Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

БІРІККЕН ТҮРКІ ҚАҒАНАТЫ ЖƏНЕ «ҰЙҒЫР» ЭТНОНИМІ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2009

Автор: Закенулы Турсынхан

Ертеде «ұйғыр» этнонимінің беретін мағынасы бүгінгі жеке бір ұлтқа тән атаудың аясынан әлде қайда кең болған. Түрік қағанаты жойылғаннан кейін, «ұйғыр» сөзі «оғыз» атауының баламасы ретінде жалпы түрік халықтарының ортақ атауына айналған. Олар ертеде тели, одан соң қарлық, байырқы, яғлақар секілді тайпалардан құрам тапқан орасан зор саяси-этникалық бірлестік еді. «Ұйғырлар» билік құрған геосаяси аумақ өзінен бұрынғы Түркі қағанатының жерін түгелге жуық қамтитын. Оның үстіне, VІІІ ғасырда Орхон ұйғыр мемлекеті құрылудан бұрын да Қазақстан шегінде бұл мемлекетті құруға атсалысқан түркі тайпалары өмір сүрді. Кейін 840 жылы аталмыш мемлекет Енисей қырғыздары тарапынан талқан-далған соң, оның құрамында болған ру-тайпалардың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударды. Олар мұнда өздерінің көшпелі салтын сақтап қалумен бірге Орта Азияның отырықшы мәде-ниетінің ықпалымен, жаңа этникалық тоғысуларды бастан кешірді. Соған қарамастан, Орхон ұйғырларының қазақ халқымен түпкі этникалық байланысы әлі күнге зерттелмей келеді.

“Ұйғыр” этнонимі В.В. Радловтың пікірінше, VIII—IX ғасырларда “ұйю, бірігу, ынтымақтасу” деген мағнаны берген. Бұл сөздің етістіктен болған келер шақтық анықтауыш түрі “ұйығыр” және түбір сөзі “ұю” қазақ тілінде сақталған. И.Я. Бичуриннің анықтауынша, солтүстік Монғолияда жасаған 12 тайпа 456 жылы Селенга өзенінің бойында Ойхор мемлекетін құрған. Бұл термин 1909 жылы Фин ғалымы Г.И.Рамстедт (G.J. Ramstedt) Монғолияның Тушетхан аймағынан тапқан Елетміш Білге қағанның үшінші ескерткішіне ойып жазылған. Бұл ғылым әлеміне бірінші рет танылған Ұйғыр қағанаты (745—844) дәуіріне тән көне түркі жазуындағы ескерткіш еді. Аталмыш таста: “anta qalmyšy bodun on ujүur toquz oүuz üze yüz jyl olurmyš ...” (ол жерде қалған халық—он ұйғыр, тоғыз оғыз үстінде жүз жыл отырып...) деген жолдар кездеседі (1, 79). Ал, 1976 жылы Қ. Сартқожаұлы мен С.Г. Кляшторный құрамында болған монғол-кеңес біріккен экспедициясы Монғолияның Хубсгуль аймағынан тапқан Елетміш Білге қағанның бірінші ескерткішінде де “біріккен, бірігу” мағынасында жұмсалған “ujүurmyš” сөзі кездеседі. Бұл сөздің түбірі—“ujүur” , ал “myš”—анықтауыш сипатты өткен шақ қосымшасы (1, 3).

Біздіңше, «ұйғыр» ту ертеден өз алдына жеке-дара дамыған этнос емес. Ең әуелі оның өзі тұтас түркі қауымының бір бөлшегі ретінде қалыптасқан. Яғни, Түркі қағанатын құрушы түріктер түріктің ашына тайпасынан шықса, Ұйғыр қағанатын құрушы ұйғырлар түріктің яғлақар тайпасынан шыққан. 745 жылы ұйғырлар түріктердің үстемдігін аударып тастап, Орхон ұйғыр мемлекетін құрған кезде негізгі билік ашына ақсүйектерінен яғлақар ақсүйектерінің қолына көшкен. Ұйғырлардың түркі қағанатының ішінен өсіп-өнген біртекті этнос екенін Орхон ескерткіштері мен қытай деректері бұлжытпай дәлелдейді. Ең басты белгісі олардың тілінің ортақтығы. Түріктер секілді олар да бөріге табынып, хан ордасының алдына бөрі басы байрағын тігетін. Неміс ғалымы А. Габайнның тілімен айтқанда: “745 жылы түріктердің ішінен шыққан, ұлты түрік ұйғырлар олардың Монғол даласындағы мұрагері және талай жылғы салт-дәстүрлерінің куәгері ретінде жарыққа шықты” (2, 6).

