Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Энтомофильді ауылшаруашылық өсімдіктерін бал арамен тозаңдандырудың экономикалық тиімділігі

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №3 - 2010

Авторы: Байгужинова Алма Жумагалиевна, Крыкбаева Алма Жумагалиевна

Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылық өнімдері өндірісінің ұлғаюы Қазақстан Республикасы үшін үлкен маңызға ие болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін бал ара шаруашылығы саласы белгілі бір рөл атқарады. Бал аралары жоғары калориялы азық-түлік өнімі – балды, сонымен қатар балауыз, ара уы, аналық сүт, прополис және басқа да аса құнды табиғи өнімдерді өндіреді. Алайда кез келген аймақтың немесе тұтас мемлекеттің экономикасындағы бал ара шаруашылығының мәні оның тек қана шикізат пен азық-түліктің бірегей өнімдерінің қайнар көзі ретінде ғана емес, сонымен бірге ауыл шаруашылық өсімдіктерінің айтарлықтай қосымша өнімділігін қамтамасыз ететін бал араларының тозаңдандырушылар ретіндегі рөлі де үлкен мағынаға ие. Арамен тозаңдандыру арқылы алынатын қосымша өнімнің құны бал ара шаруашылығының негізгі өнімдерінен түсетін жылдық табыстан бірнеше есе көп. Сәйкесінше, энтомофильді өсімдіктерді өсіріп күту агротехникасының бір факторы ретіндегі тозаңдандырушы бал араларының рөлі бүгінгі таңда зор маңызға ие болып отыр. Себебі аралар арқылы өсімдіктерді тозаңдандыру ауыл шаруашылық өнімдерінің өндіріс көлемін ұлғайтудың ең тиімді және қарапайым агротәсілінің бірі болып табылады. Еліміздің басты балды аймақтарының бірі – Шығыс Қазақстан облысының егістік алқаптары басым аудандарындағы ара ұялары санының күрт төмендеуі бірқатар энтомофильді ауылшаруашылық өсімдіктерінің тозаңдана алмауына әкеліп, ауыл шаруашылық өнімдерінің толық көлемде өндірілмеуі орын алды. Жоғарыда аталған негіздемелерді есепке ала отырып, облыстың ауыл шаруашылығы үшін бұл саланың маңыздылығын ескеріп, қазіргі таңда саланы дамытудың объективті қажеттілігі туындағаны ерекше назар аудартады.

Бал ара шаруашылығы саласының экономикалық тиімділігін анықтау мақсатында энтомофильді ауыл шаруашылық өсімдіктерін арамен тозаңдандыру резервтері анықталып, облыс аудандары бойынша бал ара ұяларын рационалды орналастыру мәселелерін негізделіп; энтомофильді ауыл шаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыру үшін қажетті ара ұяларының оптималды саны мен оларды пайдаланудың экономикалық тиімділігі анықталды. Бұл орайда балды алқаптар категорияларына тоқталу маңызды. Шығыс Қазақстан облысында ара ұяларының дамуын ынталандыру үшін маңызы бар 1246,1 га жеміс-жидек екпелері мен 54,4 га жүзімдіктер өсіріледі. Жеміс-жидек екпелері Абай ауданынан басқа барлық аудандарда өсірілгенмен, алқап-тары әркелкі таралған. Мәселен, ең ірі алқаптар Үржар (466,7 га), Глубокое (109,9 га), Зырян (98,3 га), Күршім (52,2 га), Зайсан (37,3 га) аудандары мен Өскемен (211,3 га), Семей (163,1 га), Риддер (26,3 га) қалаларында бар. Қалған аудандар мен Курчатов қаласында 0,7-22 га дейінгі алқапты алып жатыр.

Жүзімдіктер алаңы Шығыс Қазақстан облысында өте аз (54,4 га), ең ірі алқаптар Үржар (23,8 га), Глубокое (4,7 га), Зайсан (4,7 га), Зырян (4,3 га) аудандарында және Өскемен қаласында (14,2 га) шоғырланған. Абай, Бесқарағай, Жарма аудандары мен Курчатов қаласында өсірілмейді, ал қалған аудандар мен қалаларда бір гектардан кем алқапты құрайды.

