Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Оқушыларға эстетикалық тәрбие берудегі айтыс өнерінің алатын орны

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2010

Автор: Ергалиева Кымбат Канапияновна

Қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын бітімі мен болмысын ажарлайтын ұлттық қадір қасиеті аз емес. Соның бірегейі есте жоқ ерте замандарда туып, қалыптасып, дамып - жетіліп, бүгінгі күннің қажетіне жарап отырған халық ауыз әдебиеті болса, оның ең бір өміршең жанры – айтыс та ұлттық ескірмес мұраларының қатарында жаңа ғасырдың табалдырығын аттап отырғаны талас тудырмайды.

Айтыс қай дәуірде де халық өмірінің айнасындай дидарынан, табиғатынан айнымаған өнер. Халқымыз ежелден шешен сөйлеуге, тілдің шұрайлылығына, қанықтылығына бейнелілігіне, ерекше көңіл бөліп келген. Оқушыларды шебер сөйлей білуге үйретуге айтыс жанрының алатын орны ұшаңтеңіз.

Айтыс өнерін пайдалану арқылы оқушылардың рухани дүниесін байыту, ой-өрісін кеңейту, адамгершілік-эстетикалық көзқарасының қалыптасуына ықпал ету, халықтың мәдени мұрасына қамқорлықпен қарап және оны бағалай білуге үйрету болып табылады.

Айтыстарды сипатына, түрлеріне мезгіліне қарай айыра білуге, олардың мазмұнында көтерілген әлеуметтік мәселелерді дұрыс түсінуге тәрбиелеу арқылы естіген өлеңдерін шынайы сезіммен қабылдап бағалай білу қабілеттерін қалыптастыра отырып айтыс ақындарының өзіне тән орындаушылық ерекшеліктеріне (дауыс ырғағы, айту мәнері, сөз ұқсастығы, тіл мәдениеті, аспапта ойнауы, диапазоны, т.б.) тоқталып оқушылардың көркемдік талғамын жетілдіру

Айтыс ақындарының ішкі рухани байлығы мен сырт пошымының өзара үйлесімділігі атап көрсетіп, олардың жүріс-тұрысын, жарамды киім киісін, көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білу мәдениетін үлгі-өнеге ету арқылы жас-жеткіншектердің, оқушылардың этикалық және эстетикалық тәрбие берудегі ролі орасан зор.

Айтыс және оның шығу тарихы.

Айтыс халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бір түрі. Сонымен, айтыс тым көне замандарда туып, халық өмірімен біте қайнасқан жанр. Ол он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысынан бастап кең өріс алып, дамыды. Бұған сол тұстағы қоғамдық, саяси әлеуметтік тұрмыстың көріністері себеп болды. Айтысты өткізу үшін айрықша дайындық орынның қажеті болмаған. Тыңдаушы көрермен болған жерде айтысушы ақындар бас қоса қалса айтыстың оты жанатын болған.

Қолма қол, табан астында тауып айтылған өлең жолдары халық жүрегін баураған. «айтыс» - қазақтың байырғы төл сөзі, ежелден айтысу, тартысу, сөз жарысы өнер бәсекесі ұғымында қолданылып келеді. Өнер жарыстырып екі адамның бетпе-бет таласқа түсуі шешендік қара сөзбен де, домбырамен де кезектесіп күй тартысу арқылы да, өзара жауаптасқан суырып салма өлеңмен де болуы мүмкін. Алайда, мұның бәрі үлкен дайындықты білгірлік пен сезімтал тапқырлықты қиыннан қиыстыратын шеберлікті талап етеді. «Айтыс қазақ фольклорында ертеден осы күнге дейін өркендеп келе жатқан жанр «Айтыс термині – «айт», «айтысу» деген етістіктен шыққан. Халық ақындары қолына домбыра, қобыз, гармон алып екі жақ өлеңмен диалог түрінде сөз сайысына түседі. Ақындар ел атынан сөйлейді [1, с. 23].

Қазақ фольклорында айтыс жанры ерте замандардан бері дамып келе жатыр. Ең ескі айтыс түрлері қазақ фольклорында топ-топ болып өзінше хормен айтылатын ескі салт өлеңдерінен басталып содан бері келе жеке ақындар айтысына өрістеп, ауысқан тәрізді.қазақтың тіл өнерінде айтысқа ерекше мән берген. Ол шешендік пен әншілік, ақындық өзара ұштасып келетін өнердің ең кемелденген жүрекке жылы, ойға орамды саңлақ түрі. Оның аясында тұрмыс-салт өлеңдері жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер, жұмбақтар, жер-су өлеңдері т.б. кіреді.ақындар айтысы көпшілік алдында тыңдаушы, сыншы жұрттың алдында орындалады. Мұнда тыңдаушы жұрт құр естуші ғана емес, айтысушылардың сөзін қорытушы, төрелік айтушы болады.

