Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012

Автор: Сейлхан Айгуль Кауатайкызы

Адамзатты тілінен тыс сипаттау мүмкін емес. Тілдің мәні мен өзіндік ерекшеліктері адам және оның әлемге құралы ретінде қызмет етеді. Адам баласы тілді меңгермей тұрып, өз деңгейінде ғаламмен танысады, сезім мүшелері арқылы болмыстағы құбылыстардың сырын түсінеді, ғалам туралы ақпараттарды санасына жинақтайды, құбылыстардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтайды, ойша таразылайды. Уақыт өткен сайын алдынғы мәліметтер жаңа ақпараттар жүйесімен толығып, санада ғаламдық бейненің қалыптасуына түрткі болады.

Адам дүниетанымының басты элементі – ғалам бейнесі. Онда адамның дүниені тануының негізгі көріністері жинақталған. «Ғаламның тілдік бейнесі» күрделі ұғымдық құрылым болғандықтан, оның болмысын әр зерттеуші өзіндік баға береді. Бұл жерде «Дүниенің суреті» адам санасында эволюциялық жолмен дамып, шыңдалып келе жатқан тілдік категория екенін ескереміз. «Ғаламның тілдік бейнесінің» шығу тарихы ежелгі философтар еңбектерінен бастау алады. Тіл және ойлаудың өзара қатынасы қарастырылған кезде сөздер, олардың мағыналары адам тілінде бөлек түсінік, өзіндік танымдық әлем құрайды. Дерексіз, деректі ұғымдар бірлесіп келіп, индивид тіліндегі қоршаған ортаға, өз ұлтына деген көзқарасын білдіреді. Сигналдық жүйе адамға әсер еткенде қоршаған ортаның, оның заттары және құбылыстарының ең елеулі белгілері сақталып, дерексізденіп мағына құрылымының ерекше бөлігіне айналып бекиді. Мағыналар ірілі-ұсақты жүйекшелерден тұратын өзіндік қойма іспетті әлем түзеді, бұның шығар бастауы – қоршаған әлем. Бұл ой турасында тілші А. Ислам: «Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып біледі және ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындықты танып білуі, ой арқылы жүзеге асса, тіл – ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді. Бұл – жалпыға ортақ таным, өйткені табиғаты жағынан адамзат бірдей болса, таным қызметі де, оның механизмдері де ортақ құбылыс екені де мәлім. Қандай да тіл өзіндік тілдік құрылымы және тілдік үлгілері жағынан әртүрлі болғанымен, тілдік болмысты түсінуге келген ортақ танымдық дүниелерден тұрады», деп көрсеткен [1; 13].

Орыс тіл білімінде «ғаламның тілдік бейнесі» мәселесі кешенді зерттеліп келеді. Әсіресе Ю.Н. Караулов, В.А. Маслова, Ю.Д. Апресян, Н.В. Уфимцева, В.И. Посто-валова, Е.С. Кубрякова, Г.В. Колшанский, С.А. Васильева, Н.И. Сукаленко, Г.А. Гру-тян сынды ғалымдардың еңбектерінде кеңі-нен қарастырылуда. Осы ретте ғалым Г.В. Колшанский ғаламның тілдік бейнесіне мынадай анықтама береді: «Шынайы, тілдік емес, әртүрлі топтағы адамдардың тарихи, жағрафиялық, мәдени және басқа да факторлар ықпалымен біртұтас объективті әлем шеңберінде жүзеге асқан танымдық қызметінің көрінісі», деп сипатталады [2; 31]. Қоршаған орта, шындық болмыс – адамның әлемді тануы, яғни таным – тіл – ойлау – ғаламның тілдік бейнесі.

Тілші-ғалым В.А. Маслова ғаламның тілдік бейнесі туралы мынадай теориялық тұжырымға тоқталған: «Термин «языковая картина мира» - это не более, чем метафора, ибо в реальности специфические особенности национального языка, в которых зафиксирован уникальный общественно-исторический опыт определенной национальной общности людей, создают для носителей этого языка не какую-то иную, неповторимую картину мира, отличную от объективно существующей, а лишь специфическую окраску этого мира, обусловленную национальной значимостью предметов, явлений, процессов, избирательным отношением к ним, которое порождается спецификой деятельности, образа жизни и национальной культуры данного народа» [3, 66].

