Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Абайдың педагогико-психологиялық көзқарастарының негізгі аспектілері

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2009

Автор: Толенова Кулбану Кыдырпатшакызы

«Абай-дария, мен сол дариядан шөмішпен қалқып қана алдым», - деген екен ұлы Мұхтар Әуезов. Соңында қалған мыңжылдық ұрпағына Абай поэзиясының берер тәлім-тәрбиесі, тағылымы телегей-теңіз. Дүниеден озғанына ғасырдан асып, жан ы арамыздан қаншама алыстаса, рухы күннен күнге соншама жақындап келеді. Сан қырлы тақырыптағы Абайдың қай шығармасын алып қарасаңыз да, негізгі арқауы- Адам. Тіпті табиғаттың тылсым жаратылысының өзін адаммен байла-ныстыра суреттейді.

Атымды адам қойған соң,

Қайтып надан болайын, - деген өлең жолдары өмірлік ұстанымын байқатады. Өмірге адам болып келген соң, адам болып аттануың керек екендігін баса айтады. Сол себепті Абайдың ақындық өнерін педа-гогикалық көзқарастарынан бөле қарауға болмайды. Қай өлеңін алып қарасаңыз да, айтар дүниесі педагогикалық ой-пікірмен ұштасып жатады. Абайдың педагогикалық көзқарасының қалыптасуының да, өзіндік себептері, ерекшеліктері бар.

Біріншіден, ақсүйектер ортасында туып-өсіп, сол ортада тәрбиеленген Абай-дың өз әкесі Құнанбайдан, шежіре әжесі Зереден, ақылды анасы Ұлжаннан алған тәрбиесі ерекше болды. Ақын сол фео-далдық қоғамдағы қазақ халқының өнері-мен, асыл қазынасы-халық даналығымен, халық педагогикасымен сусындап өсті. Сол себепті де ақын «Адамға мінез үш алуан ортадан келеді. Ата-анадан, ұстаздан, жолдас-жорадан» деген педагогикалық көзқарасын ашық білдіреді.

Екіншіден, ақынның педагогикалық көзқарасының қалыптасуына Шығыс халықтарының әдебиеті, мәдениеті мен өте таныс болуының әсері мол болды.

Үшіншіден, орыстың ұлы ойшыл демократтары Н.Г. Чернышевский, В.Г. Бе-линский, Н.А. Добролюбов, К.Д. Ушинскийдің, Батыс Европаның ағартушы-педагогтарының педагогикалық көзқарас-тарымен таныс болып, солардан үлгі алды. Осы айтылған негізгі аспектілер - ақынның педагогико-психологиялық көзқарасын қа-лыптастыруға негіз болған басты фак-торлар.

Ұлы ағартушы ретінде бала тәр-биесінде жеткіншектің жас және психо-логиялық ерекшеліктерін үнемі еске алып отыруды алдымен өзі түсініп, өзгеден де талап ете білді. Бала тәрбиесінде алдымен тәрбиешінің өз басының педагогикалық шеберлігіне, білім деңгейі мен педаго-гикалық мәдениетіне, талантына, ізденім-паздығына, ең бастысы-балаға деген жылы жүрек, сүйіспеншілігіне ерекше назар аударды.

Абайдың педагогикалық көзқарас-тары жастарды оқу, өнер-білімді меңгеруге үндеген өлеңдерінде айқын танылады.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - деп, өзінің ілім-білімді игеруге кеш, қырық жастан асқан соң ден қойғанына өкіне отырып:

Дүние де-өзі, мал да-өзі;

Ғылымға көңіл бөлсеңіз, - деген берік тоқтамға келеді.

