Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Тәрбиенің түп төркіні – халықтық педагогика

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2010

Автор: Смаилова А.С.

Қазір әлемдік аралас-құралас күшейіп, жаһандану үрдісі қарқын алған сайын дүние жүзі халықтары өздерінің ұлттық төлтумалығын сақтап қалуға, отаншылдық сезімдерін шыңдай түсуге айрықша көңіл бөлуде. Әсіресе, білім беру жүйесінде халықтық педагогика атау ұғым ретінде ғана емес, білім беру мен тәрбиенің өзекті ұстанымына айналуда.

Қазақтың жазу мәдениетінде Қорқыт атаның тәрбиелік мәні зор жырлары мен мақал-мәтелдері, Әл Фарабидің ұлттық мәдениет пен ғылым, білім, поэзия, музыка жөніндегі тұжырымдары, Ахмет Яссауидың діни тәрбиенің мәні туралы ойлары, Жүсіп Баласағұнидің кемелді болу жолдарын көрсетуі, Мұхаммед Хайдар Дулатидың ұлы тәлімгерлік ойлары, Абайдың өсиеттері, Ыбырайдың педагогикалық ойлары, Шоқанның ел мәдениетін арттыру үшін істеген әрекеттері, Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық білім беру жүйесі, Мағжан Жұмабаевтың қазақ педагогикасын түзеуі, Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ психологиясы ғылымын зерлей бастауы, кейінгі ғалымдардың қазақ этнопедагогикасын ғылым ретінде қалыптастырып, пән ретінде оқытуға ұсынуы халық педагогикасының дамып, қалыптасу жолдарын көрсетеді.

Халықтық педагогика – халқымызда ертеден жинақталған игі істердің зерделі ұрпақтың болашағына дұрыс жөн сілтеп, нақты бағыт беріп, олардың зиялылар санатына қосылып, әдемі отау тігіп, баянды бақыт құруына септігін тигізетін ежелгі үлгі, қанатты да қадірменді сөз, байырғы қасиетті де киелі дәстүр.

Қазақ халқының өте әріндегі ата – бабаларының өмір сүрген кезінен (Түрік қағанаты) бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рухани мұраның бірі – халықтық педагогика. «Халықтық педагогика, - делінген Қазақ кеңес энциклопедиясында - тәрбие жөніндегі халықтың педагогикалық білім тәжірибесі. Халық педагогикасын зерттеу негізіне педагогикалық мазмұн мен бағыттағы халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, жанұя тәрбиесінің тәжірибелері т.б. жатады. Халық педагогикасының негізгі түйіні еңбек тәрбиесі және өндірістік білім, дағды, шеберліктерді ұрпақтан ұрпаққа қалдыру».

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиені жас буын жадына біртіндеп сіңіретін арнаулы жолдар, тиісті тәсілдері де бар. Мәселен,

1) Мақал – мәтелдер - адамгершілік, имандылық, еңбек тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарды насихаттайды. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ», «Өнер алды - қызыл тіл», «Ақыл көкке жеткізеді, өнер көпке жеткізеді», «Өнерлігің қолы алтын» т.б. мақал-мәтелдері мен қанатты сөздерінен әсемдік пен сұлулықты, шешендік пен шеберлікті, ақылдылық пен даналықты қадірлеген халық даналығын танимыз. Мақал-мәтел – ата-ананың, көпті көрген көненің, қоғамның ойлы, білімді, ақылды адамдардың балаға, жасқа айтар тәжірибесі мен ақыл-кеңесі, өсиет насихаты;

2) Жұмбақтар мен айтыс термелер, жаңылтпаштар, шешендік сөздер – ақыл-ой тәрбиені көрсетеді. Мысалы, жаңылтпаштар тіл ұстарту, сөздің дыбыстылығын дұрыс, тез айта білуге жаттықтыру, сөздің мағынасын түсіне білу мақсатымен пайдаланады. Көбінесе жаңылтпаштар баланың дүниетану қабілетін дамыту, тапқырлыққа баулу үшін үйретіледі. Бала жаңылтпашты тыңдап қана қоймай, оны қайталайды, сол арқылы тілі дамиды, жаңа сөздермен танысып, дүниетанымын кеңейтеді, есте сақтау қабілеті мен тілін жаттықтырады. Өйткені жаңылтпаш қарапайым ұқсас сөздердің жиынтығы ғана емес, ол – көркем сөзбен кестеленген тәрбиелік, тағылымдық мәні ерекше шағын поэтикалық шығарма. Жаңылтпашта терең философиялық ой жатады. Дыбыстық ұқсастық пен әуезділікке көмкерілген сөздердің астарында терең мағынаның жатқандығын аңғарған абзал. Балаға жаңылтпашты айтқызу барысында өлең астарында жатқан мағынаға үңіліп, оны анықтай білу қажет.

