Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012

Автор: Рахметоллина Зауре Токтагановна

Бүгінде ел атынан ұлттың сөзін сөйлейтін дуалы ауыз үркердей арбыздарымыздың бірі әрі бірегейі болып отырған, саналы ғұмырын халқының өзіндік болмыс-бітімін сақтап, болашаққа апару жолындағы ағартушылық қызметіне арнаған және осы жолды таңдаған алдыңғы толқын ағалардың туған елінің жоғын жоқтағаны үшін қуғындатып, талай зобалаңды басынан кешіргенін біле тұра алған бағытынан қайтпаған қайсар ғалым Рахманқұл Бердібайдың ғылыми еңбектерін, публицистикалық туындыларын, газеттерге жазған мақалаларын, радиодан, теледидардан сөйлеген сөздерін, сұхбаттарын көзі қарақты оқырман қалт жібермейді.

Сондағы байқағанымыз - автордың қандай тақырыпты әңгімелесе де айтар ойының түп төркіні елдік мәселесіне, ұлттың көкейкесті проблемаларын қозғауға барып тірелетіні. Өткенге үңілсе, тарихымыздың тереңнен сыр тартатын тұмса байлығын, қадым заманнан бастау алатын әдебиетіміз бен өнеріміздің кемелдігін толғай келіп, өзгеге тәуелді болған ондаған, жүздеген жылдарда осынау асыл қазыналарымыздың аяқ асты болғанын, сол жауһарлар табанға тапталғаннан кейін халықтың да қағажу көріп, пұшайман күйге түскенін, кешегісін бұлдыр етіп, тарихын белінен сызып, өзін қаңғыбас тобыр дәрежесіне дейін құлдыратқан бодандық кезеңін, сол кезеңде қазақ деген ұлттың өкілі екенін айтудан бетін басатын бүгежек ұрпақтың өсіп жетілгенін оқырманға жүрегі сыздай отырып жеткізеді.

Енді қайтпек керек дегенде, Құдайдан күндіз-түні тілеген тәуелсіздігіміздің тұсында бітірер шаруаларды мұрнынан тізіп береді. Олардың бір парасы - қазақ тілін дамытудың, қазақ мектептерін көбейтудің, халық музыкасын өркендетудің, халық ауыз әдебиетін тәрбие құралына айналдырудың, түркі халықтарының қарым-қатынасын жандандырудың, егемендігіміздің іргесін бекітуге септігін тигізер тағы басқа толып жатқан мәселелердің төңірегінде өрбиді. Осының бәрі, түптеп келгенде, ғасырлар бойы езіліп - жаншылған халқымыздың бағзы замандағы қуаттылығын қалпына келтіруге, сөйтіп, бүгінгі ұрпақтың бір талайы көз жазып қалған, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізбен, тілімізбен, дінімізбен қайта қауышуға қолғабыс жасары сөзсіз.

Жалпы, әдебиет майданына өткен ғасырдың елуінші жылдары араласып, сын саласын өркендетуге сүбелі үлес қосқан, әсіресе қазақ романының қалыптасу, даму жолдарын зерттеуде соны серпін танытқан, қазақ фольклорына жаңаша көзқараспен қараудың тың үлгісін көрсеткен іргелі ғалым әдебиетшілік өнерді қоғам ісіне белсене араласумен, көп адам тілінің ұшында тұрса да айта алмайтын ұлтқа, оның өсіп-өркендеуіне қатысты зәру мәселелерді қалам ұшына алумен тығыз ұштастыра білді. Қайраткердің бұл бағытта табандылықпен жүргізіп келе жатқан еңбегін «Р. Бердібай феномені» десек жарасады. Өйткені күреске толы саналы ғұмырында мыңнан астам мақала, отыздан астам кітап жазған ғалым шығармаларының басым көпшілігі халқым деп тебіренген іңкәр жүректің елім еңселі болса екен деген арманынан туған ізгі тілектерден, қынжылыстардан, құнды ұсыныстардан тұрады.

Ғалымның шығармашылық өмірде ел мүддесі жолындағы осындай табанды күрескерлікті таңдауына не себеп болды? Бәлкім бұл ана сүтімен, әке тәрбиесімен, өскен ортаның тәлімімен бойға сіңген қасиетін ер жетіп, оң солын тани келе іздегенде, ата салтынан, қазақтық қалпынан біртіндеп қашықтап бара жатқан (дұрысы басқа біреулер қашықтатқан) халқының мүшкіл хәлін көріп, отқа күйген яки суға батып бара жатқан баласын құтқаруға ұмтылған жандай болып шырқыраған адамның жан ай қайындай жанашырлық па екен?! Әлде ұлттың өзіндік болмыспен дамуына титтей де болса үлес қоссам деген ниеттің бара-бара дес бермеген үлкен мұратқа айналуы ма екен? Жоқ әлде таңдаған мамандығына байланысты қалам тербеу барысында қоғам тіршілігіне қатысты сан алуан проблемаларды көтере жүріп қайраткерлікке бой ұрғанын өзі де байқамай қалды ма? Қалай болғанда да елінің ертеңіне елеңдеген, беймаза да бейнетқор, халқына адал осы бір перзенттің ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, сол жолды өз өмірінің айнымас шамшырағы етіп алғаны ақиқат.