Білім-алынбас қамал емес, ғалым болу - қол жетпес арман емес, керегі- «осындай болсам», «боламын» деген тал-пыныс. Міне, осыны Абай өзінің «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ашып айтады. Ұлы ақынның қара сөздерінің өзі - тұнып тұрған педагогика, философия. Абайдың айтуынша, «Естілген нәрсені ұмыт-пас-тыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі кө-кірек байлаулы берік болмақ керек; екінші- сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану керек, үшінші - ішінен бірнеше қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек, төртін-ші-ой кеселдерінен аулақ болу керек. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер». Бүгінгі күні кез-келген ұстаз ақынның осы бір дана сөзін үнемі қайталап, бала жадына жеткізіп, есіне сақтата білу тиіс. Адам баласының ілім-білімді игеруде өз мақсаты болуы тиіс. Бақастыққа, есепке немесе ата-ананың абыройына, атақ-мансапқа, жеке бастың қызығына негізделген білім- білім емес. Сол себептен де алған білімің, оқығаның, тоқығаның ел қамына, көпке арналу керек деген ойын ұлы ағартушы өзінің отыз екінші қара сөзінде ашып айтады. Жастық шақ- адамның жақсылықты да, жаман-дықты да жылдам қабылдайтын албырт кезеңі. Сол себепті ілім-білімді жас кезің-нен қолға түсіріп, меңгеру-өте тиімді. Жақ-сы киім мен әдемі әлпетің- әдемілік, сұлу-лық емес. Адамды көріктендіретін бұлар-мен қоса- ілім-білім деген дана көзқарасын білдіреді. Абайша айтқанда, ақыл мен сұлулық - синонимдес ұғым. Өзгеден сұрап, біліп алған білім аздық етеді, ал ең сенімді, ең ақылды, ешкімге жалтақтамайтын білім көзі, ғылым көзі- кітап деген дана ұғымы бар ақынның. Сол себептен де Абай «ғылымсыз бұл дүниеде де, о дүниеде де жақсылық жоқ» деген пікір айтады. Абай-дың педагогикалық көзқарастарын айқын-дайтын бүгінгі оқу жүйесімен үндес төмендегідей дидактикалық пікірлерін атауға болады:

1. Оқытудың жеңілден ауырға қарай бағытталуы. Күшпен, ерекше талап қойып оқыту нәтиже бермейді. Баланың қабылда-нуына, қызығушылығына, білгенінен біл-мегеніне негізделіп оқыту қажеттілігін айтады.

2. Абай ұлы ойшылдар Пифагор мен Аристотельдің пікірлерін толығымен қол-дап, баланы күш көрсетіп, ұрып-соғу арқы-лы оқытуға қарсы болады. Оқытудың мұндай антипедагогикалық түрі, бірінші-ден, баланың ілім-білім игеруге деген талабын, қызығушылығын жойып, екін-шіден, жалған сөйлеуге, қорыққанынан сыйлауға мәжбүр болатынын айтады.

3. Оқытудың көрнекілігіне ерекше мән береді. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деген тән құмары, екіншісі- не көрсе соған талпынып, жалт-жұлт еткенге қызығып, аузына салып, дәмін татып, бетіне басып қарап, «ол немене?», «бұл немене?», «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көріп, құлағы естігеннің бәрін сұрап, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген жан құмары» делінген жетінші қара сөзінде. Олай болса, жас жеткіншектің осындай тән, жан ерек-шелігін ескеру- ұстаздардың қолында.

4. Балалардың жас және психо-логиялық ерекшелігін ескеру керектігін айтады. Балаға берілетен тапсырма деңгейі балаға түсінікті, қабілетіне сай, қабыл-дауына сәйкес болуы керек.

Кемеңгер ақын, ұлы данышпан Абай өз педагогикалық көзқарасында жастарды ақыл-ой тәрбиесіне, ілім-білімге үндей отырып, болашақтың тұтқасына ие бола-тын жастар білімді, зерек, көкірегі ояу бол-маса, ешқандай нәтиже болмайтынын баса айтады. Ақынның бұл педагогикалық ғұла-ма ойының оптимистік сипаты бар екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында» деген жалынды үндеу пікірі Абай ойымен ұштасып, жалғасын тауып тұрғандай.