788 жылы ұйғырлардың басшысы Құтлық (Тонбаға 780—789 ж.) қаған Таң патшасына хат жазып “ұйғыр” сөзінің қытайша жазылуына мағыналық жақтан да, дыбыстық жақтан да өзгерістер енгізуді сұрайды. Хатта: “ұлтымыздың сұңқар сияқты қағлез, қыран екенін бейнелеу үшін ұйғыр дегенді бұрынғыдай “хуэйхэ” (回紇-ұйқы, ұйу, байлану) емес, “хуэйгу” (回鶻құйғу, аспанда еркін құйғып ұшу) деп жазсаңыздар екен деген өтініш айтады” (3,1). Этнонимнің бұл кезде ұйғыр емес, “құйғыр”, яғни, құстың қимылына байланысты өзгергенін олардың өздері қалап алған қытайша “гу” (鶻) иероглифі де дәлелдейді. Ол бой-тұрқы қаршығадай, түсі қаракөк алмыр құс—лашын (горница) еді. Ал оның алдындағы «хуэй» 回 иероглифі бір нәрсенің “айналып өз орынына қайтып келуі, бұрылуы, үйірілуі, айналуы, орғып айналуы, айналсоқтап қалуы” секілді мағыналарда жұмсалған. Осы бойынша талдағанда, қытайша “хуэйхэ” (回紇) сөзі “ айлана келіп ұю, байланып қоюлану, байланып қату” деген мағнаны, ал “хуэйгу”(回鶻) сөзі “айланып ұшатын лашын құсы” деген мағнаны беретін еді. Демек, ұйғырлар осы кезде “ұйғыр”(ұйығыр, байланғыр) атауынан саналы түрде бет бұрып, қыран құсқа тән “құйғу” немесе “құйғыр” (құйғып ұшатын) атауын қабылдаған. Бұл қытайша дыбыстауына да сай келе кеткен. “Құйғыр” (құйғығыр) сөзі қазіргі қазақ тілінде қыран құстың қимылына байланысты айтылатын атау түрдегі етістік “құйғу” сөзінің түбіріне болжал сипатты сын есім тудырушы “-ғыр” жұрнағының жалғануы арқылы жасалған. Ондай сөздер, мысалы: көресін көргір, алғысын алғыр, Тәңір тілеуін бергір, дәулеті тасқыр, қара басқыр, т.б. қазақ тілінде көп кездеседі. Осыған қарап, сол кезде ұйғырлардың қытай тілін өте жетік меңгергенін және оны өз ана тілінің табиғатына сай шебер пайдаланғанын байқауға болады.Осылайша, олар “құйғыр” сөзінің қытайша баламасын дыбыстық және мағналық жақтан толық ашып берген.

Бұдан бұрынғы “ұйғыр” сөзі ең алдымен анағұрлым көп этностардың бірлестігі—конфедерациясы деген ұғымда қолданылса, “құйғыр”сөзі “жауынгер, қыран”деген мағнада тек түріктің яғлақар әулетіне ғана жұмсалған. Бірақ бұл атаудың қолданыс аясы орда ақсүйектерінің ауқымынан аспағандықтан, халық арасында кең тарала қоймаған. Халық бәз-баяғыдай “ұйғыр” атын малданып қала берген. Этнос атауы өзгеріске ұшырағанымен де одаққа кірген халықтардың бәрі ортақ бір тілде—түркі тілінде сөйлеген.

Орхон Ұйғыр мемлекетін құруға ұйытқы болған осы тайпалар бұрындары теле деген ортақ атпен қазіргі Қазақстан шегінде жасаған. Олар туралы Қытай дерегі былай дейді: “Теленің арғы аталары—ғұндар. Олардың нәсілі өте көп. Батыс теңіздің (Каспидің-ав.) шығыс жағалауынан бері қарайғы тау мен сай-саланың бәрінен бұларды кездестіруге болады... Ангенің (Янцзи) терістігіндегі Ақтауды (Тянь-шаньді) қапталдай қыбыт (чиби), бұлашық (боло), едер (чжи-и), сұба (чжису), нағар (бонахэ), оғыз (уху ), қырғұт (хэгу), ядыр (иечжи), иүрегілер (юниху) тұрады. Соғысқа жарамды адамы жиырма мыңдай. Алтынтаудың (Алтайдың-ав.) оңтүстік-батысында сыр-тардұш (сэяньто), таринақ (чжилэ-эр), зыбан (шипан), дарқыттар (дачи) тұрады. Бұлар да жорыққа он мың адам шығара алады. Қаңлының терістігіндегі Еділ суының бойын едіз (хэ-чжэ), ғажар (хэцзие), барқұт (боху), биған (бигань), қоқы (цзюйхай), қабыш (хэбиси), ажасу (хэсуосу), баямыт (боиемо), кердерлер (иеда) мекендейді. Бұлар да жорыққа отыз мыңдай әскер шығара алады. Теңіз (Арал) көлінің шығыс және батыс жағалауында салар қият (сулоцзие), үш сақын (сансу-яньмие ), сақырлар (сусах) отырады. Бұларда сегіз мыңдай жасақ бар... ”. Бұдан ұйғыр этносын құраған оғыз, қыбыт, сыртардұш тектес негізгі тайпалардың әуелде қазіргі Қазақ жерін мекендегенін байқаймыз. Олардың бәрі Каспи, Арал , Алтай, Тянь-шань секілді табиғи географиялық шекаралармен қоршалған аумақта жасағаны көрініп тұр. Демек, Орхон ұйғырлары ІХ ғ. Орта Азияға келуден бұрын да бұл өңірде олардың этникалық құрамын толықтаған осыншама тайпалардың өмір сүруі бізді ежелгі ұйғырлар ғұн, түркі қағанаты дәуірінен бастап қазақ этногнезімен тығыз байланыста болған деген ойға жетелейді.

