Update site in the process

   Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Вопросы / Ответы


К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2011

Автор: Калиева Куралай Балгобаевна

Тарих көшінің ұлы шеруінде әр ұрпақтың өзіне ғана тиесілі міндет болады. Ол міндетті тек сол ұрпақ қана келістіріп атқара алуға тиісті. Себебі, кез-келген ұрпақ, өзі ғұмыр кешкен кезең үшін өткен мен болашақ арасының жанды көпірі. Осынау тарихи өларада ғұмыр кешкен ұрпақ өзінің бойында өткен өмірден дарыған ұлы қасиеттердің бар екенін терең сезінуі қажет. Сезіне отырып, өзін қалыптастырған өткеннің барша асылын, алдағы өмірінің кәдесіне жаратуға міндетті. «Қазақтың ас бай ән-күйі шындықты көркем бейнелеуде адамгершілік нәзік сипатымен, саф тазалығымен, өмірге құштар көтеріңкі лебімен, және тіршілікпен қойындасып жататын шынайылығымен - халық жаратылысын ерекше асқақ адамгершілікпен толғаған, терең философиялық синтезге толы, әсерге бөлейді», - дейді көрнекті музыка зерттеуші Б.В. Астафьев. Алғашқы қарапайым музыкалық аспаптарда тартылған саз сарын адам мен қоршаған орта арасында дәнекерлік қызмет атқарған деп айтуға негіз мол. Қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын бітімі мен болмысын ажарлайтын ұлттық қадір қасиеті аз емес. Соның бірегейі есте жоқ ерте замандарда туып, қалыптасып, дамып жетіліп, бүгінгі күннің қажетіне жарап отырған күй өнері. Күй қай дәуірде де халық өмірінің айнасында дидарының табиғатынан айнымаған өнер. Күй өнерін пайдалану арқылы оқушылардың рухани дүниесін байыту, ой-өрісін кеңейту, адамгершілік-эстетикалық көзқарасының қалыптасуына ықпал ету, халықтың мәдени мұрасына қамқорлықпен қарап және оны бағалай білуге үйрету болып табылады. Күй сипатына, түрлеріне, мезгіліне қарай айыра білуге, олардың мазмұнына көтерілген әлеуметтік мәселелерді дұрыс түсінуге тәрбиелеу арқылы естіген күйлерін шынайы сезіммен қабылдап бағалай білу қабілеттерін қалыптастыра отырып күйшінің өзіне тән орындаушылық ерекшеліктеріне тоқталып оқушылардың көркемдік талғамын жетілдіру. (4, 107 б.).

Күйшілердің ішкі рухани байлығымен сырт пошымының өзара үйлесімділігін атап көрсетіп, олардың сахнада жүріс - тұрысы, тартымды киім киісі, көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білу мәдениетін үлгі - өнеге ету арқылы жас жеткіншектердің, оқушылардың этикалық және эстетикалық тәрбие берудегі ролі орасан зор.

Халқымыздың өнерпаздық дәстүрі бойынша, күй тартылмас бұрын білікті домбырашы сол күйдің шығарушысы, шығу себебі, күйдің тартылу ерекшелігі, күйді кімдердің жеткізгені және қазіргі тағдыры жайында мағлұмат беретін әңгімесін айтып алатын болған. Бұл дәстүрдің ең алдымен эстетикалық-эмоциялық тұрғыда, сонан соң күйдің музыкалық қасиетінің тыңдаушыға түсінікті болуына қатысты айрықша мәні бар. Білікті күйші тартатын күйінің әуендік тілін, емеурінін, символикалық мәнін, тартылу тәсілін, дыбыстық буындардың астарындағы лингвистикалық еліктеулерді тыңдаушысына түсіндіре айтып алады. Міне, осы, күймен қосарлана айтылатын әңгімені халқымыз «Күй анызы» деп атайды (3, 75 б.).

