Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қазақ әдеби тілі тарихының мәселелері

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005

Автор: Жайлибаева М.Н.

Қазақтың әдеби тілі қалыптасу және дамуы жағынан көптеген дәуірді бастан өткізді. Әдеби тіл әбден зерттеліп, тексеріліп, ғылыми жағынан айқындалып жете қойды деп айтуға болмайды. Әдеби тіл – бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасы. Әдеби тілді жасауға бүкіл қазақ халқы, оның алдыңғы қатарлы мәдениет қайраткерлері көптен бері ат салысты. Өйткені әдеби тіл бүкіл қазақ халқын біріктіруші, ұйымдастырушы, іске, еңбекке, ерлікке жұмылдырушы, ілгері бастаушы ең өткір құралдың бірі. Олай дейтін себебіміз – әдеби тіл қазақ мәдениеті өсіп, өнуіне жетекші болған, өнерге ұмтылуына қажет болған құралдың бірі. «Әдеби тіл дегеніміз – белгілі тарихи жағдайларға байланысты, кезеңдерге байланысты жасалған жасанды нәрсе. Нақтылы әдеби тіл дегеніміз – көркем әдебиеттің тілі ғана емес, ол ғылымның барлық саласын қамтиды, халыққа өнер – білім беретін,    тәлім – тәрбие үйрететін баспасөздің тілі. Көркем әдебиеттің тілі – сол кең мағынадағы әдеби тілдің саласы ғана. Ал, әдеби тілдің негізі,  қоры болатын нәрсе – халық тілі – фольклор тілі екенін ескере отырып – Сәрсен Аманжолов марксизм ғылымы бойынша әрбір тіл әдеби тіл сатысына жету үшін төмендегі үш даму жолымен қалыпқа келетінін айтады:

1. Роман герман тілдеріндегі сияқты даяр материалдардан, тілдің тарихи дамуы арқасында, бір тілдің өзі – ақ ұлттық тілдің дәрежесіне жетуі бар.

2. Ағылшынның тіліндегі сияқты ұлттардың будандасуы, араласу арқылы жетуі бар.

3. Диалектілердің концентрациялануы (ұштасуы) арқылы бір ұлт тіліне айналуы бар.

Әдеби тіл жөнінде пікір айтушылардың бірі - М. Әуезов. Ол 1950 жылдары жарық көрген бес – алты мақаласында «Әдеби тіл» мен «Әдебиет тілі» атауларын бірде саралап, бірде синоним ретінде қолдана келіп, «Әдеби тілдің әдеби процеспен, жазу мен тығыз байланысты дамитынын, оның халық тілінің жоғары формасы екендігін айтады. Біз кезде әдеби тілдің жасалуын жеке дара дарынды, атақтылардың аттарымен байланыстыру дағдыға айналған кезде Абай, Ыбырайларды мақтаудың реті осы екен деген тұрғыдан «әдеби тілді жасаушылар», «әдеби тілдің негізін қалаушылар» деген пікір үстем болғандығы белгілі. М.Әуезов: «Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды – қысқалы салттық, тарихтың жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда немесе ХІІІ ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, ХІХ ғасырда асыл, әсем, бай тілмен халықтың асқақ, ескек жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиеттік тілінің үлгі - өнегелері жоқ деуге бола ма»– деп жазды. М.Әуезов. «Абай өзінен бұрыңғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында өсіре, байыта, сұрыптай түскен және өз шама – шарқынша қазақ әдебиет тілін жасауда белгілі бір дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналылығын кеңінен пайдаланып, халықтың әдебиет тілін биік белге шығара түскен классик ақын дейміз», - деген.

