Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Көркем аударманың сипаты мен рухани мәні

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2011

Автор: Абилмажинова А.Б.

Аударма – әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы, басқа тілдегі түпнұсқа негізінде жазылған көркем туынды [1; 58]. А. Пушкин «аудармашылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттары» деген [2; 23]. Көркем аударманың бүгінгі таңда алатын маңызы ерекше. Ең алғаш рет аударма үлгілерін Ежелгі Римнен табуға болады. Түркінің «тілмаш» деген сөзінен (тегінде, бұлай деп тілге мәш, яғни сөзге ұста адамдарды айтқан) орыс тілінде «толмачы» шыққан [3; 72]. Көркем шығармалардың көп аударылған кезіне Алтын Орда дәуірінде аударылған шығармаларды атауға болады. Атап айтсақ, Сарай қаласынан шыққан Сейф Сарайдың Сағдидің «Гүлстанын» XIV ғасырдың аяғында аударғанын айтады. Тұрсынбек Кәкішев «Қа-зақ әдебиеті сынының тарихы» атты еңбегінде: «Алтын Орда дәуіріне біз түгелдей ортақпыз. Ал оның негізгі әдеби тілі – қыпшақ тілі болса, онда қазақ даласы мен тілі жетекшілік сипатқа ие болғанынан қашсақ та құтыла алмаймыз», - дейді [4; 31]. Қазақ даласындағы алғашқы аудармалар нәзира, қайта баяндау, еліктеу бір-бірімен араласып келетін түрлері жиі кездеседі. Оларды аударманың балама түрлері, танымал шығарманы жаңа тілде жеткізудің жолдары ретінде қарастырады.

Төл әдебиетімізде ауызша тарап жеткен көркем шығармаларды әдебиетіміздің тарихына жатқызамыз. И. Алексе-ева «Введение в переводоведение» еңбегін-де: «Әртүрлі тілдерде сөйлейтін халықтар-дың арасында алғашқы байланыс ауызша болғанына күмән жоқ. Тегінде, аударма ұзақ уақыт бойы қағазға түспей келсе керек. Бізде ауызша кезеңінен қалған ешқандай белгі жоқ. Алайда, тарихи мәліметтер, сондай-ақ халықтар арасындағы әрқилы байланыстардың есте жоқ ерте замандардан келе жатқанын пайымдау ауызша аударма жазу шыққанға дейін болған деп болжауға мүмкіндік береді», - [5; 52]. Біздің төл әдебиетіміздегі ауызша жеткен аудармаларды аударма тарихына жатқызу керек шығар. Ауызша әдебиеттен ауызданып өскен халықтың, бүкіл тарихы ауызша жеткен халықтың күні кешегі ауызша аудармалары назардан тыс қалмау керек. Соның бірі – Абайдың ауызша аудармашылығы. Темірғали Нұртазиннің «Абай және орыстың классикалық әдебиеті» еңбегінде: «Абай бұрынғы ертегі, қиссашының орнына сюжетті романдарды әңгіме етіп айтып береді, төңірегіндегі ақын әншілер арқылы халыққа жаяды. «Шахнама», «Рүстем-Дастан», «Үш мушкетер», «Жиырма жыл өткен соң» және т.б. шығармалар Абай ауызынан таралып, қырық елдің қиырына жайылып жеткен», - дейді. Аталған пікірдің көркем аударма саласында маңызды екенін айта кетуге болады.

Аударма көркем шығармашылықтың өзгеше бір саласы болып табылады. Шығармашылықтың бұл түрінде өзіңдікі өзгемен салыстырылады, күш сынасады. Көркем аударманы аударған кезде аудармашылар мынадай екі түрлі көзқарас ұстанған: біріншісі – шығарманың кейіпкерлерін, болған оқиғаларын өз ортасына әкеліп енгізеді. Екіншісі – шығарманың құрылысын, стилін сақтап дәлме-дәл аударуға тырысады.

Егер біз аударма ісімен байланысы бар адамдардан әлемдік мәдениет үшін көркем әдебиеттің түпнұсқасы мен аудармасының қайсысы маңызды деп сұрасақ, бәрі бір ауыздан түпнұсқа деп жауап қайтары даусыз. Аудармаға деген үлкен сый құрмет бола тұра, біз түпнұсқаны маңыздырақ көреміз. Әйтсе де, сауатты, жақсы аударылған аударма түпнұсқаны алмастыра алады.

