Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2011

Авторы: Маселова Кульзихан Маселовна, Байбатанова Фарида Ильясовна

Тілді үйрету мәселесі, ең алдымен, тілді игеруді іске асырумен, оны практикалық тұрғыдан жетілдірумен байланысты. Тілді практикалық тұрғыдан игеру, оны оқытумен қатар үйретуге де студенттермен жұмыс жүргізудің әр түрлі әдіс-тәсілдерін білуді қажет етеді. Тілдерді үйрету әдісі заман талабына, уақыт ағымына қарай үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп отырады. Тілді меңгертудегі негізгі әрекет - қарым-қатынас үрдісі, сөйлеу қатынасы. Сол себепті қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне меңгертуде әдістеме ғылымында қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағытты ұстану – бүгінгі күн-нің өзекті мәселелерінің бірі.

Қатысымдық (коммуникативтік) бағыттылықты ұстанған әдіскерлер Е.И. Пассов, А.А. Леонтьев, Г.А. Китайгородская, И. Зимняя, В.А. Скалкин, Н.И. Гез, Э.П. Шубин, И.Л. Бим т.б. бұл әдістің ғылыми-теориялық және әдістемелік тұрғыдан ең тиімді екенін дәлелдеген.

Қазақ тілі пәнінің жетекші функциясы коммуникативтік сөйлеуге дайындық болып табылады. Коммуникативтік сөйлеу - дәл болған жағдайға байланысты дайындықсыз, еркін сөйлеу түрі. Оқу үрдісіндегі барлық жұмыс түрінде осы негізгі ерекшелік есепке алынуы керек. Қазақ тілін инженер мамандығында оқитын студенттерге үйрету әдістемелерінің негізгі ерекшелігі - сөйлеу іскерлігін, оның түрлерін, ауызша және жазбаша қалыптарын меңгерумен байланысты. Тіл үйренушілерге қазақ тілін оқыту тіл дамыту жұмыстарсыз жүзеге аспайды. Қазақ тілі сабағында жұмыс түрлерінің барлығы тіл дамыту үрдісімен тығыз байланысты. Студенттердің сөйлемді дұрыс құрай білуі, ойын анық айтуы, қазақ тіліне тән төл дыбыстарды дұрыс айтып, сөзді мәнерлеп оқи алуы - негізгі талаптардың бірі болып саналады. Тіл дамыту мәселесі - өте күрделі және ұзақ үрдіс. Инженер мамандығында оқитын өзге студенттердің тілін дамыту, ойлау қабілетін жан-жақты дамытып кеңейту – оқытуда басты нысана болуға тиіс. Мамандыққа байланысты лексиканы меңгерткенде сөйлесі әрекетінің барлық түрін жетік біліп, олардың тұтастығын да жекелей таныған жөн.

Сөйлесі әрекетіне қатысты айту, жазу, есту, тілдесу үрдістері нақты баяндалған ойды түсінуге негізделеді. Студенттерге сөйлесі әрекеті арқылы тілді меңгертудің тиімділігі - олар мамандықтарына байланысты кәсіби мәтіндерді оқып, оларды тыңдап, жаза отырып, негізгі деректерді ұғып, қажеттеріне жаратады. Сонымен қатар теле-радиодан берілген техникалық ақпараттық хабарларды түсініп, соған қатысты өз пікірлерін айтуға, сауатты жаза білуге үйренеді. Сөйлесі әрекетін игертуде тіл үйренушілерге кәсіби мәтіндерден шағын үзінділер беріледі. Студент газет-журналдардан, компьютерден мамандықтарына байланысты көптеген материалды таңдап алып, сол тақырыпқа байланысты сөздік жұмысын жүргізеді, абзацтарға бөледі, оларға бөлінген абзацтарға тақырып қою жұмысы тапсырылады. Мұндай жұмыстар студенттерді өз бетімен жұмыс істеуге талпындырады, мәтінмен жұмыс істей отырып негізгі ойға, басты мазмұнға көңіл аудартады. Осыған байланысты сұхбат, логикалық сұрақтар өз-өзінен туындайды.

