Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ШƏКƏРІМ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ОЙ ЛЕКСЕМАСЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ СИПАТЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Авторы: Симбаева С.О., Есимжанова Г.Т.

Тіл – қоғамдық құбылыс, ол-халық өмірінің, тарихының айнасы. Тарихта, қоғамда болып жатқан өзгеріс, жаңалық атаулының барлығы әуелі тілден көрініс табады, орнығады, сосын халық мұрасына айналады. Тілді зерттеу арқылы, оның түп негізін тексеру арқылы халық, ұлт өмірінің кезеңдерін, тарихын анықтауға болса, тарихы арқылы тілде болған өзгерістерді танып білеміз. Қоғам даму кезеңдерін зерделеу арқылы тілдің эволюциялық өсу өрісін саралай, жіктей аламыз.

Халық тарихын алсақ та, тіл тарихын қарастырсақ та қалыптасу, даму үдерісі барлық уақытта бір қалыпты жүріп отырмайтыны белгілі. Қазақ тілі тарихынан да осыны анық аңғара аламыз. Қазақ тілі сонау Алтай тілдер тобында негізі қаланып тайпалық, рулық қарым-қатынас құралы ретінде дамып, ғұн, көне түркі кезеңінде түрлі хандықтар мен мемлекеттік құрылымдарға қызмет етті. Халық басынан өткен тарихи дәуірлер ізі тілімізде сақталып, бізге жетіп,  тілдік қордың баюы мен молаюына өз үлесін қосып отырды.

Тіл тағдыры ұрпақ тағдырымен сабақтас. Өйткені әр халық өз ана тілін тек ұрпақтарының жетістіктерімен ғана өзгеге танытады. Тілдің ұрпақ үшін қоғамдағы айырықша қасиеті – ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыруы.

Қазіргі таңның өзінде қазақ әдеби тілінің барлық мәселелерінің, әсіресе, оның тарихына байланысты туу, қалыптасу, даму жолдары мен кезеңдеріне, дәуірлеу қағидаларына қатыстылары толық шешімін тапты деп айта алмаймыз. Халықтың бір күнде немесе бір жылда қалыптаса қоймайтыны сияқты, оның тілі де даму деңгейінің жоғары сатысына бір күнде жете салмайды. Тіл өз тарихында дамудың ұзақ үдерісін басынан кешіреді. Белгілі этникалық топтардың бірігуі арқылы халық пайда болса, оның жалпы халықтық тілінің жоғары сапалы түрі – сұрыпталған әдеби тіл бір күнде пайда болмай, сол ірі этникалық топтардың тілдік мұралары негізінде қалыптасады. Олай болса, халық болып құралғанға дейінгі сұрыпталған тіл, жазба нұсқалар тілі кейінгі кезеңде әдеби тілдің қалыптасуына, тұрақтануына әсер етуі немесе оған негіз де болуы ықтимал.

Қазақ тілі тарихында елеулі із қалдырған дәуірдің бірі – екі қоғамдық формацияның шарпысындағы өтпелі кезеңдегі дәуір. Осы кезде қазақ ұлтының саналы ояну дәуірі басталды. Сол кезде дүниеге келген әдеби мұраларды, рухани дүниемізді жинап, жариялау, оның байыбына бару тіл тарихын зерттеу үшін өте маңызды. Тіл тарихшысының өткен ғасырлар тілінің лексикалық қазынасын, грамматикалық құрылысын, тілдегі құбылтулар мен айшықтауларды және сол кездегі әдеби тіл нормаларын зерттеу үшін жүгінері өткен дәуірдің мұралары болмақ.

ХХ ғ. басында әдеби аренада көрініс берген Шәкәрім Құдайбердиев шығармашылығы - қазақ әдебиеті тарихында, қала берді халқымыздың поэзиялық шежіресінде әрі тың, әрі кесек құбылыс. Оның шығармалары әдебиет әлеміне белгілі бір уақыттың, қоғамдық дамудың, есеюдің, эстетикалық соны талап-тілектердің нәтижесі, көрінісі ретінде келді. Жалпы әдебиет те, оның жеке құбылыстары да нақты тарихи кезеңнің туындысы ретінде өзіне ғана тән өсу, өрбу жолдарымен жүріп отырады. Бұл көркемдік жолда кездейсоқ құбылыстарға орын жоқ. Ақын шығармашылығы да осы тұрғыдан алғанда белгілі бір заңдылықпен дамып отырды.

