Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қаһармандық эпостағы тұрақты мотивтер

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010

Автор: Едильбаева Г.Б.

Қазақтың қаһармандық эпосы ішінен жұртшылыққа неғұрлым танымал «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» секілді нұсқалардың жалпы бітімінде классикалық батырлар жырына тән өрнектер толығырақ байқалады. Мұның өзі түрлі халықтар эпосы арасында кең мағынасындағы тарихи - типологиялық ұқсастықтар, маңызды заңдылықтар орын алатындығын аңғартады.

Зерттеушілердің көрсетуі бойынша қаһармандық эпостың көбіне тән негізгі белгілердің бірі - болашақ батырдың ғажайып туысы болып табылады. Бұл сарын (мотив) эпостан бұрынғы жанрларда да (ертегі, аңыз) кездесетіні белгілі. Болашақ батырдың ғажайып туысының мифтік персонаждармен генетикалық байланысы, мифологияның ыдырауы кезеңінде пайда болған кейіпкерлерге қатысы бар екендігі кәміл. Қаһарманның қандай жағдайда туғанын тәптіштеп айту тек композициялық тәсіл немесе өмір-баяндық қажетті элемент қана емес, мұның мәні тереңіректе жатыр. Байқап қарасақ батырдың туғанына дейінгі ахуалды ескерту үлкен идеялық қызмет атқарады екен. Қартайған ата - ананың, дүйім бір елдің жаратқаннан перзент сұрап, мінажат етуі жеке семьялық тілек қана емес, белгілі бір ру, тайпаның шын мүддесі де болып есептелуі эпостың басталуына ерекше құпия қуат дарытқандай болады. Демек, қаһармандық дастан экспозициясы аса үлкен көркемдік роль ойнайды.

Бұл жағдай «Алпамыс батыр» жырында неғұрлым толық түрінде берілген. Бүкіл Жиделі - Байсынды жайлап жатқан Байбөрі байдың салтанатын көсілте суреттеу белгілі мақсатты көздейтінін көруге болады.

Бұрынғы өткен заманда,

Дін - мұсылман аманда,

Жиделі - Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде,

Байбөрі деген бай шықты.

Тоқсан мың екен қарасы

Мұрындық ноқта тимеген,

Түйешілер мінбеген.

Сексен мың екен маясы.

Шұрқырап жатқан бір жылқы,

Тоғай сайын мың жылқы,

Есебі жоқ көп жылқы,

Жиделі - Байсын даласы... [2; 122]

Бірақ осыншама шалқыған байлық Байбөріге бір мысқалдай да бақыт бермеп-ті. Оның себебін жыр «соншама бай болса да, жоқ еді ердің баласы» деген сөздермен тұжырымдайды. Рулық - патриархалдық заманда, ата мүлкіне бала ғана мұрагер болатын жағдайда перзентсіздік деген кімге де болса үлкен кемшілік саналатын. Билік пен бедел күшке негізделген дәуірдің салт - санасын «көп қорқытады, терең батырады», «көсеуі ұзынның қолы күймес», «көптің бір аты - зорлық» деп келетін мақалдардан да байқауға болады. Баласыздықтың зары «Алпамыс батырда» Байбөрі аузымен былай айтылған:

... Алмадың құдай жанымды,

Бір баланың жоғынан

Ағайын жеді малымды.

Айналайын атыңнан,

Жаратқан жалғыз құдайым,

Бір баланың жоғынан

Зорлық қылды маңайым.

… Баласы жоқ адамның

Әркімге ақы кетеді.

«Байбөрі қу бас» деген сөз

Сүйегімнен өтеді... [2;123-124]

Міне осындай жағдайда тәңірден бала тілеп, сұрауы қабыл болғанын көрсету ерекше мәнділікке ие болмақ. Бұл тұста адамның жаралуы туралы көне ұғым елес береді. Ерте заманда дүниедегі күллі жануардың иесі, жебеушісі болады деген ұғым үстем болғаны белгілі. Баланы мінәжат етіп, тілеп алуға болады деген түсінік осыдан туған. Байбөрі мен Аналықтың перзент аңсаған әрекеті төмен-дегіше жүйеде көрінеді.

