Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ТҮРІК ТАРИХЫНЫҢ ЖАРҚЫН КЕЗЕҢІ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2009

Автор: Закенулы Турсынхан

VII ғасырдың 30 жылы Шығыс түріктер Таң қоластына қарағаннан кейін, Таң ордасы түріктерді Хуаңхэнің оңтүстігінде тұрғызуды және олармен астананың арасының өте жақын болуын қауіпті деп есептеді. Сондықтан, шілде айында Таң Тайцзун оң қанат қосын бегі бас санғұн, Хуачжоу аймағының тұтығы, Хуайхоу инаныч ханы Ли Сымауды (Ашына сымау) Нишу Елбілге қаған етіп тағайындап, дауылпаз және ту сыйлап, Хуаңхэнің оңтүстігіндегі аймақтарда бытырай орналасқан барлық түріктерді алып, дәриядан өтіп, Ұлы шөлдің оңтүстігіндегі бұрынғы мекендеріне апарып орналастыруға жіберді. Патша оған түрік жұртын осында ұрпақтан ұрпаққа дейін қоныстандырып, Ұлы Таң патшалы-ғының солтүстік шекарасын қорғауды тапсырды. Себебі, бұл кезде солтүстіктегі сыр-тардұштар күшейіп, бодан болған түріктер мен Таң патшалығына қауіп төндіруде еді.

Таң патшалығының түріктерге қаратқан саясаты, бір тараптан түріктердің Орта Жазық өңіріне баса көктеп кіріп кетуінің алдын алса, енді бір тараптан түрік ақсүйектеріне шен-шекпен жауып, лау-азым-атақтар сыйлап, оларды өз қызмет-теріне тартуға бағытталған еді. Осы арқылы олар түрік қолын басқа елдерге қаратқан шапқыншылық соғыстарда пайда-ланғысы келетін. Түптеп келгенде мұның өзі Таң әулетінің түріктерден айырылғысы келмейтіндігінің бірден бір себебі еді. Мысалы, Таң патшалығының Кореяға, Күсәнге, Түбітке және Орта Азияға жасаған шапқыншылық жорықтарында түгел дерлік бағынған түркі қосындары мен қолбас-шылары пайдаланылды. Оның үстіне түркі қолы өте жауынгер, атты қосындардың соғыс өнері елден ерек болатын. Бірақ мұндай әскери міндеттеме бодандықтағы түрік халқына оңай-оспақ бола қойған жоқ. Таң қоластына қараған алғашқы жылдар-мен салыстырғанда күннен күнге артып отырған қоғамдық алым-салық пен әскери міндеттеме, зорлықпен қоныс аударулар түркі халқын әбден тұралатты. Әсіресе Орта Азияға ― Батыс Түркі қағанатына қарысы жорықта олар ылғида өздерімен бір туған бауырластарына қарсы соғыс ашып, жазықсыздан жасықсыз олардың қанын өз мойындарына жүктегеніне наразы еді. Осы кезде ғана олар түркі халқын бір біріне қарсы жауласуға итермелеген басқа ешкім емес, тек Таң патшалығы екенін танып жетті. Халық өз тәуелсіздігі мен бас еркіндігі болмай бұл құлдықтан құтыл-майтынын білді.

679 жылы қазан айында Ұлы шөлдің оңтүстігіндегі Тәңірқұт басқақбегі меке-месіне қарасты шығыс түркі тайпаларының бір бөлігі жергілікті тұтықбек Асадыр Вэнфу мен Асадыр Фэнчжидің басшы-лығында 24 тайпаның ақсақалы бас қосып, Төліс қағанның ұлы Ашына Низүк бекті өздеріне қаған сайлады, әрі Таң патша-лығына қарсы көтеріліс жасады. Бұл түріктердің Таң патшалығынан алғаш рет тәуелсіздік жариялауы десек те болады. Ашына Низүк бек неше он мың қауымға басшылық етіп, Динчжоу (қазіргі Хэбэйдің Динсян ауданы), Юньчжоу (қазіргі Санси-дің Датон қаласы), Юаньчжоу (қазіргі Нинсяның Гоюань ауданы), Чжэнчжу (қазіргі Ганьсудың Чэнян ауданы) қатарлы аймақтарға арт-артынан шабуыл жасады. Сонымен бірге қытан, татабылармен бірігіп, Инчжоу аймағын (қазіргі Ляонин-дегі Чаоян ауданы) шауып алды.

