Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Автор: Абилмажинова А.Б.

Біздің әдебетімізге алпысыншы жылдары өз өрнегімен, өз ерекшелігімен келген жазушылардың бірі Оралхан Бөкей болып табылады. Әдебиетіміздегі ірі тұлғалардың ішіндегі ақынымыз 1943 жылы қыркүйектің 28 күні Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Шыңғыстай ауылының орта мектебін бітірген соң, 1963 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түседі. Аталған оқу орнын аяқтағаннан кейін 1965-1968 жылдар аралығында Үлкен-Нарын ауылының жергілікті «Еңбек туы» газетінде және облыстық «Коммунизм туы» газетінде еңбек етеді. Ал 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. Алматы қаласында «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі және редколлегия мүшесі болып қызмет етеді. Ал өзінің өмірінің соңғы жылдарына дейін «Қазақ әдебиеті» гезетінің бас редакторы болып қызмет етеді.

Оралхан Бөкейдің қаламынан «Қамшыгер», «Кербұғы», «Бәрі де майдан», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Өліара», «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Құм мінез» сынды повестері, «Өз отыңды өшірме» атты романы және тағыда басқа көптеген повестері, әңгімелері ел арасында жоғары бағаланып, төл әдебиетімізді байыта, түрлендіре түсті.

Жазушы өзінің туып-өскен ауылы Шыңғыстайды ерекше жақсы көрді, оны ерекше бағалады, ерекше қастерледі. Сондықтанда ол өзінің көптеген шығармаларында туған елінің, туған жерінің ең алдымен тамаша табиғатын және қарапайым халқының,  өмір-тіршілігін, тынысын  шығармаларына   арқау етіп, оны бүкіл әлемге таныта білді. Себебі жазушының көптеген шығармалары ТМД және шетел тілдері халықтарының тілдеріне аударылған.

Кез-келген жазушыға қойылатын негізгі талаптардың бірден-бірі  болып – шығарманы, туындыны белгілі бір идеяға бағындыра білу болып табылады. Ал Оралхан Бөкей өзінің шығармаларында реалистік, романтикалық, мифтік желіні қолдану арқылы оқырманға қандайда бір әсер, ой қалдыра алған дарынды жазушыларымыздың бірі деп санаймын.

Жазушы өзінің шығармаларындағы кейіпкерлерін сомдаған кезде оларды идеалдандырып жіберуін байқау қиын емес. Мысалы: Бура – «Қазақбай ауылының ең соңғы түйесі», Кербұғы – «он сегіз салалы оқыстан жаралар хайуанның ең ақыры», Асан шал мен Ақтан – «ертек адамның соңы», «Гүлия – қазақ үшін ең ақырғы Ақжүніс, ең ақырғы Баян, ең ақырғы Жібек», Қоңқай – «дүние жүзіндегі қатыгез әрі мықты шал», Ақбота – «адам күші мен табиғат тылсымын қанды шайқасқа жібермей, қоршап, қорғап жүрген жалғыз жанашыр, жалғыз сақшы жұмбақты қыз». Мұндай мінездемені қаламгердің әр қаһарманынан көруге болады. Сондай-ақ жазушының әрбір кейіпкері өзінше жұмбақ және өзінің күрделі мінезімен, романтикалық қасиетімен көзге түседі. Мысалы О. Бөкейдің «Қамшыгер» атты шығармасының басты кейіпкері Садақбай – қарама-қайшылығы көп, күрделі мінезі бар адам. Ол оқырманды еріксіз әр түрлі ойларға әкеледі. Жазушы осындай қысылтаяң уақыттағы адамның күрделі тағдыры мен талайына өз тұрғысынан, суреткер көзімен философиялық және психологиялық талдау жасай келіп, әлеуметтік түп-тамыры терең халықтық характер дәрежесіне көтерген.

Адам мен табиғаттың терең байланысын, бұзылмас бірлігін пантеистік сенім дәрежесіне дейін көтерген Оралхан Бөкей адам болмысының мәңгілік мәселелерін романтикалық, философиялық тұрғыдан бейнелей білген. Жазушы шығармаларында кейіпкердің жан күйзелісі, сезімі табиғат құбылыстарымен егіз бейнеленіп, адам мен табиғат арасы ажырамас бірлікте болады. Табиғат – жазушы үшін рухани тазарудың, рухани жаңарудың түрі, тазалық таразысы. Ол табиғат пен шығарма кейіпкерінің тіршілігін байланыстыра суреттейді, себебі табиғатты тереңнен сезінбесең нағыз жазушы бола аласың ба? О.Бөкейдің романтикалық пейзаждарындағы табиғат адамға тән сезімдер мен мінезге ие болады. Жазушы табиғатқа адам іс-әрекетін береді, сондықтан да табиғат суреті антропоморфозды қасиетімен ерекше-лінеді. Мұндай тәсіл – романтизмге тән белгілердің бірі болып саналады. Жазушының «Мезгіл әуендері»(1973), «Табиғат-Өмір-Адам» (1974) атты шығар-маларында табиғат бейнесін романтикалық тәсілмен бейнеп жазған. Бұл туындыларда автор мен лирикалық кейіпкер бірігіп кеткен және бірегей образға айналып кеткен.

