Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Өр алтай топожүйесіндегі орыс қабаты

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005

Автор: Бияров Б.Н.

Европа мен Азияның аражігінде отырған Россияның өзіндік ерекшелігі жоқ емес. «Мы не славяне и не тураны, а русские» деген Трубецкойдың сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Католик дініндегі Европадан басталған крест жорығынан қорғану үшін, А. Невский Батый ханмен одақ жасасқанын Л. Гумилевте атап өтеді. Л. Гумилев бір ландшафтты мекендеген халықтардың этногенездік ұқсастықтары көп болады, басқаша айтқанда жер жағдайы этностардың пайда болып, қалыптасуына әсер етеді дейді [1, 88-95].

Көрші отырған Ресей мен Қазақстанның саяси араласуы Алтын Орда дәуірінен кейін, Қазақстанның Ресейге қосылу кезеңінен бастап, қайта жаңғырды. Ендігі араласу, керісінше, патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау бағытында жүрді. Т. Жанұзақовтың: «Орыс географиялық атауларының бұдан кейінгі кездерде молая беруі Қазақстан мен Россия арасындағы әр алуан тарихи қарым-қатынастарға тікелей байланысты болып отырды» деп атап көрсетуі де содан [2, 44].

Орыс халқының арасында XV-XVI ғасырларда пайда болған, Обь өзенінің басында таңғажайып бай өлке бар (Беловодье) деген аңыз Алтайға қоныс аударушыларды ынтықтыра түсті. Д.Н. Анучин ол аңыздың желісін қысқаша былай баяндайды: «Обь өзені бойымен өрлей берсең, керемет әдемі бір көл бар. Көл жанындағы қалада тұрғындар жоқ, тек әр аулада неше түрлі тауарлар үйіліп жатады. Қажет затыңды алып, өз шамңа қарай ақысын тастап кетесің. Ақша тастамай алып кеткен тауар кейін өз орнына қайтып барады-мыс» [3, 227-313].

Аңызды халық тудырады десек те, ол қараңғы халық арасында үлкен саяси мәнге ие болып, Беловодье (Жерұйық) іздеушілер Алтайға ағылып келе бастады. Алайда олар Алтайдың солтүстігіне келгенімен, «ауыздықталмаған қалмақ және жоңғар ордалары таудың өзін мекендеуге жібермеді» [4, 16].

Алтайды отарлау Жоңғария құлағаннан кейін толық қолға алынды. Тауды П.С. Паллас, П. Шангин, Ф.А. Геблер, К.Ф. Ледебур, Г.Е. Щуровский, П. Чихаев, Г.Н. Потанин, Д.А. Клеменц, В.А. Певцов, В.А. Сапожников, А.Н. Седельников т.б. әр қырынан алып зерттеді.

Атақты Н.С. Ядринцевтің өзі Алтайдың құнарлы топырағын, түсті металын, тас көмірін тамсана жазып, көшпенділер мал жайып жүрген Алтайдың оңтүстігі мен батысын «орыс отарлаушылары құшағына алып, ең жақсы (лучшая – Б.Б.) жерлеріне орналасатынына күмәнім жоқ» деп жазды [5, 29].

Орыс қоныс аударушылары шұрайлы жерлерді алып қана қоймай, ол жер-сулардың қазақша аттарын да біржолата жойып жіберді. Бұқтырманың оң жағалауы, «ішкі жақ» деп аталатын теріскей тұстағы Ақсу бойы түгелгежуық орысша атала бастады. Алғашқы карталарға орысша атпен түскен көптеген жер-су өзінің бастапқы түрткі немесе монғол тілді атауларын мәңгіге жоғалтты. Монғол тілді атаулар көбінесе калька түрінде келіп, түркілік мәнін сақтап тұрса, орыс атаулары мақсатты түрде мағынасына дейін алмастырып, Алексеевка, Николаевка деп атауға тырысқан.

Қазіргі кезде Оңтүстік Алтай оронимдерінің құрамындағы кірме атаулардың қомақты бір бөлігін орыс тілінен енген топонимдер құрайды. Бұл атаулардың монғол тілінен енген топонимдерден мынадай бірнеше ерекшеліктері бар:

1.Орыс қабаты монғол қабатынан соң қалыптаса бастаған. А. Принтцаның анықтауы бойынша XVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап ене бастады [4, 11]. Бұның өзі олардың жергілікті атаулармен қоян-қолтық араласып кетпей, топонимдік жұйеде бөлектеніп тұруына себепші болып отыр. Егер біз Оңтүстік Алтай топонимиясындағы монғол қабатының негізін, ену кезеңін анықтау процесінде терең тілдік талдау жүргізіп, диахронды әдісті пайдаланып, көптеген тарихи еңбектер мен сөздіктерге сүйенер болсақ, орыс тілінен енген топонимдерді анықтап, топтастыруда мұдай терең талдау жасау міндетті емес. Олардың кірмелігі айқын көрініп тұрады.