Таң Гаоцзун алдымен Тәңірқұт басқақ бегінің дорғабы Су Си-и қатар-лыларды жаза жорығын жасауға бұйрға-нымен, қытай қолынан көптеген адам өліп, оңбай жеңілді. Бұдан соң Гаоцзу патша Пэй Синцзянді аға жорық төбенайы етіп тағайындап, 300 мыңнан астам қолмен жазалау үшін жіберді. 680 жылы көктемде Пэй Синцзянь түріктерді Қаратауда жеңіп, Асадыр Фэнчжэні қолға түсіреді. Жаңадан сайланған қаған Ашына Низүк бек қол астындағы табғашшыл сатқындар тарапы-нан өлтіріледі.

Бұған қарамастан түріктердің Таң патшалығынан тәуелсіздену ерік-жігері еш мұқалмайды. 681 жылы қаңтарда түрік Ашына Инан (бұрынғы Ілік қағанның інісі) өзін қаған деп жариялап, Асадыр Вэнфумен бірлікте Таң армиясымен Қытай қамалы-ның солтүстігінде соғыс салып, Хэншуй (қазіргі Ішкі монғолиядағы Көкхот қаласы-ның оңтүстігіндегі Қарасу маңы) өзені бойында Таң қосындарын ойсырата жеңеді. Бұл реткі көтерілістің нәтижесі туралы екі түрлі дерек бар: оның бірінде қару күшімен түріктерді бағындыра алмасын білген Таң генералы Пэй Синцзянь оларға жақын Дайчжоу аймағының Чжэнго деген жеріне барып, көтеріліс жетекшілері Ашына Инан мен Асадыр Вэнфудың арасына ірткі салады. Тағы да ірі империялық «сына саясаты» іске қосылады. Нәтижесінде олар бір-бірінен қауіптеніп, әскерді бөліп алып басқарады. Артынша шілде айында Ашына Инан Асадыр Вэнфуды ұстап, Пэй Синцзяннің тұрған жеріне жеткізіп береді. Сөйтіп өзі де Таң патшалығына бағынады (1,2). Енді бір дерек бойынша, Хэншуйдағы соғыста Ашына Инанның бала-шағасы Таң әскерлерінің қолына түседі. Пэй Синцзянь осы арқылы Ашына Инанды тізе бүгуге насихаттайды. Қаруын тастап бағынса, өткенге салауат етіп, бас амандығына кепілдік беретіндігін айтып елші жібереді. Қиын жағдайда қалған Ашына Инан бала-шағасына, өзіне және серіктеріне кеңшілік бола ма деген оймен қаруын тастап бағынады. Бірақ олар Чан-анға айдап әкелінген соң, патша бәрібір кешпейді, бұл жолғы көтеріліске қатысқан шығыс түрік ақсүйектерінен Ашына Инан бастатқан 54 адамның басын алғызады (2,43 ).

Бұл оқиға Таң қоластына бодан болған түркі тайпаларын қатты тіксіндіреді және Таң патшалығына деген ең соңғы сенімінен бір жолата айырады. Басшыла-рынан айырылған шығыс түркі тайпалары торғайдай тозып, бет алған жақтарына кетеді.

Бір жылдан соң, 682 жылы шығыс түріктерінің тұдын дәрежелі мансаптысы Ашына Құтлық өзіне жақын 17 серігімен Шұғай құзына барып бекініп, бір кездері атағы әлемге жайылған Түркі қағанатын қайта құруға кіріседі. Ол асадыр тайпасы-нан шыққан данышпан, ұлы ойшыл әрі әскери стратег Тоныкөктің ақыл-кеңесімен бұдан бұрынғы көтерілістердің жеңіліске ұшырау себептерін жан-жақты талдап, одан белгілі қорытынды шығарады. Сол арқылы мемлекетті қайта құрудың барлық алғы шарттарын әзірлейді. Көтеріліс жетекшіле-рінің ішкі бөлігінде темірдей қатаң тәртіп орнатады. Ашына Құтлық бұрынғы Ілік қаған нәсілінен болғандықтан, оның үстіне шығыс түріктері оңтүстікке көшкенде Юньчжун тұтық мекемесіндегі Юнь-ин қауымының басшысы болғандықтан жұрт арасында жоғары беделге ие еді. Бірақ, Ашына Низүк бек пен Ашына инандардың көтерілісі жанышталған соң, ол Юньчжун мекемесінен қашып шығып, жеті жүз кісіні өз қасына жиып, қазіргі Ішкі Монғолия астанасы Көкхот қаласының солтүсті-гіндегі көне Қарақұм қаласын басып алады. Күші барған сайып зорайып, қол астын-дағы 700 адам көбейіп 5 мыңға жетеді. Олар маңындағы тоғыз оғыз, ұйғыр тайпа-ларынан мал барымталап әкеліп, өздерінің әскери және тұрмыстық қажеттерін өтеп отырды. Тәңірқұт басқақ бегі мекемесіне басып кіріп, Таң мансаптысы Ван Маодэні өлтіреді. Ілгерілей шабуылдап, Юньчжоу-ды қоршауға алады. Осы кезде Таң ордасы оларға қарсы жазалаушы қосынға басшы етіп Суэ Жэнгуй мен ұйғырлардың Баз қағанын жібереді. Баз қағанның қол астында тоғыз тайпалы ұйғырдың бүтін қолы болады. Бұл жолы Құтлық өз күшін сақтап қалу үшін олармен бірден айқаса кетпей, қосындарын шегіндіріп кетеді (Ғ. Жұмаш. 43 б.). 682 жылы Құтлық Қарақұм қаласында дербес қағандық құрып, өзін Елтеріс қаған деп жариялайды. Бұл тарихта екінші Түрік қағанаты деп аталды. Осы оқиғалар Білге Тоныкөк ескерткішінде былайша баяндалады: «(түркі қауымының) орман, тау арасында қалғаны жиылып жеті жүз болды. Екі бөлігі атты еді, бір бөлігі жаяу еді... арық бұқалы, семіз бұқалылар жырақта ептесер... осылайша ойладым. Одан соң Тәңірі білік берген соң өзім қағанмен ұғыстым... түстікте - Табғашты, шығыста - қытанды, терістікте - оғызды көп жойды. Білік иесі, сөз иесіне мен бағындым. Шұғай құзын, Қарақұмды мекендеуші едік».