... Әрбір істің өз сәті болады. Р. Бердібайдың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1956 жылғы 22 сәуірдегі нөмірінде жарық көрген «Ең үлкен мәдени байлық» деген мақаласы соғар сағатын күтіп, саналы ұлдың көңіл түкпірінде жатқан екен. Соңынан халық арасында кеңінен талқыланып, үлкен қолдау тапқан, бұған керісінше авторы өкімет тарапынан қудалауға ұшыраған бұл еңбектің жазылу тарихы да қызық. Тілші бір үлкен конференциядан ұлы орыс тілінің халықтардың өсіп-өркендеуіне тигізіп отырған орасан зор әсері туралы газетке материал дайындауға тапсырма алады. Бастапқыда орыс тілінің құдіретін көрсетуге арналып жоспарланған мақала ақырында керісінше, қазақ тілінің өз тұсындағы бейшара хәлін жұртшылық алдына жайып салады.

Бұл ешкім күтпеген тосын оқиға еді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана партияның бағытын «дұрыс түсінбеген», саясаттағы «теріс көзқарастары» үшін М. Әуезов бастаған қазақтың бір топ ақын-жазушылары қуғындатып, кейбіреулері итжеккенге айдалып та кеткен болатын. Мұны көзі ашық азамат білмей отырған жоқ. Өзінің басына да сондай зобалаңның тууы мүмкін екенін түйсінді. Бірақ қайсарлық, халқына жанашырлық сезімі жеңді. Өйткені орыс тілінде оқыту кеңінен қолға алынып, жер-жерлерде қазақ мектептерінің жаппай жабылып жатқан кезі еді. Қазақ тіліндегі газеттер тек орыс тілінен аударылып шығатын сүреңсіз дүниелерге айналды. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасы нашарлап, ол жүрдім-бардым істелетін тірліктің бірі болды. Орта мектепті қазақ тілінде бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге талаптанған шәкірттердің тауаны шағылды, бағы байланды. Осының бәрі жинақтала келгенде, жоғарыдағыдай батыл мақаланың жарық көруі заңды әрі халық үшін пайдалы еді. Бірақ ол авторға таяқ болып тиді. Партияның республикалық орталық басылымдарында мақаланың «зияндылығын», оның авторы Р. Бердібайдың «ұлтшылдығын» әшкерелеген материалдар жарық көрді. Мұның соңы авторды жиналыстан жиналысқа сүйреген кінәлауларға ұласты. Сонда да айтқанынан қайтқан жоқ. Өзін жиналысқа салып «Қателігіңді мойында» деп сілкілеп жатқанда көлгірси алмай: «Шыны солай ғой» дегені ортағасырлық Еуропадағы инквизиция кезінде Жердің Күнді айналып жүретінін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бағуға тырысқан атақты ғалым Галилео Галилейдің тағдырын еске түсіреді.

Тіпті әдеби зерттеуге ден қойып, осы тұстағы ізденістерінің нәтижесінде «Әдебиет және өмір», «Қазақ әдебиетіндегі замандас бейнесі», «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы», «Дәстүр тағлымы», «Роман және заман», «Қазақ романы», «От легенды к роману», «Қазақ тарихи романы», «Тарихи роман», «Мұхтар шыңы» тәрізді еңбектерінде де ғалым өзінің бойындағы туа бітті халықшылдық қасиеттерін одан әрі дамытып қана қоймай, сол кезеңнің жазылмаған заңы бойынша күнделікті тіршілікте қазбалай беруге болмайтын ұлтқа, оның тарихына қатысты мәселелерді халқына тарихи көркем шығармаларды талдай отырып жеткізуді мақсат тұтқаны аңғарылады.

Ғалымның сыншылығына, зерттеушілігіне, фольклоршылығына, ұстаздық, қоғамдық қызметтеріне жеке-жеке тоқтасақ, әрқайсысы іргелі ғылыми еңбекке жүк болар еді. Ол әрине болашақтың ісі. Сондықтан оның өз халқының, сондай-ақ түркі тектес бауырлардың өткеніне, қазіргі тыныс-тіршілігіне және болашақтағы өміріне қатысты мәселелерді тереңнен толғайтын публицистикалық туындыларымен жұртшылықты неғұрлым жақынырақ таныстырмақпыз.

