

- модуль бойынша жұмыстарды жоспарлап, бірге талдау;

Қалған уақыт түгел сөйлеу, сұхбат құру, сұрақ жауап бөліміне беріледі. Бұл барлық оқушылардың үш деңгей бойынша өзінің дайындық оқу қабілетіне байланысты әр оқушының өз деңгейінде оқу материалдарын меңгеруін қарастырады. Барлық тақырыптар бойынша оқушылар оқып аудару, сөйлеу, тындау, жазу, көру дағдыларын барлық модульдерде қолдана беруіне болады. Білім алуда жайдан күрделіде жоғарлау оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашып, оқу материалын түсініп, қолдана білу сатысына көтерілуіне себепкер болады. Осы жағдай оқушыларды сынып ішінде бірнеше шағын топтарға бөліп сұхбат, монолог құру, жұппен жұмыс, пікірталастар, диспуттар арқылы ойын технологиясын, жағдаят жасау әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы жетуге болады. Бұл жерде мұғалімнің алатын орны бағыт-бағдар беруші ретінде болып отыр. Мен бұл үрдіске негізгі құрамдас бөлік ретінде өзімнің дайындығымды мынандай адымдар арқылы көрсеткім келеді.

Сөйлесу бөлімін педагогика және психология ғалымдарының жетістіктерін басшылыққа ала отырып, оқушылардың қабылдау деңгейлері мен қабілеттеріне қарай ұйымдастырамын. М. Жанпейісованың сөйлесу бөлімін құру қағидаларына сүйене отырып, жеке тұлғаны дамытатын кез-келген әрекет емес орындау әрекеті екенін ескере отырып, оқушының танымдық қызметпен айналысуына, ақыл-ой жұмысына қанағаттануына жағдай жасаймын. Міндетті түрде, сабақ барысында, оқушының іс-әрекетінің төрт түрін: тыңдау, оқу, жазу және әңгімелесуді қолданамын. Модульдердің нәтижелі болуын көздеп, сөйлесу сабағының түрін өзгерте отырып, әртүрлі белсенді формаларды пайдалану арқылы іске асырамын. Олар:

- топтық;

- жұптық;

- жеке топтық;

- ұжымдық.

Оқытудың басты ерекшелігі – оқушылардың қарым-қатынасы арқылы тілдерін дамыту, тұлғаның дамуына жағдай жасау. Оқушы + оқушымен + топпен + ұжыммен + мұғаліммен қатынаста болуына жағдай тудыру. Сөйлесу сабағы үстінде тапсырманың жеңілдігі мен күрделілігіне қарай бірнеше іс-әрекет формалары ауысып отырады. Мысалы: сабақтың басында сөздікпен жұмыс жүргізгенде жұптық немесе бекіту кезінде топтық форманы немесе жеке топтық жұмысты қолданамын.

Тілді оқытуда сөздікпен жұмыс оқушының тілін байытуда ерекше орын алады. Бұл жұмыс оқушының сөздік қорын молайтып, тілін, ойлау қабілетін дамытады. Сөйлесу сабағы оқушыларды тек қана қазақ тілінде ауызекі сөйлеуге үйретіп қоймайды, оларды ойлау, талдау, сараптау және қорытындылау қабілеттерін жетілдіреді. Оқушылар қандай да бір деңгейдегі тапсырмаларды өзінің орындау мүмкіндігіне қарай тандауға еркін. Оқу модулінің сөйлесу бөлімінің тағы бір ерекшелігі бар. Оқытудың белсенді және ойын формаларын кеңінен қолдану оқушылардың оқу материалына бірнеше мәрте қайта-қайта оралып, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Оқу материалын меңгеру оған 7 мәрте қайта оралып, пысықтағанда ғана жүзеге асатынын психологтар дәлелдеп отыр. Сөйлесу бөлімі оқушылардың өзін-өзі оқытуына және бірін-бірі оқытуына құрылады. Бұл әрбір оқушы үшін тек үш деңгейлі тапсырма емес, олардың үлгі жауаптарын да даярлау арқылы іске асырылады.