Жоңышқа, эспарцет, жеміс-жидек екпелері мен жүзімдіктер алаңының аудандар бойынша таралуының проценттік қатынасы көрсеткендей, Үржар (28,8%), Зайсан (15,8%), Зырян (10,3%), Шемонаиха (10,8%) аудандарында олардың ірі қорлары шоғырланған. Қалған аудандар мен қалаларда бұл өсімдіктер алқаптарының үлесі 10%-дан төмен.

Жеміс-жидек екпелері мен жүзімдіктер шағын алқапты алып жатыр (1300,5 га), олар мамыр айында және маусым айының алғашқы күндерінде гүлдейді. Көпжылдық малазықтық өсімдіктерден ең бірінші болып эспарцет, одан кейін жоңышқа және қалған өзге де көпжылдық өсімдіктер гүлдейді, орташа шамамен алғанда: эспарцет – 5-30 маусым, жоңышқа – 14 маусымнан 5 шілдеге дейін, өзге көпжылдық өсімдіктер – 15 маусымнан 10 шілдеге дейін, аталған гүлдеу мерзімдері ауа райының жағдайларына байланысты түзетіліп отыруы мүмкін.

Көптеген авторлардың мәліметтері бойынша, арамен тозаңдандыру өсімдіктердің өнімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар олардың тұқымдары мен жемістерінің сапасын жақсартады. Энтомофильді ауыл шаруашылық өсімдіктерін бал араларымен тозаңдандыру арқылы жыл сайын алынатын қосымша өнімнің құны тікелей ара шаруашылығы өнімдерінің құнынан 10-15 есе артық. Арамен тозаңдандыру арқылы алынатын қосымша өнім ара шаруашылығы саласы өнімдерінің жанама бөлігін құрайды.

Энтомофильді ауыл шаруашылық өсімдіктерді тозаңдандыру үшін қажетті ара ұялары санының және сол арқылы алынатын қосымша өнімнің арнайы әдебиетте келтірілген нормалары 1 кестеде көрсетілген.

1 кесте. Ауылшаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыру үшін қажетті ара ұяларының саны және қосымша өнім мөлшері

Дақылдар

1 га жерге есептелген ара ұяларының саны

Арамен тозаңдандырудың нәтижесінде алынатын қосымша өнім, %

Қарақұмық

2,0-2,5

40-60

Күнбағыс

0,5-1,0

40-50

Қыша

0,5-1,0

25-56

Жоңышқа

4,0-6,0

30-75

Эспарцет

3,0-4,0

40-130

Өзге де көпжылдық өсімдіктер

3,0-6,0

30-50

Сафлор

2,0-2,5

30-50

Бұршақ

0,5-1,0

20-40

Біржылдық өсімдіктер

0,5-1,0

20-40

Пияз

0,5-1,0

20-40

Қияр

0,5-1,0

20-40

Жеміс-жидек екпелері

1,0-2,0

40-50

Жүзімдіктер

3,0-4,0

30-50

Өсімдіктердің жеке түрлерінің тозаңданудағы гектарлық нормалары мен бір уақытта гүлдейтін дақылдардың егіс алқабын ескеріп, әрбір балды өсімдік түрін тозаңдандыру үшін қажетті ара ұяларының саны есептелді. Ауыл шаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыру үшін ара ұяларына деген жалпы қажеттілік ара ұяларының минималды және максималды нормаларын есепке алу арқылы анықталды (2 кесте). Мысалы, күнбағыстың 1 га алқабына минималды нормамен 0,5, ал максималды нормамен 1,0 ара ұясы, яғни 2 есе артық ара ұясы қажет болады.