Неге десеңіз, әдеби ортаға араласа бастаған сонау елуінші жылдардан бастап күні бүгінге дейін Р. Бердібаев осы бір жауынгер жанрды жанына серік ету арқылы туған халқының зәру мәселелерін көтеруден бір танбай келеді. Әр кезде жазылып, ел өмірінің сан алуан проблемаларын қамтитын мұндай мақалалардың, очерктердің, жолжазбалардың көптігі сонша - қазір олардың санын автордың өзі де білмейтін шығар.

Ең бастысы, оларда халықтың бүгіні мен болашағы үшін қажетті көкейкесті пікірлер айтылады. Мысалы, мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту, терминологияны реттеу, қазақ фольклорының бай мұрасын пайдалану және олардың көптомдығын бастырып шығару, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді жолға қою, ауыл мәдениетін көтеру, орыс тілінен аударма болып шығатын газет-журналдарды дербес басылымдарға айналдыру, қазақша энциклопедия шығару, республикалық спорт мектебіне Қажымұқан атын беру, қазақша басатын машинка шығару, әл-Фарабиге Алматыда ескерткіш орнату, мәдени мұраны игеруге байланысты республикалық комиссия құру, Ғылым академиясы құрамында қолжазба, шығыстану институттарын ашу, республикада Абай, М. Әуезов, С. Сейфуллин күндерін өткізу, Наурыз мерекесін тойлау, тіл мерекесін өткізу, Астана қаласында қазақ мектептерінің санын көбейту, Түркістан қаласының құрылғанына 1500 жыл емес, 2000 жыл толды деп тойлау, Түркістан қаласын рухани астана деп ресми түрде жариялау, Отырар шайқасының 850 жылдығын атап өту, Алпамыс жырының 1000 жылдығын атап өту, Түркістан халықтарының арғы-бергі мәдениеті мен тарихын таныстыратын журнал шығару, ғылымның түрлі саласындағы ізденістерді бірлестіріп, жоспарлы, жүйелі түрде зерттеулер жасайтын Орталық Азия академиясын ұйымдастыру, Түркістан халықтарының энциклопедиясын шығару, Қазақстанда ноғай мәдениетінің күндерін өткізу, орхон жазуларының, дәлірек айтқанда, ежелгі түрік алфавитінің мерекесін ресми атап өту... Осылай тізіліп кете береді. Бұл ұсыныстардың ішінде назарға ілігіп, ел игілігіне айналғандары біршама. Айтылған жерінде қалып, ескерілмей жатқандары да баршылық. Бірақ ол мойымайды. «Көзге ілмей қойды ғой демей, айта беру керек. Біреу болмаса біреудің құлағына шалынып,түбінде кәдеге жарайды», - дейді.

Әрине, ғалымның елу жылдық шығармашылық қызметінде жазған туындыларының бәрі де - мейлі ол әдеби сын болсын, мейлі ол ғасырлар қойнауынан сыр тартқан фольклорлық зерттеулер болсын, мейлі ол заманының өткір мәселелерін қозғайтын публицистика болсын, мейлі ол сан алуан қоғамдық істер атқару барысында мінбелерден айтылған пікірлер, симпозиумдарда, конференцияларда жасалған ғылыми баяндамалар болсын, бір-ақ нәрсеге - халқының тарихын тануға, мәдениетін кемелдендіре түсуге, жадын ұштауға, ұрпақ сабақтастығының сақталуына қызмет етеді.

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ғалымның журналистиканың жауынгер жанры публицистиканы өзінің негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар алып жүруі - тегеурінді талант иесінің ғылыми зерттеулер жүргізудегі байыптылығын, тереңдігін, жазудағы ой-қиялының ұшқырлығын ғана емес, сонымен бірге оның педагогикалық - ағартушылық дарындылығын да көрсетеді.