Абай ақыл-ой тәрбиесін адам бала-сына берілетін басқа тәрбие түрлерінен бөле қарамаған. Адам бойындағы жақсы-лықтың барлығы адамгершілік деген ұлы қасиеттен тарайды. Өзінің философиялық және педагогикалық көзқарастарында Абай адам бойындағы адамгершілік қасиеттер- адалдық, шыншылдық, әділдік, ар-ұят, достық, қайырымдылық тағы да басқа қасиеттерді ерекше насихаттайды. Керісін-ше, адами атқа кір келтіретін өсек, өтірік, алауыздық, екіжүзділік, мақтаншақтық, тағы да басқа жағымсыз қасиеттерді қатты сынап-мінейді.

Бес нәрседен қашық бол

Бес нәрсеге асық бол, - деп, ұлы ақын жақсылық пен жамандықты сараптайды. Ал отыз сегізінші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі–надандық, екінші-еріншектік, үшінші- залымдық»-дейді. Адам бойындағы ең бір жағымсыз әдет- екіжүзділік.

Бір көрмеге жап-жақсы

Қазаны мен қалбаңы

Дөң айналмай ант атты

Бықсып-бүксіп ар жағы, - дейді ақын. Мұндай әдет - сол заманнан күні бүгінге дейін қанымызға сіңіп кеткен жаман әдет.

Абайдың педагогикалық пайымдауы-нша, адамгершілік қасиеттің ең басты тірегі - бірлік, достық, ынтымақ. Аталған қасиеттер болмаған жерде адами қасиет те сезілмейді.

Достық, қастық, бар қызық- жүрек ісі,

Ар, ұяттың бір ақыл- күзетшісі.

Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,

Арын, алқын- бұл күннің мәртебесі.-деп, нағыз достыққа ерекше баға бере білді. Абай достық пен жолдастықтың аражігін ажырата айтады. Дос-ол жалғыз, жолдас- көп. Досыңмен ғана қуанышыңды да, қайғыңды да бөлісіп, ішкі сырыңды айта аласың. Достық жақсы жолдастықтан ғана туады.

Аямай жанын дос ертер,

Жолдастықты ақтаса – дейді ақын.

«Жаман дос, - дейді Абай, - көлеңке. Басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың» деген пікірінің де тәрбиелік мәні ерекше. Адамгершііктің бір сипаты- ар-ұят. Абайдың педагогикалық көзқарасы ар-ұят бар жерде ғана шындық бар дейді. Ар-ұят пен шындық бірінен бірі туындайды, бұл тамаша ұғымдар- адамдық-тың белгісі. «Анық ұяла білген адам өзін-өзі меңгере алмай, көзінен аққан жас пен мұрнынан кеткен суды сүртуге шамасы келмей, құлағы естімей, көзі көрмей, меңіреу болып қалады. Ондай күйде тұрған адамды одан әрі ұялту- иттік» дейді Абай. Ақын ұяла білген адамның психологиясын, жан күйзелісін шеберлікпен осылайша бейнелейді.

Шыншылдық, әділдік- Абай ұстана-тын игі адамгершілік қасиеттердің бірі. Абайдың өзі осы шыншыл, әділ қасиетінің арқасында «мыңмен жалғыз алысып өткен». Өз заманында өзі де әділ болып, маңайы-нан да соны талап етті. Абайдың баласы Тұрағұл Құнанбаев «Әкем Абай туралы» деген естелік кітабында былай дейді: «Жалпы ұрылар айтады: «Абайдың алдына өтірікпен бара алмаймыз, жанымыз қалса, шын сөзіміздің арқасынада қалады». Осының өзінен Абайдың шындықты ту етіп ұстағанын байқаймыз. Ар-ұят пен шындық екеуін үнемі байланыстыра қарап отырады.

