Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ƏДІС-ТƏСІЛДЕРДІ ПАЙДАЛАНУ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Автор: Кокебаева Г.К.

Еліміздің егемендік алуы нәтижесінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде білім беру саласында өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алынуда.

Әр оқушыға, студентке терең білім беру, сонымен қатар олардың ойлау қабілеттілігін арттыру мақсатын іске асыру үшін көптеген ғалымдар ұзақ уақыт талмай еңбек етуде. Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі орта, жоғары мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Осыған орай жоғары оқу орындарында оқу үрдісінде педагогикалық технологияны қолданудың белгілі тәжірибесі қалып-тасқан. Бұл болашақ маманның кәсіптік қызметінің негізі болып табылатын контек-стік оқыту технологиясы, болашақ маман-ның кәсіптік шеберлігін меңгеруіне арнал-ған іскерлік ойындар технологиясы, сол сияқты басқа технологиялар да іске асырылып отыр. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық техноло-гияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Ғылымға мықтап енген «педагогикалық технология» ұғымына әр түрлі түсініктемелер берілген. Түсіндірме сөздікте «Технология – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы» - деген анықтама беріледі. В.П. Беспалько: «Педагогикалық технология тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педаго-гикалық жағдайға сай қолданылатын әдіс-тәсілдер, оның құрамды бөлігі ғана», - деп анықтама береді [1]. В.М. Шепель «Техно-логия – бұл өнер, шеберлік, ептілік, іскер-лік, әдістердің жиынтығы, жағдайдың өзгеруі», - десе, М. Чошанов «Технология – бұл дидактикалық жүйенің құрамды бөлігі» - деген анықтама береді. Осы авторлардың пікірі бір-бірлерінен онша алшақтамайды, олар педагогикалық технологияның бір-шама әр түрлі белгілеріне назар аударуды ұсынады. Дегенмен, барлық анық-тамаладың ортақ басты негізі бар, бұл республикамыздың әр түрлі аймақ-тарындағы білім мекемелерінде сынақтан өтіп, қазір кең қолданылып жүрген модуль-дік оқыту технологиясының ғылыми-теориялық әзірлемесін дайындаған Марал Мәденқызы Жанпейісованың төмендегі түсіндірмесінен айқын көрінеді: «Педаго-гикалық технологиялар – бұл білімнің басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің; оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзара-ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндет-терінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп, ақыр аяғында оқушының дамуына жағым-ды жағдайлар жиынтығын құрайды» [2].

Бүгінгі таңда П.М. Эрдниевтің дидак-тикалық бірліктерді шоғырландыру (УДЕ) технологиясы, Д.Б. Эльконин мен В.В. Давыдовтың [3, 4] дамыта оқыту техноло-гиясы, Ш.А. Амонашвилидің ізгілікті-тұл-ғалық технологиясы, В.Ф. Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгі-лері негізінде қарқынды оқыту техно-логиясы, М. Чошановтың проблемалық мо-дульді оқыту технологиясы, П.И. Третья-ковтың, К. Вазинаның модульді оқыту тех-нологиясы, В.М. Монаховтың, В.П. Беспа-льконың және басқа да көптеген ғалым-дардың технологиялары кеңінен танымал. Қазақстанда педагогика ғылымыңың докторы, профессор Ж. Қараевтың деңгей-лік оқыту жүйесі, филология ғылымының докторы Ә. Жүнісбектің, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т. Жұмажанованың және т.б. ғалымдардың оқыту технологиялары белсенді түрде қолданылуда. Осы орайда жоғарыда атап өткендей, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның түрлі аймақ-тарындағы эксперименталдық мектеп-зертханалардың ғылыми жетекшісі М.М. Жанпейсованың модульдік оқыту технологиясы кең қанат жайып қолда-нылып жүр. Бұл оқыту технологиясының бір ерекшелігі – оның білімді меңгеруге емес, тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерді: яғни, жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл және т.б.), ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ тұлғаның қауіп-сіздігін, өзін-өзі өзектілендіру, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға; белсенді сөздік қорын (ауызша және жазба тілінде) дамытуға бағытталуы. Ал базалық білім бұл технологияның алдына қойған мақсат-тарына жетудегі басты құралдарының бірі болып қана табылады.

Технологияның әзірленген нұсқасы модульдік сипатта. С.И. Ожеговтің сөзді-гінде: «Модуль дегеніміз – қандай да бір жүйенің, ұйымның анықталатын біршама дербес бөлігі», - деген түсініктеме беріледі [5]. Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу циклі ретінде үш құрылымды бөліктен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады. Әр оқу бөлімінде сағат саны әр түрлі болады. Бұл оқу бағдарламасы бойынша сол тақырыпқа, тақырыптар тобына немесе тарауға бөлінген сағат санына байланысты. Оқу модулінің ерекшелігі – жалпы сағат санына қарамастан, кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2 сағат беріледі. Барлық қалған уақыт сөйлесу бөлімінің меншігінде болады.

