Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Өскемен қаласындағы мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылуы

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010

Авторы: Дусипбаева Карлыгаш Советхановна, Имамбаева Жадыра Ержановна

Тіл экологиясы негізінен тілдік орта мәселесін, өзгеруіне, дамуына, қолда-нылуына теріс әсер ететін себептерді, түрткі жайттарды зерттейді. Сондай-ақ тілдің баюын, тілдік қарым-қатынасты жетілдіру, әлеуметтік тәжірибелерді жи-нақтау, т.б. жайттарды қарастырады. Тілдің толып жатқан мәселесін экологиялық тұрғыдан қарастырудың мәні айрықша. Тілді тұтынушының, яғни тілдік тұлғаның, тілдік субъектінің ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімін, тілдің өткендегісі, бүгінгісі, болашағына деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеу лингвоэкологияның міндетіне жатады. Лингвоэкологиялық бағыт төл мәдениеттің қару мен құралына айналған әдеби тілді аялау мен сақтауды алдыңғы қатарға шығарып, оның дамуы мен жетілуін тежейтін кез келген құбылыспен күресу қабілетін арттыруды көздейді [1, 22 б.].

Тілдік орта лингвоэкологиялық зерт-теудің түпқазығы болып саналатын қоғам мүшелерінің тілдік санасының қалып-тасуына ықпал ететін, тілдік жүйенің жай-күйі мен сол тілді қолданудың қоғамдық-тілдік тәжірибесі, тілдің қоғамдағы болмысына, оның дамуы мен қызмет етуіне әсер ететін экономикалық, идеологиялық, мәдени, әлеуметтік-психологиялық, этно-психологиялық факторлардың жиынтығы.

Моңғолиядан, Қытайдан келіп жат-қан қандастарымыз сөйлегенде ұйып тың-дамау мүмкін емес. Олар шет жерде жүрсе де өздерінің тілін, ділін, әдет-салттарын қаймағын бұзбаған қалпы сол күйінде сақтап қалған. Қазақтың біз біле бермейтін сөздерін де солардан естиміз. Алайда атамекенге оралып жатқан қандас-тарымыздың өзі орысша сөйлуге мәжбүр болып отыр. Ең өкініштісі сол, басқаны былай қойғанда, өзіміздің ару қала - Өскеменнің өзінде басым көпшілік - орыс тілінде сөйлейді. Аялдамаларда, дүкен-дерде, қоғамдық орындарда жастары-мыздың орыс тілінде сайрап тұрғаны ащылау болса да шындық. Бұған іштей өкінесің, әрі түңілесің. Жастардың, әсіресе, орыстілді жастардың көкірегіндегі «Мен қазақпын» деген ұйықтап жатқан сезімді ояту қажет. Ол үшін тек қазақ ақпарат құралдарында ғана емес, орыстілді газет-терде, теледидар бағдарламаларында қазақ тілі туралы, оның мемлекет өміріндегі болашағы мен өмірі туралы, отаншылдық туралы ой тастайтын арнаулы орыс тіліндегі бағдарламалар жүргізу керек.

Біз қазақ тілін біл деп, қазақша білетін қазақтарды ғана үгіттеп жатырмыз. Көз жасымызды көл етіп айтып, жазып жатқанымызды орыстілді жастарымыз, қандастарымыз естімейді, білмейді. Мы-салы, қандай орыстілді ақпарат құралы қа-зақ тілінің қолданыс жағдайын көтеріп отыр. Сондықтан арнайы орыстілді газет шығару немесе қаламызда шығатын "Устинка", "Мой город" газеттеріне мемлекеттік тіл туралы арнайы айдар енгізу керек.