Бұл технологияның маңызды шарты – оқушылардың кез келген ғылыми көздерді, оқулықтарды, оқу құралдарын пайдалануға болатындығы, сондай-ақ ұйымдастырушы, көмекші ретінде мұғалімнен жедел кеңес ала алатындығы. Сөйлесу бөлімі сабақтарының ұйымдастырылу формасы бойынша әр оқушы өзінің қалай және немен шұғылдану тиіс, сабақ барысында не істеу керек екенін біледі, өйткені мұғалім балаларды сабақтың құрылысымен және жүру барысымен алдын ала таныстырады.

Негізгі бөлімде әр оқушы бір-біріне мәтінді оқып береді, танысады, негізгі ұғымдарды ажыратады. Әр деңгейге қойылған сұрақтарға жұппен бірге отырып жауап береді. Сөздік көмегімен оқу мен қатар аудару жұмысын жасайды. Сонымен осы бөлімде оқушылардың мәтінді қаншалықты түсінгені анықталады. Бірінші, екінші сабақтарда оқушылар жаңа білім алады. Негізгі сұхбат бөлімде модульді әр түрлі бөлімдерге бөліп, саралап, жеңілден күрделіде өту жағы қарастырылады. Оқу материалдарын оқушыларға белгілі бір мөлшерде беріп отырамын. Кейбір тақырыптарда материал үлкен көлемде берілсе, кейбір тақырыптарда аз көлемде беріліп, тиімді меңгеру үшін әр түрлі жұмыс түрлері арқылы нәтижеге жетуді қарастырамын.

Оқу материалдарын үш деңгейде дайындаймын: жеңіл, орта, жоғары деңгей. ІІІ (“жеңілдетілген”) деңгей тапсырмалары тақырыпты қарапайым білім мен түсінік деңгейінде игеруді білдіреді

Білу Түсіну

... кейіпкерлерді атаңдар не білдіңіз...

... қайда болды өз сөздеріңізбен айтыңыз..

... тақырыбын анықтаңдар салыстырыңыз..

ІІ деңгей тапсырмалары алған білімін қолдана білу және талдау деңгейінде игеруді білдіреді:

Қолдану Талдау

қолдану мақсатын түсіндіріңіз...

... құрылымы қандай

осы құбылысты түсіндіреді...

... топтастырыңыз

қорытындылар...

... себебін талдаңыз

І деңгей тапсырмалары алған білімді топтау және бағалау деңгейіне бағытталған:

Топтау Бағалау

өз шешіміңізді табыңыз...

ойды бағалаңыз...

баламасын табыңыз ..

... туралы не ойлайсыз

түсініктемесі қандай...

қорытынды жасаңыз...

Қай деңгейді қалауды оқушылардың өздері шешкені дұрыс. Сөйлесу жаттығуларын, тілдік материалдарын керек кезінде, айтылатын ойға байланысты оқушы орынды қолдана алуын көздеймін. Оған: сұраққа дұрыс жауап беру; өзі сұрақ қоя білу; тілдік жаттығуларда меңгерген сөйлем үлгілерін сөйлеуде еркін қолдану; тақырып бойынша мазмұндама, шығарма жазу; сурет арқылы әңгімелеу; оқыған мәтіннің мазмұнын әңгімелету; мақал-мәтелдерді сөйлеуде дұрыс қолдануға жаттықтыру; тақпақ, өлең айтуға, ән салуға үйретемін. Кей модульдерде ізденіс, шығармашылық ашатын тапсырмалар ұсынамын. Мысалы, «Мен тұратын жердің табиғаты» модульінде «Қоршаған ортаны қорғау» тақырыбына «Қазақстандағы экологиялық жағдайды дұрыстау үшін қандай іс-шара жасау керек?» тақырып бойынша газетке мақала жазу немесе жоба құрастыру тапсырмаларын ұсынамын.