Ғаламның тілдік бейнесі әр тілде түрліше көрініс табады. Себебі индивид сол тілдің семантикалық базасында тілді меңгереді. Осы кезде тілдегі мәдени құндылықтар сөздердің мәні арқылы ұлттық мінез бен ұлттық менталитетті қалыптастырады келсек, тілші-ғалым Г. Смағұлова айтылған жайт турасында: «Тіл бір адамның меншігі емес десек те, сол тілде сөйлейтін жеке адам өз ұлтының бүкіл бітім болмысы, өмірлік тәжірибесін, дәстүрлерін меңгеру, сіңіру арқылы ол да аз тарапынан ұжымдық мәдениетке үлесін қосады. Осындай ерекшеліктер арқылы тұлға ретінде ұлт өкілі боп сақталады», деп көрсеткен [4; 145].

Адам қашанда әлемді танып, ондағы өз орнын айқындауға талаптанады. Ғалам бейнесінің адам өмірімен біртұтастығын тілші О. Жұбаева: «Ғаламның тілдік бейнесі негізінен субъективті сипатта, себебі онда нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға берілетін категориялар жүйесі арқылы белгілі бір код құрап, дайын күйінде қабылданып отырады. Адам өзіне дейінгі жинақталған білім қорын қабылдау арқылы этномәдени қауымдастықтың өмір тәжірибелерін де қабылдайды», деп тұжырымдаған [5;13].

Қазақтың көркемдік әлемі туралы ғалым К. Казыханова: «Наиболее наглядно эстетическая оценка действительности проступает в художественном творчестве народа, в его представлении о прекрасном. Из всех эстетических категорий наибольшее развитие в художественном творчестве казахов получила категория прекрасного. Прекрасными в представлении казахов того периода были все красивые, изящные объекты как природы, так и общества», - деп көрсетеді [6; 63].

Автор халықтың эстетикалық талғамы көркемдік қол өнерінде сақталып, табиғатпен үндес деп бағалаған.

Асылында өмірді әсемдік арқылы танудың бір жолы асыл сөздің астарында. Сөз арқылы адамзат дүниені танып, рухани ләззатқа бөленеді, яғни тіл — сұлулық сезімін адам бойына дарытатын қасиетімен де бағалы деуге болады. Осы ой жайында ғалым В. фон Гумбольдт: «... язык усиливает наши впечатления от красоты в природе, еще и не зависимо от этих впечатлений воздействуя со своей стороны одной лишь мелодией речи на нашу душевную настроенность», деп көрсетеді [7; 81].

Әлемдік өркениет кеңістігіндегі жаһандану үрдісіне сай тіл біліміндегі зерттеулер бағытының кешенді де интеграциялық сипаты тіл мен мәдениет сабақтастығының мәнін кешенді түрде анықтап отыр. Оның нақты көрінісін – «ғаламның тілдік бейнесінен» танимыз. Әр тілдегі ғалам бейнесі адамның әлемге көзқарасымен байланыста қалыптасса, екіншіден, мәдениеті орныққан әр тілдегі әлем моделіне қоғамдағы ұлттық «әлем бейнесі» жалғасады деуге болады.

Кез келген ұлт өзінің әлемге деген көзқарасын, дүниетанымын, өзіндік «әлем бейнесін» тілдің қызметі арқылы қалыптастырып, өз әлемін өмір сүру дағдысы, дүниетанымы, мінез-құлқына сай өз ерекшелігімен «әлем картинасын» өзгеше қалыптастырады. Осы ретте қазақтың кең даласы – мәдениет пен тіл бірлігі, әдет-ғұрып, салт-сана тұтастығының негізі десек, соның бір белесі – қазақтың көшпелі мәдениетінен көрінеді.

