Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ ҒАЛЫМДАР ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Авторы: Саданова Г.К., Адишева А.О.

Еліміз егемендік алып, еңсемізді биік көтеріп, алдыңғы қатарлы елу елдің қатарынан көрінуге тырысып баққан жайымыз бар. Ол мақсатқа жету үшін, ең алдымен, жастарымыздың бойына ұлтымыздың ұлағатты қасиеттерін сіңіре білуіміз керек. Осындай ұлы қасиеттердің бірі – сөз құдіреті. «Әдептіліктің алды – абайлап сөйлеу», – деп ұққан халқымыз ертеден-ақ сөз өнеріне айырықша мән берген. «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Аталы сөзге арсыз таласады», «Сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Зергердің қолы алтын, ақынның сөзі алтын», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп сөз қадірін білген халық қашан да сөздің атқаратын қызметіне, сөйлеудің парқына және қай жерде қалай сөйлей білу керектігіне ерекше назар аударған. Қазақ халқы сөз қадірін біліп, қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен өрнектеп, терең мағыналы сөздермен зерделеп келе жатқан халық. Адам жанына эстетикалық ләззат сыйлайтын, жан дүниеңе бейнелі өрнек, ұлттық бояу-нақыштар арқылы ерекше әсер ететін көркем әлемінің ең құнарлы саласының бірі – тұрақты сөз тіркестері. Ол халықпен бірге жасайды. Халқымыздың асқақ арманын арқалап, күңірене күй толғаған жырауларымыздың, шешен, әділ билеріміздің дуалы аузынан шыққан, жұрттың жадында сақталып, рухани асыл қазынасына айналып, бізге жеткен тіл байлығымыздың сарқылмас бұлағы – осы аталы сөздер. Олар ұрпақтан-ұрпаққа мирас, аманат болып қалып отырады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ өзіне аманат етіп қалдырып отырған сөз құдіретінің қыр-сырына қанық болуы керек. Сонда ғана ол байлық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, өркендеп, дамиды, құдіреті күшеяді деуге болады. Сондықтан да осы зерттелініп отырған тақырыбымыз өзінің көкей-тестілігін, өзектілігін ешқашан жоғалтпайды.

Атақты зерттеуші ғалым І.К. Кеңесбаева өзінің «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты еңбегінде: «Қазақ тіл білімінде, тюркологияда, фразеологияның жалпы мәселелері бұл күнге дейін түбегейлі зерттеліп, өзінің тиянақты шешімін тапқан жоқ» деп баса айтқан [1]. Әрине, бұл осы мәселенің мүлдем қараусыз қалғанын білдірмейді, дегенмен де әлі де тың зерттеулерді қажет ететіндігінің дәлелі.

Біз зерттеп отырған мәселе бойынша көптеген ғалымдар еңбектер жазып, анықтамалар берген. Мысалы, орыс тілінде фразеологизмдердің қыр-сырын ғылыми зерттеп, өз көз-қарастарын білдірген А.Х. Востоков, Ф.И. Буслаев, А.А. Потебня, Ф.Ф. Фортунатов, А.А. Шахматов, А.М. Пешковский, В. В. Виноградов, А.Н. Коклянова, Л. Архангельский, В.П. Жуков, П.В. Орлов, Х.М. Сайкиев сияқты ғалымдар болса, төл тілімізде жарық көрген еңбектердің авторлары І.К. Кеңесбаев, Ө.А. Айтбаев, А. Ысқақов, Ш. Рахматуллаев, Г. Байрамов, З. Ураксин, А.А. Юлдашев, С.Н. Мұратов, І. Х. Ахунзянов, Г. Смағұлова, Т. Сайрамбаев Р.Е. Жайсақова, С. Е. Исабеков, М. Сабитова, С. Жетпісов, Л.С. Войтик, Ж.К. Қонақбаева, Д. Медербеков, С.Н. Мұратов, А.Е. Тажмұратова, М.Т. Тезекбаев, З.Г. Ураксин, С. Сатенова, Ф.Р. Ахметжанова, Б. Уызбаева, К. Рыспаева, Г. Боранбаева, М. Балақаев, Х. Қожахметова, Т. Қордабаев т.б. Бұл ғалымдар фразеологизмді жан-жақты зерттеп, оның түрлерін, мағыналық жағынан бөліну ерекшеліктерін, грамматикалық, лексико-семантикалық жағынан ажыратылуын, салаларын, фразеологиялық құбылыс заңдылықтарын анықтаған.