Баласыздық зары. Жебеуші «күш-терге» жалбарыну. Әзірет сұлтанға бала тілеп аттану. Әулиеге түнеу, садақа үлестіру. Бабай түкті шашты Әзіз әулиеге сапар шегу. Намаз оқып мінәжат ету. Таңсәріде ақ сәлделі, қолында асасы бар диуана келіп, бұларға бір ұл, бір қыздарың болады деп аян беруі. Аналықтың қабылан етіне жерік болуы. Алпамыстың дүниеге келуі. Ұлан асыр той жасалуы.

Жырда бұлардың бәрі де кең таратылып, келісімді сипатталады. Айтушы жыршы қаһарманның тууы ғажайып күш-терге байланысты екеніне әдейі мән беріп, мұны айрықша оқиға дәрежесіне көтере суреттейді. Алпамыс туғанда Байбөрі жасаған той да ерекше дарқан пейілді аңғартқандай болады.

Болашақ батырдың ғажайып тууы қазақтың, түркі, монғол тілдес басқа халық-тардың да эпосында жиі кездеседі. Қазақ жырларынан бұл сарынды «Қобыланды батыр», «Мұңлық - Зарлық», «Шора батыр», Едіге батыр» аңыздауларынан ұшыратамыз.

Батырдың ғажайып жағдайда дүниеге келуі барлық жырларда түгел тізіліп, жүйелі баяндала бермейді. Оның себебін жырдың айтылу дәстүріне, вариант-тылығына, не қысқарып, не ұлғайып отыратын табиғатына байланысты қараған жөн. Қазіргі романдарда қаһармандардың туғанынан ер жетіп, кемел істер атқаратынына дейінгі өмір желісі түгел қамтылып айтыла бермейтіні секілді эпоста да мұндай заңдылық орын тебетіндігін көреміз. Мәселе жекелеген жырлардың құрылысындағы әр түрлілік туралы болып отырған жоқ. Қаһармандық эпостың классикалық, неғұрлым барлық нышан-дары сақталған нұсқаларына тән басты белгілер жайында ғой.

Егер эпикалық батырдың өмір бастауы осындай керемет оқиғалармен өрнектелмесе, оның кейінгі алуан, сұрапыл ерліктерін түсіне алмаған болар едік. Есейіп, ақыл, қайраты толысқан кезде мың жауға жалғыз шабатын батырды «жараты-лысынан» ерекше ерен етіп көрсетудің психологиялық мотивировкасы осында жатыр.

Қаһармандық эпостың көбіне тән ерекшеліктің енді бірі - батырдың ерте есеюі, алыптықты жастайынан танытып отыруы. Бұл да кездейсоқ емес, эпикалық идеалдандырудың заңды сатысы. Архаи-калық элементтері көбірек сақталған саха (якут) эпостарында қаһарманның жедел жетілуі соншалық көтеріңкі, әрі кең таратылып айтылады. Қазақ эпосында да осы дәстүрдің ізі байқалады, жалпы түркі монғол эпикалық жырларымен типоло-гиялық ұқсастық, заңдылығы анық сезіледі.

«Қобыланды батыр» жырынан үзінді келтірейік:

... Алты жасқа келгенде

Арыстан туған Қобылан -

Қазынадан қамқа киеді.

Өзімнің еншім болсын деп,

Тобылғы меңді торы атты,

Енші қылып мінеді,

Қобыландының тілегін

Бүкіл қыпшақ тіледі.

Қайыры көп халқына

Енді түсіп салтына,

Таулар күйіп, тас жанған

Алты жасар баланың

Елбеңдеген зарпына

Өзі алты жасында

Қаршығасы қолында

Тазысы ерткен соңында... [2; 25]

Қазақ эпосының інжу – маржан-дарының бірі - «Алпамыс батырда» Алпамыс он жасқа шыққанда алыстағы қалыңдығын іздеуге әзірленген болып көрінеді. Ол жылқыға барып, ат таңдағанда тапқырлық та, қайраттылық та танытады, шұбар атты құйрықтан алып лақтырады, өзінің ырқына әбден көндіріп алған соң ғана тұлпарға мініп, мақсатты жағына қарай тартып отырады. Эпос осылайша, жылдардың оқиғаларын бір ақ аттап, қаһарманды шапшаң сапқа тұрғызады, өзіне тән тәсілмен батырлық пырағына мінгізіп, ерлік ғарышына беттетеді:

... Шұбарды бала ұстады,

Ашуы жаман қыстады.