Айтыста ақын әрі күшті талант ақындығын, сөзге шешен тапқырлығын таныту керек. Ақындыққа баулынып үйренудің, талантын қалыптастырудың бірнеше кезеңдері, өсу сатылары болады. Жас баланы әу дегеннен ақындыққа, ән-күйге өлең-жырға қызықтыратын ақындық дәс-түр болады. Өнерге ынтық, дүниенің бәріне қызыға қарайтын жас бала алдымен домбыра тартады. Міне осы әуестену, қызығу кезеңінде жас ақын естігенін жаттайды. Мұнан кейін екінші сатыдағы үйрену дәуірі ақынның өзін сынға салудан басталады.

Үйрену, үлгі алу, шығармашылық жолда қажырлы еңбек ету, ақындық талантты қалыптастыру, жетілдірудің шешуші факторы. Сол үйрену, үлгі алу өсудің белгілі кезеңі, сатылары болады:

а) әуестену, еліктеу, құмарлану - бұл ақынның жастық шағына жатады;

ә) ақындық өнерді үйрену, сынға түсу - ақынның алғашқы өзіндік шығармашылық бетін ашу кезеңі;

б) ашық айтысқа түсу, әр алуан тақырыптарға өлең-жырларды шығарып айту - ақынның қалыптасу кезең;

в) тарихи кезеңнің, өз заманының күрделі оқиғаларын, даңқты адамдарын желілі жыр дәрежесіне түйіндеп жырлау –ақынның кемеліне келу шығармашылық гүлдену кезеңі.

Осындай төрт мезгілді меңгерген ақын айтыстың қыр-сырын терең меңгергені сөзсіз. Ақындарға айтар тақырыпты әр дәуір өзі даярлап береді [3, с. 56].

Айтыстың түрлері:

Алғашқы тарауда біз айтыстың пайда болуы, ақындық өнердің қыры мен сырын айтып өттік. Айтыстың түрлеріне тоқталайық.

Айтыстың бір түрі - әдет салт айтыс. Бұл көпшілік болып, топ-топқа бөлініп айтысу, көбінесе өнер жарыстыру айтысы емес, тек дағдылы жолды атқару, ырым наным бойынша ем-домға арнап айту ретінде орындалады. Ондай айтыстардың өлең сөздері ауыздан ауызға тараған жаттанды сөздер болады.

Халық ақындарының жіктеуі бойынша түр ерекшелігіне қарай екі жікке бөлінеді. Түре айтыс, сүре айтыс.

Түре айтыс – бір-бір ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауаптасып отыратын, ақындармен қатар, жалпы көпшілік қолданатын түрі. Осы түр жас жеткіншектерді ойын-сауықта айтысқа төселдіреді.

Сүре айтыс - тек суырып салма өлеңге әбден төселген, нағыз ақындардың әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын түрі. Қай мазмұнға арнап айтысса да ақындар алдымен өздері, содан соң қарсылас ақындар жайлы сөз қозғайды.

Келесі бір түрі - хат айтысы. Бұл ақындардың импровизация жолымен, жазып шығару тәсілімен дүниеге келген поэзиялық туынды, басқа түрлерінен өзгешелігі осында.

Жұмбақ айтыс. Бір ақын екіншісіне жұмбақтап сауал қояды, қарсылас ақын жауап береді. Бұл түрі айтыс ішіндегі ең қиын түрі. Жұмбақ арқылы айтысушы ақындар ең әуелі жанды, жансыз нәрсенің ара-жігін ашып алып, сол заттың сыртқы сипаты, ішкі қасиеттерін, өмірлік міндет қызметін көзге елестететіндей образбен түйіп бейнелеу көзделеді. Маңызды мәселелерді мысалмен айтқызып жеткізіп отырған [4, с. 78].

Айтыс қашанда халық өмірінің айнасы дегенде айтыста көтерілетін әлеуметтік тақырыптарға байланысты ғана айтуға болмайды. Айтыста тіл тазалығы да ерекше көңіл бөлуге тұратын фактор.

Айтыстың синкреттілігі, музыкамен байланысы.