Тiл бiлiмiнде қазақ этносының таным парасатын‚ дүниетанымы мен мәдениетін тiл арқылы тану - ең маңызды мәселелердің бiрi. «Әрбір этноста мәдениет элементінің сыртқы көрінісі мен «ішкі» мазмұнында ерекшелік бар. Мағынасына байланысты барлық мәдени құбылыстар өзіндік екіжақты лыққа ие: өзінің «сыртқы» көрінісімен қатар, олардың «екінші өмірі» бар [8; 7].

Халық өміріндегі әсемдіктің барша көріністерін қазақтың көш салтанатынан көреміз. Көшпенділер (қазақ) өмірінің әсемдік әлемі табиғатпен біте қайнасқан. Ал, табиғат пен адам арасындағы қатынас ғасырлар бойы көшпенді халықтың мәдениетіне арқау болып, олардың өмір салты мен ұлттық ерекшелігін танытып келеді. Қазақ халқының көшіп-қонудағы ел тіршілігінің қарбалас сәті мен оның қызығы туралы шетел саяхатшыларының жазба-естеліктерінде сақталған. Мәселен, поляк саяхатшысы Б. Залеский «Қазақ сахарасына саяхат» еңбегінде көш әсемдігін өте қызықты деректермен келтірген: «Жабырқау жатқанына қарамай, осынау өлкенің өз сұлулығы бар. Құдай өзі жаратқан әр түкпірге әртүрлі әдемілікті еншілеп беруді әсте ұмытпайды. Европа-лық тіршілікті еске салар мұнда ештеңе болмаса да, тағдыр тәлкегі қуалап батыстан әкелген адамды осынау сұлулықтың өзі-ақ тәнті етер еді... Бұл бір ғажап көрініс: олар көш кезінде жасана киінеді, ең әдемі киімдер, әсіресе байлардың алтын зерлі шапандарын осы кезде көруге болады. Да-ла кемесі - түйеге мінген қазақтардың ырғаң-ырғаң жүрісін теңіздің кемені шайқауына балауға болады. Үйдің ең қымбатты қазынасы салынған дүние-мүліктер түгелдей түйеге артылады. Кедей-кепшіктің малдарды айдаған үндері, иттердің бір-бірімен таласып ырылдасқандары — бәрі-бәрі қосылып, көш думанын арттыра түседі» [9; 12, 27].

Тіл аралық көпір ретінде қызмет еткенде ғана, тілдегі ғалам бейнесі мен қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар бейнесі бір-бірімен байланыста, адам арқылы оның ішінде, тіл арқылы айқындық дәрежесіне түседі. Осыдан ғаламның тілдік бейнесінің өзіндік тарихи-қоғамдық тәжірибесін, ұлттық құндылықтардың мәдени-этникалық болмысын, рухани құндылықтардың орнын байқауға болады.

Осы ретте көш бойындағы әдемі құбылысты көш жүктерін артқан жа-нуарлардың әбзелдерінен де көреміз. Көш түйесін сәндеуді тілімізде «комдау» деп атайды. Қом - түйенің өркешінен төмен қарай жайылатын майлы қыртыс (ҚТТС). Көш түйесін қомдау - казақ тұрмысындағы әсем көріністердің бірі. Қомның өзіне түрлі-түсті тоқылған кілемдерді пайдаланған.

Табиғатпен жарасым тапқан қазақ халқының көшпелік өмірі туралы этнограф-ғалым Ө. Жәнібеков «Уақыт керуені» еңбегінде: «Маусымдық жайылымдарға көшіп-қону қожалық етудің дала жағдайындағы тиімді түрі болған. Жолдың қиындығына қарамастан, жазғы көш малшы қауым өмірінің ең бір қызғылықты кезеңі болған. Мал шүйгін шөпке семіріп, қоңданатын да, жұрт марқаға тойынып, қымыз бен сүт ішіп, ашық аспан астында, кәусар ауада бірнеше ай қамсыз мұңсыз өмір сүруге мүмкіндік алатын. Жазғы жайлау – құда түсіп, қыз ұзату, ән-жыр әуелеп төгілетін ойын-сауық маусымы болған. Сондықтан да сар жаздың сән-салтанатты көші ән-жырға қосылып, тұрмыстық салттық дастандарда майын тамыза жырланған», деп жазады [8; 35].