Үйіне де келмеді

Мен кетемін демеді,

Жалғыз бауыры Қарлығаш,

Кетерін де білмеді,

Саймандарын сайланып,

Алтыннан кемер байланып,

Абжыландай толғанып,

Қызыл найза қолға алып,

Шұбарға қарғып мінеді.

Құдайдан медет тіледі,

Қарғып мініп жас бала,

Ашуы кернеп жөнеді [2; 242]

Қаһармандық эпоста сүйіспен-шілікпен суреттелетін бейнелердің бірі - жүйрік ат бейнесі. Ғасырлар бойындағы көшпелі өмір кешкен қазақ халқының тіршілігінде жылқы малының ерекше маңызы болғаны мәлім. Сауса сүт, мінсе көлік, сойса ет дегендей жылқы түлігі ел санасынан өшпес орын алған, бұл тарапта неше алуан аңыздар, өлеңдер, мақал - мәтелдер шығарған. Соның бәрінде жүйрік, жорға, тұлпар, арғымақ тұлғасы көкке көтеріле мадақталады.

Көне тарихтың куәгері - жылқының қоғам, жеке адам өміріндегі қызметі алуан түрлі. Орта Азияда жылқы өсіру тарихы біздің заманымызға дейінгі төрт мың жылдыққа барады екен. Бұл әлбетте, осы бір түліктің күллі қасиетін, сыр сымбатын жетік білерлік мерзім екені кәміл. Жылқының барлық тұқымы, жасы, түсі, мүшесі,тілдік қорымызда соншалық анық сипатталып отыратыны осыдан. Аттың сұлу тұлғасын суреттеген өлең, жыр жазба әдебиетте де мол.

Батырдың мінген аты жүйрік болып көрсетілуі қаһармандық эпостың түпкілікті идеясына - елді сыртқы жаудан қорғау мақсатына тікелей байланысты. «Ат ердің қанаты» деген нақылда замандар бойында қалыптасқан түйінді пікір жатыр.

Қаһармандық эпоста батырдың аты түрлі жағдайда алуан сипат танытатын киелі жануар есебінде елестейді. Сол қасиеттерді жинақтап келгенде мынадай белгілері екшеліп шығады:

- Ұшқан құстан озатын ересен жүйріктігі;

- Алыс жолға алқынбай жететін қайратты, төзімділігі;

- Батырдың мінезі мен тілегін сезіп отыратын, дұшпанның арам пиғылын тани-тын естілігі;

- Қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп» сөйлеп, батырға ақыл кеңес беретіндігі;

- Сын сағаттарда түсін өзгерте алатын сиқырлы өнері болатындығы;

- Жау келе жатқанын күн ілгері сезіп, иесіне қауіпті білдіретіндігі;

- Батыр мерт болса, денесін далаға қалдырмай, еліне алып келетін опалылығы, т.б.

Әсіресе, батырлар жырында аттың ұшқырлығы ерекше шебер кестеленгеніне қазақ эпосынан мысалды тізіп келтіруге болар еді. Біз аттың жырдағы сипат-тамасын жүйелі баяндау үшін ғана қажетті үзінділер келтірумен шектелеміз. «Қобыланды батырдағы» Тайбурылдың шабысын бейнелейтін түс көңілімізді елең еткізіп, қаһармандық еркіндіктің стихия-сына қанықтырғандай болады. Сұлулық, асқақтық, өршілдік ұғымдарына еріксіз ұшырастырады, мәрттіктің мәңгі үлгісіндей тұтастығымен және кесектігімен таң қалдырады. Атап өтерлік нәрсе - «Қобы-ланды батыр» жырында Тайбурылдың әр кезеңдегі шабысы үдемелі түрде бірінен бірі асып түсерлік қасиеттерімен берілген. Сол шабыстың ең шырқау жері қырық күншілік Қазан хан еліне бір - ақ күнде жеткенін көрсететін көркем, кесек шумақтар.