Осы кезде батыс түркілерінің жебе, түркеш, чимойын тайпалары да бірлесіп Таң патшалығына қарысы көтерілген еді. Бұл кез император Таң Гаоцзуңның қайтыс болуына байланысты Таң патшалығының ішкі бөлігінде тақ таласы өршіген кез еді. Түріктер осы орайдан пайдаланып ықпал күшін кеңейтіп үлгірді. Елтеріс құтлық қаған түркі жұртын өз төңірегіне одан ары топтастыра түсу үшін, билік орталығын түркілердің ежелгі кіндік жұрты Өтікен тауына көшірді. Сол арқылы бұрын екіге бөлініп қалған батыс және шығыс түркі тайпаларын қайтадан бір тудың астына топтастыруға күш-қайратын сарқа жұм-сады.Таң сардары Суань Баобидің он үш мың әскерін түгел жояды. Оның осыншама көп шақастарда жеңістен жеңіске жетуіне жебеуші болған Білге Тоныкөктің де қызметі айырықша. Таң астанасы Чан-ань қаласында қару өнері мен әскери білімді жетік меңгерген ол Елтеріс Құтлық қағанмен бірге Түркі қағанатын қайта құруға ат салысса, қағанат құрылғаннан кейін де Бөгчор (Қапаған) және Мойынчор (қытайша Можилан, кейінгі Білге) қағандарға ақылшы болып, қағанаттың гүлденуі үшін «қара терін ағызып, қызыл қанын сарқа жұмсайды».

691 жылы Елтеріс Құтлық қаған қайтыс болып, оның орынына інісі Бөгчор таққа отырады. Көне түркі ескерткіш-терінде ол Қапаған қаған деп аталады. Ол қаған болған кезде Таң патшалығының билігі әйел патша У-Цзытяннің қолына өткен еді. Орда ішінде патшайым жақ пен ханзада жақтың күресі әлі жүріп жатқаны себепті, Таңның түріктерге қарсы саясаты бірден айқындала қоймады. Осы кезде Бөгчор қаған 400 мың қосынмен жан жаққа жорық жасап, көрші этностарды бағын-дырды және Орта Азияға қол жөнелтіп бұрындары Батыс Түркі қағанатына бағынбаған елдерді де өз қоластына қаратты. Шығыс шепте қытан, татабылар ылғида түріктердің жаза жорығына ұшырап тұрды. Осылайша олардың территориясы күннен күнге кеңейіп, ықпал күші арта түсті. Тарихи деректерде ол тақта отырған мезгілде «қосыны Ілік тұсындағы қосынның санына жетті. Жерінің аумағы он мыңдаған шақырымға созылды. Бодан елдердің бәрі дерлік оның әмірін қабылдады» делінеді (3,1).

Бөгчор өз кезінде Таң патшалығына бодан болап, Фэнчжоу, Шэнчжоу, Линчжоу, Сячжоу, Шуочжоу, Дайчжоу-секілді Хэшуйдің алты дуанында бытырай қоныстанған түркі жұртын ата мекендеріне қайтару жөнінде У-Цзытянге өтініш білдіреді. Талабы орындалмаған соң Таң шекарасына қарулы күшпен басып кіріп, өз қандастарын көшіріп алу шешіміне келеді. 694 жылы Линчжоуда түркі қолы мен Таң қосындары арасында қиян-кескі шайқас болады. Соғыста түркілер жағы басым келіп, Таң қосындары жеңіліс тапты. Бірақ осыдан соң Бөгчор дереу Таң патша-лығымен бітімге келді. Ондағы мақсаты амал-айлаға басып, араға уақыт салу, сол арқылы өз күш-қуатын нығайтып алу еді. Таң патшалығы оған «елге оралған бек» деген атақ беріп, алты дуандағы түркі бауырларын басқаруына берді. Артынша Тәңірқұт басқақбегі мекемесінің басқақ-тығы лауазымын да сыйлады. Оңтүстікте Таңмен болған қарым-қатынасты сабасына түсіріп, алаңсыз еткеннен кейін 695 жылы Бөгчор солтүстікте Кем өзені маңындағы аздар мен қырғыздарға жорық жасап, оларды түгел дерлік бағындырып қайтты.