Айтыс - сан қырлы, бірнеше сырлы құбылыс. Поэзияның көркемдік табиғаты, тілі символикалық, метафоралық, музыкалық сипаттарға ие. Мәтіннің сөздік, образдық жүйесі, айтыскердің ақындық қабілетіне, музыкалық дарынына бағынады. Айтыс - негізінен шешендік қара сөз, өзара күй тартысу, кезектесіп айтылатын суырып салма өлең түрлерінен қалыптасқан.

Айтыс - эпостан гөрі нақты өмірге жақын, маңдығы мен сатирасы егіз поэзия, түрлі өнердің басын біріктіріп тұрған синкреттік өнер. Яғни, ол өнердің барлық саласымен тығыз байланысты. Нақтылап айтсақ, айтыс әдебиетпен, тарихпен, музыкамен, философиямен, педагогикамен байланысы зор. «Айтысты қазақ халқының театры десек те болады. Себебі екі ақын айтыса қалатын болса ауылдың үлкен кішісі жиналып тамашалаған. Айтыстың музыка өнерімен байланысы ақынның ағылып жырлауына, ақынға домбыра, қобыз, гармон сияқты аспаптарда көмектеседі, сөзге жан, көрік беретін ән-күй бірге жырланады. Қобыз, домбыра, гармон аспаптары ақынның жан серігі, өйткені айтыс сөзін бастар алдында домбыраны қағып, күйлеп әуенге салып, нақышына келтіріп тартып алады. Өлеңді бастап айтқан кезде домбырамен бірге әуен қосылып өлең-жырда сол ән-күйдің сарынымен жырланады.

Айтыс ақындары шығармашылығы эстетикалық жүйесіне үңіле қарасақ, олар өлең сөздің идеялық көркемдік сипаттарымен қоса, музыкалық архитектоникасына да қатысты ойла өрбіткен. Өйткені, ақындарда музыкалық қабілет те айрықша болып келеді. Жас жеткіншектерге музыкалық-эстетикалық тәрбие берудегі айтыс өнерінің алатын орны.

Қоғамның даму жағдайында 36 тәрбие үрдісінде эстетикалық тәрбие жеке тұлғаның үйлесімді дамуын қалыптастыруда өте маңызды орын алады.

Эстетика адамның өмірі, іс-әрекеті, тәжірибесімен тікелей байланыста болып келеді Эстетика» грек сөзі. Қазақ тілінде сезім, түйсік деген мағынаны білдіреді. Олай болса эстетикаөмірді сезім арқылы танып, білудің негізгі жолы. Эстетикалық талғамы биік, сезімтал адам еңбектегі әдемілікті, өнердегі сұлулықты танып, оны сүйе, қастерлей білетін болады.

В.Г. Белинский: «Сезімнің әсемділігі адамгершіліктің құнды жағы. Онсыз, бұл сезімсіз, данышпан да, талант та, ой да, жоқ. Эстетикалық сезім – ізгілік негізі, адамгершілік негізі» - деп түсіндіреді [2, с. 34].

Халқымыздың данышпан ақыны Абай Құнанбаев адамзатқа эстетикалық тәрбие беруде халық мұрасының тәрбиелік күшін жоғары бағалаған. Ол бала жастан халықтық тәлім-тәрбие бұлағынан сусындап, әжесі Зере мен анасы Ұлжаннан, аңыз ертегілері, өлең жырларды, мақал-мәтелдерді естіп, бойына сіңіріп әнші-күйшілердің өнерін қызықтап, ақындар айтысын қызықтап өсті.

Қазақ халқы жаратылысынан өнерге өте бай, әрі оған бейім болған. Сондықтан халық өзінің сүйініші мен күйінішін жыр жолдары, ән-күй саздары арқылы шебер жеткізе білген. Эстетикалық талғам деңгейі жоғары болған.

Киім киісінде, жүріс тұрысында, қонақ күтісіндей, сый-сияпатында толып жатқан эстетика элементтері өз ұрпағын педагогика ғылымынсыз-ақ әдемілік пен әсемдікке баулуда тәрбие берудің тиісті құралына айналған.

Сонымен бірге халқымыздың өлең-жырлары, мақал - мәтелдері, шешендік қара сөздері, әрі көркем, әрі образды болып келетін ауыз әдебиетіне тән жанрлары әр түрлі жастағы жастарға эстетикалық тәрбие беруде мәдени мұраға айналды.