Қазақта неше мың күй болса, оның қосарлана айтылатын сонша аңыз әңгімесі бар. Қобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай сияқты музыкалық аспаптарымызда тартылатын мың сан күйдің бірде-бірі себепсіз шықпаған. Бұл аңыз әңгімелер тартылатын күйдің музыкалық мән-мағынасын, әуендік ерекшелігін, иірім - қағыстарын дұрыс түсінуге себепші болуымен бірге, халқымыздың тарихи-әлеуметтік өмірінен мол мағлұмат береді. Күй аңыздары өзінің нақтылығымен, шынайы өмірді арқау етуімен халық тарихының ең бір жанды шежіресі болып табылады. Яғни, күй аңызы тарихнаманың құнарлы бір арнасы екеніне шәк жоқ. Күй аңызы белгілі бір күйді тудырған орта мен жағдай туралы бағалы ақпарат беріп қана қоймайды. Байыптап ден қойғанда, күй аңызының ақпараттық ауқымы мен бітім - қасиеті «паспорттық» деректен әлдеқайда өрелі екенін айқын аңғартады. Қазақ күйлерінің еш уақытта себепсіз шықпайтыны-өзіндік дара сипаты. Күйге арқау болмайтын өмір құбылыстары жоқ. Қоршаған орта мен батырдың ерлігі, шешеннің тапқырлығы, ел басындағы кесек тарихи оқиғаларға дейін күй тілінде және онымен қосарлана айтылатын аңыз әңгімесінде баян етіле береді.

Күйдің өзі сияқты күй аңыздарын да үш арнаға бөлуге болады:

1) Халық күйлерінің күй аңызы.

2) Халық композиторлары шығарған күйлердің аңыз-әңгімесі;

3) Бүгінгі күйші композиторларымыз шығарған күйшілердің аңызы.

Күй аңыздарының жанрлық ерекшелігі, тарихи кезеңдері, деректілігі, көркемдік қасиеттері күйдің эстетикалық-эмоциялық қуатын арттырар синкретті сипаты жөнінде тарам-тарам зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халқымыздың рухани тұлғасын танытар, төл мәдениетін айғақтар көшелі әңгіме өрбіту келер күндердің міндеті. Осы орайда, айрықша ескерер жағдай, күй аңызын күйшілік өнерден, әңгімешілдік өнерден, күй тарту өнерінен жеке-дара бөліп алып қарастыруға әсте болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі дәстүрлі өнеріміздің біртұтас эстетикалық-эмоциялық әсерге бөлейтін (3, 107 б.).

Төлтума сипатына айғақ. Осы тұрғыдан келгенде күй өнерінің өзекті бір ерекшелігі оның синкреттілігі. Күйдің өзі бір бөлек, аңызы бір бөлек,тартушысы бір бөлек өмір сүре алмайды. Ошақтың үш бұты сияқты, бұл үшеуі біріккенде ғана толыққанды текті өнер тұлға таныта алады. Бұл орайда күйлерді нотаға түсірудің маңызы ерекше зор. Күйлерді нотаға түсіру осынау мың жылдан астам қою тарихы бар киелі өнерімізді сақтап қалудың, танудың және текті мәдениетімізді алыс-жақынға таныстырудың кепілі. Оны тындыру - халқының асыл қазынасын бойтұмардай тұтатын ердің міндеті. Аңызын айта отырып, күйін тарта отырып, тындау - шысын ұйытқанда ғана музыкалық мәдениетіміздің текті бір арнасы ғұмырын ұзартты деп көңіл демдеуге болады. Қысқасы, өз аясына күй аңызын, күйдің өзін, күйді тарту шеберлігін қамтитын күйшілік өнер біртұтас рухани құбылыс ретінде ден қойғызады. Бұл рухани құбылыстың тындаушы мен арадағы байланысы эмоциялық-эстетикалық және ағартушылық міндетке ұласады. Соңғы жылдардың ғылыми тәжірибесі адам болмысындағы үстем қасиеттер генетикалық факторлардың нәтижесі емес екенін анықтады. Адам бойындағы үстем қасиеттер туа бітпейді немесе тұқым қуаламайды, ең алдымен естуден болатын лингвистикалық факторлардың нәтижесі. Демек, адам атаулының мінездік болмысы «латерализация эмоции», ең алдымен, ана тілі арқылы қалыптаспақ. Ана тілі әрбір дүниеге келген пенденің құлағына шалынар дыбыс атаулыны реттеп отырады, миядағы эмоциялық тетіктің өзінше дамуына ықпал етеді. Бұл тұжырымды кеңірек өрбітсек, әрбір этникалық қауымның төлтума мәдениеті мен психологиялық негізін дыбыс қалыптастырады дегенге саяды. Қазақ тілінің мән-мағынасын қапысыз танитын адам «күй» деген сөзді естігенде сан түрлі сезімге бөленеді.