2.Оңтүстік Алтай оронимдері құрамындағы орыс тілінен енген атаулардың ену кезеңін де белгілеу оңай. Себебі кірме топонимдердің басым көпшілігі белгілі бір кезеңдегі тарихи оқиғалардан деректер беріп, негізінен символдық топонимдерден тұрады. Оның түпкі себебі – жалпы славян топонимиясына тән жер бедерін дәл беруден гөрі, антротопоним, саяси атауларды көп қолданатын ерекшелігінде жатса керек.

3.Орыс тілді топонимдердің жалпы жүйеге үйлеспей тұруының тағы бір себебі – олардың үндеевропалық тілдер типіне жатуында. Соған қарамастан қазақ тілі лексиккасына ертерек енген славян сөздері күшті фонетикалық өзгерістерге түсіп, сіңіп кеткені белгілі. Мысалы: бөкебай, бөтелке, доға, кәмпит, көшір, қамыт, пұт, т.б. [6, 96]. Мұндай өзгеріс орыс тілді топонимдерге де тән. Сондықтан Оңтүстік Алтай оронимдері құрамындағы орыс қабатын үшке бөліп қарауға болады:

а) фонетикалық өзгеріске түскен орыс тілді оронимдер;

ә) транскрипциялық өзгеріске ұшырамаған орыс тілді оронимдер;

б) екі тілден біріккен оронимдер.

а) фонетикалық өзгеріске түскен орыс тілді оронимдер

Алакөше жазығы, саз – Үлкен Нарын ауд., «Лягушья» атауының өзгерген түрі.

Арбат(Үлкен Арбат, Кішкене Арбат), жол бойындағы қақпа тастар. Москвадағы Арбат қақпасына ұқсатудан туған ороним. Арбат сөзінің өзі араб, рабат сөзінен пайда болып, Москвадағы саудагерлер тоқтайтын «керуен сарай» мағынасына көшкені белгілі [7, 103].

Бекет,қыстау – Катонқарағай ауд. «Пикет – 1. Небольшой сторожевой отряд, пост» [8, 515]. Бұл бекет Қатонқарағай-Қошағаш арба жолында пайда болып қызмет істегенін Р.Закржевский өз жолжазбасында көрсеткен [9, 10]. Бұдан басқа Бекетбазар, е.м. (самар ауд.), Березовый бекет, е.м. (Үлкен Нарын ауд.) ойконимдері бар.

Елан, шабындық – Қатонқарағай ауд. Мұнда Бірінші Елан, Екінші Елан деген жерлер бар. «Ялан/еланъ (древнерусс.) ровное безлесное место; луг, окруженный лесом и открытый ветром и солнцу» [10, 91]. Э.В. Севортян көне түрк. Алаң/йалаң орыс тіліне (еланъ) ауысқан дейді [11, 135].

Бітірішке, өзенше; шабындық – Катонқарағай ауданы. Ағынды өзеншеге берілген Быструшка гидронимінің жіңішке дауыстыларға ауысып өзгерген түрі. Қатар келен екі қатаң дауыссыздың (ет) алдыңғысы элизияға ұшыраған.

Емпіртбаз,мал бекеті – Катонқарағай ауданы. Орысша нұсқасы Импортбаза. Кеңес дәуірінде 20 жыл бойы жазғы уақытта Монголиядан Семейдің ет комбинатына мал айдайтын. Отар-отар қой, ешкі, табын-табын сарлық, жылқы, кейде түйе Қатонқарағай ауданы арқылы өткенде, осындай тынығатын бекеттері болған. «Скотимпорт» деп аталатын осындай бекеттерді жергілікті тұрғындар «Емпіртбаз» деп атайды.

Жақып, шабындық – Катонқарағай ауданы. Якуб деген қарашекпен (орыс шаруасы) тұрған хутор. Түбі араб тілінен шыққан есіммен байланысты антротопоним.

Жөгөркө, шабындық – Катонқарағай ауданы, Егорка деген шаруаның жері болған.

Кәрней, шабындық – Катонқарағай ауданы. Корней деген арашы тұрған қойнау.