Шәкәрім туындылары ақынның жеке басының кесек көркем туынды жасау тәрізді ынта-жігерінен, ықлас-ниетінен немесе ерекше бір таланты мен тапқырлығынан туа салмаған. Әрине, бұл фактілердің де тиісті дәрежеде қызмет атқарғаны басы ашық мәселе. Оларды ескермеске де, елемеске де болмайды. Бірақ түптеп келсек, мәселенің кілті басқада. Шәкәрім Құдайбердиевке дейін де қазақ топырағында неше алуан майталман жүйрік ақындар болды, бірақ олардың барлығы бірдей күрделі жанр жасауға емін-еркін бара берген жоқ [1, 15].

Халқына шешімді ойлар айтатын ойшыл адам өздігінен бола салмайды. Оның танымдық қажеттілігін сусындататын орта болғанда ғана адамның ізденісінде мән бола бастайды. Шәкәрім үшін бұл орта – Абай және оның айналасындағылар [2, 312].

Шәкәрім Құдайбердиев – қазақтың рухани бұлағын жасауға, алғашқы демократ ақын-жазушылармен бірлесе отырып ат салысқан, өз мекенінде туған алғашқы идеялардан өзі де мол сусындаған. Халқының көзін ашу мақсатында өзге ел білімділерінің көзқарастарын зерделеп, қорытып отырған.

Ол - алдымен терең ойлы лирик бола тұра, қараңғылықта жүрген халқына, келер ұрпаққа білім, таным туралы озық ойларын шығармаларында таратып отырған. Дала ойшылы өзіндік ой толғамдарымен адамзатқа мәнді өмір сүрудің қиын формулаларын көрсетіп, оны шешудің жолдарын нұсқайды. Дүниенің қалай жаратылғандығын, ондағы өзгерістердің табиғи қалыптарын түсіну, ұғу үшін алдымен ақыл-ой керек екендігін жастарға жақсы айтып береді.

Ақын өзінің «Жастарға» деп аталатын өлеңінде ой туралы ұғым, түсінік береді. Ақын өлеңімен құрғақ дидактикалық ғибрат таратушы ғана емес, жақсы әрекеттерге бастаушы. Жас дененің жүрегі таза, ақылы биік болатынын ескеріп, жастардың миы тамыр сияқты әр уақытта жүрекке ұялаған ой мида тамыр жаяды, сондықтан ғылымды білуден жалықпау керек екендігін айтады. Өмірде ақылдылармен бірге ақымақтар да көп, «әке сөзі, аға сөзі» деп кез келген сөзді ала бермей, олардың үйреткені әрекет пе, өнер ме, соны сынға алып барып үйрену қажеттігі туралы ой тастайды. Әрі ақыл-ой мәдениетін, саналылықты, тазалықты, парасаттылықты шырқау биікке көтеруді көксейді. Сондықтан да оның ойлы-күйлі, уытты өлеңдері өскен ортасының, уақыттың, халық өмірінің айнасындай.

Ақын ана тілінің образдық, суретшілдік қуатын сұңғылалықпен сезініп, ішкі мүмкіндіктерін, ішкі ағыс-астарларын, қыртыс-қабаттарын, мейілінше молынан аша алған. Оның интеллектуалдық мәдениеті, өнерпаздық қабілеті, өмірлік, көркемдік тәжірибесі, ғылыми ізденістері – поэзияда жаңашылдық рухқа, өшпес өрнектерге, сан қилы сирек кестелерге бой ұруына әрі соншалықты құпия, күрделі тоқылуға бейімдеді.

Өткен іс – ойға күңгірт, көзге танық,

Көрмесе де, білгенге бәрі қанық ...

