Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Еңлік-Кебек сюжеті: тарихи көзқарас

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010

Автор: Нурланова А.Н.

ХVІІІ ғасырдың соңын ала күнкөрістің жалғыз көзі малына кең өріс іздеген қазақ руларының арасындағы жер мәселесі өрши түседі. Бұған себеп – жоңғар шапқыншылығының салдары және Ресей-дің отарлау саясатының белсенділігі.

Рулық қауым – қазақтың жарғы – үкіммен белгіленген әкімшілік бөлінісі, заң болып қағазға түскен тәртіп- тәжірибесінің іргетасы қаланбаған кездегі саяси - әкімшілік қызметін атқарған, елдің этно - әлеуметтік өмірін бір ортаға жиған дәстүрлі қоғамдық орта, тарихи құбылыс. Әр ру өз алдына жеке ұлыс, шағын мемлекет.

ХVІІІ ғасырда қазақ руларының аралас қонуы көп кездеседі. Бұл, әрине, жаугершілік заманның жемісі екені сөзсіз.

Қазақ рулары туралы алғаш толық мәлімет келтірген А. Тевкелеевтің жазба-ларына сүйенсек, орта жүз руларының ішіндегі ең күштісі – арғындар. Одан кейін наймандар аталады [1, 356]. Мәліметтерге қарағанда, арғындардың саны миллионға дейін жеткен [1, 360].

Тарихшы М. Тынышбаев арғын-дардың ХVІ ғасырдың соңында Қаратау тауларынан көрініп, Тәуекел мен Есім хандардың Ферғана, Самарқан, Бұхара жорықтарына және 1629 жылы Есім ханның Ташкенттің ханы Тұрсынға қарсы жорығына қатысқандығы жайлы мәлімет келтіреді. Зерттеушінің көрсетуінше, ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың басында арғындар Қаратаудың теріскейін мекендеп, Сарытау мен Ұлытау арасында көшіп жүрген.

1726 жылы Болат хан өлгеннен кейінгі қазақ хандарының тақ үшін бір – бірімен қырғи қабақ танытуының салдарынан қазақ жасақтары шегінуге мәж-бүр болады. Орта жүздің көп бөлігі солтүс-тікке, Ұлы жүз Сырдарияға ығысып, жоң-ғарларға бағынуға лажы қалмаған кезде, арғындар 1758 жылдан, орыстар келген кезде мекендеп тұрған жерлеріне орныға бастады [2, 91-92].

Тағы бір тарихи дерекке жүгінейік. Зерттеуші М. Мұқанов арғындардың территориясының ауық – ауық өзгеріп отырғандығы туралы айта келіп, оның себебін былай деп түсіндіреді: «Переме-щение аргынов на север, по всей вероятности, связано с политическими событиями конца ХІV - ХVІІ в.в. Судя по произведениям Ч. Валиханова и казахским историческим преданиям, основная масса аргынов до нашествия джунгар проживала на Сырдарье, на юге распространяясь до пределов Самарканда.

В ХІV - ХVІ в.в. их кочевой путь лежал от Сырдарьи на север до низовьев Ишима и на восток до Иртыша. Это был тот кочевой путь, по которому слудовали караваны древних кипчаков» [3, 49].

Енді тобықтылардың басынан кеш-кен аласапыранға келейік. «Жеті ел келіп, жеті ел кеткен» Шыңғыстауды ен жайлап отырған тобықтылар ХVІІ ғасырдың 30-жылдары жоңғарлар қысымының алғашқы ызғарынан – ақ, бұл жерден ауа бастайды. Сөзімізді ары қарай тарихшы М. Тынышбаев мәліметімен жалғастырайық: «1620 жылдан қазақтар мен қалмақтардың арасында қантөгіс соғыстар басталады... Арғындар бұл кезде Қаратаудың теріскейін мекендеп, Сарысу мен Ұлытау арасында көшіп жүреді. 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы кезінде арғындар (керей мен жалайыр – Т.М.) басқалардан гөрі аз шығынға ұшырады. Оларды Бетпақ-даланың сусыз шөлейті аман сақтап қалды» [2, 91].