Кран, өзен; алқап – Марқакөл ауданы. Қытай мен Қазақстан шекарасы талай жерге дейін осы өзен бойымен жүреді. Құрбанғали Халид еңбегінде Қыран өзені деп берілген [12, 176]. В.И. Абаев кран – иран тілінде «тас», «тасты» деген мағына береді дейді [13, 36]. Тұрағұл Құнанбаевтың естелігінде мынадай дерек келтірілген: «...Екінші 98-жылғы жанжалдың иесі ағайыны, гран бойынша еріксіз біздің Шыңғыс еленің хатына кірііп қалды» [14, 25]. Бұл өзен бойымен шекараа жүргізілген соң, бұрынғы аты өзгеріп, гран/кран («граница» сөзінен) аталған сияқты. Колхоздастыру кезінде Қытайға қашқан қазақтарды ағайындары «кран асып кетті», «кранға кетті» деп айтатын болған.

Қоянкі, сай; бұлақ – Марқакөл ауданы. Коянка (Қоян+ка) орыс топоформанты –ка жалғану арқылы жасалған атау.

Мақсым, шабындық – Катонқарағай ауданы. Максим антротопонимінің өзгерген түрінен жасалған топоним.

Матабай, е.м. – Марқакөл ауданы. Матвеевка елді мекенінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі.

Мәк, жайлау – Катонқарағай ауданы. Тау аңғарына тығылып, мак гүлін өсіріп, ониум өндіретін адамдар тұрған деген аңыз бар. Бұл маңда жабайы мак (Алтайдың сары магы) жайқалып өседі. «мак» атауын орыстар қойған сияқты. Маак (алт.) «етік» мағынасын да береді.

Ойсып, шабындық – Катонқарағай ауданы. Иосиф антротопонимінің өзгеріске түскен түрі.

Пасатке, ағаш егілген алқап – катонқарағай ауданы. Орман шаруашылығы қызметкерлері қарағай көшеттерін отырғызған алқап. Посадка – Пасатке болып дыбыстық өзгеріске түскен.

Перме, қыстау – Катонқарағай ауданы. Ферма – Перме өзгерісі болған. Колхоз кезінде қара түлкі өсірген Түлкі Перме деген жер де бар.

Сөгір, е.м. – Катонқарағай ауданы. В.В. Сапожников мынадай дерек береді: «Согра – по-сибирски болотистая равнина, норосшая карликовой березой» [15, 126]. Согра географиялық термині С.И. Ожегов сөздігінде кездеспеуіне қарағанда, сібірліктерге тән диалекті болуы керек.

Сукөйлек, шабындық – Катонқарағай ауданы. Сухой лог - Сукөйлек болып қазақ тілінің заңдылығына бағынған.

Тәлеуішке, ескі жұрт – Катонқарағай ауданы. Таловочка елді мекені болған жұрт.

Тәргі, қыстау – Катонқарағай ауданы. Торг – 2. Базар, рынок (устар.) [8, 801]. Ертеректе сауда жасалған жер.

Тиқой/Тикөй, өзен, алқап – Катонқарағай ауданы. Тихая өзенінің қазақ тіліне бейімделгені.

Шәңген дарасы, тау; көл – Катонқарағай аудыны. Орыс саяхатшысы Петр Иванович Шангиннің (1748-1816) құрметіне қойылған көл, тау аттары.

Шекеме, елді мекен – Катонқарағай ауданы. 1905-07 жылдары Әбдікәрім болыс Ереженұлы салдырған, кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров бала оқытқан орысша-қазақша жеті жылдық мектептің колхоздастыру кезіндегі аты. Орыс тіліндегі қысқарған сөз ШКМ-ның (школа крестянской молодежи) қазақша айтылуы. Қазіргі Шыңғыстай аулының шығыс бөлігі.

Ырсақ, қыстау – Марқакөл ауданы. Рысак асыл тұқымды жылқысы әкелініп, бағылған жер.

Янот,қыстау – Катонқарағай ауданы. Янот өсірілген ферма болған жер.

Ясақ, алқап – Катонқарағай аудыны. Катонқарағай ауданының орыстар көп тұратын солтүстік жағын «ішкі жақ» немесе «ясақ» деп жалпы атау қалыптасқан. С.И. Ожегов сөздігінде «Сібір халықтарына салынған заттай салық» деп түсініктеме берілген [8, 915]. Ішкі жақта тұрған орыс шаруалыры осы салыққа ілінгендіктен, «ясачный», «ясак» аталған сияқты. Бурят тілінде засаг «өкімет», «әкімшілік» мағынасында қолданылады. Сібірді «ішкі жақ» деп атағаны туралы деректер Ш.Уәлиханов еңбегінде де кездеседі /16.210/.

