Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Айтыс өлеңдерінде диалект сөздердің қолданылуы

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010

Автор: Кусманова Кульжибек Аскеновна

Айтыс - қазақтың халық ауыз әдебиетінің тіл байлығын көрсететін үлкен бір саласы. Ол - суырып салма ақындық өнердің жемісі. Айтыс - cинкреттік жанр, мұнда ақындардың ақындық алғыр-лығымен бірге сазгерлік өнері, әншілік өнері, орындаушылық өнері бірге өрілген.

С. Мұқанов айтыс қазақтың ескі заманнан келе жатқан ауыз әдебиетінің бір кең саласы екенін, айтыс ақындары өз заманының барлық күнделікті тіршілігіне араласып, халықтың жақсылығын дәріп-теуші, кемшілігін сынаушы, тарыққанда ақылшысы, қуанғанда сайраушысы болға-нын айта келіп: “Айтыста озған ақын халық алдында ақындыққа мандат алғандай болады. Бұл мандаттың жазылатын қағазы - халық жүрегі. Ақын халықтың ең сүйкімді, ардақты адамдарының қатарында тұрады. Халықтың ақынды жақсы көруіне себеп - оның шешендігі ғана емес, олардың айтыста, иә басқа шығармаларда халық тұрмысының шындығын суреттеуі, қуанышы мен қайғысына шын көңілмен ортақтасуы”, - дейді (1, 156-157).

Айтыс - көне заманнан үзілмей келе жатқан өнер түрі, ежелден сөз жарысы, айтысу ұғымында қолданып келеді. Айтыс - екі адамның өнер жарыстырып бәсекеге түсуі - қара сөз арқылы да, белгілі бір аспапта ойнаумен де, суырып салып айтылатын өлеңмен де болуы мүмкін. Бұның бәрі “қиыннан қиыстыратын” ше-берлікті, алғырлықты, тапқырлықты талап етеді. Ежелден “өнер алды - қызыл тіл” деп сөз өнерін аса жоғары бағалаған халық айшықты сөз бедері мол ақындар айтысына ерекше мән беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жал-ғастырып отырған. Ақындар айтысы қалың ел бас қосқан үлкен жиындарда өтетіні белгілі. Дүбірлі ірі айтыстарға танымал ақындармен бірге, өнері өрге жүзген дүлдүл, шешен, тапқыр жас ақындар да қатысатын болған. Сөз барымтасы кезінде көсем сөзге кім жүйрік болса, сол жеңіске жетпек. Шаршы топта сөз барымтасына түскен ақындардың айтысына әділ төрелік айтушы да көпшілік, сөз құдіретін түсінетін би, шешендер болған. Айтысушы ақындар сөз сайысы кезінде бір-бірін аяусыз сынап-мінеп, түрлі әдіс-тәсілдер қарастырып, қарсыласының ұрымтал жерін аңдып, жеңіске жетудің жолын іздеп, бұлтартпайтын уәжді де мағыналы ойлар-ды айтып, сөзбен жығуды көздейді. Әрине, бұл үлкен білімділікті қажет етеді. Сондай-ақ, қай ақынның кіммен, қай жерде айтысатынын, айтыстың қандай тақырыпқа құрылатындығы белгісіз болған. Бірақ та ақындар ел ішіндегі елеулі өзгерістер мен уақиғалардан хабардар болып отырған. Аты шулы ақындардың жаман, жақсы жақтарын есепке алып, іштей айтысқа дайындалып жүрген. Біз өз дәуірінде аты айтыспен әйгіленген талай айтыскер ақындарды білеміз. Сонда айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның бірден-бір ақын аталатын өнер мектебі саналып келген.

Айтыс - көшпелі өмір кешкен елдердің бәріне тән өнер, бірақ ол бірінде аз, енді бірінде мол дамыған. Әдет-ғұрпы, салт-санасы бізге ұқсас көшпелі қырғыз, қарақалпақ, алтай елдерінде де айтыс өнері болған. М. Әуезов айтыс туралы зерттеуінде ортағасырдағы фильдердің, труверлердің, мейстерзингерлер мен скаль-ділердің, скоморохтармен мүшайра, мұғаллақатқа қатысушы ақындардың суырып салма өлең мен айтыстартысқа шеберліктерін, олардың қазақ айтыстарына ұқсас ерекшеліктерін айтқан болатын, С. Мұқа-нов та көшпелі монғол, түрікмен, араб секілді елдерде де айтыстың болғанын айтып кеткен.

