Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қазақ әдебиетіндегі нысан абыз бейнесі

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005

Авторы: Мазибаева Ж.О., Нурланова А.Н.

Нысан абыз бейнесі кездесетін «Еңлік-Кебек» оқиғасы он сегізінші  ғасырдың үшінші ширегінде, дәлірек топшылағанда 1770-1780 жылдардың аралығында Шыңғыс тауының алқабындағы Бөкенші өзенінің бойы мен Кіші Орда тауының балақ сілемінде өткен.

Ол оқиғада мынадай тарихи шындық ізі жатыр:

Қазақ басына ауыр күн туған заманда жоңғар шапқыншылығынан ығысқан қазақ елінің дені Сыр бойын сағалайды. Сарыарқа иен қалады. Тобықты ол кезде Қаратауды мекен еткен екен. Жоңғарлықтарды өкшелей қуған жұрт өзіне жол-жөнекей ұнаған жерлерге қоныстанған. Тобықты биі Қараменде мен батыр Бақай өз елімен Ертісті өрлеп барып, жоғары ағысына мекен етуді көздейді.

Алайда олардан бұрын келген қалың найман мен керей Ертісті қапталдай жайғасады. Сондықтан да олар Шыңғыстаудың етегін баса, сыбан мен матайлардың арасына сыналай тұрақ тебеді. Жер дауы, жесір дауы өршиді. Мұның соңы тобықты Бақай батыр мен сыбан Маян батырдың жекпе-жегіне ұласады. Екеуі де қаза табады. Осы оқиғадан соң тобықты мен матай арасындағы қызыл жаулыққа әкеледі. Міне, осы кезде Еңлік-Кебек оқиғасы бұрқ ете түседі.

М. Әуезов: «Шыңғыстың бұрынғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты шабуылға ұласады. «Еңлік-Кебек» оқиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді», -деп түсініктеме береді [1; 242].

Еңлік – Кебек оқиғасына байланысты жазылған туындылардағы әлеуметтік тартыс,  трагедиялық дау-дамайдың түп тамырында сонау ел басына күн туып, есіл жұрт үдере көшіп, қоныс іздеген тарихи кезеңнің зардаптары жатыр

Шығармаларда найман көптігінен тобықтының сескенетіні айтылғандығы болмаса, бұл тікелей сөз болмайды.

Дегенмен, Еңлік пен Кебектің махаббат сапарында қайғылы қазаға ұшырауын тарихи оқиғалар аясындағы қоғамдық, әлеуметтік тартыстың қаталдығынан көреді.

Еңлік пен Кебек оқиғасының драматизмін "ақтабан шұбырынды алқакөл сұламадан" кейінгі  қайғылы ел тарихының  ауыр жағдайы, ру мен ру арасындағы тартыс, рубасылардың арасындағы бітіспес кикілжің,  қазақтың баласын бесікте айттырып қоятын, қыз баланы малға қалыңмалға сататын  ескілік салты  - бәрі-бәрі қосылып матастырып, қояландырып жібереді

Еңлік пен Кебек оқиғасы туралы мәлімет баспасөз бетінде 1892 жылы «Дала уалаяты газетінде» «Қазақтың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен жарияланды.

Кейіннен 1900 жылы тағы да осы газетте «Қазақ турасынан хикая» деген атпен шықты.

Мағауия Абайұлы да «Еңлік-Кебек» дастанын жазған.

"Еңлік – Кебек" оқиғасының сюжетіне Шәкәрім ақын поэма арнаған. "Еңлік-Кебек» поэмасы Абайдың көзі тірісінде, оның ақылымен жазылған. Оқиғаны Абай шәкірттеріне айтып беріп, поэма етіп жазуды ұсынады. Шығарманың негізгі арқауы махаббат трагедиясы болғанмен, Шәкәрім замана кейпін нақтылау, оқиғаның ескі күндерде өткенін, ендігі жерде ел арасында мұндай келеңсіз істер болмауға тиісін дәлелдей түсу үшін хикаяның өмірлік фонына айрықша мән беріп, шағын көлемді тарихи ақпар жасайды. Дастанның кіріспесі ел-жұрттың  бұл жерге келу тарихына барлау іспетті. Ақын осы тарихи процесс үстіндегі нақты жағдайларды тәптіштеп баяндайды<

М. Әуезов осы оқиға негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын тудырды. Ұсақ ауытқуларды айтпағанда, барлық нұсқалардағы оқиға негізінен бірдей. Адам бейнелерін кескіндеу де ұқсас. Нысан абыздың бал ашқандағы сөзі, Еңлік портреті, бүркіт салу суреті -  сөзбе-сөз дәл келіп отырады.