Қазақ халқының даму ерекшеліктеріне қарай аудармада түрлі әдіс орын алғаны белгілі. Аударма түпнұсқаға қаншалықты жақын келетіне байланысты еркін аударма, бейімдей (адаптация), сөзбе-сөз аударма, саймасай (эквивалентті) аударма, барабар (адекватты) аударма деген түрлері бар.

Еркін аудармада аудармашы шығарманың айтар ойын дәл ұстайды, сөз түйінін де дәл табады. Жалпы, еркін аударманың ерекшелігі де алдымен авторды өз қалпынша қайта сөйлетуге емес, оның айтар ойын жеткізуге күш салатындығында. Еркін аударманың хрестоматиялық мысалы, классикалық үлгісі – Лермонтовтың Гетеден аударған «Тау шыңдары». Гетедей алыптан алшақтаған, өз бетінше кеткен деп осынысы үшін Лермонтовты айыптау ешкімнің ойына келмейді. Еркін аударманың ерен түрін Абайдан да табамыз. Абайдың «Евгений Онегиндегі» талай тұс сондай.

Қазақ әдеби аудармасында әлемдік тәржіме өнеріндегі әдіс-тәсілдердің барлығы дерлік кездесетіні анық. Солардың арасында бұрыннан бары – бейімдей аудару (адаптация). Оның мәнісін Мұхамеджан Сералиннің «Айқапта» басылған «Рүстем-Зорапқа» түсініктемесінен тәп-тәуір тануға болады: «Қадірменді оқушыларымыздың алдына салып отырған мына «Рүстем-Зорап» қиссасы фарсы тілінде жазылған атақты «Шахнама» деп алып, бір жағы тәжірибе, бір жағы ұйқастыру секілді қылып немісше жазған... Соны орыс шайыры Жуковский 1846-1847 жылдары өлең қылып, арттырып, кемітіп, қалыбына лайықты етіп (астын сызған біз – С.А.) істеп шығарған. Мен оны шамамның келгенінше қазақ тіліне Жуковскийдің шығарған қалыбынан дым алыстатпай аударуға тырыстым» [6; 212].

Сөзбе-сөз аударманың қазақ өлең тәржімесіне жасаған теріс ықпалы бар екені белгілі. Сөзбе-сөз аударманы, әріп шілдік аударма деп тану кездеседі. Бұл аударманың өзінің жөн-жобасы, жолы бар. Аударманың бұл түрі көбінесе саяси құжаттар, әсіресе дипломатия саласындағы аудармаларда көптеп кездеседі. Ол көркем әдебиетке тиімсіз тәсілдердің бірі болы табылады.

Саймасай (эквивалентті) аудармада мәтіннің негізгі күш түсетін тұстарын (доминанттарын) сақтау мақсатында саналы түрде жоғалтуға көнуге тура келеді. «Эквивалентті» сөзінің әу бастағы латындық этимонын еске түсіріп қойған артық емес: «эквивалентті» - «күші тең» деген сөз. Яғни, аудармашы шығарманың оқырманға әсер күшін тең сақтауға ұмтылуы керек. Саймасай аударманың барабар (адекватты) аудармадан негізгі айырмашылығы да түпкі нәтижеге бағдар ұстай тындығында. «Барабарлықпен салыстырғанда саймасайлық түпкі нәтижеге көбірек бейім тұрады.» - Л. Нелюбиннің «Тәржіметану түсіндірме сөздігінде» [7] осылай делінген. Саймасай аударманың денодаттық, коннотациялық, мәтіндік-нормативтік, прагматикалық, формалық түрлері болады, солардың бәрінің де тірілер жері – бір-біріне теңдестірілген бірліктердің мағыналық ортақтастығы.

Барабар (адекватты) аудармада түпнұсқаның ерекшеліктері мен мазмұнын, оның тілдік пішінін аударма жасалатын тілдің құрылымын, стилін, лексикасы мен грамматикасын тілдің мінсіз дұрыстығымен үйлестіре отырып ескеру арқылы дұрыс, дәл және толық беру талап етіледі.