Тағы бір дерек көз ретінде М. Жанболатұлының «Тобықты – Шыңғыстау шежіресіне» сүйенгенді жөн көрдік. Онда-ғы келтірілген мәліметтер бойынша, Жеті Момын баласы сол көшкеннен Бұхара, Үргенішке дейін барады [4, 26]. Алайда көше – көше жауыр болған елге бұл мекен де «Жиделібайсын» бола алмады. «Қашқан елге қатын ер» болған жаугершілік заманда қазаққа жоңғардан басқа да көз алар-тқандар көп еді.

«Қазақ елінің қайғылы халін одан әрі тереңдете түскен жәйттер де болды. Хиуа, Бұхара хандықтары Жетісу, Сырдария және Арал өңірінен жоңғарлардан қашып барған босқындарды тонап, мал – мүлкін тартып алып, өзара қақтығысулар мен шайқастар жиіледі. Ол туралы Ресей императоры Анна Иоанновнаға жолдаған ақпарында Орынбор экспедициясының бастығы И.К. Кириллов қазақтар мен Бұхара, Хиуа арасындағы қақтығыстар шиеленісе түсті деп жазған [5, 67]. Шәкәрім шежіресінде әз Тәукенің тұсында қазаққа Қатаған да, қалмақ та, өзбек – сарт та жау болғанын, сөйтіп, қазақ Амударияның жағасына, парсының шетіне дейін ауып барғанын айтады: «... Амударияда тұрғанда бұрын парсыға қарап тұрған Ақжар деген түрік нәсілінен бір Надыр шаһ деген мықты шығып, парсы жұртын қаратып алғанда, қазақ сонан қорқып, қайта ауып Сырдарияға келіпті» [6, 25].

Жеті Момындықтар солай Қызылор-даның Шиелі, Түлкібас деген жеріне келіп тұрақтайды [4, 26]. Қалқаман мен Мамыр хикаясы да осы Шиелі жерінде өткен.

Көп ұзамай, «Ақтабан шұбы-рындыға» ілігіп, Сыр бойынанан Шуға келеді де, онда да мекен таба алмай, Қаратауды асып, Бетпақ даламен Солтүстікке жөңкіле ауады [4, 26 б.].

Жаугершілік заман зұлматының кесірінен бірнеше ұрпақ өкілдері сар даланы сайындай кезіп, тентіреумен өмірін өткізген. Бұл ойымызды ғұлама жазушы М. Әуезовтің «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласындағы мына сөздерімен негіздесек: «Ақынның үшінші атасы – осы Ырғызбай, бұ кісі 1750 жылдарда Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға сырғып ауған жолда, Ырғыз өзенінің жағасында туғандықтан, соның атымен аталыпты. Ырғызбай – Айдос баласы, Айдостың өзге балаларының ішінде Көтібақ, Торғай дегені, одан соң Айдостың туысқаны Жігітектің баласы Кеңгірбай – барлығы да жаңағы жолдағы өзен – сулардың атымен аталған. Көтімалды өзенінің жағасында Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында Торғай, Кеңгір өзенінің жағасында Кеңгірбай туыпты» [7, 46].

Бұл жерде Шәкәрім қажының шежіресі былай дейді: «... 1723 жылы қалмақтан жеңіліп, ақтабан шұбырынды көріп, орта жүз Есіл, Нұра, Сарысуға барғанда, біздің тобықты Орынбордың бергі жағында Ордың қара ағашына барған, онан да ары барған кіші жүз қазағы орысқа қарамақ болыпты деген соң, сонан қорқып тобықты көшіп, Ырғыз, Торғай өзендеріне келген» [18, 30]. Рас, ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында қазақ – орыс қатынастары әсіресе, кіші жүзде белсенді көрінді. Жүз басшылары 1726, 1730 жылдары екі мәрте Ресейге елшілік жіберіп, 1731 жылы 19 ақпанда Анна Иоанновна Әбілқайыр ханның және оның қарамағындағы қазақ ұлысының Ресейге ерікті түрде қабыл-данғаны туралы грамотаға қол қойды. Ал орта жүз ешкімге тәуелді болмай, өз еркімен өмір сүрген. Сәмеке хан өлгеннен соң да, бұл жүз тәуелсіз болып қала берді. Тек 1740 жылы Жоңғария тарапынан қысым күшейген уақытта Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Орынбор қаласында генерал – лейтенант В. Урусовпен болған кездесуде Ресейге адалдық туралы ант қабылдап, келісімге қол қояды.

