Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қаhармандық эпостардағы эпитет пен теңеудің ерекшелігі

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005

Автор: Едилбаева Г.Б.

Қазақтың батырлық жырларының зерттелу тарихына мән беріп, мұқият қарағанымызда көптеген ғалымдардың назар аударған мәселелері жырдағы сөз көркемдігі екен. Соның бір саласын эпикалық шығармадағы эпитеттер құрайды. Батырлық жырларға қатысты сөз қозғаған А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов еңбектерінде эпитетке қатысты пікірлер айтылған. Батырлық жырларға кеңірек орын берілген «Қазақ әдебиеті тарихы» және белгілі ғалымдар Қ. Жұмалиев, М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Е. Ысмайылов, Ә. Қоңыратбаев т.б. зерттеулерінде эпитеттер Мен теңеулерге байланысты тұжырымдар орын алған. Алайда батырлық жырлардағы тіл өрнегі тереңірек үңілген поэтикаға қатысты зерттеулер екендігіне талас жоқ. Бұны белгілі «Қобыланды батыр» жырының поэтикасы жөніндегі О.А. Нұрмағанбетованың және «Батырлық жырлардың поэтикасын» тереңдей зерттеген Ш. Ыбыраевтың еңбектері дәлелдейді.

Қазақ әдебиетіне қатысты теориялық және жекелеген шығармаларды талдауларда эпитетке қатысты тұжырымдар қалыптасқанын, соның нәтижесінде рухани мұраларымыздың көркемдік ерекшеліктерін саралауда эпитетке байланысты айтылған ұсыныстар мен толғамдар турасында да сөз қозғауды жөн көрдік. Осы тұрғыдан алғанымызда шығарманың көрнекі тілі жөнінде терең түсінік қалыптастырып, оның түрлі әдістерін нақтылай көрсеткен алғаш еңбектің негізі А. Байтұрсыновтан басталады дегенге тоқталдық.

А. Байтұрсынов айтқан тұжырымды «Әдебиет теориясы» атты еңбегінде белгілі ғалым Қ. Жұмалиев те анықтай түскен: «Тұрақты эпитет деп көпшілігіне сол нәрсеге тұрақталып, бекілген эпитеттерді айтады. Мысалы: «Қызыл ту», «қызыл әскер», «шұбар түс» т.б.» [1].

Сонымен қатар, әдебиет теориясына арналған еңбекте, эпитет болатын сөз көбіне сын есім, кейде зат есімдер мен есімше, көсемше етістіктер арқылы затты анықтайтын сөздер болатындығы түсіндіріледі. Тұрақты эпитеттермен қатар, қазақ поэзиясында күрделі эпитеттер қолданылатындығын анықтай түсіп, оның жасалу жолдарын Қ.Жұмалиев өзі көбірек назар аударған Абайдың өлеңдерінен мысалдар келтіріп дәлелдеген.

Ғылымдағы тың тұжырымдардың байыпты бағалануы және дәйекті дәлелденуінің бір негізі эпитеттерге байланысты болып келетіні, көркем дүниелерімізден соны танудың жолдарын түсіндіретін ізденістер барлығына көз жеткізе түстік. Соның енді бірі – академик З. Ахметовтің еңбегі. Ғалымның жалпы рухани мұрамыздың сөз кестесі мен тіл өрнегіне қатысты байыпты пікірлері ғылымда қуатталып, көркем шығармалардың поэтикалық тілдік ерекшеліктеріне қатысты тексерулерде орынды аталып жүр. Қазақтың өлең құрылысының сан – салалы екендігін айтқан З. Ахметовтің еңбегінде эпитетке қатысты мынадай пікір айтылады: «Халықтық поэзияда белгілі бір ұғымға үнемі қатарласып айтылатын тұрақты эпитеттер көп кездесетіні белгілі. Мұның өзі кездейсоқ құбылыс емес.

Халық поэзиясында бейнелі сөз түрлері, сөз нақыштары сан жағынан жазба әдебиеттегідей мол болмағанымен, оның есесіне жиірек қолданылады. Халықтық өлең – жырларда бейнелі сөздердің берік орнығып, тұрақталғанын әбден екшеліп, сұпталғанын, поэзияның тіл кестесіне хас үлгі – нақыштар болып қалыптасқанын байқаймыз.

