Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012

Автор: Келгембаева Бақытжан Бекенқызы

Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі - Жанат Әскербекқызы өзінің әр жылдары жарық көрген «Ғарыш билер ғұмырымды», «Қаңтардағы қызыл гүл», «Көне түркілер әуені», «Қаз қанатындағы ғұмыр» тәрізді жинақтарымен танымал. Ақын өз жырлары арқылы ұлттық поэзия дәстүрін терең меңгеріп, шебер жаңғырта білудің үлгісін көрсетіп келеді. Суреткер философиялық, эстетикалық танымы мен идеалын, қаламгерлік позициясын оқырман жүрегіне жеткізу үшін халық ауыз әдебиеті үлгілеріне көбірек үңіледі.

Академик З. Қабдолов суреткер шеберлігіне қатысты: «Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын мүмкіндігінше молырақ игеруі, оның қилы-қилы, қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мән мен мағынасындағы ұлан-ғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, құбылтулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет», - десе, поэзия теориясының тағы бір білгірі С. Негимов: «Ақын міндеті – сөзге қанат бітіруінде, сөз бен сөзді жалғастырып, қару қайратын қосып, ойды тербейтін, бойды билейтін поэзиялық образ жасауында... Халықтың ұшан-теңіз бай тілін, рухани өмірі мен қазынасын, тұрмыс-тіршілігін жан жақты білумен бірге, оларды ақыл-ой елегінен шебер екшеп өткізіп алатындай көркемдік қабілеті мен эстетикалық өткір талғамы болуы қажет» (2, 17 б.), - деп жазады. Осы тұрғыдан алғанда Жанат Әскербекқызын ұлтының тарихы мен бүгінгі тынысына, салт-дәстүрі мен рухани табиғатына жетік, ақындық мәдениеті жоғары, талғампаз қаламгер дей аламыз. Оған ақын жырларындағы фольклоризмді сөз ету барысында көз жеткіземіз. Ақынның поэзиясына тән ұлттық нақыш, қазақ халқының өткенін жаңаша бағамдау, ауыз әдебиетіне тән сюжет, персонаждарды көркемдік мақсатта шебер қолдану тән. Ақын фольклорлық танымды интерпретациялап, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сөз етеді. Жанат ақын ата-бабаларымыздың салған жолы мен салт-дәстүріне үңіле отырып, өткеннің өнегелі сабақтарын бүгінге жеткізуді, адам жанының құпия қалтарыстарын, сезім дүниесін өрнектеуді мақсат тұтады. Қазақтың тұңғиық тарихы мен мәдениетінен бастау алатын «Ақжүніс ару жылап оянды», «Бітіридің елге сәлемі», «Иең қайда, Көкжорға?!», «Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді» т.б. өлеңдері дәстүр жалғастығының, бүгінгінің моральдық, философиялық мәселелерін, лирикалық қаһарманның сезім арпалысын жыр тілімен жеткізудің озық үлгілері.

Қазақ эпостарында сомдалған Қыз Жібек, Төлеген, Ақжүніс, Ер Тарғын, Қартқожа, Қарлыға, Едіге, Тоқтамыс сынды бейнелер ақын поэзиясында символдық мән иеленіп, өлеңнің идеялық-көркемдік қуатын арттыруға қызмет етеді.

«Қыз Жібек» жырындағы Қособа – Төлегеннің өмірмен ерте қоштасып, арманда кететін, мөлдір махаббатты зұлымдық мерт ететін жер. Жанаттың жырында бұл мекен:

Қособаның түбінде...

Күн батқан шақ,

Зулай ұшты сұр жебе зұлматты аңсап,

Ту сыртыңа, боздақ-ай бұрылмадың,

Өкінбес пе ек... соңғы сөз тыңдап қалсақ... (3, 138 б.), - деп эпостағыдай етіп суреттеледі. Ту сыртынан қадалған жау оғынан қаза тапқан Төлегеннің ажалы да нанымды бейнеленген. Дегенмен келесі жолдардағы:

Жат тақымда боз жорға келеді аңдап,

Бір үмітті мың күдік келеді арбап,

Қособаның түбінде арман қалған

Аңдаусызда... аңдыған жебе қандап... (3, 139 б.), - деген ойлардан мерт болған Төлегеннің бейнесі арқылы лирикалық қаһарманның үзілген үмітінің, орындалмаған арманының сөз болып отырғанын аңғарамыз.

«Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді» өлеңі жоғарыдағы өлеңнің заңды жалғасындай. Бұл өлеңде лирикалық қаһарман Қыз Жібек болып үн қатады. Жыр тілінде Қыз Жібектің мұңы:

Мен бүгін бір түс көрдім,

Түсімде жаман іс көрдім,

Төлеген мінген көк жорға ат

Ер тоқымсыз бос көрдім...

... Қолымдағы тұйғынның

Заулап келіп аспаннан

Желкесін қиды бидайық... (3, 172 б.)

- деген жолдармен өріледі. Бұл – Жібектің түсі. Эпостық жырлардағы түс – болар оқиғаны бұлжытпай көрсететін маңызды процесс. «Қыз Жібек» жырында Төлегенін тағатсыздана тосып жүрген Жібек түсінде Төлеген мінген Көкжорғаның бос келгендігін көреді. Жібек сондағы түсінен шошынып, жаман хабар әкелер деп жориды. Ер тоқымсыз Көкжорға – иесінің оралмағанының ишарасы ретінде қабылданады. Қыз Жібектің бұл түсі шынға айналады. Қособаның түбінде Төлеген мерт болады. Жанат Әскербекқызында - иесіз оралған Көкжорға - сезім. Лирикалық қаһарманның жауапсыз махаббатының тұспалы.

Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді,

Кісінеуі нені еске түсіреді.

Иесінің жоқтығы - өңім еді,

Ер тоқымсыз келгені түсім еді,

... Ту сыртымнан боз жорға кісінеді... (3, 60 б.)

Ақынның шеберлігі сол – «көкжорғаны» символдық мәнде ала отырып, лирикалық қаһарманның иесіз сезімін танытады. Жырда ер-тоқымсыз Көкжорға болса, мұнда – иесіз сезім. Сезім бар да, сол сезімнің иесі жоқ: өлеңнің соңындағы «көкшіл сағым ішіне жұтылайын, жетекке алып, көк жорға сезімімді», - деген жолдардан соны аңғарамыз.

Жанат «Қыз Жібек» жырының сюжетіне үш өлең жазған. Үшінші өлеңі – «Иең қайда, Көк жорға?!» деп басталады.

-         Иең қайда, Көк жорға?!

-         Қособаның түбінде қалды.

-         Соңғы сөзі

-         Алты қаздың тілінде қалды.

-         Алты қаз арызын айтшы?!

-         Өлмеген құлға жаз болды,

-         Өлтірген жауыз мәз болды.

-         Ғайыпқа жаны асығып,

ғұмыры қыршын, аз болды

соны айтты.

-                   Қособа, сен тіл қатшы?!

Сыр шығармай сыртына

Бекем болған Қособа,

Қарақшыға қанды қол,

Мекен болған Қособа,

тіл қатшы!

-               Қанды жебе қадалып,

Қапы кетті ғашығың,

Жансыз жебе жан алып

Арманда кетті асылың

басқа не деймін.

Енді ойымызды жинақтай айтсақ, ақын осы өлеңдері арқылы қаһарманның нәзік сырларын, ішкі жан дүниесіндегі арпалыстарды оқырманына бейнелеп жеткізе білген. Лирикалық қаһарман Қыз Жібек болып – Көкжорғадан, алты қаздан, Қособадан сүйікті жарын сұрайды. Сұрай отырып, өз басындағы осы жайды оқырманына түсіндіре кетеді. Бұл жерде филология ғылымдарының кандидаты, С.Т. Қасенов: «Көкжорғасын жоғалтқан Қыз Жібек – көңілдің Төлегениесін аңсауы да заңды нәрсе», - деп дөп басып айтқан (4, 3 б.).

Түйіндесек, Қыз жібек жырының сюжетіне құрылған өлеңдерінде автор жыр сюжетін толық пайдалануды мақсат тұтпаған, жыр қаһармандарының характері айқын аңғарылатын, психологиялық бояуы қалың, нәзік лиризм, көркемдігі жоғары эпизодтарды таңдап алған.