М. Әуезов айтыс жанры есте жоқ ескі замандардан бері қарай созылып келгенін айта келіп: “Ең ескі айтыс түрлері қазақ фольклорында топ-топ болып, өзінше хормен айтылатын ескі салт өлеңдерінен басталып, содан бері келе жеке ақындар айтысына өрістеп, ауысқан тәрізді”, - дейді (2, 280). Арғы түбі қыз бен жігіт болып топқа бөлініп, қосыла айтылатын жар-жар, бәдік жырларынан бастау алып, дами келе қайымдасу, қағысудан шыңдалып барып, қазіргі ұзақ сүре айтысқа ұласқанын кейінгі зерттеушілеріміз де қуаттайды.

Қазір біз XVI-XVIII ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз. Бірақ та айтыстың болғаны даусыз.

Түркі тектес халықтарда айтыстың элементтері байқалатын жазба ескерт-кіштерді ғалым С.М. Исаев “Қазақ әдеби тілінің тарихы” атты еңбегінде атап көрсетеді: “Бәлкім, XI ғасырдың ескер-ткіштері Жүсіп Баласағұнның “Құдадғу білік” шығармасындағы төрт кейіпкердің арасында бақыт, құт туралы сөз сайысы, Махмұд Қашқаридың “Дивану лұғат-ат түрк” атты еңбегіндегі жаз бен қыстың айтысы да, бертін келе шешендік даулар да айтысқа қатысты, айтыс өнерін дамыта түсуге мәні болды” (3, 181).

Осындағы “Жаз бен Қыстың айтысы” өзінің сыртқы түр құрылысы мен мазмұны жағынан мысал айтысты еске түсіреді. Жаз бен Қыс бір-бірін дәріптеп аспанға көтеруі, я болмаса жеріне жете сынап, аяусыз мінеп-шенеуі ақындар айтысына ұқсас. Сөз саптауына келсек:

Көкте тұман қалмады,

Аққу бұлттар шарлады,

Найзағайлар самғады,

Жебесіндей садақтың (4, 31), -

деп келеді. Немесе “Жаз байлығын қыс берер”, “Жақсы сөзбен жан емде” және т.б. сөз тізбектерін көреміз. Жаз бен Қысты айтыстыру арқылы ақын табиғат пен адам өмірін байланыстыра, шендестіре бейне-лейді. Жыр шумақтары көбінесе етістікпен аяқталады. Әр шумақтың алғашқы үш жолы ұйқасады да, төртінші жолы келесі шумақтың төртінші жолымен орайласады. Айтыс өлеңінің құрылысы 7-8 буынды жыр ағымы үлгісінде келген.

Сондай-ақ, С.М. Торайғыровтың “Айтыс” поэмасында айтысқа тән барлық элементтер қамтылған. Ақын қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, сол арқылы қала мен даланың артықшылығын және қайшылықтарын талдайды. Сұлтанмахмұт дала ақынының сөзін басымырақ ұстап қазақтың жерін, табиғатын, елін, игі жақсыларын, батырларын, ақындарын, салт-дәстүрін мақтан тұта жырлайды. Және тілі мен дүниетанымының биіктігін сурет-тейді. Ал қала адамдарының кеңпейіл еместігін, әділетсіздігін баса көрсетеді. Көркемдік жағынан да қазіргі айтыстардан кем түсіп тұрған жоқ. Ол қазақтың ауызша дамып келген поэзия түріндегі әдеби тіл үлгісін дамыта отырып, айшықты сөздерін кейде қаз қалпында, кейде аздап өңдеу, өзгертумен өзінше жаңа сөйлемше, сөз тізбектерін жасай білген. Мысалы, “Болса да қырық жыл қырғын ұмытпаспыз”, “Әркімнің өз аузына қолы жуық”, “Болса да аузы қисық, сөзі - дәрі”, “Қорлыққа ұрлық түбі айналмас па?”, “Періште болса-дағы жолдан таяр” т.б. Халық тілінің асыл маржандарын теріп, сөз кестесін көркем-деп, көрікті етіп қолданған. Міне, ілгерідегі мысалдардан айтыстың ерекшеліктерін байқағандай боламыз.