Сондықтан халықтың өлең – жырларындағы әр эпитет, теңеу, метафора, кейіптеу, символ секілді сипаттау, салыстыру, көріктеу тәсілдеріне байсалдылықпен қарап, тексерудің олардың халық тілінің халық поэзияның сөз кестесіне тән өзгешеліктерін біліп – түсінудің мәні зор». Қазақтың батырлық жырлары жөніндегі зерттеу еңбектерде көбіне эпитеттер батырдың сауыт – сайманы, түр – тұлғасына, жан серігі – тұлпарына, сүйген жарына т.б. қатысты ұшыратамыз.

«Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көп томдықтың алғашқы томындағы батырлық жырына арНалған тараудағы образдық талдауларда М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Ә. Қоңыратбаев, О. Нұрмағанбетова, Ш. Ыбыраев т.б. зерттеушілер айқындаудың тұрақты үлгілерінің кездесу себептеріне қатысты пайымдаулар жасаған.

Ақын жыраулар қолданған эпитеттердің бірі – «ақ»: «Ақ мамығын таранған», «Аппақ мәрмәр інжіні» (Асан қайғы), «ақ желкен», «ақ қағаз», «ақ ала тау, «ақ ала жылқы», «ақ киік» (Шалкиіз) «Ағала ордам қонған жұрт» (Қазтуған), «ақ білегін жастанып», «ағарып атқан таңды деп», «Ақ Жайық», «ақ балта», «ақ найза», «ақ шымылдық» (Доспамбет) «Ақ табан ару торы ат» (Ер Шобан), «Ақ кірпіш тас, суда бар» (Бұқар), «ақша бет» (Шал ақын). Осы аталған эпитеттердің дені батырлық жырларда кездесетіндігін білуге болады.

Ендігі бір мәселе батырлық жырларда «ақ» түске қарама – қарсы «қара» түспен ажарландыратын айқындаулар мол екендігін көрсетеді. Анықтай қарасақ, қара түстің көбінде реніш пен қайғы, жексұрындық пен жауыздық, дойырлық пен дарақылық анықтала түсетіндей. Мысалы: қара жылан, қара жол, қара найза, қара дәу, Қаражан, Қараман, қара қой, қара көзді, қара бет т.б. ұғымдары таза көңіл, пәк пейіл, ақ жүрек, жайсаң мен жомарт дейтін түсініктермен ешқашан ымыраса алмайды. «Қобыланды батыр» жырының Мұрын Сеңгірбаев айтатын нұсқасындағы «Қара кигізді үйлер», «қара қойдың етін жеу» дегендердің бәрі де бірдей үрей тудырып, тыңдаушылардың бірден қабағына кірбің ұялатады.

Ал, жырдағы «көк» түстің берілуінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Қазақ ұғымында «жасыл» түстің өзі көбіне «көк» эпитетімен беріледі. «Жасыл жапырақ», «жасыл құрақ» , «жасыл шалғын», «жасыл шөп», - деп атамай, оның бәрі «көк» түспен анықталады. Бұның бәрі де түс атауын нақты бере алмағандықтан емес, дәстүрлі түсініктен туған ерекшелік. Жердегі жасыл шөптің түсін анық біле тұрып, ақын – жыраулар өлеңдерінде де «көк шөп» деген айқындаулардың қолданылуы ежелгі қалыптасқан ұғымның белгісін анықтай түседі. Батырлық жырындағы «көк алалы шалғын», «көк шыбын», «көк құтан», «көк орайлы шалғын», «көк тау» т.б. соның дәлелі бола алады. Батырдың мінген атын ерекшелеп, ажарлай түсу үшін «көк» түс үстемелей қосылады.

Ал, тұрақты эпитеттің үлгісі болып табылатын «қызыл», «сары» түспен айқындаулар дәстүрлі қолданыста жүреді. Көбіне «қызыл» мен «сары» түс батырлардың жекпе – жектері мен олардың сүйікті жарларына, сұлу қыздың киген киімдеріне қатысты қолданылады.

Батырлық жырларда көбірек кәдеге асып, байыпты пайдаланылатыны – «боз» деген эпитеттер. Жырдағы бұл түстің мағыналық қолданысы сан алуан. «Боз» эпитетінің ақын – жыраулар поэзиясында қолданылуы көне дәстүр көрінісі. Қазақ халқы ежелден келе жатқан әдет – ғұрып, наным – сенімі бойынша үлкен жеңіске жеткен ел қуанар елеулі тойда боз ат бауыздап, құдай жолы деп садақаға боз қасқа қой сояды, екі ру, не екі ел арасындағы бітім кезінде боз бие шалып, ымыраға келеді.