Техникалық университеттің барлық мамандықтарының студенттері мамандыққа байланысты лексиканы тек қазақ тілі сабағында ғана қазақша игере алады. Тілді іс жүзінде, күнделікті өмірде қолдана білуге үйретудің жолы деп әдістемелік әдебиеттерде арнайы тақырыптар алынып, лексикалық материалдарға ерекше көңіл бөлу қарастырылады. К.В. Мальцева дейді: “... большую роль играет в книге тщательно продуманный методический аппарат: лексические комментарии, вопросы, задания. Одна из главных задач его – преодолеть “языковой барьер”, сделать предлагаемый материал доступным, понятным и интересным для учащихся”.

Тіл үйренушілер тілдегі қажетті лексикалық тұлғаларды білулері қажет, оларды білмесе студенттердің сөйлеу дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру жүзеге аспайды. Сөздің қатысымды тұлға ретіндегі байланысу амалдары мен қолдана білу заңдылықтарының меңгерілуі сөйлеуге қажетті сөздерді таңдап алуға байланысты болады. Қазақ тілінің практикалық бағыттылығы сөздерді сапалық сұрыптауды, оларды біртіндеп сөйлеу әрекетіне енгізуді талап етеді. Сұрыптап алынған сөздік – минимумды сөздер оқуға, айтуға, жазуға түсінікті болғаны жөн. Қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін мамандыққа байланысты лексиканың қолданысқа қажеттісі ғана сөздік - минимумға таңдап алынады. Сөздік - минимумға лексикалық бірліктерді сұрыптау мәселесімен көп жылдар бойы А.А. Шахматов, Л.В. Щерба, С.И. Ожегов т.б. айналысты. Қазақ, орыс және шетел тілдерін ұлт мектептерінде оқытуда үйретуге тиісті сөздерді таңдап, оқулықтарының материалын анықтау, оларды дұрыс іріктеп алу мәселесіне Н.И. Гез, И.В. Рахманов, Ә. Жүнісбек, т. б. көптеген еңбектер арнады.

Мамандыққа байланысты кәсіби лексиканы меңгертудің практикалық маңыздылығын арттыру қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Тіл меңгерту тапсырмалары оқыту мазмұнының құрамды бөліктерінің бірі болып саналады. Оқыту мақсатына байланысты тапсырмалар үшін арнайы іріктелген тілдік материалдар алынады. Тапсырмалар арқылы студентке тілдік білім берілумен қатар, олардың кәсіби тақырыптары қамтылады. Студенттерге қазақ тілін мамандыққа байланысты оқытуға арналған тілдік материалдар және сөйлеуге арналған жаттығулар жүйесі әлі толығымен зерттелмеген. Қазақ тілін инженер мамандығы бойынша оқытуда қолданылатын жұмыстар жүйесін екі түрге бөліп қарастыру қамтылды. Олар:

1) Кәсіби мәтіндермен жұмыс.

2) Кәсіби жағдаяттық жұмыс.

Мамандық тіліне үйрету барысында кәсіби мәтін ерекше рөл атқарады. Тілді мамандыққа байланысты оқытудың маңызын, мәтіндерді қолданудың тиімділігін ғылыми түрде дәлелдеген ғалымдар: Л.Н. Нечаева, В.А. Свинцов, Ш.Ш. Тучибаев, Е.И. Мотина және т.б. Мамандыққа қатыс-ты қазақша сөйлесу, тілдесе білудің ең дұ-рыс үлгісін көрсетуді мәтін жұмысы атқарады.

Студенттерге техникалық терминдерді қазақша меңгерту - өте күрделі үрдіс. Техникалық мәтіндерде таныс емес сөздер жиі кездеседі. Студенттерге оларды қабылдау қиыншылық туғызады. Дұрыс таңдап алынған мәтіндер сөйлесі әрекетінің сапалы өтуіне, студенттердің тілді дұрыс меңгерулеріне ықпал жасайды. Кәсіби мәтіндер мазмұндық ерекшелігіне қарай:

- берілген тақырыптарда таныс лексикалар мол болуы керек;

- ойдың логикалық жүйесі сақталуы керек;

- орындалатын тапсырмалар нақтылы және анық болып берілуі керек;

- көрнекі және техникалық құралдар қатар қолданылуы керек.