Көптеген ғылыми еңбектерді талқылау нәтижесінде қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер туралы алғашқы еңбектердің 40-жылдардан кейін жарық көре бастағынын айқындадық. Қазақ тілінде фразеологизмдердің зерттелуі І. Кеңесбаев еңбектерімен тікелей байланысты деуге болады. Ғалымның қазақ фразеологиясы туралы зерттеулері «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» деген еңбегінде көрініс тапқан. Онда 10000 фразеологиялық тіркес қамтылған. Мұнда тұрақты тіркестер туралы маңызды теориялық негіздемелер берілген. Қазақ тілі білімінде І. Кеңесбаев фразеологизм-дерді танып білудің басты үш белгісін атайды. Олар:

1) қолдану тиянақтылығы;

2) мағына тұтастығы;

3) тіркес тиянақтылығы.

Осы үш критерийді бір-бірінен бөліп алмай, тұтасымен басты арқау еткенде ғана тұрақты тіркестердің ерекше белгілерін тани аламыз [2].

Тұрақты сөз тіркестерін зерттеуді кең және тар ұғымда түсінуде ғалымдар пікірі әр түрлі. Бірқатар зерттеушілер (І. Кеңесбаев, Ш. Рахматуллаев, Г. Байрамов, З. Ураксин) тұрақты сөз тіркестерін тар ұғымда түсінуді ұсынады. Кезінде академик І. Кеңесбаев қос сөздерді фразеологизмдер қатарына енгізген. Зерттеуші Ш. Рахматуллаев «фразеологияның бай материалдарын жан-жақты және терең оқып білгеннен кейін, тұрақты сөз тіркестерін, сірә, тар ұғымда түсінген дұрыс» деген пікір айтады. Дәл осы ойды А.А. Юлдашев та қолдап: «фразеологияның обьектісін тар ұғымда түсінгенде «азды-көпті» зерттеу мақсаты айқындалып, оның ішінде бөлінбейтін лексикалық единицалар мақал-мәтелдер, нақыл сөздер мен қанатты сөздер тұрақты сөз тіркестеріне жатпайды» деп қуаттайды.

Тұрақты сөз тіркестерін кең ұғымда түсінуді негізге алатын зерттеушілер С.Н. Мұратов, І. Х. Ахунзяновтар терминдерді, күрделі сөздерді, қос сөздерді, нақыл сөздерді, газет айдарларын, мақал-мәтелдердің барлығын тұрақты сөз тіркестеріне жатқызады.

Орыс тіл білімінде бұл салада көп еңбек сіңірген – академик В. В. Виноградов. Ол француз ғалымы Ш. Балидың фразеологиялық схемасын творчестволық түрде өңдеп, фразеоло-гиялық орамдарды 1) Фразеологиялық тұтастық; 2) Фразеологиялық бірлік; 3) Фразеологиялық тіркес деп үшке бөлгенде, мақал, мәтел, термин сөздерді бұған кіргізбеген. Н.Л. Шанский, В. В. Виноградовтың осылай бөлген жүйесіне төртінші етіп, фразеологиялық сөйлемше (выражение) дегенді қосады. Бұған, мәселен, орыс тіліндегі «қасқырдан қорыққан орманға бармас», «жылты-рағанның бәрі алтын емес» тәрізді тіркестерді жатқызуға болады [3].

Профессор Т. Сайрамбаев былай дейді: «Тұрақты тіркестер табиғи түрде септеліп, көнеленген септік жалғаулары арқылы жұмсалады. Ондай кезде тұрақты тіркестер көбінесе барыс, жатыс, шығыс, кейде көмектес жалғауда және негізгі сөз бен көмектес жалғауында көріне алады. Мұндай көнеленген септік жалғаулы тұрақты тіркестер екі бағытта, яғни таза түрдегі септік жалғауда және негізгі сөз бен көмекші сөздердің түйдектелуі арқылы келеді» [4].

