Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қазақ антропонимдерінің этнолигвистикалық сипаты

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005

Авторы: Кенжина Б.К., Адишева А.О.

Антропонимдер ономастиканың антропонимдерді, яғни, кісі аттарын, фамилияларын лақап аттарын және бүркеншік есімдерді зерттейтін саласы. Кісі есімдерінің жалпы жиынтығын антропонимия десе, оларды зерттейтін ғылым саласы антропонимика деп аталады.

Балаларға бүгінгі жарқын өмір, бақытты дәуір талабына сай жарасты да лайықты есім қою халық діттеп отырған мүдделі де маңызды мәселенің бірі болып саналады. Ата-ана дүниеге келген перзентке мағынасы айқын, әдемі де, айшықты сұлу есім беруді қалайды, бірақ олар қай атты таңдауда, одан кейін оны жазуда қиналысқа ұшырап отырады.

Бұл өмірлік мәселе. Сондықтан адамдарға есім беру мәселесі барлық уақытта да адамдарды толғантып келді, қазіргі кезде өзекті күйінде қалып отыр. Балаға жарасымды есім беруге ата-ана, олардың туған-туыс, жора-жолдастары ғана емес, жергілікті халық депутаттары кеңестері мен Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері де толық мүдделі. Адам есімі қоғам өмірі мен оны қоршаған ортамен тығыз байланысты.

Ұрпаққа жарасымды есім беру  - ежелден келе жатқан, ізі суымаған жалпы халықтың игі дәстүрi. Есімдер де халық тіліндегі сөздер сияқты өмір сүріп, ескіріп әрі жаңарып отырады. Олар да ғасырлар үшін қарт шежіре сияқты ұрпаққа жеткізіп отырады.

Қазіргі қазақ есімдері сан жағынан көп те мол болумен қатар, құрамы мен құрылысы жағынан да әр алуан өзінше бөлек, дәстүрлі қазақ есімдері де көп алуан өзінше бөлек, дәстүрлі қазақ есімдері де көп кездеседі. Ол жөнінде жазылған еңбектер біздің қазақ тіл білімінде де аз емес. Әйткенмен, кісі есімдері жөнінде жазылған еңбектердің ішіндегі халыққа ең қажеттісі де, керегі де кісі аттары жайлы анықтама құрал. 1968 жылы белгілі ономаст ғалым Т. Жанұзақовтың қазақ есімдерінің қысқаша анықтама құралы «Қандай есімді ұнатасыз» деген атпен шығып еді. Бұл анықтама жаңа туған нәрестеге ат таңдауда жақсы және әдемі есімдерді ұсынумен қатар, қазақ есімдерінің жазылуына да біраз түзетулер енгізген. Алайда қазақ антропонимдері құрылысы мен құрамы жағынан, лексика-семантика, этнолингвистикалық тұрғыда жеке-жеке, жан-жақты қаралып бітпей жатқан мәселенің бірі болып саналады. Қазақ антропонимдері мейлінше бай әрі әр алуан, бірақ, тіліміздегі есімдердің басым көпшілігінің кірме сөздерден екендігін бүгінгі күнде тіпті ажырата да алмай жатамыз. Өзге тілдерден еніп, қазіргі тілдік қолданысымызда жүрген антропонимдердің тілімізге келіп, әдбен кірігіп, сіңісіп кетуі соншалық, бұл күнде оларды өзге тілдерден енген есімдер деп айту өте қиын. Қазақ антропонимдерін жүйелей келе тіліміздегі антропонимдердің басым көпшілігінің араб, иран тілдерінен келгендігіне көзіміз жетті.

Кісі есімдерін белгілі бір тәртіппен, жүйеге келтіріп, қатаң әліпбилік ретпен беріп, мағыналарын түсіндіретін анықтамалық кітап-антропонимиялық сөздік. Антропонимиялық сөздік жер жүзі халықтары тілдерінде ерте заманнан бар. Ол Батыс, Евразия, Арабия, Иран, Америка, Қытай, Жапония. түркі халықтарында бұрын да, қазір де жариялануда. Оларкөлемі мен құрылысы жағынан да әр түрлі болып келеді.

