Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Сот сараптама қызметін кадрлық қамтамасыз ету

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2011

Автор: Жазыкбаева Кымбат Кабылкаковна

«Сарапшы» терминінің бірнеше мағынасы бар: 1) сот сараптамасын жүргізу үшін тартылатын хабардар адам (сот сарапшысы), 2) сот сараптамасы органдарындағы штаттық лауазым, 3) қоғамдық өмірдің әр саласында туындайтын мәселелер бойынша консультация және сарапшылық бағалау үшін шақыртылатын адам.

Осыған мәселелерге байланысты сот-сараптама қызметін кадрлық қамтамасыз етуге «Сот сарапшысы» тарауы арналған. Қазақстан Республикасының «Сот сараптамасы туралы» Заңының 10 – бабы 1 – тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында сараптама жүргізу: 1) сот сараптамасы органының қызметкерлеріне; 2) лицензия негізінде сот – сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға; 3) аталған Заңының талаптарына сәйкес бір жолғы рұқсат бойынша өзге адамдарға тапсырылуы мүмкін. Сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын және сот-сараптама қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы жоқ адамдарға бір жолғы тәртіпте сот сараптамасын жүргізу тапсырылуы мүмкін жағдайлардың тізбесі Заң-ның 10-бабы 1-1 тармақшасымен көзделген ретте шектелген: 1) белгілі бір заңнамада сараптама түрлерінің тізбесі көзделмеген сараптама тағайындау (қазіргі уақытта – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 1999 жылғы 16 маусымдағы «Қазақстан республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығында жүргізілетін сараптама түрлерінің және ол бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі тағайындайтын біліктіліктер бойынша сарапшылық мамандықтар Тізбесін бекіту туралы» № 44 бұйрығында және оған енгізілген өзгертулер мен толықтыруларда көзделген тізбемен; 2) Заңның 27-бабына сәйкес сот сараптамасы саласында шетел мемлекеті маманын сарапшы ретінде тарту; 3) сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылатын, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын тиісті мамандықтағы барлық сарапшыларға қарсылық білдіруді қанағаттандыру немесе осы адамдарды және бүтіндей тиісті сот сараптамасы органын сараптама жүргізуден дәлелді шеттету.

Сот сараптамасын жүргізу мына адамдарға:

1) Заңмен белгіленген тәртіпте іс-әрекетке қабілеті шектеулі және іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған;

2) Бұрын сотталған;

3) Сот – сараптама қызметімен байланысты лауазымнан келеңсіз себептер бойынша жұмыстан босатылған адамдарға тапсыруға болмайды; Сарапшы ретінде тұлғаның іске қатысу мүмкіндігін болдырмайтын өзге мән-жайлар іс жүргізу заңдарында көзделген қарсылық білдіру үшін негіздердің болуымен байланысты болады (Заңның 3-бабы 3-т.). Қазақстан Республикасының «Сот сараптамасы туралы» Заңының 10 – бабы 2 – тармағына сәйкес сот сарапшысының жоғарғы білімі және сот сараптамасының белгілі бір түрі саласында арнаулы ғылыми білімі болуы керек.

Хабардар адам нақты қылмыстық іс бойынша мына шарттар болғанда сарапшы болады:

1) Сараптама тағайындау туралы қылмыстық процесті жүргізуші органның (адамның) қаулысының шығуы;

2) Сот сараптамасы органынан тыс сот сараптамасын жүргізу кезінде – қылмыстық процесті жүргізуші органның (адамның) сараптаманы жүргізуді тапсыруы, сарапшының іс жүргізу мәртебесінен туындайтын құқықтары мен міндеттерін оған түсіндіруі, оларды орындамаудың жауапкершілігі туралы ескертулері мен оның бұл жөніндегі қолхаты;

3) Сотр сараптама органның сот сараптаманы жүргізуі кезінде – оның басшысының сараптаманы жүргізу туралы тапсырмасы. Сарапшының жалғыз іс жүргізу функциясы қорытынды беру үшін арнаулы ғылыми білім негізінде дәлелдемелерді зерттеу болып табылады.