Академик Н.Т Сауранбаев та қазақ әдеби тілі туралы біраз пікірлер айтқан. Ол: «Қазақтың әдеби тілі революциядан бұрыңғы дәуірлерде жасалып, белгілі бір жағдайда өмір сүрген, бұл дәуір қазақ әдеби тілінің алғашқы адымы, нәрестелік дәуірі», - деді Н.Т Сауранбаев. Неге бұлай аталатының себебін түсіндіреді. Яғни, ол кісінің пікірінше бұның себебі; сол кездегі ақындардың еңбектерін халық сауатсыз болғандықтан пайдалана алмаған және сол ақын – жазушылардың шығармаларының дәл жазылған уақытта басылмағандығы Н.Т Сауранбаев қазақ әдеби тілін мынадай үш дәуірге бөледі:

1. ХІХ ғасырдың ІІ – ші жартысына дейіңгі дәуір.

2. ХІХ ғасырдың ІІ – ші жартысынан ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейінгі дәуір.

3. Советтік дәуір.

Ғ.Мұсабаев «Әдеби тіл» деген ұғымға ғылыми техникалық көркем әдебиет нұсқаларының тілі, мектеп, театр, радио, баспасөз жеке мемлекет мекемелерінде қолданылатын тіл енетінін және әдеби тілдің нормаланған, жалпыға бірдей түсінікті болуы шарт екенін айтады. Ол қазақ әдеби тілін тарихи тұрғыдан мынадай үш кезеңге бөледі:

1. Абайға дейінгі, яғни ХІХ ғасырдың ІІ–ші жартысынан Октябрь ревлюциясының алғашқы жылдарына дейінгі кезеңдегі жазу тілі – жаңа әдеби тіл.

2. Қазіргі әдеби тіл.

М.Б. Балақаев әдеби тілдің даму кезеңдерін төрт дәуірге бөледі:

1. ХІІІ ғасырдың орта тұсымен ХІХ ғасырдың І – ші жартысы.

2. ХІХ ғасырдың ІІ – ші жартысы.

3. ХІХ ғасырдың басы.

4. Совет дәуірі.

Ал М. Балақаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов авторлығымен жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деген кітапта авторлар әдеби тілдің екі түрі болатынын айта келіп, жалпы әдеби тілдің пайда болу мерзімі туралы былай дейді: «Қазақтың әдеби тілінің тарихын біз ХІХ ғасырдың екінші жартысынан емес, ХІІІ ғасырдан бастаймыз. Өйткені, халық тілінің жазба әдебиет ыңғайында нормаға түсе бастаған шағы және бірді – екілі стильдік құбылыстардың көрініс бере бастаған кезі, дәлірек айтқанда, әдеби тіл белгілерінің айқындала бастаған  мезгілі – осы ХІІІ ғасырдан басталады».

А. Ысқақовтың пікірінше, төл әдеби тілдің революцияға дейінгі кезеңінде қазақ даласына екі түрлі әдеби тіл «жарыса» өмір сүредi, оның бірі – жалпыхалықтық әдеби тіл де, екіншісі – сол кездегі үстем таптың өкілдері ғана, сауатты байлар мен қожа – молдалар ғана пайдаланған «түркі тілі», яғни «кітаби тіл».

Т. Қордабаевтың әдеби тіл жөніндегі пікірі С. Аманжоловтың пікіріне жақын, бірақ онша айқын емес, екіұшты мағынада қалып қойған «Қазақ тілінің әдеби тіл болып қалыптасуына келетін болсақ, - дейді Т. Қордабаев, - оның негізі өткен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарай қалана бастағанымен, тағы да, тек совет өкіметі тұсында ғана жеткенін көреміз».

Р. Сыздықова өзінің «ХІІІ – ХІХ ғасыр қазақ әдеби тілінің тарихы» деп аталатын құнды еңбегінде әдеби тілдің барлық дәуірлерін сөз етпей, тек екі ғасырға, әдеби тіл тарихы үшін мәні де, маңызы да зор ХІІІ – ХІХ ғасырлардағы арнайы тоқталып, нақтылы материалдар негізінде әр дәуірдің әдеби тіліне тән сипатын, лексикалық, грамматикалық, стильдік ерекшеліктерін анықтауға көңіл бөледі. Автор ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін оның ауызша тараған әдеби тіл болды деген пікірді ортаға салады. Р. Сыздықова «Ашып алар жайыттар көп» атты мақаласында мынадай қортындыға келеді: «Сөйтіп, қазақтың тілі: ауыз әдеби тілі, жазба алдындағы әдеби тілі, жазба әдеби тілі деген түрлерге бөлінеді». Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысын жалпы қазақ әдеби тілінің емес, қазіргі әдеби тілдің басы деп есептейді. Сөйтіп, Р. Сыздықова әдеби тілді үш топқа  бөліп қарайды:

1. Ауыз әдеби тілі;

2. Жазба алдындағы әдеби тіл;

3. Жазба әдеби тілі.