ә) транскрипциялық өзгеріске ұшырамаған орыс тілді оронимдер

Алтайские черни – Алтайдың жалпы аты.

Беловское, жайлау – Ақсу бойы, Катонқарағай ауданы.

Больше Нарым, е.м. – Үлкен Нарын (Орта Қарауыл, ескі.).

Бухарское седло, тау – Ақсу бойы, Катонқарағай ауданы.

Безымянная речка, өзен – Тарбағатай, Катонқарағай ауданды.

Белуха, шың – Мұзтау (4506 м) «Сибирский Монблан» (Ядринцев), Катунские столбы (орыс.).

Верхкатун, өлке – Катонқарағай ауданы. Қатынбасы (көне.), Жоғарғы Қатын (ресми), Өрдегі Қатын (Қ.Ысқақов).

Воровской, асу – Қатонқарағай ауданы, Байбөрді асуының лақап аты. Бұл асу арқылы ұрланған малды алып өтетін болған.

Глядень, тау – Үлкен Нарын ауданы.

Голый поворот, тау жолы – Катонқарағай ауданы.

Детдом, ескі жұрт – Күршім ауданы.

Еловка, е.м. – Марқакөл ауданы.

Загорой, сырт – Катонқарағай ауданы.

Заготскот, қыстау – Үлкен Нарын ауданы.

Кауриха, өзенше, жайлау – Катонқарағай ауданы. Каурый – аттың түсіне байланысты айтылады: жирен, күрең, түстес.

Калмачиха, өзен; жайлау – Катонқарағай ауданы. «Қалмақ» сөзінен алынған гидроним.

Козлушка, өзен; жайлау – Катонқарағай ауданы. «Таутекелі өзен» деген мағынасында.

Коронная, тау – Катонқарағай ауданы. «Тәж, тәжілі тау» деген мағынада айтылған.

Кровья, өзенше – Марқакөл ауданы. Сиырдың сүті секілді ақ сулы өзен.

Лесхоз, орман – Катонқарағай, Марқакөл аудандары. Орман шаруашылықтары орналасқан жерлер.

Малокраскоярск, пристань – Үлкен нарын ауданы. Қызылжар пристаны. Қазір Бұқтырма су қоймасының астында қалған. Бұл жерден алғашқы дәуір адамдарының тұрақтары табылған [17, 34].

Малонарым, е.м. Кіші Нарын, Бас қарауыл (көне.).

Парк, е.м. – Катонқарағай ауданы. Ұра (ескі аты), қазір Ақмарал.

Рахмановские ключи, сауықтыру орны – Катонқарағай ауданы. Қаз-Арасан, Рахманов қайнарлары (ресми).

Саврасовка, е.м. – Катонқарағай ауданы. Аттың түсіне байланысты айтылады: жал-құйрығы қара құлагер ат.

Собачий ключ, бұлақ - Катонқарағай ауданы. Итбастау дегенге келеді.

Сливка, екіөзеннің құйылысы – Катонқарағай ауданы.

Солнечный пик, шың – Катонқарағай ауданы. Таңертең күн бірінші түсетін шыңның аты.

Сырой, шабындық – Үлкен Нарын ауданы. Сазды, дымқыл шабындық.

Стан, қырман – Катонқарағай ауданы. Становая сөзінен қысқарған. Культстан, Қызылстан сияқты топонимдер құрамында да жүреді.

Сухояма, сай – Катонқарағай ауданы. Құрғақ сайдың орысша аты.

Тальменская, көл жайлау – Катонқарағай ауданы. Тальмен балығы бар көлге берілген атау.

Теплый ключ, қайнар – Катонқарағай ауданы. Жылыбастау атауына сәйкес келеді.

Толстухи, тау шоқылары – Үлкен Нарын ауданы. Тау жүйесінен бөлектеніп, биік тұрған төрт шоқыға берілген ат.

Фадиха, е.м. – Катонқарағай ауданы. Фадеиха-Фадейдің әйелі дегеен атау қыстауға берілген. Қазір Маралды ауылы.

Чаловка, е.м. – Катонқарағай ауданы. Аттың түсіне байланысты атау: жал-құйрығы қара ақбоз ат немесе жал-құйрығы бозғыл қара ат (чалый).

Чертов палец, шың – Катонқарағай ауданы. Сайтанның саусағы мағынасында, сорайған шыңға берілген ороним.

Черновая, е.м. – Катонқарағай ауданы. Шу деп аталатын кішкене өзенге қойылған орысша атау. өзеннің суы қара түсті болуы атауға себеп болған.

Шахта, ескі шахта – Күршім ауданы. Бұрын алтын қазған жерлер.