Жазушының алғашқы шығарма-ларында қоғамдық мәселелерден гөрі жеке сипат, субьективтілік басым болып келеді. Мұны әлеуметтік мәселелерден алшақ кету деп түсінбеу керек. Өйткені қаламгердің нәзік сезімге, мұңға, сырға бейім шығармаларының өз үнін айқындай бастауы, өзінің жазушылық қолтаңбасын табуы болып келеді. Жазушы туындыларындағы субьективтілік, автор-лық «меннің» көрінуі, қаламгердің өзінің дербес ойының, қиялының, мақсатының бар екенін дәлелдей түседі. Оның басқада көптеген жазушылардан ерекшелейтін де, төлтумалығын танытатын да, тұсы осы жерден байқалады.

Оның «Жасын» әңгімесі автордың романтикалық дүниетанымынан хабарлар ететін шығармаларының бірі болып келеді. Бұл әңгімеде жазушы рухани байлықты материалдық дүниеден жоғары қоятын гуманистік ойымен ерекшеленеді. Әңгіменің бас кейіпкері Қиялхан образын сомдауда романтикалық желі байқалады. Ол пайдакүнемдіктен ада, рухани асқақтық, адамгершілік мұрат үшін күреседі. Қиялхан баласының тыныштығын тілеген арманының өзі романтикалық сипатқа тән қасиет болып келеді. Романтикалық пафос бас кейіпкердің мінез ерекшелігінен ғана емес, сондай-ақ әңгіменің баяндау тәсілінің стильдік ерекшелігінен де көрінеді.

Қиялханның бейбіт өмірді аңсаған адамгершілік мұраты қаламгердің жеке басының дүниетанымынан бастау алады. Жазушы 1970 жылы жарық көрген «Мен сені көп іздедім» атты мақаласында былай деп жазған екен: «Мен аспанда, жайлы, жұмсақ орында ұшып келе жатып, сонау қияндағы вьетнамдық достардың халі не күйде екенін ойлаймын. Үндіқытай проблемасын осы жерде отырып, шешіп тастайтындай, анау Таяу Шығыстағы Израиль армиясын тұншықтыруға аттанып бара жатқандай жұлқынып, тісімді қайраймын. Өз дәуірімнің дүмпусіз, оқ-дәрінің қоңырсық иісінсіз өтуін тілеймін. Әкелер көрген күйді, әкелер тартқан азапты басқа да бермеуін тілеймін» [2; 165]. Қиялханды мазалап жүрген осы мазмұндағы ойлар. Оның құлағынан «Ангола-Хиросимадағы мәңгі мүгедекке айналған адамдардың Америка Құрама Штаттары мен атом бомбасын қарғай зарлаған дауыстары кетпейді» [3; 200]. Жазушы сол соғысты болдырмау үшін өз кейіпкерін іс-әрекетке түсіреді. Мұның өзі шығарманың романтикалық екенін одан әрі дәлелдей түседі.

Жазушының «Мұзтау» повесі әдеби сыншы қауым арасында көп талас тудырған шығармалардың бірі. «Мұзтау» повесіндегі романтикалық контраст, автор мен кейіпкер образының бірігуі, бейнелеудегі шарттылық, автор баяндауындағы эмоционалдық реңк – романтикалық шығармаға тән сипаттар болып келеді. Ақтанның «ертек адамның ең соңғысы болуы», Асан шалдан кейін «ауылдың бар әңгімесінің, қарттығының мәңгі келмеске кетуі», «ширек ғасырдан бері жақ ашпаған», туғалы сөйлегенін көрмеген шешесінің кенеттен сөйлеп кетуі – шығарманы шарттылық кемеріне әкеліп, кейіпкер сомдаудағы әсірелеу тәсілін аңғартады [1; 9 [.

Кейбір зерттеушілер О. Бөкейдің шығармашылық өсу жолында «роман-тизмнен реализмге қарай бет бұру» байқалады дейді. Бірақ осыған қарап жазушының шығармашылық өсу жолында романтизмнен реализмге қарай толық көшу деп түсінбеу керек. О.Бөкейдің даусыз реализмін мойындай отырып, біраз зерттеушілер оның алғашқы шығарма-ларындағы романтикалық сарын кейіннен реалистік прозаға ұласты деп пайымдап жүр [4; 80]. Жазушының алғашқы шығармаларында романтикалық сипаттың басым болғаны дау тудырмайды. Бірақ нағыз реалистік шығармалар деп бағаланған, 1984 жылы жарық көрген «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына енген повестерінен-ақ романтикалық сипат анық байқалады.

