Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ТІЛ МƏДЕНИЕТІ, ОНЫҢ ӨЛШЕМДЕРІ МЕН КӨРСЕТКІШТЕРІ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Автор: Мешимбаева Б.Ш.

Әдетте мәдениетті қоғамның оқу-білім, ғылым, өнер т.б рухани табыстарының жиынтығы деп білеміз. Тіл – мәдениеттің елеулі формасы. Осы ретте оның мәдениетті дамытудағы алатын орны ерекше болмақ. “Тіл мәдениеті деген ұғым тілдің мәдениетке қатысын емес, тілдік тәсілдердің кемелдену, ширау, жүйелену дәрежесінің қандай екендігін көрсетеді”, – деп айқындайды М. Балақаев [1, 17 б.].

Тіл мәдениеті ұғымына Қазақ Совет энциклопедиясында мынадай анықтама берілген: “Тіл мәдениеті – кісінің бойындағы мәдени қасиеттердің бірі, қоғамдық мәдениеттің бір компоненті. Тіл мәдениеті ауызекі тілдің орфоэпиялық нормасын, сөз қолдану, сөздерді тіркестіру заңдылық-тарын, сөйлем құрау ерекшеліктерін дұрыс пайдалану және жазба тілде емлеге, тыныс белгілерін қолдануға байланысты ерекшкліктерді толық сақтап, сауатты жазу мәселелерін де қарастырады” [2, 261 б.]. Ал педагогикалық энциклопе-дияда “Культура речи 1. В теоретическом плане – раздел филологии изучающий речевую жизнь общества в определенную эпоху и устанавливающий на научной основе правила пользования языком, как основным средством общения людей, орудием формирования и выражения мыс лей. 2. В плане практическом – под культурой речи понимается прежде всего нормативность речи, ее правильность, соответствие требованиям, предъявляемым к языку в данном языковом коллективе в определенный исторический период” [3, 58 б.] деп анықтаса, бұл мәселені жан-жақты зерттеген Л.И. Ожегов: “Тіл мәдениеті – бұл өзінің ойын дұрыс, дәл және мәнерлі жеткізе алу білігі. Дұрыс сөз дегеніміз әдеби тіл нормасы сақталған сөз. Тілдің нормасы – бұл қоғамдық сөйлеу тілі тәжірибесінде қабылданған жалпы тілдік сөйлеу, грамматика, сөз қолдану ережесі. Ойын жеткізуде дәл әдіс таба білу ғана емес, сондай-ақ орынды сөйлеу.” – деп тұжырымдайды [4, 287 б.]. Оқушылардың тіл мәдениетіне педагогикалық сөздікте төмендегідей анықтама ұсынылады: “Оқушылардың тіл мәдениеті дегеніміз, ғылым негіздеріне оқыту үрдісі мен өзін қоршаған адамдармен тілдік қарым-қатынас негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ол жалпытілдік норманың сақталуымен, тілдің мазмұндылығымен, ойлылығымен, лекси-калық байлылығымен, көркемдігімен әрі мәнерлілігімен сипатталады” [5, 377 б.]. Осы сияқты зерттеуші-ғалымдардың берген түрлі анықтамаларын саралай отырып, біз тіл мәдениетіне мынандай анықтама бердік. Тіл мәдениеті дегеніміз, оқыту үрдісінде, отбасында, жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы негізін-де жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ойды дұрыс, түсінікті, анық, дәл, әсерлі әрі әдеби тіл нормасын сақтай, тіл тазалығын сақтай жеткізе білу шеберлігі.

Ұлтын қадірлейтін, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан, сол ойын басқаға дәл, анық, айқын, әсерлі етіп жеткізе алатын сауатты да білімді азамат тәрбиелеу бүгінгі күннің басты мақсаттарының бірі. Ондай мәдениетті адамды тәрбиелеу негізінен мектепке, мұғалімдерге жүктеледі. Біз көптеген ғылыми-педагогикалық әдебиет-терді, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдап-зерттей келе, бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл аударарлық, көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде деген қорытындыға келдік. Олар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, “жаңағы”, “әлгі”, “немене”, “неғып”, “мысалы” деген сияқты басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен, диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұның себебі туралы көптеген зерттеушілер өз пікірлерін ортаға салады. Жазушы Ә. Әбішев бұл туралы былай дейді: “Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін оқымайды... Жастар сөйлемді әдейі бұзып жазады, олар ерекшеліктің белгісі түсініксіз жазу деп ойлайды... Тіл мәдениетінің төмен болуына ғылыми-техникалық прогрестің де әсері бар”. –десе, [6, 17 б.] И. Нұғыманов. “Оқушылардың тілінде болатын кемшіліктердің себептері:

1. Ортаның әсері; а) оқушының сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді, ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл), б) пән тілінің нормаларын жақсы меңгермеген мұғалімнің әсері;

2. Сөйлеу дағдыларының жоқтығы (мектептің тіл дамытуға немқұрайлы қарауы);

3. Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғыл-дық, т.б.)” – деп көрсетеді [7, 15 б.].

Сондай-ақ, М. Балақаев, Т. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Беркімбаева, Н. Уәлиев тағы да басқа ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, [8; 27; 9; 5] оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептері деп, біз төмендегілерді сараладық:

1. Көркем әдебиет оқуға деген оқушылардың қызығушылығының төмен-дігі. Тіл мәдениетіне жастарды тәрбиелеу көркем әдеби шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;

2. Мәдени орталықтарға бару, ол туралы пікірлесудің өте сирек кезде-сетіндігі;

3. Ата-аналардың балаларының тіл мәдениетіне жете мән бермеушілігі; Баланың тіл мәдениетін қалыптастыруда отбасының орны ерекше. Әр отбасы бала тіліне немқұрайлы қарамай, үлкен мән беріп, жауапкершілігін түсіне отырып әрекет етуі тиіс. Қазірде ата-аналар балаларының ана тілінде жарық көрген көркем шығармаларды, баспасөз басылым-дарын оқуларын қадағаламайды, талап етпейді. Отбасында жасөспірімнің телехабарды, фильмдерді, бөгде тілде тамашалап, халық әндерін тыңдаудан бас тартып, өзге әуенге еліктейтінін байқаса да ескерту жасап, оларға деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын оятуға көңіл бөлмейді;

4. Тілдік ортаның әсері; Мектепте тіл ұстарту, тіл мәдениетін дамыту жұмыстары жақсы ұйымдастырылса да мақсатқа жетпеуі мүмкін. Себебі балалар көбінде екіұдай күй кешеді.(әсіресе қалада). Мектепте қазақша оқып, көшеде, үйде орысша сөйлейді. Бұл тіл шұбарлығына әкеледі.;

5. Тіл мәдениетін қалыптастыруды тек қазақ тілі сабағына міндеттеп, басқа пәндерді бұл мәселеден мүлдем бөліп тастаушылық. Тілден басқа пәндердің бағдарламасында оқушылардың тілін дамытуға, тіл мәдениетін қалыптастыруға қойылатын арнайы талаптардың болмауы салдарынан оқушылар тілдің негізін меңгеру былай тұрсын, өздері оқып жүрген пәндердің терминологиялық сөздік құра-мын, тілдік ерекшеліктерін жете түсінбейді. Тек тіл сабағына қойылатын міндет басқа пәндердің мазмұнымен ұштасқанда ғана оқушылар тілді таным құралы ретінде пайдалана алады;

6. Бастауыш сыныпта қазақ алфавитін терең меңгермегендігін ескер-мей, орыс тілі, шетел тілі пәндерін қосып үйрету. Бірнеше тілді игеру ауыр тиетіндігіне көңіл бөлінбеу;

7. Кей мұғалімдердің өздерінің тіл мәдениетінің төмендігі. Мұғалімнің оқушы алдында сөйлейтін сөзін ешбір оқулықпен айырбастауға болмайды. Оқушы мұғалімді тыңдағанда одан білім алумен қатар сұлу, көркем, анық, түсінікті сөйлей білуге үйренеді;

8. Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;

9. Мұғалімдердің көпшілігінің бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмеуі т. б

Жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптар қандай, әр бір мәдениетті адам мәдениетті сөйлеу, қарым-қатынас жасау үшін нені меңгеруі керек деген сұрақтар туындайды. Тіл мәдениетінің зерттеушісі Н. Уәлиев тіл мәдениетінің талаптары деп төмендегіні көрсетеді:

1. Сөз жаттықтығы. Әдеби тіл нормасын сақтап, сөзді дұрыс қолданудың, грамматикалық амал-тәсілдерді дұрыс пайдаланудың көпшілік таныған, тіл тәжірибесінде сыннан өткен қағидалар мен сөздерді қолдану.