Кезінде Мұхтар Әуезов жолма жол аударманы (подстрочник) «жаман көпір» деп атаған. Осы «жаман көпір» арқылы аударылған шығармалар өзінің нәзіктілігін, автор ойын, кей кезде мағынасын өзгертіп жібереді. Жолма жол (подстрочный) аударма мен жолына жол (строка в строку) аударманың арасын ашып алу керек. Жолма-жол аударма деп түп нұсқаның мәтінін егжей-тегжейіне дейін, дәлме-дәл түсіріп беретін сөзбе-сөз жақын аударманы айтамыз, ал жолына жол аударма – түпнұсқаның жолына тәржіменің жолы тап түсетіндей етіп аудару.

Адамды түсіну қандай қиын болса, оның жазғанын түсіну одан да қиын. Иржи Левыйдың: «Дұрыстап оқу – жұмыстың жартысын жасап тастау» [8; 119] деген сөзі бар. Аударылатын мәтіндегі өмір болмысын дұрыс әрі терең түсіну – аудармашыға қойылар басты талап.

Өлең аудармасында бір тұста ұтып, бір тұста ұтылып жүріп барып шығармашылық жеңіске жету. Әр жол сайын дөп табамын, әр жол сайын дәл түсемін деген адам дәл сол жолдарда тауып кеткендей болып көрінгенімен, шығарманы тұтастай алып қарағанда өлеңдік өзегінен айырылып қалып жатады. Белгілі бір дәрежеде «құрбандықтарға» саналы түрде бармайынша, шын мәніндегі көркем аудармаға қол жеткізу қиын.

Реалиялар аудармаларына да назар салсақ, ең алдымен түпнұсқаның рухын дәл табу, негізгі айтар ойын дәл аңдау, басты бейнелерін жеткізу шарт. Қалғаны – екінші қатардағы нәрселер. Тіпті бір қарағанда реалия сияқты көрінетін сөздердің, атаулардың өзі шыңдап келгенде өлең өрнегін айшықты ете түсуге, дыбыс үндестігін күшейту арқылы әсерді арттыруға қызмет етіп қана тұрғанын көреміз.

Бір қоғамның басқа елде немесе басқа дәуірде пайда болған әлеуметтік және мәдени формаларды қабыл алуы әдеби ауыс-түйістен алдымен көрінеді. Көркем мәтінді қабыл алушы, пайымдаушы ретінде аудармашының өзі субъективті тұлға екені талассыз. Әрі тәржімеші мен автордың дүниетанымында да өзгешілік болатындығы сөзсіз. Оның үстіне қабыл алушы (реципиент) – коммутикативтік актінің қатысушы ретінде оқырманның өзі де субъективті тұлға.

Аударылған мәтіннің қабыл алуында оқырман менталитетін, тіл заңдылықтарын ескерудің қандайлық үлкен орын алатыны айтылады. Қазақ тілінде орыс тіліндегідей род жоқтығына байланысты туындайтын проблемалардың өзі бірқыдыру. Мысалы, Абайдың Лермонтовтан «Жартас» өлеңіндегі суреттелген жай қазақ оқырманын толқыта қоймайды. Себебі, біз жартасты, яғни мужской родтағы «утесті» ер кісінің метафорасы, ал женский родтағы «тучканы» жас қыздың метафорасы ретінде соншалықты табиғи қабыл алмаймыз. Мұндай ойлау жүйесі бізге тән емес. Тегінде, ұлттық ойлау жүйесінен шалғай тұрған шығармалар аудармаға көнбейтін болуы да мүмкін.

Көркем аударманы таным тұрғысынан қарасақ, ол түсінудің түрлі сипаты. Герменевтиканы өнер деп және мәтінді талдау теориясы дейді. Ә.С. Тарақов «Аударма психологиясы және мәдениеті» атты оқу құралында: «Герменевтика ежелгі грек тілінен шыққан. Гермес құдай атымен байланысты, антикалық мифтер құдай жіберген дүние саналады. Құдай тілі түсінікті болуы үшін Гермес оның мәліметін соған сәйкес талдап, түсіндіруі тиіс болатын, ол сонымен бірге интерпретатор болды. «Интерпретация» - латын тілінен енген сөз. Латынша соны жолдаушы Меркурий Құдай болатын.

Герменевтика мәтінді түсіну және интерпретациялау (талдау) тәсілі туралы ғылым. Аударманың герменевтикалық моделі (қалыбы) деген ұғым қалыптасқан. Оны енгізген А.Н. Крюков. Аударма түсінуден басталып, түсінумен аяқталады. Яғни түсіну мәтіннің екінші рет туу үрдісі ретінде ұғындырылады.