Сонымен түйіндей келгендегі айтарымыз, батырлық жырларда ақын – жыршылардың өмір құбылысын суреттеуде мол қарпып, ерекше алуан түр – түсті келісті де шебер пайдаланған көркемдік тәсілдердің бірі эпитеттер екендігін білдік.

Эпостық мұраларымызда сандаған құбылыстары мейлінше ұтымды тәсілдермен берудің бір желісі салыстыру арқылы сипаттап, тура дәл анықтау жүйесімен сипаттау екені мәлім. Бұл жырдағы теңеудің өзіндік ерекшелігін, құрылымдық жағынан қызметін көрсетеді. Батырлық жырларда сандаған үлгілері барлығы айтылып келеді. Алайда жинақтап жүйелей тексеру жағы жеткіліксіз. Рас, қазақ ауыз әдебиетіне арналған оқулықтарда, көп томдық еңбектерде, батырлық жырлар жөніндегі монографияларда батырлық жырындағы теңеулерге қатысты жол – жөнекей пікірлер айтылған.

Сөз өнерінің ғылымы туралы еңбегінде А. Байтұрсынов теңеуге қатысты біршама мәселелердің бетін ашқан. Негізгі тұжырымдарын былайша берген: «Теңеу, көріктеу, нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанымен, нәрсенің бейнесін суреттеп көрсетуге күші жетпейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсетеміз.

Сол мысалдар бойынша ғалым теңеуді екі түрге бөлген: 1) әншейін теңеу, 2) әдейі теңеу. Екеуінің арасындағы айырмасы сол: әншейін теңеу - әдетті теңеу болады. Мәселен, удай ащы, айдай жарық, күйедей қара дегендегі «удай», «айдай», «күйедей» деген сияқты сөздер, - дейді [2].

 Теңеудің салыстырмалық мәнге ие екендігі жөнінде Қ. Жұмалиев те өз еңбегінде тоқталған. Мұнда ғалым теңеудің көпшілігі зат есімге, есімше етістікке жалғанған - тай (-тей), - дай (-дей), -ша (-ше), және – дайын (-дейін) жұрнақтары арқылы жасалатындығын анықтай түсіп, - тай (-тей), - дай (-дей) сөзге жұрнақ ретінде жалғанса ғана теңеулік мағына беретіндігін, ал көсемше етістік боп келген жерлерде теңеулік мағына бермейтіндігін ескерткен.

Тілдік көркемдеу құралдары жөнінде толымды пікір айтқан академик З. Қабдоловтың еңбегінде теңеуді ажарлаудың бір түрі ретінде нақтылай дәлелдеп берген. Ғалым былай дейді: «Әдеби тілге мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу. Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей – ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді. Сонда бұлар туралы оқырман түсінігі тереңдейді де, өнер туындысының эстетикалық әсері күшейе түседі».

Сондай – ақ, теңеудің халық шығармаларынан қалыптасып, жазба әдебиетіне ену жолдары туралы Қ. Жұмалиев, М. Базарбаев, Б. Манасбаев, М. Белбаева, Т. Қоңыров және т.б. еңбектерінде айтылған.

Батырлық жырдағы қаһармандарға қатысты нақтыланып, түстелген теңеулердің портреттік сипаты басым екендігі жырдан аңғарылады. Мәселен, «жолбарыстай білекті», «арыстандай айбатты», «ақ сұңқардай», «аш бөрідей тиеді», «ителгідей емініп», «бүркіттей қолды салады», «жүрегі оттай», «нар түйедей», «құр аттай», «үркер мен айдай», «аш көзендей бүгіліп», «қабағы түстей түйіліп», «қарт бурадай», «жолбарыс шапқан құландай», «тышқан алған мысықтай», «ақ тұйғындай», «қабыландай», «күркіреген күндей» т.б.

Осы теңеулерге қарай отырып, белгілі бір дәуірдің, керек десеңіз ұлтқа тән талғам – талаптары, көркемдік ұғым – түсінікті жазбай тануға болады. Халықтың дүниеге көзқарасының қандай деңгейде екендігін пайымдаймыз. Себебі, халықтың жақсылық пен жамандықты ажырата білу жолындағы көркем өнердегі күресі сұлулық пен жексұрындық, батырлық пен алаяқтық, адамгершілік пен жауыздық, достық пен қастық ұғымдары бейнелі сөздермен өрнектеледі. Соның тамаша айшықты ажары теңеулер арқылы беріледі. Батырлар жайында жоғарыдағы эпитеттік және метафоралық теңеулерден басқа көбірек ұшырасатын гиперболалық және литоталық теңеулер екендігін байқаймыз.

