Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қайыңдыбұлақ пиктографиялық жазуларының мәні

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005

Авторы: Садыкова К.К., Бияров Б.Н.

Қазіргі кезде әр халықтың мәдени байлығы оның жазуының, әдебиетінің, сақталған жазба ескерткіштерінің пайда болу уақытымен өлшене бастады. Әр ел өзінің тарихын, тілін жаңаша үрдімен зерттеуге кірісті. Бүгінгі таңда өркениет мәселесі ірі, өзекті дүниенің біріне айналып отыр. Сол себепті де Қазақстан өзінің тарихи, мәдени мұраларын жинап, қалпына келтіру үшін үш жыл уақыт пен қаржы бөліп отыр.

Бірінші курста "Түркітануға кіріспе" пәнін оқығаннан бері, біз де ежелгі суретті жазуы бар тастарға, ою-өрнегі бар көне бұйымдарға көңіл бөле бастадық. Алғашқы өркениеттің бар болуына дәлел бола алатын тек осы суретті жазулар мен ою-өрнектер емеспе. Күзде Катон-Қарағай ауданындағы  туған Солдатово  ауылына барғанда өте ежелгі суретті жазуы бар тастарға назар аудардым. Бұл әліпби әлі шыға қоймағанда, яғни әріпті жазудан көп бұрында адамдардың өз ойын беруге пайдаланған суреттер еді. Біздің мақала осы шағын зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде жазылып, жазу тарихына арналады.

Суретті жазу тарихына  көз жүгіртейік.

Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі тайпалар қалдырған құнды мәдени ескерткіштер өте көп. Олардың көпшілігі - жартасқа салынған суреттер.

Мұндай сурет галереяларын ғылыми тілде питроглифтер деп атайды.

Алғашқы өнер мен жазу бір-бірінен ажырамайтын синкретикалық қалыпта болды. Суретті синкретикалық жазу шығу тегі жағынан ең алғашқы көне өнерге сурет өнеріне барып тіреледі. Пиктографиялыќ жазудың тұңғыш рет шыққан мерзімінің алғашқы сурет өнерінде әртүрлі суреттерді бейнелеу қызметінен, бірдеме жайында хабарлау қызметіне ауысу кезінен басталады. Демек пиктографиялық жазу ең алғашқы суретті жазудың таңбалары – пиктограммаларға айналу кезеңіне пара-пар [2].

Пиктографиялық жазуды аң аулайтын және балық аулайтын халықтар жиі пайдаланатын болған.

Пиктограммалық жазу суреттерге негізделген жазу. Сондықтан оны кейде суретті жазу деп те атайды. Пиктографиялық жазудың ескерткіштері әртүрлі суреттердің жиынтығынан құралған. Пиктограммалық жазудың таңбалары питроглифтер немесе пиктограммалар деп аталады. Бұл жазудың ерекшелігі ол әртүрлі суреттерден құралады. Әр сурет бүтіндей бір хабар бере алады.

Бұл хабар графикалық жағынан жеке бөлшек сөзге бөлінбейді. Осыған орай пиктограммалар тілдік форманы емес, оның мазмұнын бейнелейді. Бұл жазуды әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар түсіне алады.Себебі бұл тіл басқа тілдерден гөрі поллисинкретикалық тілге біртабан жанасымды. Сонымен питроглифтер өте көне жабайы жазу болып шықты [2].

Алғашқы адамның қоныс орындары мен тасқа қашап салған өрнек-бедерлер, таңбалары олардың қоршаған таулы ормандар мен мыңғырған аң мен құстар бар екеніне дәлел бола алады.

Осыдан 4000 жыл бұрын тасқа қашалып  салынған суреттер Үстірт даласында, Қаратауда, Жетісуда, Орталық және Шығыс Қазақстанда табылған [4].

Көптеген кескінді бейнелер, - дейді, бұл зерттеу саласында біршама толымды да ұзаќ уақыт еңбек еткен Ф.Ғ.П. түркітанушы Алтай Аманжолов – Ш-Қазақстан облысы Ұлан ауданының Победа совхозына қарасты Қосуақ өзені мен Тағай құзынан табылды.

"Шоқылардың біріне шыққанымызда, астымыздағы таулы алқаптан бұралаңдап ағып жатқан Қосуақ өзені көрінеді. Сол жақ тұсымызда тік жартасқа қашалып салынған бейнелер көзіме түсті" [1].

 

Бұл таста ирелеңдеген сызықтың екі жағында жабайы аңдар-таутекелер, қасқырлар мен түйелер суреті салынған. Сібір бейнелерінде де өзендер осылайша иір сызық арқылы көрсетіледі. Бұл таза бейнелеу өнері ме, әлде ежелгі картографиялық бейне "географиялыќ карта" ма? Белгісіз.

Тағай құзының төңірегінде қасқыр мен таутекелер бейнелері және оның үстінде руникалық көне түркі жазуларында анда-санда ұшырайтын "РТ" таңбасы, яғни "арт", "арқа", "бел", "асу" сөзі жартасқа ойылған  [1; 3].

Катон-Қарағай өңірінде көбінесе Майемер, Берел, Алтай тауларының маңына археологиялық экспедициялар жіберіліп, сол тұстағы тасқа қашалып салынған пиктограммаларға көбірек көңіл бөлінді.

Сіздердің назарларыңызға біздің, яғни Солдатово ауылының маңындағы Қайыңыбұлақ сайынан табылған пиктограммалық жазулардың мәнін талқылап ашуды ұсынып отырмыз.