Әр халықтың жалпы тіл білімінде антропонимия ғылымы жақсы әрі жан-жақты қаралған, антропонимдердің құрамы, құрылысы, лексика-семантикасы, этнолингвистикасы, тағы басқа да толып жатқан әртүрлі анықталған, антропонимдердің түсіндірме сөздіктері, этимологиялық сөздіктері, анықтама сөздіктері жасалған. Ал біздің қазақ тіл білімінде әлі толық қарастыра алмай, бір бағытта жүйелей алмай жатырмыз. Жалпы тіл біліміндегі антропонимия саласында айналысып жүрген ономаст ғалымдар – Г.В. Тропин, А.В. Суперанская, В.А. Никонов, Н.А. Баскаков, Н.М. Тупиков. Өзбек тілінде Э.А. Бегматовтың «Өзбек есімдері» татар тілінде Г.Ф. Саттаровтың «Татар есімдері», И.С. Колосов, Ш. Жапаров қырғыз тілінде шығарған «Қырғыз есімдері сөздігі», А.В. Суперанская мен Ю. М. Гусева редакциясымен жарық көрген «РСФСР халықтары есімдері» сөздігі О. Мирзаевтің «Әзербайжан есімдері», Р. Ортиков пен Я. Калонтаевтің «Тәжік есімдерінің емлесі» атты еңбектерді ерекше атауға болады. Қазақ ғалымдарынан Т. Жанұзақов пен К. Есбаеваның «Қазақ есімдері» атты қазақ тіліндегі анықтама сөздігін де осы еңбектердің қатарына қоя аламыз.

Антропонимдер тілдегі сөздік құрамның бір бөлігі болып саналады. Ол өз арнасын жалпы халық тілі қорынан алады да тіліміздің ішкі заңына сәйкес дамиды. Сөйтіп ол тілдегі сөздердің (лексиканың) барлық салаларынан жасалады. Қазақ есімдерінің басым тобы халқымыздың өткен замандардан бастап күні бүгінге дейін мәдени-тарихи өмір бейнесін анық көрсетеді.

Лексикалық тұрғыдан қарағанда, олардың көне қабаттары негізгі де ұйытқы тірек боп табылып, төмендегідей лексика-семантикалық топқа жіктеледі.

Мал шаруашылығымен байланысты есімдер: Бота, Бұқа, Аққозы., Құлыншақ, Жылқыбай, Қозы т.б.

Табиғат құбылысымен байланысты есімдер: Таубай, Боран, Толғанай, Айым т.б.

Аңдар мен үй хайуанаттары және құстармен байланысты есімдер: Арыстан, Түлкібай, Лашын т.б.

Асыл металдар мен қымбат заттар атауларына байланысты есімдер: Алтын, Болат, Маржан т.б.

Өсімдік аттарына байланысты: Қызғалдақ, Райхан, Раушан, Гүлжан т.б.

Жеміс-жидек атауларымен байланысты: Алма, Мейіз, Анар, Жаңғақ т.б.

Туыстық атаулармен байланысты: Атабек, Баба, Туғанбай, Жиенбай т.б.

Жер-су аттарына қойылған есімдер: Алатау, Еділ, Орал, Алтай т.б.

Үй-жиһаздарымен, мүліктерге байланысты: Шара, Табақбай, Айнагүл т.б.

10. Түрлі тағам аттарына байланысты есімдер: Айранбай, Шырынбай, Шекер, Сүттібай т.б.

Балаларға ат қоюды ертеде белгілі дәрежеде ырым мен дәстүр ерекше орын алып отырған. Олардың кейбірін сөздің киелі күшімен де байланыстырып отырушылық көне дәуірден бар құбылыс. Сол ескі замандарда балаларға көз тиюден немесе жын-шайтаннан сақтау мақсатымен елеусіз оғаш есімдер қойып отырған. Мәселен, Итбай, Күшікбай, Жаманбай тағы басқа.

Есім берудегі кеңінен тараған дәстүрдің бірі – сан есіммен байланысты болып келеді. Ондай сан есімдерден қойылған кісі аттары бір сан есімінен мың санына дейін кездеседі. Мысалы: Бірбай, Біржан, Бесбай, Жетібай, Сегізбай, Елубай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай, Мыңбай. Керісінше, сан есімнен қойылған әйел есімдері некен-саяқ қана. Ал, балаларға жарасымды да сұлу есім беруде ешбір шек болмаған есімдер тарихында ғасырлар бойы жаңару, ескіру, архаизмге айналу процесі болып отырады. Адамға ат қоюдың себептері алуан - түрлі тілек-мақсаттармен байланысты да болып отырған. Бұл заңды құбылыс. Адамға ат қоюдың себептері алуан түрлі тілек-мақсаттармен байланысты да болып отырған.

1. Бала дәулетті де бай, ауқатты болсын деген тілекпен қойылған есімдер: Байбол, Дәулетбай, Алтынбай, Малбай т.б.

2. Күшті де батыл, қырағы да сақ, ержүрек болсын деп қойылған есімдер: Арыстан, Батыр, Тарғын т.б.

3. Бала сұлу да көрікті, ажарлы да әдемі болсын деген тілекпен қойылған есімдер: Айсұлу, Әсем, Нұрсұлу, Ботагөз.