В.В. Бартольдтің пікірінше, VI—VIII ғасырларда арабтар Каспий теңізінен Қытайға дейінгі жерлерді мекен еткен түркі халықтарын төмендегідей үш түрге бөлген: 1) Ғұз (Ghuz), яғни оғыз. Каспий теңізінен Сырдәрияның орта аңғарына дейінгі жерлерді мекендеген; 2) Қарлық, Перға-наның шығысына қоныстанған. Бұлардың жері басынан аяғына дейін 20 күндік жол; 3) Тоғыз оғыздар, қарлықтардың шығы-сында, Қытайға дейінгі жерлерді мекендейді. Сондықтан В.В. Бартольд қытай жазбаларындағы хуэй-гу (құйғыр, немесе ұйғыр) мен араб авторларының еңбегіндегі тоғыз оғыздар бір халық деген қорытындыға келеді (4, 102). Оның үстіне Масуди “тоғыз оғыздардан басқа түріктердің ішінде ешкім манихэй дініне сенбейді” (4, 106.) - дейді. Демек, ол кезде ұйғырлардан басқа кімдер манихэй дініне сенуші еді? Бұл дерек тоғыз оғыздардың Орхон түріктерінің ұйғыр тармағы екенін одан ары айқындай түседі.

Батыс тарихшылары ІХ—Х ғасырда Орта Азияда жасаған “tagazgaz” атты түрік тайпаларын ұйғырлар дейді. Сондай-ақ, олардың территориясы батыста Хорезмге дейін созылатынын атап көрсетеді. Тарихшы М. Reinaud “Geographiad d' Aboulfeda” атты кітапқа жазған алғы сөзінде: “ІХ—Х ғасырларда араб географтарының қаламына іліккен осы tagazgaz-ды шынымен түріктер, нақтырақ айтқанда ұйғырлар,-дейді (5, 11). Менімше, бұл аталған tagazgaz “тоғыз оғыз” немесе “тоғыз ғұз” сөзінің батысша деректерде өзгеріп жазылған түрі екеніне дау жоқ. Су Бэйхай Ибн ал-Аширдің “Жалпы тарихында” айтылатын “ғұз тайпасы Махди заманында (Аббасидтердің 775—785 ж. тақта отырған халифі) тоғыз оғыздан—алыстағы түркі қоныстарынан Мауреннахрге келген” деген сөзіне сілтеме жасай отырып, “оғыздар Орхон ұйғырлары, олар өздерін оғыз емес, ұйғыр деп атайды”, - дейді (6, 258). Демек, VIII ғасырдың орта кезінен, яғни, Орхон ұйғыр мемлекеті күшейіп, оның ықпалы Мауреннахрге дейін кеңейген кезден бастап, Оңтүстік Қазақ-стан мен Жетісу саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан олардың ықпалында болды. Сондықтан Араб тарихшылары бұл жердің тұрғындарын түгелімен оғыздар деп атаған. Түптеп келгенде, “қазақ” этнонимінің қалыптасуы да осы “оғыз”(ғұз) сөзімен байланысты.

840 жылы Орхон ұйғыр мемлекеті қырғыздар тарапынан жойылған соң, оның халқы бес бағытпен тұс-тұсқа бытырап кетті. Ол кезде тура батысқа көшкендердің өзі үшке бөлінетін. Қытай тарихы бойынша бұл кезде Бесбалық пен Тұрпанда қалғандары олардың “сарқыншақтары” (殘部) еді. Ұйғырлардың тарихи этномә-дениеті мен тілін зерттеуші ғалым Ян Фусюэ өзінің “Ұйғырлардың тарихи мұралары және мәдениеті” атты еңбегінде Орта Азиядағы қарлықтар арасына барып Қарахан мемлекетін құрған ұйғырларды Шығыс Түркістанда Идіқұт мемлекетін құрған ұйғырлардан бұрын баяндайды (7, 7).

