Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Тұлғалық даму ерекшеліктерінің этнопсихологиялық негізі

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2010

Автор: Аубакирова Жанат Канашкызы

Қазақстан Республикасының Білім Министрлігінің «Тәлім тәрбие тұжырымдамасында» үздіксіз тәрбиенің негізі ұлттық тәлім тәрбие, деген болатын. Қоғамдық өзгерістер ұлттық психологияны, әдет ғұрып салт - дәстүрді болашақ ұрпақ тәрбиесінде олардың жеке тұлғалық қасиеттерін дамытып, рухани мәдени кемелденуіне қолдануды және оған өте жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Қ.Б. Жарықбаев еңбектерінде халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары енді ғана зерттеліп, жиналып, қаралып, көпшілік оған енді назар аудара бастағандығын дәйектейді. Мұның тек рухани, мәдени жағы ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақ адам тәрбиесіне де үлкен қызмет атқаратынын естен шығаруға болмайды. Ұлтымыздың осындай тәлім – тәрбиелік рөлі жоғары, әдет-ғұрыптарымызға, салт - дәстүріміздің мәніне терең үңіліп қарап, сырын ашатын болсақ одан өте көп ғибратты қызметте пайдалана алатынымыз сөзсіз. Бұдан халық педагогикасындағы, мәдениетіндегі, психологиясындағы көп салалы істің елеулі тармағы екеніне көз жеткіземіз. Сонда біздің ел – жұртымыз іспен, күшпен, ірі іс-қимылмен немесе пәт уәлі сөзбен ғана емес бетпішінмен, дене қимылымен үнсіз отырып – ақ ойды, пікірді айқын танытып істі бітіре салатын болған. Мұндай іс-қимылдарды қуанау, ашу, қайғыру, дәмету, қарсылық, шошыну т.б. сәттеріне ыңғайын тауып пайдалану шеберлігі де сезімталдықты, ұғымдылықты, ұт қарлықты, тапқырлықты бейнелейді.

Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстарды бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні-адамгершілік, қарым-қатынас, имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.

Қазақ халқы арнайы жас ұрпақ тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары (балалар, бақшасы, мектеп, жоғары оқу орны т.б.) болмаса да, өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең жыр мен әңгіме, ертегі тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала аяғын жерге нық басқаннан ақ қоршаған ортаның құпиясын ғылыми тұрғыдан сезініп білмесе де жапан дүзде жолсыз жерлермен жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап жол тауып, қаршадайынан-ақ есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанда табатын ізшіл де, құралайды көзге атып түсіретін мерген де болған. Кәсібі, тіршілігі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, бала 5-6 жасынан-ақ ат құлағында ойнай бастайды. Оқусыз-ақ бір есіткенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеті күшті, әңгімеге үйір көшпелі халықтың баласы небір қызық ертегілерді, жыр-дастандарды жаттап алады. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардың сөйлеу қорын байытып, мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра беретін. Халықтық шығармалар ішіндегі әржақты айқын бейне, қызықты оқиға, әдемі қисын, жақсы ұйқас бәрі-бәрі жас өспірімді қуантып, еліктіре әсер етіп, ой-пікірін шыңдап отырған. Қазақ отбасында тәрбие ісі ғалым Ш. Ахметовтың зерттеулерінде негізінен басты-басты сегіз түрлі мәселе қамтылған. Біріншіден, тәрбие басы алдымен әдептілікке үйретуді көздеген, әке-шеше баласына «әдепті бол» дегенді басты міндет етіп қойған.

Халық психологиясында жасөспірімнің дамуына жағдай жасайтын түрлі жайттар көп кездеседі. Соның ішінде кей сезімді, іс - әрекетті сөзбен айтпай – ақ ыммен, ишарамен, қимылмен, еппен сездіретін түрлі қызықты әрі сесті ұғымдар бар. Мұны әдет-ғұрып деп атайды. Осындай әдет-ғұрыптар арқылы адамдар келісу, ашу-ыза, жеңілу, қайғыру, ұялу, тағы басқа сол сияқты көңіл-күй сезімдерін білдіріп отырады.