Бұл аласапыранда тобықтыларға жол көрсеткен жан кім екен? Бұл сауалы-мыздың да жауабын ел шежіресінен табамыз. «Осы ауыр жылдарда елдің басшысы Кішіктің немересі Әйтек ұлы Олжай болған. Қол басшысы Мамай Абылайдың сенім, құрметіне ие болып, Көкенай батырдан кейін Арғынның туын ұстайды.

Талай қан майданда жекпе – жекке шыққан Мамай Тобықтыны Шыңғыстауға бастап келген қолдың басшысы, батыры екен» [4, 32].

Ары қарай Шәкәрім шежіресі былай жалғасады: «... Онан және бері қарай көшіп, Мамай батыр бастап осы Көкен орда, Доғалаң тауларының ортасына келіпті. Сол кезде орта жүз де орысқа қарамақ болды дегенде, Дадан тобықты Қараменде бидің Кеңгірбай биге сәлем айтқан өлеңі мынау:

Басында Сырдан шығып Орға келдік,

Табан тиіп жүре алмай зорға келдік.

Қол алдынан құрулы талқы деген,

Бұл жаққа баққа келмей, сорға келдік.

Сәлем де Кеңгірбайға кел кетелік,

Мықты сабақ атанды төрлетелік,

Мұсылманның жұртына маңдай қойып,

Аты жақсы дариядан ары өтелік.

Біздің тобықты мұнда келген кезде бұрын келіп қалмақты қуған найман, матайлар Шыңғыс бөктерінде екен. Тобықтыны азып – тозып келген ел деп матайлар малына зорлық қыла берген соң, тобықты матайменен жанжалдасып, бұрын-ғы арғынның ата қонысы Шыңғысты өзіміз аламыз деп, матайды қуып, Шыңғысқа орнықты» [6, 30-31].

Шәкәрімнің өмірбаянын зертеуші ғалым А. Омаров келтірген мағлұматарға жүгінсек, тобықты жұрты Ордан Шыңғыс өңіріне келгенде, небәрі 200 отбасы болыпты [8, 373]. Кейіннен мал мен басы өскен тобықтылар азулы – азулы бес болыстық жұртқа айналған.

Жоңғар шапқыншылығынан жері-мізді азат еткен соң, қазақтың Шығысын-дағы бос қалған мекендерден орта жүз қазағы емін – еркін тұрақ тауып жатты.

Бұған дейін де 300 жылдай бұрын Ақтөбе, Мұғалжар, Торғай, Шу бойында арлы – берлі көшіп – қонып жүрген тобықтының Шыңғысқа қайта келу тарихы туралы деректер бергенде, шежіре қарт Н. Алдажаровтың жазғандарын да келтіре кетуді жөн көрдік. Ол мәліметтер бойынша, Шыңғысты мекендеген қалың қалмақты қазақтар Шәуешек, Тарбаға-тайдан асыра қуады. Сол жорыққа қатысқан тобықтының Мамай батыры иесіз қалған Шыңғысты көріп, Жеті Момын еліне көшейік деген екен. Тобықтымен бір туысқан Қанжығалы көшіп, өзге Момын қалып қояды. Жер шалғай, аш – арық ел, арық – тұрақ мал. Қияндағы Орға зорға жеткен тобықты, енді бір шеттегі Шыңғыс-қа көшкенше, бірнеше жыл өтеді. Тобықты артынып, тартынып жеткенше, ол жерге жақын отырған матай қоныстанып қояды. Мұны естіген Қараменде би бастаған дадан тобықты Балқашқа тақағанда қалып қойып, Кеңгірбай би мен Матай батыр бастаған басқа тобықты ғана Шыңғысқа жетеді [9, 198].