Тайбурылдың шабысына лайықты шабытты өлең шалқиды да отырады. Бұл тұста айтушы да, тыңдаушы да, өздері шауып келе жатқандай ләззат алады; ерлік ,өрлік намыстылық бәрі бірігіп, тас түйін болып, бір ғана нысанаға болатындай.

Арандай аузын ашады,

Аяғын топ - топ басады

Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады.

Кешке жақын Тайбурыл

Жын қаққанға ұқсайды

Құлан менен құлжаның

Ұзатпай алдын тосады.

Көл жағалай отырған

Көк құтан мен қарабай

Көтеріліп ұшқанаша

Белінен басып асады... [2; 77-78]

Жүйрік аттың осындай қасиетін ерекше бағалайтын халық оны жан - жануардың бірі деп қана қарамай адам ойын, ниетін түсінетін киелі деп қараған. Жүйрік ат жайлы жазылған шығарма, бейнелеу өнері суреттері, әсем ән мен күй аз емес. Оларда ер адамды ғасырлар бой-ында мұратына жеткізген жан серігі болған пырақтың бейнесі жан - жақты суреттелген. Бірақ тұлпардың ескі замандағы өшпес, ұмытылмас ең кесек тұлғасы қаһармандық эпоста жасалған секілді.

Қаһармандық эпостарға тән белгілердің бірі - ел қамқоры батырдың ең жақын досы, әрі жары, тамаша сұлу, ақылды әйелдер бейнесінің жасалуы. Ал кейбір халықтардың эпосында әйел қаһармандар батырлық жағынан ерлерден кем қалмай, кейде асып түсетін болып суреттеледі.

Батырлар жырында көркемдігі кемел әйел бейнелері жасалған. Халықтың эпикалық санасы әйелдің семьядағы, қоғамдағы орнын лайықты бағалай біледі, батырлардың сүйген жарларын өздеріне тең, айрықша парасат иесі, ел мүддесін кең ойлауға қабілетті, алдағыны болжай білетін, қиын - қыстау кездерде айны-май-тын, сүйгені, қосағы жолында басын өлімге де қиюға әзір жандар етіп суреттейді. Бұлар рудың, елдің бүтіндігіне септесетін дана аналар болып та елес береді.

«Қобыланды батырда» Құртқа ерекше шеберлікпен сомдалған. Жырда ол жиі көрінбегенімен, ең қажетті істерді атқарады. Қобыландының тұлпары Тайбу-рылды мәпелеп өсіріп, алыс жорықта талмайтын етіп шыңдайды. Қобыландының көңіл - күйін танып, тиісті жерінде ақыл қосуда да Құртқа әдептілік, кемелділік байқатады. Қысқасы Құртқа басына қазақ қоғамы жағдайындағы ең асыл қасиеттер жинақталған. Алпамыс батырдың жары Гүлбаршын туралы да осындай мінездеме айтуға болады.

Қазақ эпостарында әйелдің ақыл-дылығына үлкен мән беріледі. Құртқа, Гүлбаршын сұлулар ақыл - парасат жағы-нан ерлерден асып түспесе, кем қалмайды. Ал «Ер Тарғындағы» Ақжүніс, «Қамбар батырдағы» Назым бейнелері жан - жақты суреттелген тұлғалар деуге болады.

Қырым елінен Тарғын Ақжүністі алып қашқанда бұлардың соңдарынан қуғын шығып, солардың ішінен, әсіресе, өктемдеп келгені Қарт Қожақ батыр болып көрінеді. Қарт Қожақ Тарғынды сөзден ұтып, Ақжүністі алып қайтуға таянғанда қыз мейлінше тапқыр, өткір сөздерімен қарт батырдың үмітін іске асырмай, бетін қайтарады.