Түркі тілдеріндегі тұрақты сөз тіркестерін С.Н. Мұратов төрт топқа бөліп көрсетеді:

1) күрделі сөздер;

2) лексикаланған сөз тіркестері;

3) грамматикаланған сөз тіркестері;

4) фразеологиялық единица.

Түркі тілдеріндегі кез келген фразеологиялық единица тұрақты сөз тіркесі болғанымен, кез келген тұрақты сөз тіркесі фразеологиялық единица бола алмайды. Фразеологиялық единица – тұрақты сөз тіркестерінің бір түрі ғана [5].

Тұрақты тіркестер, оның ішінде фразеологиялық тіркестер – барлық түркі тілдеріне тән құбылыс. Сондықтан да ол барлық тілдерде кеңінен зерттелуде. Қазіргі тіл білімінде фразеология саласы мынадай бағыттарда зерттеліп келеді:

1) фразеологиялық теориялық, практикалық мәселелері;

2) фразеологизмдердің стильдік қызметі, көркем шығармада қолданылуы;

3) фразеологизмдердің әдеби тіл тарихы тұрғысынан зерттелуі;

4) диалектілік фразеолизмдердің зерттелуі;

5) фразеологизмдердің құрылымы;

6) фразеологизмдердің тілдерде салыстыра зерттелуі.

Сөз тіркестерін еркін және тұрақты, тұтас деп қарастырған А.А. Шахматов болды. Оның кейбір сөз тіркестерін грамматикалық жағынан бөлуге келмейді деген пікірі, идеясы лексика-семантикалық жағынан да ажыратуға болмайтын бір ұғымды білдіретін сөз тіркестерін зерттеудің қажеттілігін көрсетті. [5].

Фразеологиялық тіркестерді жіктеуге байланысты бірқатар мәселелер Р.Е. Жайсақованың зерттеу еңбектерінде қарастырылады. Оның зерттеулерінде фразалық тіркестерді бөлшектеудің төмендегідей түрлері кездеседі.

1) фразалық тұтастықтың семанти-калық жіктелуі:

а) фразалық тұтастық;

ә) фразалық бірлік;

б) фразалық тізбек.

2) лексика-морфологиялық жіктеу:

а) атау тұлғасындағы фразалық тұтастық;

ә) етістікті фразалық тұтастық;

б) әр түрлі сөз таптарының тіркеуінен жасалған фразалық тұтастықтар.

3) құрылымдық-типологиялық жіктеу (мұнда фразеологиялық единицаның компоненттерінің саны есепке алынады).

4) синтаксистік жіктеу (мұнда фразеологиялық единицаның әр түрлі сөйлем мүшесі бола алу сипаты беріледі).

5) заттық-тақырыптық жіктеу:

а) негізгі сөздердің басты лексикалық мағыналарын есепке алу;

ә) фразеологиялық единицаның жалпы мағынасын есепке алу.

Исабеков С.Е., Сабитова М., Жетпісов С., Войтик Л.С., Қонақбаева Ж.К., Медербекоа Д., Мұратов С.Н., Тажмұратова А.Е., Тезекбаев М.Т., Ураксин З.Г. т.б. ғалымдар қазақ тілі фразеологизмдерін орыс және басқа тілдермен салыстыру тұрғысынан зерттеген.

Бірқатар зерттеулер фразеологиз-мдердің жеке категорияларын қарастыруға бағытталған. Оған Сатенова С., Ахметжанова Ф.Р., Уызбаева Б., Рыспаева К., Смағұлова Г., Боранбаева Г. т.б. ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады.

Профессор М. Балақаев сөз тіркестері, оның ішінде түйдектікті тіркестердің жасалу жолының бірі – тұрақты тіркестер дей келіп, қазақ тіл білімінде тұрақты тіркестердің сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде жұмсалатындығын алғаш көрсетіп берді. Т. Қордабаев тұрақты тіркестерді идиомалық тіркестер, фразалық тіркестер деп екіге бөлген. А. Ысқақов та күрделі сөздерді топтастыру мәселесіне қатысты айтқан-дарында тұрақты тіркестерді идиомалық тіркес, фразалық тіркес деп екіге бөледі. К. Аханов: «... мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді фразеологиялық единицалардың қай тобына жатқызу - өте күрделі мәселе» - дейді [6].