Сұхбат бөліміндегі жұмыстар мынандай негізгі принциптерге негізделеді:

- танымдық материалға мақсат қойылады;

- жеңілден күрделіде өту принципі, алдымен қысқаша, кейін үлкен көлемде әр түрлі ұғымдар мен ережелермен толықтырылып беріледі;

- осы бөлімде модулдағы негізгі ұғымға қайта оралу принциптерін басшылыққа аламын.

Осы сұхбат немесе ауызша бөлімде оқушылардың сөйлеу, диалог құру, полилог құру танымдық тақырыптар бойынша ой тұжырымын жеткізу жағына үлкен мән беремін.

Оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сөздік қорын байыту, тілін дамыту, яғни олардың тіл туралы білімін ғана меңгерту емес, қазақ тілінде сөйлеуге, пікір алысуға үйрету, қазақ тілі мұғалімінің негізгі мақсаты деп ойлаймын. Сабақты бекітуге Венн диаграммасын жиі қолданамын.

Тілді оқытып, үйретудің сапасын арттыру әртүрлі жағдайларға байланысты. Орыс мектебінде оқытылатын қазақ тілі пәнінің түпкі мақсаты – оқушыларға қазақ тілін меңгерту, сауатты жазуға үйрету, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тілін құрметтеуге, Отанды сүюге баулу.

Сабақ өткізу, оқыту барысында өткізілетін ең күрделі жұмыс түрлерінің бірі – сабақта мәтінмен жұмысты ұтымды ұйымдастыру. Мәтінмен жұмыс дегеніміз – сабақта мәтінмен жұмысты ұтымды ұйымдастыру. Мәтінмен жұмыс дегеніміз – сабақта өтілетін әртүрлі жұмыстардың жиынтығынан құралады. Олар:

1) Дыбыстармен жұмыс;

2) Сөздіктермен жұмыс;

3) Сөздік қорларын жетілдіру;

4) Тіл дамыту;

5) Ережемен жұмыс;

6) Ауызша сөйлей білуге дағдыландыру.

Мәтінмен жұмыс істеу мынадай кезеңдерге бөлінеді:

1) Мәтінді оқығанға дейінгі жұмыс.

2) Мәтінмен жұмыс кезеңі.

3) Мәтінді оқығаннан кейінгі кезең.

1) Мәтін алдындағы жаттығулар мен соған сәйкес жұмыс түрлері мынадай бағытта жүргізіледі: тілдік тұлға мен сөйлем үлгілерін мәтінде танып, айыра білу және әртүрлі құрылымдық материалдарды (сөзжасам элементтері, етістіктің жақ, шақ түрлері, т.б.) меңгерту.

2) Келесі мәтінмен жұмыс кезеңі. Бұл кезеңде мәтіннің тілдік материалы мен құрылымы орындалады. Мәтін ішінен қажет мәліметті бөліп алу, айыра білуге машықтандыру жаттығуларын әртүрлі тәсілмен орындау. Мәтінмен жұмыс былайша ұйымдастырылады: оқығанның мазмұнын айту, мәтін бойынша сұраққа жауап беру, жоспар жасату, бірнеше бөлімге бөліп оқыту, негізгі жанама ойды таптыру, қорытынды жасату.

3) Шартты түрде алып отырған үшінші кезеңде мәтінді оқып, түсініп, негізгі ойды қазақ тілінде жеткізе білу.

Мәтінді оқығаннан кейінгі жұмыстар:

1) Логикалық сұрақтар;

2) Сөздік жұмыстар;

3) Фонетикалық жаттығулар;

4) Сөйлем құру;

5) Мәтінге жоспар құру;

6) Аударым;

7) Мәтінге ат қою;

8) Диалог, ситуация құру;

9) Мәтіннің мазмұнын жоспар бойынша айту.

Мәтінді оқытудың мынадай түрлерін сабақ үстінде қолданамын:

1) Дауыстап оқыту арқылы оқушының сөйлеу элементтерін меңгергендерін байқауға болады, тағы да бір тиімділігі – оқушылар бірінің қатесін бірі естіп және түзетіп отырады.