Сонымен, Сырдан ауып жарты ғасыр бойы қазақ жерін шиырлай көшкен тобықтылар Шыңғысқа келгенше, біраз заман өтті. Бос жатқан жер жоқ, айнала қоныстанған қалың ел. Ғалым Т. Жұртбай-ша айтсақ, «бұл кезде Шыңғыстың ішін – наймандар, сыртын – керей, бауырын – уық, батысын – арғындар мекендеп алған» [10,23-24].

Қопарыла көшкен көп ел жоқ. Қанжығалы мен Тобықтының өзі айы-рылып, қанжығалы жолда арғын мен кіші жүздің жапсарында қалып қойды да, Кеңгірбай би бастаған тобықты ғана елге жетті. Бұл 1780 жылдарға таяған шақ.

Тобықтының ел басшылары мен қаһарман батырлары Ертісті өрлеуге онда қоныстана бастаған орыстардан ығып, Шыңғысты иемдену үшін Шаған өзенінің аяғынан бастау керек деп ұйғарады. Шаған бойында шашырай орналасқан қыпшақ, арғын жұртын кимелей, одан ары Шұнай, Қыдыр, Орда, Боқайдан асып сыбан мен матайларды сыналай ата қонысынан мекен тауып, Шыңғыстағы матай, сыбан, ойдағы уақтармен қыз алысып, қыз берісіп, құда – жекжат, көрші болады. Бірақ малы өсіп, жаны көбейген сайын жер аздық, өріс тарлық етті. Құдық үшін, қоныс үшін, өріс үшін туған дау бірте – бірте ағайын арасындағы жанжалдан өсіп, қақтығысқа айналады. Тобықты бұл өңірді ата қонысым деп арқаланса, осы жерге сәл болса да бұрын қоныс тепкен өзге жұрт бауыр басып, үйреніп қалған жерді иемденіп қалған. Кеңгірбай би бірде қырқысып, бірте бітісіп жүріп, тарақты, керейден, бірте – бірте уақтардың жерді босатып ала берген екен. Көрші жұртпен араздығы да ұлғая түседі. Әсіресе Бөктер мен Шыңғыс үшін Матайлармен қатынас шиеленісіп, оны кісі өлімі үдете түседі. Жуантаяқтың Бақай батыры Найманның Маян батырының інісі Дабағыны өлтірсе, Маян батыр бір соғыста Тобықтының бірнеше батырын бірінен соң бірін жекпе – жекте ажалға аттандырады [4, 49-60].

Енді көшуге қауқар жоқ, бас көтерер ағайын аз, «ел» дегені бар – жоғы 200 түтін жан, ет жанын үзіп берер ағайын алыста, тоз – тоз болып бытырап кетті. Қалың орман найманының ортасындағы матаймен кетісіп, суға кеткеннің қарманған талы Шыңғыстаудан айрылар жай тағы жоқ. Бас жарылды, барымта жасалды, кісі өлді. Ғасырлар бойы бас сауғалай, қонарын жел, ұшарын сай біліп, көшіп – қонып жүрген ел сыртқы жаумен күресте бір титықтаса, іштен шыққан іріткі екінші мәрте сілікпені қағады. Еңлік пен Кебек оқиғасы дәл осындай бір кесапатты кезеңнің тұсында өрбіді.

Еңлік - Кебек хикаясы турасында қалам тартқан жазушымыз, әдебиетші ғалым М. Әуезов қос ғашық оқиғасын тіптен трагедияландырып жіберген жайт-тарға тоқтала отырып: «Шыңғыстың бұ-рынғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болды. Бұның арты көп шабуыл болған. Қазақ оқушысының көпшілігіне мәлім болған «Еңлік-Кебек» оқиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді», - дейді [11, 242].