Қара бүркіт томағасын түсірді,

Оны мен томағаламай, кім томағалайды?

Бұл жаңылтпаш болумен қатар ата-баба дәстүрін насихаттап, салт-дәстүрдің ерекшелігін ұқтырады.

Жаңылтпаш – көркем поэтикалық туынды болғандықтан баланың ойы мен қиялын ұштаумен қатар оған эстетикалық тәрбие беріп, көркем сөз табиғатына үйре-теді әрі баулиды, тілін дамытады;

3) Өлең, жыр-дастандарда - әсемдік (эстетикалық) тәрбиесі көрінеді;

4) Ертегілер мен аңыздар, бесік жыры мен батырлық эпостар халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Мысалы, эпостарда халықтың басынан кешкен тарихи оқиғалар, елі мен жерін қорғау үшін жат жерден келген басқыншыларға қарсы күрес, күнделікті өмірде туындайтын әр адамның қуанышы мен реніші, адамдар арасындағы адамгершілік сезімдер, өмір салты және эстетикалық көзқарастар жырланады. Батырлық эпостардың ерлік дастандық ой-санасы мен мінез-құлқын оқушылар бойында қалыптастыру үшін көптеген жұмыстар жүргізілуі қажет, себебі мұндай жұмыс жүргізу оқушылардың көңіл-күй әсері мен ынтасын арттырады, оларды елін, жерін сүйе білуге баулиды, патриоттық сезімін арттырады.

Халықтық тәрбиенің негізгі түйіні – адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі. Сондықтан да бүгінгі күннің білім беру жүйесінде халықтық педагогиканы қолданудың атқаратын қызметі орасан зор. Демек, халықтық педагогика – тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы. Бұл жердегі еске алатын негізгі жайт: осындай халықтық мұралардың бәрі бірдей кәдеге жарай бермейді, олардың озығы мен қатар тозығы да бар. Ең негізгі мәселе – бұларды бүгінгі күннің талап-тілегімен байланыстыра пайдалана білу болмақ.

Халықтық педагогиканы қолданудағы мынадай тәрбиелік ұстанымдарды басшылыққа алу қажет:

1) Халықтық педагогика негізінде әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелеу

Әдептілік тәрбиесі халықтық педагогикада негізгі тәрбиенің бірі болып табылады. Олар мінез-құлық әдептері, жүріс тұрыс әдептері, адамдармен қарым-қатынас әдептері болып үшке бөлінеді. Мінез-құлық әдептеріне: биязылық, кішіпейілділік, салмақтылық, кеңпейілдік, кеңойлылық, бауырмалдық, шыдамдылық, сыйластық, ұстамдылық, білімділік, ұқыптылық, тындырымдылық, адамгершілік, қайырымдылық, адалдық қасиеттері кіреді. Жүріс-тұрыс әдептеріне: есіктен сәлем беріп оң аяқпен кіру, нанды екі қолмен үзу, тамақты оң қолмен жеу, айға қарап қол шошайтпау, тамақ ішкенде жамбастамау, киімді оң жақпен киіп, сол жақпен шешу, үйге қарай жүгірмеу, есінегенде ауызды оң қолдың сыртымен жабу, ақты теппеу, астан соң бата қайыру, ұрлық жасамау, кітапты жерге тастамау, табанды тартпау, босағаны кермеу, есікті қатты жаппау, киімді жадағай жамылмау, аяқты айқастырмау, дауыс көтермеу, өтірік айтпау және т.б. қасиеттер кіреді. Қатынас әдептеріне: үлкеннің алдын кеспеу, үлкенге бұрын сәлем беру, екі қолмен амандасу, үлкеннен бұрын дастарханға қол созбау, үлкеннің сөзін бөлмеу, кішіге ізет, үлкенгеқұрмет көрсету, үкеннің алдында жамбастамау, ата-ананы құрметтеу, затты өзгеге оң қолымен беру, ата-анаға қарай аяқ созбау, төрт түлікті қастерлеу, мазарға қол шошайтпау, қазаны құрметтеу, дәм тұзды ақтау және т.б. қасиеттері енеді.

