Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Көркем шығармалардағы зоонимдердің коннотативті мәні

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2011

Автор: Сапанова Айман Мауытханқызы

Коннотация – бұл «connotation» - қосымша мағына деген латын тілінен алынған термин. Коннотацияға қатысты Л. Ельмслев, Р. Барт, Ю. Апресян, Н. Комлев, А. Леонтьев, Л. Васильев, Е. Шендельс сияқты ғалымдардың пікірлері мен А. Уфимцева, Л. Сергеева, В. Говердовский тарапынан ұсынылған коннотаттық макро-компоненттердің типтеріне шолулары бар. Қазақ тіл білімінде коннотация құбылысы теориялық тұрғыдан арнайы қарастырылмаған. Дегенмен, бұл мәселенің танылуы зерттеушілер еңбектерінің лексикалық мағына, екіншілік номинация, лингвопоэтика, лингвостилистика аспектісіне сәйкес қамтылып, М. Оразов, А. Салқынбай, Е. Абақан, Р. Авакова, Ғ. Хасанов, Г. Байгунисова, Д. Әлкебаева сияқты ғалымдар тарапынан берілген анықтамалар негізінде айшықталады.

Тілдегі коннотация құбылысын зерттеу тіл туралы ғылымның басым бағыты екені анық. Бұлай деуге М.Н. Кожинаның мына пікірі негіз болады: «Если традиционное – а в общем-то и современное языкознание – было сосредоточено на изучении денотативной (в широком смысле), чисто логико–понятийной сферы языка (правда, с неизбежными, но побочными выходами в область коннотации), то теперь пришла пора специального изучения этой коннотативной сферы по всему «разрезу» языковых уровней» [1, 21]. Демек, тілдегі коннотация құбылысы тек лексикаға қатысты ғана емес, тілдік жүйенің барлық деңгейлерінде қарастырылуы маңызды мәселе болып табылады. Көптеген коннотациялардың мәні коммуникацияның экспрессивті формасынан ажыратылмайды – коннотация тілдегі экспрессиялық нұсқаны жүзеге асырушы құрал болып табылады. Коннотацияның ғылымда белгілі мынадай түрлерін көрсетуге болады: бағалау коннотациясы (тілдік бірліктердің экспрессивті-стилистикалық мағынадағы кең тараған типі және құрылымы); пейоративті (стилистикалық боялған бірліктердің параллель қолданылып, сөйлеудің экспрессивтілігін күшейту және қоюландыру тәсілі арқылы жасалған коннотация); бейнелік коннотация (семантикалық екі қырлы болады, яғни абстракті бейнені сезімдік-көрнекілік фонда көрсету және айқын коннотациялар арқылы нақты бейнелік, сезімдік көріністерді белгілеу); функционалды коннотациялар (функционалды-стилистикалық коннотациялар, тіл бірліктері мен формаларын белгілі бір қоғамдық сөйлеу тәжірибесінде қолдану нәтижесінде пайда болады); ұлттық-мәдени коннотациялар (ұлттық өзіндік құбылыстарды, халықтың рухани және материалды өміріндегі құбылыстарды бейнелейді).

Жалпы лексико-семантикалық бір-ліктердің денотация және коннотация аспектілерінің объектілері ретінде танылуы шарттылыққа негізделеді. Себебі сөз жеке-дара тұрып коннотаттық мағына таныта алмайтындығы белгілі (тек жалпыхалықтық сипат алған сөз-символдар жөнінде толықтай олай айта алмаймыз). Сөз мағынасының бұл бөлігі (коннотаттық компонент) тек коммуникацияда (мән мәтінде, ситуацияда) жүзеге асып, тілдегі сөздердің семантикалық құрылымындағы белгілі бір семаның өріс тілігімен және қолданыстық сипатымен байланысты болып келуіне орай ерекшеленеді. Оның айшықты көрінісінің өзекті аясы – көркем мәтін.