4. Денсаулығы зор болып, ұзақ жасасын деген тілекпен қойылған есімдер: Ұзақ, Өмірзақ, Мыңжасар.

5. Бала ақылды да тапқыр болсын деген тілекпен қойылған есімдер: Ақылбай, Ақылбек, Данышпан.

6. Бала мырза да жомарт болсын деп қойылған есімдер: Жомарт, Мырзабек, Мәртай.

Есімдерді таңдап, талғап қоюда бұлардан басқа да белгілер мен түрлі нышан, әр түрлі жағдаяттар болып отырған. Мәселеге, Аманжан, Қаржаубай, Жолай тағы басқа.

Көп ретте ертедегі есімдер халықтың әдет-ғұрып, салт-сана, тарихи дәстүрлерімен байланысты қойылып отырғаны белгілі. Ал балалары тұрмай өле берген үйлерде өмірге жаңа келген сәбилерге: Тоқтар, Тұрар, Тұрсын деген есімдер қойылып отырған.

Батырлар жырларындағы халық батырлары мен тамаша, ақылды да парасатты тарихи адамдардың дәстүрлі есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, күні бүгінге дейін қойылып келе жатыр.

Тіліміздегі кеңінен тараған екі не үш сөздерден құралған күрделі тұлғасы есімдердің көбірек кездесетіндері – құрамында бай, бек, би, хан, сұлтан, төре, шах, ханым компоненттері (сыңарлары) бар есімдер. Тарихи сипаты жағынан бұл сөздер архаизм әрі историзм ретінде келмеске кеткен әлеуметтік терминдер.

Қазақ халқы тарихында феодал ақсүйектер – өздерінің әлеуметтік тегін немесе атақ дәрежесін көрсету мақсатымен бай, бек, би, төре сияқты сөздерді өз есімдеріне қосып, қосақтай айтып отырған еді. Бұл анықтауыш сипаттағы тұлғалар сол замандардан бастап жалпы халық есімдері құрамында да жиі кездесетін.

Бірақ біздің советтік дәуірде анықтауыштар әуелі мағыналарынан айырылса, енді біреулері жаңа мағынаға ие болды. Мәселен, мырза қазіргі кезде «қайырымды», «жомарт», «мәрт адам», «бай», «әлді», «қуатты». Бұл күнде ата-аналар балаларына – бай, бек, би, сұлтан, төре сөздері арқылы жасалған есімдерді сирек беріп, балаларға мән-мағынасы айқын да анық, сұлу да көркем есімдер береді:

Мәселен, Басат, Азат, Артур, Айбек, Серік, Алма, Дина, Мира, Сәуле тағы басқа.

Кейбір есімдердің мән-мағынасы (семантикасы) мен дыбыстық сипаттары арқылы белгілі бір аймақ тұрғындарының тілдік ерекшеліктерін анық байқауға болады. Сол жергілікті тілдер негізінде қойылған есімдердің алуан түрлі тұлғалары мен тұрмыстың варианттары да ерекшеленіп тұрады. Атап айтқанда, оңтүстік, тұрғындары есімдеріне дауыссыз еріндік және сонар мдыбыстары орнына қатаң дауысты п дыбысы қолданылса, сол пдыбысы орнына сонар м дыбысының қолданылуы есімдер мен фамилиялардың тек басқа буындарында ғана емес, ортасында да кездесіп отырады. Мәселен, Пақтагүл (әдеби тілдегі Мақтагүл орнына), Палым (Балым); Полат (Болат), Палымбет (Болымбет) т.б.

Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстарында, сондай-ақ Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында әдеби тіліміздегі дауыссыз ұяңш дыбысы орнына тіл алды чдыбысы қолданылады. Мәселен, Ақчал, Чегебай, Чотбай, Чойбек т.б.

Тілімізде халықтың осындай ұлттық психологиялық түсінік, ырым, наным-сенім негізінде дүниеге келген есімдер өте көп. Айталық, аты аңызға айналған Қорқыт есімінің шығу тарихы «Қорқыт ата» кітабында: «Қорқыт ата дүниеге келгенде, табиғат алай-дүлей қаһарына мініп, көк аспанды қара бұлт басып, бірнеше күн қараңғылық билеп, елдің зәре құтын қашырған күн болыпты» делінген. Халықты қорқытқан бала деп атын Қорқыт атапты десе, енді бір деректерде Қорқыт түбірі – құт - береке, байлық, ырыс мағынасында қойылған есім делінеді.

Тіл білімінде бүгінгі таңда тіл арқылы мәдениеттанудың бір-бірімен өзара тығыз байланысты жаңа ғылыми бағыттары қалыптасып келеді. Соның бірі – этнолингвистика.

Этнолингвистика – этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу мақсатында туындаған лингвистиканың жаңа да дербес бір саласы.