Соңғысын ішінара тағы екіге бөліп қарастырады:

А. Орта азиялық түркі әдеби тіліне сүйенген «кітаби тіл».

Б. Қазақтың қолтума   әдеби тілі, яғни қазіргі жазба әдеби тіл.

С. Исаев «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму кезеңдері» деген еңбегінде әдеби тілдің сипаты, қызметі, қалыптасу жолдары т.б. проблемаларды қамтыған. Автор қазақ әдеби тілінің қалыптасуын шартты түрде үш дәуірге бөледі:

1.Қазақ халқының жеке халық болып қалыптасқанына дейіңгі көне дәуір, яғни жалпы түрі әдеби тілі дәуірі.

2.Қазақ халқының халық болып қалыптасқанынан кейінгі кездегі қазақ әдеби тілінің туып, даму дәуірі.

3.Қазақ әдеби тіл дамуының советтік дәуірі.

Р.С. Әміровтың сөйлеуі әдеби тілінің сыр – сипатын, өзіндік белгілерін синтаксистік тұрғыдан қарастыратын зерттеуінде: «Ауызша сөз: 1) ауызекі сөз; 2) лекция тілі; 3) шешендік сөз» - деп қарастырады.

Б. Әбілқасымов «шамамен Х - ХІ ғасырдан бастап қазақ авторлары бір жағынан «шағатай» немесе «түркі» деп атанған тілді пайдалана жүріп, екінші жағынан, өз шығармаларына қазақтың ауызша әдеби тілін арқау ету арқасында сол «түркі» әдеби тілінің тағы бір жергілікті түрін қалыптастырады» деген пікір айтады. «Сөйтіп, - дейді Б. Әбілқасымов,- қазақ қаламгерлері ХІ ғасырдан өткен ғасырдың екінші жартысына дейін қазақтың көне жазба әдеби тілінде ресми іс қағаздарын жазды, өзара хат жазысты, кейбір көркем әдебиет үлгілерін жазды».

Б. Әбілқасымов Абай, Ыбырайға дейінгі жазба әдеби тілді «қазақтың көне әдеби тілі» деп атайды. Яғни, біздің біраз зерттеушілеріміздің «кітаби тіл» деп жүргенін Б. Әбілқасымов «көне қазақ жазба әдеби тілі» деп атайық дейді. Оның пікірінше, бұрын қазақтың ауызша әдеби тілі болды, ол тілдің үлгісі алуан түрлі ауыз әдебиеті жанрларында шешендік толғауларда сақталды. Сөйтіп, Б. Әбілқасымов «қазақтың ауызша әдеби тілі өз алдына, жазба әдеби тілі өз алдына дамып отырды» деп, оларды даралап қарауды ұсынады. Ол қорыта келгенде,  қазақтың жазба әдеби тілін үш кезеңге бөледі:

1.Қазақтың көне жазба әдеби тілі;

2.Қазақтың жаңа жазба әдеби тілі;

3.Қазақтың қазіргі әдеби тілі.

