Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2012

Авторы: Чукотаев Мурат Нуртазинович, Нуртазина Еркежан Муратовна

Бүгінгі таңда мемлекеттің алдына қойған мақсаты мен мұраты тарих сахнасынан өзіндік орын ала отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылу болса, бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін ел ертеңі бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бүкілхалықтық дәрежеде мән беру – қазіргі таңдағы үлкен мәселе. Мұның қозғаушы күші – білім десек, білімнің негізі мектеп қабырғасынан басталатыны айдан анық [1].

Қазақстанның білім беру туралы заңында «Білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық мәдени дамуына жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін көтеруге арналған тәрбиемен оқытудың үздіксіз процесі» - деп көрсетіледі.

Оқу мен тәрбие саласындағы мұғалімдердің алдында тұрған аса маңызды міндет – талабы таудай дарынды – тұлғаны іздеп тауып оны жетілдіріп шығару.

Жеке адамды қалыптастыру үшін оған не керек? Ол үшін оқытудың мазмұнын жаңартатын жаңашыл, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз керек.

Ол үшін ұлттық педагогиканы, әдеп-ғұрып, халық ауыз әдебиетін пайдалану, діни дағдыларды зерделеп оқи отырып намысты, имандылық пен ізгілікті, жат іс-әрекеттерге сын көзбен қарап, өз бағасын бере білетін, рухани байлықты қастерлейтін Азамат тәрбиелеу, ұлттық мектептерімізде жаңа типпен білім беруді жаңаша әдіс-тәсілмен жүргізуіміз керек. Жасыратыны жоқ соңғы кездері мектептердің аттарын гимназия, лицей етіп өзгертуге құмармыз, бірақ соған лайық білім сапасы, білім деңгейі көтеріліп жатыр ма. Мектеп атын өзгерткенімен жетістіктерге жете алмаймыз. Ендеше атын өзгертелік, яғни оқыту жүйесін, мазмұнын білім беру технологиясын өзгерту керек. Баланың ыңғайына бейімі мен талабы, талантына, қабілетіне, дарынына, талап-тілегіне қарай ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, бабалар тарихын негізге ала отырып, тұлға қалыптастыруға бағытталу керек. Қазіргі педагогика теориясы жаңашылдыққа бет бұрып, білім беру мазмұны жаңарып жаңа көзқарас пайда болумен жаңа технологиялар өмірге келді. Оқытудың жаңа технологиясын жете меңгерген, оны оқушылардың жас және психологиялық ерекшелігіне қарай таңдап пайдаланудың маңызы зор. Қазіргі педагогикалық технология ұғымы іс-әрекетімізге кеңінен еніп, жиірек қолданылып, практикаға енуде. Дегенмен, оның мән-мағынасы туралы пікірлер алуан түрлі. Түсіндірме сөздікте: «Технология – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы» делінсе, Б.Т. Лихачев педагогикалық технологияны оқу процесіне белгілі бір мақсат көздей әсер ететін педагогикалық ықпал деп түсіндіреді. Ал, технологиялық үрдісті нақты педагогикалық нәтижеге жетелейтін бірліктердің (өлшемдердің) белгілі бір жүйесі ретінде көрсетеді және педагогикалық технология түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым емес, қайта бала мен мұғалімнің үнемі түрленіп отыратын өзара қарым-қатынасының өзегі, мазмұнды ұйымдастырушы құрылым дейді [2].

ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша, педагогикалық технология – бүкіл оқыту үрдісі мен білімді техникалық және адам ресурсын олардың бір-біріне өзара әсерін, білім берудегі формасын оңтайландыру міндеттерін ескере отырып меңгеруді жүзеге асырудың жүйелі әдісі. М.В. Кларин «Педагогикалық технология - бұл педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдарының жүйелі жиынтығы және жұмыс істеу реті», - деп жазады. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры Ш.Т. Таубаеваның пікірінше педагогикалық үрдіс технологиясы мақсат-мүддені анықтаудың жалпы әдіснамасы негізінде мемлекеттің қазіргі таңда білім беру саласына қойып отырған талаптарына сәйкес анықталып, іріктеліп, реттелген оқытудың мазмұн, форма, әдіс амалдарының, дидактикалық талаптарының психологиялық-педагогикалық іс-әрекеттердің жүйелі кешені. Ол оқушылардың тәртібіне, оқуға ынтасына, оқу іс-әрекетіне игі әсер етумен қатар, педагогиканы нақты ғылымға жақындату, мұғалімдердің интеллектуалдық, шығармашылық қызметі болып табылатын педагогикалық іс-тәжірибесінің нәтижелілігіне, жинақылығына ұтымды әсер ететіндей оқу-тәрбие процесінің басты күре тамырының ролін атқарады. Былайша айтқанда, педагогикалық технология – оқу-тәрбие процесінің шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімділігі оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін жанды құрамдас бөлігі (компоненті) [3].