Қос тілді боламыз деп, ана тілімізге бөтен тілді қосып айтып, өз тілімізге немқұрайлы қарай бастаған сыңайлымыз. Сөз арасына орыс сөзін қоспасақ, әңгімеміз түсініксіз боп қалардай бірді-екілі айтқан сөздеріміздің арасына орыс сөзін қысты-рып айтқанды жөн көретін болдық. Атап айтсақ, жай ғана «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», «жаңа піскен», «айтпақ-шы», «тура сол кезде», «иә», «керісінше» сөздерінің орнына «короче», «свежий», «кстати», «как раз», «да», «наоборот» сөздері құлаққа сіңісті болып, үйреншікті қалыпқа да айналып барады. Қаладағы әрлі-берлі қатынайтын қоғамдық көліктер-де жастар орысша сөйлегенді абырой көріп, екі ауыз сөздің басын құрап, қазақша сөйлеуден гөрі орысшаға құмартатыны жасырын емес. Бірді-екілі адамның әңгімесіне назар аударып көрейік: «Әбетте үйге келерде мәгәзинге соғып бір спешке әкеле қойшы», «остановкада тұрғанда кәшәлөгімізден проезге ақша шығарып алайықшы, а так кондукторлар автобусқа кіре сала проезд сұрайды» деп орысша қазақшаны араластыра сөйлеуге де жатсынып қарауды қойдық. Әйтеуір қазақ тілінде сөйлеп тұр ғой деп аса көп мән бермегенсисің. Ақпараттардың барлығы бізге орыс немесе шетел тілдерінде келіп жатыр. Көпшілігіміз Ресейдің немесе спутниктік арналарды қараймыз. Әлемдік жаңалықтардың барлығын Ресейдің телеарналары арқылы аламыз. Облыстық телеарналарды қоспағанда, республикалық арналарымызды алсаңыз, бір жерде ток-шоу, бір жерде ойын-сауық бағдарламасы жүріп жатады. Бізде интеллектуалдық теледидарлық бағдарламалар жоқ. Қала-дағы «Микс» радиосына байланысты да осыны айтуға болады. «Микс» радиосының кейбір бағдарламалары тек сөйлесетін орынға айналып кетті. Кез келген адам қоңырау шалып, «мен мынандай ән қойып берсеңіз» немесе «мен пәленбайға сәлем жолдайын деп едім» деп білген өлеңін, әңгімесін айтып жатады. Ал оны бүкіл Өскемен тыңдап отыр. Осы қажет пе? Біздің талғам қайда? Мәдениет, көркемдік таным, көркемдік талғам деген бізден кетіп бара жатыр. Міне бұлар да жастардың, ұлттың санасына теріс әсер етіп отыр. Теледидардан, радиодан сөйлейтін адамдар ауылдың, аймақтың тілімен сөйлейтін болды. Журналистер тіпті ауа - райын дұрыс айтпайды. Электрондық ақпарат құралдарындағы «айташылардың» қазақ тілін барша қадір-қасиетінен, қайталанбас сұлулық, мөлдірлігінен айырғаны, кірме сөздерге жан-тәнімен үйірлігі сонша, жағдай одан әрмен ушығып, жаңа тіл, ерекше мәнер, түсініксіз акцент қалыптасты. Айтылған сөздер қазақша секіл-ді, бірақ ұғу мүмкін емес. Телеар-налар мен радио тілшілерінің «қ» мен «ң», «ұ» мен «і», «ә» мен «ө», тағы басқа дыбыстарды бұрмалап, шолжаңдап бүлдіргені соншалықты, «күң әйел» – «күн әйелге», «Қыр баласы» – «Кир баласына» айналды [2, 4 б.].

Тілдік ортаға зардабын тигізетін тіл басқыншылығына қарсы күрес негіздерін айқандау шараларын белгілеу лингво-экологияның аса маңызды мәселе-леріне жатады. Күн сайын қоғамдық көлiк-пен жүргенде көшеде қазақшасы қате жа-зылған жартыкеш жарнамалар мен дүкен, кафе, мейрамханалар атауын көрiп, жаны-мыз жүдейдi. Сақау жарнама, қате аударма, тіл заңдылығының бұрмалануы.