Әдеби тіл мәселелерімен көбірек айналысқан ғалымдардың бірі – Қ.Өмірғалиев. Ол әдеби тіл жайындағы өз ойын: «Қазақ әдеби тілі тарихы, қазақ әдебиеті тарихын сөз ету арқылы ғана сөз етілмек. Яғни қазақ әдеби тілі тарихы қазақ әдебиеті тарихының өзгеше үлгіде баяндалуы ғана». «Әдеби тіл дегеніміз әдебиеттің өзі деп тұжырымдайды. Осы ойының дұрыстығын дәлелдей түсу үшін ол В.В. Виноградовтың «әдеби тілді зерттеу, бұл сөздің кең мағынасында, әдебиетті зерттеумен тығыз байланысты», - деген пікіріне сүйенеді. Қ.Өмірғалиев Абайға дейінгі тілді ауызша әдебиет тілі деп атайды». Әдеби тілді жазбамен ғана байланыстыру бар халықтар үшін шартты емес дейді де, ол әдеби тілге мынадай анықтама береді: «әдеби тіл – кең мағынада алғанда ауызекі сөйлеу тіліне қарама – қарсы тұрған, өзіндік жүйе – желісі, тақырыбы, формасы бар және өзіндік айту тәсілдері мен үлгілері, сөз өрнектері бар бір бүтін творчестволық туындының тілі, әдеби тіл – жеке бір индевидтің ақиқат жайды өз көңілінше ой қортындысынан, пікір түйіндеуінен өткізіп барып,  өзгеше бір үлгі – формада беру тілі. Ал, бұл тіл ауызша жасала ма, я жазбаша жасала ма? – ол шарт емес.

Көп жылдар фольклор тілімен шұғылданып келе жатқан Е. Жұбанов халық ауыз әдебиеті шығармаларының тілін ауызекі әдеби тілге жатқызды. Ол өзінің «Эпос тілінің өрнектері» атты монографиясында «эпостық жасампаз  дәстүрі арқасында замана әуеніне талмай үн қосып отырған мұндай шығарма қазақ халқының ауызекі әдеби тілінің тамаша үлгісі ғана емес, сонымен бірге ол біздің кейінгі жазба әдебиет тілімізге де нәр берген арна» дейді. Ал, «қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихымен даму жолдары» деген жинақтағы редакция  алқасының атынан жазылған кіріспеде былай делінген: «Қазақтың ұлт болып қалыптасуына дейінгі жазба әдеби тілін «ескі әдеби тіл, одан соңғы әдеби тілді «жаңа әдеби тіл» деп қарағанымыз жөн бе дейміз. Сонда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы ұлттық жазба әдеби тіліміздің қалыптасу дәуірі болады. Совет дәүірі сол әдеби тіліміздің мейлінше өсіп, өркендеген, жетіліп кемелденген кезеңі болып есептеледі».

Жалпы, қазақ әдеби тілінің басталуын ХХІ ғасырдың екінші жартысы деп жүрген, оны Абай мен Ыбырай шығармаларынан, алғашқы қазақ газеттерінің шығуымен байланыстыратын пікір басымдау. Бір топ зерттеушілер «Әдеби тіл» ұғымын кең мағынада қолданса, енді бір топ зерттеушілер, әсіресе, жазу, сызумен байланыстырушылар бұл атауды, тармағынада қолданып келеді. Толастың туу себебінің бірі – кейбір мамандар әдеби тіл тарихын, оның белгілі бір дәуірін жазу сызумен байланыстырып, жазу мәдениетімен бірлікте қараса, енді біреулер әдеби тілді жазу сызумен байланыстырмай, бұл ұғымға ауыз әдебиеті, халық творчествосының туындыларын да қатыстырады.

Қазіргі әдеби тіліміздің екі түрі бар екенін зерттеушілер мойындап жүр. Оның бірі жазба әдеби тілде, екіншісі әдеби тілдің ауызекі сөйлеу түрі. Бірақ олардың пайда болуы генезистік арналарына келгенде ғалымдардың пікірі түйіспейді. М.Балақаев әдеби тілдің ауызекі сөйлеу түрі тек жазба әдебиетімен байланысты пайда болды десе, «қазақ әдеби тілінің қалыптасуы тарихымен даму жолдары» деген еңбектегі беташар кіріспе мақаланы жазған редакция алқасының мүшелері: «әдеби тіл, бір қырынан алып қарағанда, жазба тілге тәуелді болса, екінші жағынан одан дербес бағытта қалыптасады, өз бетімен дамиды». Сондықтан қазақ әдеби тілінің тарихын тек қазақ баспасөзінің шығу тарихына келіп қараудың қажеті жоқ сияқты деп жазады.