Қазақ эпосында жасалған әйелдер бейнесінің тізбегінде «Қамбар батырдағы» Назым тұлғасы да ерекшеленіп көрінеді. Назымның өз теңін табу үшін талпынуы, әкесіне батыл шарт қоюы, Қамбармен сырласу үшін әрекеттері - бәрі де бұрынғы қазақ әйелінің сымбатын өзгеше бір қырынан түсіндіре алады. Бұл арада біз эпостағы әйел тұлғасының эволюциясын да көргендей боламыз. Егер Гүлбаршын, Құртқалар бойынан рулық - патриархалдық қоғамның салтына толық сай келетін, көбінше ел ісіне ашық араласпайтын, батырға адал кеңесші, жанашыр бола білетін әйелдер келбетін көрсек, Ақжүніс, Назымдар өз еріктерін жоғары санайтын жандар болып сипатталады.

Жалпы қаһармандық эпостағы әйел-дер бейнесі халықтың бір замандағы ұғымына, әйелдің қоғамдағы қызметін жоғары бағалауына сәйкес көркемдік жинақтаулар болғанын көруге болады.

Қазақ қаһармандық эпосына тән ортақ мотивтердің бірі: тілдік, тақырыптық қайталаулардың кеңінен кездесуі.

Фольклоршылар эпос тілінің форму-лалығын үш түрге бөліп қарайды. Олар: жекелеген бейнелі сөз тіркестері; түрлі ұқсас жағдайлар суреттелгенде қайталанып келетін жолдар; эпостағы дәстүрлі ситуа-цияларды бейнелейтін күрделі суреттемелер [5; 82]. Әлбетте бұл түрлердің әрқайсысының қолданылу жиілігі әрбір шығармада, олардың версия, вариантында өзгеше құбылып отырмақ. Бұл тарапта түрлі халықтың фольклорында ортақ ұқсастық та, едәуір айырмашылық та ұшырайтыны табиғи.

Эпос тілі формулалығы қазақ жырларында қаншалықты сақталған деген мәселе шығарманың фольклорлық туысын анықтауға көмектесетіндігі проблеманың бір жағы болса, бұлайша тексеру нақтылы туындыдағы төкпе ақындық нәтижесін де бағалаудың шарты болып саналады.

Қазақ қаһармандық жырларында бейнелік, теңемелік, оқиғалық, тақырыптық қайталаулар көп кездеседі.

Қазақ эпостарында ұшырайтын сөз қайталаулары, эпикалық аңыздауларға ор-тақ өрнек болып табылатын форму-лалықтың бір тобы қысқаша тілдік тіркестер, тұрақты эпитеттер мен теңеулер болып табылады. Бұған «жеті жұмақ», «кәміл пір», «қозы жауырын жебе», «құмырсқа бел», «алтын тұрман», «қара ат», «көк бурыл», «сары бел», «ақсұңқар», «алмас қылыш», «тоғыз қабат», «ақ берен» секілділерді мысалға алуға болады. Бұлар жыр көлемінде әлденеше рет қайталанып келіп отырады, эпикалық бейнелеудің күрделі бөлігі болып табылады. Жыршы, жырау, ақындар бұл тәрізді дәстүрлі баламалардың жүздеген нұсқасын жатқа білуі олардың эпос оқиғасын қажет жерінде өзінше баяндап, еркін көсіліп кетуіне мүмкіндік берген. Өйткені мұндай теңеу-лер халық құлағына ежелден қанықты, жатық естілетін, ешкімнің «жеке меншігі» емес, кімде - кім қисынын тауып, іске жаратуға да хақылы, үйреншікті сөздер болып есептелген.

Эпостағы ауыспалы сөздер мен тіркестердің енді бір парасы қайталанып келетін жолдар. Мұндай тармақтар эпика-лық стильдің дәнекері, байланыстырушы элемент секілді. Жырдың даму барысында оның түрлі бөліктеріне тән осындай жолдар мен шумақтар күрделі орын иеленеді. Бұл үлгідегі формула, қайталаулардың кемі бір жол, молырағы бірнеше жолға ұласады. Эпикалық жырлар-дағы: «әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыпырып», «намаздыгер өткенде, намазшамға жеткенде», «қабағына қар қатып, кірпігіне мұз тоңып», «жая десе, жал берген, шекер десе, бал берген», «буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды», «ақ сәлдесі басында, ақ таяғы қолында», «аш күзендей бүгілді, шыбын жаннан түңілді», «ертемен шапса, кеште озған, ылдидан шапса, төсте озған», «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен», «қаланың аузын қан қылды, қақпаның аузын шаң қылды, тұлымдысын тұл қылды», «толықсып тұрған кәпірді, толғап тартып қалады», тәрізді байырғы балама, ұйқастар шығарманың көркем сөз жүйесінде де, құрылысында да елеулі қызмет атқарады.