Мамандыққа байланысты лексиканы сөйлеуде қолдану - болашақ маман иелерінің өмірде бір-бірімен тілдік қатынасқа түсуі, сөйлесуі, өз ойын жүйелі түрде екінші адамға жеткізе айтуы. Студенттерге мамандықтарына сәйкес мәтінді түсіну дәрежесіне қатысты берілетін тапсырмалар бір-неше түрге бөлінеді.

1) Кәсіби мәтіннің мазмұнын түсінуге арналған тапсырмалар.

2) Кәсіби мәтіннен алынған ақпаратты шығармашылық ізденістермен толықтыруға арналған тапсырмалар.

3) Мәтіндегі мамандыққа қатысты лексиканы басқа адамдармен сөйлесуде пайдалана білуге арналған тапсырмалар.

Инженер мамандығында оқитын студенттердің тілін кәсіпке, мамандығына қазақша дамытуда түрлі жағдаяттық тапсырмалар, рөлдік және іскерлік ойындардың маңызы зор. Әр түрлі жағдаяттық, рөлдік және іскерлік ойындар арқылы болашақ мамандардың өздері таңдаған мамандығына деген қызығушылықтары оянып, оның қыр-сырын білуге құмарлығы ашылады және мамандығына сәйкес сөйлеу тілі қалыптасады. Ғалым А.А. Вербицкий оқытуды кәсіптендірудің маңызын былай көрсетеді: “Профессионализация обучения – одна из центральных тенденций развития дидактической системы высшей школы. Она не отвергает, а наоборот, предполагает общее, общекультурное развитие будущего специалиста, подчеркивая, что в обучении оно осуществляется направленно – в рамках освоения будущей профессиональной деятельности”. Ғалымдардың пікірлерінде ойын сабағы тілдік материалды меңгерту мақсатында жүргізіледі. Ол белгілі бағдарламада өтілетін тілдік материалдың мазмұныммен тығыз байланысты студенттердің логикалық ойлау, шығармашылық қабілетін дамытатындай дәрежеде жүргізілуі тиіс. Ғалымдар өздерінің еңбектерінде (М.Ж. Арстанов, П.И. Пидкасистый, Ж.С. Хайдаров) ойын түрлерінің қай-қайсысы болмасын, өнермен, оның ішінде орындалу формасы тұрғысынан театр өнерімен тығыз байланысты екендігін айтады. Сөйлеуге үйрету - күрделі процесс. Жағдаяттардың түрлері көп. Олар төмендегі критерийлер бойынша классификациялады:

1) Коммуникация процесінің адекваттығы.

Бұл жерде табиғи ситуациялы, яғни айтуға итермелейтін белгілі бір заттардың жиынтығы болуы есептеледі, оларды әдейі жасады ма, әлде бұрыннан болды ма, оған тәуелсіз; және жасанды, яғни бейнелейтін заттардың көмегімен, әлде түйсік арқылы (елестейтін, болжамдайтын, жорамалдайтын) туындайтын ситуациялы ажыратады.

2) Ситуациялы туындату тәсілдері бойынша.

Бұл критерий бойынша тілден тыс және тілдің көмегімен туындайтын ситуацияларды ажыратады.

3) Берілген ситуациядағы сөйлесудің көлеміне байланысты әр түрлі макро және микроситуациялар. Осы арқылы студенттерді сөйлету. Мұндағы сөйлем мүшелері 2-3 репликадан аспауы керек.

Сұхбаттың көлемі әр түрлі болады, соған орай ғылымда топтастыру да бар. Мысалы, В.Л. Скалкин былай дейді: «Величина диалогического текста с методической точки зрения целесообразно различать: диалогическое единство (две реплики), микродиалог (3-5 реплик), средний диалог (6-15 реплик и макродиалоги свыше 15 реплик)».