Келесі жылы түркі қағанатының шығысындағы қытандар мен татабылар Таң патшалығына қарысы бүлік тудырды. Бұл Бөгчордың көптен күткен орайлы сәттерінің бірі еді. Ол Таң патшалығына жәрдемдесіп, бүлікті тыныштандырып беремін деген сылтаумен бұрындары Түркі қағанатының қол астында болған қытандар мен татабыларды қайтадан өзіне қаратып алды (2, 48). 697 жылы көктемде У-Цзытянь алты дуандағы «ел болған» түркі қауымынан бір қанша мың түтін мен 100 мың батпан астық, 50 мың тоғанақ араласпа жібек, 3 мың дана егіншілік сайманын, неше ондаған мың батпан темірді түркілерге сыйлады (4.189). Cөйтіп, Таң патшалығына жалғаннан тізе бүккен төрт жыл ішінде Бөгчор өзіне пайдалы төрт ірі істі орындап үлгерді:

1-алты дуандағы түркі бауырларын өзіне қаратты;

2-қытан, татабыларды Таң патша-лығының күшімен бағындырды;

3-оңтүстік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы солтүстікте қыр-ғыздар мен аздарды бағындырды;

4-бұдан былай тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін Таң патша-лығынан қыруар астық, өндіріс құрал-саймандары мен мата-кездемелерді алды.

Осы мақсаттарына қол жеткізгеннен кейін, 698 жылы тамызда Бөгчор Таң патшалығымен жасасқан бұрынғы келісім-дерді түгелдей бұзып, Таң патшалығына қарысы тұтқиыл шабуыл жасайды. Шабуыл жасау алдында ол Таң ордасына хат жіберіп былай дейді: «бізге буға пісіріп берген астықтарың егуге жарамады, бұл -бір; алтын-күміс бұйымдарың сап емес, қоспасы бар дүниелер болып шықты, бұл-екі; Келген елшілерге берген сыйлықтарым мен шен-шекпенім көрінгеннің қолында кетіпті, бұл-үш; бізге жіберген жібек кездемелерің олпы-солпы нашар тоқы-лыпты, бұл-төрт; Қаған менің қызым көк ұлының ұлына ұзатылуға тиіс еді. У әулеті біздің теңіміз емес, қораш науға саналады. Ал сендер құдалыққа жалғандық істе-діңдер. Бұл-бес. Осы кіналарың үшін қол аттандырып, Хэбэйді тартып аламын» (5, 206). Бұдан соң оның қосындары Шандун жазығына дейін шеру тартып, жол бойы 23 қаланы ойрандайды. Бұл туралы сол соғыста бүтін қолға басшылық еткен Білге Тоныкөктің ескерткішінде былай делінеді:

«Түркі халқы жаратылғаннан бері, түркі қаған отырғаннан бері Шандун қаласына, Теңіз өзеніне дейін шабуыл жасап көрмеген еді. Қағаныма өтініп қол аттандырдым. Шандун қаласына, Теңіз өзеніне шабуылдадым. (Соған дейін) жиырма үш қаланы талқандадық. (Сөйтіп) судың дәу толқындары жұртымызда қала берді. Табғач қаған жауымыз болды. Он иелік қағаны тағы да жауымыз болды...».

Осы жорық кезінде Бөгчор бір жолдың өзінде хансу шаруаларынан 90 мың адамды құл есебінде Ұлы шөлдің солтүстігіне алып кетеді (4, 195).

