Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

МОДАЛЬ СӨЗДЕРДІ ОҚЫТУ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Автор: Адилбекова Ж.С.

Модаль сөздерді оқыту, зерттеу бүгінгі күні тіл білімінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі модаль сөздердің даму жолдары барлық тілдерде біркелкі емес, олардың сандық көлемі де, жалпы табиғаты да түркі тілінде нақтыланбаған.

Модаль сөздерді оқытуды оларға жалпы сипаттаудан, модаль сөздердің қалыптасуы мен мағынасы және тілімізде қолданылуы туралы толық білім беруден бастаған жөн. Яғни, модаль сөздерден теориялық білім бере отырып, олардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға қойылатын негізгі міндеттер: мұғалімнің модаль сөз туралы толық түсінік беруі, баяндауы; берілген материалды талдата білу; модаль сөздер түрлеріне сөйлем құрастырту, олардың түрлеріне көркем әдебиеттерден мысалдар тергізіп, олардың қазіргі тіліміздегі мағынасына сипаттама бергізу; модаль сөздер мағынасы мен қолданылуы бойынша сұрақтар қойып, жауап алу; мәтіндерден модаль сөздерді тауып, олардың семантикалық ерекшелігі мен грамматикалық сипатын талдау; модаль сөздердің мағынасын анықтау, олардың синонимдік қатарын табу; модаль сөз бойынша алған білімдеріне қорытынды жасай білу, салыстыра білу дәрежесіне жеткізу; соңында жазбаша жұмыстар (диктант, мазмұндама, шығарма) және ауызша (тестік, қиынды) бақылау жұмыстары кезінде білімдерін дұрыс пайдалана білу.

Оқыту барысында оқытушы көрнекі құралдарды, дидактикалық материалдарды, техникалық құралдарды, оқыту формалары мен әдіс-тәсілдерін өз қалауынша таңдап алады және бұл процестер оқытушының өз басқаруымен ғана жүзеге аса алады.

Алғашқы сабақты модаль сөз туралы жалпы түсінік беруден бастаған жөн.

Біріншіден, модаль сөз сөйлемде айтылған ойдың мазмұнына, болған шындыққа айтушының көзқарасын білдіреді. Қазақ тілінде модаль сөздер сөз таптары қатарына кірмейтін сөйлемнің сан алуан экспрессивтік және эмоционалдық мәніне байланысты сөйлемнің құрамына енгенін, оның анықтығын көрсетумен қатар, күмәндылығын, болжалдылығын білдіреді.

Екіншіден, «модаль» термині латын тілінің «modus» - «шама, тәсіл, көрініс» деген сөзінен алынған, «modalis» «модальдық» деген мағынаны білдіреді. Модальділік пікірдің субъектісі мен объектісі арасындағы байланыстың сипаты, яғни пікірлер.

Үшіншіден, лингвистикалық әдебиеттерде сөйлеуші адамның айтылған хабар жөніндегі пікірін білдіретін сөздерді модаль сөздер қатарына жатқызылуына оның семантикалық белгісі – грамматикалану сипаты жағынан айтушының ойға деген өзіндік көзқарасын білдіре алуы негізге алынған.

Төртіншіден, модальдік категориясы – негізінен субъектінің объектіге, ақиқат шындыққа деген сенімін, күмәнін, тілегін, болжамын, қалауын тағы басқа осы сияқты әр түрлі қатынастарды білдіретін категория. Басқаша айтқанда, айтушының сөйлем мазмұнына немесе баяндалу мазмұнына, сөйлеуші жаққа, ондағы ақиқат шындыққа деген субъективтік көзқарасының көрінуі. Модаль сөз түркі тілдерінде сөйлеуші – субъектінің айтылған ойдың шындыққа сәйкестігі жөніндегі көзқарасын білдіруде қолданылатын сөз ретінде көмекші сөздер тобына жататын айтып түсіндіру.

Модаль сөздердің саны тілде аса көп болмаса да, атқаратын қызметі зор, әрі маңызды. Сондықтан ендігі кезекте түркі тілдеріндегі модаль сөздер әр түрлі жолдар арқылы жасалатындығына тоқталу.

1. Модаль сөздердің жасалуының өнімді жолына таза модальді және есім модальді сөздердің тәуелді формада әбден тұрақтап, қалыпты бір орнықтылық алған, ІІІ жақ тәуелдік жалғауының жақсыздығы мен заттық мәнінің жалпылануы арқылы жасалынған сөздер жатады: қысқа-сы, ыңғай-ы

2. Модаль сөздер кейбір үстеулер мен үстеу мәнінде қолданылатын зат есімдердің заттық мәнінен және пысықтауыштық қызметінен айрылу нәтижесінде пайда болған.