“Жаңа Таң кітабы. Ұйғырлар баянында”: “Ұлыс тоз-тоз болды. Уәзірі Сапшық пен Пан текін он бес тайпа елін бастап, қарлықтарға паналады. Қалған қалдық бұқара Тибет пен Ансиге қосылды,”- дейді. Осы дерек бойынша тарихшылар батысқа беттеген ұйғырлар негізінен үш бағытпен көшкен деп жүр. Мұның ішінде қарлықтар иелігіндегі Тарбағатай мен Жетісуға қарай бағытталған көш ең негізгі бағыт есептелген. Халықтың көп бөлігі де осы бағытпен жүріп өткен. Өйткені оларды бастап жүргендер бұрыннан елдікке мұрындық болған қаракөктің тұқымдары еді. Ал, олардың бет алған бағытындағы қарлықтар туралы Қытай дерегі: “олар Бесбалықтың терістік-батысына, Алтын-таудың (Алтайдың) батысына, Бүркітшін суының екі қапталынан арғы Тадат асуын қамтыған Қабы ұлысына жапсарлас кең өлкеге қоныстанған” - дейді. Бұл олардың алғаш табан тіреген жері болса керек. Өйткені “Таң кітабында” тағы да “чжэдэ жылдарынан (756—758) бастап, қарлықтар бірте-бірте күшейіп, ұйғырлармен бой таластырып, он оқ қағанының ескі қонысына көшіп барып, Сұяб, Талас қамалдарын басып алды. Алайда бәрібір ұйғырлардың шылауында болғандықтан сарайға дербес қол тапсыра алмады”,-делінеді (8, 2).

Тарихшы Гу Бао бір еңбегінде бұл қарлықтардың бұрын ұйғырлардың он бір тайпасының бірі болғандығын, әрі олардың Тянь-шаньның солтүстігі мен Іле өзені бойында көшіп-қонып жүргенін тілге тиек етеді. Ол ұйғырлардың барған жері Цунлиннің (Көккарттың) батысы емес, Тянь-шаньның солтүстігі екенін баса айтады. Сондай-ақ, 840 жылдан кейін батысқа көшкен ұйғырлар үш бағыт бойынша емес, негізінен бір ғана бағытпен көшкен. “Таң кітабында” айтылатын “қалдық бұқараны” бағыт деп есептеуге келмейді дейді (9, 24).

Бұл жолы батысқа көшкен ұйғыр-лардың саны туралы тарихта ешқандай дерек жазылмаған. Бірақ, бар дерекке сүйеніп, Идіқұттағы (Тұрпандағы) “қалдық бұқараның” санының қанша екенін анықтасақ, батысқа—Жетісуға қарай көшкен негізгі бағыттың санын бағымдау қиын емес. “Сун тарихы. Ұйғырлар баянына” жүгінсек, 1068 жылы Сун ордасына барған Сичжоу ұйғырларының елшісі патшаның сұрағына жауап берген кезде “біздегі тірі халықтың саны 300 мың, жарамдысы 200 мың дейді” (10,447). Бұл тек Идіқұт ұйғыраларының, яғни, “қалдықтардың” саны. Бұл бойынша, ХІ ғасырда Тарбағатай, Жетісу, Шу, Талас аймағындағы ұйғырлардың саны, сәйкесті түрде, әлде неше есеге көп болуға тиіс.

“Солтүстік хандықтар тарихы. Телилер баянындағы”(бэйши, тели цзуань) деректер бойынша 840 жылы ұйғырлар батысқа көшудің қарсаңында Тянь-шаньның солтүстігіндегі телилердің арасында соғысқа жарамды 20 мың, Алтай тауындағы телидердің арасында 10 мыңнан астам адам болған. Әр төрт адамның арасынан соғысқа бір адам жарайды деп есептесек, сол кезде Алтай мен Тянь-шань тауының аралығындағы телилердің ұзын саны 120 мың болған (Солтүстік хандықтар тарихы. Телилер баяны). Ендеше, ұйғырлар мұнда келісімен олармен қоян-қолтық араласып кетті. Өйткені, олар да өз халқы еді. Осыншама көп телилер мен Тарбағатайдың батыс бетіндегі қарлықтар ұйғырлардың Қазақстанның оңтүстігіне келіп жаңа қағанат құруына қолұшын берді.

