Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012

Автор: Нурланова А.Н.

Адам – заманының перзенті, оның ғұмыры, бүкіл тағдыр-талайы өзі өмір сүріп отырған дәуірдің тынысы, ортаның райына байлаулы болып келеді. Қоғам, мемлекет пен саясат мәселесінің көркем шығармадағы қаһармандардың жан дүниесімен арпалысуын әлем әдебиетінің көне үлгілерінен - ақ табамыз. Айталық, біздің заманымызға дейінгі 496-406 жылдар шамасында өмір сүрген грек драматургы Софокл «Электра», «Филоктет», «Трахинянки», «Аякс» сияқты шығармаларында мемлекет мәселелерімен жеке адамның ішкі сезімін шарпыстырып қойған. Автор үлкен әлеуметтік ортаның алдында қарапайым жеке тағдырлардың шарасыз болып қалуының сырын ашуға ұмтылады. Ал сәл кейініректе, Рим әдебиетіне көз жүгіртер болсақ, мемлекетке анық қарсы тұра алған жеке адам тұлғасын көреміз.

Қазақ әдебиетіндегі Еңлік пен Кебектің мұңлы махаббаты мен мейірімсіз ажалы туралы туындыларда екі тағдыр қоғам мен ортаның қалыптасқан канондарына қарсы тұра алмағанын көремін. Қазақ үш жүз, қырық тарам руға бөлінсе де, ру-ру болып шекісіп, кекті қақтығыс пен шайқас соғысқа бармаған халық. Ары кетсе барымта жасалады, бас жарылады. Жер дауы, жесір дауы болып жатады. Оны да би мен би беттесіп, ақсақал мен ақсақал ақылдасып, өзара ортақ шешімін тапқан. Бірақ Еңлік пен Кебектің трагедиялы оқиғасы қазақ халқының тарихындағы елдің жоңғармен соғыстан есеңгіреп, ес жия алмай жатқан қатал тұстарына сәйкес келді.

Ғашықтар хикаясының тарихи іздерін ғылыми түрде негіздеген ғалым Т. Жұртбай оқиға өткен аренаға былай деп суреттеме берген: «Исі қазақ жері шапқыншылықтан құтылғанымен, Тарбағатай, Жоңғар қақпасы, Барлық таулары тұсында шекаралық қақтығыстар тиылмаған. Ел көші артта қалғанымен, батырлар сол жау өтінде жүрген... Ал «Еңлік-Кебек» оқиғасы кезінде Тоқтамыс батыр жорықта жүреді. Ал осыдан біраз уақыт бұрын жуантаяқ Бақай мен матай Маян батыр жер үшін жекпе-жекке шығып, екеуі мерт болады. Бұл елге қатты батады. Сыртқы жауға бірігіп соғысқан батырлар отбасында өледі. Содан исі – арғын – найман – керей – уақ билері келіп матай мен тобықтының дауын күшпен басып, төрелік айтады. «Еңлік-Кебек» оқиғасы сол өліарада өтеді де, Кеңгірбай ескі кекті ушықтырмас үшін қос ғашықты оқтың ұшына байлап береді» [1, 38–39 б.].

Ғалымның көрсетуі бойынша, оқиға 1770–1780 жылдардың аралығында Шыңғыс тауының алабындағы Бөкенші өзенінің бойы мен Кіші Орда тауының балақ сілемінде өткен [2, 252 б.].

Ел аузында ғасырлар бойы ақиқатқа бергісіз аңыз болып сақталып, көп нұсқалы көркем шығарма туғызған тобықты жігіті Кебек пен матай қызы Еңліктің тағдыр ақиқаты қандай, олардың өлім тұзағына байланып кете баруы қалайша?

Осы жерде тағы да әдебиет зерттеушісі Т. Жұртбай зерттеулеріне жүгінуді жөн көрдік.

Тобықтының аты шыға қоймаса да, арқалы батыры атанған Кебек қыстың күні қырдың қырмызы түлкісіне құс салады. Аң қызығын қуған батыр күн бата бір үйге түнеуге келеді. Бұл Еңліктің мекені еді. Еңлік қыздың жігітке көңілі әбден толады, оның үстіне бұрыннан атына қанықтығы тағы бар. Бұдан әрі қыз Кебекке ынтықтығын білдіріп, өзінің айттырып қойған жері бар екенін де айтады. Бесігінен байланып қойған күйеуі ақылсыз, ынжық біреу. Еңлік оны өзіне тең көрмейді. Сөз арасында Кебекке деген көңілін де білдірген. Бірақ Кебек қыз сөзіне бірден ере қоймай, ел арасындағы ушыққан даулы жағдайды алға тартса да, ақыры сезім сырына жеңдіріп, екі жас мауқын басады.