3. Модаль сөздер өзінің предикаттық функциясынан айрылған бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан жасалады. Қазақ тілінде «дейді, деседі, білем» тағы басқа сөздер.

4. Кейде модаль сөздер модаль тіркестің бір компонентінің түсіп қалуы арқылы да жасалынуы мүмкін.

5. «Бет, бейне, пішін, порым, түр» мағынасын білдіретін түбірлерден сияқты, сықылды, секілді, тәрізді, тақылетті, рәуішті, іспетті модаль сөздер қалыптасқан.

6. Тіліміздегі бәлки, бәлкі, бәлкім, әлбетте, зайыры, нәті (нәйәті), лазым (ләзім), ықтимал, мүмкін, рас тағы басқа біраз сөздер араб, парсы тілінен ауысқан.

Модаль сөздердің шығу, даму жолы жағынан алғанда негізінен толық мағыналы сөздердің грамматикалану құбылысы арқылы модальдік мағынаға біртіндеп ауысқан сөздер екені олардың сөздіктердегі морфологиялық құрылымын анықтаумен дәлелденеді. Қазақ тілімізде қолданылып жүрген модаль сөздердің барлығы дерлік басқа сөз таптарынан ауысқан сөздер. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі «сияқты» модаль сөзінің түп төркіні «Араб тілі сөздігінде» көрсетілген «вид, форма» мағынасын беретін зат есімдер, түрік тілдерінің біразында кездесетін «сияқты, сияқ, сиық, сиықты, сықылды, секілді» модаль сөздері – бір-бірімен синонимдік мағынада қолданылатын сөздер. Сықылды, секілді, сияқты, сиықты модаль сөздері «сықыл, секіл, сияқ, сиық» түбірлеріне -ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтары жалғану арқылы жасалған, лексикалық мағынасынан мүлдем ажыраған бірыңғай модаль сөздер ретінде қолданылатын бір сөздің әр түрлі фонетикалық варианттары.

Модаль сөздердің қатарына мына сөздер жатады: сияқты, сықылды, секілді, сиқатты, сияқатты, әлпетті, сыңайлы, сынды, тәрізді, рәуішті, ләзімді, тақылетті, іспетті, мүмкін, ықтимал, кәдік, шек, шамасы, сиқы, тәрізі, аңғары, әлпеті, нәті, туасы, нәяті, зады, асылы, түрі, жобасы, қисыны, сыңайы, зайыры, анығында, шынында, шындығында, асылынды, расында, рас, шын, расы, әрине, әлбетте, білкі, бәлки, бәлкім, керек, қажет, тиіс, лазым (ләзім), шығар, болар, зайыр, тайлас, меңзес, зәліттес, көрінеді, білем, дейді, сыңайы бар, тәрізі бар, түрі бар (жоқ), -са (се) деймін, -сам (сем) дейім, -са (се) керек, -у(-уға) керек, -уы (уі) керек, -уы (уі) тиіс, -у қажет, -ға (ге) ұқсайды және т. б. Ескеретін жағдай: бұлардың біразы жергілікті ерекшеліктерге байланысты қолданылады.

Енді мұғалім модаль сөздердің қатары семантикалық сипаты жағынан және қолданылу ерекшеліктеріне қарай болжал мәнді модаль сөздер, міндеттілік мағына білдіретін модаль сөздер, біреудің сөзі не бір дерек негізінде айтылған модаль сөздер, қостау (растау) мағынасында қолданылатын модаль сөздер және күмән (күдік) ұғымын білдіретін модаль сөздерге бөлінетіндігін түсіндіреді. Егер бұл оқушыларға қиындық тудыратын болса, нақты мысалдармен төмендегідей дәлелдеп, саралап көрсетеді. Модаль сөздер түрлері мен келтірілген мысалдарды жұмыс дәптерлеріне немесе ереже дәптерлеріне жаздырады.