Бұған оның соңғы жылдары жарық көрген «Байкалдан Балқанға дейін», «Ел боламыз десек...», «Жұлдыздар жарығы» деген туындыларын оқу арқылы тағы бір көз жеткізуге болады. Бұларда автор егемендік алған елінің ертеңі еңселі болу үшін атқарылар істерді көлденең тартады. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақылға сәйкес халқымыздың басына төніп тұрған, келешекте асқынып кетуі айдан анық қасіреттердің атын атап, түсін түстеп көрсетеді. Өмір сүріп отырған табиғи ортаны ядролық, ракеталық жарылыстар зардабынан тазарту, тілімізге толық «теңдік» әперу, елдік дәстүрді жас қауымның бойына сіңіру, діни, имандылық тәрбиесін жүйелі түрде жүргізу секілді көкейкесті мәселелерді қозғайды. Автор аталған проблемаларды шешуге мемлекет тарапынан шын жанашырлық тұрғыдан көмек көрсетілмесе, мұның ұлтымыздың келешегіне тигізер залалының зор екенін де жасырмайды. Ғалымның жоғарыда аталған кітаптарымен, баспасөзде жиі жарық көріп тұратын және басқа да публицистикалық туындыларымен танысқан адам оның бойындағы халқына деген шексіз махаббатты, отанына деген өте күшті патриоттық сезімді, арысы жалпы адамзатқа, берісі бауырлас халықтарға деген асқан мейірбандықты қапысыз аңғарады. Осы қасиеттердің әрқайсысы жеке адамнан табылғанның өзінде қоғам үшін зор байлық екенін ескерсек, осындай баға жеткісіз игіліктердің бір адамның жүрегінде орнығуын ерекше бір құбылыс ретінде қарастырғанымыз орынды. Себебі, әлгіндей сипатты қасиеттер бір арнаға тоғыспаған жерден адам жанын тебірентіп, өзіне еріксіз бас идірер сөздің, тәрбиелік мәні зор пікірдің шығуы екіталай. Тек үлкен жүректі, ізгі тілекті, тал бойына халқының көксеген арманын жинақтаған адам ғана осылай сөйлей алса керек.

Ғалымнын түркі тілдерінде сөйлейтін отызға жуық ұлттар мен ұлыстардың тарихи-этностық және мәдени байланыстарының тамырластығы жан-жақты әрі ғылыми тұрғыда дәлелді талданып, шұрайлы тілмен байыпты әнгімеленетін «Байкалдан Балқанға дейін» деген кітабын оқығанда бұған және бір көз жеткізгендей боласың.

Бүкіл адамзатқа ортақ гуманистік идеяларды бұрын-соңды жазған еңбектерінің бәрінде де ұстанып келген және оны кеңінен насихаттаған автор осы игі көзқарасын барлық шығармаларында да жалғастырады. Жан-жүрегі адамгершілік пен мейірбандықты қалайтын, өз халқы ғана емес, басқа халықтар да, барша адамзат та бақытты болса екен, адам адамды қанамаса екен, жауыздық біткен жер бетінен жойылса екен деп тілейтін нағыз ізгі ниетті адамның аузынан шығатын сөзді қайталайды.

Осындай ізгі ниет, бауырмалдық, бір кезде тұтасып отырған, тілі де, тілегі де бір, салт-дәстүрі де ұқсас түркі жұртының заманалар желінің әсерімен бөлшектеніп кеткен, өзіндік бет-бейнесін жоғалта бастаған бүгінгі мүшкіл хәліне деген жанашырлық, түрік тектес түгел бол дегендей ой желісі кітаптың өн бойынан байқалады. Автор мәңгілік қарлы өлке Саха елінде болса да, Алтай жұртын араласа да, ұйғыр мәдениетіне зер салса да, хакастардың эпосын зерттесе де, тува (тоба) халқының өткеніне үңілсе де, қырғыз халқының әлемге аты мәлім жыры - «Манаста» айтылатын көзқамандар туралы ой толғаса да, өзбек халқымен туыстық байланыс тамырларын әңгімелесе де, қарақалпақ фольклорының негізінде қарақалпақ пен қазақ халықтары тарихының ұқсастығын дәлелдесе де, түрікмен әдебиетіне шолу жасаса да, қазақ пен башқұрт елдерінің көркемдік мәдениетіндегі тамырластықтан сыр тартса да, татар халқының азаттық жолындағы күресін сөз етсе де, ноғайлы елінің трагедиялық тағдырын баяндаса да, құмықтардың өткенінен сыр шертсе де, қарашай, балқар халықтарының аянышты халін жазса да, азербайжан халқының басына соңғы жылдары түсіп отырған ауыртпалықтарға байланысты ортаға ой тастаса да, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған қарайымдар туралы пікір білдірсе де, қырымның қилы тағдырын көлденең тартса да, месхет түріктері жөнінде айтса да бір-ақ нәрсені көздейді. Ол - тағдыр тәлкегімен ыдырап кеткен түркі халықтарының өткеніне ой жіберу, оқырманға ұлыстар тарихының ұқсастығын жеткізу, бір діңгектен тараған халықтарды жақындастыру жолдарын іздестіру және тағы басқалар.

Ғалымның тамырластықты іздестіру, халықтар мәдениетінің ортақ үлгілерін қарастыру арқылы ел мен елді, бауыр мен бауырды табыстыру мақсаты кітаптың өн бойында өріліп жатыр. Бұл орайда ғалым түрік әлемінің терең тамырларына, сан мыңдаған жылдардың көркем естелігіне - эпикалық аңсыздауларға сүйеніп ой өрбітеді, солардағы ұқсастық сарындарына баса назар аударады. Тарихтың белестерін, ескі ұғымдар мен салттардың тізбегін, адамдардың өзін, оның қоршаған орта, табиғат, қоғам туралы түсінігін ерекше тәсілмен баяндайтын аса бағалы мұра – эпос-жырларды зерттеу объектісіне айналдыра отырып ғылыми пайымдаулар жасайды.