Бөгчор болашақта өзінің орынын баласына қалдыру үшін ұлы Бөгуді «Инел қаған» (қытайша «кіші қаған» деген мағынада) деген атпен қағанаттың батыс бөлігін басқаруға тағайындайды. Ағасы Елтеріс (Құтлық) қағанның ұлкен ұлы Мойынчор (Можилан) мен кіші ұлы Күлтегінді оған жәрдемші етіп, анағұрлым қатерлі де, қидалы соғыстарға салды. 701 жылы Мойынчор қол бастап таңғұттарды және Таң патшалығына тізе бүккен кей тайпаларды бағындырды. 702 жылы алты дуандағы соғдыларға жорық жасады. Бұл жолы олар Идұқ баш деген жерде Таң патшалығының Ван тұтық (Ван дуду) бастаған 50 мың жасағымен соғысты. Соғыста маңдай қолға бас болған Күлтегін енді ғана 17 - ге шыққан боз бала еді. Ол жаумен ерлікпен шайқасып, Ван тұтықты өлтіріп, оның қалың қолын ойсырата жеңді. Қашып-пысқан қалың қол Шилин қама-лына келіп бекінді. Түркілер жаудың ол бекінісін де талқандап, Бинчжоу уләятын қоршауға алды. Бұл туралы күлтегін ескерткішінде: «Алты баулы соғдаққа қарсы жорық жасап талқандадық. Табғаш Оң-тұтық бес түмен қолмен келді. Соғыс-тық. Күлтегін жаяу әскеріне опыра шабу-ылдады. Оң тұтық басшыларын жарақты қолымен қоса бағындырды. Жарақтыларын қағанға сыйға тартты. Ол қолды онда біз жоқ қылдық» - делінеді. Бірақ Бинчжоудың қорғанысы берік болғандықтан, таң қосындары оңай-оспақ алдырмады. Түркі қолы жарты айға жуық қоршап жатып, ақыры кейін шегінеді.

Арада бір жыл тынығып, қару-жарағын, ат-көлігін қамдап алған түріктер, келесі 704 жылы басмылдарға жаза жорығын жасады. Дәл осы тұста Таң патшалығының ордасы ішінде әйел патша У-Цзытянге қарысы тұрушылар көбейе түсті. Өйткені, У-Цзытянь билік басына шыққаннан кейін тибеттер мен түркілерден қайта-қайта жеңіліп, империяға қарасты көптеген аймақтар мен халықтар қолдан кетті. Тым құрығанда, қытан секілді шағын тайпаларды да бағындыруға құдіреті жетпей қалды. Осындай түрлі себептер салдарынан, 705 жылы Таң ордасында саяси өзгеріс туылып, ханзада тарап-тағылар У-Цзытянді биліктен тайдырып, оның орынына ұлы Ли Сянді отырғызды. Ол тарихта Таң Чжунцзун деп аталды.

706 жылы Бөгчор қаған қалың қолын бастап Хуанхэдан өтіп, Таң патшалығына қарсы жаппай соғыс ашады. Маңдай қолды бастаған Мойынчор мен Күлтегін Линчжоу аймағының Минша деген жерінде Таң санғұны Ша Шачжунидің 10 мыңнан астам әскерін жояды. Бұл жөнінде Күлтегін ескерткішінде: «Күлтегін жиырма бір жасында Чача санғұнмен соғысты»- делінеді.

Бұл реткі жеңілістен кейін Таң патшалығы ең әуелі шекара қорғанысын бекемдеуге бар күш-жігерін салды. 708 жылы көктемде империяның Шуофан бағытының бас төбенайы Чжан Жэнюань Хуаңхэнің солтүстігі, Шұғай тауының оңғтүстігінде Шығыс Бас игендерді қабылдау қаласын, Орта Бас игендерді қабылдау қаласын, Батыс Бас игендерді қабылдау қаласын салдырып, түріктерден қорғаныс жасады. «Бас игендерді қабылдау қаласы» деген атаудың мағнасы не? Таң ордасының емеуірі бойынша, мұндағы «бас июшілер» түркілер де, «қабылдаушылар» хансулар немесе түркілердің тілімен айтқанда табғаштар болмақ. Яғни табғаш-тардың бағынушы түркілерді қабылдайтын қамалы деген сөз. Демек, бұл атаудың өзінен де сол кездегі Таң ордасының империялық астамшылығы мен түркілерді әдейі менсінбеу пиғылы байқалады. Шын мәнінде олар қорған салудың өзі қорқақтықтың белгісі екенін түсінбейтін. Мейлі қалай болған күнде де, Таң ордасы осы жолы қорғаныс қамалдарын салу арқылы түріктер тарапынан борлатын кез-келген шабуылдың алдын мықтап алғандай болды. Олар аталмыш үш қаланың аралығын 200 шақырымнан қалдырып, 1800 орыннан хабарласу торабын құрды. Сондай-ақ, санғұн Лун Гунжэнді Шуофан бағытының алдыңғы шеп шолғыншысы етіп тағайындап, Шұғай құзының күнгейін күзетуге жіберді.