Ғашықтар хикаясының тарихи іздерін ғылыми түрде негіздеген белгілі әдебиетші, ғалым Т. Жұртбай оқиға өткен аренаға былай түсініктеме береді: «Исі қазақ жері шапқыншылықтан құтылға-нымен, Тарбағатай, Жоңғар қақпасы, Барлық таулары тұсында шекаралық қақтығыстар тиылмаған. Ел көші артта қалғанымен, батырлар сол жау өтінде жүрген... Ал Еңлік – Кебек оқиғасы кезінде Тоқтамыс батыр жорықта жүреді. Ал осыдан біраз уақыт бұрын жуантаяқ Бақай мен матай Маян батыр жер үшін жекпе – жекке шығып, екеуі мерт болады. Бұл елге қатты батады. Сыртқы жауға бірігіп соғысқан батырлар отбасында өледі. Содан исі – арғын – найман – керей – уақ билері келіп матай мен тобықтының дауын күшпен басып, төрелік айтады. Еңлік – Кебек оқиғасы сол өліарада өтеді де, Кеңгірбай ескі кекті ушықтырмас үшін қос ғашықты оқтың ұшына байлап береді» [10, 38-39].

Ғалымның көрсетуі бойынша, Еңлік – Кебек оқиғасы 1770-1780 жылдардың аралығында Шыңғыс тауының алабындағы Бөкенші өзенінің бойы мен Кіші Орда тауының балақ сілемінде өткен [12, 252].

Ел аузында ғасырлар бойы ақиқатқа бергісіз аңыз болып сақталып, көп нұсқалы көркем шығарма туғызған тобықты жігіті Кебек пен матай қызы Еңліктің тағдыр ақиқаты қандай, олардың өлім тұзағына байланып кете баруы қалайша? Оқиғаның нақтылы шындығын беруде тағы да ғалым Т. Жұртбай зерттеулеріне үңілуді жөн санадық: «Кебек қансонарда Хан шыңының басына шығып қырдың қырмызы түлкісіне бүркіт салады. Содан Қахан (қазіргі Бөкенші – Т.Ж.) өзенін бойлай, Шыңғысты бөктерлей жүріп, Қара жартастағы Еңліктің үйіне, киіз үйіне түнемеге жетеді... Еңліктің ер жігітке көңілі толады. Кебек атына бұрыннан қанық екен» [12, 266].

Бұдан әрі қыз Кебекке көңілін білдіріп, өзінің айттырып қойған жері бар екенін айтады. Бірақ бесігінен байланып қойған күйеуі ақылсыз, ынжық біреу. Еңлік оны өзіне тең көрмейді. Сөз арасында Кебекке деген көңілін де білдірген. Бірақ Кебек қыз сөзіне бірден ере қоймай, ел арасындағы ушыққан жағдайды алға тартса да, сезім сырына жеңдіріп, екі жас мауқын басады. Сонымен қыс өтеді. Еңлік жүкті болып, екеуі қол ұстасып Орда тауына қашып кетеді. Ақыр аяғында істің мәні белгілі болып, тобықтыға сұрау салған. Бірақ тобықтылар істің мән – жайынан хабарсыз еді. «Ерегеспен ел барымтаға шығады. Сол кезде Көбей Кеңгірбай биге барады. Еңлікті алып қашқан Кебек екенін біліп тұрып, бәтуаласудан бас тартады. Тоқтамыстың келуін күтеді» [12, 267].