Ойшыл ақын өз педагогикалық көз-қарасында еңбек тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Қазақ ұлтының еңбекке көзқарасын басқа ұлт өкілдерімен салыстыра сипат-тайды. «... Әуелі құдайға сиынып, екінші, өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», - дейді Абай өзінің төртінші қара сөзінде. Ақын өз заманындағы қазақ жастарының еңбекке деген құлшынысын сынай біледі. Оған себепкер болған тағы бір жай – Семейге жер айдалып келген Долгополовтың Абай балаларына айтқан сыны. «Ғылымға ет ауыртып, еңбек қыл-маса, қолға түспейді. Балаларың сенің аулыңнан төбесі көрінбестей алысқа кетсе, сонда адам болады», - депті Абайдың досы. Абайдың еңбекке деген оң көзқарасы әке тәрбиесінен басталады. Себебі әкесі Құнан-бай болашағынан зор үміт күткен баласын ерте уақыттан-ақ ел басқару ісіне ара-ластыра бастайды. Абай өз шығармасында:

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас

Қардың суы секілді тез суалар, - деп, еңбектің адалынан келеріне ерекше мән береді. Немесе:

Тамағы тоқтық, киімі көктік

Аздырар адам баласын, - деген жолдарында да оптимистік, педагогикалық ойы білінеді. Абайдың көреген ойы бүгінгі заманымыздағы жастар арасындағы жұ-мыссыздық, соның салдарынан болатын келеңсіздікті айтып тұрғандай. Жұмыстың ешқандай арлығы жоқ. Маңдай теріңмен еткен еңбектің бәрі де таза. Абай өзінің шығармаларында жастарды еңбекке тек үндеп, шақырып қана қоймайды, ойшыл педагог ретінде өзіндік педагогикалық такт пен шеберлік таныта біледі. Еңбекке үндеуде әр адамның психологиялық ерек-шелігіне де көңіл аудару қажеттігін айтады. Ақын өзінің әр шығармасында еңбекке тәрбиелеудің әрбір компонентін ар мен ұят түсініктерімен байланыстырып отырады. Сол себептен де:

Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, - дейді. Сонымен, Абайдың еңбекке деген педагогико - психологиялық көз-қарасын төмендегіше айқындауға болады:

1. Ұлы ағартушы жастарда еңбекке баулу тәрбиесіне материалистік тұрғыда педагогикалық көзқарас таныта біледі.

2. Көшпелі қазақ халқының өмірінде еңбек тәрбиесін қалыптастыруда баға жетпес үлес қосты.

3. Ойшылдар арасында алғашқы болып еңбек тәрбиесін жан-жақты тәрбие деп бағалады. Себебі еңбек тәрбиесі арқылы ғана адам бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттер қалыптасада деген педагогикалық пікір айтады.

4. Еңбектің әлеуметтік сипатына ерекше көңіл аударып, мән бере білді.

5. Абай алдыңғы қатарлы ойшыл-педагог ретінде еңбек басқа халықтардың экономикалық және мәдени өмірімен байланыста болудың басты шарты екенін педагогикалық тұрғыдан дәлелдеп берді.

Ақынның тамаша педагогикалық көз-қарасында дүниеге келген баланың адам болып қалыптасуына әке мен шешенің өте үлкен ықпалы бар екені ерекше айтылады. Абайда үлкен педагогикалық тұжырым бар. Шынында, адам бойындағы жақсы да, жаман да мінез-құлық, қасиеттер ең алды-мен отбасынан қалыптасады. Абайдың Абайдай дана болып қалыптасуына зерек әже Зеренің, талапшыл әке Құнанбайдың, дана ана Ұлжанның берген тәрбиесі ерекше болған. Абайдың педагогикалық көзқарасы бойынша, баланың ата-ана қуанышы бола білуі де, қайғысы бола білуі де ата-ананың өзіне байланысты дейді. Бала тәрбиесінде, әсіресе, әкенің алар орны ерекше. Алайда, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңінде батырдан барымташы туатына ерекше көңіл бөледі. Абайдың өз басы әке ретінде үлкен тәрбиеші болған. Батыс, Шығыс әдебиеті, мәдениетімен сусындап, солардан нәр алған ақын өз балаларының білім алуына ерекше көңіл аударады. Қызы Күлбадан, ұлдары Абдрахман мен Мағауия - өз кезінде жақсы білім алып, болашақ-тарынан зор үміт күттірген жастар болатын. Абай, әсіресе, Әбіштен ерекше үміт күткен еді.