2. Сөз байлығы. Сөз байлығына ден қоймаған адамның тілі жұтаң тартып тұратыны белгілі. Айтылған ойға әр сөздің қосар мағыналық, эстетикалық, эмоциялық информациясы болады.

3. Сөз тазалығы. Тіл мәдениетіне аса қажетті салалардың бірі. Өзге тілден сөз алмаған “таза” тілдер кемде-кем, әйтсе де орынсыз аударма “қызметсіз” сөздерді қолданбай сөйлеу, шұбырынды сөз қыстырындыларынан тазарту керек.

4. Сөз дәлдігі. Сөздерді тілдегі мағынасына лайық қолдану.

5. Сөз әсерлілігі. Әр тілдің көпшілікке ортақ орфоэпиялық қағида-ларының бұзылмауын қадағалау, құбылыс, болмысты “көзбен көріп, қолмен ұстағандай” етіп көрсететін кестелі сөздерді қолдану.

6. Сөз әдебі. Тіл пікір алысу құралы ретіде адамдардың тек ойын ғана емес, сезімін де білдіреді. Сөйлеудегі ізет, құрмет, сыпайыгершілік кісінің сезіміне әсер етеді. Өмірде жиі қолданылатын амандасу, қоштасу, ризалық білдіру, кешірім сұрау, құттықтау, көңіл айту т.б сөйлеу этикеті деген ұғымға саяды [10, 10 б.].

Ал зерттеуші М. Балақаев өзінің тіл мәдениетін тереңінен зерттеген еңбектерінде бұл мәселеге өз қырынан тоқталады. Ғалым сөз қолдану мәдениетінің негізгі принципі деп, сөйлем-дердің, жеке сөздердің тыңдаушыға, оқушыға бірден түсінікті болу керектігін көрсетеді. Зерттеуші жазуда, сөйлеуде адам ойына қажетті сөз таңдағанда олардың стильдік ерекшеліктерін ескеруді айтады. Тілдік норманы қалыптастыру, сауат-тылық, тіл тазалығы, сөздерді дұрыс айтып, дұрыс жазу тіл мәдениетінің басты талаптары ретінде тұжырымдалады. М. Балақаев сондай-ақ: “Тіл дамыту ой дамытумен тығыз байланысты болады. Оқушылардың ауызекі тілін дамыту үшін ең алдымен олардың сөздік қорын байыту керек, екіншіден, әдеби сөйлеудің нормасын, сөйлемдерді дұрыс құрауды үйрету қажет. Үшіншіден, ойларын байланыстырып айтып беру дағдылары мен шеберлігін назар аударған жөн”, – деп, осыған қоса шебер сөйлеуге үйренем деушілерге ескеру керек қағидаларды ұсынады:

1. Дүниеде тыңдаушының өзі жақсы білетінді өздеріне тәптіштеп айтып жатудан жаман нәрсе жоқ. Сенің өзгеге айтқаның кісіге білім беретіндей, жүрегін қозғайтындай нәрсе болуы қажет.

2. Өз сөзін қадірлейтін адам, тыңдаушысын да қадірлейді.

3. Сөйлегенде әр бір сөзің анық, дәл, айқын естілетін болсын.

4. Сөзің тартымды болсын десең, оған аздап бет-аузыңнын қолыңнын қимылын қатыстыр. Бірақ жөн-жорығы жоқ, қолыңды оңды-солды сермей беру жарамайды.

5. Айтайын деген ойыңды әбден ығыр болған, үйреншікті сөздерден бастама.

6. Айтқан сөз әрі қысқа, әрі тұжырымды болсын

7. Сөз жүйелі болу керек. Жүйелі сөздің арқауы, өзара тығыз байланысты желісі болады. Бір ойды айтып, екінші ойға көшерде берік байланыс болмай, әрненің басын шалып айтқан сөзде де табан тірер тиянақ болмайды, ондайды тыңдау да қиын.