Бұл өлеңдерді лирикалық қаһарманның жан дүниесі мейлінше шынайы ашылған, біртұтас бірліктегі туындылар деу дұрыс. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай Жібектің жан жарын жоғалтқан зары мен лирикалық кейіпкердің өмір иірімдері, оның сағыныш пен мұң аралас тірлік тылсымдары бір арнада тоғысып жатыр. Бұл арада Жанат ақынның поэтикалық ізденіс үстінде ұлттық нақышты өз сезімімен ұштастырып, көріктендіріп, өңдеп, оқырманына қайта ұсынған ақын-дық шеберлігін тани түсеміз.

Қаламгердің эпостық сюжетке құрылған енді бір өлеңі «Ақжүніс ару жылап оянды...» (3, 150 б.) деп аталады. Бұл өлеңде лирикалық қаһарманның жүдеген көңіліне көне ғасырдан келіп жеткен Ақжүніс ару медет болады.

Ақжүніс ару жылап оянды

Түсімде сені көрдім деп.

Алладан түйсік бір аян алды,

Жанары жасты шерлім деп...

... Аруға айтар зар-мұңым көп - ті,

Қан жылап тұрып көрістім,

Тәңіріме болды тағдырым кекті,

Талақ қылам ба жер үстін,.

Қожағы – арсыз, Тарғыны – нәрсіз,

Кер кеткен заман – бұл заман.

Жеңіліс табар ар құны – даусыз

Желді ауыз болса кіл жаман.

Нәсіп етіп ед Тәңірі нені,

Жанымды жеген жара –мың,

Түйсіктен шыққан ар үні еді

Қасірет шеккен қаралы үн.

Сауғаға көктен сұрап аянды,

Кінәмшіл көңіл солмақ па?!

Ақжүніс ару жылап оянды

Арыма жоқшы болмаққа.

Ақын жүрегі «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс арумен сырласқандай. Лирикалық қаһарманның басындағы мұң-нала мен жыр қаһарманы Ақжүністің басындағы өзек жарды өксік бір арнада тоғысып жатыр. «Ер Тарғын» жырында Ақжүніске таласқан екі батыр Қартқожақ пен Ер Тарғынның жекпе-жегі суреттеледі. Жекпе-жекте кім жеңсе, сол батыр аруды жар етеді деп шарттасады. Ер Тарғын жеңіліс табады да, сертінде тұрып, Ақжүністі Қарт Қожаққа қалдырып өз жолымен кете барады. Бұған налыған Ақжүніс Қарт Қожаққа тілек білдіріп, өзінің сүйген адамы Тарғынға қосылғысы келетінін айтады. Шешендігімен де, ақылдылығымен де Қарт Қожақты тәнті етеді. Арудың тілегін қабыл алған Қарт Қожақ мәрттігін танытып, Ақжүністі Ер Тарғынға қосады. Жырда Ер Тарғынның сертке беріктігі, Қарт Қожақтың мәрттігі ерекше дәріптеледі. Ақжүніс көркіне ақылы сай, қайратты ару ретінде көрінеді. Ер жігіттің қайсарлығы мен мәрттігі, сертке беріктік салт болған заманды аңсаған лирикалық қаһарман түсінде Ақжүніспен «қан жылап тұрып көріседі». «Кер кеткен заманда» туып, ер-азамат бойындағы нәрсіздіктен жапа шеккенін сездіреді. Бұрынғы Қарт Қожақ пен Ер Тарғынның бойындағы батырлық, сертке беріктік қасиеттерді бұл заманның жігіттерінің бойынан таба алмай қапаланады. Адамдар арасындағы риясыз сезім, кіршіксіз көңілге деген сенімнің азайып, қоғамның рухани жағынан жұтаңданып бара жатқаны эпос сюжетіне арқа сүйеу арқылы бейнелі тілмен жеткізіледі.

Жанаттың жырларына жалаң баяндау, жалпылама өсиет, уағыз айту жат. Шағын ғана өлеңде адам тағдыры, шынайы өмір арпалысы бар. Ақын фольклорлық персонажды қатыстыра отырып, лирикалық кейіпкердің сезім иірімдеріне бойлаған, жұмыр басты пенденің, әйелдің тағдырын көрсете білген.