Адамдар бір-біріне кездескенде «Ассалаумағалейкум», яғни, «Сізге нұр жаусын», «Уағалайкумассалам» қазақша «Алланың нұры сізге де жаусын» дегені. Осылай амандасуы арқылы адамдар бір-біріне тілеулестігін, ізгіниетін, достығын білдірген. Сәлемдесу әдебінің де қалыптасқан дәстүрі, салауатты салты болған.

Қазақ халқының тәрбиесіндегі бір сыйластық ерекшелік: адамның аты-жөнін құрметпен атау. Адамның аты-жөнін құр-меттеп, оны өз аталуында атамай жоғары құрметті атаумен атау сыйласым, азаматты ардақтау болып табылған.

Қазақ отбасында ер бала мен қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Отбасы үшін қыз бала атқарар қызметін біліп қоймай, өнерлі шебер болуын, ер баланың еңбекқор, өнерлі, парасатты, білімді, ұстамды болуын ең басты қасиет деп таныған.

Оқушылар арасында әдептілік бағытына сәйкес ата-аналардың қатысуымен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы: «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Қоғамдық орындардағы әдептілік деген не?», «Жастардың әдептілігі» және т.б. әдептілік тәрбиесі бағытындағы іс-шаралар өткізіледі.

2) Халықтық педагогика негізінде патриоттыққа тәрбиелеу

Болашақ маманның елін, жерін сүйетін намысшыл азамат болуын ойластыру. Бұл алдымен, қадірлі қариялардың, көпке сыйлы үлкендердің бата тілектерінде өзекті орын алады.

Халқымыздың патриоттық үлгісін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Ақтамберді, Бұқар жырау, қазақ батырлары және ХХ ғасырдың басында қалыптасқан Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіп-бек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ қай-раткерлері жасап берді деуге негіз бар. «Отан отбасынан басталады» деген даналық ұйыған халқымыз ұрпағын ата-ананы, үлкендер мен кіршілерді құрметтеуге, елдің, халықтың қамқоршысы болуға үндеген.

Адамның бойында ұят сезімі қалыптасқан күнде ғана Отан алдындағы парызды орындау үшін саналы түрде қауіп қатерге бас тіге алады.

3) Халықтық педагогика негізінде эстетикаға тәрбиелеу

Балалардың жан-жақты дамуы үшін, әсіресе сұлулық пен сымбаттылыққа қанық болулары үшін оқу-тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканы қолдану өте маңызды. Адамдардың эстетикалық сезімдері олардың өмірінде зор роль атқарады. Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады, қызғылықты етеді, оған ең жоғары рухани ләззаттануға мүмкіндік береді. Біз әр адамның адамгершілікті тұлғалық мәнін жан-жақты дамытуға ұмтыламыз, сондықтан әр баланың сезімін нәзіктігін, көркемдікті, әсем нәрсені сүйенетіндей етіп дамытуымыз керек. Адамның әсемдікті және жексұрындықты, сәулеттілік және ұждансыздықты, қуаныш пен қайғыны т.б. түсінуіне байланысты, оның саналы тәртібі мен мінез – құлқы айқындалады. Осыдан келіп адамның әсемділікке шынайы көзқарасы мен мұраттары болуы керек екендігі шығады. Оқушылардың жалпы мәдениеті, яғни эстетикалық тәрбиенің маңызды жақтары ізеттілік, ұқыптылық, жылы шырайлылық, қайырымдылық, тазалықты сақтау т.б. Жалпы эстетикалық мәдениет – бұл қатынас эстетикасы, киім-кешек эстетикасы, үй жағдай эстетикасы, манера, дене қимылы, т.б. А.С. Макаренко еңбектерінде бұл проблемаға зор мән берілген. Жеке адамның сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы эстетикалық сұлулықтың белгісі. А.П. Чеховтың сөзімен айтқанда адамда: бет, киім, жан, ой – бәрі сұлу болу керек.

Оқушыларға әдепті әсемдіктен бөліп түсіндіруге болмайды. Егер оларды бөліп айтуға болатынын мойындасақ, онда әдепсіз сұлулықтың да болатынын мойындауға тура келер еді де, сұлулық өлшемдері тек сыртқы белгілер, симметрия, пропорция, түр-түстер сәйкестігі, т.б. ғана болып шығады. Орыстың атақты әдебиет сыншысы әрі эстет В.Г. Белинский сұлулықты барлық уақытта моральмен бірге қабылдап келген қоғамдық тәжірибеге сүйене отырып: «Сұлулық шындықпен моральмен бір туысқан. Егер шығарманы көркемдік құндылыққа ие десек, онда ол сөз жоқ, әдепинабаттылық жағынан да құнды болады», - дейді.