Адамгершілік қасиеттің өзекті мәселесі – қайырымдылық, достық. Халық ұғымында жақсылық пен жамандық, достық пен қастық адамгершілік қасиеттің екі түрлі белгісі ретінде егіздің сыңарындай қатар салыстыра суреттеген. Еліне қайырымды, бар қасиетін халыққа жақсылық жасауға арналған адамды «Ел қамын жеген ер» деп дәріптеген. «Жақсының жаттығы жоқ», «Жақсы – ай мен күндей, әлемге бірдей», «Жақсы туса елдің ырысы», «Жақсы келді дегенше жарық келді десеңші, жақсылықтың лепесін ала келді десеңші» деген нақылдар жақсы адамның көпшіл, халық қамын ойлайтын абзал азамат екенін дәлелдейді. Ал бұған қарама-қарсы қара басының қамын халық қамынан жоғары қоятын өзімшіл, қорқау, қорқақ, алдампаз, опасыз жандарды «Жаман қорыққанын сыйлайды», «Жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», «Бір жаман мың қолды ірітер, бір құмалақ бір қарын майды шірітер» деп әшкерелеп жастарды олардан сақ жүруге шақырады. Халық мақалдарының жақсы мен жаманды салыстыра суреттеп, жақсының жақсылығын, халыққа тигізер пайдасын паш етеді. Оны: «Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді». Жақсыдан әкім қойсаң, елді түзетер, жаманнан әкім қойсаң, елді жүдетер» деген мақал-мәтелдерден байқаймыз. Сондай-ақ халық ертегілерінде де ел қамын жейтін батыр ұлдарға қапылыста жармасып, жауыздық жасайтын жексұрын бейнеде мыстан кемпірді, жалғыз көзді дәуді, жез тырнақты суреттеп олардың опасыздығын іс-әрекет арқылы әшкерелейді, сүйікті кейіпкерлердің жауды жеңіп шығуымен аяқтайды. Бұл - әрқашан жауыздықты әділдік жеңеді деген халық ұғымының ауыз әдебиетіндегі көрінісі. Сол сияқты батырлар жыры мен лира-эпос жырларында Қобыландыға опасыздық жасаған Қараманды, Алпамысқа опасыздық жасаған Ұлтанды, Қозы-Көрпешке қастандық жасаған Қодарда, Төлегенге қарақшылық жасаған Бекежанды, олардың өлімін суреттеу арқылы «Қарақшыны қарғыс атады», «Опасыз оңбайды», «Арамның айласы іске аспайды» деген пікірді қорытындылайды. Бұл жерде, біріншіден, жастарды халық қамын жеуші батыр ұлдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу көзделсе, екіншіден, екі жүзді, опасыз жауыздарға деген өшпенділік сезімін оятып, адамгершілік қасиетті паш етіп отыр. Халық шығармаларында дос пен қасты ажырата білуге меңзейді. «Досың мен дос болғанға шаттан, дұшпаныңмен дос болғаннан сақтан», «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас» дейді. Мал үшін алдамшы дос болушыларды «Жақсы жаныңа жолдас, жаман малыңа жолдас», «Есептескен ел болмас» деп олардың опасыздығынан сақтандырады.

Мұнда оқу мен еңбек, ою мен өнер сондай–ақ адамның жақсы, жаман қасиеттері елін сүю, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау т.б. үлгі өнегелер жас ұрпақ санасына біртіндеп құйыла беретін. Сондықтан да мақал-мәтелдер қай халықтың болмасын негізгі психологиялық дамуына, оларда қазіргі педагогикалық, жас ерекшелік, медицина, музыка, спорт, қоғамдық психология деректерімен астарлас нақты іс-тәжірибеге негізделе бастады. Қазақ мақалдары адамның ішкі жан дүниесіне терең түсінуге жағдай жасап, адамның өзара қарым-қатынасын дамыта түсетіні сөзсіз.