Жапон ғалымы Мориясу Т. “Батысқа ауған ұйғырлардың легі өте көп болғандықтан, бұл бағытқа сыймаған біраз бөлігі тыңнан сүрлеу салып, үздіксіз алға жылжыды. Солардың бірі Пан тегін Луньтай (Үрімші) маңынан оңтүстікке ойысып, Жұлдыз алқабына барды. Сол арқылы Ангені орталық еткен өңірлерді бағындырды. Бұдан басқалары Тянь-шаньның солтүстігіндегі жолмен батысқа қарай көшіп, сол кезде қарлықтар иелігіндегі жерлерге барды...866 жылы Бесбалық ұйғырлары күшейіп, Үрімші, Тұрпан, одан соң Іле мен Ангеге дейін кеңейді. Содан бастап, Анге батыс ұйғырларының орталығы орынынан айырылды,” - дейді (11, 60-70). Шындығында, ұйғырлар көшпенді халық болғандықтан, бұл кезде жүз мыңдаған халықтың жолшыбай көш жолға, жайылымға сыймай, басқа бағыт талдауы табиғи құбылыс. Сондықтан олардың біраз бөлігі Тянь-шаньның оңтүстігіне қарай ойысып, Жұлдыз жайлауына барып қоныс тепті. Бұл жағдай батысқа қоныс аударған ұйғырлар өздігінен екіге бөлініп кетті дегеннен дерек бермейді. Өйткені Анге мемлекеті орын тепкен Жұлдыз жайлауы мал-жанға өте қолайлы еді. Оның үстіне оның солтүстік қанаты арқылы Ілеге оп-оңай өтуге болатын. Шығыстан батысқа қарай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Тянь-шань тауы Үрімші тұсынан соң тек осы арада ғана асу беретін. Іленің Күнес басындағы Нарат асуы арқылы елдер Жұлдыз алқабына үнемі қатынап тұратын. Ұйғырлар осында қоныс аударғанда тарихтан бері стратегиялық орыны маңызды болып келген бұл жерді өз қарамағына алуды көздесе керек.

Бірақ, 866 жылы Ангені Бесбалық, Идіқұт өңірін мекендеген ұйғырлардың басып алуынан қарағанда, ұйғырлардың осы бөлігі мен батысқа көшкен басым бөлігі арасында өткір қайшылық туындаған көрінеді. Бұл қайшылықтар нәтижесінде Идіқұт ұйғырлары мен солтүстік бағыттағы ұйғырлар бір-бірінен мәңгілік ажырап қалды. Оларды Тянь-шаньды шекара ете отырып, таудың оңтүстігіндегі ұйғырлар және таудың солтүстігіндегі ұйғырлар деп атауға да болатын еді. Сөйтіп, Тянь-шань тауы оларды бір-бірінен ажыратушы табиғи бөгетке айналды. Соның нәтижесінде шаруашылық мәде-ниеті де түрліше қалыптасты. Идіқұт пен Анге ұйғырлары Тянь-шанның оңтүс-тігіндегі отырықшы тұрмысқа тез көндігіп, осындағы жергілікті халықтармен саяси, экономикалық, этникалық және мәдени байланысқа түсіп, мүлде жаңа этнос ретінде қалыптасты. Бұл қазіргі ұйғырлардың ата-бабалары болатын.

Бұл кезде Тянь-шаньның солтүс-тігімен батысқа қоныс аударған ұйғырлар, яғни, таудың солтүстігіндегі ұйғырлар, ұзақ уақытқа дейін өздерінің көшпенді мәдениетін сақтап қалды. Сөйте тұрып, Оңтүстік Қазақстан мен Мауреннахрдегі саяси-экономикалық процесстерге ықпал етті. Осылайша, 999 жылы Орта Азиядағы ең соңғы ариандық мемлекет Саманилер хандығын аударып тастап, Қара Хан мемлекетін толығымен құрды. Сол кезде олар өздерін байырғы Тұран батырының атымен “Афрасиаб патшалығы” деп атаған. Ал, “Қара хан” сөзі таяу заманғы орыс зерттеушілері тарапынан ұсынылған атау.

Бүгінде көпшілік ғалымдар Қара хан мемлекетін Орхон ұйғырлары құрған деп есептейді. Енді біреулер оны ұйғырлардың бір табы болып есептелетін яғмалар құрған дейді (12,55). Ал орыс зерттеушілері қарлықтар құрған дейді. Менімше, бұл хандық Орхон ұйғырлары Орта Азияға келгеннен кейін, ІХ ғасырдың екінші жартысында олармен тығыз этникалық байланысқа түскен Оңтүстік Қазақстанда жасаған түркі текті тайпалар тарапынан құрылған. Қазақ жерінде жасаушы бұл тайпалар орхондық және ортазиялық түркілік ерекшеліктерді бірдей қабылдаған, тіл және салт-сана, діни сенім жағынан бір тұтас халық еді. Бұлар Аблхасым Фердаусидің (940—1020) “Шаһнама” дастанында айтылатын Көк теңіздің (Арал теңізінің) солтүстігін мекен етіп тұрған “Қазақ” және “Қазақ хандығы” деп аталатын күшті және көп санды ел болатын. Олардың ірге тепкен жерлерінің өзі де қазіргі Оңтүстік қазақстан аумағы еді.