Дүниелікке көңіл тоқ,

Ағайынға бауырмал,

Тәкәппәр, жалған онда жоқ,

Айнымас жүрек, күлкің –бал

Аз өмірін ұзартқан

Ғылымға бойы толған соң,- дейді ақын баласы Әбіш туралы. Қазақта «Баланы-жастан» деген нақыл сөз бар. Осыған орай

Басында әке айтпаса ақыл жарлық,

Ағайын табылмаса ой саларлық

Қалжыңбасып өткізген қайран дәурен

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық,- деп әке тәрбиесіне байланысты тағы да бір педагогикалық тұжырым айтады. Дүйім қазақ жұртына танымал «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңінде

Әкесі мен шешесі баланы андыр

Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр, - деген жолдар бар. Әке мен шеше қандай болса, ертең бала да сол соқпақпен жүретінін айтады, немесе:

Әкесі ұрысса балаға, ол да- достық,

Баласы ұрысса әкеге жараса ма? - дейді. Тәрбие - үздіксіз процесс. Ол бала-ның жас ерекшелігіне қарай тиянақты, тұ-рақты жүргізілу керек. Осы ойын Абай «Жақсы әке-баланың өмірлік ақылы мен азығы, жаман әке- қайғысы» - деген педа-гогикалық көзқарасымен қолдайды. Ата-ананың тәрбиесі айғаймен, ұрып-соғумен емес, баланың жеке психологиясын, қабілетін, ерекшелігін ескере отырып, үздіксіз әрі жүйелі жүргізіліп, ақылмен ғана берілетін әрекет екенін баса айтады. Нәтижелі тәрбиеден тәрбиелі бала өседі.

Сүйер ұлың болса, сен сүй

Сүйінерге жарар ұл, - деген жолдарда үлкен педагогикалық ұғым бар. Әке Абай, тәрбиеші Абайдың бала тәрбиесіндегі ата-ананың ролі туралы педагогико-психо-логиялық көзқарасын төмендегіше тұжы-рымдауға болады:

1) Ата-ана-бала тәрбиесіндегі басты тұлға;

2) Бала тәрбиесінде баланың психо-логиялық ерекшелігі үнемі назарда болу керек;

3) Тәрбие, адамгершілік тұрғыда (ұрып-соғу, дауыс көтеру, қорқытусыз т.б.) жүргізілуі тиіс. Мұндай тәрбиенің бала психологиясының дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізетінін баса айтады.

Абай өз шығармаларында жастарды отбасылық өмірге тәрбиелеуге де үлкен педагогикалық мән беріп, отбасы тәрбие-сінің қоғамдық және құқықтық, этикалық және эстетикалық, психологиялық және гигиеналық жақтарына ерекше тоқталады. Осы сұрақтың педагогикалық аспектісін төмендегіше түсіндіруге болады. Абай жас-тарды болашақ отбасылық өмірге тәрбие-леудегі қоғам және патриархарлық отбас-тарын қатты сынай отырып, жаңа өмірді бастағалы отырған болашақ ана мен әкеге үлкендер тарапынан моральдық, психо-логиялық қолдау керек екендігін айтады. Ұлы ақын отбасылық өмірге даярлауда, әсіресе, қыз балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Абай өз шығармасында қазақ қыздарының этнопсихологиялық кезең-деріне ерекше назар аударады. Абайдың ойынша, әйел затының ең бір қызықты да бақытты сәті - бойжеткен кезеңі. Қазақ сал-ты бойынша, қыз балаға ата-ана ешқашан зекіп сөйлемеген, аялап ұстап, қонағындай күткен. Себебі: қыз-жат жұрттық. Бойжет-кен қыздарын босағаға емес, оң жаққа отырғызған. Бастаңғы, алтыбақанға барған-да, жандарында үнемі жеңгелері жүрген. Жас жеткен сайын қыз баланың психоло-гиясы өзгере бастайды. Осы өзгеріске байланысты қыз баланың сыртқы келбеті, киім киісі, шаш қоюы- бәрі өзгереді. Мұндай жастағы (15-16 жас) қыз балалар басына қызыл жаулық салып, қыста бөрік киіп, барқыт камзол киіп, сұқ саусағына жүзік салып жүрген. Сол себепті де сонау халық педагогикасынан бастап бүгінге дейін қолданылып келе жатқан педаго-гикалық сипаттағы «Қыз- үйдің сәні», «Қыз – жат жұрттық», «Қыздың жолы-жіңішке», «Қызға қырық үйден тиым», «Шешесін көріп, қызын ал», «Жібек ұстай алмаған жүн етеді, қыз ұстай алмаған күң етеді» тағы да басқа мақал-мәтелдер біздің этнопедагогикамызда қыз бала тәрбиесіне, психологиясына ерекше мән берілгенін айғақтайды.