Кеңгірбай би елді бағындыруда қамал бұзар батырларға да арқа сүйеп отырғаны белгілі. Қазақ – жоңғар қақты-ғыстарының соңғы лебі әлі басылмаған шақ болғандықтан, ара түсер Кебектің жамағайыны жуантаяқ Тоқтамыс батыр мен Еңліктің нағашысы аталатын Қаракерей Қабанбай батыр жау шебінде, жорықта. «Мүмкін, Қабанбай мен Тоқта-мыс оқиғаны ушықтырмай тыйып тастауы да... Арада бір жарым ай өтеді. Одан кейін тағы да үш ай бойы мәміле ұсынбаған тобықтылардың бұл үнсіздігін матайлар қорлыққа, басынғаныққа санап, өре түрегеледі. Оларға сыбандар қосылады. Енді екеуін де ұстап беруін талап етеді» [12, 266-267].

Еңлік пен Кебектің дауы тобықты мен матайдың шеңберінде ғана қалып қойған жоқ. оған Еңліктің айттырып қойған жері қосылады. Және ол «жай жер» емес, сыбан ішіндегі жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі Қу дауысты Құттыбайдың қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, би болған Байқарасының әйгілі Ақтайлақ бимен бірге туған баласы. Бұл өз кезегінде Еңлік пен Кебек дауына матай, тобықтымен қоса сыбан, ары кетсе бүкіл найманның араласуына әкеледі.

Кеңгірбай анталап тұрған іргелі елге жауап айтуға асықпапты. «... Міне, Кеңгірбай бидің қателігі осы арада. Ол мына оқиғаның түп төркінін, жақсылыққа әкелмейтінін біле тұрып, үш рет сұрау салған матайды жауапсыз қалдырды. «Ал істейтініңді істеп ал» деген ишара, қысас бұл. Және мәмілеге шақырған елді қорлау. өзінің менмендігін» жеңе алмаған Қабекең – Кеңгірбай би бұл жол «жеңілсе, енді барар руы жоқ» екенін кеш сезіп, «көрсетемін, қайтемін, тыныш жатам» - деп қос ғашыққа ара түспейді... Ақыры қос ғашық Ералы жазығы мен Таймақ көлінің арасындағы төбенің топырағын томпитып тынады» [12, 367-368].

Тобықтылардың арасындағы ушық-қан жесір дауы мен жер дауы, барымта – күрес, суат пен құдық, өріс пен қонысқа таласқан шайқастардың жаңғырығы тіптен кейінге, Абай өмір сүрген ХІХ ғасырға дейін естіледі. Ол туралы М. Әуезовтің «Абай жолы» романына қайта көз жүгірткенде көзіміз жетеді.

Кебек пен Еңліктің өлімге байлануының бір тақсіретін тарихи оқиғалар ізінен көрдік, ал енді бір ұшы сол тарихи кезең белесіндегі салт пен санаға байланып жатқан жоқ па? Қазақтың қағазға түспесе де, халық жадында, көкейінде сайрап жатқан тапжылмас заңға бергісіз сан ғасырлық салты мен дәстүрі, даланың қатал заңдары бар. Ел арасын ірітпей, бүтіндікті бүлдірмей сақтап келген де сол салт. Үлкенді сыйлатып, кішіге иба көрсете отырып, тәрбие көзі болған да сол салт. Және ол салт исі қазаққа ортақ заң. Көшпенділердің канондары бойынша, Еңлік пен Кебек ата заңын аяққа таптаған күнәлі бейбақтар. Еңліктің құдандасып қойған жұрты бар, Кебек болса біреудің жесірін алып қашып, намысын аяққа таптады.

Оқиға ХVІІІ ғасыр кеңістігінде өткен. Яғни, ескілік заңдары әлі күшті. Тіпті «Жеті жарғы» шығып қойған кез. Бұл ереже бойынша, «айттырып қойған қыз, өз сүйгенімен қашып кетсе, бұрынғы айтты-рған күйеуіне қыздың туыстары қалың-малын қайтарумен бірге, бір қызды айып ретінде береді немесе қыз орнына қалың мөлшерін төлейді» [13, 85]. Ендеше, Еңлік пен Кебек дауын құн төлеп, мал беріп бітіруге де болар еді ғой? Бұл жерде екі ел арасындағы жаулық килікпесе.