Бұл жазуларға бүгінгі күнге шейін аса көп көңіл бөлінбеді. 1997 жылдың күзінде Алматыдан келген бір топ археологиялық экспедиция мүшелерін ауыл тұрғындарының бірі (Садыков Кәүкен Мұхаметқалиұлы) өзі көрген таудағы суретке алып барады. Бейнелі тас ауылдан Оңтүстік –Шығысқа қарай Қаратау тауына көршілес сайдың күнгей беткейінде шамасы ауылдан 12 шақырымдай жерде орналасқан. Питроглифтер қызыл тасқа шекіліп салынған. Тастың биіктігі 83 см. де жалпақтығы 50 см. Суретке назар аударсақ.

Аң аулауға шыққан қолдарында садақтары бар аңшылар бейнесі, тазы иттер және иттер қамауында қалған буаз ана бұғының ылдиға қарай қашқанын көреміз. Буаз ана бұғы деп тұрғанымыз зейін салып қарасақ бұғының ішінде кішкене аң бейнесі шекілген, яғни бұл бұғы құрсағындағы ұрық болуы мүмкін. Бірақ біздің білуімізше аңшылар буаз дала аңына оқ салмайды. Мүмкін олар оны атып алмақшы емес қорқытып, қамалап, ұстап қолға үйретпекші шығар деген пікір амалсыз ойға оралады. Археологтар пікіріне сүйенсек бұл питроглифтер біздің жыл санауымызға дейін 2000 жыл бұрын салынған.

    

Ендігі биіктігі 2 м., жалпақтығы 3 м., тасқа салынған питроглифтерді өте ертеде бейнелеген  деуге болады. Себебі тасқа салынған "бәйтерек" тарихи деректерге сүйенсек 3 - 3,5 мың жыл бұрын салынған қасиетті белгі.

Түркілер бәйтеректі аса қадірлеп,қасиетті ағаш деп санап одан қиып бағана жасаған. Бұл бағана көктегі тәңір мен жердегі пендені немесе жердің үш қабатын байланыстырушы болып саналып, қадірленген. Сол себепті Түркілер күні бүгінге дейін ат байлайтын бағананы соның қалдығы деп есептейді. Сонымен бірге бұл бәйтерек тұсында архарлар, таутекелер, белгісіз құбыжық аңдардың бейнесі салынған. Ал тастың оң жақ төменгі шетінде руникалық жазудың белгілері деп пайымдауға болатын белгілер бар. Бүл тас бірінші тасқа тұспа-тұс шамамен одан батысқа қарай 10 м. жүріп өткен қашықтықта орналасқан.

Солдатово ауылынан Шығысқа қарай Таловка бұрыңғы  Талдыбұлақ өзенінің бойымен 3-4 км. Жер жүріп өткен кезде суретті жағы Оңтүстікке бұрылған тасты көреміз. Бұл тас ең ірі болып табылса да бейнелері анық емес, себебі ауылға жақын орналасып, суреттерге зақым келтірілген.

Көк тасқа аңдар суреті үш бағанаға бөлініп шекілген. Тастың қақ төбесінде белгі бар. Бұл соқа болуы да, ешкі болуы да мүмкін. Тастың төбесі табиғи жағдайлар әсерінен мүжілгендіктен анық көріне қоймайды. Бірінші бағанада орта тұсынан төмен қарай таутекелер көрсетілген. Олар бастарын шығыс пен батысқа бұрып тұр. Екінші бағананың тек аяқ жағында анық архарлар суреті сақталған қалғаны біршама өшіріліп қалыпты. Жақсы сақталғаны үшінші бағана. Бұл бағанада жоғарыдан төмен қарай бұғы, таутеке, елік, суреттері шекілген.

Пиктографиялық ескерткіштер көне мәдениетіміздің тарихын зерттеуші ғалымдар үшін, тіл мен ой пікірдің дамуы тарихы мен шұғылданатын философтар мен тілшілер үшін жазу тарихы мен теориясының мамандары үшін нақты дерек болып табылады. Сонымен қатар бұлар тұтас ойды қарапайым баяндауды алтын діңгектегі өрнегі, бастан кешкен оқиғалардың тасқа қашалған мәңгілік іздері, жаңа рауандап келе жатқан көне мәдениетіміздің ескі көзі, оны паш етудің алғашқы тұтқасының бірі былайша айтқанда, арғы бабаларымыздың мұрасы деп білеміз.

Қорыта айтатын болсақ Түркі тайпаларының ежелгі отаны болған Алтайда әлі ашылмаған ескерткіштер көп болуы мүмкін. Алғашқы ата-бабаларымыз ойларын сурет арқылы беруге тырысса, олардың ұрпақтары көне түркілер 1-5 ғасырларда әліпби құрап сол тастарға дастандар жазып қалдырды. Ол үшін суретті жазу пиктография – идеография (логографиялық жазу) – буын жазуы – әріп жазуы сияқты кезеңді бастан кешті. Сондықтан жазу мәдениетінің ерте шығуы жағынан бізге мақтануға болады. Бұл мақалада тек Қайыңдыбұлақ ескерткіші ғана сөз етілді. Келешекте суретті жазу ғана емес, әріпті жазуы бар тастарды іздеп табуға тырысамыз. 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы. - Алматы, 1996.

2. Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. - Алматы, 1978.

3. Сүлейменова О. Язык письма. - Алматы – Рим, 1998.

4. Хасенов М. Тіл білімі. - Алматы, 1999.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