Күй - қазақтың аспапты музыкасы.

Күй - адамның белгілі бір сезім сәті. Ол сезімнің қуанышты болуы да немесе мұнды, қайғылы болуы мүмкін. Адамның көңіл күйі. «Күй» сөзінің «көк» болып қолданылуын орта ғасырдан жеткен жазба мұралардан да кезіктіреміз. Махмуд Қашғаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» атты кітабында «көк» сөзі «күй» мағынасында қолданылады. Күй аспапты музыка ретінде сөзге кіріптар емес. Өмір-тіршілік дерегін білдіретін ең мәнді сөз немесе сөйлем көп ретте күйдің әуендік буын ырғағына ғана әсер етеді. Күйдің логикалық құрылымына сөз ықпал ете алмайды. Сондықтан да, күйдің музыкалық бітімі өзінің біртұтас әуендік жаратылысымен, бас-аяғының бүтіндігімен тәнті етеді. Қазақ күйлері өзінің төл тыңдаушыларын ең алдымен әуендік, дыбыстық тілімен баурайды. Сондықтан да, күй түсінетін кәнігі тыңдаушы сол күйдің айтар тіліне орай алуан түрлі сезім мен әсерге бөленеді. Күй көне жанр. Оның сан ғасырлық тарихы бар. Қалыптасқан дәстүрлері мен мектептері бар. Күй тілі ана тілімен бірдей. Күй мазмұны халықтың өмір айнасы. Сондықтан, күйдің түр-түсінен, тілінен, ұлттық сипатынан айырылып қалмайық деп, сонау XX – ғасырдың 30-жылдары Құдайберген Жұбановтан бастап Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов тағы басқа қазақтың біртуар азаматтары қайта-қайта айтып та, жазып та кетті. Өйткені, әр күйдің мазмұны, өзіндік тілі, әуен ырғағына сай екпіні бар екендігін тыңдаушыларымыз терең сезінеді. Күй тілімен қазақ тілінің мағыналары бірдей деп түсінсеңіздер дұрыс болады. Алайда, халық күйлері деп аталып жүрген көне күйлер тек бір өңірде ғана емес, жалпы қазақ даласына да кеңінен таралған. Әр түрлі тартылатын әдіс-тәсілдеріне қарамай бұл ел-жұрт тамсана тыңдаған. Күй тарихында дәстүрлер мен мектептердің болуы, күй сазында екі түрлі түр сипаттың қалыптасуы - қазақ сазындағы тарихи маңызы бар өркениеттік құбылыс екені байқалады. Мұның өзі сан ғасыр бойы даму, жетілу, толысу жағдайында болған күй өнеріндегі тәжірибенің жемісі. Байыптап қараған адам қазақ күй өнерінің кейінгі тәжірибесінің, бұрынғыдай шашыраңқы емес, біртұтас ұлттық өнерге айнала бастағанын көреді. XX-ғасырда «қазақ халқының күй өнері» болып ірге тасының қалана бастаунан- ақ-халқымыздың күйі туралы таным-түсінігінің терең екенін аңғарасыз.

Домбыра үніндегі дәстүрлі музыкалық тіліміздің байлығы соншалық, қазақ тарихы болмысын бұл аспап күймен баяндағандай. Бұл әсіресе сөз емес, қазақ халқының ғасырлар бойы қатталған мың сан күйлерін тарихи тұтастыққа танитын және оның синкретті тілін түсінетін тыңдаушы үшін күмән тудырмайтын ақиқат.