Сот-сараптама қызметін кадрлық қамтамасыз етудің өзіндік екешелігі, онда ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік және ғылыми-практикалық қызмет, негізінде, сол бір адамдармен жүзеге асырылатындығымен байланысты. Сонымен, сот сараптамасы саласындағы кәсіби дайындықтың мәселелері ғылыми-практикалық кадрларды дайындау мәселелері болып табылады. Аталған проблема базистік пән мамандарын тарту арқылы шешілуде. Бұл процестің өзіндік оң жақтары бар, өйткені мамандар дамып келе жатқан сала – сот сараптамасына тек зерттеу құралдарын ғана емес, сонымен қатар білімнің бүтіндей жүйелерін әкеліп жатыр, соған орай сот сараптамасының гносеологиялық негізі болып табылатын зерттеудің кешенді аумағындағы әр түрлі білім жүйелерінің өзара әрекеті үшін жағдайлар жасалып жатыр. Әулетті сарапшылар өз кәсіби функцияларын жүзеге асыру үшін жалпы құқықтық, сонымен бірге арнаулы, сарапшылық сипаттағы білімнің ауқымды спектрін меңгеру керек. Осыған байланысты сот сарапшыларының кәсіби дайындығы мен біліктілігін жетілдіру арнаулы бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады және Қазақстан республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Сот медицинасы орталығына жүктеледі (Заңның 19-бабы 1-т.).

Сот сараптамаларын жүргізуді жүзеге асыру бір жағынан айрықша кәсіби дайындықты талап еткендіктен, ал екінші жағынан өзге де нормативтік талаптарға адамдардың сәйкестілігін анықтау болғандықтан, Заң сот-сараптама қызметін жүзеге асыру үшін оның жарамдылығын кезең-кезең бойынша анықтауды көздейді.

Заңның 10-бабы 2-тармағында көрсетілгендей, сот сараптамасы органның қызметкерлері болып табылатын және лицензия негізінде сот – сараптама қызметін жүзеге асырушы адамдар белгілі бір сараптама түрін (түрлерін) жүргізу құқығына біліктілік куәлігі болуы және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің комиссиясында аттестациядан өтуі тиіс. Лицензия негізінде сот-сараптама жүргізуді жүзеге асыратын адамдардың сот-сараптама қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы керек.

Адамның сот-сараптама қызметін жүзеге асыру құқығын иелену кезеңдерін реттейтін нормалар Заңның 15-17 баптарында, Сот-сараптама қызметін лицензиялау Ережелерінде, Қазақстан Республи-касының сот сарапшыларын аттестациялау туралы Ережесінде, Сот-сараптама қыз-метін лицензиялау жөніндегі комиссияның жұмысы туралы Ережесінде, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығындағы сот сарапшысы біліктілігін берудің тәртібі туралы Ережеде, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы жанындағы біліктілік комиссиясы қызметінің тәртібі туралы Нұсқаулықта, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығында жүргізілетін сараптама түрлерінің және ол бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі тағайындайтын біліктіліктер бойынша сарапшылық мамандықтардың Тізбесінде, Медициналық және дәрігерлік қызметті лицензиялау Ережелерінде, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің «Сараптамалардың белгілі бір түрін (түрлерін) жүргізу құқығына сот-медициналық, сот-психиатриялық сарапшы біліктілігін беру туралы» бұйрығында көзделген.

Сот сарапшысы біліктілік куәлігін алған және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі комиссиясында аттестациядан өткен, сот сараптамасы органның қызметкерлері болып табылатын адамдар, сондай-ақ сот сараптама қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған адамдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 қазандағы № 1021 қаулысымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 15 мамырдағы № 57865 қаулысымен енгізілген өзгертулерімен бекітілген «Сот сарапшыларының Мемлекеттік тізілімін жүргізудің Ережелеріне» сәйкес заңның 18-бабы негізінде құрылатын Сот сарапшыларының Мемлекеттік тізіліміне енгізіледі. Тізілім сот, анықтау және алдын ала тергеу органдарының Қазақстан Республикасында сот сарапшылық қызметті жүзеге асыруға құқығы бар адамдар туралы хабардар болу мақсатында жасалады. Тізілімді енгізуді Әділет министрлігі жүзеге асырады. Тізілімде жеке тұлғалардың тізімі, оның ішінде сот сарапшысы туралы мына мәліметтер кіреді: тегі, аты, әкесінің аты; білімі, ғылыми дәрежесі мен атағы; сарапшылық мамандығы (мамандықтары), біліктілік куәліктің нөмірі мен берілген күні; сот-сараптама қызметін жүзеге асырудың лицензия нөмірі мен берілген күні (сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылмайтын адамдар үшін); сот сарапшысының жұмыс орны және оның атқаратын лауазымы; сарапшылық мамандық (мамандықтар) бойынша сот сарапшысының жұмыс өтілі. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылмайтын адамдар, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жанындағы Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша сот-сараптама қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған кезде Тізілімге енгізіледі. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Аттестациялық комиссиясының ұсынысы бойынша кезекті аттестациядан өтпеген жағдайда сот сараптамасы органдарының қызметкерлері Тізілімнен шығарылуға жатқызылады. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылмайтын адамдар сот-сараптама қызметін жүзеге асыруға лицензиясы кері шақыртылып алынған жағдайда, Тізілімнен шығарылуға жатқызылады.