Түрік тілдес халықтар өмірінен жазылған бұл еңбегінде автор тарих, әдебиет мәселелерін құрғақ баяндап кана қоймай, реті келген жерде өткен заманалар шежіресінің бүгінгі күнмен тығыз байланысты тұстарын да назардан тыс қалдырмайды. Еңбектің құндылығы да осында деген ойдамыз. Кітаптағы «Көзқамандар туралы аңыз» деген туынды осы сөзіміздің айқын куәсі бола алады. Мұнда қырғыз фольклорының інжу-маржаны - «Манас» жырындағы оқиғаның қазіргі өмірде орын алып отырған жағдайлармен дәлме-дәл ұштасуы айтылады. Эпоста Манастың іші-бауырына кіріп, ақырында оған у беріп опат қыла жаздаған көзқамандар жәдігөйлігі, оның осы күнгі тіршілігіміздегі көрінісі авторды бей-жай қалдырмайды.

Көзқамандар қайдан пайда болады дегенде, олардың өз халқының тілін білмейтін, сондықтан оны жат санайтын, іңгәла дүниеге келгеннен ер жеткенге дейін басқа түсінік, пиғылда тәрбиеленген жандардан шығатыны, оларға өз елінің асыл қасиеттерінің бірде-бірі дарымағаны, өзін асыраған, адам қатарына қосқан халқының тағдырына дұшпанның көзімен қарап дағдыланғаны, тіпті жаратылысынан ақыл-есі бүтін болып туғанмен, мұндайлар өз елінің перзенті болып жарытпайтыны, ана тілін білмегендіктен, көзқамандардың халқының көңіліндегі мұңды, көкейкесті арманды сезбейтіні, халық даналығы жаратқан небір әсем ән, құдіретті күй, аталар сөзі, ғибрат, нақыл бұларға әсер етпейтіні, эпостағы көзқамандар жырақ жерлерде өскендер болса, олардың қазіргі замандағы «ізбасарлары» өз елінде жүріп-ақ жатауы болып қалыптасқаны жеріне жеткізе айтылады. Автор мұндайлардан сақ болу қажеттігін де ескертеді. «Отандастарымыз өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қайта өздерін озық өркениет жаршылары деп қарайтындардың осы заманның көзқамандары екенін таныса, олардан сақтанудың жолын да іздеп табар еді», - деген тілегін де білдіреді.

Жалпы, Р. Бердібайдың публицистикалық туындыларымен жақынырақ танысқан әрбір адам оның сонау бір замандарда іргесі сөгілмей, айбары күшті ел болып отырған, кейін небір қилы оқиғалардың әсерімен бытырап кеткен түркі жұртының бір-бірімен байланысы нығайса, бауырлас халықтардың бір-біріне барыс-келістері көбейсе, бірінде бар игілікті екіншісі қабылдап, рухани байып, үлкен мұраттар көздеп, тізе қосып қимылдаса, дұшпанына дегенін істеткен мығым қалпын қайта тапса деген түпкі ойы мен арман-мақсатын сезінгендей болады.

Мұндай әңгімелер арқау болған жерлерде ғалымның айрықша шабыттанып кететіні бар. Түбі бір халықтардың тарихтағы тату болған, берекелі кезеңдерін сағынышпен еске алып, бүгінгі ұрпаққа ғибрат етеді, ауызбірлігінен жаңылып, тоз-тозы шыққан тұстарын, ұрымтал сәтті аңдыған дұшпанның қатігез озбырлығын өзегі өртене отырып қағазға түсіреді.

Айталық, Қазан хандығын жүз жылдық шапқыншылықтан кейін әрең бағындырған Ресей басқыншылары зорлап шоқындыру арқылы елді мүлдем тұралатуды көздеген, мұнда да дегеніне жете алмаған жағдайда солдаттарды тағарларға айдап салып сабаттырған, үйлерін қираттырған, мешіт пен медреселерді ойрандатқан, кейде арандатушы миссионерлер шіркеулерді өздері өртеп, жаласын татарларға жапқан, сөйтіп патшадан бұрынғыдан да қатал бұйрықтар түсірткен.