8. Мәдениетті адам ойын анық, дәл айтуға керекті сөздерден қайтсем дұрыс сөйлем құрайын деумен бірге, оны қалай айтсам өзгеге түсінікті, нанымды, әсерлі болады дегенді де ойлайды. Сөйтеді де әр бір ойын лайықты әуенмен, әр бір сөйлемді өзінің сазымен сөйлейді.

9. Ана тілін жақсы білген кісі сол тілде ойлап, сол тілде таза сөйлейді. Таза сөйлеу дегеніміз, сол тілдің жалпыға ортақ байлықтарын пайдаланып, “бөгде” сөздерді араластырмай сөйлеу. Жөн-жорығы, тіпті, керегі жоқ жерде өзге тілдің сөздерін пайдалану, өзге тілдің грамматикалық құрылысын сақтап, ана тілінде сөйлеу ойды түсініксіз етеді. Тілдегі орашолақтық, оспадарсыздық – ой жүдеулігінің белгісі [11, 70 б.].

А.Жапбаров сөз мәдениетінің жоғары болуына мынадай талаптар қояды:

- сөздің жүйелі, анық, түсінікті болуы;

- сөздің тілдегі орфоэпиялық, грамматикалық, лексикалық нормаларға сай дұрыс құрылуы;

- сөздердің қажет еткенде бейнелі, көркем, эмоциялы болуы;

- сөздердің тыңдаушы немесе оқушының жағдайына, ортаның қажет-тілігіне сай болуы [12, 139 б.].

Л.А. Веденская, Л.Т. Павлова, Е.Ю. Кашаева тіл мәдениетіне қойылатын талаптары бұл сөздің дәлдігі, ол пәнді жақсы білу, ойлау қабілеті, қажетті сөздерді таңдай білу қабілетімен анықталады; сөздің түсініктілігі, ол сөздік қорға тікелей байланысты; сөздің анықтылығы, яғни шетел сөздерін, кірме сөздерді дұрыс қолдану; сөздің тазалығы, яғни қажетсіз, қыстырма, былапыт сөздердің болмауы; сөздің мәнерлілігі, тыңдаушылардың ойына, ақылына ғана емес, сезіміне де әсер ете білу; тіл байлығы, ол туған тілдің байлығын, оны қолдану ерекшелігін қаншалықты білетіндікке байланысты деп саралайды [13, 61 б.].

Білікті ұстаз, зерттеуші Қ.О. Бітібаева оқушылардың сөйлеу мәдениетін жетілдіру, ауызша және жазбаша тіл шеберлігіне баулу мәселесіне, сол бағытта қолданылатын әдіс-тәсілдерге тоқтала отырып, тіл мәдениеті, мәдениетті сөйлеу талаптары бұл – сөйлемнің шұбалыңқы, шашыраңқы болмауы; қыстырма сөздерді, жергілікті жерде ғана пайдаланылатын сөздерді қолданбау, “әй, өй” деп өзіңді, тыңдаушыны да мазалай бермеу; әдепсіз, көргенсіз сөздерді қолданбау; айғайлап, дабырлап, екіленіп сөйлемеу деп атап өтеді [14, 214 б.].

Осы сияқты көптеген зерттеушілер, ғалымдар, педагогтардың ой-тұжырымдары мен пікірлерін қарастыра келе біз тіл мәдениетіне қойылатын талаптарды төмен-дегідей сараладық:

- сөйлегенде тілдегі дыбыстарды дұрыс, анық айту;

- сөйлеу әуені, қарқыны, дауыс күші мен кідірісті сақтау;

- екпіннің түсуін, үндестік заңын сақтау;

- сауатты, қатесіз жазу;

- жазба мәтінде тыныс белгілерін сақтау;

- әріп таңбаларын дұрыс, түсінікті жазу;

- дұрыс айтып, сөздердің тізбегін табиғи заңдылықтарымен дыбыстау;

- сөйлегенде сөз тұлғаларын, түрленуін сақтау, қосымша, көмекші сөздерді дұрыс, өз орнында қолдану;

- сөздерді өз мағынасына қарай қолдану, мағыналарын анық біліп отыру;

- сөйлемдерді, әсіресе күрделі ойды білдіретін құрмалас сөйлемдерді дұрыс құрастыру;

- керекті сөзді сөздік құрамның ішінен іріктеп, әдеби вариантын қолдану, ретсіз енген, баламасы бар кірме сөздерді, жергілікті тілге тән диалектілерді, жаргон сөздерді тұс-тұстан қолданудан қашық болып, реттеп отыру;