2) Іштей оқу – бұл жұмыстың мақсаты оқушылардың шапшаң оқу дәрежесін анықтау. Мысалы, оқушыларға іштей шапшаң оқу үшін бір мәтін беремін де, қай жерге дейін оқу керектігін белгілеймін. Әркім белгілеген жерге келгенде кітаптарын жауып, бітіргенін байқатады. Солай оқушылардың оқу шапшаңдықтарын мөлшерін өзім белгілеп отырамын.

Оқытудың ең басты әрі негізгі мақсаты - білімнің сапалы, нақты, толық болуында. Осы мақсатқа жетуде ойындардың да маңызы зор. Сабақ тиімділігін арттыруда ойын элементтерін қолдану белсенділігін арттырып, оларды ынталандырады, теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға үйретеді. Ойындарға қойылатын талаптардың өз алдына жеке мақсаттары бар. Олар:

• ойынның мақсаты нақты әрі керек-ті көрнекіліктер мен материалдар күн ілгері дайындалып қойылу керек;

• ойын ережелері оқушылардың түсінуіне оңай, қарапайым әрі шағын болуы тиіс;

• ойынға оқушылардың түгел қатысуын қамтамасыз ету қажет;

• ойын жүру барысында мұғалім балалардың түгел қатысуын қадағалаумен қатар, олардың ойын үстінде шешім қабылдай алуларына, ойлана білулеріне жол көрсетуі қажет.

Ойын элементтерін сабақта екі түрлі мақсатта пайдаланамын. Біріншісі – сабаққа қызығушылығын арттыру, тілін дамыту, екіншісі – оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, тапқырлыққа баулу. Сабақта қолданылатын ойындар: «Бәйге», «Білімпаздар», «Ойлан тап!», «Жалғасын айт», «Полиглот», «Не, қайда, қашан?». Ойын барысында оқушының ойлау қабілеті, тапқырлығы дамиды.

Модульдік технология мұғалімнің алдында тұрған көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі:

- жалпы білім сапасын жоғарылату;

- сабақтың тиімділігін жоғарылату;

- дарынды оқушылармен жұмыс жүйесін жасау;

- оқушылардың мақсаттарына жету жолындағы жетістіктерін есепке алу жүйесін жасау;

- жеке тұлғаның өзін-өзі реттеуі, өзін-өзі тәрбиелеуі, өзін-өзі дамытуы.

Модульдік технология алға қойған мақсатқа оқушылармен бірлесе отырып проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

Модульдің 3-ші бөлімі қорытынды бақылау бөлімі. Қорытынды бөлімде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс.

Оқушылардың білім-білік дағдыларын тексеруге арналған бақылаудың бірнеше түрлері ұйымдастырылады.Олар:

1) Тест;

2) Диктант, мазмұндама, шығарма;

3) Нәтиже сабақтары (Сайыс, әр түрлі интеллектуалды ойындар).

М.М. Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы оқушының мұғалімнен қабылдаған білімін шығармашылықпен жеткізуге үйрететін әдіс болып табылады; эмоциялық сезімге бойлап, әсерлі сезімде болуға жетелейді; ойын түрлері арқылы баланың қиялын дамытады, зейінін тәрбиелейді, халықтық педагогикамен қаруландырады, терең білім береді; оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырады, осы сатыға жеткізуші дәнекер ойдың модулі деп түйіндеуге болады. Бұл әдіс оқушыны ізденімпаздыққа, өз бетімен білімін жетілдіруге баулып, шығармашылық қабілетін дамытады. Өскелең жас ұрпақты білімді өз бетінше меңгеруге, ойлау, есте сақтау, ауызша және жазбаша дамытуға дағдыландыруда модульдік технологияны оқытудың маңызы зор. Оқушының құзырлығы коммуникативтік оқыту технологиясы арқылы дамиды. Оның ішінде мәтінмен жұмыс арқылы танымдылық қабілеттері, танымдық процестері дамып, сөздік қоры молаяды, оқытуда жағымды әрекет қалыптасады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. - Алматы, 2002.

2. “Қазақстан мұғалімі” журналы, 2002-2005 ж.ж.

3. “Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде” жұрналы, 2008-2011 ж.ж.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012


 © 2017 - Вестник КАСУ