Жүздеген жылдарға созылған осындай адам төзгісіз зорлықтан кейін де татар халқы өмір сүруін, ағартушылық қызметін тоқтатқан жоқ. Әу бастан отырықшылыққа бейімделген сауатты ел түрлі қысымшылықтарға қарамастан, Ресейдегі мұсылман халықтарының тілінде кітап шығарудан көш басында болған. Мысалы, XIX ғасырда Қазан қаласы шығыс халықтарының тарихын, мәдениетін зерттейтін, мәдени мұрасын басып шығаратын аса ірі орталықтардың біріне айналған. Шығыс халықтарының ана тілінде жарияланған кітаптардың 70 пайыздан астамы Қазанда басылып тұрған. Соның ішінде бір мыңнан астам қазақ кітабы бес миллион данамен тараған. 1901-1917 жылдар арасында Кәрімовтар баспаханасында құран, әптиек және дұғалықтар 4 миллион 358 мын 200 дана болып шыққан.

Ғалым еңбектерінің, оның публицистикалық сарында жазылған шығармаларының және бір ерекшелігін атап өткен жөн. Ол қай елде болмасын, қандай мәселе қозғамасын әңгіме арқауына айналып отырған нәрсенің қазақ халқына, түрік тілдес бауырларға тигізер ортақ пайдасын ешқашан естен шығармайды. Үнемі жеке мәселеден жалпылама ой түйіп, белгілі бір қорытынды шығарып отырады.

Ой айту, пікір білдіру арқылы халқының мәртебесін асырсам, бір кезде дүниені тітіркенткен түрік жұртынын соңғы ғасырларда қағажу көрген қаһарман тарихын, ол туралы жосықсыз бұрмаланған шындықты оның өзі де, өзгелер де таныса екен деген арман ғалым шығармасының бүкіл лейтмотивінен көрінеді.

Осындай толғаныс, халқының бүгіні мен ертеңіне алаңдаушылық, ұлттық сананы қалыптастыруда, тілді дамытуда, дінді насихаттауда, республиканы мекендеген басқа халықтармен қарым-қатынаста атқарылып жатқан істер, оларды жетілдіре түсудің жолдары, республиканың, ұлттың ілгерілеуіне өзге елдердің оң тәжірибесін тиімді кіріктіру мәселелері, ортаға тасталатын және басқа ойлар, пікірлер, тұжырымдар ғалымның «Ел боламыз десек...» деген келесі бір публицистикалық толғамдарының басын біріктірген қомақты кітапта топтастырылған.

Бұл кітабында да автордың елдік, ұлттық, халықтық мәселені бәрінен жоғары қоятыны, бүкіл саналы тіршілігінің осы іске бағындырылғаны бірден аңғарылады.

Мұнда да автор қандай тақырыпты әңгіме арқауына айналдырмасын фольклор мұрасы жөнінде айтса да, газет тілшісімен әдебиет жөнінде сұхбаттасса да, экология, тіл, дін мәселелерін қозғаса да, халық музыкасын сөз етсе де, қазақ мектебінің мәселесін көтерсе де, қазақтың арғы-бергі көрнекті мәдениет, ғылым қайраткерлері туралы ой өрбітсе де, - барлығында да оларды ұлт тағдырымен, ұлтты өркендету жолдарымен шендестіріп, ұсыныстар айтып отырады. Егер ғалымның осы кітаптағы және басқа еңбектеріндегі, күнделікті баспасөзде жиі жарық көріп тұратын мақалаларындағы ұлттың дәстүріне, тарихына, тіліне, әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне қатысты айтқан ұсыныстарын тізімге алып, оның маңыздылығына мән берілсе, ұлттың өркендеуіне қосылған өлшеусіз үлес болар еді. Осындай құнды ұсыныстар мына кітапта да молынан қамтылған. Олардың тақырып аясы да кең, халықтың әлеуметтік-мәдени өмірінің барлық саласын дерлік қамтиды. Мақалаларының бірінде «ескі түркі әдебиетінің туындыларын меңгеріп, рухани даму қасиетіне жаратуды», «қазақ халқының көркемдік мәдениетіне қатысты кем дегенде 2000 жылдық тарихы бар әдеби-фольклорлық ескерткіштерді жекелеп те, топтап та зерттеуді» сөз етсе, енді бірінде «мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытып, ой-өрісін кеңейтетін сан-сала суреттік кітапшалар мен қолданбалар шығару», «бастауыш мектептен бастап, жоғары оқу орындарының түрлі пәндері бойынша қазақ тілінде төл оқулықтар шығару», «Қазақ тіліндегі кітаптардың тақырыптық шеңберін кеңейту», «Дүниежүзінің ең үлгілі ғылыми, көркем ескерткіштерін қазақ тіліне тәржімелеу», «Шет жақта жүрген отандастарымыздың рухани дамуына көмектесу» керектігін ескертеді, үшінші бір мақаласы мемлекеттік тілді дамытудың, оны өмірдің барлық саласына енгізудің, халықтық музыканы насихаттаудың өзекті мәселелерін қаузайды.