Өскемендік тіл жанашырлары осын-дай олқылықтармен жыл сайын емес, күн сайын алысып келеді. Алайда тамырын тереңге жайып алған «мемлекеттік тілді менсінбеушілік» мәселесі жеңіс берер емес. Өскемендегі сауда үйлерінің бастықтары: «Бұл аудармалар Алматыдан жасалып келген, сондықтан ештеңе істей алмаймыз», – деп міз бақпайды. Кейбір дүкен, кәсіпорындарда аударма тіпті атымен жоқ. Іздегеніңіз туралы мәліметті тек орыс тілінде оқисыз. Жалпы қаладағы жарнамалар мен баннерлердiң бәрiнiң қазақшасын тексерiп, сосын көшеге iлуге рұқсат берудi бiр құзырлы мекемеге жүктемесе, қазақ тiлi мазақ тiлi болып осы бетiмен кете беретiн түрi бар. Қала iшiндегi әр аудан әкiмдігiнiң iшкi саясат бөлiмдерi өз аудандары аумағында тiл тазалығы үшiн күрестi науқандық шара емес, тұрақты бағдарлама ретiнде жүргiзер болса игі шара болар едi. Бұл бағытта жақсы ұсыныс, идеяларға конкурс жарияласа,тiл тазалығы үшiн үлкен де, кiшi де белсене атсалысар едi. Өскеменде күннен-күнге «Sulpak», «Yamaha», «Bar-ВQ», «Daniel», т.б. шетел атаулары көбеюде. Сырттан келген бiреулер қазақ қаласы емес, шетелде жүргендей сезiнерi сөзсiз. Сондықтан Өскемендегі тіл тазалығымен айналысатын «Лингвоэкологиялық орталық» құрылса, оған барлық тіл жанашырлары ат салысып, тиісті шаралар қолға алынар еді.

Жарнаманың өзіне тән тіл ерекше-ліктері бар. Ол – жарнама тілі. Жарнамадан адамдардың заттарға, затардың адамдарға екі жақты деген қарым – қатынасы тек тілге байланысты боп тұрады. Әлбетте, жарнаманы тыңдайтындар, оқитындар, көретіндер үшін жарнамалық мәтін нақты, дәлелді болу керек [3, 11-12 б.].

Қазақ тілі мемлекеттік тіл болған-дықтан, жарнама саласында кеңінен қолданылуы тиіс. Ол мынадай қажет-тіліктерден туындайды:

а) Жарнама саласындағы қазақ тілінің беделін көтеру;

ә) Орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік тілдегі жарнама ісімен айналысатын мамандар даярлауды қолға алу;

б) Мемлекеттік және басқа тілдерде берілген жарнамалардың әдеби тіл норма-сына сәйкес келуін қадағалайтын орган ашу;

в) Мемлекеттік тілдегі жарнама жасаумен айналысатын жарнама агент-тіктерін ашуды қолға алу.

А. Байтұрсынов: «Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламай, басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу», - деген болатын. Олай болса, тіліміздегі ала құлалықтарды жойып, тіліміздің байлығын көрсете білу - әрбір қандастарымыздың борышы. Сөздің тазалығы дегеніміз-сөйлеушінің немесе жазушының әдеби тіл нормасын сақтаумен бірге, ана тілінің мүмкіндіктерін пайдалана білуі. Тіл тазалығының да тілдің дұрыстығына ұқсас жерлері кездеседі. Тіл мәдениетінің ең басты коммуникативтік салаларының бірі болғандықтан, сөздің тазалығына ерекше мән беріледі. Дәлірек айтқанда, сөзді қолданғанда, баламасы бар сөздердің әдеби тілге қатысты бірден-бір ұғынықты ана тілінің тазалығын танытатын сөзді таңдай білу керек. Былайша айтқанда, әркім де тілді шұбарлауға бармағаны жөн [4, 112 б.]. Өзге тілден еніп, заңды түрде орныққан сөздер кейбіреудің дағдысына айналған. Мысалы, Өскемен тұрғындарының біре-умен сөйлескенде айтатыны остановкаға барамын, субботада келді, званит ет, т.б. Дағдының да дағдысы бар. Жұртшылық қабылдаған, тілде орныққан норма ретінде танылған шет тілдік сөздің орны бөлек. Ана тілге деген сүйіспеншілік, ыстық сезімнің лебі таза сөйлеуден тұрады. «Ана тілің, қайткенде де ана тілің болып қала береді. Жан-тәніңді салып сөйлеген кезде, басыңа бірден-бір француз сөзі келе қоймайды, ал жарқылдата сөйлеуді қаласаң, оның жөні бір басқа», - дейді Л. Толстой. Сөз жоқ, сөзді бағалау, сөзге тоқтау, сөзден мағана іздеу адамды мәдени қоректендіре түседі.