XIX ғасырдың айтыс өлеңдерінің мәтінінде диалектілер молынан кездеседі.

Диалект белгілі бір аймақ көлемінде айтылып, жергілікті халық тілінде ғана қолданылатын жалпыхалықтық я ұлттық тілдің тармағы екені белгілі. Айтыс ақындарының диалект сөздерді қолдануы бейнелі сөздердің таусылып қалғанды-ғынан емес, әр ақын өз елінің, руының атынан сөйлегендіктен, сол елдің жергі-лікті тілдік бояуын көрсету үшін қолдан-ған. Я болмаса сол ақынның стильдік даралығын, сөз саптау шеберлігін байқатады. Мысалы, Біржан сал:

Ұл тумас Қазанқаптай ата ұлынан

Тұқымы дегдар шыққан жатынынан (5, 141).

Төребай мен ақын Сараның айты-сында:

Алшынның жігітінің бәрі дегдар,

Жігіті үйсін-найман келе алмас пар (6, 127).

Я болмаса, С. Торайғыровтың “Қамар сұлу” романында:

Ежелден дегдарлымсың тұқымы оңған,

Малыңа, басыңа да қыдыр қонған (7, 29).

Осы шумақтардағы “дегдар” сөзі диалектологиялық сөздікте “асыл, өте жақсы, ерекше тәуір” дегенді білдіреді (8, 169). “Біржан сал мен Сараның”, “Төребай мен Сараның” айтыстарында әр ақын өз елінің игі жақсыларын көркем тілмен мақтап-мадақтайды. Ал “Қамар сұлу” романында “бұл тойдың қалпы мынадай болды” деп жорға Нұрымды мақтай оты-рып келеке, ажуа етеді. Немесе пұл сөзі бірде ақша, қаражат, бірде мата, кездеме мағынасында қолданылған. Мысалы, Сара:

Тері-терсек бергенсін ит те алады,

Бұлындай берекесіз арбашының (5, 134).

Ақын Сара қалың малға маталып, қор болып отырған қалпын тері-терсекке сатылған берекесіз арбашының бұлындай ғана құным бар деп найманның игі жақсыларына мұңын шағады. Я болмаса, Ұлбике мен Күдері қожаның айтысында Ұлбике:

Қожа пұлын жіберер достарына,

Кисе достар жарасқан бастарына (8, 294).

Мұнда да мата, кездеме мағына-сында айтылған. Немесе Біржан сал:

Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,

Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға (5, 137).

Сеніменен айтысуға пұлға қызығып келген жоқпын, мақсатым өнер жарыспақ дейді Біржан. Бұл жерде жеңген ақындарға жасалатын сый-сияпатты айтып тұр. Сондай-ақ: “Бабаң қойын пұл қылып, әруаққа ұрынба”(Құлмамбет пен Жамбыл); “Ақыным, бұл айтқаның бәрі жөн-ді, Бір басы мың кісіден пұлды болды” (Құлтума мен Ер Сейіл, Ырысбай); “Хұрметті сәлем жаздым Серікқұлға, Қызығар базарлы жер тиын-пұлға” (Жәмилә қыз бен Серікқұл); “Пұлға сатып алмас ингуш, ноғай” (Меңеш пен әжінияз) т.б. болып кете береді. Ал Абайда “Өз пұлыңмен халың жоқ күнде тояр, Құлдық ұрып асайсың асы бардан, Жаңа бұлмен жадырап саудагерлер, Диханшылар жер жыртып, егін егер”. Диалектологиялық сөздікте бұл, пұл сөздерінің бірінші мағынасы мата, екінші мағынасы ақша, қаражат деп берілген.

Iлгерідегі мысалдардағы дегдар, пұл, бұл сөздері айтыс өлеңдерінде жиі кездеседі, сондықтан қазір біз диалект деп танып жүрген сөздер сол уақытта әдеби тіл нормасына сай қолданылған сияқты.

Майкөт пен Құлмамбеттің айты-сында Майкөт ақын:

Келгенде жиырма беске бітті дәулет.

Датқа боп отырдың да құрдың сәулет (8, 180).

Я болмаса:

Момынбек, Шүйбек пенен Сеңкебай би,

Солардың датқа болған балалары (8, 171).