Сөйлесім ситуациясы нақты болуы керек. Табиғи және дәрістік екі топқа бөлінуге байланысты, табиғи ситуация ауызекі сөйлесуге итермелесе, дәрістік - көрсетілген моменттермен ерекшеленеді. Сөйлету үшін ситуациялық жағдайларды суреттер, әр түрлі видеосюжеттер, ойындар арқылы туғызуға болады. Сабақта қолданған көрнекілік құралдар студенттің ізденушілігін, қызығушылығын арттырады. А.В. Грейсер мынадай шешім айтады: «наи-лучшим для этого средством является искусственное воссоздание реальной ситуации с помощью средств иллюстративной наглядности». Тілдесуді ауызша да жазбаша да өткізуге болады, яғни тілдесім тыңдалым мен айтылым біліктерінің негізінде орындалады. Өйткені, студенттердің бірі тыңдайды, екіншісі сөйлейді. Сондықтан тілдесі әрекетінің іске асуын меңгерту үшін тыңдалым мен айтылым әрекеттерінде қолданған техникалық құралдарды пайдаланған жөн.

Қазіргі заман талабына сай мультимедиа қосымшалы компьютерді пайдаланған жөн. Оқу ісін некелендіруге осы құралдағы бас телефондары мүмкіндік жасайды. Бас телефонның пайдасы – біріншіден, студент бөгде шуды естімей, тек диктор дауысын не өз дауысын ғана естиді, екіншіден, сөйлеу үлгісі анық және таза естіледі, үшіншіден, зейіні берілген тапсырмаға аударылады.

Дәрісханада да уақыт өте шектеулі болғандықтан, барлық студентке берілген мәтіннің мазмұнын қазақша айтқызу мүмкін емес. Сондықтан оқыту тиімділігін арттыру үшін компьютерде төмендегідей жаттығулар орындатқан пайдалы.

Тапсырма. “Қала” атты суретті сөздіктен өздеріңе таныс емес сөзді іріктеп алып, дәптерлеріңе жазып, диктормен бірге бірнеше рет қайталаңыз. Төмендегі жағдайға байланысты сұхбат құрыңыздар.

Сіз Өскемен қаласына бірінші рет келуіңіз. Машина сататын “БИПЭК” автодүкеніне барғыңыз келеді. Дүкенге қалай бару керектігін, қай автобус жүретінін қасыңыздағы көршіңізден сұрап, сұхбат құрыңыз.

Тапсырма. Сіз байқаудан өтпексіз. Суретте жол ережесіне байланысты белгілер көрсетілген. Белгілерді қай кезде, не үшін қолданатынын айтыңыз.

Сөйлесі процесін жүргізбей, оқыту да іске аспайды. Өйткені тілді оқытудың, үйретудің бәрі сөйлеу әрекетінің ерекшеліктерін меңгерумен байланысты. Сондықтан, тіл арқылы қарым-қатынас – барлық оқыту процесінің маңызды тірегі болып есептеледі. Оның атқаратын қызметінің барлығы - негізінен қарым-қатынасты жүзеге асыру.

Жағдаяттық жұмыстардың мақсаты – берілген ситуацияда оның мазмұны мен құрылымын анықтайтын диалог, монолог жүргізу дағдысын қалыптастыру. Кәсіби жағдаяттарға арналған тапсырмаларды орындай отырып, тіл үйренуші нақты сөйлеуге дағдыланады. Белгілі бір тақырып пен жағдай аясында тіл үйренуші өзінің ойын нақты жеткізуге үйренеді. Кәсіби жағдаяттарға арналған тапсырмалар студенттердің белгілі бір сөйлеу ситуациясында сұхбат жүргізу дағдысын қалыптастырады және оның автоматты түрде орындалуын қамтамасыз етеді.