Тілдік ортаны қалыптастыратын, тілдің қоғамдағы болмысына, оның дамуы мен қызмет етуіне әсер ететін ол - мемлекеттік мекемелер. Өскемен қала-сында мемлекеттік тілдің жүзеге асуы ең алдымен іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруден бастау алады. Қазір құжат мәтіндерін мемлекеттік тілде даярлаудың орнына оларды ресми қолда-нылатын тілден аударудың кең тараған тәжірибесінің мемлекеттік органдар жұмы-сында одан әрі беки түскен үрдісі белең алып барады. Соған қарамастан, ол тек уақытша шара ретінде қарастырылуға тиіс. Сондықтан мемлекеттік органдарда құжат-тамаларды тікелей мелекеттік тілде жасауға кезең – кезеңімен көшуді орталықтан бекітілген ұзақ мерзімдік жоспарға сәйкес нақты жүзеге асыру қажет. Бұл ретте мемлекеттік тілдің тек іс қағаздарын жүргізу саласында ғана емес, мемлекеттік органдар актілерін әзірлеу мен қабылдау саласында да қолданылу мәселесіне назар аударған жөн.

Өскемен қаласы әкімдігінде Елба-сының барлық қазақстандықтарды бірік-тіретін маңызды фактор ретіндегі мемле-кеттік тілді дамыту жөніндегі міндеттерін орындау мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. «Шығыс Қазақстан облы-сының тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған» өңірлік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары сәтті жүзеге асырылуда. Жыл сайын осы мақсатқа бөлінетін қаражат көлемі өсуде. Егер 2006 жылы осы Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1,1 млн. теңге бөлінсе, 2007 жылы – 7,3 млн. теңге, 2008 жылы – 7,6 млн теңге бөлінді. Өскемен қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 11 тамыздағы № 4597 «Өскемен қаласындағы мемлекеттік органдарындағы іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы» қаулысына сәйкес Өскемен қаласының мемлекеттік органдарындағы іс жүргізу 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тілде жүргізіледі. Барлық мемлекеттік басқару органдарында аудармашы-мамандар жұмыс істейді. Әкімдіктің дербес бөлімдерінің мемле-кеттік қызметшілері бірыңғай оқу-әдісте-мелік бағдарлама бойынша Мемлекеттік тілді оқыту орталығында тілді меңгеруде. Осы мақсатқа 2 120 мың теңге бөлінген.

Іс басындағылардың, әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің арасында тиісті қызметтік міндеттерін қазақ тілінде атқарып кете алатындардың аз екенін де жасырмауымыз керек. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдарда, мекеме-лерде өз еріктерімен қазақ тілін үйренуге үлкен назар аударылып, үйірмелер құры-лып, онда бастаушы, жалғастырушы және тереңдетіп оқыту деңгейлері бойынша топтарда курстар өткізілуде. Мемлекет тарапынан тіл үйренуге арнайы қаржы бөлініп, тіл үйренушілердің тегін білім алуына жағдай жасалынып отырғанымен, оны қызметкерлердің лайықты деңгейде пайдаланбай отырғаны да белгілі. Енді мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін оқыту үйірмелеріндегі проблемаларға тоқталатын болсақ, осы үйірмелерде бірнеше жыл оқып, әлі күнге дейін сәлемдесу, аты – жөні, отбасы туралы екі – үш сөз тіркесін айту дәрежесінен аса алмай жүрген тыңдаушыларымыз жетіп артылады. Бұған себеп, үйірме тыңдау-шыларының қызмет бабын сылтау қылып, сабақты көп босатуы, басшылар тарапынан тиісті талап қойылмауы және жабдық-талған арнайы методикалық кабинеттердің аздығы. Бұл орайда тіл үйретуге білікті, әдіскер мамандардың да жетіспеушілігін айта кеткен жөн. Сөзіміз дәлелді болу үшін осы үйірмеде бірнеше жыл оқып, қазақ тілін қызметтік қарым – қатынас деңгей-інде қолдана алмауы осы тіл мәселесі жөніндегі жүргізіліп отырған жұмыс-тардың әлі де жеткілікті емес екендігін көрсетеді. Бастаушы топта негізігі мақсат тыңдаушылардың сөздік қорын байытып, сөйлемді дұрыс құра білуге жаттықтыру, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс қалыптастыру арқылы ауызекі сөйлесуге дағдыландырса, жалғастырушы топта іс қағаздарының жүйеленген үлгілерін пайдаланып, іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізуге үйрету.