Осы орайда, бір ғана домбыраны алуан түрлі құлақ күйге келтіру арқылы күй тартудың орныққан дәстүрінің бар екенін жалпы музыкалық мәдениетімізге жарқын айғақ бола алады. Қазақтың дәстүрлі күйшілік-домбырашылығында күй тарту үшін домбыраның оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ бұрау деп аталатын бұрауларға келтіріп тартқан. Осылардың ішінде ең кең тарағаны - оң бұраумен теріс бұрау күйлері. Бұл бұраулардың мүмкіндігі мейлінше мол, күй өнеріміздің дәстүрін жан-жақты дамытуға негізгі ықпал еткен. Ал, шалыс бұрау, қалыс бұрау және қосақ бүрау түрлерін, әдетте домбырашылар күй айтысына түсіп, түре тартыспен өрелескенде бірін-бірі жеңу үшін қолданатын болған. Шалыс, қалыс және қосақ бұрау күйлері негізінен ойнақы болып, өмір құбылыстарына тікелей еліктеуді әуезе көреді. Мұндай натуралистік сипаттағы күйлерді, әсіресе, жастар қызық көріп, бірінен бірі үйреніп тартуға ынтық болады. Мұның өзі домбыраны қапысыз үйреніп, кейін көшелі күйлерді келістіріп тартуға себепші болатын игі дәстүр. Әр түрлі аспапта күй тартатын дәулескер күйшілер бас қосқанда сыбызғы, қобыз және домбыраны үндестіріп күй тартатын дәстүр бар. Кез келген музыкалық аспаптың тағыдыры оның үніне тыңдаушылардың бауыр басуына да байланысты. Ол дәстүрге бойы үйренбеген, құлағы үйренбеген тындаушы, әсіресе, күйді толық түсінуі мүмкін емес

Алдымен халқымыздың дәстүрлі музыкалы терминдерін саралап танып, сараптап орнықтыру қажет. Мұнсыз музыка мен музыканттың арасында, музыкамен тиындаушының арасында әсіресе музыкант пен тыңдаушының арасында түсініспеушілік тууы өз алдына, ең қауыптысы-дәстүрлі музыкамыздың қадір-қасиеті солғын тартып, болашағына қауып төнеді. Халқымыздың дәстүрлі талғам танымы бойынша күй атаулы өзінің саз-сарынына орай «қоңыр күй», «тік күй» және «бойлауық күй» деп үшке бөлінеді. Күй табиғатын бұлай саралап тану қазақ даласының барлық өңірлеріне ортақ. Соңғы жылдары «төкпе күй», «шертпе күй» деген атаулар жиі ауызға алынып, мұның өзі күйшілік мектептердің анықтаушы сияқты қолданылып жүр. Күй тек қана белгілі бір музыкалық аспапта тарту, ойнау, үрлеу арқылы ғана дүниеге келеді. Яғни аспапты музыка дейтініміз сондықтан. Күйді өз жанынан шығаратындарды, яғни композиторды халқымыз күйші деп атаған. Ал, өзгенің күйін тартатындарды, қолындағы аспабына қарай қобызшы, домбырашы, сыбызғышы деген. Күйді нота арқылы үйрену музыканттың сезімін тежеп, дыбысқа емес нота жазуына кіріптар етеді, творчестволық еркіндіктен айырады. Алайда, күйшілік дәстүрді, күй тарту дәстүрін дамытуда халықтың ғасырлар сынынан өткен өнегесін қаперге ілмеу, сыпайылап айтқанда, ғылыми-педагогикалық көргенсіздік болады. Жалпы өнер жарысының дәстүрге айналуы өнерпаздардың кемелдігін танытып қана қоймайды, ең мәндісі халықтың рухани мәдениетінің кемелдігінен айғақ. Қоғамның даму жағдайында XX-ғасырда тәрбие үрдісінде эстетикалық тәрбие жеке тұлғаның үйлесімді дамуын қалыптастыруда өте маңызды орын алады. Эстетика адамның өмірі, іс-әрекеті, тәжірибесімен тікелей байланыста болып келеді. Грек тілінен аударғанда «эстетика» сезім, түйсік деген мағынаны білдіреді. Олай болса эстетика-өмірді сезім арқылы танып, білудің негізгі жолы. Эстетикалық тәрбиенің міндеті - жас ұрпақты өмірдің барлық салаларындағы: адамның өмірі мен тұрмысындағы, енбектегі, көркемөнердегі, табиғаттағы сұлулық пен әсемдікті көре білетін, ұға білетін, бақылай алатын және оларды өзі жасай алатын азамат етіп тәрбиелеу. Ол үшін жас жеткіншектер сауатты, терең білімді болуы керек. Әдебиетті, музыканы, күй өнерін, кино мен театрды түсініп, олардан жанға рухани азық алу үшін де сезім түйсігі, ұшқыр, ақыл ойы алғыр, білімді адам болуы тиіс (1, б. 74).