Нұсқалардың бәрінде кездесетін Нысан Есімді абыз зерттеуші Т. Жұртбайдың пікіріне сүйенсек,18-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген [2;257].

Ол «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» қайғы-қасіретін, халықтың азып-тозып барып, қайта ел болып құрылған қуанышын көрген. Жаугершіліктен іркіттей іріген жұрттың сүттей ұйып келе жатқан тұсында кез болған «Жолсыз жазаны» алдын-ала болжап, зар запыранын төгеді. Еңлік пен Кебектің жазмыштан «пешенесіне жазылған» ажал үкімін ол шынымен қобыз сарнату арқылы болжап білді ме? Кебектің бал аштырып, болашағын болжатқаны рас па?

Көшпелі өмір тұрмысында абыз қандай әлеуметтік-рухани орын алды, ол жағын кесіп-пішіп, үзілді-кесілді тұжырым жасап айту, әрине, қиын.

Ал, Нысан абыз өмір сүрген жоңғар шапқыншылығы тұсында соғыста жүрген ұлының, бауырының, қосағының, ағасының, әкесінің, тіпті, мұқым қазақ жасағының амандығын тілеп, бал аштырып, әр нәрсені ырым ету – барынша кең тарады.

Абыздың тегі - шамандық дәстүрден қалған сияқты. Келе-келе қазақ тұрмысына бейімделіп, өзгеше әлеуметтік маңызға көтерілген. Осы шамандық – абыздық дәстүрі зерттеген М.Б. К –Лапсанның «Тувалар (ұранхай) шамандарының фольклоры мен сарындық дәстүрі» атты еңбегінде «қара суды теріс ағызғанды» азар, арғыз деп атайтындығын, олар шындығында да асқан тәуіптік, көріпкел қасиетке ие екендігін дәлелдейді. Уранхайлардың өзіне тәсілі тиесілі үлкен руын Әмірсана Абылай ханның қол астына бергенін ескерсек, азар - арғыз – абыз арасындағы дыбыстық ұқсастықты ғана емес, салттық–сарындық ұқсастықтарды аңғару қиынға соқпайды. Тіпті азарлардың иесін шақырған сарынын қазақ диуаналарының сөзімен салыстырғанда, мағыналық, образдық үндестіктер кездесті.

Ғалым Қ. Жұбанов :"Қазақта ескі кездегі шаманды абыз деп атаған. Ру құрылысы дәуірінде олар ру бастықтары болғандықтан, рудың ақсақалы, үлкені болғандықтан, абыз сөзі барлық үлкендіктің аты болып кеткен", - дейді.

Зерттеушінің пікірінше, абыз сөзі бұрынғы қобыз сөзінің өзгерген түрі. "Қ" дыбысы түсіп қалған да, "о" – ның орнына "а" дыбысы қолданылады, сөйтіп барып, "қобыз" "абыз" болып кеткен. Себебі, Алтай, ойраттықтарда қобызды тек шамандар ғана тартса, қазақта да қобызды ойнайтындар негізінен абыздар, кейіннен бақсылар болған.

Арғы тарихты қозғамағанның өзінде, мұқым түркі мен қазақ халқының шежіресін жазған ғұлама тарихшы Шәкәрімнің, қажы Шәкәрімнің, философ Шәкәрімнің:

Ол кезде балгер болған Нысан абыз,

Шын даулескер бақсының өзі нағыз.

Жын айтты ма,  кім білсін шын айтты ма,

Айтқаны келеді деп қылады аңыз, -

деп жорта, байыбына бармай жазуы мүмкін емес.