Кіріспе бөлімінде оқытушы студенттерді оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстыруы қажет. Сонан соң оқытушы осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 мин. ішінде), сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып, түсіндіруі қажет. Белгілі бір тақырыпты өту алдында оқытушы көзделетін мақсатты анықтап алып, студенттер нені меңгеріп, үйренулері тиіс, алдағы жұмыстың негізгі оқу міндеті қандай екенін түсініп алулары қажет.

Студенттердің оқу материалын қайта жаңғырту деңгейін, қарапайым білік пен дағдыларды және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы сөйлесу бөлімі сабақтарында жүзеге асырылады. Тақырып мазмұнына (тұтас тақырып немесе тарау бойынша) «өсу» бағытымен – қара-пайымнан күрделіге, репродуктивтік тапсырмалардан шығармашылық сипат-тағы тапсырмаларға, зерттеушілік қызмет элементтеріне қарай бірнеше мәрте қайта оралып отыру әр тілді үйренушіге оқу материалымен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамытуға мүмкіндік береді. Сөйлесу бөлімінде танымдық процесс топты 2-6 адамнан шағын топтарға бөлу арқылы негізінен студенттердің өзара әрекет етуіне құрылған. Студенттердің танымдық қызметі әрбір студенттің әр сабақта үш күрделілік деңгейде берілген оқу материалын тыңдау, жазу, көру және айту мүмкіндігі болатындай етіп құрылған. Оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру және әр түрлі белсенді формаларды (топтық, топтық-жеке және жұппен жұмыс, диспуттар, пікірталастар) қолдану оқытудың міндетті шарты болып табылады. С.Ф. Занько, Ю.С. Тюнникова және С.М. Тюнниковалардың пікірінше, оқу және дидактикалық ойындардың айырмашылығы мынада: оқу ойындары формасы бойынша ойын, мазмұны бойынша – оқу, ал дидактикалық ойын оқуды ұйымдастырудың қалыптасқан түрін тек толықтыру болып табылады. Оқу ойыны – бұл оқуды ойын арқылы ұйымдастыру. Зерттеулер көрсеткендей, дәстүрлі ұйымдастырылған оқу процесіне қарағанда, тіл үйренушілер ойынға қатыса отырып, неғұрлым аз шаршайды, оқу қызметінен көбінесе жағымды эмоциялар алып, қанағаттанады. Сөйлесу бөлімінде алғашында оқу материалын қайта жаңғыр-ту және қарапайым білік пен дағды қалыптастыру мақсатында, кейіннен – алынған білімді талдау, жинақтау және бағалау мақсатында оқытудың белсенді формалары қолданылады. 3, 4-сабақтардан бастап оқушыларға стандарт талаптарына сай сараланған тапсырмалар беріледі (III - жеңілдетілген және II – стандартты деңгейлер) I деңгей тапсырмалары дарындылықтың екі түріне – Интел-лектуалдық және креативтік дарынды балаларға арналған. Студенттер қандай да бір деңгейдегі тапсырмаларды өздері таңдайды. Тапсырмаларды қарапайымнан күрделіге қарай кезең-кезеңімен орындау міндетті емес. Тілді үйренуші тапсырманы өзінің орындау мүмкіндігіне қарай таңдауға ерікті. Оқу модулінің сөйлесу (даярлық) бөлімінің тағы бір ерекшелігі – оқытудың белсенді және ойын форма-ларының кеңінен қолданылуы, ал бұл өз кезегінде студенттердің оқу материалына бірнеше мәрте қайта оралып, жұмыс істеулеріне мүмкіндік береді. Психолог-тердің дәлелдеуі бойынша, оқу материалын меңгеру оған 7 мәрте қайта оралып, пысықтағанда ғана жүзеге асады. Оқу модулінің бұл бөлімінде бірін-бірі тексеру әдісі қолданылады. Бұл жерде кейбір тіл үйренуші тексеру үшін өзіне қиын, күрделі деңгейдегі жұмысты алып қалуы мүмкін. Әрине, мұндай жағдайда ол жұмыстың орындалуының дұрыстығын немесе дұрыс еместігін бағалай алмайды, сондықтан оқытушы дұрыс жауап жазылған парақтар дайындап қоюы қажет. Бұл технологияның негізгі шарты – студенттердің кез келген ғылыми көздерді, оқулықтарды, оқу құралдарын пайдалануына болатындығы, сондай-ақ ұйымдастырушы, көмекші, кеңесші ретінде мұғалімнен жедел кеңес ала алатындығы. Сөйлесу бөлімі сабақ-тарының ережелері, құрылысы және жүру барысы алдын-ала таныстырылады. Егер студент қандай да бір себептермен оқу модулінің сөйлесу бөліміндегі сабақтарда болмаған болса, оған осы сабақтарда қолданылған барлық деңгейдегі тапсыр-малар жеке беріледі. Оны студент сабақтан тыс уақытта орындауы тиіс. Тапсыр-маларды орындаған соң студентке өзін-өзі тексеруі үшін жауап үлгілерін беруге немесе оқытушының өзіне, не болмаса осы топ студенттерінің біреуіне тексеруге бо-лады. Тек сонан кейін ғана оқу модулінің қорытынды бөлімінің тапсырмалары бері-луге тиіс, ал ол тапсырмалардың орын-далуын оқытушы өз бақылауына алуы қажет.