Ақынның қаламынан туған бұл қатардағы әрбір туынды көне заманмен сырласып, жаңамен жалғасып жатқан, қазақ жырына қосылған нағыз көңіл-күй, сезім лирикасы дейміз.

Қаламгер өз жырларының үлкен бөлігін туған жердің өткеніне үңіліп, тарихын танытуға арнаған. Өзі туып өскен Тарбағатай мен Алтайдың қойнауында жасырылған тарихты жыр тілімен ақта-рады. Туып-өскен ауылының тарихын зерделей отырып, бүкіл бір ұлттың кешегі күніне көз жүгіртеді. Мәселен, «Бітіридің елге сәлемі» атты өлеңінде лирикалық қаһарман Бітіридің сәлемі арқылы шекара бөлінісіне түскен халық трагедиясын жеткізеді.

Сіңірген қаным, терімді,

Қонысым жатқа телінді.

Шекара сызып, шек қойып,

Екіге жарды елімді.

Кінәлі бұған кім дейін,

Кімдердің бағын күндейін.

Тарбағатайдың жайладық,

Теріскейі мен күнгейін (5, 28б.).

Бұл сәлемді жолдаушы лирикалық персонаж - Бітіри. Бітіри – кезінде Тарбағатай өлкесінің әйгілі адамдарының бірі болған Құрбан қажының қызы. Құрбан қажы – 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Тарбағатай өңірінде өмір сүрген, жасында Қоңыз батыр атанған. Шығыс Түркістандағы азаттық күреске қатысқан, кейіннен қажы атанып, ел-жұртына сыйлы, қадірменді ақсақал болады. Ал Бітіридің жары – Демежан атақты батыр. Қытайға қараған жерде жазалаушылардың қолынан мерт болады. Бұны естіген Құрбан қажы қызын төркініне алдырмақ болады, бірақ Бітіри қайтпай, ерінің отын өшірмеу үшін сонда қалады.

Ақын «Бітіридің елге сәлемі» арқылы ұлт тағдырына жеке адамның көзімен баға береді, жалқы арқылы жалпыға ортақ шындықты танытады. Қаламгер тәуелсіздікке дейін шындығы ашылмай, «жабулы қазан» күйінде келген тақырыптардың бірін қозғаған. Заманның қыспағын, елін, жерін сағынған елдің мұңын, лирикалық қаһарманның тіліне тиек етеді.

Қызылащы – қонысым,

Күнгейден болды өрісім,

Боталар көзім күнітүн,

Бөлініп қалған жер үшін,

деген жолдардағы Бітіридің көзіне үйірілген жас қатал тағдыр қыспағына түскен көптің жасы.

Сағыныш сәлем арнайын,

Қызының ұқтыр хал-жайын,

Боз жусанының мен үшін,

Бір сипап өшті маңдайын (5,) -

Міне нағыз сезім шынайылығы! Сағыныштан санасы сарғайған Бітіри үшін туған жердің боз жусаны да ыстық, қымбат. Бұл жолдар туған жерінен жырақта жүрген ақынның өз көңіл-күй әуенінен де хабар беретіндей.

Жанат Әскербекқызының өлеңдерін оқи отырып, есімізге Мұқағали ақынның «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген жолдары еріксіз оралады.

Себебі, Жанат ақын да қазақ халқының мол фольклорлық туындыларынан сусындай отырып, асыл қазынаны өзіндік поэзия тілімен қайта өңдеп, жырлаған. Қазіргі қазақ поэзиясының көркемдік көкжиегін өзіндік ізденістерімен кеңіте білген.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қабдолов З. Сөз өнері / З. Қабдолов. - Алматы: Ғылым, 1993.

2. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – Алматы, 1991.

3. Әскербекқызы Ж. Қаңтардағы қызыл гүл. – Астана: Елорда, 2001.

4. Қасенов С. «Мына ғалам Сіз бен Бізді ұға ма?...» // Дидар, 2000.

5. Әскербекқызы Ж. Көне түркілер әуені. – Астана, 2003.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012


 © 2017 - Вестник КАСУ