О. Бөкей романтизмінің көркемдік жүйесін толықтыратын сипат оның шығармаларында мифтік, фольклорық сарындардың жиі көрініс табуы болып табылады. Мысалы «Мұзтау» повесіндегі Асан шалдың аңызы, ертегілері арқылы жазушы Кеңес тұсындағы айтуға тиым салынған тарихи шындықты жеткізуге тырысқан. Жазушы аруақ пен Асан шалды айтыстыра отырып, «уақыт пен кеңістікті» бағындыра алған. Шығармада Шыңғыс-ханның арғы аталары, өзі жөнінде, туған жердің тарихы турасында шежіре шертуге мүмкіндік алады.

Жазушының «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Жетім бота», «Атау-кере» повестеріндегі романтизм мен реализмнің ара-байланыстары бар. Кез-келген өнер туындысында олар ажырамас бірлікте болады. Академик З.Қабдоловтың сөзімен айтсақ: «Әр суреткер осынау екі әдістің тек біреуімен ғана жазады, екеуінің басын бір жерге қоса алмайды, ол - не таза реалист, не таза романтик болуға тиіс деп түсінсек, қателесер едік. Қай кезде жасамасын, бәрібір, барлық қазақ жазушылары жайлы да дәл осыны айтуға болар еді: бәрінің творчествовасында да реализм мен романтизм араласып жүр» [5; 350].

Романтикалық және реалистік бейнелеу тәсілдері арасындағы байланыс, екеуінің ең бір қызғылықты әрі күрделі мәселердің бірі болып табылады.

Жазушының «Қар қызы» повесінің көркемдік әдісі жөнінде әдебиет сыншылары арасында әр түрлі пікірлер бар. Мысалы А. Қодаров повесті философиялық-романтикалық шығарма қатарына жатқызады [6; 166]. Ал Зерттеуші Ө. Көзбеков повестің реалистік сипатының басым екендігін анықтауда жазушы өз сөзіне жүгінгендігін дәлел етеді. Яғни, ол жазушының шығарма кейіпкері тәрізді тракторшы болып қызмет еткенін тілге тиек етеді [7; 9]. Повесте жазушының негізгі айтқысы келген ойы тракторшы жігіттердің еңбек жолы емес. Шығарманың идеялық-философиялық ойы тылсым күшке деген сенімі. Сол бір жұмбақ бейнені талмай іздеуі маңызды орын алады.

Повестегі жас жігіттердің совхозға шөп жеткізу мақсатымен шаруашылық сапарға шығуы, жол қиындығы реалистік тұрғыдан суреттелген. Бірақ Нұржанның сол сапарға шыққандығы негізгі мақсаты – шөп жеткізу емес, Қар қызын көру еді. Романтикалық сипат шығарманың Нұржанның Қар қызымен кездесетін тұстарында анық көрінеді.

Жазушының «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабына енген «Сайтан көпір» повесін әдебиет сыншылары көркемдік әдісі жағынан реалистік шығарма қатарына жатқызады. «Сайтан көпір бір жағы реалды, бір жағы метафоралық – деп жазады Теракопян. Ол мұсылман мифологиясындағы адам жанын сынаққа салатын қыл көпір, адал адамдар жалт етіп өте шығатын, ал күнәһарлар тозақ отына құлайтын Сират көпірі тәрізді» [8; 173]. Романтикалық бастау шығармада кейіпкерлерді бейнелеу ерекшелігіген басталады. Шығарма соңында Аспанның екі аяғы көпірді дүрс-дүрс басып, арғы бетке өтіп бара жатқан сәті биік романтикалық пафоспен бейнеленген.

Жазушының «Жетім бота», «Атау-кере» повестері романтика-реалистік қосжелілік адам мен табиғат арасындағы қайшылықтан келіп туындайды. «Жетім бота» повесінің бас кейіпкері Тасжан  асығыс атом ғасырында, өзінің даралығын, табиғатпен байланысын жоғалтып алмауға тырысады. Осы жолда Ақбота жігіттің рухани «қайта тууына» септігін тигізеді. Ақбота – романтикалық бейне.