Совет дәуіріндегі әдеби тілді екі дәуірге бөліп қарау 1963 жылы Ш. Сарыбаевтың «1920-1930 жылдардағы әдеби тілдің тарихына қатысты кейбір мәселелер» деген мақаласынан басталады. Онда: «әдеби тілдің 20-30 жылдардан кейінгі келесі дәуірі, біздіңше, орыс алфавиті негізінде жасалған жазуды қабылдау кезеңінен бастау керек сияқты» - делінген, М. Балақаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісовтың авторлығымен 1968 жылы басылып шыққан оқулықта «қазақ әдеби тілі өзінің өзгеріске ұшырау, даму жолында Октябрьден кейін екі кезеңді басынан кешірді: бірі 1920-1930 жылдар арасындағы әдеби тіл, екіншісі 1940-1960 жылдар арасындағы әдеби тіл», - делінген.

Менің ойымша, қазақ әдеби тілі Х ғасырдан бастап дами бастады, яғни қазақ хандығы құрылған кезде бастау алады. Ал көне түркі тілі қазақ әдеби тілінің қалыптасу басы емес, тек арналарының бірі. Ал, қазақ әдеби тілнің жаңа сатыға көтерілуі – ХІХ ғасырдың ІІ–ші жартысына дейінгі кезең, яғни Абай, Ыбырайлармен байланыстырамыз.

Р. Сыздықова зерттеуінің бір ұтымды жері мұнда әдеби тіл проблемасы тарихи тұрғыда, яғни әдеби тіл иесі халықтың мәдени, экономикалық, рухани тарихымен тығыз байланыста қарастырылуында. Сөйтіп, қазақ халқының ұзақ сонар мәдени тарихында өзге елдерден ерекшелеу тұратын белгі – нышандардың бар екенің, соған орай, М. Балақаев айтып отырған әдеби тілді құрайтын арналардың, сол әдеби тіл міндетін атқарғаның дәлелдеуге тырысады. Ол да әдеби тілдің бірнеше белгілерін саралап көрсетеді.

М. Әуезов былай деген еді: «Әлі біздің әдебиеттік тіліміз қазақ тілінің  бүгінгі барлық қорын жазба бетіне түсіріп болмаған жағдайда жазушы да, әсіресе, қазақ тіліне өздері шорқақ тіл мамандары да біліп болмаған, баурап алмаған тіл қасиеттері, сөздік байлықтары Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарында мол болып жатқан шақта, «анау лайықты сөз қабыл алынады, мынау диалект, бұны қолдану орынсыз» деушілер тіл баюына жәрдем етпей, шалағайлық етеді. Халық көпшілігі бір өлкеде сөйлеп жүрген сөзді алғызбай, «анау сөз балғын, мынау сөз қалғын» деп омырау жасау, өздері зерттеп, еңбек етіп жүрген тілінің қадірін түсінбеу – мезгілсіз солақайлық».

М. Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл дәрежесіне байлықтары, оның құрлысы сымбатты қалыпқа түсіп, ерекшеленеді. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды», - деп жазады. Дәл осындай тұжырымды Ғ. Мұсабаев та айтады. Енді бірқатар зерттеушілер қазақтың әдеби тілін ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ғана басталды деп, мұны ұлы ағартушы – демократтар Абай мен Ыбырайдың есімдерімен байланыстырады. Кейбір ғалымдар қазақ әдеби тілі Октябрь революциясынан кейін ғана пайда болып, дамып отыр деген пікірлер де баршылық. Әр халықтың әдеби тілінің қалыптасып дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты.