Оқу модулінің қорытынды бөлімі – бақылау, студенттердің сөйлесу бөліміндегі танымдық қызметі барысында қалыптасқан білім, білік, дағдыларын бақылауға, тексеруге және бағалауға арналған бөлім. Егер сөйлесу бөлімінің барлық сабақ-тарында студенттердің бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми көздерді пайдалануы құпталынып келсе, енді қорытынды бөлімде студент өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс. Білімді бақылау формалары ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе диктант оқытылатын пәннің ерекшелігіне орай қолданылып, оқу модулінің осы қоры-тынды бөлімінде беріледі. Жоғары оқу орындарында көбінесе тестілік тапсыр-малар беріледі. Тестер оқу бағдарламасы негізінде құрылып, мұнда міндетті түрде өткен тақырыптар қамтылуы тиіс. Тестіге ескірген, аса күрделі, қарапайым немесе маңызды емес материалдарды енгізуге болмайды. Тест сұрақтары анық, қысқа құрылып, оған біржақты жауап берілуі тиіс. Тапсырманы құрғанда жалпыға бірдей қабылданған, бәріне түсінікті атаулар мен терминоло-гияны қолдану қажет. Қоры-тынды бөлімінде барлық студенттерге бірдей мемлекеттік білім стандартына сай тапсырмалар берілуі тиіс.

Сыни ойлау қабілеті дамыған, ұғынғанын тәжірибемен ұштастыра білетін белсенді тұлға қалыптастыру жоғары оқу орнының оқыту үрдісінде жүргізілетін барлық жұмыстың негізі болып табылады. Қазақ тілін өзге тілді ортаға оқытып үйрету барысында көзделетін басты мақсаттардың бірі – сыни тұрғыда ойлай білуге үйрету, нәтижелі білімге қол жеткізу. Студент-тердің сыни ойлау мүмкіндігінің жеті-луімен бірге оқыту ісінде де өзгерістер жүреді. Сыни ойлауды дамытуға негіз-делген әдістер студенттің өз ойын жеткізуге мүмкіндік жасайтындай дәре-жеде болуы керек. Бұл бағытта интерак-тивтік әдіс кеңінен қолданылады.

Интерактивтік әдіс – бұл оқыту үрдісіне байланысты субъектілерді талап ететін және белгілі бір мақсатқа бағытталатын тәсіл. Интерактивтік әдісті оқыту барысында қолдану арқылы оқыту үрдісін ұйымдастырудың әр түрлі формаларын қамтуға болады, оның негізінде студенттердің бір-бірімен және оқытушымен біріккен әрекеті көрінеді. Мұнда оқытушы тең құқылы әріптес немесе кеңесші рөлін атқара алады. Студенттің ұсынылған тапсырмаларды орындау барысында жеке, жұптық және топтық жауапкершілігі артады. Бұл әдіс студенттерді бірігіп, бірлесіп, ұйымдаса отырып, басқаларға қол ұшын бере отырып, оқып-үйренуге жетелейді. Студенттердің бірлесіп әрекет етуіне мүмкіндік беретін жағдайдың бірі – дәрісханадағы үстелдердің студенттер бірін-бірі көріп отыратындай етіп қойылуы. Бұл коммуникацияға жеңіл және жылдам түсуге, танымдық ой әрекетінің дамуына ықпал етеді.

Студенттердің сыни ойлауын дамы-туда сабақ үрдісін үш кезеңнен құруға болады:

1) ізденіс;

2) жаңа білімді игеру;

3) практикалық дағды қалыптастыру.