Лексика-семантикалық жағынан топтары:

1. «Болжалды мәнді» модаль сөздер: сияқты, сыңайлы, сынды, әлпетті, мүмкін, шамасы, аңғары, әлпеті, жобасы, қисыны, тәрізі, сиқы, нәті, бәлки, бәлкім, бәлкі, ықтималы, кәдік, болар, шығар, білем, -ды білем, -қан, -кен білем, -са, -се керек, -у керек, -ға, -ге ұқсайды, -уы мүмкін, тәрізі, түрі, бар т. б. лексемалар. Мысалы: Құмға тірідей көміліп қалған денесін зорға ашып, тәлтіректей тұрған Бархан ал дегенде қыстағына қарап еді, орнында сияқты (О. Бөкей);

2. «Міндеттілік» мағына негізінен керек, тиіс, қажет, лазым, сөздерінің қатысуымен жасалатын -у керек, -у қажет, -у лазым, - мақ керек, маққа керек, -уға тиіс, -уы(уі) тиіс сияқты аналитикалық форманттар арқылы беріледі. Мысалы: Әкең болса да жауапты нәрсені түгендеп алу керек (О. Бөкей);

3. «Хабардың ақиқаттығына әбден көзі жеткендік» модальдік мағынасы қазақ тілінде көрінеді, екен формалары арқылы беріледі. Мысалы: Кісі дегенің, жас ұлғайған сайын, су жүрек қорқақ, әрі қорғаншақтап, сақ тарта берері несі екен (О. Бөкей);

4. «Бір нақты дерек негізінде білдіретін» модальдік мағынаны қазақ тілінде «де» формасы атқарады, кейде «деп айтады, деп естиміз, деген сөз бар» сияқты құрамда да кездеседі. Мысалы: «Байдың асын байғұс қызғанады» деген сөз бар (О. Бөкей);

5. «Айтылған ойды өз тарапынан қостау» мағынасында рас, анығында, шынында модаль сөздері қолданылады. Мысалы: Рас, анау қарлығаштың ұясындай сәнді үйлерде біреулер өлер, біреулер туар, талай жылдар өтіп, жаңа ғасырдың табалдырығынан да аттармыз, ол күнге менің ғұмырым жетер, бәлкім жетпес те, бірақ мен салуға қатысқан Ақтау қалады; оны жер бетінен жоғалтып жіберетін күш жоқ (О. Бөкей);

6. «Айтылған ой жөніндегі нық сенімін» білдіру әрине, әлбетте сөздері арықлы беріледі. мысалы: Мысалы: Әрине, онша тереңдетпей, шулатпай, әзіл-қалжыңға шаптыра жіңішкелеп бастайсыздар сапарды (О. Бөкей);

7. «Тілек, қалау» мәнді модальділікті қазақ тілінде -са, -се екен, -са, -се дейм, деймін аналитикалық формалары арқылы беріледі. Мысалы: А, құдай-ау, аң болса екен! (О. Бөкей);

8. «Күдік мәнімен байланысты түрі» -ар ма екен, -са неғылсын, кім біледі аналитикалық конструкциялары білдіреді. Мысалы: Өзі де ұл-қыз өсіріп, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешіп келе жатқан азамат екенін аңғарту ма екен... (О. Бөкей).

Модаль сөздер қолданылу ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөлінеді:

1. Сөйлемде тек синтаксистік қыстырма мүше қызметінде қолданылатын модаль сөздер;

2. Үнемі тек баяндауыштың шылауында көмекші мүше қызметінде ғана жұмсалатын модаль сөздер;

3. Сөйлемде әрі синтаксистік қыстырма сөз, әрі қимыл есімді баяндауыштың шылауында көмекші қызметінде қолданылатын «мүмкін» модаль сөзі тұрғысында қаралады..

Ары қарай мұғалім теориялық білімдерін толықтыра түсу мақсатында модаль сөздердің айтылған ойдың немесе пікірдің анықтығын көрсету үшін сөйлемде «әлбетте, әрине, рас, шынында, сөзсіз» модаль сөздері қолданылатын болса, айтылған пікірдің анық екендігіне көз жетпегенде, күмән келтіргенде, шамалаған модаль сөздердің «мүмкін, шамасы, тәрізді, сияқты, әрине, бәлкім, шығар» сияқты түрлері қолданылады. Бұлардың ішінде «шамасы, мүмкін, сияқты, әрине, бәлки» модаль сөздерінің мағынасында модальділік мән анық, өйткені олардың лексикалық мағынасының өзі модальді. Ал «білем, көрінеді» сөздерінің мағынасында ондай нақтылық жоқ, оның сыртында мағына күрделігігі байқалады. Бұлар негізгі лексикалық мағынасынан өзге қолданыста тағы да қосымша басқа мағыналарды білдіре алады. Яғни, олар негізгі лексикалық мағынаны білдірумен бірге, басқа сөздермен тіркесте келгенде, күрделі мүшенің құрамында көмекшілік қызметте жұмсалатындықтан, мұндайй негізгі мағынаның сыртында қосымша модальділік мағынаға ие болады. Бұлардан басқа тілімізде тарихи-салыстырмалы зерттеу арқылы табиғатын ашуды қажет ететін, морфологиялық құрамы, шығу тегі, түп-төркіні, құрылымы жағынан күңгірт модаль сөздер әлі де кездеседі.