Жасаулы деп, малды деп байдан алма

Кедей қызы арзан деп құмарланба

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма,- деген жолдар бүгінгі күні афоризимдік си-пат алып отыр. Абай осы өлеңдері арқылы өз заманы мен қоғамын ащы сынай отырып, болашаққа да ескерту жасағандай болады. Таза махаббатқа емес, есеп пен атақ-абыройға қарап үй болған жастарға арнайды. Үй болмақ жастар өзара мінез-құлқының сәйкестігіне, өзара психо-логиялық ерекшеліктеріне, ішкі жан дүние-леріне үңіліп барып, үй болуға шешім жасау керектігін айта келе:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме,- деп, педагогикалық тәрбие береді. Абай педагог-ақын ретінде отбасылық өмірдің этикасына да ерекше көңіл бөледі. Отбасылық өмірдің ең басты қазығы- өзара бірлік, татулық. Жас жұбайлар тек өздерін ғана емес, ата-аналарын, туыстарын, дос-жолдастарын, қоршаған ортасын да сыйлай білулері керек. Мұндай сыйластықтың болуы әйел адамға байланысты. Егер әйел үлгілі, тәрбиелі, ақылды, қонақжай болса, ондай отбасының психологиялық-этикалық жағдайы да үлгілі болады. Сол үшін Абай:

Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,

Сызданбасын қабақпен имендіріп

Ері сүйген кісіні ол да сүйіп

Қызмет қылсын көңілі таза жүріп,- дейді.

Әйел адам - ошақтың жылуы, бере-кесі. Әйелінің бойында осындай қасиет-тердің қалыптасуы, біріншіден, ата-анасының тәрбиесінен болса, екіншіден, ерінің қолдап-қорғауы, демеуінен болады. Сол үшін де қыз баланың отбасылық өмір-ге деген тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Орыстың ұлы педагогы И.Н. Ульянов: «Тәрбиелі қыз бала- тәрбиелі ана, тәрбиелі ана - тәрбиелі отбасы, тәрбиелі отбасы-тәрбиелі мемлекет», - деген. Сондықтан берік отбасы болу үшін ерлі-зайыптылар арасында шынайы махаббат болуы керек. Атақты педагогтың осы ой-пікірін қазақ-тың ойшыл ақын-педагогы Абай да ерекше қолдаған. Бұл туралы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Қазақ поэзиясында тұңғыш рет бала тәрбиесі, бала тәрбие-сіндегі ата-ана парызы, жастар тәрбиесі, қыз бала тәрбиесіне адамгершілік-моральдық тұр-ғыда қарап, ой-көзқарасын еркін таныта білген - Абай болды» деген. Іргесі берік мемлекет мықты отбасынан баста-лады.