Туған тілінің бүгінгі хәл-күйі ғалымды айрықша толғандыратыны осы еңбектен айқын аңғарылады. Бұл жөнінде кітаптың өн бойында ретіне қарай пікір білдіріліп отыратынын былай қойғанда «Тіл тағдыры - ұлыс тағдыры» деген бір тарау түгелдей мемлекеттік тілдін көкейкесті мәселелерін қозғауға арналған. Онда мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінің еліміздегі мәртебесіне қатысты батыл да дәлелді ойлар ортаға салынады. Тарауда топтастырылған «Шегінерге жер жоқ», «Заң көкпар емес», «Өзен басынан былғанбасын», «Өзіңнен туған ұл өзекке тепсе», «Дүбәрадан дұрыстық шықпайды», «Қақпақылға түскен қайран тіл», «Ұлт рухы сезілсе», «Теңдік сұрар күн туса», «Мемлекеттік... әрі ұлтаралық», «Мәңгілік кепілі» деген публицистикалық шығармаларында ғалым қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына тек қазақтар ғана емес, әділдік сезімін жоғалтпаған барша халық өкілдерінің тілектес болғанын, Заңға күмән келтіруге дәті барғандардың арсыздығына таң қалатынын, ешқашан шектеу көрмей келген орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесін талқылаймыз дегенді біржола ұмыту керектігін, қазақ тілінің құрдымға біржолата түсіп кету процесінің тоқталғаны көңілімізге үміт ұялататынын, қазақ отаншылдары, орыс халқының және басқа ұлттардың адал ұлдары қазақ тілінің шыққан биігінен қайта құлап түсуіне жол бермес дегенге сенетінін, халықты өзінің төл есімінен, тілінен, жерінен жұрдай еткісі келетіндердің дегені болмайтынын, Ата Заңымызда «біз, қазақ халқы және Қазақстандағы барша халықтар» деп айтуға жүрексінсек, былайғы тіршілікте ұлтпыз деп ашық айтуымыз екіталай болмақтығын, тілімізді өзіміз құрметтеу үлгісін көрсетпесек, басқаларға өкпелеудің орны жоқтығын, туған халқының қасиетінен хабарсыз өскендерді космополиттік дағдыдан қайтарып, өз елінің тілін, салтын қадірлейтіндей ететін батыл шаралар керектігін, ал бүгінгі жас буынға толық ұлттық тәрбие беру - ел боп жасауымыздың мықты кепілі екендігін шабыттана да ширыға да толғайды.