Енді теориялық білімді одан әрі тиянақтай түсу үшін мұғалім жаттығу жұмыстарын немесе басқа да тапсырмалар түрлерін орындатып, модаль сөздер туралы білімдерін толықтырып, бекіте түседі. Осыған орай төмендегідей қосымша жұмыстарды жүргізуге болады:

1. Оқып жүрген шығармаларынан модаль сөздері бар мысалдарды тергізіп, оларды семантикалық сипаты жағынан және қолданылу ерекшеліктеріне қарай топтарына ажыратып, жасалу жолдарына талдату.

2. Модаль сөздердің семантикалық сипаты жағынан түрлеріне сөйлемдер құрату.

3. Модаль сөздер бойынша берілген білімдерін жинақтап, модаль сөздердің семантикалық сипаты жағынан топталуына кесте жасату.

Үлгі:

Ескерту: Мұғалім мұндай кестені модаль сөздер түрлерін түсіндіріп, талдау кезінде көрнекі құрал ретінде пайла-лануына болады. Себебі, кестемен жинақ-тап түсіндіру модаль сөздер түрлеріне, бір-бірінен айырмашылықтары-на дұрыс талдау жасауға үлкен көмек жасайды.

4. Модаль сөздердің қолданылу ерекшеліктеріне қарай топтап кестені толтырту

Үлгі:

5. Сияқты, рас, бәлкім модаль сөздерінің синонимдік қатарын таптырту.

6. Модаль сөздерден өтілген білімді пысықтап қайталау үшін ауызша және жазбаша жұмыстар жүргізу. Ең алдымен ауызша сұрақтар бойынша білімдерін тексеру. Сұрақтар:

а) Модаль сөз дегеніміз не?

ә) Модаль сөздердің басқа сөздерден айырмашылығы неде?

б) Модаль сөздер семантикалық сипаты жағынан қандай топтарға бөлінеді? Мысалдармен дәлелдеу.

в) Модаль сөздер қолданылу ерекшеліктерне қарай неше топқа бөлінеді? Мысалдармен дәлелдеу.

г) Сөйлемде қолданылу ерекшелігіне қарай әрі баяндауыштың шылауында көмекші мүше қызметінде, әрі қыстырма сөз тұрғысында қандай модаль сөз қолданылады?

Кейде бұл сұрақтар орнына тест сұрақтарын беріп, білімдерін тексеруге болады.

7. Модаль сөздердің әр түрін пайдаланып, ой-толғау немесе шығарма жазуға дағдыландыру.

8. Модаль сөздердің тыныс белгілерін ескере отырып, диктант жаздырту.

Оқыту барысында модаль сөздерден алған білімді тиянақтау үшін жазбаша бақылау жұмыстарының атқарар рөлі өте зор. Жазбаша бақылау жұмысы тек білімді тексеріп қана қоймай, тілдік материалдарды, дәлелдемелерді орынды да ұтымды пайдалануына және шебер сөз сараптауларының тамаша үлгілерін көрсетеді.

Мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі – оқушылардың жаттығулармен, мәтінмен жұмыс жүргізу, шығарма, диктант жаза білу іскерліктерін, дағдыларын қалыптастыру, сонымен қатар білімді қайталауға берілген уақытты дұрыс та тиімді пайдалану. Модаль сөздерді оқытуда жоғарыда көрсетілген жолдардан басқа да тапсырмалар мен әдістерді толығымен пайдалануға болады. Ал, ол тек оқушы мен мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуін қажет етеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Бектұров Ш. К. Қазақ тілі. - Алматы, 2006.

2. Оразбаева Ф.Ш., Сағидолда., Қасым Б., Қобланова А., Есенов Қ., Исабекова Ұ., Қасабек Қ., Балтабаева Ж., Мұхамади Қ., Рахметова Р., Көпбаева Ж. Қазіргі қазақ тілі. Оқулық. - Алматы, 2005.

3. Оралхан Б. Таңдамалы шығармалар. І том. - Алматы, 1994.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