Халық ұғымында адамның негізгі өмір кезеңінің бірі–жастық кезең - бозбала шақ. Мақал-мәтелдерден бұл тақырыпта елеулі орын алған. «Ер бала он бесінде отау иесі», «Жастық-жалын», «Жастықты қайтара алмайсың», «Салт, дәстүрін ел бұзбас, уәде, сертін ер бұзбас», «Оқу - білім азығы, білім – ырыс қазығы», «Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол», «Қамшыға бүлдірге керек, балаға өнеге керек», «Қызы мінезді келсін, ұлы өнерлі келсін», «Ел алғысын алсаң, елеулісі боларсың», «Қарағайға қарап та тал өсер, қатарына қарап бала өсер», «Ұлың өссе, ұлықты мен ауыл бол. Қызың өссе, қылықты мен ауыл бол», «Болар елдің баласы, он сегізінде баспындер», - деген толғаулар жастық, бозбалалық шақ адамның ақыл ойы, қауырт өсетін, қажырлы іс-әрекетке, қимыл қозғалысқа аса құштар, албырт, романтикалық кезі екенін өте дәл бейнелейді. Жастық шақтың басты белгісі - адамның жаны мен тәнінің сапалық, санды жағынан да елеулі өзгерістерге түсуінде. Осы жаста адамның қоғамдық белсенділігі артады, оның сана-сезімі өседі, психикасы шыңдала, қатая түседі. Ол қоғамнан өз орынын табуға тырысады, өзін қоршаған ортаға сын көзбен қарай бастайды. Бұл жастағыларда өзін-өзі бағалауға ынталану, рухани өмірге қызығу, жеке басындағы ойлар, адамгершілік идеялар кемеліне келе бастайды. Халық даналығы жастарға қызығы мол, қайтып оралмайтын, кейін іздесең де таптырмайтын адам өміріндегі ең қызықты кезеңді бос өткізсең - оның орнын еш уақытта толтыра алмайсың деп, бұл кезде адамда ғылым-білімді өнердің сан алуан түрлерін меңгере алуға мүмкіндік мол болатынын, сол себепті көп оқып, үйреніп, біле берудің керектігін әдейілеп ескертеді, оларды еңбек сүйгіш, көпшіл, белсенді, өнегелі болуға шақырады. Мәселен, «Жігіт адамға жетпіс өнерде аз», «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын», «Мен, мен жігіттің соры, төменшік жігіттің қоры», «Кіші пейіл, кең жайлау - жігіттің зоры», «Өзім білем деген жігіттің басын ойран салғаны, көп біледі деген жігіттің басына қорған салғаны», «Селтеңдеген жігіттің серкесінің соры», «Жасында көргені жоқ, өсенде айтары жоқ», «Жас күнінде еңбек қылсаң, есейгенше жетілерсің», «Жұмыссыз жастың жүргені сөкет», - деген толғаулар біздің жоғарыда айтқандарымызға жақсы дәлел бола алады.

Ұрпағын ойламайтын халық болмайды. Онсыз өсіп-өну, ілгерілеу жоқ. Қазақ ойындарының өміршең қызметі де оның жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу ісімен байланысты болуында. Демек, халықтың этикасы мен эстетикасының, педагогикасы мен психологиясының, әдет-ғұрпы мен наным-сенімдерінің, шаруашылығы мен кәсібінің шоғырланған көрінісі жас өспірімдердің ойын-сауық түрлерінде жатыр десек асыра айтқандық емес.

Педагогикалық ғылым тарихына көз салсақ, халықтық ойынына қатысты мәселелерге соқпай кеткен ағартушы, педагог болмаған екен.

Тұлғалы, кезіндегі прогресcивті ұлы педагогтар Я.А. Коменский, Ж.Ж. Руссо, И.Г. Песталоцци халықтық ойынға назар аударып, қолданып, халықтық ойындардың теориялық негізін жасауға талпынған. Ойынның жас ұрпақты денін сауықтыратын, ақыл-ойын белсенді ететін және барлық ағзаларын икемді қозғалуға баулитын мәнін Я.А. Коменский дәріптеген Ж.Ж. Руссо пікірінше білім алу ойынның жастар өмірінде кезектесіп, алмасып отыруы бір-бірімен сабақтаса байланысуы жас өспірім дамуындағы қажетті шарт болады.

Халықтық ойындар арқылы ұлттық сана сезімдегі қасиеттерді қалыптастырып, жетілдіру мәселесін қарастырған материалдар да ғылыми қорда баршылық. Бұл арнадағы К.Д. Ушинский, П.Ф. Каптерев, Е.А. Покровский т.б. еңбектерін келтіруге болады. Олар ағарту оқыту, тәрбиелеу ісін жандандыруда ұлттық ойындарды жинап сипаттап қолданып отыруды үндеді. Ұлы педагогтар халықтың мұрасын ұлттық колоритін құндылықтардың қайталанбайтын оригиналдығын, тілдің оның формалары мен мазмұнының ерекшелігін өсіп келетін ұрпақтың танып, білуіне халықтық ойын арқылы жағдай жасау қажеттігін жариялаған. Сонымен қатар К.Д. Ушинский ойынды жас ұрпақтың өз бетімен, ерікті атқаратын іс-әрекетті деп анықтайды да, ойын арқылы адамның жан дүниесінің барлық қырлары арқылы, жүректілігі, ерік-жігері қалыптасады деп жазған.