Педагогикалық жаңа технологиялар – іс-әрекетке, оқыту барысында жүзеге асатын педагогикалық жүйенің жобасы.

Ал, педагогикалық жүйе – тұлғаны жетілдіруге, қалыптастыруға бағыттау мен белгілі бір мақсатқа жету жолындағы арнайы педагогикалық ықпалды ұйымдастыруға қажетті өзара байланысқан әдістердің, құралдардың жиынтығы. Олай болса, дәл қазір бізге осы педагогикалық жүйені дамыту, оны практикада пайдалану қажет болып отыр.

ХХI ғасырдағы білім беру жүйесі қандай болуы керек? деген мәселе әркімді де толғандырары сөзсіз. Американдық мұғалімдер ассоциациясының вице-президенті, доктор А. Урбански білім берудің болашақ мұратын былайша сипаттайды: «Оқыту - ойлауға үйретуге негізделуі тиіс. Осыған байланысты оқу үрдісіндегі өте маңызды кезең – рефлексті емес, басымдылықтан ойлау әдістері мен амалдарын саналы түрде игеруге көшу».

Жаңа оқыту технологиясы бойынша материал сипаттамалы түрде емес, шынайы проблема негізінде берілуі тиіс. Көптеген ғалым-әдіскерлер «Методология мәселені шешеді» деп есептейді. Бұдан басқа кейбір белгілі әдіскерлер «оқытудың жаңа жүйесінде мұғалім назары дұрыс жауап алудан оның қандай жолмен алынғандығын түсіндіруге көшуге ауады», - дейді [4].

Адами қарым-қатынастар оқу-тәрбие үрдісінің нәтижелерін белгілейтін маңызды фактор болып табылады. Сондықтан жаңа технологияның негізі саналатын ізгілендіру мен демократияландыру – мектептегі оқу үрдісін жетілдірудің басты ұстанымдары.

Балаларға ізгілік тұрғысынан қарау дегеніміз:

- балаларға деген ұстаздық сүйіспеншілік, олардың тағдырына алаңдау;

- баланың болашағына, қабілетіне сену;

- ынтымақтастық, қарым-қатынас шеберлігі;

- тікелей қысым көрсетпеу;

- баланы ынталандыру;

- баланың кемшіліктеріне шыдамдылық көрсету.

Қарым-қатынастарды демократияландыру дегеніміз:

- мұғалім мен оқушының тең құқықта болуы;

- оқушының еркін таңдауына мүмкіндік құқығы болуы;

- қателесу құқығы;

- өзіндік көзқарас құқығы;

- «балалар құқықтарының конвенциясын» сақтау;

- қарым-қатынас стилі, тыйым салмау – бағыт беру, басқармау – бірігіп тең басқару, зорламау – ұйымдастыру, шектемеу – еркін таңдау мүмкіндігін беру.

Еліміздің егемендік алуы нәтижесінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде, білім беру саласында жүріп жатқан демократияландыру мен ізгілендіру мектепті осы күнге дейінгі дағдарыстан шығаратын қуатты талпыныстарға жол ашты.

Бұған дейінгі дәстүрлі білім беру оқушыларға тек пәндік білім, білік, дағдылардың белгілі жиынтығын меңгертуге ғана бағытталып, олардың жеке басының дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінбеді.

Қазіргі кезде біздің республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, басқаша қарым-қатынас, өзгеше менталитет пайда болуда.

