Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

«Оғыз қаған» эпосы

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005

Автор: Катренов Б.К.

Зерттеудің өзектілігі. Қазақ тілі дәл бүгінгі таңда ұлт тағдырын шешетін қиын белесте тұрғанда, оның кез-келген назардан тыс қалып келген мәселесін, соның бірі көне және орта түркі дәуірі жазба мұралары тілін ғылыми-теориялық тұрғыдан талдап, зерттеудің маңызы зор. Себебі тілдің қалыптасу, даму тарихы, оның әр кезеңдерге қатысты ерекшеліктері күрделі де назар аударарлық құбылыс деп есептеледі.

Орта ғасырларға тән жазба мұра «Оғуз қаған» ескерткіші ғалымдардың назарын өзіне көптен аудартып жүрген жалпы түркі халықтарына ортақ үлкен әдеби мұра болып табылады. Осы жазба ескерткіштің әдеби сипаты, тілдік ерекшеліктерінің кейбір мәселелері жайлы бірді-екілі пікірлер айтылып жүргені болмаса, нақты лексикалық ерекшеліктері теориялық тұрғыдан толық шешімін тапты деуге болмайды.

«Оғуз қағанды» жазуға түсірген 13 ғасыр бұл әдеби мұраның қай дәуірге тәндігін белгілейтін меже-өлшем емес, ол осы 13 ғасыр түріктерінің байырғы сөз қазынасының жазуға түсу фактісін көрсететін мерзім-өлшем ғана. Бұл 13 ғасыр деген уақыт өлшемі «Оғуз қағанның» тілдік фактілері - фонетикалық, грамматикалық және лексикалық белгілері үшін аса маңызды. Сол себепті де бұл эпосты тілдік жағынан, оның ішінде лексикалық сипаты тұрғысынан зерттеу бүгінгі күнде аса қажетті мәселе болып табылады.  Осы тұрғыдан алғанда, біздің шағын зерттеу еңбегіміз өзекті әрі соны екендігі дау тудырмайды.

Зерттеудің мақсат-міндеттері.Түрік халықтарының ең ежелгі фольклорлық мұрасының бірі «Оғуз қаған» эпосы фонетикалық, морфологиялық және сөйлем жүйесі жағынан зерттеліп, қазіргі таңға жетіп отыр. Ал осы жұмыстың негізгі мақсаты оның лексикалық сипатын зерттеп, анықтау болып табылады.

Бұл күнге дейін «Оғуз наме» деп аталып келген ескерткішті біз «Оғуз қаған» деп өзгертіп алып отырмыз. Себебі, біріншіден, «Оғуз-наме» – зерттеушілер қойған шартты атау: бұл атты көбіне отандық тюркологтар қолданады, ал шетелдік әдебиеттерде мұны «Оғуз қаған туралы аңыз» деп атайды, екіншіден, «хат, сөз, шығарма, трактат, кітап» деген мағына беретін бұл «наме» сөзі түрлі жанрдағы жазба шығармалардың әрі тақырыбына қосылып («Шах-наме»- «Шах туралы кітап»), әрі авторына қосылып, («Кабус-наме»- «Кабус сөзі», «Бабур-наме»- «Бабур кітабы») анықтамалык қана мағына береді.

Ал «Оғуз қаған» ескерткіші болса, ол - әуелде ауызша туған дүние. Бізге келіп жеткен нұсқасы аңыз - әңгіме, ертегі үлгісіндегі эпосқа көп жақын. Сондықтан «естелік, өмірбаян, трактат, дастан» т.б. ұғым беретін «наме» сөзі бұл шығарманың табиғатына барынша қайшы келеді, оның жанрлық сипатын тануда жаңсақ түсінік туғызады.

Бұлардың сыртында көне дәуірден сақталып жеткен осы әдеби мұра қазақ ортасында қалың оқырман қауымға сондайлық белгілі болған емес. «Оғуз–наме» атымен жазылған күрделі зерттеу - еңбектер қазақ филологиясында тағы жоқ. Сондықтан бұл ескерткіш жайлы ғылымда «Оғуз-наме» атымен бірлікте қалыптасқан таным-түсінікке, дәстүрге қайшы, нұқсан келеді деуге тағы негіз жоқ. Осыларды ескере келіп, біз «Ер Көкше», «Құла мерген», «Қобыланды батыр», «Есім хан» түрінде келетін дәстүрмен бұл ескерткішті «Оғуз қаған» деп атадық және бұл ат ескерткіш тексінен алынған.