Мұндағы Нысан абыз Әнет баба тәрізді жастар жағындағы, адамгершілік, елдік жағындағы жан. Бірақ, оның Әнет бабадан айырмасы – көріпкел, сәуегей.

Бұл жағынан алғанда, ол ертедегі грек, Рим, көне шығыс әдебиеттеріндегі сәуегейлерді, қала берді қазақ арасындағы шаман дінінің қалдығы ретінде азды- көпті тараған бақсы – балгерлерді еске түсіреді.  Бұлардың қайсысы да діннен, діни уағыздаулардан, қайда қашсаң да, құдайдың күні бұрын жазып қойғанынан құтылмайсың деген ұғымнан туған. Қай жолмен келсе де, Нысан абыз – Шәкәрім поэмасындағы белді тұлғалардың бірі.

Ш. Құдайбердіұлына шығыстың көне классикасы да жат емес, қазақ арасындағы дін жайын да ол ешкімнен кем білмеген.  Сондықтан қай тараптан алса да, автор Абыз образын романтикалық жоспарда жасауға ұмтылған.  Бұларға қоса,  Шәкәрімнің дін туралы көзқарасын да ескермеуге болмайды. Ол дінге өзінше келіп, оны адамгершілік рухында  пайдалануды көздеген адам. 

Абыз бейнесін ақын былайша асқақ баяндайды.

Темір масақ жыбырлап тұр сылдырып,

Екі көзі бақсының тым бұлдырап.

Ындын қойып тыңдасаң, сарнағанын.

Сақтанбасаң, алғандай ақылды ұрлап.

Мұңлы қоңыр дауысы шықса зарлап,

Ықтиярсыз кетеді бой шымырлап.

А, дейді де тыңдайды анда – санда,

Құлағына кеткендей жын сыбырлап.

Екі көзін қан басып, өңі қашып,

Сұп – сұр болып алартып көзін ашып.

Шүлдір – шүлдір сөйлесіп жыныменен,

Өзін - өзі тоқтатты азар басып [3; 130].

Осы бір портреттің құндылығы – Абыздың кім екендігін, кәсібі не және оның мәні мен мақсатын көрсетуінде емес, сол Абызды бүкіл болмысымен, бар өнерімен, өнерінің бүкіл ерекшелігімен тұтастай оқушының көз алдына келтіру құдіретінде.

Поэманың басында эпизодтық дәрежеде көрінетін Нысан абыз бейнесінің шығарманың идеялық мақсатын ашуда  елеулі орны бар. Ол - әлдеқандай бір тылсым күштің ғана емес, ақыл мен көрегендік қасиеттің де иесі.

Ол – айтқаны айнымай келетін құдіретті жан. Осынау құдіретті абыз Кебек алдына келгенде қарапайым пенделік қалыпқа түсіп, кешірім өтінеді, мейірбандық танытады.

Нысан абыз бейнесін тұлғаландырып тұрған оның Кебекпен кездесу сахнасы.

Нысан абыз қысылып батқан терге,

Қарады да сөйледі Кебек ерге:

"Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан;

Батырым ондай жанға көңіл берме.

Бұл сөзді өз ойымнан айтпаймын құр,

Жын шіркін осылай деп айтқызып тұр.

Қара жартас түбінде кез келеді,

Шырағым, сондай қыздан сақтанып жүр.

Әдейі іздеп бармассың, кез боларсың,

Кез болсаң, алыс емес, тез боларсың.

"Сақтықта қорлық жүрмес" деген бар ғой,

Сақтанбасаң артқыға сөз боларсың".

Оны есітіп Кебек кетті өз жайына,

Батса да балгер сөзі шымбайына.

Ойланбай, біржолата кетті ұмытып,

Деді де жынның сөзін тыңдаймын ба? [3; 130]

Абыздың аузынан шыққан "ажалың биік қабақ сұрлау қыздан" деген сөздер бүкіл поэмаға трагедиялық сипат меңзейді.

Міне, Шәкәрім әу бастан дастанды осы тартысқа құрған. Негізгі кейіпкер – Нысан абыз, Кебек. Сюжеттік желі – Нысан абыздың болжамы. Шәкәрім дастандағы сюжеттік байланысты осындай драмалық шиеленіске құрады. Солай болғандықтан да, дастанның алғашқы тарихи бөлігіндегі баяу қозғалыс әп сәтте шиеленісіп, көркем шеберлікке ғана тән динамика қосылады.