Түсіну мәселесі Аристотельдің «Шешендік өнерінде» де бар, мұнда мәтіннің жекелеген элементтерін түсіну қарастырылған (метафора, ұйқас). Түсіну және аударма Спинозаның еңбегінде де бар», - дейді [9;41-42].

Метафора, қайталау, перифраз, идиома, сияқты мәселелер аудармада маңызды орын алады. Автордың дара стилін танатынын басты белгілердің бірі – метафора. Метафорасы дәл жеткізілген түпнұсқаның қай-қайсысының да бағы бар. Көркем шығарма құрылымындағы эмоциялық, эстетикалық жүктің көбін көтеретін метафора жоғалған жағдайда аударма ажары ашылмақ емес.

Аударылған туындылардағы фразеологизмдер арқылы да тіл байып отыратынын да ескерген жөн. әрине, ана тіліміздің табиғатына жат ұғымдардың, қазақы фразеологизмнің болмысына үйлеспейтін орамдардың жөні бөлек. Біз әдетте орыс аударма тілінен аударма әсерін Абай тәржімелерінен ғана іздеп жатамыз. «Абай өлеңдерінде кездесетін салқын тарту («постывать»), тактісіне билеу («отбивать такт»), бір сағаттан бір сағат («от часу на час») деген тіркестер де қазақ тілі үшін жаңа. Олар орыс тілінен калькалау (сөзбе-сөз аудару) жолымен жасалғандар. Бұл сөздер Абай Құнанбайұлының өлеңдерінің өзіндеде қолданылған. Айталық, салқын тарту деген тіркес Абайда: Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі Саған салқын тарт-қандай, сен бір кәрі – деген өлең жолдарынан кездессе, бұл жолдар Лермонтовтың: Пускай теперь прекрасный свет Тебе постыл – ты слеп, ты сед – деген жолдарының аудармасы.

Абай перифраздың да шебері. Әсі-ресе, Лермонтовтан аударылған өлеңде-рінде ақын перифраздың неше түрін көруге болады. Қараңғы көңіл, көңілдің жүгі, улы сусын, жанға түскен жара, жалтаңдаған жас жүрек, жүйрік уақыт, үміттің нұры тентек жиын... осылай кете береді. «Бұлардың бар-лығы дерлік орыс тілінің өзінде перифраз ретінде қолданылған образдар болса, Абай оларды қазақ тіліне өте әдемі аударып, перифрастық тіркестердің қазақша баламасын ұсынады» [10; 496 б.].

Аударма тіліне қарап, сол кезеңдегі ұлттық әдеби тіл деңгейіне баға беруге болады, әр тілдің тарихын қалыптастыруға да мүмкіндік ашылады. Аударма шығармаларында пішін мен мазмұн бірлігінің маңызы үлкен. Белинскй аудармашы талантын пішінді дәл табу таланты деп бағалаған болатын. П. Скосырев «Наследство и поиски» еңбекте: «Ұлттық пішін дегеніміз халықтық ойлау машығының көркем бейнелерде көрініс тапқан тұтас жүйесі. Ол әрбір халықтың тарихының, тұрмысының, сенім-нанымының, әдет-ғұрыптарының, үйренген үрдістерінің, талғамының ерекшелігінен құралады. Аудармашының еңсеруіне тура келетін қиындықтарының ең үлкенінің бірі ұлттық пішіннің ерекшеліктерін дәл ұстай білу, соны өзге тілде жеткізе білу» [11; 285-286].