Таң Чжунцзун шекара қорғанысын бекемдеумен бір уақытта, түріктерге қарсы күресте басқа күштермен одақтас-пай болмайтынын танып жетті. 709 жылы түркештерге және қырғыздарға елші жібе-ріп, олармен астыртын келісімге келіп, түркілерге қарсы үш тараптан шабуыл жасау жоспарын жасады. Түркештер мен қырғыздар жорыққа дайын болған 710 жылдың мамыр айында Таң ордасында тағы да саяси өзгеріс болып, император ханымы Вэй Ху өз күйеуін улап өлтіреді. Таң Чжунцзунның көзін жойысымен, ол тақты ұлы Шаң Диға ұсынып, өзі патша анасы деген атпен бар билікті уысына алады. Бірақ тағдыр У-Цзытянь секілді әйел патша болуды оған ұзақ жазбады. Шілде айында уәзір Ли Данның ұлы Ли Лунцзи орда мансаптыларымен, беделді төрелермен тіл біріктіріп, Вэй Хоуды өлтіріп, тақты әкесі Ли Данға алып берді. Ли Дан тарихта Таң Жуйцзун деп аталады. Сөйтіп, орда ішіндегі саяси жағдай қым-қуыт болғандықтан және бірлесіп шабуыл жасау жоспарын ортаға қоюшы Ли Сяннің көзі өшкендіктен, қытай қолы бұл соғысқа қатыспай қалды.

Үш жақтылы жоспардан алдын-ала хабар тапқан түріктер 711 жылы түркештер мен қырғыздарды жеке-жеке талқандап, бірдей бағындырды. Бұл туралы Күлтегін ескерткішінде былай делінеді: «Түркеш қағаны түркіміз, өз халқымыз еді, білмес-тігі үшін, бізге қате жасағандығы үшін, жаза басқаны үшін қағаны өлді. Бұйрық, бектері тағы жойылды. Он оқ халқы бейнет көрді. Атамыз, бабамыз тұтынған жер-су иесіз қалмасын деп, аздаған халықты құрап, ұйыстырып, ... Барыс оларға бек болды. Қаған атағын мұнда біз бердік. Сіңілім хан қызын біз оған бердік. Өзі жаңылып, қағаны өлді. Халқы күң, құл болды. Көгмен жер-суы иесіз қалмасын деп аз және қырғыз халқын құрап ұйымдас-тырдық. Біз олармен соғыстық. Елін біз қайтарып бердік».

Түркештер мен қырғыздар және Таң қосындары өздеріне үш бағыттан шабуыл жасамақ болғанда, Бөгчор (Қапаған) өз ұлы Инел қағанды бас қолбасшы, Тоныкөкті ақылшы ретінде белгілеп, қырғыздарға жорық жасағаны; оларды жеңіп, қайта оралған соң, «Алтай тауын жолсыз жерінен аса, Ертіс суын өткелсізден кеше» барып, өздерінен үш есе артық түркештермен шайқасып, оларды түгел дерлік жеңіп, қашқан қолдарын Темірқапыққа дейін қуғаны, сөйтіп он оқ жеріне қайтадан иелік еткені Білге Тоныкөкке арналған ескерт-кіште де егжей-тегжейлі баяндалады. Осы-нау айтулы оқиғалар бұдан мың екі жүз жетпіс жыл бұрынғы тас бетіне былай бәдізделген (қысқартып алынды): «Табғаш қаған жауымыз болды, он оқ қағаны жауымыз болды. Артқы қырғыз Күшлік қаған жауымыз болды. Ол үш қаған кеңесіп, Алтын-жыныс (Алтай) үстінде кез-деспек болыпты, ... шығыстағы түркі қағанға қарысы аттаналық,-депті, ... Сол сөзді естіп түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. ... ең алдымен қырғызға қарысы аттанғаным игі болар дедім, ... Қағаныма өтіндім, қол аттандырдым, ...Аны (Енесай) суына жеттік, ... қағанымызға қырғыз халқы бағынды. Жүгінді. Көгмен жынысымен үйге қарай қайттық, ...Түргеш қағаннан көріпкел (тыңшы) келді. ...Түргеш қағаны біз көтерілеміз (шайқасамыз), Он оқ (бірде береуі) қалмастан шайқасамыз. Табғаш қолы дайын тұрсын,-депті. Ол сөзді естіп қағаным: -... қолды қозғаңдар!-деді. Алтын жынысқа барып түсіңдер,- деді. Қолбасшысы Інел қаған тардұш шад болсын,- деді... ол сөзді естіп қол аттандырдым. Алтын жынысын жолсызбен астық. Ертіс өзенін өткелсіз кештік. Түн қаттық. Тіл келді: Арыс жазығында он түмен қол жиналыпты, - деді. ... Tәңірі жарылқағаны үшін көп деп біз қорықпадық. Соғыстық. Тардұш шад (Інел қаған) екеуіміз басқарып талқандадық. Қағанын тұттық. Ябғұсын, шадын сонда өлтірдік. Елдік тағын тұттық біз. .. бізге келген бектерін, халқын жинастырып жатқанда аздаған халқы қашқан еді... оларды қудық. Інжу өзенін кеше..., Темір қапыққа дейін қудық. Содан қайтардық. ... Елтеріс қағанның білік иесі, алып иесі болғаны үшін Табғашпен он жеті рет соғыстық» (Тоныкөк ескерт. 19-48 жол.). Осы жорық кезінде Күлтегін мен Мойынчор да қалың қолға бас болып ерекше еңбек сіңіреді. Араб тарихшысы табардың жазуынша қытай патшасының жиені түркі Құрбөгенуін араб қосында-рымен де қақтығысып, Ибн Құтайбаның қалың қолын Аму дәрияның оңтүстігіне дейін шегіндіргенін жазады (6, 212). В. Бартольд «қытай патшасының жиені» делінген бұл адамның іс жүзінде Күлтегін екенін тілге тиек етеді (7, 201).