Бірінші кезеңде - белсенді оқу әрекеттеріне деген студенттердің ынта-ықыласын туғызу, қызығушылығын ояту, өткен материалды қайталау; жаңа тақырып төңірегіндегі бастапқы білім деңгейлерін анықтап, өзара ұштастыру; белсенді ойлау әрекетін ұйымдастырып, жаңа білім жөнінде болжау жасау; екінші кезеңде – тілдік тақырыптың өзіндік белгілері мен ерекшеліктерін талдау арқылы көп деңгейлі ойлауға қол жеткізу; салыстыру, зерттеу, бақылау арқылы гипотезаны дәлелдеу; ой түйін жасап, белгісіз сұрақтарға жауап табу, анықтаманы айқындау; төртінші кезеңде жаңа білімді қолдану, өнімді ойлау әрекеттеріне, нәтижеге қол жеткізу; тілдік тапсырмалар, жаттығулар, өзіндік жұмыстар орындау арқылы ой алмасу, ой түйістіру; танылған жаңа түсінік, ой-толғауларының нәтижесін байқау мақсаттары белгіленеді.

Өзге ұлтты ортада есім сөздерді, атап айтқанда, сан есімді оқыту үрдісінде жоғарыда аталған әдісті қолдана отырып, студенттердің сыни ойлауын дамыту барысында, сабақты төмендегі тәртіппен өткізуге болады.

Сабақты ұйымдастыру барысында топ студенттері «Санамақ» ретімен төрт топқа бөлінеді, топтарға «Бірліктер», «Ондықтар», «Жүздіктер», «Мыңдықтар» деп ат қойылады.

Бірінші – ізденіс кезеңінде үйге берілген тапсырманы тексеру мақсатында 4 топқа да перфокарталар таратылады, тақырыпқа байланысты әр топқа мәтіндер беріледі: «Бірлік» тобына - «Тайқазан», «Ондық» тобына – «Жақсы мен жаман», «Жүздіктер» тобына – «Ақсүйек», «Мыңдықтар» тобына «Екі соқа» мәтіні. Ұсынылған мәтіндер бойынша келесі тапсырмалар орындалады:

1. Берілген мәтіндегі сан есімдерді тауып, оларды өздері тіркескен сөздерімен көшіріп жазып, тапқан сан есімдерді құрамына қарай талдаңыздар.

2. Мәтіннен сан есімдерді тауып, олардың қалай жасалғандығына қөңіл бөліңіз, сан есімге фонетикалық талдау жасаңыз.

3. Мәтіндегі сан есімдердің мағынасын түсіндіріңіздер.

4. Мәтін бойынша өз ойларыңызды қысқаша баяндаңыздар, сан есімдерді тауып, жасалу жолына қарай талдаңыздар.

Тапсырмалар орындалған соң, сту-денттерге жалпы есеп, сан, рет, реті, реттік сөздерінің мәні айтқызылады. Әр топ өз ойын қорытады және қорғайды. Студенттер өз болжамдарын айтып, пікір алысады.

Екінші – жаңа білімді игеру кезеңінде студенттерге төмендегі кесте ұсынылады.

Келтірілген мысалдардан есептік сан есімнің басқа сан есімнің түрлерін жасауға ұйтқы екендігін өздері дәлелдейді.

Үшінші – практикалық дағды қалыптастыру кезеңінде студенттер ауызша және жазбаша тапсырмаларды орындайды.

Сабақ қорытындыланып, белсенділік танытып, жақсы қатысқан студенттер балдық жүйемен бағаланады. Үйге «Менің ғұмырнамам» тақырыбына есептік, реттік сан есімдерді қатыстырып, шағын өмірбаян жазып келу тапсырылады.

Демек, жоғары мектептегі оқыту жүйесінің деңгейін мұқият бақылай, зерттей отырып, әдістеме ғылымының жаңалықтарынан, әсіресе қазіргі сабаққа қойылатын талаптардан оқытушының үнемі хабардар болып, осы сынды жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалануы - білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллетуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына игі әсерін тигізеді, сондай-ақ тілді оқыту үрдісінде студенттердің білім қорын молайтуға, белсенділіктерін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге көмектеседі.

Халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім әдісті көп білуге тырысу керек, оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек», - дегені әр оқытушының жадында болуға тиіс.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Беспалько В.П. Слагаемое педагогической технологии. - М.: «Педагогика», 1989.

2. Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде.- Алматы, 2002.

3. Эльконин Д.Б. Психология обучения младшего школьника. - М., 1974.

4. Давыдов В.В. Проблемы развивающего обучения.- М., 1986.

5. Ожегов С.И. Словарь русского языка. - М.: «Советская энциклопедия», 1973.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