Абайдың педагогикалық көзқа-расының айқын білінетін бір тұсы- қазақ-тың кейбір мақал-мәтелдері туралы ойлары. Ақын «Қалауын тапса, қар жанар», «Сұрауын тапса, адам баласының бермей-тіні жоқ», - деген мақалдарды қатты сынай-ды. Қадалып қалап, сүмірейіп сұрап алған-на гөрі, тер төгіп еңбек ету керек деген педагогикалық көзқарасын білдіреді. «Атың шықпаса, жер өрте» - кері тәрбиеге бағытталған мағынасыз мақал. «Ата-анадан мал тәтті». Психалогиялық тұрғыдан да, педагогикалық тұрғыдан да санаға кері әсер етер ұғымдар. Ата-анасынан гөрі малын бағалайтын жанды қандай тәрбие бар?!

Абай оқыту мен тәрбиелеудегі тілдің маңызына ерекше тоқталады. Ана тілі ар-қылы сол елдің тарихы, жаны, ұлттық танымы танылады. Ақын тілді ерекше құбылыс ретінде қарап, жоғары бағалайды. Тілді шұбарламай сөйлеп, әр айтар ойдың көркем, «жұп-жұмыр» келіп, мағыналы болуын талап етеді. Абайдың педагогико-психологиялық көзқарасы бойынша, адам білімнің негізін өз ана тілінде қалып-тастыру керек. Жаратылыста адам баласы алғашқы ұғымын ана тілінде жеткізеді. Бұл-психологиялық, табиғи ерекшелік. Мәдениетті, жан-жақты құзырлылық ба-ғытта тәрбиеленген адам педагог Абайдың айтуынша, ешқашан тілді шұбарламай, қорламай, таза, еркін, шешен сөйлейді. Сонда ғана өзге ұлт өкілдері сенің тіліңді сыйлайды. «Өзін сыйлай білмеген нәрсеге өзгеден сый күтпе» деген ойында да үлкен педагогико-психологиялық сипат, дана көзқарас бар.

Сонымен Абайдың педагогикалық көзқарастарының негізгі аспектілерін қарай келе, төмендегіше қорытындылауға болады.

1. Ақынның педагогико-психоло-гиялық көзқарастары философиялық, әлеу-меттік-психологиялық көзқарастарымен тығыз байланысты.

2. Ақынның әр шығармасының мақ-саттылығы, әдістемелік негізі ағартушы - педагогикалық шығармашылығына бағыт-талған.

3. Педагогико-психологиялық көз-қарастарымен жас буынға ақыл-ой, адамгершілік, еңбек-кәсіптік тәрбие беру-мен қоса, бас тәрбиешілер- ата-ананың бала тәрбиесіндегі ролі, отбасылық тәрбие, болашақ жанұялық өмірге тәрбиелеудің негіздерін ашып көрсетіп берді.

4. Осындай көзқарастары, ой-пікір-лері арқылы қазақ халқының болашағына оптимистік сипатта қарай білді.

Бүгінгі буын Абайдың көрегендікпен айта білген тамаша педагогикалық көз-қарастарынан нәр алып, саналы психоло-гиялық ерекшеліктер, мінез-құлық қалып-тастырып, ақын өсиетімен алға басып келеді. Ақынның осындай мұрасын жеткін-шектерге жеткізе білу- ұстаздардың, психо-логтардың парызы.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Абай (2 томдық өлеңдер жинағы). – Алматы: «Ғылым», 1977.

2. Абай қара сөздері. – Алматы, 1982.

3. Жиреншин А. Абай және оның орыс достары. – Алматы: «Ғылым», 1959.

4. Құнанбаев Т. Әкем Абай туралы. - «Ана-тілі»баспасы, 1993.

5. Жарықбаев Қ.Б. Қазақ ағартушылары жастар тәрбиесі жөнінде. – Алматы: «Білім», 1985.

6. Ерсәлімов Б. Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары. – Семей: «Ғалам-шар», 2005.

7. Өміралиев Қ. Абай афоризімі. – Алматы: «Кітап», 1993.

8. Ысқақова М. Ұлы Абайға адалдық. – Семей: «Ғалам-шар», 2005.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №5 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