Осылайша, Орхон ұйғырларының көшіп келуі мен одан кейінгі Шыңғыс шапқыншылығының нәтижесінде ХІІІ ғасырда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда кейінгі кезде қазақ халқының біртұтас этносаяси тұтастығын қалыптастыруға негіз болған тайпалардың біразы шоғыр-ланған еді. Бұған 1220 жылдары осы аймақ-та болып қайтқан Жүржіт (Цзиньго) елшісі У Гусун-Чжун дуанның көрген-білгендері туралы жазылған “Солтүстікке сапар естелігіндегі” (Бэйшицзи) деректер дәлел болады. Онда: “бұдан алдынғы Ся мемлекетінен 7-8 мың ли ары қарай жүргенде таудың шығыс жақ беткейіндегі сулар шығысқа қарап ағады, батысындағы сулар батысқа қарап ағады. Жері сазды болады. Одан ары тағы 4 мың ли жүргенде жері ысый бастайды. Онда жүздей қала бар. Бірде біреуі қытайша аталмайды. Олардан мұнда молқы (моличи), қаңқылы (канкэли), қырғыз (хэлихэсы), найман (найман), қаңлы (канли), құйғыр (гуйгу), тұмат (тума), қарлық (хэлу) секілді түрлі ұлттар мен ұлыстар қоныстанғанын сұрап білдім”-делінеді. Осындағы “таудың шығыс жақ беткейіндегі сулар шығысқа қарап ағады, батысындағы сулар батысқа қарап ағады, жері сазды болады. Одан ары тағы 4-5 мың ли жүргенде жері ысый бастайды”-дегеніне қарағанда, елші алдымен Жұлдыз жайлауына келіп, сол жерден Тянь-шань тауынан асып Іле бойына, одан Алатауды бойлап отырып Шымкент арқылы Мауреннахрге дейін барған. Бұл ру-тайпалар мен қалаларды ол осы сапарында көрген. Демек, Орхон ұйғырлары (құйғырлары) бұл кезде қазақтың байырғы тайпасының біріне айналып үлгірген.

Орхон Ұйғыр хандығы күйрегеннен кейін, оның тікелей ізбасары ретінде Орхон бойында Найман және Керей мемлекеті дүниеге келді. Қытайдың “Ляо ши” және “Цзиньши” атты тарихи деректеріне негізделгенде, “найман” атауы Ляо хандығы кезінде “нанбаг” (няньбагэ), “нанбан” (няньбаэнь) деген аттармен хатқа түскен. Мұның кейінгі найман екенін және түркі тілінде сөйлегенін, сондай-ақ, Алтай тауында көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданып, батыста Ертіс өзеніне, солтүстікте қырғыздарға дейін иелік құрғанын қытай тарихшылары растайды (13, 3880).

Дерек бойынша Найман мемлекеті, кем дегенде, Ляо патшасы Дао Цзунның да-ань жылдарында (1085—1095) Қытайға танымал болған. Яғни, Шыңғыс ханнан 100 жыл бұрын Найман мемлекет ретінде өмір сүріп тұрған. Ал одан бұрын қанша жыл өмір сүріп келгені белгісіз. Бірақ басы ашық бір мәселе—наймандардың тіл, территория, әдет-ғұрып және мемлекеттік дәстүр тұрғысынан бұрынғы көк түріктердің, кейінгі Орхон ұйғырларының заңды мұрагері ретінде өмір сүріп келгені. Сондықтан наймандар ұйғыр жазуын ХІІІ ғасырға дейін қолданды. Бұл туралы Рашид ад-диннің “Жамиғ ат тауарих” атты еңбегінде айқын жазылған. Оның үстіне, 1955 жылы Монғолияның батысындағы Ұлан-құм өңірінен ұйғыр әріптерімен тасқа жазылған сегіз жол мәтін табылды. Соған қарамастан кей ғалымдар наймандарды монғол тілдес халық дейді. Жапон ғалымы С. Мураяма орыс тарихшысы Л.Л. Викторованың, Рашид ад-Диннің еңбек-теріне және бір талай топономикалық атауларға талдау жасай отырып, найман-дарды түркі тілдес ел деген қорытындыға келген еді (14, 67). Ал, Қытай ғалымы Чжоу Циншу былай дейді: «Бұқа хан туралы аңыз тек ұйғырларда ғана болмаған. Бұқа (Буку) деген Орталық Азияда жасаған ұйғырлардың ата тегі деп айтылады. Ал Тұрпандағы ұйғырлар (Идіқұт ұйғыр-лары—ав.) сол ұйғырлардың батысқа қарай қоныс аударған бір бөлшегі. Батысқа көшкен бөліктерінен тыс, олардың ішінде сол Орталық Азияда қалып қойған немесе Гобидің оңтүстігіне қашып барғандары да бар. Бәлкім, олар басқа тайпалармен бірлесіп кетіп, өзге бір атпен тарих бетінде қалған шығар. Рашид ад-Диннің айтуына қарағанда, ұйғырлардан сырт, басқа көптеген тайпалар да Бұқа ханды өз ата-бабасы ретінде құрметтейді. Осы тайпа-лардың ішінде найман мен оңғұттар кіретіні сөзсіз. Олар әсілі Орталық Азияда жасаған ұйғырлардың сол ежелгі жерінде қалып қалған бөліктері” (15,98) Бұл пікір Орхон ұйғырлары мен наймандардың арасын жақындастыра түседі. Оның үстіне, “Бұқа” сөзі Тұрпан текстерінде де жиі кездеседі. «Бұқа» наймандардың ежелгі төтемі. Табынатын киелі күші. Бүгінде көпшілік ғалымдар “найман” этнонимі “сегіз оғыз” тайпаларына байланысты қойылған, наймандар осы тайпаға өкілдік ететіндіктен, монғолдар оларды “нәмін” (сегіз) деп атап кеткен дейді. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені этноним көбіне көрші халықтар тарапынан қойылады. Осы “сегіз оғыз” сөзі де жазба деректерде тұңғыш рет Ұйғыр қағанатының қағаны Мойыншорға (747—759 ж. тақта. от.) арнап орнатылған ескерткіште кездеседі. Онда Мойын-шордың ұйғыр тағына таласушылардың барлығын жеңіп, сегіз оғызға қарсы жорыққа шыққаны жазылады. Ескерт-кіштегі деректер бойынша, “сегіз оғыздар” Мойыншордан жеңіліп, ұйғыр-лардың үстемдігін мойындайды. Кей ғалымдар “сегіз оғыз” (наймандар) тоғыз оғыздың құрамында болған, ол тоғыз оғыздың ұйғырдан басқа сегіз тайпасын көрсетеді дейді (16,70-89).. Ендеше, ол сегіз тайпа ұйғырлар қоластына қараған сегіз таңбалы наймандар деуге толық негіз бар.