Майкөт ақынның “датқа” деп келтірген сөзі Оңтүстік аймақтарда ел билеуші деп қолданылатын көрінеді. Яғни бай мен би ұрпақтарының ел басқарудағы әділдігін айта отырып, сол жердің тіл ерекшелігін көрсету үшін Майкөт ақынның айтыстарында “датқа” диалектизмі жиі келтірілген. Сондай-ақ, айтыс ақындары сөз қайталаудан қашып, нормаға түсіп әдеби тілімізде қалыптасқан сөздерді немесе диалектизмді жарыстыра қолдан-ған. Мысалы, Шөже:

Шаңыма ілесе алмай сен антұрған

Бір пәсте шығып қалдың бұл қатардан (8, 80).

Я болмаса:

Білгендей шапшаң қуып жетерімді,

Япыр-ау, осы қайдан көтерілді? (8, 79).

Шөже мен Кемпірбайдың айтысында Шөже ақын демде, жылдам жеңіліп қалдың деп, бірде бір пәсте диалектизімін, бірде жалпыхалықтық тілдегі шапшаң сөзін қолданады. Осы айтыста Шөже “бір ауыз сөзге жауап айта алмадың, жақсылық-ізгіліктен түк білмейсің” деп Кемпірбайды жеңіп кетеді. Немесе Байдырақ сері мен Саржан сұлудың қайымдасуында бір шумақта бірнеше диалектілерді орайлас-тырып келтіруі шеберлікті танытады. Байдырақ сері:

Бөкебайға тамшылар көздің жасы,

Аужар айту бұрыннан ата жолы (9, 149).

Диалектологиялық сөздікте “бөкебай салы// шәлі ешкінің түбітінен тоқылған, мойынға орауға арналған шәлі” десе, ал “аужар” сөзін “жар-жар” деп түсіндіреді (8, 77, 133). Ал дұрысында аужар қыз ұзатыларда айтылатын салт өлеңі болу керек. Ал жар-жар — келін түскенде айты-латын салт өлеңі.

Сонымен бірге айтыс өлеңдерінде фонетикалық, кейде грамматикалық және лексикалық диалектизмдер де кездеседі. Фонетикалық диалектизмдер, яғни құра-мында дыбыстық ерекшеліктері бар сөздер. Ең жиі кездесетіні — “д” мен “л” дыбыс-тарының алмасуы. Мысалы, “Кер миық маңлайының жұлдызы бар, Құран сөзін өңлеп айтып” (Сегіз сал мен Ұлбай қыз); “Құлақ сап тыңласаңыз мойын бұрып” (Бақтыбай мен Тезек төре); “Аңлашы, албан бай ма, дулат бай ма” (Жамбыл мен Құлмамбет); “Сөзімнің Үмбетәлі, аңла парқын” (Нұрила мен Шашубай). Лексикалық диалектизмдерге мысал кел-тірсек, Қарасақал Ерімбет:

Құрметті жанабыңа, мырза Аппаз,

Тағаңды жұмсап, біреуді көріп жақпас,

Бұрынғы қариялардан қалет бар ма,

“Татулық - екі жақтан” деген рас (9, 180).

Бұл шумақтағы таға, қалет сөздері диалектологиялық сөздікте “нағашы” және “өтірік”, “жалған” деп беріледі (15, 186-312).

Я болмаса Майкөт ақын:

Онан соң бес-алты жыл бақтың пада,

Жауыр қып құйрығыңды мінген тана (9, 179).