Тілдік қордың ең көне әрі көлемді қабатының бірі болып жануарлар атауларына қатысты сөздер мен сөз тіркестері танылады. Бұл – жануарлардың ғасырлар бойы халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігімен (жыртқыш аңдармен күресу, аң аулау, етін, сүтін тамақ ретінде пайдалану, терісінен киім тігу, сүйегінен құрал-жабдықтар жасау, көлік ретінде пайдалану т.б.) тығыз байланыста болып, адамның дүние танымына, көзқарасының қалыптасуына мейлінше әсер тигізгенімен түсіндіріледі. Осыған орай тілде жан-жануар атауының негізінде жасалған теңеулер, метафоралық сипаттамалар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Олардың пайда болуы о баста малға, аңға байланысты болғанымен, айналып келгенде адамға бағышталып, әртүрлі зоосипаттамалар негізінде адамның мінезі, іс-әрекеті, сыртқы көрінісі, жақсы-жаман қасиеттері айшықталады. Бұл кез келген ұлт тіліне тән құбылыс дей келе, оның әр тілде өз ұлт дүниетанымы, ділі, мәдениеті тұрғысынан жүзеге асатынын да ескереміз. Яғни, белгілі бір мағына екі түрлі ұлт тілінде әр басқа ұғымдармен коннотацияланып, өзіне ғана тән ассоциативті образдар негізінде көрініс табады.

Коннотациялық мәнді зооморфизмдер белгілі бір ойды нақты, әсерлі, көркем түрде жеткізу мақсатымен көркем әдебиет тілінде де кеңінен қолданылады. Олар белгілі бір тіркес құрамында астарлы мағына жүйесіне ілігіп, бірде жағымды мағына берсе, кейде жағымсыз мағына мазмұнын құрайды. Осымен байланысты суреткер санасында кейбір өзара ұқсас қасиеттерін салыстыру негізінде қалыптасатын ассоциация арқылы адамның орнына немесе белгілі бір құбылысты сипаттау мақсатында жануарлар атауларының ұшырасуы, яғни олардың өзіндік мінез-құлқына, пішініне, мүшелік белгілеріне, іс-әрекетіне т.б. ерекшеліктеріне байланысты метафоралық ауыс қолданылуы белгілі бір образ жасау, модальділік көзқарасын білдіру, әсерлігін күшейту мақсатында шығармаларда ұтымды да шебер қолданылады. Мысалы, Махамбеттің: «Керіскідей шандозым! // Құландай ащы дауыстым!» - деп келетін өлең жолынан «керіскі» сөзін кездестіреміз. 1962 жылы шыққан Махамбеттің өлеңдер жинағында: «Керіскендей шандозым – керіскендей – негізі – керу. Тартысуға, керісуге байланысты «төзімділік» ұғымында. Шандозым – кербездің синонимі», - деген түсінік берілген. Бұл арада Махамбет өлеңіндегі «керіскендей» сөзінің текстологиялық анықтамасына негіз болған – кер, керіс етістіктерінің қазіргі тіліміздегі мағынасы. Немесе, 2004 жылы жарық көрген Махамбет энциклопедиясында: «Керіскі – 1. Жұқа етіп басылған сырмақ, қалпақ сияқты сәнді киім, бұйым тігуге арналған ақ киіз. 2. Керіскідей – көз тартатын үлкен», - деп көрсетілген [6, 515]. Бірақ бұл жерде, «керіскідей шандозым» дегенді басқа мағыналық негізде түсіндіру қажет. Оны бұл сөздің мағынасына қатысты тарихи-салыстырмалы зерттеу барысы байқатады. Бұл сөзді біз Н.И. Ильминский нұсқасындағы (1860 ж.) «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан да кездестіреміз: «Әлекем Қозы-кені керіп атты, // Қозыке керіскедей болып жатты». Немесе, М. Сералиннің қазақ тіліне аударған «Рүстем-Зораб» дастанын-да: «Керіскедей керіліп, // Жатыр жерде созылып», - деп келетін жолдар бар. Керіскі - мүйіз тұмсықты жануар, яғни носорог деп Л.З. Будаговтың сөздігінде көрсетілген: «уйг. «керсъ» - носорогъ». Демек, Махам-бет Исатайды керіскідей деп тұрғаны – оның бейне бітімін, сыртқы тұлғасын теңеу негізінде батырдың соқталығын, айбатын, айбындылығы мен күшін образды түрде бергені.