- тілдегі ауызекі, ресми іс-қағаздарды, публицистикалық, көркем поэзиялық, ғылыми стильдердің әрқай-сысының ерекшелігін сақтап отыру;

- сөйлеу әдебінің сақталуы:

- тілдегі көркемдік құралдар, тіл байлығын, оның мүмкіндіктерін пайдалану;

- сөйлеуде тілдің өз заңдылықтарына қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін сақтау;

- сөйлегенде ойдың көлемі, мазмұн-дық құрылымы, хабардың жеткізу жүйесін реттеу.

Осы көрсетілген бір-бірімен түрліше байланысты он алты тіл мәдениетіне қойылатын талаптар арқылы, тілімізде “дұрыс” сөйлеуді, қай тұста қандай талап орындалмағанын анықтауға болады.

Сондай-ақ біз ғылыми-педаго-гикалық әдебиеттерді талдай отырып, тіл мәдениетінің мынадай көрсеткіштерін белгіледік: тілдің тазалығы, дәлдігі, анықтылығы, ойлылығы, орындылығы, мәнерлілігі, байлығы, әсерлілігі, жүйелілігі, түсініктілігі, мазмұндылығы, логикалық мазмұндылығы, дұрыстығы, тілдік нормаға сай болуы, эстетикалылығы, мағы-налылығы, әдебі.

Осы аталған тіл мәдениетінің көрсеткіштерін ескеріп, талаптарын орындап отыратын адамның тіл мәдениеті жоғары деп айтуға болады. Ата-аналар мен мұғалімдер балалардың тілін жетілдіруде тіл мәдениетінің көрсеткіштері мен талаптарын үнемі басшылыққа алып отырулары керек.

Жалпы тәрбие үрдісінің дұрыс бағытта жүруінің кепілі – педагогтар мен ата-аналар арасындағы өзара тығыз байланыстың болуы. Сондықтан, жүйелі жоспар құрылып, көрсетілген тіл мәдениетінің өлшемдері мен талаптары ескеріліп отырылса оқушылардың тілдері нәтижелі дамитындығы сөзсіз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі / М. Балақаев.- Алматы: Мектеп, 1987.- 272 бет.

2. Қазақ Совет энциклопедиясы.- Алматы: Қазақ ССР Ғылым Акад.,1977.- 631 бет.

3. Педагогическая энциклопедия.- М.: «Советская энциклопедия», 1965. - 311 с.

4. Ожегов Л.И. Лексикология. Лексикография. Кульрура речи / Л.И. Ожегов. – М.: «Высшая школа», 1974.- 352 с.

5. Педагогический словарь.- М.: Изд-во Акад. пед. наук, 1960. - 774 с.

6. Әбішев Ә.Тағы да тіл мәдениеті жайында / Ә. Әбішев // ҚазМУ хабаршысы. Филология сериясы.-1998. - № 20. - 17-20 бет.

7. Нұғыманов И. Тіл мәдениетінің теориялық негіздері / И. Нұғыманов // Қазақстан мектебі.- 2003.- № 7. - 15-17 бет.

8. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М. Балақаев. - Алматы: Қазақстан, 1965. - 186 бет.

9. Беркімбаева Ш. Мектеп оқушыларының тіл мәдениетін қалыптастырудың кейбір мәселелері / Ш.Беркімбаева // Қазақстан мұғалімі.- 1994.- 17 ақпан. - 3-5 бет.

10. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті / Н. Уәлиев. - Алматы: «Мектеп», 1984. - 118 бет.

11. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М. Балақаев.- Алматы: «Қазақстан», 1965. - 186 бет.

12. Жапбаров А. Қазақ тілі стилистикасын оқыту методикасының негіздері / А. Жапбаров.- Алматы: Қазақ университеті, 1991. - 156 бет.

13. Введенская Л.А. Русский язык и культура речи /Л.А. Введенская, Л.Т. Павлова, Е.Ю. Кашаева.- Ростов на Дону: Феникс, 2002. - 537 с.

14. Бітібаева Қ.О. Әдебиетті оқыту әдістемесі / Қ.О. Бітібаева.- Алматы: Рауан, 1997. - 288 бет.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