Заңның 11, 12-баптарында жинақталған түрде сот ісін жүргізуге қатысушы сарапшының іс жүргізу міндеттері мен құқықтары, сондай-ақ оның сарапшылық функцияларды орындамау немесе тиісінше орындамау үшін жауапкершілігі белгіленген. Мысалы, сот сарапшысы: 1) Қазақстан Республикасының заңдарымен уәкiлеттiк берілген орган (адам) өзiнiң алдына қойған мәселелер бойынша ғылыми негізделген және объективті қорытынды беруге; 2) егер қойылған мәселелер оның арнаулы бiлiмiнiң шегінен шығатын немесе ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жеткiлiксiз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; 3) зерттеу әдiстерiн таңдау кезiнде сараптама объектiлерiнiң барынша сақталу талабын ескеруге; 4) оны шақырушы қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процесс жүргiзушi органға (адамға), сондай-ақ қылмыстық немесе азаматтық процестiң тарабына шығыстардың сметасы мен келтiрiлген шығыстар туралы есеп ұсынуға; 5) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процестердi жүргiзушi органның (адамның) шақыруы бойынша процеске қатысушыларға қорытындыны табыс ету үшiн келуге; олардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ қорытындының мазмұнын түсiндiруге; 6) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процестi жүргiзушi органға (адамға) оның бiлiктiлiгiн растайтын құжаттарды ұсынуға; 7) қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк процестердi жүргiзушi органның (адамның), сондай-ақ тараптардың талап етуi бойынша соттың отырысында өзiнiң кәсiптiк тәжiрибесi мен iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдармен қарым-қатынасы туралы хабарлауға; егер ол көрсетілген адамдармен әлдеқандай қарым-қатынаста болған жағдайда қорытынды беруден бас тартуға; 8) оның қатысуымен жүргiзiлген тергеу қызметі және осы ретте анықталған жағдаяттар туралы мәлiметтердi, сондай-ақ жабық сот отырысының деректерін, сондай-ақ мемлекеттiк коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, жеке өмірге қол сұғылмау шылықты қозғайтын жағдаяттар туралы өзiне мәлiм болған деректерді жария етпеуге мiндеттi. Сот сарапшысының:

1) қорытынды беру үшiн қажеттi объектiлер, оның iшiнде салыстырмалы зерттеу үшiн үлгiлер алуға;

2) қыл-мыстық, азаматтық не әкiм-шiлiк процестi жүргiзушi органның (адамның) рұқсатымен сараптаманың мәніне қатысты iстiң материалдарымен танысуға және қорытынды беру үшiн қажеттi мәлiметтердi көшiрiп алуға;

3) қылмыстық, азаматтық не әкiмшiлiк процестi жүргiзушi органның (адамның) рұқсатымен iс жүргiзу әрекетiне қаты-суға және оған қатысушыларға сот сараптамасының мәніне қатысты сұрақтар қоюға;

4) сараптаманы тағайындаған органның (адамның) келiсiмi бойынша оның алдына қойылған мәселелер жөнiнде ғана емес, өз құзыретiнiң шегiнде сот сарап-шысының бастамашылығы бойынша белгiленген өзге де жағдаяттар бойынша да қо-рытынды беруге;

5) сот пен процеске қатысушылардың назарын сараптаманың мәнiне, соның iшiнде сарапшыға сұрауларды тұжырымдауға байланысты жағдаяттарға аударуға;

6) өзi қатысқан iс жүргiзу әрекетiнiң хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиiстi бөлiгiмен танысуға және оның қызметiнiң толықтығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертпелер жасауға;

7) iс жүргiзу кезiндегi шығыстарға және қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк процестi жүргiзушi органның (адам-ның) заңсыз iс-әрекетiнен келтiрiлген залалға өтем алуға;

8) егер өзiнiң қызметтiк мiндетi бо-лып табылмайтын болса, орындаған жұмысы үшiн сыйақы алуға құқығы бар;

Сарапшының:

- өз бетінше қорытынды беруге арналған материалдар жинауға құқығы жоқ,

- өйткені бұл жағдайда ол өзінің іс жүргізу функцияларының шегінен шығып кетеді,

- ал бұл дәлелдемелерге жол беру принципін бұзуға әкеп соқтырады;

- егер оған сараптама тағайындаған органның арнаулы рұқсаты болмаса,

- объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соқтыратын зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ.