Есек - жылқыдан аласа, құлағы үлкен, күтімді онша қажет етпейтін жануар [9, 430]. 2. ауыспалы. Ақымақ, миғұла, кеще. 3. Қырсық, қыңыр. Мыс.: «Ой, тәңіріай» шыл кер есек. 4. есекқұрт-зат. зоол.күңгірт, дымқыл жерлерді мекендейтін түсі қара, көп аяқты құрт. Мыс.: Мұрнынан есекқұрт түстіболып, толды, жетісті мағынасындағы қолданыс. Ақшай кемпірдің бүгінде мұрнынан есекқұрт түседі. Шалы қасында, үш бірдей келіні қызмет істеп тұр [9, 431].

«Түйе» малы қазақтар өмірінде бірнеше ұғымдық коннотацияны қалыптастырған. Ол ұғымдар бір күн немесе бір жылдың ішінде тумайды. Көп уақыт өте келе, салыстырмалы ұғым дами келе, адамдар әбден танып білген соң, ұқсату заңдылығымен метафора арқылы бала ойын екінші атаумен жарыққа шығарады. Түйе малының көзі үйренген дағдылы қасиеттері мен ерекшеліктеріне қарай, қазақтар түйені тұрақты тіркес жасауға эталон, символ ретінде қабылдаған. Түйеге мінген адам әдетте биіктеу отырады. «Түйе» сөзінің бірінші мағынасы ебедейсіз, болбыр адам- түйе үстінен сирақ үйтіп; түйе үстінен ит қапқан. Оған мына сөздер мысал бола алады. Мысалы: Жақсы туған баланың атасы жаман болса да, өрде

Төрде отырып сый табар.

Жаман туған баланың атасы жақсы болса да,

Түйе үстінен ит қабар (Шешендік сөздерден).

2. Жағымсыз мінез - бір күн бие, бір күн түйе. 3. дөрекі сөз – сөзі түйеден түскендей. 4. алыс, қашықтық – түйенің тұяғы түскен жер. 5. шектен тыс семіздік – түйенің жарты етіндей. 6. молшылық – қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің; ақ түйенің қарны жарылу. 7. маубас, момындық – үстінен түйе жүрып өтсе де т.б. Баяғыда колхоз бола тұрған кезде, ақ түйенің қарны жарылып, ұлы дүбір той жасап, бәрімізді кекіртіп тастаушы еді [7, 78]. Үстінен түйе жүріп өтсе де, селт етпейтін жігіттің бар бітімі болмысы Пісте күлді қызықтырған да [8, 380]. - Сөздерін көрдің бе, - деді Қарекең іштей. – Түйеден түскен дей ау, түйеден [8, 325].

Қазақтың дүниетанымында «қой» малы – бейіштен (оттан), «ешкі» – тастан жаралған деген наным-сенім ұялаған. Қой қазақтардың құрбандық ғұрпында да үлкен орын алады. «Өлікке неғұрлым көп қой сойылса, марқұмның күнәсі жеңілдей түседі деген сеніммен қаза мен асқа неғұрлым көп қой союға тырысқан. Лексикалық сөз қорында қой атауына байланысты коннотациялық ұғымдар кең өріс жайған. Мысалы: Қой - күйіс қайыратын, тығыз жүнді, уақ мал; төрт түлік малдың бірі [9, 258]. 2. ауыс. Қой аузынан шөп алмайтын. Момын, жуас, үндемейтін адам. … Ағажайдың кемпірі Үміт өте жуас, «қой аузынан шөп алмас» дейтіндей біртоға адам еді [7, 59]. 3. қой көзді. әдемі үлкендеу, қоңыр көз. Күлгенде әлпеті икемге келмей, тек қой көзі ғана қырау арасынан ұшқындап, жылтырайды [7, 126]. Ал, «теке» - ешкі малының екі жастан асқан піштірілмеген еркегі. «Шұбарши» колхозына асыл тұқымды ешкілер мен текелер әкелінді [9, 101]. Ауыс. Теке көз. Аласы басым, адырақ көз. Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, Арыстанбайдың Мұқышы екен де қой [9, 101]. 3. Теке сасыған. Ауыс. Күлімсі иіс шыққан. Бұл перизат маған біраз бедел, мансап әперсе болғаны, теке сасыған жаман төре бұл қызды маған десе пісіріп жесін [9, 101]. Текедей тіресу. Ауыс. Таласу. Екеуі хан қызы Қарлығаға таласып, біріне-бірі сапы ала жүгірісіп, текедей тіресті де қалды [9, 101]. 4. Текежаумыт - асыл тұқымды түрікмен жылқысы. Бұлардың да кейпі өзгеше, талмай алысқа шабатын тоқпақ жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі [9, 101].