Сонымен қыс өтті. Еңлік жүкті болып, екеуі қол ұстасып Орда тауына қашып тынады. Ақыр аяғында істің мәні белгілі болып, тобықтағы сұрау салған. Бірақ жігіт жағы мән-жайдан хабарсыз еді. Барлық құпия ашылған соң да, тобықтардан түйінді жауап ала алмаған қыздың жақындары бүлік шығара бастайды. Би Кеңгірбай болса, істі кейінге қалдырып, әліптің артын бақтырып қойды.

Кеңгірбай елді бағындыруда қамал бұзар батырларға да арқа сүйеп отырғаны белгілі. Қазақ жоңғар қақтығыстарының соңғы лебі әлі басылмаған шақ болғандықтан, ара түсер Кебектің жамағайыны жуан таяқ Тоқтамыс батыр мен Еңліктің нағашысы аталатын Қаракерей Қабанбай батыр жау шебінде, жорықта. «Мүмкін, Қабанбай мен Тоқтамыс оқиғаны ушықтырмай тыйып тастауы да…» [2, 266 б.].

Еңлік пен Кебектің дауы тобықты мен матайдың шеңберінде ғана қалып қойған жоқ. Оған Еңліктің айттырып қойған жері қосылады. Және ол жай жер емес, орта жүз сыбан ішіндегі жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі Қу дауысты Құттыбайдың қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, би болған Байқасарының әйгілі Ақтайлақ бимен бірге туған баласы.

Бұл өз кезегінде Еңлік пен Кебек дауының салмағын біршама арттырып жібереді.

Кеңгірбай анталап тұрған елге жауап айтуға асықпапты. Осылайша, ушығып кеткен ашулы өртті өшіру мүмкін болмай, ақыр аяғы Еңлік пен Кебек Кеңгірбай би шешімімен ажал құшып тынады.

Қазақ рулары арасындағы ушыққан жесір дауы мен жер дауы, барымта-күрес, суат пен құдық, өріс пен қоныс үшін қырқысқан таластардың жаңғырығы тіптен кейінге, Абай ақын өмір сүрген ХІХ ғасырға дейін естіледі. Ол туралы жазушы М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын қайта бір қарағанда көзіміз жетті.

Кебек пен Еңліктің өлімге кесілуінің бір тақсіретін тарихи оқиғалардың ізінен көрдік, ал енді бір ұшы сол тарихи кезең белесіндегі салт-дәстүр мен санаға байланып жатыр. Қазақтың қағазға түспесе де, халықтың жадында, елдің көкейінде сайрап жатқан тапжылмас заңға бергісіз сан ғасырлық салты мен дәстүрі, даланың қатаң табиғатыңдай қатал заңдары болған. Елдің арасын ірітпей, бүтіндікті бүлдірмей сақтап келген де сол салт. Үлкенді сыйлатып, кішіге иба көрсете отырып, тәрбие көзі болған да сол салт. Және ол салт исі қазаққа ортақ.

Көшпенділердің кантондары бойынша, Еңлік пен Кебек ата заңын аяққа таптаған кінәлі бейбақтар. Еңліктің айттырып қойған қайын жұрты бар. Кебек болса, біреудің жесірін алып қашып, намысын аяққа таптады.

Оқиға ХVІІІ ғасыр кеңістігінде өткен. Ескілік заңдары әлі күшті. Тіпті, «Жеті жарғы» шығып қойған кез. Бұл ереже бойынша, «айттырып қойған қыз, өз сүйгенімен қашып кетсе, бұрынғы айттырған күйеуіне қыздың туыстары қалыңмалын қайтарумен бірге, бір қызды айып ретінде береді немесе қыз орнына қалың мөлшерін төлейді» [3, 85 б.]. Ендеше, Еңлік пен Кебек дауын құн төлеп, мал беріп бітіруге де болар еді. Бірақ осы жерде ортаға екі ел арасындағы жаулық килігеді.

Кеңгірбай шешімі де ұзаққа созылды. «Қызды айттырып қойған жақ, қызды алып қашушының тарапынан кешірім сұрау, немесе қалыңмал айыбымен қоса қайтару кешіктірілсе өлім жазасын талап етуге, не барымтаға шығуына рұқсат» [3, 86 б.].

Қазақтардың арасында мұндай мықты заң-жоралар барын және оның бертінге дейін үстемдік етіп тұрғанын орыс тілді жазбалардан да кездестіреміз. Мысалы, генерал-майор Броневскийдің 1831 жылы «Отечественные записки» басылымында жариялаған «О киргиз-кайсаках в Средней Орде» деген мәліметінде қазақтардың арасындағы бұлжымас заңнамалар бар екенін айтады және оларға жеке-жеке тоқталып, түсінік беріп отырған. Соның бір тармағында былай делінеді: «Если же сын или дочь, быв уже помол-влены, вступят в супружество с другими без ведома родителей своих, таковых предают смерти» [4, 419 б.].