П.Ф. Каптеров пікірі бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу мекемесі қоғамдық тәрбиенің алғашқы баспалдағы болады. Ол осы кезеңде танымдық әуестігі мен белсенділігі қажетсінуін қанағаттандырумен қатар балалар ойынына басшылық, жетекшілік жасап отыру қажет деп санаған. П.Ф. Каптеров мектеп жасына дейінгі кезеңде балалар өмірінде еліктеу ойындарының үлес салмағын арттыруды дәріптеген. Ескерте кетсек, оның “еліктеу” ойындары қазіргі рөлдік - сюжеттік ойынның сипаттамасын береді.

Жас өспірімдердің тұрмыстық жағдайды терең түсінуіне, қандайда ортаға бейімделуге, іс-әрекеттің қандайын да меңгеруде орасан пайдалы дағды, шеберлікпен біліктілікке баулитын халықтық ойындардың мәніне кезінде Н.К. Крупская баса назар аударған. Осы контексте сәйкес қазақтың типтік спорттық, тұрмыстық жағдай сюжетіндегі және іс-әрекетке икемдеуші ойындары өскелең ұрпағының денсаулықтары мықты, жайдары, батылдығын қалыптастырудың негізгі құралы болғандығы А.Е. Измайлов еңбектерінде дәлелденген. Қазақтың бұл типтік ойындары барлық жиын-той, демалыс сәттерінің басты көрінісі болады. Жүргізілу формаларына жарыстық сипат тән. Олай болса, ойынның бұл түрлері әдейі “шыңдалуды”, әдейі “ойнауды”, ішкі потенциалды барынша шығаруды талап етеді. Бұл дегеніміз - халық саналығының көрсеткіші. А.С. Макаренко халық ойындарының қай түрін болмасын тәрбие құралы ретінде қолдану қажеттігі жайлы ойды дамытқан.

Ойындағы жас ұрпақтың әрекетінің барлығы дерлік әлеуметтік ортаның бейнесі болатындығын Л.С. Выготскийдің 20-шы жылдары бастаған ойын мәселесін зерттеуін жалғастырушы А.Н. Леоньтев көрсеткен. Сол сияқты ірі ғалым Д.Б. Эльконин еңбектері ойының әлеуметтік табиғатын ерекше мәдени құрылым ретінде түсіндіріледі. Ол ойынды ересектердің қоғамдық өмірін бейнелеу деп анықтайды.

Біздің зерттеуімізге қазақтың ұлттық ойындары, жалпы ойын жайлы қазақ ғалымдарының теориялық және тәжірибелік негіздері арқау болды.

Қазақ құндылығының ғасырлар қойнауынан сүрінбей өтіп, өзінің үрдіс дәстүрін сақтаған айрықша саласы ұлттық ойындар. Рухани мұрамыздың өзге түрлері сияқты оның да даму тарихы, толымды арнасы, әркез қоғамда атқарып келе жатқан қызметі бар.

Әрбір қоғамның жас ұрпаққа жасап отырған қамқорлығына, жеткіншек ұрпаққа деген көзқарасына қарап, сол қоғамның болмысы бағдарын байқауға болады. Түптеп келгенде, ұлттық қасиет пен дәстүрдің қалайша жалғастық табуы да сол қоғамның ұрпаққа деген мәмілесіне байланысты. Сондықтанда болар, қазір көптеген дүние жүзі халықтарының педагогика мен психология ғылымында “Халықтық педагогика мен ұлттық психология” деген арнайы ғылыми бағыттар қалыптасты. Олар халықтың дәстүрлі тәрбиелеу салтын, мәдени құндылықтарын жастарға қатысты әдет-ғұрпын, өлең-жырларын, ойын-сауықтарын жан-жақты қарастырады. Мұндай игілікті істердің нәтижесінде әрбір халықтың мәдениетін кеңірек тануға, психологиясын терең түсінуге, этникалық мәдениет, дәстүрін ұрпақтар бойына сіңіру жолдарын нақтылы білуге, жас өспірімдердің психикалық дамуын тиімді етуге, сөйтіп халықтық педагогиканың тиімді жақтарын бүгінгі күннің қажеттілігіне жаратуға болатындығы анықталып отыр.

Әр халықтың өз ұлт ойындары және әр ұлт ойынының өз ерекшеліктері бар. Ұлт ойындарының қалыптасуы тек жас ұрпақтың ғана керектігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнделіктегі тіршіліктің қозғалысы мен көңіл көтеріп, демалыс уақытын өткізудегі қолданылған еңбектің бір түрі ретінде дамыды.