Бір ескеретін жай, ескерткіштегі көне түрікше мәтінде түркештер «он оқ» деген жалпылама атаумен алынған. Іс жүзінде түркештер он оқтардың бір тайпасы ғана. Қытай деректерінде түркештерге ерекше мән беретін себебі - сол тұстарда он оқтардың билігі Таң патшалығының қолдауымен түркештердің басшысы Сөкі-нің қолына өткен болатын (2, 50). Бірақ Таң ордасы бұл кезде Орта Азия мен Монғол үстіртіндегі жағдайды реттеуге қаншалық құлшынып баққанымен, жағдай Түркі қағанатына тиімді бағытқа қарай дамуда еді.

Жалпы, У-Цзытян тақтан тайып, Ли Лунцзи (Таң Суанцзун) билік басына келгенге дейінгі аралықта Таң ордасының ішкі жағдайы тым тұрақсыз болып, бірі-біріне ұласқан саяси өзгерістен көз аш-пады. Нәтижесінде қысқа ғана жеті жылда бұрын-соңды сегіз патша билік басына келді. Мұндай жағдайда сыртқы саясаттағы сабақтастық үрдіс бұзылып, түріктерге қарысы әскер шығару мәселесі күнтәр-тібінен мүлде түсіп қалды. Осы кезде бұ-рынғы Батыс Түркі қағанатына тән жерлердің бәрі Тан бодандығынан құты-лып, қайта бастан түркілердің қол астына өтті.

712 жылы Таң патшалығының билігі Ли Лунцзидің (Таң Суанцзун) қолына өткеннен кейін, ол түркілермен болған қарым-қатынаста бейбітшілік сүйгіш саясат қолданды. Оның басты белгісі ретінде түріктермен құда-андалы болуды ұсынды. екі тарап Чананьда құдалық пен тату көршілік жайын ақылдасып жатқанда, 714 жылы ақпанда Бөкчор өз ұлы Тоңа тегін қатарлыларды Таң патшалығының Бесба-лық тұтық мекемесіне шабуыл жасауға жөнелтті. Бірақ шабуыл сәтсіз болып, Тоңа тегін сол соғыста Бесбалық тұтығы Го Цингуань тарапынан өледі. Осы жылдың соңында Жетісу мен Тяньшань тауын мекен еткен түркі тайпалары Бөгчор билігіне қарсы көтеріліс жасайды. 715 жылы сәуірде қарлыұқтар мен оғыздар, тоғыз теле тайпаларының көтерілісі болды. Бөгчор қаған жаз бойы оларға қарсы дүркін - дүркін жорық жасаумен болды. 716 жылы жазда Тоғла өзені бойындағы байырқұларға жаза жорығын жасап, қайтар жолында жол тосқан қарақшылар тара-пынан мерт болды.

Бөгчор (Қапаған) қаған қайтыс болғасын оның орынына үлкен ұлы Инел қаған шығып, өзін түріктердің бас қағаны деп жариялады. Жол бойынша бұл жолы Екінші Түркі қағанатын құрған Елтеріс Құтлық қағанның балалары Күлтегін мен Мойынчордың бірі таққа отыруға тиісті еді. Олай болатын себебі Елтеріс Құтлық қаған қайтыс болған кезде бұл екеуі өте жас болғандықтан, тақты оның інісі Бөгчор иеленген болатын. Енді бұлардың қабыр-ғасы қатайып, мемлекет ісіне араласып, ең қатерлі жорықтардың бәрінде маңдай қолды бастап, атойлап алда жүргеніне қарамастан, Инелдің таққа күнібұрын қол созуы оларды қатты қапаландырды. Сөйтіп ордаға басып кірген олар Инел қағанды бала-шағасымен өлтірді. Бөгчордың ұза-тылып кеткен қызы Білге Құнчуй мен сыртта жүрген ұлы Бек тегін ғана аман есен құтылып, таң ордасын барып паналайды. Жеңіске жеткен Күлтегін таққа өзі отырмай, ағасы Мойынчорды отырғызып, өзі түгел қолға бас болады. Мойынчор тарихта Білге қаған деп аталды.