Орхон ұйғыр қағанаты құлап, оғыздардың көп бөлігі шет жұрттарға ауа көшкен кездерде, Орхон бойында қалған бір бөлім сегіз оғыздар (наймандар) кейін Алтай тауы мен Ханғай тауларының арасында жаңа қағанат құруға атсалысқан. Олар билеуші ұйғырлармен бірге шет жұрттарға кетпеген. Сол бойынша ата мекендерінде қала берген. Қырғыздармен жақын қарым- қатынаста бола отырып, өз мемлекеттерін құруға атсалысқан. ІХ ғасырдағы араб авторы Әл-Яқұбидің “Түркістан мен түріктер бірнеше халықтар мен мемлекетке бөлінеді. Соның ішінде қарлықтар, тоғыз оғыздар, қимақтар және оғыздар бар. Түріктердің әр тайпасы жеке мемлекет және бірімен бірі соғысып тұрады”, - дегеніне қарағанда, біраз оғыздар қарлық және қимақтармен көрші отырған. Бұл жерде Әл-Яқұби оғыздарды “оғыздар” және “тоғыз оғыздар” деп неліктен әр түрлі атаған деген мәселе туындайды. Біздіңше, араб авторы бұрынғыша “тоғыз оғыздар” деп сол кезде Орхон бойында қалған оғыздарды (іс жүзінде билеуші тобынан айырылған сегіз оғыздарды) айтқан. Х ғасырда парсы тілінде жазылған “Хұдұт ал-ғалам” атты кітаптағы “қимақтар ... оғыз-дармен аралары жақсы жылдарда қыста Сырдәрияның жағасына көшеді”-деген дерек бойынша, оғыздар олардың оңтүсті-гінде, ал “тоғыз оғыздар” олардың шығысында болған болады.

Демек, ХІ ғасырға дейін наймандар арабтар тарапынан “тоғыз оғыз”, монғол-дар тарапынан “сегіз”(нәмін) аталып, Орхон мен Ханғай тауы, кейін Алтайға дейінгі жерлерді мекендеп тұрған. Енисей қырғыздары олармен жақын, көрші отырған. Сөйтіп, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс жорығы кезінде Алтай асып келген наймандар көне Орхон түріктері мен ұйғырларының салт-санасын, мәдениетін, тіл үрдістерін таза қалпында ала келген.

Орхон ұйғырлары 850 жылға дейін байырғы түркі руникалық жазуын қол-данып келсе, кейін соғды жазуы негізіндегі ұйғыр жазуын, одан соң араб жазуын қолданды. Түрколог Гэн Шиминьнің пікірінше: Қара хан мемлекетінің түрікше жазба тілі мен Орхон ескерткіштерінің және Идіқұт Ұйғыр мемлекетінің жазба тілі арасында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ еді, тек айырым диалекттер ғана болған (17,492). Сондықтан, Орта Азияға енді ғана тарала бастаған араб графика-сымен бір уақытта ұйғыр жазуы ХV ғасыр-ға дейін қолданылып келді. ХІІІ ғасырда бұл жазу (uighur script) наймандар арқылы монғолдарға таралды әрі империя аумағының ұлғаюына байланысты қолда-ныс аясы кеңейе түсті. ХVІ ғасырдан соң бұл жазу монғолдар арқылы манчжуларға таралды.