б) екі тілден біріккен оронимдер

Алтынзавод, ескі завод орны – Катонқарағай ауданы. Бұрын алтын өндірген.

Жаңабаз, қара – Күршім ауданы. Баз/база мал қорасы, қыстау мағынасына ауысқан.

Көккөлдің шахтасы, Катонқарағай ауданы. Соғыс кезінде вольфрамм металы өндірілген шахта.

Қарақия каналы, егістік – Марқакөл ауданы. Егістік суаруға қазылған канал.

Мрамор тауы, тау- Марқакөл ауданы. Мрамор тасы бар тау.

Партизан жазығы, дала – Катонқарағай ауданы. Азамат соғысы кезінде ақтар мен қызыл партизандар соғысқан жер.

Пешүй, е.м. – Катонқарағай ауданы. Алғаш пеші бар орыс үйі салынған жерге берілген атау. Қазір Печи елді мекені Пешүй атын қайта алды.

Солдатқұлаған, құз – Катонқарағай ауданы. В.В. Сапожников естелігінде бұл құздан жүк артқан ат құлап өлген [15, 145]. Экспедиция құрамында әскери киінген адамдар болғандықтан, жергілікті қазақтар «Солдатқұлаған» атап кеткен. Шындығында солдат емес, жүк тиеген ат құлап өлген.

Солдатүй, жайлау – Катонқарағай ауданы. Шекарашылар тұрған үй. Колхоздастыру кезінде Қытай жеріне қашқан қазақтарға тосқауыл ретінде, маңызды жол бойына салынған.

Орыс тілді атаулардың неғұрлым ескі, бұрынғылары алынды. Өйткені, ескі атауларда жер бедерін нақты белгілейтін орыс тіліндегі географиялық терминдер жиі кездеседі. Мысалы: гляден, грива, т.б.

Оңтүстік Алтайда гидроним құрамына –их(а) топоформанты көп ұшырайды. Бұл суффиксті арнайы зерттеген Н.А. Смирнова –их(а) форманты Россияның солтүстік губернияларында мол болғанын, оны Алтайға старообрядшылар (кержактар) алып келгенін жазады. Алғашында өзен аттарына жалғанған суффикс кейін ойконимдерге ауысқан. Мысалы: Коробиха, Фадиха (Катонқарағай ауданы) [18, 28].

;ӘДЕБИЕТТЕР

1. Джилкибаева А.А. Опыт сопоставительного анализа памятников древнерусской и древнетюркской литературы //Некоторые проблемы казахской и русской филологии. Усть-Каменогорск: Изд-во ВКГУ, 1999. - С. 35-43

2. Джанузаков Т. Очерк казахской ономастики. Алма-Ата, 1982. –176 с.

3. Анчугин Д.Н. К истории ознокомления с Сибирью до Ермака. Омск, 1895. – 26 с.

4. Принтца А. Каменьщики. Омск, 1863. – 25 с.

5. Ядринцев Н.С. Сибирь как колония . -St-, 1892 – 356 с.

6. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы: Сөздік-Словарь. 1999. – 200 б.

7. Добродомов И.Г. Арбат (этимологический этюд)//Топонимика и межнациональные отношения. М., 1991. – 135 с.

8. Ожегов С.И. Словарь русского языка. М.: Русский язык, 1990. – 917 с.

9. Закржевский Р. Краткое топографическое описание пути между Котон-Карагаем и Кош-Агач через Алтайские горы//Записки Западной Сибири отд. Рус. Географ. Об-во, 1894. кн.17. вып. 1-2. – 45 с.

10. Мусатаева М., Шеляховская Л. Словообразовательный словарь тюркизмов. Алматы, 1995. – 175 с.

11. Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. (Общетюркские и межтюркские основы на гласные) М., 1974. – 767 с.

12. Халид Құрбанғали. Тауарих хамса: (Бес тарих). Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992, 88 с.

13. Гурулев С.А. Кетоязычная топонимия бассейна Байкала//Топонимика и межнациональные отношения., 1991. – 135 с.

14. Құнанбаев Т.А. Әкем Абай туралы. Алматы, 1993. – 56 б.

15. Сапожников В.В. По Алтаю. – М., 1949. – 475 с.

16. Валиханов Ч. Избранные произведения. Алма-Ата, 1958. – 643 с.

17. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк). Алма-Ата, 1959. – 236 б.

18. Смирнова Н.А. Словообразовательная модель с суффиксом -их/а) в топонимии Алтая//Языки и топонимия Алтая. Межвузовский сборник. Барнаул: изд.АГУ, 1981. – 120 с.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