Эстетикалық тәрбиеде халық ауыз әдебиетінің маңызы өте зор болды. Оның мазмұны халқымыздың бүкіл өмір тәжірибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын әсемдік сезімін, талғамын, қажеттілігін билейді. «Бірінші байлық - денсаулық» деген қағиданы пір тұтқан халқымыз тән сұлулығына ерекше мән берген. Халықтық эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық, еңбектік және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбие құралдары ретінде қызмет етеді.

Қазақ халқының музыкалық аспаптарының түрлілігі таңқаларлықтай (домбыра, шертер, аса таяқ, шаңқобыз, ұран, жетіген, үскірік, қамыс сырнай, дабыл т.т.). Олар бос уақытта пайдаланылып жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру ісіне қызмет етеді.

Халқымыздың тұрмысына енген қолданбалы қолөнер бұйымдар, олардың әшекейленіп жасалуы эстетикалық тәрбиеде өз алдына бір сала.

Ата-бабамыз сыртқы көрнекі сұлулық пен ішкі рухани сұлулықты мойындай отырып, олардың орнын анықтауға келгенде, ішкі рухани сұлулыққа көбірек көңіл бөліп, мазмұн сұлулығына көбірек жан тартады.

Халқымыз дене сұлулығына, әсіресе қыз баланың көрікті болуына ерекше көңіл бөлген. Аналар «Аттың көркі – жал, қыздың көркі шаш» деп ұққан. Қыз баланың шашын жақсы өсіру үшін айранмен, ірімшіктің сары суымен немесе қынамен жудырған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етіп өру бойжеткен қыздардың көркі болған. Қыз бен жігіт айтысындағы: «Атымды әкем сүйіп Несіп қойған, шашымды бестемшелеп есіп қойған» деген сөз тіркестері осы пікірді дәлелдейді. Халық жанрларында аруларды «Шашының ұзындығы ізін басты» немесе «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп сипаттаған. Халық даналығы арулардың киім киісіне де ерекше мән берген. «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі жапырақ», «Қыз өссе – елдің көркі» деп қыз баланы қынама қамзол, дүрия бешпент, кәмшат бөрік, қос етек көйлек, биік өкше етік тіктіріп кигізген. Сырға, білезік, шолпы, шашбау, жүзік сияқты әшекей заттарды тақтырған. Ұзатылған қыздың ауылында айтылатын «Жар-жар», «Жұбату», «Сыңсу» өлеңдерінде, келін түсіру тойларында орындалатын «Беташарда» қыздың, жас келіннің басты – басты киімдері, сән-салтанаты, сұлулық бейнесі мақтала жырланған.

Педагогикада эстетикалық көзқарасты тәрбиелеу тәрбиенің басқа салаларымен тығыз байланысы қаралады. Сонымен эстетикалық тәрбие табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі, өмірдегі ең жақсыны қабылдау, одан ләззат алу. Эстетикалық тәрбие адамда дүниедегі әдемілік атаулыны бағалай білуге үйретеді, өнер шығармаларын тануға, қастерлеуге баулиды.

Оқушылар білім мен тәрбиенің нәтижесінде табиғаттың, еңбектің сұлулығын және адам іс-әрекетінің әдемілігін бағалай білуді түсінеді. Ал бұл мәдениетті сөйлеуге, көркемдік танымын қалыптас-тыруға, қиялын дамытуға игі әсер етеді.

4) Студенттерді, оқушыларды еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу

Бұл мақсаттағы ой-пікірлер қазақтың халық шығармашылығында, мақал-мәтелдерінде мол кездеседі.

5) «Білім – таусылмас кен, өнер - өлмес мұра», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер», «Оқу - білім бұлағы, білім - өмір шырағы», т.б. көптеген мақал-мәтелдер тудырған халқымыз құндылықтарды тіршіліктің тұтқасы, өмір шамшы-рағы деп білген. Сондықтан халқымыздың өте бай ауыз әдебиеті нұсқауларындағы мақал-мәтелдердің мән-мағынасын өскелең ұрпаққа насихаттап, санасына сіңіріп отыру қажет.