Жоғарыда келтірілген кестені басшылыққа ала отырып есептегенде, Шығыс Қазақстан облысында 500 га қышаны тозаңдандыру үшін минималды нормамен 250 ара ұясы, жоңышқа (18 192,3 га) – 72 769, эспарцет (12 006,1 га) – 36 018, өзге де көпжылдық өсімдіктер (74 988,6 га) – 224 965, сафлор (404 га) – 808 ара ұясы қажет. Сонымен қатар 9000 га бұршақты тозаңдандыруға 4500 ара ұясы, 14 100,7 га алқапты алып жатқан біржылдық өсімдіктер үшін 7050 және пиязды (530,3 га) тозаңдандыру үшін 265 ара ұясы қажет етіледі. Арамен тозаңдандыруға аса мұқтаж болып табылатын қияр (898,8 га) үшін 449 ара ұясы, жеміс-жидек екпелерінің (1246,1 га) сапасын жақсартуға үлес қосатын тозаңдандырушы 1246 ара ұясы, ал жүзімдіктер (54,4 га) алқабына 163 ара ұясы қажет етіледі. Аталған бір уақытта гүлдейтін өсімдіктерді тозаңдандыру үшін жалпы 348 400 ара ұясы қажет.

41 400 га қарақұмықты тозаңдандыру үшін минималды нормамен 82 800, ал күнбағыстың 266 500 га алқабы үшін 133 250 ара ұясы қажет. Яғни қарақұмық пен күнбағысты тозаңдандыру үшін жалпы 216 050 ара ұясы қажет. Барлық энтомофильді ауылшаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыру үшін жалпы 564 мың ара ұялары қажет. Ал 01.01.2008 ж. облыс бойынша ара ұяларының саны небәрі 36 мың құраған. Сонда облыстағы потенциалды бал қорын ескере отырып, қазіргі кезде қолда бар ара ұяларының санын 15 есе арттыру қажет деген қорытынды жасауға болады.

Шығыс Қазақстан облысының әрбір ауданы мен қалалары бойынша, тұтас облыс бойынша негізгі ауыл шаруашылық өсімдіктерін – қарақұмық, күнбағыс, эспарцет және жоңышқаны тозаңдандыруға қажетті ара ұяларының саны, қолда бар мөлшері және бал қорына есептелген ара ұяларының саны 2 кестеде көрсетілген.

2 кесте Негізгі энтомофильді ауыл шаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыру мен бал жиыны үшін қажетті ара ұяларының саны, олардың қолда бар мөлшері және көбейту перспективалары

Кестедегі мәліметтерге жүгінсек, 2008 жылдың 1-қаңтарына Шығыс Қазақстан облысында шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ара ұяларының саны 36 мыңды құраған. Бұл негізгі ауыл шаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыруға айтарлықтай жеткіліксіз. Себебі оларды тозаңдандыру үшін, қолда бар ара ұяларының санынан 6 есе көп ара ұялары қажет (242 мың). Ал Абай, Аягөз, Бесқарағай, Зайсан, Тарбағатай аудандарында ара ұялары мүлдем жоқтың қасы. Бородулиха ауданында 19 есе, Көкпекті ауданында 14 есе, Күршім ауданында 7 есе, Ұлан ауданында 17 есе, Үржар ауданында 8 есе ара ұялары жетіспейді. Алайда ара ұяларына аса мұқтаж болып Семей қаласы (286 есе) және Жарма ауданы (228 есе) табылады. Глубокое ауданында 985 ара ұясы, Катон-Қарағай ауданында 727 ара ұясы, Шемонаиха ауданында 2294 ара ұясы және Риддер қаласына 135 ара ұясы жетіспейді. Тек қана бір аудан – Зырян ауданында қолда бар ара ұяларының саны негізгі энтомофильді өсімдіктерді тозаңдандыру үшін 476 ара ұясына артық болып отыр.