Ұлттың ұлт ретінде сақталып қалуының бірден бір кепілі - ана тіліне деген перзенттік жанашырлығын автор мынандай пікірмен тұжырымдайды: «Дүниедегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі - қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның кең тыныспен табиғи дамуы, ұлт ретінде өмір кешуіміздің аса қажетті шарты екенін басшымыздан қосшымызға дейін мойындап, оны сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындағанда ғана ілгері басамыз. Қазір тіліміздің рухы мен мәнін қалпына келтіруге, оны әлемдегі ең озық ғылыми халықаралық тілдердің қатарына қосуға қолайлы кезең туып отыр. Жүздеген жылдарда кеткен есеміздің орнын толтыруға тағдырдың беті бері қарап отырған сәттілікті толығымен пайдалана алмасақ, болашақ буындар алдында кешірілмес айыпқа батамыз. Сол үшін бүгінгі таңда «ана тілі үшін күрес — ұлт келешегі үшін күрес» деген сөздер сарқылмас қуат беретін ортақ ұранымыз болсын». Ғалымның халқына деген шынайы махаббаты, елдігімізді жоғалтпасақ екен деген игі тілегі үнемі ол үшін не істеу керек деген сауалдармен астасып, кітапта оған жұртшылық көкейіне қонымды жауаптар беріліп, ұсыныстар айтылып отырады. Ел мүддесіне қатысты ондай көкейкесті пікірлер тұрмысымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің сан-саласын қамтитынын жоғарыда айтып өттік және олардың бәрін бірдей мұрнынан тізіп беруді орынсыз деп санаймыз. Дегенмен де халық мұрасына, соның ішінде музыкаға қатысты автордың жүрегін сыздатқан, сонан соң қалам ұшынан запыран болып төгілген мына бір жолдарды айтпай кете алмадық: «Қазақты ұлттық ерекшелігінен айырғысы келгендердің бір құрығы халық музыкасына түсіпті. Бұндай «әккілік» «мен озбырмын» деп төтелеп келмей, «теория» қисынын жамылып, өте нәзік, жымысқы желмен бой көрсеткен. «Қазақ музыкасы социализм дәуіріне сәйкес келмейді, еуропалық саз, опера жүйесіне көшу ғана бірден-бір дұрыс бағыт» деп музыка кешін табиғатымызға жат арнаға итермелегендердің ішкі пиғылын аңғару да оңай емес еді. Қазақ халқының ең білімді, саналы, зиялы қауымын «халық жауы» атандырып, жоқ қылған соң, «мынауың дұрыс емес» деп еуроцентристерге қарсы шыға қоярлық күш те ол кезде табыла қоймайтын. Ұлт деген сөзді айта қалғандарға «ұлтшыл» деген таңбаны баса салу оңайдың оңайы еді. Сонымен, не керек, музыканың теориялық, методологиялық «майданында» саз өнерінің еуропалық үлгісін бірыңғай дәріптеушілердің дегені болып, халық әндері мен күйлері екінші кезекке ысырылып шыға берген. Шұғыл түрде опера жасаудың, оны казақ музыкасының ірі жетістігі деп марапаттаудың тасасында ұлттық саз өнерінің тамырына балта шабу процесі үздіксіз жүргізіліп жатты. Қазақ музыкасын еуропалық жүйеге түсіруді көксегендер бұл күнде негізгі мақсатына жеткенін «тойлап» атап өтуіне болады. Халқымыздын ғажайып сұлу да бай ән, күйі төрдегі орнынан сырылып, босағадан сығалап қалған қасіретті шындықтан куәгері болып отырмыз. Ән де, күй де үздіксіз орындалып, үлкеннің де, кішінің де құлағына сіңісті болып жүрмесе, мейлі жауһар не алтын болса да, ұмыт бола береді екен. Қазақша ән, күй есіттіретін жалғыз «Шалқар» каналын жауып тынғаннан кейін, тұрпайы қышқырып, құлақ тұндыратын жат сарын толық үстемдік құрып алды. Осылайша еуроцентристер, космополиттер қазақ еліне рухани экспансиясын белгілі белеңге жеткізіп, дарынды халқымызды мәңгүрткен айналдырып отыр. Сан ғасыр бойында күштілердің ығында келген жұртымыз тәуелсіздікке қол жеткен заманда ұлт дәстүрін мұншама қорлыққа түсіруге көнбейтінін ашық білдіруі керек» дей келіп, ғалым халық музыкасын дамытуға қатысты: «Шалқар» каналын қайтадан іске қосу, қазақтың халықтық музыкасы жинағын том-том етіп басып шығару, радио мен телевидение де дәстүрлі әндер мен күйлерді бағдарламаға қосып отыру, музыкалық оқу орындарында халқымыздың байырғы төл музыкасын үйретуге кең орын беру, қазақ музыкасының классикалық үлгілерін жасаған халық композиторларының өмірі мен шығармаушылығы туралы әдеби-музыкалық хабарлар беріп тұру, ұлттық музыка тарихы мен теориясы жөнінде мақалалар, зерттеулер, диссертациялар жазуды жүйелі түрде жолға қою, «Қазақ музыкалық энциклопедиясын» шығаруды ойластыру, қазақ музыкалық мәдениетінің бұрынғы және болашақтағы тағдырын ұдайы қадағалап, талдап, бұл тараптағы жұмыстарды бағдарлап отыратын тұрақты комиссия құру қажеттігі туралы құнды ұсыныстарды көлденең тартады.

Айта берсек, ғалымның қазақ елінің арғы-бергі мұң-мұқтажынан бастап, түрік әлемінің ғажайыптары туралы сыр толғаған тартымды да танымдық әңгімелерінің ұшы-қиыры жоқ деуге болады. Әдебиет пен мәдениеттің сан алуан жанрларын, ондаған ғасырлардың тарихын қамтитын бұл еңбектерді болашақта жинақтап, жүйелеп мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулық ретінде ұсынса, келешек ұрпақтың бойына отаншылдық ұрығын себетін, оларды патриоттық рухта тәрбиелейтін, жеткіншектер санасына ұлтжандылықты жас кезінен дарытуға септігін тигізетін, тағлым алар тамаша бір игілікті іс болар еді деген ойдамыз. «Жұлдыздар жарығы» деген кітабын танымдық тұрғыдан алғанда дайын оқулық деуге болады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Бердібай Р. Кемел ойлы көркем сөз. - Алматы: Жібек жолы, 1998. – 80 б.

2. Бердібай Р. Бес томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Қазығұрт, 2005. - т. 1. - 460 6.

3. Ислам Д. «Жұлдыздар жарығын» оқығанда // Ғалым мұраты. - Түркістан, 2004.

4. Жолдыбай О. Рахманқұл Бердібай сабақтары // Ақиқат. – 2002. - № 12. – 74-83 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012


 © 2017 - Вестник КАСУ