Оқу сөйлеу жағдаяттарына қойылатын талаптар:

1) Өмірдегі нақты сөйлеу ситуациясына, жағдайына, яғни табиғи ситуацияға ұқсас жағдай туғызу;

2) Әңгіме болатын нәрсе, құбылыс, жағдай, іс-әрекет туралы ақпар толық болуы керек;

3) Сөйлеу әрекетінің түрлері (оқылым, айтылым, жазылым, тыңдаулым, тілдесуім), сондай-ақ қарым - қатынастың формалары алдын-ала белгіленуі керек;

4) Бақылау міндеттерін алдын-ала анықтау керек, сонымен қатар студенттердің іс-әрекеттерін бағалап, оларды тіл үйренуге ынталандыру керек;

5) Әрқашан студенттердің сөйлеу дағдыларын және тілдік хабарларды меңгеру дәрежелерін салыстыру қажет.

Жағдаяттық жұмыстардың түріне рөлдік ойындар да жатады. Тілдік ойындар лексиканы, грамматиканы және қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айту үшін, бөгде тілді меңгеру үшін қажет. Жақсы ұйымдастырылған ойындар тілді меңгеруге жағдай туғызады. Студенттің алдына әр түрлі проблемалар тұрады. Осы проблемаларды тіл үйренуші бөгде тіл арқылы қарым-қатынас жасай отырып шешуі керек. Сонымен қатар студенттер ойын арқылы лексикалық және грамматикалық құрылымдарды қайталайды.

Механика факультетінің студенттеріне мамандықтарына байланысты лексиканы рөлдік ойындар арқылы меңгерткен тиімді екені тәжірибе көрсетті. Рөлдік қатысымдағы жағдаят коммуникативтік есептердегі белгілі бір мәселелерді шешуге қатысты қозғалыста болса, ол аяқ асты тілдесінің туындауына түрткі болады. Рөлдік ойындарда оған қатысушылардың арқасында адамдардың шынайы өмірдегі қимыл-әрекеттері шартты түрде көрсетіледі, қатысым әрекеті үшін жағдай жасалынады. Оқытудың бұл түрдегі тиімділігі ең алдымен түрткінің (мотив) аяқ астынан туындауынан және пәнге қызығушылықтың жоғарлауымен байланысты. Рөлдік ойындар оқытуда үлкен мүмкіншіліктерге ие:

1) Рөлдік ойынды қатысымның өте дәл үлгісі деп қарастыруға болады, өйткені мұнда шынайы өмірдің ең маңызды қырларына еліктеушіліктерді қажетсінеді. Мысалы, төмендегідей ойын ойналады “Инженердің жұмыс күні”. Инженер өзінің кабинетіне кіреді. өзінің қол астындағы жұмысшыларына жылы шыраймен амандасады. Мұндағы шынайы өмір – инженердің кабинеті, жұмысшылар. Рөлдік ойын арқылы тіл үйренуші қарым-қатынасқа түсіп, ауыекі сөйлесуге үйренеді.

2) Рөлдік ойындар мотивациялық–түрткілік тұрғыдан үлкен мүмкіншіліктерге ие болады. Сабақ барысында студенттер өз ойларын айтуға мүмкіншілік алулары керек. Осыған байланысты әр студентке нақты рөл беріледі. Ойынға барлық студенттер қатысулары керек.

3) Рөлдік ойындар кезінде тұлғаның айналасында болып жатқан уақиғаларға қатыстылығын күшейтеді.

4) Рөлдік ойындар тілдік материалдарды меңгергенде ассоциативтік негіздің тереңдеуіне ықпал етеді.

5) Рөлдік ойындар бірлесіп оқудың қалыптасуына ықпал жасайды.

6) Рөлдік ойындар білім берушілік мағынаға ие болады.

Дәріс уақытының көпшілігі рөлдік ойындарда сөйлесі әрекетіне жұмсалады, бұл кезде тек қана сөйлеуші ғана емес, сонымен қатар, тыңдаушы да белсенді, өйткені ол сөйлеушінің сөздерін жадыда сақтауға, оның өтіп жатқан жағдайға сәйкестілігін анықтауға, соған қатысты сөзге жауап беруге тырысады. Ойындар тыңдаушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға, қазақ тілін саналы түрде меңгеруге итермелейді. Студенттер белсенді жұмыс істейді, бір-біріне көмектеседі, жолдастарын зейін қоя тыңдайды, ал оқытушы тек оқу барысын басқарады.