Бұл тектес жолдар мен шумақтар эпикалық поэзия стилінің формулалығын белгілейтін аса маңызды көрсеткіш, эпостың қайталанбас ерекшелігін құрайтын нақыш болып табылады.

Қазақ эпосында жиі қайталанып отыратын тіркестердің қатарында эпикалық сандарды да көрсетуге болады. Әсіресе, жеті, тоғыз, отыз, қырық, алпыс сексен, тоқсан тәрізді сандар молырақ кездеседі. «Қобыланды батыр» жырында жеті саны бірде «жетігір», «жеті жұмақ» тіркестері түрінде жиырмадан артық рет қайталанған. Қырық санының да қолданылуы осы шамалас. «Алпамыс батыр» эпосында бұл сөз «қырық күншілік шөл», «қырық кез сандық», «қырық қыз», «қырық отау», «қырық балам бар еді» «қырық қыз нөкер» «қырық күн тойын» сияқты тіркестерде кездеседі. Сонымен, эпикалық сандар да өз орнында формулалық міндет атқарады екен.

Эпостың тілдік құрамында форму-лалық үлкен мәнге ие болуы түрлі тақырыптардың қайталана жырлануына, шығарманың белгілі композициялық құры-лыс заңдылығына байланысты. Ұқсас тақырыптар мен оқиғалардың сөз болуы тілдік, тіркестік, бейнелік қайталаулар туғызуы табиғи. Қазақ эпосының біразына тән мұндай тақырыптар: кемпір мен шалдың баласыздық зары, әулиеден бала тілеп жалбарынуы, болашақ батырдың ғажайып туысы, оның жедел ер жетуі, қалыңдығы үшін соғыс жүргізуі, тұлпар аттың шабысы, жаудан кек қайтаруы секілді болып келеді. Сөз кестесіндегі сарындастық осындай тақырыптық жақын-дықтан, композициялық үндестіктен туса, тіл өрнегіндегі айырмашылықтар да осы тұста көрінеді. Айтушы ақын, жырау, жыршы неғұрлым дарынды болса, әрбір оқиға, эпизодты өзгеше мәнерлеп, құбылта суреттеуіне мүмкіндік мол, жырдың түрлі вариантты, нұсқалы болып таралатын себебі осыдан. Эпоста айтылатын тақырып ауданы неғұрлым көп болса, оның лексикалық, стильдік өзгешелігі де соғұрлым кеңірек көрінбек.

Қаһармандық эпос өзінің даму тарихында идеялық және көркемдік жағынын үнемі шыңдалып, жетілу үстінде болған. Бұл жырлар халықтың әр кезеңде жасаған ерліктерін суреттеу арқылы өсіп ұлғайған. Әрбір тарихи кезеңде, халыққа төнген қауіп кезінде асқан ерлік көрсетіп, еліне қамқор болған батырларды халық осындай эпостық жырлармен есте қалдырып отырған. Олардың батырлық бейнесін, ерлік келбетін жасаған.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Бердібай Р. Қазақ эпосы. Жанрлық және стадиялық мәселелер. – Алматы: «Ғылым», 1982. – 230 б.

2. Батырлар жыры. – Алматы: «Жазушы», 1986. 1 т. – 470 б.

3. Батырлар жыры. – Алматы: «Жазушы», 1986. 2 т. – 364 б.

4. Ғабдуллин М. Қазақ халқының батырлық жыры. – Алматы: «Ғылым», 1972. – 337 б.

5. Жұбанов Е. Эпос тілінің өрнектері – Алматы: «Ғылым», 1978. – 184 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