«Жығылғанға жұдырық», Кеңгірбай шешімі де ұзаққа созылды. «Қызды айттырып қойған жақ, қызды алып қашушының тарапынан кешірім сұрау, немесе қалыңмал айыбымен қоса қайтару кешіктірілсе өлім жазасын талап етуге, не барымтаға шығуына рұхсат» [13, 86].

Қазақтардың арасындағы мұндай мықты заң – жоралар барын және оның бертінге дейін үстемдік етіп тұрғанын орыс жазбаларынан да кездестіреміз. Мысалы, генерал – майор Броневскийдің 1831 ж. «Отчественные записки» басылымында жарияланған «О киргиз–кайсаках в Средней Орда» деген ақпарында қазақтар-дың арасындағы бұлжымас заңнамалар бар екенін айтады және оларға жеке – жеке тоқталып, түсінік беріп отырған. Соның бір тармағында былай делінген: «Если же сын или дочь, быв уже помолвлены, вступят в супружество с другими без ведома родителей своих, таковых предают смерти» [14, 419].

Қазақтардың дәстүрлі құқығы туралы тағы бір құжатты сөйлетейік: «Если жених застанет невесту свою же прелюбодеяний с посторонним ордынцем, и буде тут же произойдет убийство над преступником, то родные сего последнего не имеют право требовать должного куна; а обязаны, не доводя до сведения никакой власти, обстоятельство предать забвению. Равным образом если жертвою убийства будут оба лица, учинившие прелюбодеяние, то родители невесты не возвращают назад приданого (если оно выплачено) и не имеют права изъявлять никаких претензий на поступок убийцы» [15, 420].

Осы құқықтың сақталуын көзінің қарашығындай қорғау - билердің міндеті. Феодалдық талас – тартыс пен быты-раңқылықты жойып, бір орталыққа бағын-ған қуатты Қазақ хандығын құруға күш салу мақсатында өз тұсында Тәуке хан ежелден ханмен бірге ел тізгінін ұстап келген батыр – билердің қызметін тіпті күшейтеді. Ол ел ішінде «хандық кеңеспен» қоса «билік кеңестің» де рөлін арттырды: би соттық мансапқа ие болумен қатар, жергілікті атқарушы өкіметке айналады [1, 32].

Трагедияның түп негізінде ел мүддесі емес, алакөздіктен шыққан ру мүддесі жатыр. Ойымызды ғалым М. Мағауин сөздерімен негіздесек: «Әрине, тар жерде тек отырып аштан қырылмадың деп Тобықтыны кінәлау қиын, бірақ кең қонысының бір өңірін қаны қарайып келген бір ағайынға қимаған Матайды да ақтау мүмкін емес» [16, 21].

Тоз – тозы шыға «ақтабан» болып шұбырып, көз алдына көрінген жерге келіп «сұлаған» елдің тыныштығы, қара қауым-ның бүтіндігі, салттың салмағын сақтау үшін екі адамды «құрбан» етіп жіберу керек те болған шығар. Бірақ, алланың адамға берген жарық дүниесін адамның өз қолымен тартып алуы - өлімге кесуді қай заманда да, қай ортада да, ешкім де, ешқашан да, ешқандай әдебиет те ақтай алмайтыны ақиқат.

Осылайша, тарих тепкісі мен салттың сілікпесіне төтеп тұра алмаған қос боздақ екі ру арасындағы өшпенділік түтініне су сеуіп, бейбіт өмірдің құрбаны болып көз жұмды. Бірақ екеуінің махаббатының белгісі ретінде қалған нәресте бар еді ғой. Бұл туралы ел ішінде, ата-бабаның жадында жазылған тарих не дейді? Деректерге сүйенсек, баланы нағашылары бауырына басқан және одан тараған ұрпақтар бар дегенге саяды [17, 3], [18, 13], [19, 11].

Халық қиялы сол нәрестені өсіріп, «Ермек батыр» етіп шығарғанмен, дәл сол заманда ол балаға өмір, сол қоғамда орын жоқ еді.