Күй өнері тәрбиелік мәні бар педагогикамен ұштасып жатқан дүние. Жалпы, педагогикада тұлғаны тәрбиелеу болса, күйде де дәл осы міндеттер тоқтаусыз толғанады, яғни өсиет, нақыл сөздер тәрбиенің сан түрлі қырларын келер ұрпаққа жүктейді, жастарды еңбек сүйгіш, өнегелі, өнерлі, арлы азамат болуға үндейді. Тәрбиенің түп қызығы халықтық педагогикада жатыр. Педагогиканың сан қырын көруге болады:

- адамгершілік тәрбиесі;

- отбасы тәрбиесі;

- бала тәрбиесі;

- еңбек тәрбиесі;

- жалпы халықтық тәрбие.

Күй, адам санасына ғана емес, сонымен бірге сезіміне, қимыл әрекетіне үлкен әсер етіп, өмірдің мәні, адамгершілік, қоғамдық мәселелер, сан қырлы сырлар сарапқа салынады, қаншама сал сүйек жан болсада, бар ынтамен күйдің әр үніне құлағын түріп, қалт жібермей тыңдаса, көкейіне түрткі салып, оның сана - сезімін оятады. Күй өмір тәжірибесінен алынған философиялық ой-шешімдерді айтады, адамгершілік қарым-қатынасты, өмірдің философиялық мәнін түсінуді уағыздайды. Күй адам тәрбиесіндегі орнына ежелден мән беріліп келген. «Күй өнері жақсы мінез-құлық машықтарын, адамның қоғамдық мұраттарын қалыптастыруда елеулі рөл атқарады... Күй мен ән адамды эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы, кісінің өзін-өзі тәрбиелеуіне, бойдағы нашар қасиеттерден арылуына ықпал етеді. «... Құлаққа ілінетін күй сезім күйі... тіршіліктің суреті, әңгімесі аз болса да ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілтетін мұң мен шердің сарыны бар» (2, б. 24). Өнер атаулының бірнеше түрінің қалыптасуында оның осы қоғамдық қажеттілігі ықпал етсе керек. Мысалы, ән, күй, терме, айтыс, толғау дастан мұның бәрі ізгілікті тәрбие қуатын арттыруға бағытталады. Өйткені, әр саланың өзінің сезімге әсер ететін тұстары бар.

Қазақ мінезі домбыра өнерімен шыңдалған. Өйткені, оның үні ізгі үйлестікке шақырады. Күй өнері-тәрбиенің басты құралы. «Қазақ халқының менталитетін айтқанда, оның басты бір ерекшелігі - ол тәрбиелік қасиет. Қазақ халқының бүкіл салт-санасы, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, ертегі, жыр-термелері айналып келгенде тірелетіні - тәрбиелік мәселе. Олар адамгершілікке, көпшілікке, азаматтыққа баулыған.

Күй өнері - ұлт менталитетінің айнасы. Құрманғазы, Абай, Махамбеттерді мақтан етіп айтамыз. Осындай бабалардың білімі, олардың айтқан өсиеті бүгінгі жастарды тәрбиелеуге әбден мүмкіндігі жетеді. Бүгінгі және ертеңгі Құрманғазы, Абай, Махамбеттерді тәрбиелеп шығару үшін алдымен домбыра үніне бөлеп, бойына сіңіру қажет.

Жастарымызды жігерлендіріп, өнерге деген қызбалығын арттырып, халық тәрбиесінде өзіндік орнын алатын құдіретті өнердің бірі - күй.