Например, собака у русских ассоциируется (наряду с отрицательными явлениями) с верностью, преданностью, неприхотливостью, что нашло отражение во фразеологизмах собачья верность, соба-чья преданность, собачья жизнь и др.; у белорусов собака коннотирует негативные в большинстве своем признаки – ушыцца у сабачую скуру (в значении «стать негодным, ленивым человеком»), сабакам падшыты («плохой человек»); у киргизов ит (собака) – браное слово, приблизительно равное русскому свинья. Русское свинья является символом а) грязи, б) неблагодарности, в) невоспитанности; для англичанин pig означает обжору; для Киргизов, казахов узбеков и др. мусульманских народов сюда добавляется коннотация чисто религиозного плана, в результате чего чочко (свинья) становится резко бранным словом; во вьетнамской же картине мира свинья – символ глупости. Таким образом, слова «собака», «свинья» коннотируют у разных народов различные признаки, что свидетельствует о специфичности, индивидуальности образного мышления у этих народов, влияющего на формирование их картин мира. Из данных примеров видно, что для каждого языка, для каждой культуры характерно возникновение специфических созначений – коннотаций [10, 54]. Қазақ тілінде жеті қазынаның бірі «ит» сөзінен 100-ден астам тұрақты тіркестер жасалған. Мағыналық жағынан сол тіркестердің бәрі жағымсыз. Тек бірен-саран (ит басына іркіт төгілген, ит көйлекті бұрын тоздырған) және мақал-мәтел – ит – адамның досы, т.б. Ит қорлық – запа шегу, қорлық көру. Таң ат-қанша қойдың күзетінде отырып, тұңғыш рет ойлады, осы мен өмірге неге келдім деп, тұңғыш рет көңілі босап, жылап алды, еңіреп тұрып қатты жылады. Сосын ит қорлығын тартқанша өлейін-ай деп ойлады [7, 75]. Аш иттей сүйретілу - дәр-менсіз, таусылу,бұратылу. Ақтық шешімге келгендей, ауыр күрсінді де, нәрестені «бісміллә» деп, шешесінің қойнына салды. Сонсоң быршып терлеп жатқан жұбайы-ның маңдайынан сүйіп, аш иттей сүйре-тіліп тұрып кетті… көп кешікпей күркі-реген күннің гүрілін сыналап ес-үссіз қар-қылдап күлген күлкі естіліп қалғандай… Табиғат па, Адам ба… Не болса да бүкіл әлемді мазақ етіп, күледі-ай… [7, 86]. Сондай-ақ ит сілікпесін шығару –қатты ұрсу, ит етінен жек көру-ұнатпау, ит тиген күшіктей-жалтақ, иттің баласы – ұрсу, зеку т.б. экспрессивті тіркестерге негіз болады.

«Аю» сөзінің қолданыс аясы тура мағынасы денесі үлкен, әрі икемсіз келген ірі жыртқыш аң болса, 2. қосымша мағынасы ызбарлы, қаһарлы, адуынды, сұсты. Мысалы: «– Рас, біздікінің мінезі де шатақ. Бәріміз де бір-бір аю асырап отырмыз ғой. –Уаһ! – деді Зоотехник қарқ етіп күліп, - біздің үйдегі аю кісі жейді ғой, кісі жейді. Әй, осы сенің де таппайтының жоқ. Аю асырап отырмыз дедің, ә [7, 28]. 3. ебедейсіз зор денелі, еңгезердей деген мағынаны білдіреді. - Көкем артына аюша қапсағай бұрылды да: - Көрсетпе көзің жасын! - деп жекіп жіберді [7, 154]. Арыстан. Зат. 1. мысық тұқымдас ең ірі жыртқыш аң. Хайуанттар дүниесінен жұмбаққа қосылатыны, көбінесе, қасқыр, қоян, аю, жолбарыс, арыстан, түлкі т.б. [9, 364]. 2. ауыс. Ер жүрек, қайтпас қайсар адам. «Қанатым едің, арыстандай арысым едің, не жазығым бар еді?» - деп, өксіп-өксіп кеп жылап, Бақтығұл қалды [9, 364 б].