Осы орайда ғалым А. Тілеуханова белгілі орыс фольклорист ғалымы В.Я. Пропптың бір қағидасын келтіреді: "Көне грек драматургы Софоклдың "Эдип патша" драмасы жөнінде ол былай деген еді:

"Эдип дельфілік бақсыдан өз тағдырының сұмдық құпиясын біледі:

"Өз шешемнен қылмысты қатынасқа,

Түсерім анық, одан туады ұл,

Және мазақ келер күнгі ұрпақтарға,

Өз әкемнің қанын да жүктейді екем" [4; 94]

Софоклдың өз кейіпкеріне осынау сұмдық құпияны алдын – ала білгізуінде мән бар. Өйткені, ол арқылы Софокл сюжетке трагедиялық мән береді. Егер Эдип осы құпияны, яғни бақсы болжамын алдын – ала білмеген болса, онда барлық оқиға тек қатерлі кездейсоқтық дейгейінде қалып қояр еді... Ондай жағдайда нағыз трагедия болмас еді: кейіпкер Эдиптің әке – шешесінен қашқан секілді, өз тағдырынан қашуға әрекет жасамас еді".

Атақты ғалым әлгі дельфі бақсының Эдипке ашқан құпия сырының Софокл шығармасының бүкіл бітімімен терең үйлесім тауып құрғандығын айтады.

Енді Шәкәрімнің  "Еңлік – Кебегіне" келер болсақ, мұнда да оқырман Кебек тағдырын Нысан абыздың болжауы арқылы алдын – ала біледі.

Сол сияқты «Қазақтың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты 1892 жылғы «Дала уалаяты» газетінде (№ 29, 31, 34-40) жарияланған аңызда да Абыз – сәуегей ретінде баяндалады.

«Нысан көп сөйлемейтін, түсі суық, қарт кісі екен. Өзінің түсінің суықтығынан, бал ашып, қобызымен ойнағанда ешкім шыдай алмай қашып кетеді екен. Қобызды тыңдағандардың көзіне жас келіп отырады екен.

Бұл күнде ондай қобызшы жоқ. Бұрынғы қобызшылар қайда, есіткен кісілерді ерітіп жіберуіші еді. Қазақтардың осы күнгі бақсылары бұрынғы қалған бір мұрасы, сонда да бұрынғыдай емес», - деп абызға мінездеме біріледі.

Барлық нұсқаның мазмұны бірдей. Мұның өзі өмірлік шындыққа жетелейді.

Қалайда, абыздың о бастағы көшпелі қоғамдағы әлеуметтік орны шамандық сенімнің ой-санадан көшпей тұрған кезіндегі салт-санасына байланысты қалыптасқан.

М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасында Нысан абыз сәуегей, философ деңгейіне көтерілген.

Қалайда, абыздың о бастағы көшпелі қоғамдағы әлеуметтік орны шамандық сенімнің ой – санадан көшпей тұрған кезіндегі салт – санасына байланысты қалыптасқан. Отқа май құю, мәйіт қойылған үйге жеті шырақ жағып қою рәсімі әлі де ұмытылған жоқ.

Қазір абыз ұғымын біз басқаша түсінеміз. Ондай ұғымның қалыптасуына аса қатты ықпал жасаған М. Әуезовтің "Еңлік – Кебек" трагедиясындағы әдеби образ – Нысан абыз.

Егер де 1922 жылғы нұсқаға иек артсақ, ондағы Нысан абыз тура Шәкәрім Құдайбердіұлының  суреттегеніндей көріпкел, бақсы бейнесінде берілген.

Мағауия нұсқасында халық Нысан абызды алдағыны болжайтын қасиетті жан, ерекше бір құдіретті күштің иесі деп түсінген. Кебектің тағдырын Нысан абыз болжап айтыпты–мыс деген аңыз болып кеткен [5; 122].