- білім беру мазмұны жаңа үрдістік біліктермен, ақпараттарды қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламаларының нақтылануымен байи түсуде;

- ақпараттың дәстүрлі әдістері – ауызша және жазбаша, телефон және радио байланыс – қазіргі заманғы компьютерлік құралдарға ығысып орын беруде;

- баланың жеке басын тәрбиелеуде, оның жан дүниесінің рухани баюына, азамат, тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінуде;

- мектеп, отбасы және қоршаған әлеуметтік ортаның бала тәрбиесіндегі бірлігіне ұмытылысы жасалуда;

- қоғамдық біліммен барабар педагогикалық технологияның кеңінен қолданылуына және ғылымның рөліне мән берілуде. Сөйтіп, оқытудың технологиясын жетілдірудің психологиялық-педагогикалық бағыттағы негізгі ой-тұжырымды төмендегіше сипатталады;

- есте сақтауға негізделген оқып білім алудан, бұрынғы меңгергендерді пайдалана отырып, ақыл-ой әрекетінің динамикалық құрылым жүйесіне көшу;

- оқушыға орташа деңгейде білім беретін бағдарламадан жекелеп, саралап оқыту бағдарламасына өту.

Қазір республика оқу орындары педагогикалық ұжымдары ұсынып отырған көп нұсқалыққа байланысты өздерінің қалауына сәйкес кез келген үлгі бойынша қызмет етуіне мүмкіндік алды [5].

Бұл бағытта білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар. Сондықтан әртүрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қараудың маңызы зор. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, білікті маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Ал, жалпы білім беретін мектептер үшін педагогикалық технология мынадай төрт басты шартты қанағаттандыруы тиіс (В.П. Беспалько):

а) педагогикалық технология оқытудағы педагогикалық экспроматтарды жоюы қажет;

ә) оқушының оқу танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу-тәрбие үрдісінің жобасына негізделуі қажет;

б) оқу мақсатын диагностикалық зерттеу жолымен анықтап, оның меңгерілуі сапасын дәл тексеріп бағалауды қажет етеді;

в) практикада оқу үрдісінің толықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

Оқыту технологиясын таңдап, іріктеу – оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін басқарудың негізгі бір буыны.

Сабақ біздің заманымызда да оқытудың негізгі түрі ретінде қала бермек, бірақ оның ерекшеліктері мен мүмкіндіктері мүлде жойылған жоқ, өзгеріп жаңаруда. Соңғы кездерде сабақ түрлерін жетілдірудің түрлі жолдары пайда болып, оқыту үрдісін ғылыми тұрғыдан басқаруға, оқу технологияларын қолдануға көңіл бөліне бастады. Соның айғағы, соңғы жылдарда мерзімдік баспасөз беттерінде оқытудың жаңа технологиясы туралы көптеген мақалалар, пікірлер жарияланып келеді.

Қазіргі заманғы оқыту технологияларын меңгеру – өте күрделі де ұзақ үрдіс. Кейде ол мұғалімнен оқытудың үйреншікті әдіс-тәсілдерінен арылуды талап етеді. Сондықтан мұғалімге оқыту технологияларын үйретуді арнайы кәсіби тұрғыдан ұйымдастыру қажеттілігі туып отыр.

Қазіргі кезеңгі қоғам талабына сай оқытуда жаңа технологияны пайдалана отырып, оқушылардың іс-әрекетін белсендірудің шығармашылық әлеуетін көтерудің маңызы зор.

Жаңа технология үрдістерінің талабы – оқушыларға білім беруде оқушылардың іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын, оқу - танымдық іс-әрекетін белсендіре отырып, белгіленген мақсатты жүзеге асыруға қол жеткізу.

Психологияда белсенділікті іс-әрекет деп атайды. Жеке тұлғаның белсенділігі оның қажеттіліктерінен туады (материалдық және рухани, жеке немесе қоғамдық қажеттіліктер). Жануарлардан айырмашылығы адамның қажеттіліктері сәби жасынан бастап-ақ қоғамдық қажеттіліктермен реттелінеді. Адамның белсенділігі (немесе оның әрекеті) оның себептеріне, мақсат пен міндеттерін дұрыс қоя алуына, оларды орындау тәсілдерін дұрыс таңдай алуына байланысты.