Поэзияға тән көркемдікті сақтай, сабақтай отырып, әрбір сөзге осыншама терең мазмұн, мағына жүктеу Шәкәрімдей әрі талантты ақын, әрі ойшыл, философ адамның ғана қолынан келетін іс. Ақынның сол сөзге сиғызған мол мағынасын қарасөзге айналдырғанның өзінде айтып жеткізу өте қиын. Ол қазақ сөзін үлкен ой, салмақты түйіндер жасауға орнымен, лайығымен жұмсайды, сөйтіп, ұлы Абайдың осы саладағы игі дәстүрін онан әрі жалғастырып, жандандыра түседі. Қазақтың өлең сөзіне Абай енгізген тереңдік, ойлылық Шәкәрім шығармашылығында өзгеше мағынасын тауып, философиялық бояуын едәуір қоюландырады.

Адамның тіршілік әрекеті, санасы өскен сайын оның жалпы өмірді, ондағы құбылыстарды, өзімен бірге басқаларды тануы, білуі, бағалауы да тереңдей түспек. Айналадағы дүниені тануда түйсік пен қабылдаудың дамуы неғұрлым жоғары болса, дүниені танып білуі соғұрлым бай болады. Жас ұрпақтың ақыл-ойының дамуы еңбек пен ғылым-білімнің ұштасуына байланысты. Қоғамдағы барлық байлық – адамның ақыл-ойымен, екі қолымен жасалатын еңбектің нәтижесі, ғылым мен техника, бүкіл өнер туындылары – еңбек пен ақыл-ой қызметінің жетістіктері.

Сөз өнерін дәріптеген халқымыз жастардың ақыл-ойын дамытуда ауыз әдебиеті мен поэзияны шебер пайдаланған. Тіпті айтыстарда ақындар қарсыласына - өнер, өмір, ғылым-білім, еңбек, кәсіпкерлік, т.б. туралы өлеңмен сұрақ қойып, оған өлеңмен жауап алып, бір-бірін сынаған, сөйтіп, ой-өрісін, білімін сарапқа салған.

Дүниеге еркін ойы бар, іскер, өмірге бейім адам бүгінгі және ертеңгі күннің негізі болмақ. Ш. Құдайбердіұлының кез келген өлеңдерін, дастандарын, прозалық шығармаларын алсақ, бәрінің астарында жатқаны - ой, оны дамыту, оның өмірдегі, адам тәрбиесіндегі алар орны туралы толғаныстарын байқау қиын емес. Ақын өлеңдерінің бір бөлігі қоғамның келешегі жастарға арналады. Оларда ақын жастарды білім алуға, адал еңбек етуге, ойлы болуға шақырады:

Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,

Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.

Надандықтан еліріп босқа жүрсек,

Мына заман көрсетер бізге тарлық, - деп надандық пен ойлылықты қарама-қарсы қойса, енді бірде:

Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,

Мұрын иіс, тіл дәмнен хабар бермек.

Бесеуінен мидағы ой хабар алып,

Жақсы, жаман әр  істі сол тексермек,- [3, 20] деп, адамның дамуы үшін қажетті сезім мүшелерін саралай келе, соларға төрелік етуші ретінде тағы да ойды алады. Ойдың әртүрлі қызметіне тоқтала келе, ақын оның да түрлі-түрлі сипатта болатынын айтады:

Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ,

«Міне, пайда қылдым» - деп мақтан қылмақ.

Біреу білген айланы біреу біліп,

Өзі құрған дарына өзі асылмақ.

Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,

Аса мықты жан шығып көзден тым-ақ.

Аударысып жүргенде ауып кетіп,

Абыройың ашылар байқа, шырақ.

Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,

Біраз күнге көңілдің хошы болмақ.

Арсыз, арам, асығыс, айлакестік,-

Мұның бәрі шайтанның досы болмақ (Анық пен танық).

Бұл өлеңінде арам ой, шолақ ой сипатын көрсетсе, енді бірде:

Тәтті сөз бен түзу ой

Тағдыр сыйы емес пе?(Қай жолдассың айтшы сен)

Таза ой ойламай алмас үйде басым,

Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым.

Ой жемісін теремін өлгенімше,

Өсектесін, күндесін мейлі қасым (Жолама қулар маңайға)

Тәтті ой, таза ой  сипаты алдыңғы арам ой, шолақ ойға қарама-қарсы мәнде жұмсалып тұр. Сөйтіп, ақын бір ғана ой  сөзінің дүниедегі ақ пен қара түсіне сай келетін түрлерін жасап береді.

Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой,

Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,

Тозған мола сықылды сұм көрініп,

Өткен күнде қызыққан сауық пен той (Қазақ айнасы)

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,

Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.

Өкініштің үлкені – ойы тарлық,

Ондайда ақыл болмас жұбанарлық.

Осы өлең жолдарындағы ой сөзіне қатысты толқындап ой, ой тазасы, ойы тарлық деген тіркестерді Шәкәрім ақын қаламына ғана тән фразеологизм ретінде қарастыруға болады.

Шошыма, ойым, шошыма,

Келмейді жындар қасыма.

Қажыма, ойым, қажыма,

Қарама тозған жасыма.

Білімділер сөз жазып, зарлағанда,

Ой кезіп, жердің жүзін шарлағанда

Шатақ дінге, әдетке, не білгішке

Ноқталатпай ойымды қылам азат.

Шарлайсың, ойым, шарлайсың,

Алыстан мені барлайсың.

Бұл жолдарда ой сөзін көркемдік тәсілдің бірі – кейіптеу арқылы берген. Ойдың шошуы, ойдың кезуі, ойдың қажуы, ойдың шарлауы ойды ноқталау, ойды азат ету сияқты тіркестер де бұрын-соңды сөз қолданысында болмаған.

Елу бес жыл жинаған қазынамды

Оңашада қорытам ойға салып.

Көрінер ғылымды елдің сырты таза,

Тексеріп терең ойға салмағанда.

Терең ойлап сөзімнің түбін біл де,

Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де.

Арманым байлық, мансап, мақтан емес

Ойлы адам оны әсте олай демес.

Жанның бәрі мендей жар табар еді,

Терең ой, сау ақылмен шамаласа.

Таза ой ойламай алмас үйде басым,

Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым.

Күн аязда терезеге

Неше түрлі гүл түсер.

Мұнша әдемі түсті неге

Кім түсірді? – Ой жібер.

Таң қаларсың, ойға салсаң,

Қар жасаған шытырасын.

Жаралыстан ғибрат алсаң,

Болар едің ой құмар.

Осы өлеңдерінде философ ақын ойға салу, , терең ойлау, ойлы адам, ой жіберу сияқты қолданыста бар тіркестерді өз ойын жеткізуде ерекше реңк бере отырып, шебер пайдаланған. Ал терең ойға салмау, ойсыз сіңбес ішкен ас сияқты тіркестер халық қолданысындағы ойға салу, бойына сіңіру фразеологимздерін Шәкәрім ой сөзіне қатысты жаңа тіркестер жасауда үйлестіре қолданғанын көрсетеді.

Ақылға еркін ой керек,

Матаудан ойды азат қыл.

Ойды кімнен алғанын

Адам өзі сезбейді.

Ойды біреуден алу, матаудан ойды азат қылу тіркестері - ақын өлеңіндегі ерекше поэтикалық қуат пен қоса, құбылтуды, яғни кейіптеуді қолданып, қайталанбас өзіндік өлең өрнектерін жасағанының куәсі.

Қазақ халқының рухани – мәдени тарихында Шәкәрім Құдайбердиевтің шығармашылық өнерін өзгеше құбылыс деуге лайық.

Ақын жырлары жан, жаратылыс, замана турасындағы  ой – толғамдарын, ішкі сырлары мен күйлерін, зар – мұңын, өксік - өкінішін,  уы мен усойқысын бүкпесіз жайып салады. Әрі ақыл – ой мәдениетін, саналықты, тазалықты, парасаттылықты шырқау биікке көтеруді көксейді.

Ақын шығармашылығының қыры сан-салалы. Оның философиялық ой астарын зерттеу жеке ғылым саласына жүк болса, тілге енгізген жаңа өрнектері - өз алдына бөлек дүние.

Әдеби тіліміздің даму жолы көркем әдебиет тарихымен ұштасып жатады және оның көптеген мәселелері ұлт поэзиясын танып-білумен де шешіледі. Халықтың әдеби тілінің қалыптасып, дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Саяси-территориялық бөліктерге бөлініп тіршілік етуі де тілге өз ықпалын тигізеді. Әдеби тілді зерттеу үшін сол халықтың рухани-мәдени дүниесінің тарихымен жақсы танысу қажет.  Көптеген халықтардың тарихында оның әдеби тілінің қалыптасып, дамуы көркем әдебиетіне, оның ішінде поэзиясына тікелей қатысты болып келетінін бүгінгі тілтану теориясы мақұлдайды.