718 жылы бұрындары басқа жақтарға бас сауғалап кеткен түркі тайпалары білге қағанның қол астына қайта оралды. Өз күш қуатын одан ары молықтырып, қағанаттың іргесін кеңейте түсу үшін бұрын Түркі қағанатының қол астында болған, кейіннен таң патшалығына бағынып, екі ел шека-расында тұрып жатқан оғыз, қарлұқ тайпаларын зорлықпен өзіне бағындыр-мақшы болған Білге қаған көлемді шабу-ылға әзірленеді. Бұл кезде таң патшалығы солтүстікті тыныштандырушы тұтық меке-месін Юньчжундегі көне қаладан (қазіргі Ішкі Монғолияның Токто қаласы) Орта бас ию қаласына ауыстырып, қосындарын тәртіпке келтіріп, тың жер ашып қорғаныс істерін мықтап қолға алған еді. Бұл жайдан хабардар Білге Тоныкөк Білге қағанды Таң патшалығына қарсы соғыс қозғамауға көндірді. Ол: «Таң әміршісі жауынгер адам, халқы да берекелі, биыл астықтан мол өнім алды. Қазір орайлы кез емес. Тырп етпейік. Біздің еліміз енді ғана құралып жатыр. Әлі дәрменсіз. Үш төрт-жыл тыныққан соң, жағдайдың өзгерісіне қарай іс көрейік» (8,1) - дейді. Сондықтан күш салыстыр-масындағы осындай себептерге байла-нысты, білге қаған билік басында болған 18 жылдық кезеңде (716-734) Түркі қағанаты мен Таң патшалығы арасы бейбіт, тату тәтті жағдайда өтті.

734 жылы желтоқсанда Білге қаған өз уәзірі Бұйрықчор тарапынан улап өлті-рілген соң, мұрагері ретінде ұлы Ерен таққа отырды. 740 жылы ол қайтыс болып, інісі Тәңір қаған ел биледі. Тәңір қаған өте жас болғандықтан, оның екі бірдей немере ағасы тұтас қолды екі бөліп басқарып, оң және сол шад деп аталды. Артынша Тәңірі қаған оң шадты өлтірмек болғанда, сол шад Тәңрі қағанға шабуыл жасап, оның өзін өлтірді. Осыдан соң қағандар бірінен соң бірі алмасып, арт-артынан өлтірілді. Осы орайда Түркі қағанатына бағынышты болып келген басмыл, ұйғыр, қарлық тектес үш тайпа қаған ордасындағы бей-берекет жағдайдан пайдаланып, тәуелсіз болып алды. 745 жылы түркілердің ұйғыр қауымына тән яғлақар тайпасының ақсақалы Көлбойла қауымдарына басшы-лық етіп, қағанаттың ең соңғы қағаны Болмыш қағанды өлтірді. Ел билігі Ашына әулетінен яғлақар әулетіне көшті. Осы-лайша, Екінші Түркі қағанаты өмір сүруін тоқтатты. Түркі тайпаларының басым бө-лігі ұйғыр ақсүйектерінің билігіне бағын-ды. Қалған бөліктері оңтүстікке көшіп, Лин-у (қазіргі Нинся өлкесінің Лин-у ауданы), Фэнчжоу (қазіргі Ішкі Монғолия-дағы Хэтаудың солтүстік-батысы) қатарлы жерлерге көшіп кетті.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Көне Таң кітабы, 5 т. , Чжунхуа шучжуэй, Пекин, 2000. 74-75, билік баян-5, Гаоцзун-2.

2. Жұмашұлы Ғ. Көне түркі құлпытастарындағы жазбалардан. Үрімжі, 2000. 43. Цзычжи тонцзян, 29 тарауы, 2681 бет

3. Жаңа Таң кітабі, 215 т.,Чжунхуа шучжуэй, Пекин, 2000. лиечжуан-140-1, түрік-1.

4. Лин Ган, ұйғ. Лин Гань, Түрік тарихы (ұйғыр тілінде). Cиньцзян халық баспасы,Үрімші, 2002, 189-б

5. Цзычжэтонцзян. Чжунхуа шучжуэй, Пекин, 2000. 6540-6550, 206 т.

6. Цяндао-шэнсы. Ипек иолидеки 99 сыр. Үрумчи, 1988, 212

7. Суэ Цзунчжун, Түрік тарихы, Пекин.,1992, 201

8. Көне Таң кітабі, 194т., Чжунхуа шучжуэй, Пекин, 2000. лиечжуэн 144-1, түрік-1.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №4 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