Бұл ат аңыз-әңгімеге, ертегі үлгісіндегі эпосқа көп жақын ескерткіштің табиғатына сәйкес келеді.

Өте ерте замандарда жасалған бұл сөз үлгісі орта түркілік дәуірде, яғни  13-ғасырдың аяғы мен 14-ғасырдың бірінші жартысында соңғы рет хатқа, жазуға түсіп, бізге осыдан бес жүз жыл шамасы бұрынғы сол нұсқасымен келіп жеткен.

«Оғуз қаған» эпосының жазуға түсуі 13-ғасырдағы «Күлтегін», «Тонуқуқ» сияқты мұралардың жазуға түсуін еске түсіреді. Бұлардың бәріне тән ортақ белгі-сыртқы форманың бірлігі. Егер сөз, сөз тіркесі, сөйлем, сөйлемдер бірлігі үлкенді-кішілі форма тұлға десек, жазу жолын қалып десек, бұл ескерткіштердің жазуға түсуінде ең негізгі нәрсе – жол-қалып және осы жол-қалыптың бірдей болуының шарттылығы. Бұл жазбаларда сөйлемдердің бірлігі және ара-жігі дегендердің ешқандай әсері жоқ: жол-қалып (сыртқы форма бірдейлігі) бұларды кез-келген тұсынан үзіп тастап отырады. Сондықтан да біздің қазіргі жазбада қалыптасқан әрбір жанрға тән текстердің берілу формасы тұрғысынан келіп қарағанда, бұл ескерткіш текстерінің берілу үлгісінде «заңдылық» жоқ.

«Оғуз қағанның» бұл соңғы нұсқасы көне ұйғыр әрпімен жазылған. Қолжазба 21 парақ, 42 беттен тұрады, әрбір бетте 9 жол бар. Бұл «тоғыз жолдық» тәртіп я шарттылык, 7 жолмен бітетін 42 беттен басқа беттердің бәрінде қатаң сақталған.

Қолжазбаның бірінші бетінде 2-3 жолдың аралығындағы сөзден кейін бұқаның бейнесі салынған. Ал 5-бетте осындай сөзден кейін тоты тұрпаттас құстың суреті, 6-бетте тағы осындай сөзден соң жыртқыш аң кейіптес сурет салынған. Шамасы, эпосты жазуға түсірген кісі тексте бар «Оғуз», «шұңқар», «қат» деген сөздерді өзінше түсіндірмек болған да, әуелі олардың суретін салған, содан соң бұл суреттерге сөзбен анықтама берген. Олар: «Оғуз» сөзі тұсындағы бұқаның не өгіздің суреті жайлы «ануң аңағусу ошбу турур», «шуңқар» сөзі тұсындағы «шуңқарнуң аңағусы ошбу турур» «қат» сөзі тұсындағы жыртқыш аң суреті жайлы «тақы қатның аңағусу ошбу турур» деген сөйлемдер.

Бұл үш сөйлем де, сол сияқты эпос тексінің бастау сөзі орнында тұрған «болсунғыл! – деп деділер» деген бірінші сөйлем де «Оғуз қаған» тексіне қатысы жоқ сөздер. Бұлар эпосты жазуға түсіндірушінің, яки өзге бір түпнұсқадан көшірушінің өз тарапынан қосқан сөздері. Сондықтан тілдік материал ретінде қаралмаса, бұл сөздерді эпос тексіне қатыстырып барып сөз етуге әсте болмайды.

Біз «Оғуз қаған» тексінің композициясын және сюжеттік компоненттерін анықтау мақсатымен текстологиялық талдау жүргіздік. Осының негізінде шығарманың үлкенді-кішілі он жеті желіден құрылғаны анықталды. Олардың негізгілері: «Оғуз қағанның тууы, балалық шағы баяны», «Оғуз қағанның жігіттік шағы, ерлік көрсетуге аттану баяны», «Оғуз қағанның ұлы той жасауы, тойдан соң төрт жағындағы жау жұртқа елшілер жіберу баяны», «Оғуз қағанның Урумға қарсы аттануы, Урум қағанмен соғысы баяны», «Оғуз қағанның Журжітпен соғысы баяны», «Оғуз қағанның Сынду, Таңғут, Шағам жұртына аттануы, соғысуы баяны», «Оғуз қағанның құрылтай шақырып, жұртына үлкен той беруі, балаларына жұртын үлестіру баяны» т.б.