Мемлекеттік қызметкерлердің тіл үйренудегі нәтижелерге жетпеуінің себебін тілдік ортаның жоқтығымен дәлелдегісі келеді. Әрине аптасына екі рет өтетін сабақтың аздық ететіні белгілі. Ол тілдік ортаны басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ, оны өзіміз қалыптастыруымыз керек. Мысалы, жиналыстарды, кеңестерді, жалпы сол ұжымда өтетін шараларды мемлекеттік тілде өткізу қажет. Мекемеде аптаның бір күнін тек қазақ тілінде сөйлесуге арнаса тілдік орта өзінен өзі қалыптасары анық. Осындай тәжірибелерді тиімді пайдалансақ, тіл үйренудегі нәтижелерге қол жеткізуіміз әбден мүмкін.

Қалалар мен аудандарда, облыстық департаменттер мен басқармаларда 2008 - 2009 оқу жылында 267 үйірмеде 4071 мемлекеттік қызметші қазақ тілін оқыса, биыл 2009 - 2010 жылдары бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Облыстық және сегіз қалалық, аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Алдағы уа-қытта Семей қаласында, Ұлан ауданының Қалбатау өңірлерінде осындай мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын ашу көзделуде. Облыс көлеміндегі оқыту орталықтарында 1642 тыңдаушы мелекеттік тілді үйренуде. Бүгінгі күні облыста 30 мыңнан астам ересек адам мемлекеттік тілді үйрену курстарында дәріс алуда. Қазіргі кезде он сегізден астам мемлекеттік қызметкер бұл орталықта арнайы куртарды оқуда. Үйірмелерде мемлекеттік тілді бірыңғай бағдарлама бойынша оқыту, тыңдау-шылардың білім деңгейін анықтау үшін тестілеу жүргізу іс – тәжірибеге енгізілген. Мемлекеттік тілді оқытудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында «Мемле-кеттік тілді оқыту орталығында» Өскемен қаласы әкімдігінің жүз алпыс екі қызметшісі тегін оқуда. Дегенмен мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту сапасы әлі төмен болып отыр. Кейбір облыстық департаменттер мен басқармалардың басшыларының тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан тыңдау-шылардың сабақ босатуы мен кешігуі орын алуда. 2008-2009 оқу жылында мемлекеттік қызметшілердің сабаққа қатысуының орташа көршеткіші 58,1% құрады. Құрылыс департаментінде тыңдаушы-лардың сабаққа қатысуы 32%, жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және табиғи апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі департаментте 36%, кәсіпкерлік және өнеркәсіп департа-ментінде 38,5%, білім және ауыл шаруашы-лығы департаменттерінде 45% мұрағаттар мен құжаттама басқармасында 46,5% құрады. Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (М.Ә. Мұхамеджанов) мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілде оқыты-луын бақылауды қамтамасыз етіп, оқыту-дың сапасы мен тиімділігін арттыру шара-ларын жыл сайын қарастырып отырады.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту тек мемлекеттік органдар жүйе-сінде ғана емес, халыққа қызмет көрсету салаларында, жастар мен студенттер арасында жүргізілуде. Соның ішінде қоғамдақ ұйымдар мен мекемелерге, бірлестіктерге, ұйымдарға үлгі көрсететін мемлекеттік органдар болуға тиіс. Осыған орай әр жыл сайын прокуратура орган-дарымен келісе отырып, мемлекеттік ор-гандарды тексерудің кестесі жасалды. Сол кестеге сәйкес кешенді тексерулер жүргі-зіліп, практикалық және әдістемелік көмек-тер көрсетіледі.

Мүмкіндіктері бола тұра, тиісті жұмысты атқармай отырған мемлекеттік орган және бөлім басшыларына шара қол-дану жөнінде аудан және қала әкімдеріне ұсыныстар жасалған. Облыстағы әр мемле-кеттік органның жұмысын талдау, бағыт беру мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы жылдан бастап қала, аудан әкімдерінің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асрудағы қызметін бағалау мақса-тында тоғыз көрсеткіштен тұратын монито-рингтік жүйе енгізілді. Облыстық тіл басқармасы оның жай-жапсарына ай сайын мониторинг жүргізіп, тоқсан соңында оның қорытындысын шығару үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына табыс етіп отырады. Қазір облыстағы өтетін барлық жиындар мемлекеттік тілде жүргізіледі, орыс тіліне аударылуы қамтамасыз етіледі. Аудан, қала әкімдерінің, облыстық басқармалардың мәжіліс залдары синхронды аударма қондырғыларымен жабдықталды. Аудан, қалалардың мемлекеттік органдары құжат-тарындағы мемлекеттік тілдің үлесі тоқсан сегіз пайыздан асты. Облыстың мемле-кеттік органдарын тұтастай алсақ, ондағы құжат айналымындағы қазақ тілінің үлес салмағы сексен пайызға жетті.