Әдеби тіл жайын арнайы сөз еткен М. Әуезов: «Қазақтың әдеби тілін Абайдан басталады дейтін тілшілерге дау айтамыз. Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма?» – деген өте құнды пікірімен сөзсіз келісеміз [3, 60-61 бб.].

Қауымдық (қоғамдық) мүдделерді топ алдында көздейтін жағдайлардың болуы, яғни жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты дау-шарларды жиын алдында шешу, өлгенге көңіл айту, тірілерді мадақтау тәрізді тұрмыстық сөздердің де көбінесе ауыл адамдарынан, туған-туыстардан құралған үлкенді-кішілі ұжым алдында айтылуы, үлкендер мен «аузы дуалылар» тарапынан қара сөзбен не өлеңдетпей, тақпақтап айтылатын үлгі-өнеге, өсиет сөздердің де бір адамға емес, көпке арналатындығы қазақ өмірінде әдеби тілдің ауызша түрінің дамуына әрі ұзақ уақыт сақталып келуіне себепкер болған. Екінші жағынан, бұрын қазақтарда айтар сөзін жазып алып, мәтін бойынша сөйлеу дәстүрінің болмауы да көп әсер еткен. Қазақ топырағында шешендік дәстүр күшті дамып келді. Оның тәжірибесі болды, бірақ теориясы болған жоқ. Кейінірек авторлы ауызша поэзияны тудырушы-ақын-жыраулар осы дәстүрді дамыта түсті.

Сол авторлы поэзияның алғашқы өкілдері деп ақын-жырауларды қарастырсақ, олардың заңды жалғасы ретінде ХІХ-ХХ ғғ. Ақындарды айтамыз.

Зерттеушілердің көпшілігі «әдеби тіл» ұғымы тарихи жағынан құбылмалы деп таниды. Демек, ол жөніндегі бір ғана таным-анықтама барлық тілдердің әдеби түрінің даму барысындағы күллі дәуіріне бірдей сай келуі шарт емес. Сондықтан кейбір халықтардың жазу дәстүрі тумаған немесе өрбімеген, я болмаса бір кездерде жазуы болып, кейін әр түрлі себептермен дамымай қалған дәуірлерінде де әдеби тілі болуы мүмкін деген пікірлер де орын алып жүр.

«Әдеби тіл» деген ұғым қазақ тілі үшін де тарихи, құбылмалы түсінік. Қазіргі қазақ тілі үшін оның жазба түрінің болуы, сан салалы стильдерге тарамдалуы, қоғам өмірінің барша саласына түгел қызмет етуі – заңды шарттар. Ал бұл шарттарға қазақ топырағында қызмет еткен әдеби тілдер әрдайым барлық дәуірлерде бірдей жауап бере алмаған. Және әдеби болуы үшін  бұл белгілердің түгел болуы міндетті де емес, мүмкін де емес [1, 10 б.].

Әдеби тіл тарихындағы Шәкәрім есімі жазба тілдік дәстүрмен қатарласа ауызға ілінеді. Өйткені оның мұралары жазба мұраларға жатады [5, 250 б.].

Ақын жазба тілді дамытып қана қоймай, оны әртүрлі семантикалық топтар арқылы да байытты. Соның ішінде ой лексемасына ерекше мән бере қолданылған.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Мағауин М. Шәкәрім өлеңдері мен поэмалары / М.Мағауин. – Алматы: Жалын. – 1988. –294 б.

2. Баймұхамбетова М. Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы тілдік дәстүр жалғастығы/ Баймұхамбетова М.// Ұлт тағылымы.-2006 - N 37- 312-315 б.

3. Құдайбердіұлы Ш. Үш анық / Ш.Құдайбердіұлы. – Алматы: Қазақстан, 1991. –27 б.

4. Шәкәрім. Шығармалары / Шәкәрім. – Алматы: «Жазушы»,1988. – 260 б.

5. Момынова Б. Шәкәрім поэзиясының тілі.- Алматы: «Арыс», 2008. – 256 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