Осылайша «Оғуз қаған» эпосын көне қолжазбаның жіксіз бір тұтас қалпынан, «тоғыз жолдық» біртұтас шартты түрінен шығарылып, табиғи қалпына келтірілді. Әрбір желіге шартты тақырып қойылды. «Оғуз қаған» өзінің осы сипатымен эпостық (батырлық) жырлардың сюжет желісін еске түсіреді. Бірақ эпостық жырларға тән өзге де ерекше-ерекше көркемдік формалар мен көркемдік шешімдерді ескергенде, өзінің форма-бітімі жағынан эпостық туындыларға толық сәйкесіп жатпайды. Сол сияқты көне қолжазбаға тән шартты форма-біртұтас қалып, тоғыз жолдық жіксіз үлгі эпостың өзге де көп ерекшеліктерін тасалаған. Пунктуация – қолжазбаға тән емес. Автор эпостың композициялық құрылысына, сюжет желісіне, сөйлем жүйесіне әр жақты талдау жасады, сөйтіп сюжеттік жіктер негізінде абзацтық жіктерді, сөйлемдер тобы жігін, сөйлемдер бірлігін, сөйлем ішілік, сөздердің өзара қатынасын т.с.с анықтады, тексті абзацы, тыныс белгісі сақталған қазіргі жазу тәртібі үлгісіне түсірді. Бірақ осының бәрінде де арғы дәуірдегі «Күлтегін» ескерткішінен тартып, бергі дәуірде жазуға түскен көп көне ертегілердің сөйлем жүйесі сипатын ескеріп отырылды.

«Оғуз қаған»- түрік халықтарының ең ежелгі фольклорлық мұрасы. Бірақ өте көне дәуірде жасалған бұл фольклорлық мұра бергі 13-ғасырдың аяғында ғана жазуға түскен.

Әрине, «Оғуз қаған» оның жазуға түскен дәуірі 13-ғасырға тән тілдік белгілеріне сүйеніп, осы 13-ғасырдың мұрасы деп әсте тануға болмайды. Сондықтан әуелі әдеби мұра ретінде қарау керек болады.

«Оғуз қаған» ескерткіші болса әуелде ауызша туған дүние. Бізге келіп жеткен нұсқасы аңыз - әңгіме, ертегі үлгісіндегі эпосқа көп жақын. Сондықтан «естелік, өмірбаян, трактат, дастан» т.б. ұғым беретін «наме» сөзі бұл шығарманың табиғатына барынша қайшы келеді, оның жанрлық сипатын тануда жаңсақ түсінік туғызады.

«Оғуз – наме» атымен жазылған күрделі зерттеу - еңбектер қазақ филологиясында тағы жоқ. Сондықтан бұл ескерткіш жайлы ғылымда «Оғуз - наме» атымен бірлікте қалыптасқан таным - түсінікке, дәстүрге қайшы, нұқсан келеді деуге тағы негіз жоқ. Осыларды ескере келіп, біз «Ер Көкше», «Құла мерген», «Қобыланды батыр», «Есім хан» түрінде келетін дәстүрмен бұл ескерткішті «Оғуз қаған» деп атадық және бұл ат ескерткіш тексінен алынған.

«Оғуз қаған» эпосы ең көне фольклорлық шығармаға жатады. Әйтсе де, ол осы күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес. Керісінше, қайта зерттелi п, жоғарыдан көрініп тұр. Орта ғасырларға тән жазба мұра «Оғуз қаған» ескерткіші  жалпы түркі халықтарына ортақ үлкен әдеби мұра болып табылады.

Осы жазба ескерткіштің әдеби сипаты, тілдік ерекшеліктерінің кейбір мәселелері жайлы бірді-екілі пікірлер айтылып жүргені болмаса, нақты лексикалық ерекшеліктері теориялық тұрғыдан толық шешімін тапты деуге болмайды.

«Оғуз қағанды» жазуға түсірген 13-ғасыр бұл әдеби мұраның қай дәуірге тәндігін белгілейтін меже-өлшем емес, ол осы 13-ғасыр түріктерінің байырғы сөз қазынасының жазуға түсу фактісін көрсететін мерзім-өлшем ғана. Бұл 13-ғасыр деген уақыт өлшемі «Оғуз қағанның» тілдік фактілері - фонетикалық, грамматикалық және лексикалық белгілері үшін аса маңызды. Сол себепті де бұл эпосты тілдік жағынан, оның ішінде лексикалық сипаты тұрғысынан зерттеу бүгінгі күнде аса қажетті мәселе болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, біздің шағын зерттеу еңбегіміз өзекті әрі соны екендігі дау тудырмайды.