Әр мекемеде кем дегенде бір мемлекеттік тілді жетік меңгерген аудар-машы болады. Орыс тіліндегі құжаттарды қазақ тіліне соларға аудартып қойып, мекемелер іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп отырмыз деп жалған ақпар береді. Сондықтан барлық мекеменің басшылары өздері қазақша сөйлеп, жиналыстарды қазақша жүргізіп, жұмысқа алынатын қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу талабын қойса ғана, мұндай мәселелер өз шешімін табады деген ойға келеміз.

Біз қарастырған “Қазақтелеком” АҚ мен Облыстық балалар ауруханасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылдың 2 қаңтарындағы № 550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» негінде жұмыс жасап жатыр. Осы бағдарлама аясында “Қазақтелеком” АҚ филиалы Шығыс Қазақстан облыстық телекоммуникациялар дирекциясында мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізуді сатылап көшіру бойынша 4 - кезеңнен тұратын бағдарлама жасады. Халыққа байланыс және телекоммуникация қызметін көрсететін салада тұтынушының талабы бойынша қазақ тілінде ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету егемендік ұсынған негізгі міндеттердің бірі. Мекеменің қызмет-керлері тоқсан сайын мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестіден өткізіледі. Дирекциядағы қызметкерлердің мемлекеттік тілді өндірістік қызметте қолдануын ынталандырудың нысандары мен әдістерін жетілдіру мақсатында аптаның сәрсенбі және жұма күндері – мемлекеттік тіл күндері болып белгіленіп, осы күндері дирекцияның барлық қызметкерлеріне мемлекеттік тілде сөйлесу міндеттеледі. Тұтынушыларға қазақ тілінде қызмет көрсете алатын мамандардың саны 2009 жылы 45,6% құраса, қазір ол көрсеткіш 58,8% жетті. Қазіргі кезде дирекциядағы жұмыс жасайтын 257 фронт –офис қызметкердің 209-ы немесе 81% мемлекеттік тілді қажетті деңгейде меңгер-ген. Телекоммуникация қызметтерінің мем-лекеттік тілде қызмет көрсету сапасы апта сайын аудиобақылау арқылы тексеріледі.

Өскемен қаласында барлығы 30-ға жуық аурухана мен емхана жұмыс жасайды. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес нормативтік актілерді әзірлеу, іс жүргізу, қаржылық және техникалық құжаттама екі тілде жасалады.Барлық жиналыстар, Алқа мәжілістері, аппарат кеңестері қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Медицина маман-дарына жыл сайын мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылуда. Енді жұмысқы қабылдағанда мамандардың өз қызметін жетік білуімен бірге қазақ тілін де білуіне талап қойылуда. Мемлекеттік органдармен, емдеу-алдын алу ұйым-дарымен хат алмасу негізінен, мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал жеке тұлғалардың өтініш-шағымдарына жауап заң нормасына сәйкес мемлекеттік тілде немесе өтініш жазылған тілде беріледі. қызметкерлері мемлекеттік тілді Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының арнайы жабдықталған сыны-бына барып оқып-үйренеді. Өскемен қаласының емдеу мекемелерінде мемле-кеттік тілді меңгерту және оны одан әрі қарай дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Тілдің толып жатқан мәселесін экологиялық тұрғыдан қарастырудың мәні айрықша. Сөз экологиясы тілдік ортаны бейпіл сөздерден, шеттілдік сөздерді уәжсіз қолданудан, жаргон сөздерден, құнтсыз-дықтан кететін қателерден таза ұстау үшін күреседі. Сондықтан тілдік ортаға зардабын тигізетін тіл басқыншылығына қарсы күрес негіздерін айқандау шараларын белгілейтін кез де жетті.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Уәлиұлы Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: фил. ғыл. докт... авторефер. – Алматы, 2007. - 22 б.

2. Уәлиұлы Н. Тіл экологиясы // Ана тілі.-2009. -4 б.

3. Кенжебекова Н. Жарнама мәтінінің мәнерлілігі// ҚазМУ хабаршысы, филология сериясы, № 20. - 11-12 б.

4. Балақаев М. Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. -Алматы: Қазақстан, 1965. -112 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