Рөлдік ойындарға төмендегідей талаптар қойылады:

- ойын студенттерде оқуға деген қызығушылық, тапсырманы орындауға өз беттерімен ынтығушылық тудыруға тиіс, оны шынайы қатысымды жағдайына сәйкес түрде жүргізу керек;

- ойын түсінушілік, шығармашылық атмосферада жүргізіліп, студенттерде қанағаттану, қуаныш сезімдерін тудыруға тиіс;

- ойын кезінде студенттер өтілетін тілдік материалды максимал тиімділікпен сөйлесім әрекетінде қолдануға тиіс;

Сонымен рөлдік ойындар дәрістік қатысымға коммуникативтік бағыттылық береді, қазақ тілін оқытудың мотивациясын күшейтеді, оны меңгеру сапасын анағұрлым арттырады.

«Бұл кім туралы?» (өнертапқыштар ойыны), бұл ойынға студенттердің барлығы қатысады. Әр студент өзіне бір атақты өнертапқышты таңдап алады. Бір студент үшінші жақтан, өнертапқыштың аты-жөнін айтпай, ол туралы мағлұмат береді. Топтағы студенттер оған сұрақ бере отырып, оның кім екенін табулары керек.

Мысалы: Ол қозғалтқыш ойлап тапты. Ол 18 ғасырда өмір сүрген. Оның ойлап тапқан машина механизмдерін қазіргі кезде қолданады.

Студенттер жауапты тез, дұрыс таппас үшін сұраққа екіұшты жауап беруі керек. Қорытынды есебінде студенттер арасында пікірталас жүргізуге болады.

Келесі ойынды әмбебап ойын деп айтуға болады. өткені бұл ойынның барысында, грамматикалық және лексикалық тақырыптарды қайталауға мүмкіншілік алады. Оқытушы екі немесе үш студентке бір ойын береді. Студент кубиктерді лақтырады, қанша клеткаға алға жүру керектігін анықтайды. Егер де кубик сұрағы бар клеткаға түсетін болса, студент сол сұраққа жауап беруі керек. Егер де сұраққа жауап дұрыс болмаса немесе сұрақ түсінікті болмаса, ойнаушы қайтадан “старт” деп жазылған алаңға қайтады. Ойынға қатысушылар жеңімпазды анықтау үшін ойынның барысын бақылап отырулары керек. Ойын қызықты болу үшін, ойын алаңында 40 немесе 60 клетка болуы керек. Клеткалардың көпшілігі тілдік материалмен толтырылуы керек. Егер де сабақтың тақырыбы “Менің мамандығым” болса, онда студент қайда оқитынын, қай мамандық бойынша оқуға түскені туралы айту үшін осы және келер шақты, қай жылы оқуға түскені туралы айту үшін сан есімдерді қайталайды. (Ойынның үлгісі беріледі).

Мұндай жағдаяттық ойындардың тиімділігі тіл үйренушілер айтар ойын анық білдіре алады, тілдік тұлғаларды дұрыс таңдауға, дәлдікке үйренеді, пәнге деген қызығушылығы оянады, сөздік қоры байиды. Ойынға қатысушы студенттер өздеріне бөлінген рөлдерді ойнау арқылы өзара қарым-қатынасқа түсіп, сөйлеседі, араласады, пікір алысады. Ойынға қатысушылар ойын үстінде кәсіби білімін, шеберлігін, білімдарлығын ғана көрсетіп қоймайды, сондай-ақ шешімділік, шапшаңдық, ынта, белсенділігін және тіл табысу, қарым-қатынас жасау мәдениетін байқата алады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теория және әдістеме. –Алматы, 2000.

2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы : «Санат», 1993

3. Әбілқасымова А.Е. Студенттердің танымдық іздемпаздығын қалыптастыру. – Алматы «Білім», 1994.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2011


 © 2018 - Вестник КАСУ