Осы мәселе төңірегінде зерттеулер жүргізіп жүрген ғалым А.Н. Коклянова «О границах фразеологии тюркских языков» деген мақаласында фразеологияның мол зерттелгенін айта келе, «Тұрақты сөз тіркестері негізінде екі тұрғыдан қаралады: не жеке бір түркі тілдерінің фразеологиясы ретінде, не белгілі бір жазушы шығармалары тілінің ерекшеліктері» - деп көбіне таза фразеологиялық тұрғыдан зерттелгендігін көрсетеді. Жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижесінде фразеологиялық единицалардың тілдің басқа да салаларымен қатысын арнайы көрсететін еңбектер де шыға бастады. Л. Архангельский, В.П. Жуков, П.В. Орлов, Х.М. Сайкиев т.б. авторлар фразеологиялық единицалардың ішкі ерекшеліктерін айтумен бірге олардың тілдегі басқа да ерекшеліктерін, яғни синтаксистік ерекшеліктерін де арнайы сөз етеді. І. Кеңесбаев еңбектерінде фразеологиялық единицаның синтаксистік ерекшеліктері сөз болмайды. Ал Т. Қордабаев, Х. Қожахметованың, М. Копыленколардың еңбектерінде тұрақты тіркестердің синтаксистік ерекшеліктері біраз айтылады. Академик В.В. Виноградов фразеологиялық единица туралы айта келіп, оның сөзден бүтіндей айырмашылығының барлығын, бірақ күрделі сөзге ұқсастығы болғанымен, екеуінің жігінің бір еместігін көрсетеді.

Фразеологизмдердің тіл байлығымыздан ерекше орын алып, көптеген ғылыми зерттеулердің обьектісі болуының себебі, біріншіден, олардың сан жағынан көптігі (қазақ тілінде 20 мыңнан асады), екіншіден, тілдегі қолданыс аясының кеңдігі, үшіншіден, мазмұн-тақырып жағынан ауқымдылығы; төртін-шіден, тіл практикасында жиі кездесуі.

Фразеологизмдер – тарихи категория. Олар ұзақ тілдік қолданыстан кейін ғана тұрақтылыққа ие болды. Фразеология – белгілі бір тілдегі тұрақты тіркестерді, яғни фразеологиялық единицаларды зерттейтін ілім.

Тіл білімінде фразеологизмдерге беріліп жүрген анықтамаларда бейнелілік – фразеолоизмдердің басты қасиеттірінің бірі ретінде жиі көрсетіледі. Фразеологиз-мдердің экспрессиясын тудырудың бірден-бір жолы образдылық болып табылады. Еркін сөз тіркестерінің образға ие болуы – фразеологизмге өтудің бірінші сатысы.

Тура мағыналы еркін сөз тіркестері бір затты, құбылысты, басқа затқа, құбылысқа ассоциациялау нәтижесінде ауыспалы мағынаға ие болады.

Еркін сөз тіркестерінің ауыспалы мағынаға өтуі – фразеологизмдердің алғашқы шарты. Ауыспалы мағынада жұмсалатын тіркестің белгілі бір нәрсеге тура және ауыспалы мағынаның қарама-қайшылығы болады. Тілдік қолданыста ауыспалы мағынаға ие болған тіркестер дәл сол құрамында да тұрып, тура мағынада жұмсала береді.

Тілдегі тұрақты тіркестердің жасалуына сан түрлі құбылыстар, ұғымдар, түсініктер себеп болған. Солардың бастылары мыналар:

1. Көптеген фразеологизмдердің жасалуына адам ойында қорытылған құбылыстардың нақтылы бейнесі негіз болған.

2. Бірқыдыру фразеологизмдер өлшемдік ұғымдардың негізінде пайда болған. Мысалы, қас қарая, қызыл іңірде, ұзын сарыда. т. б.

3. Бірсыпыра тіркестер діни ұғымдар мен ескі әдет-ғұрыптарға байланысты жасалған. Мысалы, ақ жауып, арулап көмді, қара жамылды, қарасын алды т. б.