Қазақтардың дәстүрлі құқығы туралы тағы бір құжатты сөйлетейік: «Если жених застанет невесту свою же прелюбодеяний с посторонним ордынцем, и буде тут же произойдет убийство над преступником, то родные сего последнего не имеют право требовать должного куна; а обязаны, не доводя до сведения никакой власти, обстоятельство предать забвению. Равным образом если жертвою убийства будут оба лица, учинившие прелюбодеяние, то родители невесты не возвращают назад приданого (если оно выплачено) и не имеют права изъявлять никаких претензий на поступок убийцы» [5, 420 б.].

Осы құқықтың сақталуын көзінің қарашығындай қорғау Кеңгірбай сияқты билердің міндеті болған. Қазақ қашан да ел тұтқасы ханмен қатар оның ұйытқысы бидің есімін қатар қойып отырған. Айта-лық, Білге қаған – Тоныкөк, Жәнібек хан – Асан қайғы, Абылай хан – Төле би... ары қарай жалғаса береді.

Феодалдық талас-тартыс пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған қуатты Қазақ хандығын құруға күш салу мақсатында өз тұсында Тәуке хан ежелден ханмен бірге ел тізгінін ұстап келген батырлар мен билердің қызметін тіпті күшейтеді. Ол ел ішінде «хандық кеңеспен» қоса «билік кеңестің» де рөлін арттырды, би соттық мансапқа ие болумен қатар, жергілікті атқарушы өкіметке айналады.

Тоз-тозы шыға «ақтабан» болып шұбырып, көз алдына көрінген жерге келіп «сұлаған» ел-жұрттың тыныштығы, қара қауымның бүтіндігі, салттың салмағын сақтау үшін екі адамды құрбан етіп жіберу керек те болған шығар. Бірақ жаратушының адамға берген жарық дүниесін адамның өз қолымен тартып алуы – өлімге кесуді қай заман, қандай әдебиет болсын ақтай алмайтыны ақиқат.

Осылайша, тарих тепкісі мен салттың сілікпесіне төтеп тұра алмаған қос ғашық ел арасындағы өшпенділік түтініне су сеуіп, бейбіт өмірдің құрбаны болып көз жұмды. Бірақ екеуінің махаббатының белгісі ретінде қалған нәресте бар еді ғой. Бұл туралы ел ішінде, ата-бабаның жадында жазылған тарих не дейді?

Деректерге сүйенсек, баланы нағашылары бауырына басқан және одан тараған ұрпақтар бар дегенге саяды.

Халықтың қиялы бесікте шырылдап құндақтаулы нәрестені өсіріп, «Ермек батыр» етіп шығарғанмен, дәл сол заманда ол балаға өмір, сол қоғамда орын жоқ еді.

Шырылдаған баланы, шыбын жаны шырқыраған жас жандарды шыңғыртқан дәуір Еңлік пен Кебекті Ералы жазығының шығысындағы Шұбар төбеге жерлеп тынды. Келесі жылы қабірді таспен сандықшаларды. Ғасырға жуық уақыт өткен соң, 1875 – 1880 жылдары Абай ауылына қонақ болып келген Біржан сал бейіт басына әйгілі тас қалау шебері Рыскелдіге мұнара тұрғыздыртқан. Кейін ол құлап қалыпты. Ал қазіргі ескерткіш 1960 жылы салынған. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Ералы жайлауының шығыс жағындағы, Семей-Қарауыл тас жолынан бес шақырым жерде тұрған мазар – махаббат мұнарасы, ел қадірлейтін, ғашықтар сыйынатын ескерткішке айналды.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жұртбай Т. Құнанбай (Тарихи және әдеби тұлға). - Алматы: Алаш, 2004. – 400 б.

2. Жұртбай Т. «Еңлік-Кебек» пьесасының тарихи негіздері //Мұхтар мұрасы. - Алматы: Қазақстан, 1997. - 352 б.

3. Артықбаев Ж.О. «Жеті жарғы» – мемлекет және құқық ескерткіші (зерттелуі, деректер, тарихы, мәтіні): оқу құралы. - Алматы: Заң әдебиеті, 2006. - 150 б.

4. Броневский С.Б. О Законах киргизов (1831) // Қазақстан заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер = Древний мир права казахов: материалы, документ и исследования. 10 томдық. - Алматы: Жеті жарғы, 2006. - 7-т. - 604 б.

5. Материалы по казахскому обычному праву, собранные чиновником особых поручений Д‘ Андре в 1846 году // Қазақстан заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер. Древний мир права казахов: материалы, документ и исследования. 10 томдық. - Алматы: Жеті жарғы, 2006. - 7-т. - 604 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2012


 © 2017 - Вестник КАСУ