Шырылдаған баланы, шыбын жаны шырқыраған жас жанды шыңғыртқан тарих қос құрбанын Ералы жазығының шығы-сындағы Шұбар төбеге жерлеп тынды. Келесі жылы қабірді таспен сандық-шалайды. Ғасырға жуық уақыт өткен соң, 1875 – 1880 жылдары Абай ауылына қонақ болып келген Біржан сал бейіт басына әйгілі тас қалау шебері Рыскелдіге мұнара тұрғыздыртады. «Қабір сандықшасының тұрқы тұтас, құбыла жақ басы екі айыр болған. Бұл қабірдегі екі адамды білдірген ишара болса керек. Кейін мұнара құлап, ізі ғана қалған» [20, 153-154]. Ал қазіргі ескерткіш 1960 ж. тұрғызылыпты. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Ералы жайлауының шығыс жағындағы, Семей – Қарауыл тас жолынан бес шақы-рым жерде тұрған мазар - махаббат мұна-расы, ел қадірлейтін, ғашықтар сыйынатын ескерткішке айналды.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Артықбаев Ж.О. Пірманов Ә.Б. Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылым). – Алматы: «Атамұра», 2008. – 544 б.

2. Тынышпайұлы М. Қазақ руларының шежіресі // Қазақтар. Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық. – Алматы: Қазақстан даму институты. 3-том. Шежіре, 1998. – 370 б.

3. Муканов М. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. - Алма–Ата: «Наука Каз ССР», 1974. – 200 с.

4. Жанболатұлы М. Тобықты – Шыңғыстау шежіресі. Үш томдық, 2004 ж. – 1-том. – 520 б.

5. Сыр өңірі тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). – Алматы: «Атамұра», 1998. – 288 б.

6. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз – қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: «Қазақстан», 1991. – 80 б.

7. Әуезов М. Абайдың туысы мен өмірі // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 8-т. - Алматы: «Ғылым», 2002. – 504 б.

8. Омаров А. Шәкәрімнің өмірбаяны // Ыбырай Алтынсарин. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2007. – 632 б.

9. Алдажаров Н. Тобықты тарихы // Жұлдыз, 1996. - №8.

10. Жұртбай Т. Құнанбай (Тарихи және әдеби тұлға). – Алматы: «Алаш», 2004. – 400 б.

11. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалары жинағы. 15-том.– Алматы: «Жазушы», 1984.

12. Жұртбай Т. «Еңлік – Кебек» пьесасының тарихи негіздері // Мұхтар мұрасы. - Алматы: «Қазақстан», 1997. – 352 б.

13. Артықбаев Ж.О. «Жеті жарғы» – мемлекет және құқық ескерткіші (зерттелуі, деректер, тарихы, мәтіні). Оқу құралы. – Алматы: «Заң әдебиеті», 2006. – 150 б.

14. Броневский С.Б. О Законах киргизов (1831) // Қазақстан заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер = Древний мир права казахов. Материалы, документ и исследования. 10 томдық. - Алматы: «Жеті жарғы», 2006. – 7-том. – 604 б.

15. Материалы по казахскому обычному праву, собранные чиновником особых поручений Д‘Андре в 1846 году // Қазақстан заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер = Древний мир права казахов. Материалы, документ и исследования. 10 томдық. - Алматы: «Жеті жарғы», 2006. – 7- том. – 604 б.

16. Мағауин М. Ақын, тарихшы, философ // Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. Т.1. – Алматы: «Раритет», 2007. – 448 б.

17. Алтынбаев Қ. Махаббат құрбан-дарының ұрпақтары // Семей таңы, 1990. – 25 тамыз

18. Қарамендин С. «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» хақында. – Қазақ әдебиеті. – 23 июнь, 1989 ж.

19. Құрманбай Ш. Еңлік пен Кебектің баласы болған ба? // Айқын. – 19.04.2007. - №69 (765).

20. Қазақ Совет Энциклопедиясы. 4- том. – Алматы: Қазақ Совет Энциклопедиясының бас редакциясы, 1974. – 672 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