Теңеу сонымен көркем шығармадағы адам образын жасауда айрықша қызмет етіп, қаһарманның жан – дүниесін барынша тереңдей, мейлінше ашуға байланысты қолданылады . Мысалы:

Жауатын күндей күркіреп,

Жаңбырдай тері сіркіреп,

Құбылып ойнап жер басты,

Жалғаса ұшқан қоңыр қаз

Тозаңынан адасты.

(«Қобыланды батыр» жыры)

От орындай тұяқтан

Оймақтайы қалыпты.

Етектейін еріннен

Екі елісі қалыпты.

Қиған қамыс құлақтан

Бір тұтамы қалыпты,

Жалбыраған жалынан

Жалғыз қарыс қалыпты.

Бір құшақтай құйрықтан

Бір уыстай қалыпты.

("Ер Тарғын" жыры)

Міне, осындағы күндей күркіреп, жаңбырдай тері, от орнындай тұяқтан, құшақтай құйрықтан, бір уыстай қалыпты т.б. шындыққа сәйкеспейтіні рас. Асылында бұлар асыра көрсетілген сипаттаулар емес, қайта мейлінше бейнелеп, көркемдік заңдылыққа бағындырылған ажарлаудың белгілері. Батырлық жырларда гипербола мен литота бірге, аралас жүреді. Теңеу соған қатысты қарама – қарсы мәнде қолданыс табады екен. Бұған қатысты айғақты дәлелдер өте көп. Мәселен, жырдағы батырлардың қалыңдығына қатысты «Жүйрік аттай ойқастап», «Құнан қойдай бой тастап», «Толған айдай толықсып», «Ақ сазандай бұлықсып» т.б. ой жалғастығы (ассоциация) барлығы, оның негізгі салыстырулар нәтижесінде келгендігін көреміз. Бұл көшпелі өмірге бейімделген халықтың мінез – құлқын, нені кәсіп еткенін толық түсіндіре алады. Батырлық жырлардағы дамытуларда да теңеудің функциясы айрықша байқалады. «Градация – теңеулерді, образды, эпитеттерді, метафораларды және көркем сөйлеудің басқа да бейнелеу тәсілдерін біртіндеп күшейтетін немесе, керісінше, біртіндеп солғындататын стильдік фигура. Градацияның екі түрі – климакс (жоғарылау), антиклимакс (төмендеу)», - деген Квятковскийдің пікірі орынды айтылған.

Тер шыққан соң өрледі,

Адырды көзі көрмеді,

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Арандай аузын ашады,

Аяғын топ – топ басады,

Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады.

Кешке таман Тайбурыл

Жын қаққанға ұқсады.

Құлан менен бұғының.

(«Қобыланды батыр» жыры)

Сонымен, жоғарыдағы келтірілген үзінді бізге батырлық жырлардағы теңеудің тікелей образға қатысты қолдану қызметін тиянақтауға мүмкіндік береді. Мұнда батырлық жырлардағы ұнамды және ұнамсыз бейнелерге байланысты түрлі әдіс – тәсілдермен ерекшеленіп, негізгі қаһармандар желісін барынша ажарлай көрсететін теңеулердің функциясының басты белгісі – эмоцияға қатысты деген тұжырымға әкелді.

Бұндай пікір теңеулерді таза тілдік тұрғыдан қараған Т. Қоңыровтың еңбегінде айтылған. Ол былай дейді: «Сонымен, предметтің қозғалыс – қимыл, іс - әрекеттерін сипаттайтын эмоцияның түрін функциялық эмоция дейміз» [4].

Шындығында жағымды мәнді эмоционалды және жағымсыз мәнді эмоциялық теңеулер деп бөлуге болатындығын теңеудің қызметі анықтай түседі. Біз оны жоғарыдағы келтірілген нақты үзінділер арқылы да дәлелдей алдық. Батырлық жырда жағымды эмоцияның алатын орны өлшеусіз. Жағымсыз мәнді эмоция көбіне жауыздықтың өкіліне, батырға қарсылық көрсетуші дұшпандарға байланысты айтылады екен.