Белсенділіктің өзіне және жеке тұлғаның қоршаған ортамен тәрбиелік (сыртқы) әсерлерге қатысты ішкі ұстанымдарына байланысты ол әр түрлі бағыттарда қалыптасуы мүмкін. Егер оқушының осы әсерлерге деген көзқарасы теріс болса, ол тәрбиешісі қалағанынан қайшы бағытта дамиды. Мысалы, мұғалім оқушылардың білімін тексеру кезінде оқушының бағасын төмендетіп қояды да, оқушы оған ренжіп қалады. Мұндай жағдайда мұғалімнің үлгерімді жақсартуға шақырған әрбір сөзі оқушыда жасырын, кейде тіптен ашық қарсы әрекет тудырады. Тәрбиеші, оның педагогикалық әсері ішкі өрісте, яғни тәрбиеленушінің санасы мен сезіміне оң әсерін тигізбесе, барлық жағдайларда әрдайым осылай болып отырады.

Осының нәтижесінде, жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуында көрініс табатын барлық әсерлер мен ықпалдар екі топқа - ішкі және сыртқы болып бөлінетін болды. Қоршаған ортаның әсері мен тәрбие жеке тұлғаның дамуының сыртқы факторларына жатады. Табиғи әсерлер – бейімділік пен әуестік, сонымен қатар, адамның сезімдері мен күйзелістері, оның сыртқы әсерлердің ықпалымен пайда болатын сылтаулары мен қажеттіліктері – барлығы ішкі факторларға жатады. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы осы екі фактордың өзара байланысының нәтижесі болып табылады.

Егер тәрбие жеке тұлғаның өз өзімен жұмысы кезіндегі белсенділігіне деген іштей ықпалына әсер ететін болса, онда оның жеке тұлғаның дамуында шешуші рөл атқара алатыны түсінікті. Осы бейімділік пен өсіп келе жатқан адамның жеке тұлға ретінде жетілуіне деген өзіндік ынтасы ғана түбінде оның дамығанын анықтайды. Осылайша бұл процесс, шын мәнісінде, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тәрбиелеу сипатына ие болады. Л.Н. Толстойдың адамның дамуын жеміс ағашының өсуімен салыстыруы тегін емес. Өйткені, сөздің тура мағынасында оны ешкім өсірмейді, ол өздігінен өседі. Адам тек қана топырағын қопсытады, тыңайтқыштар себеді, артық бұтақтарын кеседі, яғни оның өзіндік мүмкіндік беретін қажетті сыртқы жағдайларын жасайды, оған дем береді. Ал өзіндік даму өзінің ішкі заңдары бойынша жүреді.

Оқушылардың іс-әрекет белсенділігін қалыптастыруда сабақтарды түрлендіріп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап көрсетсек: сабақ құрылымының ұйымдастырылуы, сыныптағы оқушылардың іс-әрекетін бақылауға қолайлылық, оқу-танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқыту уақытының үнемделуі.

Мектептегі оқу процесі оқушылардың ізденімпаздығын, танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуына жол ашуы қажет.

Оқыту үрдісі – екі жақты процесс болғандықтан, оқушының өзіндік жұмысы, дербес іс-әрекеті мұғалімнің басшылығымен қатар, олардың ізденімпаздығын, белсенділігін, өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтар мен психологтар оқушылардың өзіндік жұмыстарының негізгі ерекшеліктері – олардың ықыласына және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп пікір айтады.

Оқушылардың іс-әрекетін, ізденімпаздығын белсендіру үшін сыныптан тыс, жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық ай, пәндік апталықтар мен ғылыми-шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық белсенділіктері мен ізденімпаздығын, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану – олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай-ақ, мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркем өнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Тұрғынбаева Б. Жаңаша оқыту - жетістік көзі // Бастауыш мектеп. - 2002. - № 1. - 8-12 б.

2. Сардарова Ж. Жаңа ақпараттық технологияның шығармашылық қабілеттің дамуындағы ролі // Бастауыш мектеп. - 2003. - № 5. - 5-8 бет.

3. Проект Государственной программы развития образования РК на 2011-2020 годы

4. Таубаева Ш., Барсай Б. Оқытудың қазірri технологиялары // Бастауыш мектеп. - 1999. - № 3. - 3-8 б.

5. Баймұханов Б., Барсай Б. Оқытудың жаңа технологияларының негізгі ерекшеліктері // Бастауыш мектеп. - 2000. - № 8-9. -3-7 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2012


 © 2018 - Вестник КАСУ