«Атау-кере» повесінің реализмі жазушының қоғамдық өмірдегі әлеуметтік құбылыстарды заман мен адам, адам мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынастарға терең түсіне біліп, оны бейнелей беруінде. Шығарманың негізгі мақсаты – адамзатты ғасыр дертінен сақтандыру. Шығарма бүкіл адамзаттық мәселерді қозғайды. Повестегі Шал образында романтизм сарыны байқалады. Шығармадағы Шал да, Таған да қоғамда бет алған адамның рухани әлсіреуінен шығудың шығар жолын, амалын табуға тырысады. Бірақ табиғат аясында қалудан басқа жолды көре алмайды. Сондай-ақ шығармадағы Тағанның табиғат туралы ойлары былайша беріледі: «... Табиғат жаратқан алқам-салқам болмайды, ол - әмісе әдемі, әмісе сүйкімді, әрі шыншыл, әрі ақылды, сондықтан да адамдар секілді қателеспейді. Табиғат – мәңгілік тірі, өтірік айтпауды, алдап – арбамауды табиғатан үйрену керек, өйткені ОНЫҢ (табиғаттың) жүрегі таза» [9; 463].

Жазушының «Бура», «Апамның астауы» атты әңгімелерінде бүгінгі күн мен өткен күннің арасындағы сабақтастық философиялық тұрғыдан әңгімеленеді.

Жазушының «Бура» атты әңгімесінде, идеологистік тоталиторизмнің тоңы әлі жіби қоймаған кезде іштей қарсылық танытқан, шығармаларының бірі болып саналады. Жазушы екі аяқты пендеден безіп, ең ақыры өлігін ешкімге көрсетпей кетуімен де тектілік танытқан бураны азаттыққа деген ұмтылыстың үлгісі ретінде көрсетілген. Ғасырлар бойы іргетасы қаланып, қалыптасқан құрылысқа жаңаның, өркениеттің енуі аз құрбандықты талап етпейтіні анық. Обырға айналған «өркениет» ұйып отырған ұлттың рухын сөндіруге, өзін көндіруге ұмтылады. Жазушы осы күдікті ойын төрт аяқты жануардың – бураның тағдырымен таразылайды. Кеңестік қоғамдағы «өркениеттің» тосын келуін қаламгер поезд арқылы береді. Поезда ұлттық құндылықтарды тәрк еткендей менменшілік байқалады. Әңгімеде қара бура поезд астына түсіп түсіп өледі.

«Апамның астауы» атты әңгімесінде Оралхан Бөкей көшпенділер цивилизация-сындағы қазақ әйелдеріне тән барлық қасиет пен ізгілікті бейнелеп көрсетеді. Әңгімеде: «Иә, ол кісі тірі кезінде ешкім елеп-ескермеген, алтын қолды, ұлы әйелдер болғаны қандай жақсы», - деп өзегін өртеген өкініші мен арман-сырын қатар атқарады [9; 84].

Жазушының «Қасқыр ұлыған түнде» атты әңгімесінде осы заманғы ғылым мен техника табыстары, жетістіктері емес, сол жетістіктердің көлеңкесінде қалған жадау тіршілік кешкен қазақ ауылдары, ондағы адамдар тағдырын көрсетеді. Шағын әңгіменің кейіпкері Арайдың өз ауылының мүшкіл халін айта келіп: «... Бірақ сіздер мұндай ауылды менсінбей, тура, түзу де, жайлы тегіс жолмен үлгілі селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны ғана көріп жазасыздар», - деуі сол кзде ешкім айта алмайтын әлеуметтік шындық екені даусыз.

Тұжырымдай келсек, Оралхан Бөкей шығармаларында реалистікте, романти-калықта, сипат көптеп кездеседі. Жазушы өзінің көптеген туындыларында өмір шындығын, обьективті жақтарын  саралай отырып, өзі қалаған рухани-адамгершілік идеалды шығармаларына арқау етеді. Жазушы шығармаларының қосжелілігінде дау жоқ. Оның шығармаларында романтикалық бейнелеу мен реалистік бейнелеу бір-бірене қарама-қарсы қойылмағаны оның басты ерекшелігі болып табылады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жанұзақова Қ.Т. Оралхан Бөкеев прозасындағы романтизм. - Алматы:, 1999.

2. Бөкеев О. Өнерге өлердей-ақ ғашық едім. Очерктер, көркемсөздер, эсселер.-Алматы: «Санат», 1995. - 304 б.

3. Бөкеев О. Мұзтау. – Алматы: «Жазушы», 1974. - 256 б.

4. Мәмесейітова М. Зерделік айнасы. – Алматы: «Жазушы», 1988. - 175 б.

5. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: «Жазушы», 1983. - Т.2. - 456 б.

6. Қодаров А. Романтизм вчера и сегодня // Простор. - 1985. - № 10 – 163-168 с.

7. Көзбеков Ө.О. Бөкеев прозасының поэтикасы. Канд. дисс.автореф. – Алматы, 1998. - 22 б.

8. Теракопян Л. Разделение души // Простор. – 1990. – № 5. 173 - 183 с.

9. Бөкей О. Атау кере // Екі томдық таңдамалы шығармалары. – Алматы: «Жазушы», 1994. - 1 т. - 496 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