Аударма - әрбір ұлттық мәдениеттің ажырағысыз бөлігі. Мұхтар Мағауин «Ға-сырлар бедері» атты еңбегінде: «Тарихи қысқа мерзімде қазақ әдебиеті өзінің озық үлгілері арқылы Европа классикалық әдебиетінің өресіне жетті» [12, 250 б.]. Бұл істе әдеби аударманың өзіндік орны ерек-ше. С. Талжанов «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» атты еңбегінде: «Аударманың сапасы сол елдегі төл әдебиеттің сапасына сай келеді. Көш бастайтын төл әдебиеттің соңына еріп, аударма әдебиеті жедел жүреді. Кейде аударма әдебиет те төл әдебиеттің өсіп-өркендеуіне көмек беріп отырады» [13, 147 б.]. Нақты мысал атасақ, орыс әдебиетіне де көптеген жанрлар аударма арқылы ауысқанын айта аламыз. Жуковскийдің Шил-лерден жасаған аудармалады болмағанда орыс тарихи балладасы қашан дүниеге келері белгісіз. Орыста көпке дейін роман болмағаны белгілі. Кейін романдарды аудару арқылы бұл жанр да пайда болды. Аударма арқылы орыс тілі де байи түсті. Мысалы, В. Тредиаковский бесполезность, беспристрастность, благодарность, независимость, сущность целность және т.б. сөздер аударма арқылы алынған [11, 19 б].

Аударманың құдіреті өлі тілдерді тірілтуінде. Көне еврей, көне грек, латын, ескі славян, ескі орыс тілдерінен жасалған аудармалар арқылы қаншама мәдени мұра адамзат игілігіне айналғаны жақсы мәлім. Соңғы жылдары бой көрсеткен қазақ аударма сыны осы уақыт аралығында тәржіме өнерінің қалыптасуына көмек көрсете білді. Ол оның жетістіктері мен кемшіліктерінің ара жігін ашуға бел салысты, ықпал етті.

Көркем аудармада елеулі кемшіліктердің бірі – барлық аудармашылардың дерлік осы іспен шығармашылығының негізгі арнасы, өмірлік кәсібі ретінде айнал ыспағандығы. Көркем аударма саласындағы көрнекті із қалдырған суреткерлердің қай-қайсысын алсақ та, осы іске жылдар бойы бар күш-жігерін жұмсағанын, жүйелі айналысқанын, көлемді дүниелерге құлаш ұрғанын көреміз. Аудармашылық – жалғыз шабытпен шалып түсетін, тек алымдылықпен алып түсетін шаруа емес. Аударма техникасын емін-еркін меңгермейінше, көркем аударманы алақанында ойнататын зергерлікке қол жеткізбейінше аударма асуы алдырмайды.

Талантты шығарманы өзге тілде өз деңгейінде қайта туындатудың басты шарты – оқи білу... Талантты аудармашы тек талантты оқырманнан шықпақ деп айтсақ, бұл сөзімізбен әрине, дауласуға, таласуға болады. Әлем әдебиетінен, өзіміздің төл әдебиетімізден оқуға онша зауқы соқпаған, сонда да табиғат берген дарынымен талай шаруа тындырған дара дарындарды атауға да болады. Шығармашылық дегеннің өзі кейде сырын адам біліп болмайтын тылсым дүние екені белгілі. Бірақ көп оқымай, көп тоқымай аудармада асқар асулар алған адамды атау қиын.

Елдің бәсекеге қабілеттілігінің бір шарты – тілдің бәсекеге қабілеттілігі. Өркениетті дүниенің додасына өз тілімен өмір сүре алатын ұлт қана қаймықпай түсе алады. Демек, қазақ аудармасының уақыттың ұлы сынына түсер шағы әлі алда.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1996. - 240 б.

2. Пушкин А.С. Собрание сочинений. - М.: Правда, 1987. - Т.5. - 446 с.

3. Фасмер М. Этимологический словарь русского языка. - СП. «Азбука», 1996. Т.4. - 72 с.

4. Кәкішев Т. Қазақ әдебиетінің сынының тарихы. - А., 1994. - 31 б.

5. Алексеева И. Введение в переводо-ведение. - М.- С.-П., 2006. - 52 б.

6. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Ал-маты, 1986. - 212 б.

7. Нелюбин Л. Толковый переводовеческий словарь. - М., 2004.

8. Абдрахманов С. Өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. - Алматы, 2007 ж. - 38 б.

9. Тарақов Ә.С. Аударма психологиясы және мәдениеті. - Алматы: Қазақ университеті. 2005 ж. - 58 б.

10. Аударматанудың теориялық пробле-малары. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика университетінің хабаршысы. Филология сериясы. 2007, №3.

11. Скосырев П. Наследство и поиски. - М., 1963. - 285-286 б.

12. Мағауин М. Ғасырлар бедері. - Алматы, 1991. - 250 б.

13. Талжанов С. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. - Алматы, 1975. - 147 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2011


 © 2024 - Вестник КАСУ