Кейбір аудандардағы энтомофильді ауыл шаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыру үшін қажетті ара ұяларының тапшылығын азайту резервтерінің бірі – тозаңданатын өсімдіктер алқабына аудандар арасында ара ұяларын көшіру. Бал қорын ұлғайтудың қосымша резерві болып және сол арқылы тозаңдандыру үшін қажетті ара ұяларының санын көбейтудің шарасы болып, бал қорын ұлғайту мәселесі бойынша ғылыми және өндірістік тәжірибе рекомендацияларына сәйкес, кең көлемде бал қорын ұлғайтудың әдіс-тәсілдерін енгізу табылады. Мұндай әдіс-тәсілдер энтомофильді ауыл шаруашылық өсімдіктерінің ірі алқаптары орналасқан және сәйкесінше ара ұяларының едәуір мөлшері талап етілетін таулыдалалық пен далалық аудандарда үлкен маңызға ие.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша, күнбағыс пен қарақұмықты тозаңдандыру нәтижесінде алынатын натуралды өнімнің мөлшері 426000 ц мен 41500 ц, ал ал құндық көріністе бұл ауыл шаруашылық дақылдары сәйкесінше 1849359,5 мың теңге және 124883 мың теңгені құрайды. 2008 жыл бойынша күнбағыс пен қарақұмық тұқымдары өндірісіне кеткен шығындарды негізге ала отырып, Шығыс Қазақстан облысы бойынша арамен тозаңдандыру нәтижесінде күтілетін пайда мөлшері мен экономикалық тиімділік есептелді. Есеп мәліметтеріне сәйкес, бұл екі негізгі ауыл шаруашылық өсімдіктерінен алынатын пайда мөлшері 498108 мың теңге, ал табыстылық деңгейі 35,1% болды. Бұл есептеулер Шығыс Қазақстан облысының статистика департаментінің мәліметтері негізінде жүргізілді.

Сонымен, қорыта келе, жер өңдеудің қазіргі жағдайларында ауыл шаруашылық өсімдіктерін тозаңдандырушы ретіндегі басты рөлді бал аралар атқаратындығы сөзсіз деуге болады. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, тозаңдандыру жұмыстарының 80% аралардың үлесіне тиесілі, ал қалған 20% басқа жәндіктердің еншісінде.

Тозаңдандырушы ретіндегі бал араларының маңызы орасан зор. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, бір ара минутына 10 гүлге қонып, оларды тозаңдандырады. Ұшу уақытын орташа 10 минут деп алғанда, бір бал арасы 100 гүлге қонып үлгіреді. Бір күнде жұмысшы ара 40 рет ұясынан ұшып оралады, яғни шамамен 4000 гүлді тозаңдандырады. Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс, қарақұмық сияқты үлкен алқапты алып жатқан балды ауыл шаруашылық өсімдіктерін арамен тозаңдандыру мәселесі әлі жолға қойылған жоқ. Облыста ара ұяларының жетіспеуі салдарынан және қолда бар ара ұяларын рационалды орналастыру мәселесінің өз орнын таба алмауынан, ауыл шаруашылық өсімдіктерін арамен тозаңдандыру нәтижесінде алынатын қосымша өнім резерві толығымен игерілмеуге. Нәтижесінде негізгі балды ауыл шаруашылық өсімдіктері жеткіліксіз дәрежеде тозаңданып, сәйкесінше потенциалды өнім мөлшерінің алынбауы байқалады. Негізгі ауыл шаруашылық өсімдіктерін арамен тозаңдандыру бал ара шаруашылығы саласының жанама буыны болғанымен, одан алынатын табыс бал ара шаруашылығынан алынатын тікелей өнімдерден бірнеше есе артық.

Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының бал ара шаруашылығының жағдайы мемлекет тарапынан қолдауды аса өткір қажет ететін сала болып табылады. Себебі бұл маңызды ауыл шаруашылығы саласының дамуы үшін тиісті инфраструктура қалыптаспаған. Бірақ Шығыс Қазақстан облысында бал ара шаруашылығының дамуына серпін беретін бағдарлама бар. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан бойынша барлық тауарлық балдың 70% беретінін ескерсек, бұл саланың даму болашағы әлі алда деген қорытынды жасауға болады.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №3 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