6) Адам өмірі табиғат аясында өтетін болғандықтан, бабаларымыз ғұмыр бойы табиғатты аялауды мұрат тұтқан. Бүкіл әлемдік тіршіліктің, құдіреттің төрт түрі бар. Олар: Күнана, Жер-ана, ауа мен су. Егер осы төрт негіздің біреуі болмаса, тіршілік тоқтайды. Сол себепті де адамзат күнді, жерді анадай ардақтайды, жер мен судың әулиелігін қастерлеп, әрекет жасап, қызығын көреді.

Оқушыларға адамгершілік, имандылық тәрбиесін беру біздің оқыту процессіміздің ең басты бөлігі болуы тиіс. Тәрбиенің бұл түрін қалыптастыру үшін ұлтымыздың ойлы ағартушылары – Абайдың, А. Байтұрсыновтың,

Ы. Алтынсариннің нақыл сөздері мен мысал әңгімелерін пайдалансақ, мұның өзі бір бүтін педагогика емес пе? Ойдағыдай, айтулы мақсаттарға жету үшін күнделікті қазақ тілі сабақтарында:

1) Халқымыздың тарихын, географиялық орнын білдіру, таныстыру;

2) Халық педагогикасын зерттеп, сабақта пайдалану;

3) Орыс тілінде шұбарланған атаулардың баламаларын, қазақша нұсқаларын зерттеп, ұғындыру.

4) Халықтың ұлттық ерекшеліктерін зерттеп, әдебиетін дамыту, мәдеиетін кеңінен насихаттау керек.

5) Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді таныту.

Әр сабақ, әр тәрбиелік шара ата салтымыздың неше түрлі қорларын алуға, жоғалуға айналып бара жатқан жақтарын еске түсіруге, оларды насихаттауға үлес қосатындай ұйымдастырылуы керек.

Әр сабақ көрнекілік түрінде болсын, сөйлем талдауға, белгілі бір тапсырмаларды орындату үшін алынған шағын мәтіндер түрінде болсын үнемі халықтық педагогикаға негізделеді.

Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батыр-лық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыстермелерде, жұмбақ-жаңылтпаштар мен мақал-мәтел-дерде молынан кездеседі. Сондықтан да бүгінгі күннің білім беру жүйесіне жаңа философиялық, психологиялық-педагоги-калық тәсілдерді енгізу барысында халықтық педагогиканы қолданудың атқаратын қызметі орасан зор. Бұл туралы Елбасы Н. Назарбаев та «Біз өзге елге өз тіліміз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалуымызбен қа-дірлі боламыз» деген еді.

Халықтық педагогикамен ұштастырылған сабақтар мен сыныптан тыс жұмыстар жас буынды сөз қадірін білуге, мейірімді, кеңпейіл, сезімтал болуға, жақсы мен жаманды, қас пен досты ажырата білуге үйретеді, жаңа адамды рухани жағынан байытып, оның бойына адамгершілік, имандылық, әсемділік, этикалық асыл қасиеттерді сіңіреді, отбасын, туған-туысқанын, Отанын сүйіп құрметтеуге баулиды.

Сыныптан тыс сабақтарда халықтық педагогиканың үлгілерінің қолданылуы.

1) Жарыс, сайыс сабақтарында

«Алтын қақпа», «Алтын сақа» т.б. сыныптан тыс сабақтарда мақал-мәтел, жұмбақтар, жаңылтпаштарды, ұлттық ой-ындарды пайдалану.

2) Әңгіме, сұхбаттасу түріндегі са-бақтарда

Мақал-мәтел, нақыл сөздер, шешен-дік сөздер көрініс табады.

3) Әр түрлі тақырыптағы сыныптан тыс сабақтарда

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық ойын үлгілері қолданылады.

Сонымен халықтық педагогиканы оқу-тәрбие үрдісінде тиімді қолдану арқы-лы, мәдениетті, білімді, елінің, Отанының патриоты болатын жеке тұлға қалыптас-тыруға болады деген қорытындыға келеміз.

«Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек», - деп ұлы Шоқан Уәлиханов өте орынды айтқан. Ендеше жан-жақты ел тарихын жетік білетін, заман талабына сай жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күн талабы.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім – тәрбиесі. – Алматы: «Санат», 1995.

2. Қазақ тілі мен әдебиеті. Ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журнал.

3. Балтабай Е. Қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тәрбие беру. // Ұлағат.

4. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы, 2000.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2010


 © 2024 - Вестник КАСУ