Орта Азия аумағында ұйғыр жазуы ХІІ—ХV ғасырларда Алтын Орда хандығы, Темір мемлекеті және Шағатай ұлысының үкметтік жазуына айналды. Мысалы, Алтын Орда дәуіріндегі Тоқтамыс ханның жарлығы (1398), Құтлық Темір жарлығы (1398) секілді жарлықтар осы жазумен жарияланды. Темір мемлекеті кезінде түрікше араб графикасымен жазылған барлық ислам әдебиеттері түгелдей ұйғыр жазуымен қайта көшірілген. “Құтты біліктің” Вена нұсқасы да дәл осы кезде (1439) көшірілген.

А. Габайнның Идіқұт ұйғырларының заттық мәдениеті мен өмірі туралы зерттеулеріне жүгінсек, олардың сөздік қорынан қазіргі қазақ тілінде сақталып қалған, бірақ осы күнгі ұйғыр тілінде ұмыт болған көптеген сөздер кездеседі. Мысалы: märkit (меркіт), käräi (керей), qipcaq (қыпшақ), qulin (құлын), quzγn (құзғын), qarliγač (қарлығаш), käkälik (кекілік), yumurtqa (жұмыртқа), kirpi (кірпі), torqa (торқа), täri (тері), yilqi (жылқы), adγir (айғыр), böz (бөз, мата), batman (батпан—ауырлық өлшемі), baqir (бақыр—мыс ақша), qari (қолдың қары—ұзындық өлшемі, 50-60 см.), otong (отын), küng (күң), saliγ (салық), nökör (нөкер), ničan (нышан, белгі), lu(жылан), soyγu (соғым), täkä (теке), qočqar (қошқар), saγliγ qoу (саулық қой), saγliγ ečki (саулық ешкі) т.б (2,41).

Бұл да Орхон ұйғырлары мен қазақ халқының тілдік, этникалық тұрғыдан тарихи сабақтастығын түсіндіреді. Демек, VІІІ ғ. Орхон даласында мемлекет құрған ұйғырлар бүгінгі көптеген түркі халықтарының ұлт болып қалыптасуына негіз болған. Әсіресе, қазақ халқының этногнезіне тікелей әсер еткен. Сондықтан қазақ ұлты олардың мемлекеттік дәстүрі (Қарахан, Найман, Керей мемлекеттері) мен көшпелі мәдениетін, тіл-жазуын (ұйғыр жазуы) сақтап келді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Сартқожа.К. Объединенный каганат тюрков. Астана, 2002.

2. Gabain A.V. Das Leben im uigurischen Königreich von Qočo (850—1250), Weiesbaden, 1973 (перевод на кит.яз.), Үрімжі, 1989.

3. Жаңа Таң кітабі, 217-чуэнь(1), 142-баян (1), құйғырлар бөлімі-1

4. Бартольд. В.В. Чжуня цзяньши—(Орта Азия тарихы), Үрімші,1980..

5. Ван Живэй, Цун линь си хуэйгу као//Юйгунь, 1935, т. 4. №5.

6. Су Бэйхай. Хасакэ цзу тоншэ, Пекин, 1994, 258-б.

Ян Фусюэ. Хуэйгу вэньсянь юй хуэйгу вэньхуа, Пекин, 2003.

7. Синь Таншу. 217-цзуань (2), 142-лиечжуань (2) хуэйхэ(2).

8. Гу Бао. Синьцзян вэйвэрцзу цзуюань синькао// Чжунго шэхуэй кэсюэ, 1980, № 6

9. Линь Гань. Хуэйгу сицянь //Ту цзюэ юй хуэйгу лишэ луньвэнь цуаньцзи, ІІ т., Пекин, 1987, 747-б.

10. Мориясу Тагау. Гуаньюй хуэйгу дэ си цянь// Миньцзу и-цун 1980, №1; “Теё гакухō” (Япония), 1977, 59 т., № 1—2, с. 60-70.

11. Ван Чжилай,Чжуня ши—гудай ши., ІІ т., Үрімші, 2004, 55-б.

12. Чжунго байкэ да цыдянь, Пекин, 1999, V т., 3880-б.

13. S. Murayama. Sind die Naiman Türken oder Mongolen?// CAJ, V.IV, №3, 1959.

14. Чжоу Циншу. Вангу жэн гуюань //Чжунго мэнгуши яньцзюхуэй цзянь-хуэй луньвэньцзи, Көкхот, 1979.

15. James Hamilton. Toquz-oghuz et On-uyghur//JA, 1962; К.И. Петров. Очерк происхождения киргизского народа. Ст.70-89. - Фрунзе, 1963.

16. Ген Шиминь, вэй у-эр гудянь вэнь сянь яньцзю. - Пекин, 2003. 492-б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