Күй халқымыздың рухани азығы, сонымен қатар идеологиялық тәрбиенің өткір құралы. Күй өнері арқылы жас ұрпақтың бойында адамгершіліктің асыл қасиеттері: ар-ұят, сыпайыгершілікті, үлкенді силап, кішіні құрметтеуді еңбекті қадірлеуді, рақымды болуды, елін, жерін, халқын сүюді жолдастықты уағыздай отырып, осы тамаша қасиеттерге қарама-қарсы адамды аздыратын өтірік мақтаншақ тағы да басқа жаман әдет, жат мінездер сыналады. Яғни, тыңдаушы қоғамның рухани дүниесін байыту, ой-өрісін кеңейту, адамгершілік-эстетикалық көзқарасын, талғамын дұрыс қалыптастыруда күйдің маңызы өте зор.

Күйдің ұрпақ үшін берері көп. Осы өнерді түсінген жан күйді тыңдағанда рухани Ләззәт алатыны белгілі. Күйшілік дәстүр желісі үзілмей жалғасып, рухын түсірмей дәстүр сабақтастығының жемісін танытты. Тындаушы халық, күйшілік дәстүр барда күй өнері жаңа кезеңде жаңа белеске көтеріліп дами беретіні сөзсіз. Өйткені, күй - тек қазаққа тән ұлттық өнер.

Күй-қазақ халқының ежелден келе жатқан төл өнері. Күй дегенде делебесі қозатын бәйге атындай тыпыршып тұра алмайтын нағыз күй сүйгіш қазақтың саны бүгінде көбейіп келе жатқаны қуантады. Себебі күйді өсіретін-орта екені белгілі. Ендеше күйдің рухын көтеретін биік деңгей, ықыласты көпшілік, зиялы қауым керек. Кез келген текті өнер сияқты, қазақ халқының осынау арнада көрініс тапқан өнері де өзінің ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан ұлы дәстүрімен, әбден шыңдала қалыптасқан канондық қасиеттермен, эстетикалық төлтума тегеурінімен ден қойдырады. Бүгінгі таңда қазақ халқының бес мыңдай күйі тіркеуге алынса, осынау мол қазынаның мың жылдан астам уақыт аясында дүниеге келгені нақтылы айғақтармен дәлелденген. Әрі көркемдік эстетикалық тұрғыдан, әрі хронологиясы мен ауқымы тұрғысынан күй жанры халықтың аса мәнді рухани айғағы болып табылатыны күмән тудырмайды. Сондықтан да, күйдің пайда болу және қалыптасу тарихына, тарихи поэтикасына мән беріліп, ұлттың этникалық тек тамырымен біте қайнасқан бір тұтас рухани сипаты мен төлтума ерекшелігі сараланып, тұңғыш рет күй аңы-зының өз алдына фольклорлық оқшау жанр екенін дәлелдеуге айрықша мән берілді. Қазақта неше мың күй болса, онымен қосарлана айтылатын соншама аңыз әңгімесі бар. Мұндай аңыз-әңгімелер тек күйдің ғана музыкалық-эстетикалық қасиетін күшейтуге себепші болып қоймаған, сонымен бірге халықтың тарихи жады және өмір салтының айғағы ретінде де айрықша мәнге ие. Жас жеткіншектерге жан-жақты дұрыс тәлім-тәрбие беріп, білікті азамат етіп өсіру үшін ұлттық тәлім-тәрбие мен мінез-құлық мәселерінен барынша қанық етіп тәрбиелеу керек. Ұлттық өнердің киелі жақтарын мектептермен оқу орындары кеңінен қолданса біз ұрпақ тәрбиелеуде жетістіктерге ғана жетерміз. Өйткені, осы өнер жас жеткіншектерді ой тартумен қатар білімділікке, адамгершілікке, отан сүйінуге тәрбиелейді. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін, эстетикалық сезімін байытады, әсемдік талғамын арттырады. Сондықтанда, халқымыздың маңдайына біткен киелі өнерін өшіріп алмай, келер ұрпаққа жеткізе білейік!

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақ совет энциклопедиясы: 2 томдық. – Алматы, 1965. -1-ші т.

2. Сахарбаева К. Ұстаздардың ұстазы. –Алматы, 2003.

3. Тарақты Ақселеу. Күй шежіре. - Алматы: КРАМДС-Яссауи, 1992.

4. Тмат Мерғалиев, Сәрсенбай Бүркіт, Орынбай Дүйсен «Қазақ күйлерінің тарихы». Алматы, 2000.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2011


 © 2017 - Вестник КАСУ