Эстетикалық тәрбиенің міндеті - жас ұрпақты өмірдің барлық салаларындағы: адамның өмірі мен тұрмысындағы, еңбектегі, көркемөнердегі, табиғаттағы сұлулық пен әсемдікті көре білетін, ұға білетін, бақылай алатын және оларды өзі жасай алатын азамат етіп тәрбиелеу. Ол үшін жас-жеткіншектер сауатты, терең білімді болуы керек. Әдебиетті, музыканы, айтыс өнерін, кино мен театрды түсініп, олардан жанға рухани азық алу үшін де сезім түйсігі, ұшқыр, ақыл ойы алғыр, білімді адам болуы тиіс.

Айтыс өнерінің жас-жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беруде, олардың бойына адамгершілік сезімді қалыптастырып, рухани дамуына зор ықпал етуі сөзсіз. Жас жеткіншектің жаман әдеттен бойын аулақ ұстауына, көркем әдебиет оқуына, музыкалық шығармаларды түсінуіне негіз болады.

Айтыс өнері арқылы оқушыларға музыкалық - эстетикалық тәрбие берудің мазмұны көркемдік талғамды жетілдірумен, оқушыларды өнерге тартып –таныстырумен ғана шектелмейді. Ол ақиқатқа эстетикалық тұрғыда қабылдауды қарастырады.

Өмірдегі, өнердегі, табиғаттағы әсемдікті көре білу, сезіну, ұға білу сәбилік шақтан басталады. Мектепте мұның бәрі дамиды, онда болмысқа деген эстетикалық көзқарастың негіздері қаланады.

Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру жүйесінің жолдары көп. Себебі, адам сезімін тәрбиелеу мәселесі көпжақты факторлармен шешімін табады. Соның ішінде өнер басты рөл атқарады. Өнер арқылы адам өзінің шынайы көңіл-күйін білдіреді, оның күрделі тілін түсіне білуге ұмтылады, рухани жан дүниесін эстетикалық талап тұрғысынан тәрбиелейді.

Жастарымыздың бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді кеңінен дамыту үшін, Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру үшін, өз халқының мәдениетін, әдебиетін, тарихын жетік меңгеру үшін осындай ұлттық өнерді насихаттап, оларға жас таланттарды баулудың еш артықшылығы жоқ [5, с. 66].

Жастарымызды жігерлендіріп, өнерге деген қызбалығын арттырып, халық тәрбиесінде өзіндік орнын алатын құдіретті өнердің бірі – айтыс. Айтыс арқылы жас ұрпақтың бойында адамгершіліктің асыл қасиеттері: ар - ұят, ождан сақтау, сыпайыгершілікті, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуді, еңбекті қадірлеуді, рақымды болуды, елін, жерін, халқын сүюді, жолдастықты уағыздай отырып, осы тамаша қасиеттерге қарама-қарсы адамды аздыратын өтірік, мақтаншақ тағы басқа да жаман әдет, жат мінездер сыналады. Яғни, тыңдаушы қоғамның рухани дүниесін байыту, ой-өрісін кеңейту, адамгершілік-эстетикалық көзқарасын, талғамын дұрыс қалыптастыруда айтыстың маңызы өте зор.

Сөзімізді қорытындылай келе айтыс өнерінің тәрбиелік жақтарын этнопедагогика саласына кеңінен кіргізсе. Жас жеткіншектерге жан-жақты дұрыс тәлім-тәрбие беріп, білікті азамат етіп өсіру үшін ұлттық тәлім-тәрбие мен мінез-құлық мәселелеріне барынша қанық етіп тәрбиелеу керек. Ұлттық өнердің киелі жақтарын мектептер мен оқу орындарында кеңінен қолданса біз ұрпақ тәрбиесінде жетістіктерге ғана жетеміз. Өйткені, осы өнер жас жеткіншектерді шебер сөйлеумен қатар, тапқырлыққа, білімділікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін, эстетикалық сезімін байытады. Сондықтанда халқымыздың маңдайына біткен өнерін өшіріп алмай, келер ұрпаққа жеткізе білейік!

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Әуезов М. Айтыс / М. Әуезов, О. Нұрмағамбетова. – Алматы, 1963, 180 б.

2. Дүйсенов М. Айтыс өнерінің өрісі. - Алматы: «Ана тілі», 1989.

3. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы, 1983.

4. Қазақ совет энциклопедиясы: 2 томдық. / Алматы, 1965. - 1-ші т. 44 б.

5. Ысмайылов Е. Ақындар.- Алматы, 1956.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