“Пада” дилектизмі сөздікте “табын”, “бір топ мал” деп берілген. Құлмамбет пен Майкөт ақын қанша айтысса да, бір-бірін жеңе алмай, төрелікке қырғыздың ел билеушісіне барады. Құлмамбет алдын ала аузын алып қояйын деп, мақтап өлең айтып, оны пайғамбарға теңейді. Бұған ол ашуланып, енді Майкөт ақын “мені жаманда” дейді. Майкөт ақын оның бақ-ташы болғанын, басынан кедейшілік кетпе-генін, жиырма беске келгенде ғана дәулет бітіп, ел билеуші болып отырғанын, яғни, барлық ащы шындықты бетіне басып айтады. Майкөт ақынның жамандап айтқан өлеңін естіген соң, “Майкөт жеңді” деп төрелік айтыпты. Бұдан басқа: “Алыстан іздеп келген нән екенсіз” (Сүйінбай мен Уазипа); “Шамбасы ұқсамай ма жабағыға” (Сапарғали мен Нұржан); “Мұт бермесең теріңді мен алмаймын” (Меңеш қыз бен әжінияз); “Сіз бен біз бұл уақытта әйдік едік” (Омар мен Маржан); “Баласы екі тату деңгел деген” (әміреш пен Ақыш); “Бала едің биялайға туған жақын” (Дәрі қыз бен Сапаназар) “Жасатқан піскен қыштан, әйнек құрып, Қыс болса, орнатқан тамдарым бар” (Мансұр мен Дәме) және т.б. Iлгерідегі берілген диалектизмдер (нән - үлкен; шамбасы - самасы; мұт - тегін; әйдік - үлкен, зор; деңгел - бірдей; биялай - қолғап; тамдар - қолдан құйылған балшық-тан, кірпіштен салынған үй және т.б.), біріншіден, ақындардың жергілікті ерекше-лігін көрсетсе, екіншіден, сол ақынның стильдік даралығын, ойды көркемдеп жеткізудегі ерекшелігін танытады. Және де айтыс өлеңдеріндегі диалектизмдерге қарап отырып, қай елдің ақыны екені аңғары-лады. Ғалымдарымыз: “XIX ғ. әдебиет үлгілерінің тіліне қарап, сол кездегі қазақ тілінде айтарлықтай жігі ашық диалектілік жіктеу болды деп айту қиын”, - дейді (12, 72).

Сондай-ақ айтыс өлеңдерінде қарапайым сөздердің қолданғанын да байқаймыз. Қарапайым сөздер - белгілі бір стильдік мақсатпен сөздің мазмұнын тұрпайыландыра, дөрекі етіп қолданы-латын тілдік құралдар. Бұлардың жалпы-лама лексикаға қарағанда эмоционалды-экспрессивті бояуы күштірек болады. Қарапайым сөздердің лексикасына қара-пайым, дөрекі, анайы сөздер, варваризмдер, жаргон сөздер мен кейбір диалектизмдер, тұрпайы мәнді фразеологиздер енеді.

Айтыс өлеңдері диалогке құрылған-дықтан, ауыз екі сөйлеу тіліне жақын келеді. Ал қарапайым сөздер көбінесе сөйлеу тілі стилінде қолданылады. Қарсыласының сауалы мен жауабына орай ақындар тіліндегі қарапайым сөздер белгілі бір көркемдік мақсат үшін жұмсалады.

Жиналған мысалдарды сұрыптаған кезде қазіргі лексикамыздың әдеби тіл нормасы тұрғысынан біразы диалектілер деп қаралғанымен, өткен дәуірде олар әдеби тіл элементтеріне жататынын байқа-дық.

Осы ыңғайда ғалым С.М. Исаевтың әдеби тілдің қалыптасу жолдары туралы тұжырымын еске ала кетелік: “Кейде тіпті бір я бірнеше диалект әдеби тілге негіз болып, қалған диалектілер әдеби тілдің баюына, сымбаттала түсуіне, сөз құдіретінің артуына, жанрлық стильдік жағынан күрделене, сомдана түсуіне ықпал етуі де ықтимал” (3, 41).

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Мұқанов С. Халық мұрасы. Тарихи - этнографиялық шолу. - Алматы: «Жазушы», XV т., 1979. - 380 б.

2. Әуезов М. Мақалалар, зерттеулер. - Алматы: «Жазушы», XVII т., 1985.

3. Исаев С.М. Қазақ әдеби тілінің тарихы. - Алматы: «Ана тілі», 1996. - 304 б.

4. Қашғари М. Дивану лұғат ит-түрк сөздігінен алынған Жаз бен Қыстың айтысы. Аударған Оңғарсынова Ф. - Алматы: «Жалын», 1985. - 40 б.

5. Айтыс. - Алматы, 1964. - 431 б.

6. Айтыс. Жауапты шығарушы А. Әлманов. - Алматы: «Жазушы», II т., 1988. - 352 б.

7. Абай. Өлеңдер. - Алматы: «Мөр», 1994. - 415 б.

8. Айтыс. - Алматы: «Жазушы», I т., 1965. - 556 б.

9. Айтыс. - Алматы: Жазушы, II т., 1965. - 664 б.

10. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. - Алматы: «Ғылым», I т., 1996. - 200 б.

11. Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы. Қисса Біржан сал менен ақын Сара қыздың айтысқаны. - Қазан, 1898. - 18 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