Қорыта келгенде, батырлық жырлардағы теңеудің болмыс – бітімі бізге мынадай тұжырымдар жасауға жетелейді. Сол тұжырымдар қаһармандық эпостағы теңеудің қызметін көрсете алады деген сенім ұялатады:

1.     Батырлық жырлардағы теңеудің қызметінен эпикалық шығармадағы дәстүр белгілерін тануға әбден болады. Қаһармандықты дәріптейтін теңеулер халық түсінігін, ой – арманын, келешекке деген көзқарасын толық танытады;

2.     Түрлі қаһармандардың мінез – құлқы, іс - әрекеттерін теңеулер лайықты бере алады. Ұнамды және ұнамсыз бейнелердің теңеулер арқылы портретін жасау үнемі салыстырмалы әдіс – тәсілдермен беріледі;

3.     Батырлық жырда теңеулер бейнелі сөздермен бірігіп, жырдағы түрлі әрекеттердің мазмұнын арттыруда байланыста тұрып, бейнелік, көркемдік жағынан әрбір оқиғаларды сан алуан қырынан сипаттайды;

4.     Жырдағы теңеу деген ұғымның аясы кең. Себебі, теңеудің семантика – стилистикалық мән – мағынасы метафоралық, эпитеттік, гиперболалық, литоталық, градациялық т.б. арқылы ажыратылады. Байланыс – бірлігі шығармадағы оқиғалардың дамуы, шарықтау шегі, шешімі арқылы түсіндіруді қажет етеді;

5.     Батырлықты үлгі - өнеге етуде теңеулер образға қатысты салыстырмалы әдістер арқылы қызметін күшейтеді. Сөйтіп, эпикалық шығармадағы барлық бейнелі сөздермен байланысқа түседі;

6.     Эпостағы теңеулер тек қана батырдың бейнесін береді деген бір жақты пікір, батырлық жырдағы ұнамсыз бейнені соншалықты жеріне жеткізу теңеулер арқылы жүзеге асады;

7.     Теңеулердің айрықша үлесі батырдың тұлпарын, қалыңдығын сипаттауда толық жүзеге асқан.

Батырлық жырлардағы эпитет пен теңеудің ерекшеліктерін жан – жақты анықтау, олардың сандаған нұсқаларында бірдей берілуінің себептерінің сырына үңілу де ғылымдағы қызықты іс екендігі даусыз. Эпостың тақырыбы, тарихи негіздері, нұсқаларының ұқсастықтарын түсіндіру мәселесімен эпикалық шығарманы толық зерттеп біттік деген түсінік болмауы тиіс. Қайта елдің өткенінен хабар беретін, ерліктің өшпес ізін асыл сөз құдіретімен түсіндіретін эпостың көркемдік қуат – күшін лингвистикалық және әдеби жағына жалғастыра зерттеуде тың тұжырымдар жасауға септігін тигізе алады. Бұл шын мәніндегі филологиялық тұрғыдан зерттеу болып табылады. Әрине, бұл орайда фольклордың сандаған ғылымдардың саласымен байланыс – бірлігі ұмыт қалуға тиісті емес. Осы істе батырлық жырлардағы эпитеттердің көбіне адам образын жасауға айрықша қызмет ететіндігін байқаймыз. Сонымен, теңеулердің батырлық жырлардағы берілісін тексеру нәтижесі көркем шығарманы тануға, сөз өнерінің сиқырлы құдіретін түсініп, түйсінуге қызмет ететіндігін көреміз. Ал, оны болашақ жас ұрпақ бойына сіңіру дегеніміз – эпикалық шығарманы талдай білуге үйрету деген сөз. Оны жүзеге асыру үшін батырлық жырларды көркемдік жағынан әлі де сан қырынан зерттеу қажет. Жырдағы ажарлаудың қызметін тану үшін – біздің зерттеуіміздің нәтижесі эпикалық шығармадағы бүкіл бейнелеу құралдарын қамтып түсіндіруге жетеледі. Ендеше, жырды көркемдік тұрғыда зерделеу жалғаса беруі керек. Қазақ эпосының шығу тегі мен дамуы, дәуірлік тұтастануы туралы ұғым мен түсінікті молайтуда, эпикалық жырлардың көркемдік табиғатын танудың өзіндік ерекшелігі бар екендігін көрсетудегі біздің қосқан үлесіміз бен мүмкіндігімізге қарай жасаған ұсынысымыз демекпіз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: Жазушы, 1984.

2. Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы: Жалын, 1989.

3. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы: Мектеп, 1978.

Қоңыров С. Теңеулер сөздігі. Алматы: Ғылым, 1991.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