Н. Томанов, С. Исаев, Ә. Ибатов «Түркі әдеби тілі мен қазақтың жазба әдеби тілінің сабақтастығы» атты баяндамаларында: «Әдеби тіл – көп функционалды, яғни көп салалы тіл. Әдетте цивилизация тарихын бастаудың бір шарты – әдеби тіл болып табылады. Әдеби тілдің болуы – қоғамдық өмірдің көп тірлігін, сол сияқты қоғамдық дамудың жоғары сатыға көтерілуін де көрсететін фактор. Әдеби тіл болудың үлкен белгісі – оның құрылымы мен қағидалары сол тілде сөйлеушілерге түгел түсінікті ортақ болып келуі. Егер «Әдеби тілдің ауызша және жазбаша нормалары» дейтін тіркесті жай сөзге аударсақ, осылай болып шығады. Ал қазақ тарихында жазба тіл қалыптасқанға дейін мұндай қасиетке ие болған ауыз әдебиеті тілі болды. Қазақ әдеби тіліне тән ерекшеліктердің алғашқы қалыптасып, бой көрсетуі тек қана жазуға байланысты болған жоқ. Жазу, тілдік элементтердің өздеріне тән барлық көп түрлілігімен түгелдей жазу арқылы қағазға түсуі, филологияда әдеби тіл қалыптасуының басты шарттарының бірі ретінде дараланатындығын және осы қағиданың дүниедегі көпшілік тілдер тұрғысынан бұлжымайтын шарт болып қаралатындығын жоққа шығаруға болмайды».

Р. Әміров, Е. Жұбанов, Қ. Өмірғалиев «Сөйлеу тілінің ауыз әдебиеті мен ақын – жырау шығармаларының қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны» атты баяндамаларында: «Әдеби тілдің пайда болуын шартты түрде жазумен байланыстырып қарау, онда да әдебиеттің әр саласы жетілген жанрларымен бірлікте алып қарау жалпы тіл білімінде, - егер санға шағатын болсақ, - 99 пайыз үлеске ие. Алмай қарау 1% - дай үлес алуы мүмкін».

Ж.М. Әбділдин: «Мен өзім қазақ әдеби тілін қазақ жазба әдебиетімен тікелей байланыстыратын пікірге қосылмаймын. Әрине, бұл пікірді жақтайтын адамдар тек атүсті айта салып жүрген жоқ. Олардың дәлелдері, табан тірейтін ой  - топшылаулары  бар. Мысалы, жазба әдебиеттері ерте кемелденген елдер әдеби тілдің дүниеге келуін жазба әдебиеттің қалыптасуымен тікелей байланыстырады. Мен өзім қазақ әдеби тілінің тарихын ХІІ – ХІІІ ғасырларда өмір сүрген жыраулар әдебиетінен бастау керек деген пікірге толық қосыламын. Әдеби тіл дегеніміз тек күнбе – күнгі қарым – қатынастың тілі ғана емес, ол сондай – ақ сөйлеу тілінің даму барысындағы биік деңгей де болып табылады. Басқаша айтқанда, тіл бұл кезде тек күнделікті жанды қарым – қатынастың құралы болып қана қалмайды, сонымен бірге ол мәдениет жасайтын және сол мәдениетті тарататын нақты творчестволық құрал болып та қызмет атқарады. Әдеби тіл пайда болғаннан бастап халық тілінің көркемдегіштік құралдары да сапа тұрғысынан мүлдем жаңа деңгейде қолданыла бастайды. Әрі мұндай тіл әдеби тілдің өмір сүруіне қажетті белгілі бір принциптер мен нормаларға бағынатын болады», - дейді.

Мен өз басым, қазақ әдеби тілі Х ғасырдан бастап қалыптасты деген пікірлерге қосыламын. Ал қазақтың қазіргі әдеби тілінің негізін салушы – Абай Құнанбаев.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 1966.

2. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. Алматы, 2002.

3. Балақаев М, Жанпейісов Е, Томанов Н. Қазақ әдеби тілінің мәселелері. Алматы, 1961.

4. Ысқақов А. Әдеби тіліміздің дамуы // Қазақ әдебиеті. 1962. 16 қараша.

5. Сыздықова Р. ХІІІ – ХІХ ғ қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1984.

6. Сыздықова Р. Ашып алар жәйттар көп // Қазақ әдебиеті 1980. 28 наурыз.

7. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму кезеңдері. Алматы, 1976.

8. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. Алматы, 1982.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