«Ақ сүтін көкке сауу» - магиялық қарғыстан келіп шыққан. Ананың ақ сүтін ең киелі деп санайтын халқымыз ананы қадірлеуді, оның ақ сүтін ақтауды баласының ең үлкен борышы деп түсінген.

Ай, күн, жұлдыздың тотемдік қызметінің әсерін, бұларға байланысты қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерінен көруге болады. Мысалы, айың оңыңнан тусын, жұлдызың жоғары болсын. т. б.

Құдай, тәңір, алла сөздерінің тірек болуы нәтижесінде жасалған сөз тіркестері көптеп кездеседі. Олар: алла жар болды, құдай білсін, аллаға шүкір, т. б.

«Ақ сары бас шалды, боз қасқа сойды» деген тіркестердің пайда болу жолына назар аударайық. Қазақтар аруақтарға арнап құрбандық шалып, құдайы ас бергенде 3-4 жастағы ақ сары бас қойды немесе боз қасқа қойды сояды. Қойдың ақ сары бас немесе боз қасқа түрі өте сирек кездеседі. Әрі ақты (мал сүтін) халық ерекше қастерлеген. Ал боз, көк түстер - қазақ халқы сыйынған тәңірінің, көктің символы. Міне осындай ұғымдардан келіп, мұндай сөздер қасиетке ие болған.

Жақын кісі өлсе қайғырып, аза тұтуда қазақ әйелі міндетті түрде қара шашын жайып, жоқтау айтқан. «Қара шашы жайылсын!» деген қарғыс осы ғұрыптан туындаса керек.

Қазақ алдынан қара мысық кесіп өтсе, жолың болмайды деп ырымдайды. «Араларына қара мысық өтті» деген сөз тіркесі осы салттық ұғымнан туындаған деуге болады.

Көктегі тәңірінің қаһарына душар бол деген мағынадағы «Көк соққыр!» қарғысы космогониялық сенім-нанымнан туындаса керек.

Тұсау кесу – қазақтың өмір жолының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, құдайға деген құлшылығы. Осы арада баланың аяғына не себепті ала жіп байланады, қара, қызыл, көк жір неге байланбайды деген сұрақ тууы мүмкін. Мұның мәні қазақ баласына біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді құлағына сіңірген.

Ала жіп – арқан – қазақ тіршілігіндегеі аса қажетті бұйым. Халық бұл арқылы асауды бұғалықтаған, теңді буған. Көгенге пайдаланып, қосақтағы қойын сауған, күнделікті тұрмыста аса қажетті болған. Сондықтан да халық «біреудің ала жібіні аттама» деген. Қазақ топалаң тиген бір қора қойды түгелімен керілген ала арқанның астынан айдап өткізген. Ала арқанның дуасы ауруды көшіріп жібереді деп сенген.

4. Кейбір тұрақты тіркестердің жасалуына аңыздар мен өткен тарихи оқиғалар негіз болған. Мысалы: жеті атасынан қара көк үзілмеу, шынжыр балақ, шұбар төс, қара нар, қалы кілем, қой үстіне боз торғай жұмыртқалады, ақ табан шұбырынды т. б.

Қорытындылай келе, қазақ тілінде тұрақты сөз тіркестерінің көпшілігі – халқымыздың тарихын, салт – дәстүрін, наным-сенімін, адамгершілік заңдылық-тарын, кәсібі мен тұрмыс-тіршілігін, мінез-құлқын, ой-жүйесін бейнелейтін ең қысқа формадағы болмыс пен тұрмыс ережелері десек қателеспейміз.

Фразеологизм – қазақ тілі сөздік қорының айшықты да, мәнерлі де, бай саласының бірі. Олар өзінің бейнелілік, әсерлілік, экспрессивті-эмоциялық, сурет-теме қасиетімен көзге түседі. Осындай көркем, пәрменді, бояуы қанық алуан түрлі тұрақты тіркестерді халық орынды пайдаланып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Кеңесбаева І. К. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы, 1977.

2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы, 1991.

3. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. – Алматы: Санат, 2000.

4. Сайрамбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. – Алматы: Қазақ университеті, 1991.

5. Айтбаев Ө. А. Аудармалардағы фразеологиялық құбылыс. – Алматы: Ғылым, 1975.

6. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. – Алматы, 1998.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