Сот сарапшысы өз мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiптiк, материалдық, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуы мүмкiн.

Сарапшылық қорытындының объективтілігі мен дұрыстығына кепіл болу мақсатында қолданыстағы заңнамаға сәйкес сарапшыға көрінеу жалған қорытынды берудің қылмыстық жауапкершілігі көзделген, ол жөнінде оған сараптама тапсыру кезінде ескертіледі. Көрiнеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару сотта, не алдын ала анықтау жүргiзу немесе алдын ала тергеу кезiнде куәгердiң, жәбiрленушiнiң көрiнеу жалған жауап беруi немесе сарапшының көрінеу жалған қорытынды беруi, сол сияқты дәл сондай жағдайларда аудармашы жасаған көрінеу қате аударма – жүз айлық есептiк көрсеткiштен екi жүз айлық көрсеткішке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейiнгi мерзімге қамауға жазаланады. Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен, айыптаудың айғағын жасанды түрде жасаумен ұштасқан, сол сияқты пайдакүнемдік мақсатта жасалған дәл сол әрекеттер – үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер сарапшы анықтау, алдын ала тергеу немесе соттық талқылау барысында, сот үкiм немесе шешiм шығарғанға дейiн берген жауаптардың, қорытындының немесе аударманың жалғандығы туралы өз еркiмен мәлiмдесе, олар қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Қате қорытынды берудің тікелей пиғылының болмауы сарапшыны тәртіптік және моральдық жауапкершіліктен босатпайды. Қойылған сұрақты шешудің мүмкіндігі жоқтығы туралы негізделмеген тұжырымдар бергені үшін жауапкершілік туралы мәселе осылай шешіледі.

Айтып кеткендей, Алдын ала анықтаудың немесе алдын ала тергеудің деректерін жария ету заңда белгіленген тәртіппен оларды жариялауға жол беруге болмайтыны туралы заңда белгіленген тәртіппен ескертілген адамның алдын ала анықтаудың немесе алдын ала тергеудiң деректерiн жария етуi, егер ол прокурордың, тергеушiнiң немесе алдын ала анықтау жүргiзушi адамның келiсiмiнсiз жасалған болса – жүз айлық есептiк көрсеткiштен екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады. Сарапшының моральдық және этикалық нормаларға сиыспайтын қылықтар жасаған, сондай-ақ ондағы бар сарапшылық мамандық бойынша сұрақтарды шешуде сарапшы құзыретінің болмауы байқалған жағдайда, оны сот сарапшысы біліктілігінен айыру мүмкін. Сот сараптамасы органының қызметкері болып табылатын сарапшы, сондай-ақ қызметтік міндеттеріне ұқыпсыз қарағаны үшін тәртіптік жауапқа тартылады.

Сот ісін жүргізудегі сарапшылар қорытындыларының елеулі рөліне байланысты Заңның 14-бабында көзделген сарапшының тәуелсiздiгi мен оның қорытындысының дұрыстығын құқықтық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар маңызды болып табылады.

Сарапшының объективтілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оны қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының «Сот сараптамасы туралы» Заңының 14-бабының тақырыбы болып табылады.

Сарапшы сот сараптамасы органның қызметкері болғандықтан, қызметінің тегіне орай, құқықтарымен міндеттерімен танысқан және оған көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапқа тартылатындығы туралы ескертілген деп саналады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақстан Республикасының “Сот сарап-тамасы туралы “ Заңы

2. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі. – Ал-маты: «Юрист», 2008. – 124 б.

3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко-дексі. – Алматы: «Юрист», 2006.

4. Қылмыстық іс жүргізу кодексі. – Ал-маты: «Юрист», 2008.

5. ҚР Президентінің «ҚР-ң құқықтық ор-гандар жүйесін одан әрі реформалау ту-ралы» 1997 ж. 22 сәуірдегі Жарлығы.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2011


 © 2024 - Вестник КАСУ