Осыған байланысты мынандай тақырыптық топтарды да анықтадық: жер-су аттары, аң-құс атаулары, эпоста кездесетін жалқы есімдер, синонимдер, омоноимдер, әкімшілікке қатысты атаулар, аспан денелері, қару-жарақ атаулары, діни рухани өкілдер  т.б.

Осы эпосты зерттеудегі біздің мақсатымыз төмендегідей:

Осы мұраның өткен дәуірінен елес беретін көне тамырлы, алуан түрлі атаулар мен ұғымдарды осы жырдан, басқа шығармалардан барынша жиып көрсету;

Жырдың жалпы тілдік сипатын зерттеу: фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерін айқындап, лексика-семантикалық жағынан қарастыру;

Эпос тілінде кездесетін фразеологизмдер, этнографизмдер, синоним және омоним сөздерді анықтау;

Эпос тілінің қазіргі қазақ тіліне қатысы мәселесіне қатысты зерттеу жұмысын жүргізу;

Жырда кездесетін сөздердің тақырыптық топтарын айқындау т.б.

Зерттеу барысында түйіндеген негізгі тұжырымдарымызды жоғарғы оқу орындарында өтетін тюркологиялық бағыттағы көне түркі тілі, түркітануға кіріспе пәндерінде қолдануға болады.

Осы Оғыз-Қыпшақ дәуірінен бізге жеткен аса елеулі ескерткіштің бірі және бірегейі Оғыз Қаған туралы эпос. Көне аңыздарға сүйеніп жазылған бұл шығармада елдің елдігі, бірлігі, ерлігі жырланады. Осындағы жер, су, мемлекет, кісі аттары еңбектің белгілі бір тарихи оқиғаларға сүйенгендігін аңдатады. Қағанның Көкбөрі, Көктәңірге табынулары болса, қоғамдық сананың өте көне дәуірдегі болмысынан хабардар етеді; сондай-ақ ертедегі Қаңлы, Қыпшақ, Қарлұқ сияқты біраз этникалық атаулардың арғы мағынасы да ашылғандай болады. Бұл туындыны Бичурин 2-ғасырдың оқиғаларымен байланысып жатады десе, Бартольд оның қазақ жерінде туғандығын, әрі жергілікті халықтың диалектісінде жазылғандығын айтады. Жалпы алғанда, эпос қазақ, өзбек, қарақалпақ, түркімен, әзербайжан, түрік  халықтарының ортақ мұрасы.

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Айдаров Ғ. Көне түркі ескерткіштердің тілі. / Ғ. Айдаров. -Алматы: Мектеп, 1986.- 180 бет.

2 Әкім Т. Оғуз қаған эпосы / Т. Әкім. //Қазақ әдебиеті. № 7. 1990. – 15 б.

3. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. / М. Әуезов. - Алматы: Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет, 1962. – 428 б.

4. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. / Ә. Болғанбаев. -Алматы: Мектеп, 1988. – 143 б.

5. Ғабитқанұлы Қ. Наным-сенімдерге байланысты қазақ тіліндегі тұрақты  тіркестер; Филол. ғыл. канд. дис. … /Қ. Ғабитқанұлы. - Алматы, 1995.-122 б.

6. Ертедегі қазақ әдебиет хрестоматиясы. Құрастырушылар: Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, М. Жолдасбеков, М. Мағауин, Қ. Сыдиков. - Алматы: Мектеп, 1967. – 207 б.

7. Жанпейiсов Е.Н. Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведений М. Ауэзова). /Е.Н. Жанпейісов. - Алма-Ата:  Наука, 1989. -200 с.

8. Жолдасбеков М. Асыл арналар/ М. Жолдасбеков. – Алматы: Жазушы, 1990.- 352 б.

9. Жұбанов Е. Эпостың тілін зерттеудің кейбір мәселелері және «Қозы- Көрпеш пен Баян Сұлу» жырының лексикасы. - Алматы, 2002.-110 б.

 Жылқыбаева А., Қалиев Б. Сөз мағыналарының негіздері. /А. Жылқыбаева., Б. Қалиев. Оқу құралы. - Алматы, 2002.-110 б.

11. Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. /М.М. Копыленко. - Алматы: Евразия, 1995. – 178 с.

12. Курышжанов А.К.  Исследование по лексике «тюркско-арабского словаря» / А.К. Курышжанов. - Алма-Ата: Наука, 1970. -233 с.

13. Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері.- Алматы: Қазақ ССР Ғылым Академиясы, 1963. – 272 б.

14 Қайдаров Т. Қазақ тілі лексикологиясының мәселелері. / Т. Қайдаров. -Алматы: Ғылым, 983. -198 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