Көш әсемдігін арттыратын, халқымыздың әсемдіктегі танымын әшкерелей түсетін тағы бір бұйым бар. Ол - «көш сырмақ» деп аталады, яғни көші-қон кезінде түйеге артқан жүктің үстіне сәндік үшін жабылатын сырмақ. «Көш сырмақтар көлемі 3-4 метрдей көлемде көштің сәнін арттыру мақсатымен арнайы жасалып, әдемілігі жағынан кілемнен кем түспеген. Оны күнделікті төсеніш ретінде пайдаланбаған, тек қажетті жағдайда ғана төрге «бір салар» бұйым ретінде қолданған» [10; 18].

Қазақ этносының ғаламның тілдік бейнесіндегі әсемдікке ұмтылған танымдық болмысын көш дәстүріндегі бірқатар салттардан тануға болады. Бұл құбылыс қыз ұзату салтымен байланысты. Қыздың жасау-жабдығын артқан көшті ата-бабаларымыз «қыз көші» деп атаған. Қыз ауылынан бір көш жер шыққаннан кейін атаулы көш «келіншек көші» деп аталған. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары оны тоқтатып «түйем ұрындық» кәдесін алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады.

Халық танымында қазақтың қыз ұзатудан басқа жаңа туған нәрестеге ат қою салтында да өзіндік ырымдар мен әдет-ғұрыптардың сақталғанын байқаймыз. Сол есімдердің бірі көш салтымен байланысқан, ұлттық мазмұны бар адам есімдері. Жаңа қонысқа жеткенге дейін көш бойы дүниеге келген балаға атам қазақ - Көшежан, Көшер, Көшбасар, Көшбике, Көшімбек, Көшім, Көшімбай сынды есімдерді қойған.

Ғаламның тілдік бейнесі - әмбебап бірлік ретінде, тілдік тұлғаға тән барлық қасиеттердің айқын суреті ретінде, тілдік тұлға ретінде өмір сүретін категория. Бұған субъектінің қоршаған ортаға деген бағалаушылық позициясы да енеді, ол өз кезегінде қоршаған орта, ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар т.т. тілдік тұлғада бағаланған түрге еніп бейнеленеді. Ол адам тіліндегі ойлаудың, танымның, рухани болмыс–бітімінің, мәдениеттік құндылықтары барлық деңгей мен дәрежесін көрсетеді.

Қорыта келгенде, ғалам бейнесі адам санасында тұтас күйінде қайталанып өмір сүреді. Оны жүзеге асыратын, объектив төндіретін форма да – тіл. Ол арқылы адам баласының тілі «адам - әлем» қатынасының нәтижесінде жалпы адамзат атаулыға ортақ әлемдік бейне, яғни «тіл – ойлау» бірлігінің көрінісімен сипатталады деген оймен қорытындылауға болады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. Филол. ғыл. докт. дисс. автореф. – Алматы, 2004. – 47 б.

2. Колшанский В.Г. Объективная КМ в познании и языке. - М., 1990. - 320 с.

3. Маслова В.А. Лингвокультурология. –М.: «Академия», 2001. – 202 с.

4. Смағұлова Г.Н. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. Алматы: Ғылым, 1998. – 292 б.

5. Жұбаева О.Қ. Кемеңгерұлының тіл танымдық мұрасы мен лингвистикалық тұжырымдамалары. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дисс. Автореф. - Алматы, 2004. – 30 бет.

6. Казыханова Б.Р. Эстетическая культура казахского народа. - Алма-Ата: Казахстан, 1973. - 332 с.

7. Гумбольдт В. фон. Язык и философия культуры. – М., 1985. - 350 с.

8. Жәнібек Ө. Уақыт керуені. - Алматы: Жазушы, 1992. - 192 б.

9. Залесский Б. Қазақ сахарасына саяхат. — Алматы: Өнер, 1991. -132 б.

10. Әлімжанова А. Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты халықтық лексиканың этнолингвистикалық сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның автореф. Алматы, 2008. - 30 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012


 © 2017 - Вестник КАСУ