Байқағанымыздай, коннотаттық компонент мағынасы көркем бейненің дамуы барысында пайда болып, контекст шеңберінде жүзеге асады. Сонымен қатар контекст ерекше семантикалық өріс, ассоциативті ая туғыза келе, әр түрлі мағынаның ішінен қажеттісін ғана таңдап, коннотаттық компонент мағынасының эстетикалық құндылығын арттыруына себепкер болады.

Белгілі бір сөздің денотаттық мағынасын денотаттық семалар танытса, коннотаттық компонент мағынасы коннотаттық семалар негізінде жүзеге асады. Денотаттық семалар объективті шындық дүниедегі заттар мен құбылыстардың бейнесін ассоциациялайтын, яғни тілдік тұрғыдан көрініс тапқан денотаттардың бейнесін танытатын семалар болып танылса, коннотаттық семалар лексемасы өзара ортақ болып келетін денотаттық семалардан туындай келе, белгіленген затқа деген жаңа көзқарасты, өзге қатынасты білдіретін семалар ретінде көрініс табады. Осы мәселенің теориялық-әдіснамалық қағидасын белгілеген М. Копыленко мен З. Попова еңбектерінде жасалу жолына қарай денотаттық семаның екі түрі (Д1, Д2) және коннотаттық семаның үш түрі (К1, К2, К3) ажыратылады [11, 180]..

Сонымен, коннотативті сөздің ішкі формасында берілген бейне денотат тан алынып, сөйлеуші тарапынан берілген ой-дың барынша нақты, ықшам, психологиялық жағынан әсерлі болуын қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, коннотаттық макрокомпонент сөздің мәнерлілігін, көркемдігін күшейту, айтар ойдың ерекше әсерлігін, эстетикалық жағын арттыру, объективті шындық дүниедегі затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіру мақсатымен қолданылатын мағына бөлшегі болып табылады. Көркемдік, прагматикалық бояуы айырықша коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздердің басым көпшілігі троптар негізінде пайда болады. Олар айтылмақ ойға сай көркем бейне сомдай келе, автордың көзқарасын, дүниетанымын, эстетикалық талғамы мен сөз жұмсау шеберлігін танытады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Кожина М.Н. О конструктивном принципе функционального стиля его экстралингвистической основе и критериях стилистических оценок // Вопросы стилистики. Вып. 5. - Саратов: Наука, 1972. – С. 155.

2. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы – Алматы: Рауан, 1991 – 216 б.

3. Филиппов А.В. К проблеме лексической коннотации // Вопросы языкознания, 1978, № 1 – С. 57-63.

4. Чудинов А.П. Принцип дополнительности в лингвистических исследованиях // Исследование по семантике. Сб.ст. - Уфа, 1983 – С. 108-114.

5. Шаховский В.И. К типологии коннотации // Аспекты лексического значения – Воронеж: ВУ, 1982. – 160 с.

6. Махамбет энциклопедиясы – Алматы: «Өлке», 2004. – 610 б.

7. Бөкеев О. Таңдамалы, 1 том. - Алматы, «Жазушы», 1994.

8. Исабеков Д. Таңдамалы. 1, 2 т. - Алматы, «Жазушы», 1993.

9. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы. 1974.

10. Маслова В.А. Лингвокультурология. – М.: «Академия», 2001. – 208 с.

11. Копыленко М.М., Попова З.Д. Очерки по общей фразеологии – Воронеж: ВУ, 1989 – 190 с.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2011


 © 2024 - Вестник КАСУ