Мағауия өз поэмасында Нысан абыздың болжауы жайындағы халық аңызын сақтаған. Абыз аузынан шыққан «ажалың биік қабақ сұрлау қыздан» деген сөз алдағы трагедиялық оқиғалардан хабар бергендей. Осы эпизодты суреттеуде Шәкәрім мен Мағауия поэмаларында айырмашылық бар.

Мағауия Нысан абызға Кебектің келу сәтін тәптіштей баяндаса, Шәкәрімде жалпы нақтылық басым. Сондай-ақ абыздың ойнау сәті де Шәкәрімнің дастанында анағұрлым әсерлі шыққан.

Нысанның бақсылығын барлық нұсқа да мойындайды. Біз оған нұқсан келтірмейміз.

Ал, тарихқа жүгінсек, тобықты арасында Нысан атты абыздың болғаны рас. Туған, өлген жылы белгісіз. Ел арасында там-тұмдап әңгіме айтылғанымен, оның барлығы «Еңлік-Кебектің» оқиғасына әкеп тірейді.

«Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласында М. Әуезов Нысан абыз туралы былай деп жазады: «Құнанбай жас күнінде ат үстіндегі қайраттылық, ерліктен басқа, ақылға да, сөзге де орамды кісінің белгісін берген болу керек. Өйткені сол кезде үлкен кәрілікке жеткен Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға «Өзіңнің бағың қыдырдай болса, балаңның бағы Шыңғыстай болсын», - деп сын айтыпты дейді. 

«Қыдыр – Шыңғыс тауының солтүстік жағындағы бөктер тау», -  деп М. Әуезов түсінік берген.

Шәкәрімнің шежіресінде: «Тобықтының екі баласы Ерестек, Дәулетек. Бұл Дәулетекке бір аста жуан таяқ ұстап, ошақ басын қорығаннан жуантаяқ атанып, нәсілі де сол атпен аталды. Ол Дәулетектің үш баласы – Байқара, Байшара, Жиеншара. Бұл Жиеншара оқымысты кісі болған соң «Хафат» дейміз деп, тілі келмей абыз атанды», - деп жазылған [6; 44].

Нысан абыз осы Жиеншораның баласы деген сөз бар. Кейбір қариялар: Нысан абыздың аты – Жиеншора. Нысаналы болған соң Нысан абыз деп атап кеткен дейді. Тобықтылардың шежіресінде де, ел әңгімелерінде де өзге сөз айтылмайды. Жорамал болуы мүмкін.

Т. Жұртбайдың көрсетуі бойынша, Нысанның қыстауы – Кеңгірбайдың кешенінен 30 шақырымдай, Шұнақ тауының балақ бауырында. Айналасы шилеуіт, қақты көл бар. Зираты – Қыдыр қыратының етегінде, қыстауынан 10-15 шақырымдай жерде, Ақтанбұлақтың басында. Бұлақтың айналасы сазданып, зираттар езіліп, құлай бастаған соң, 1987 жылы Нысан абыздың сүйегі қазып алынып қыраттың төбесіне қойылып, мазар орнатылады.

Сонымен, Нысан абыз бейнесі "көп жасамай, көп орған, жарасы үлкен жас өлім" Еңлік пен Кебек трагедиясына арналған барлық шығармаларда сәуегей, болжағаны болып, айтқаны келетін көріпкел бейнесінде. Оқиғаның бар трагедиялық шешімі соның аузынан шыққан "ажалың биік қабақ сұрлау қыздан" деген бір ауыз сөзге тіреледі.

Біз Абыздың ойдан шығарылған әдеби кейіпкер емес, оның арғы негізінде тарихти тұлға жатқанын дәлелдеуге тырыстық. Нұсқалардағы абыз бейнесінің ұқсастығы да осыны көрсетеді. 

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 15-том.– Алматы: Жазушы, 1984.

2. Мұхтар мұрасы. Алматы: Қазақстан, 1997.

3. Құдайбердіұлы Ш. Өлеңдері мен поэмалары. –Алматы: Рауан, 1990.

4. Тілеуханова А. Шәкәрім шығармаларындағы шеберлік пен таным бірлігі. Алматы: Қаз МҰУ, 1995.

5. Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері.-Алматы: Дәуір, 1995.

6. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз – қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан Сана, 1991.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