Тіл әлемінің өзіндік табиғатын, даму заңдылықтарын толық та, жан-жақты зерттеу барысында іштей жіктеліп, дүниеге келген социолингвистика, психолингвистика, статолингвистика іспеттес этнолингвистика да «этностаным» мен «тілтаным» ғылымының ортақ мәселесі шеңберінде тоғысу нәтижесінде пайда болған жаңа сала.

Профессор М.М. Копыленконың пайымдауынша, «этнолингвистика» термині ғылым әлемінде ең алғаш шетел ғалымы Б. Уорфтың идеясы негізінде этнография мен социология ғылымдарының аралығынан туындаған болып табылады. Ал, бұл идея Э. Сепирдің тіл фактілерін этнос мәдениеті мен жеке тұлға тұрғысынан қарастыратын теориясымен сәйкес болғандықтан, ғылымда «Сепир - Уорф болжамы» деген атпен де белгілі болып келді.

Алайда этнолингвистика идеясын әр қырынан және әр деңгейде қарастырып келе жатқан ғалымдардың (мәселен, В.Ф. Гумбольд, В. Вунт, Г. Шухард, Ф. де Соссюр, Бодуэн де Куртене т.б.). Өздері де о бастан-ақ, этнолингвистиканың «Этнос пен этнос тілі» негізінде қалыптасқан толық мойындаса да, олардың өзара қатыстылығы мен үйлесімін айқындауға келгенде бір жерден шыға алмай жүргендігі мәлім. Мәселен, этнолингвистиканың аяқ тірер бір табаны – «этносты» кейде «этнос» деуден қашқақтап, сай-саққа жүгіртіп, біресе «мәдениет», біресе «тарих пен әлеуметтік жағдай» деп, оның шеңберін тарылтып, бүтіннің бөлшегі ретінде көрсетулері ерекше көзге түседі.

Ал, кейінгі кезде АҚШ-та қалыптаса бастаған тағы бір көзқараста этносты «Адам» деген ұғыммен алмастыру арқылы этнолингвистиканың баламасы ретінде антропология (адам туралы ғылым) терминін пайдалану үрдісі де байқалып отыр. Тағы бір пікір: этнолингвистиканы тек «Көне дүниені зерттеуші» ғылым деп танып, оларды байырғы халық тілінен, жергілікті тіл ерекшеліктерінен іздеу мұны негізінен орыс ғалымдарына (Н.Т. Толстой, В.Н. Топоров, В.В. Иванов т.б.) тән дәстүр десе болады.

Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес де перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр. Мұны белгілі ғалым профессор М.М. Копыленко өзінің «этнолингвистиканың негіздері» деп аталатын еңбегінде айқын көрсетіп отыр.

Қазақ этнолингвистикасына қатысты мәселелермен шұғылданушылар үшін бұл еңбектің берері мол. Онда мәселен, қазақ топырағында дүниеге келген этнолингвистика ғылымының төңірегінде ғылыми мектеп қалыптасқандығы және бұл салада көп жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан ізденістердің нәтижесінде айқындала түскен.

Жоғарыда этнолингвистика о бастан-ақ екі ұдай объектінің этнос және оның тілінің – ортасынан туындаған ғылым саласы дедік. Демек, бұл этнос пен оның тілі арасындағы табиғи тұтастықты саналы түрде сарапқа салып мойындау «этнос жоқ жерде тіл болмайды, тілсіз этнос болмайды» деген қағиданы нақтылап зерттеуге өзек ету деген сөз. Әдетте осы екі объектіні – «этнос» пен «тілді – біз тым еркін, кең мағынада да, тар мағынада да қолдана береміз». 

Тілдік құбылысты тереңірек әрі жан-жақты түсіну үшін кейінгі кезеңдерде қазақ тіл білімінде кеңінен қолданыла бастаған зерттеудің тиімді бір саласы – этнолингвистика.

Этнолингвистика – этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу мақсатында туындалған лингвистиканың жаңа да дербес бір саласы.

Қазақ антропонимдері сан жағынан өте көп. Қазақ халқы басқа халықтар сияқты бір есімдерді жаңғыртып, қайталамайды. Дүниеге келген сәбиге есім беруде аса мән беріп, мәнді де мағыналы есімдер берген. 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақ тілінің энциклопедиясы. /Құраст. Құдабаев А.Ж. – Алматы: «ИДК-ТИПО» редакциялық баспа орталығы, 1998.

2. Жанұзақов Т.Ж.  Есіміңіз кім? Ваше имя? //Т.Д. Жанұзақов -  Алматы: Қазақстан, 1989.

3. Жанұзақов Т.Ж. Қазақ есімдерінің тарихы /Т.Д. Жанұзақов, Алматы: Қазақстан, 1997.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