Мәселен, әртүрлі қозғалмалы ойындар мен асық ойындары тайпалық одақтарда ересектер арасында дамыды да, кейін келе жас ұрпақта қалды. Себебі үлкендерден көргенін балалар да, үй ауласында, далада ермек етеді: түйе құмалағынан қой бағып, қой құмалағынан қозы бағып, бір жерден, екінші бір жерге көшіп - қонумен тағысын тағы сәбилер уақытын өткізеді. Бұдан өзі ертеңгі ортаның азаматы болғанда басынын өткізетін өмірін, болашақтағы еңбегін қазір ермек етіп отырғандығы байқалады.

Ұлт ойындары адам еңбегінің жемісі, халықтың фантастикалық ой құбылысынын көрінісі, дүниені танып, білуге талпынысының нышаны, бар өнердің бастамасы. Қазақ халқының ұлттық ойындары әлеуметтік - экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамыды. Олай дейтініміз, қазақ халқының ұлттық ойындары ертеден туып, тұрмыс жағдайларына үйлесімді келеді, яғни көшпелі тұрмысқа лайықталып, материалдық даярлық өте береді және халықтың психологиялық ерекшеліктеріне де байланысты.

Ы. Алтынсарин сан алуан ойға толы шығармаларында (оқу құралдары, хаттары мен жазбалары т.б.) қоғамдық және педагогикалық психология мәселелеріне орайлас айтылған көптеген қызықты деректер табылады. Бұл пікірлер оның тәрбиесіне қатысты практикалық істерінен де туындаған сияқты. Ой қозғаған осындай түйіндерге: жас ұрпақ және оны тәрбиелеу жолдары, оқыту процесінің психологиялық, педагогикалық негіздері, мұғалім ұстаз проблемасы, қоғамдық психология мәселелері т.б. жатқызуға болады.

Ы. Алтынсарин өз «Хрестоматиясында» жас өспірімдердің жан дүниесін, ақыл-ойын қалыптастыруға ұдайы көңіл бөлу мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті деп есептеді. «Көшпелі қазақ баласының айналасын дұрыс қабылдай алуы, осыған орай оның байқағыштық қасиетін арттыру, жетілдіру мақсатында анықтаған.

Қазақ халқының тарихи көне жырларының, эпостары мен лиро-эпостарының қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың өн бойынан халықтың ұлттық ойындарының алуан түрлерін кездестіреміз.

Жырлардың негізгі кейіпкерлері де ойын үстінде көрінеді. Ол негізгі кейіпкерлер: болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткері т.б.

Ойын арқылы қазақ жастары өзінің бойындағы табиғи дарынын шындай түскен. Ойынды қазақ халқы тек ойын-сауық, көңіл көтеретін орын деп қарамаған. Ең бастысы - ел қорғауға қабілетті болашақ қайраткер, өзінің осы қабілетін шаршы топтың алдында, баршаға тең еркін бәсекеде жеңіп алуға тиіс болған.

Ойын тек жас адамның дене күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке ғана тәрбиелеп қоймай, оның ақыл-ойының толысуына, есейіп өсуіне пайдасын тигізеді.

Манаш ұлы Тұяқбай жырында: “Балалармен ойнайды, ойнап жүріп ол бала, кеудеге ақыл ой лайдың”, - деп, ойынның ойлауға да көп маңызы барын айтады.

Ұлттық психика ойынның өнерге қатысты саласында ерекше көрінеді, өйткені өнер адамның өз саласын көркем түрде қабылдап алу ерекшеліктерін, біртіндеп қалыптасқан халықтың эстетикалық талғамдарын көрсететін қоғамдық сананың бір формасы.

Шоқан Уәлиханов қазақ ақындарының төгілдіре жырлау қабілетін олардың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп бағалады.

Күні бүгінге дейін халқымыздың ұлттық психологиясынан елеулі орын алып келе жатқан айтыс өнері, адамның төгілдіре жырлау, суырып салма сияқты ой қабілетін, үлкен тапқырлығын қиыннан қиыстырар қас шеберлігін, ерекше қажет етеді.

Мұндағы түйдек-түйдегімен айтылатын сөз нөсері, бұлтаруға ырық бермейтін ащы шындық, әзіл-шыны аралас өткір сөзбен қарсыласының қапысысын тауып, оны кенеттен мүдіртіп тастау, беталды мақсатсыз айтылған пікір-таласының орын алмауы, әр сөзінің мірдің оғындай болуы, Шоқан айтқандай қазақтың шешендік өнерге қабілетті, өнер мен жырға икем келетіндігінің айқын айғағы. Бұл арнада жас өспірімдердің қарым-қатынас сферасын ғана емес, психикасының бар жағын дамытуда жастардың айтыс ойындары бірден-бір универсалды (әмбебап) құрал болмақ.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